Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. АЛТАЙДЫҢ АР ЖАҒЫНДА

 

«Іздегенім сен болсаң, таптым қайғы,

                                                        Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.

                                                    Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,

                                                    Бақыт үшін күреске таптырмайды».

 

Жұматай Жақыпбаев

 

     -Жарқынбек, осы жолы бармай-ақ қойсаң қайтеді? Жұрт неше түрлі бірдемелер айтып жатыр ғой. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әліптің артын бағайық та! - деп, Айсәуле күйеуіне жалынудан жалықпады. Оған Жарқынбектің де жауабы әрдайым дайын.

    -Жұрт айта береді. Өкімет ресми түрде ештеңе деген жоқ қой. Қытай мен Қазақстан арасында достық келісім бар. Шығыс Түркістан менің туып, өскен жерім. Ана жылы Үрімжіде ұйғыр мен хань ұлтының арасында болған кикілжіңнен кейін саяси жағдай ауырлады десіп жүр ғой. Бірақ, оның бізге не қатысы бар? Мен ұйғыр емеспін ғой.

     -Қазір қазақтарды да тарпа бас салып ұстап, «Оқу-үйрету орталығы» деген жалған атпен ашылған абақтыларына қамап жатыр десіп жатқан жоқ па? - дегенде, Айсәуленің дөңгелек қара көзі одан ары үлкейіп шарасынан шығып кете жаздағандай бақырайып кетеді.

    -Жаным-ау, несіне қайдағы жоқты айтып үрейлене бересің? Ана жылы барғанда көрдің ғой. «Алтай тауының бөктеріндегі жайлауы қандай, нағыз қазақ дәстүрінің этнографиялық музейі екен» деп сүйсіне тамсанып келген өзің едің. Енді, келіп жоқ пәлені үйіп-төгесің. Жел сөзге неге сенесің?

   -Одан бері де он жыл өте шығыпты-ау! Жарайды, өзің білші, жаным! Қытайдың Шыңжаң жерінде жасап жатқан зұлымдығы мен қатыгездігін жылап-сықтап айтып, жанталаса жазғандардың айғайы әлеуметтік желілерді жарып жібере жаздап тұрған соң қалай үрейленбейсің – деп, сәл жұмсара бастаған әйелінің сыңайын байқаған Жарқынбек:

   -Мен бұрынғыдай емес, енді, тәуелсіз дербес Қазақ елінің азаматымын. Бежіңде жоғары білім алған адаммын. Ауылдың қой аузынан шөп алмайтын момын қазағы емеспін. Заң-ережелерін сол ханзулардың өздерінен кем біледі дейсің бе? Ғылыми іссапармен бара жатқан ғалыммын. Оның үстіне  жан жарым сен Сарыарқадағы сайын даланың төл тумасысың. Ортамызда Алтай мен Арқаның арасын жалғайтын алтын асықтай ұлымыз бен күміс тұмардай қызымызды өз Отанымызда өсіріп отырмыз. Ал, сонда ай даладағы қара қытайдың менде не шатағы бар?  Әрі-беріден соң қытайдың шекарасын асты деген аты ғана болмаса, бәрі ежелгі өз ел, өз жеріміз ғой. Оны өзің де жақсы білесің.

     -Болды, болды. Енді, үш жүздің шежіресін түгел таратпай тұрғанда тамақтанып ал! Ертең кешке туыс-туғандарды шақырып, үйден дәм татқызайық! Саған ақ жол тілеп баталарын берсін - деп, Айсәуле асүйге қарай кетті.

      Ертеңінде Жарқынбектің әке-шешесі мен қайын жұрты, нағашы-жиендері, қалада араласып-құраласып жүретін дос-жарандары бар бір қауым ел ғалым отбасының дастарханына жиналып қалды. Әркім сан түрлі тақырыппен оны-мұны жайларды сөз етіп, әңгіме-дүкен құрып отыр. Бір кезде  Жарқынбектің әкесіне қарай бұрылған мосқал кісі:  

    Құда, Алтайдың ар жағында не болып жатыр? Мына жұрт дүрлігіп-ақ жүр ғой. Неше түрлі қауесет естиміз. Кейде тіпті, жан түршігерлік оқиғалар айтылғанда, қазаққа шынымен бір зауал келді ме деп үйрейленіп қаламыз. Ақ-қарасын айырып болмайсың. Күйеубала көп жылдан бері ол жаққа ат ізін салмап еді. Бұл жолы қалай болар екен? Пәле-жаладан аулақ болғай! - деді.

    Ол кісі  Айсәуленің әкесі еді. Жарқынбектің әкесі Байтемір ақсақал ежелгі сабырлы кейпімен асықпай сөз бастады:

 -Менің көшіп келгеніме де үш жылдың жүзі болды ғой, құда! Ол кезде ел іргесі тыныш еді. Ана жылы ұйғыр ағайындар мен қытайлар арасында шәлкем-шәліс болғанын көзбен көргенбіз. Жұрт соны дабыра етіп жүрмесе. Ханзулар қазаққа Дың төраға (Дэн Сяо Пин) кезінде де, одан кейінгілер басқарған тұста да тиісе қоймаған еді. Мау (Мао Зе Дун) бастықтың кезінде неше түрлі зобалаң болды ғой. Ол кезде ешкімнің ұлтына қарамады. «Мәдениет төңкерісін» жасап жатырмыз деп өз қытайын да сорлатты емес пе? «Көппен көрген ұлы той» деп оны өткердік. Қазір қорқып-үркетіндей заман емес қой. Мына Ши деген басшысын ел-жұрт тым озбырлау адам десіп жүр. Бірақ, арқа сүйейтін тәуелсіз елі бар еркін қазаққа енді, тісін батыра алмас. Тибет пен ұйғыр секілді паналайтын мемлекеті жоқ, жетім ұлт емеспіз ғой. Солай емес пе, құда?

   -Тәуба, әрине. Елдің амандығы мен жұрттың тыныштығынан артық ештеңе жоқ. Сәбет заманында екі елдің арасында барыс-келіс тиылып, шекарадан ұшқан құс асырмаушы еді. Қазір заман түзелді ғой. Қанша дегенмен, бұл ХХІ ғасыр емес пе? Біреулер тіпті, Сталиннің заманындағы қуғын-сүргіндей немесе Гитлердің фашистік концлагеріндей етіп, әңгіме айтқанда, неше түрлі ой келеді екен. Алтайдың арғы бетінде бөлініп қалып қойған қандастардың тағдырына алаңдайсың. Бағзы заманда Қазтуған жырау «қайырлы болсын, сіздерге бізден бір қалған Еділ жұрт» деп анталаған жауға туған жерін қимай-қимай тастап, бері қарай көшкен екен. Ұрпақтың қамы үшін Алтайдан да сөйтіп ауа көшіп, атажұртқа шоғырланатын уақыт болып еді. Қопарыла көшпей үздік-создық болып кетті ғой. «Ойда орыс, қырда қытай аман болсын» деген бабаларымыз көрші ел іргесі тыныш болса, бізге де жаман болмайтынын білген-ау! Қазір қытай туралы қауесет көп. Түбі тыныш болғай! 

 -Көзбен көрмеген соң қайсыбіріне сенеміз, құда! Көзі ашық, көкірегі ояу ер азамат қой, Жарқынбекті жолынан қалдырмайық. Ондағы ел-жұртты көзбен көріп, өзінің де межелеген шаруасын реттеп келсін. Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбына тікелей қатысы бар дейді ғой. Жұмыс орны солай ұйғарған екен. Біз де бата беріп, тілеуін тілегеннен басқа не істей аламыз?

-Әрине, құда! Оныңыз дұрыс. Сақ жүрсін деген ой ғой, біздікі. Бабаларымыздың «ай жүр, аман жүр» деген сөзі бар емес пе?

-Иә, «қырық жыл қырғын болса да, ажалда өледі» деген. Жалпы, қытай жағы бұрынғыдай емес, өзгерген жайы бар. Сақ болсын дегеніңіз де жөн сөз. Бірақ, саясатпен айналысатын адам емес, ғылыми саланың маманы болғандықтан, қытай өкіметінің менің ұлымда шаруасы бола қоймас. 

-Ләйім солай болсын. Саясат деген пәленің де алды-артын күнілгері болжап болмайтын қитұрқылықтары көп нәрсе ғой. Алла жар болсын!

Қариялар семіз қойдың етін жеп, сапырылған сары қымыздан ұрттап, отауларының төрінде осылай әңгімелесіп отырғаннан кейін де жарты жыл зу етіп өте шықты.  

Алайда, Жарқынбек сол кеткеннен мол кетті. Үрімжіде болған азғана күндерінде ол жиі хабарласып тұратын. Напосқа (уақытша тіркеу) тұрғаннан кейін туған жеріне барып, қайтатынын айтқан. Одан кейін хабар-ошар болмады. Телефоны үнемі өшірулі тұратын болды. Тым құрығанда, әлеуметтік желідегі парақшаларына ештеңе жазбаған. Артында қалғандар абыржып алаңдағандарымен, қолдан келер қайран жоқ. Қызмет орны да, елшілік те іздеу салып көргенімен, мардымды нәтиже болмады.

 

  ***

Жаз айының әдеттегі күндерінің бірі. Аспанда бір шөкім де бұлт жоқ. Жер қыртысын қызартып жіберердей төбеден күні бойы төнген күннің алауы қайтқандай. Күн еңкейіп барып, батыстағы биік таулардың тасасына тығылғанымен ыстық ауа әлі де тынысты тарылтып тұр. Тас жолдар мен биік ғимараттардың қабырғаларынан ыстық леп әлі де ұрып тұрғандай сезіледі.

Тар көше бойындағы зәулім үйлердің бір қатарының терезелері ашық. Есік, терезелерін тұмшалап жауып алғандарының қабырғаларына жапсырылған шағын ғана төртбұрыш ауа сорғыштар ышқына гуілдеп сыртқа ыстық жалын шашқандай одан ары тынысты тарылтып, әлде бір жағымсыз иіс танауды түртіп өтеді.

Көшенің шамдары самаладай жанып тұрғанымен, өтіп жатқан әр сәтпен жарыса жармасып, түн қараңғылығы басып келе жатқанын  жоғарыға еңсе  тіктеп, бір сәт көкке қараған жан бірден аңғарар еді.  

 Жарқынбек Бежіңде бірге оқыған Нәзірхан деген ұйғыр жігітпен бүгін таңертең көшеде кездейсоқ жолығып қалған еді. Екеуі жұмыстан кейін мейрамханада кездесетін болып, келіскен. Үрімжінің таныс  көшелерінің бірін бойлап, қозы көш жер асықпай жаяу жүрген Жарқынбек межелі орынға да келіп жетті. Шығыстық үлгімен әсем безендірілген мейрамханаға кіргені сол еді, Нәзірхан әлде қашан келіп күтіп отыр екен. Екі дос «кеш жарық» десіп, тағы да сәлемдесті.

Достардың әңгімесі ұзаққа созылды. Студенттік жылдардың қызықтары таусылсын ба, ондай кезде Нәзірханның қос жанары жайнап, жүзінде шаттық ойнап кетеді. Ұмыт болған талай жайларды еске түсіріп, күлкіге қарқ болып, көңілденіп қалады. Ал, әңгіме ауаны қазіргі заманға, бүгінгі жағдайға ойысқанда ол кібіртіктеп, қабағы түйіліп, соншалықты ашылып сөйлемей көбіне тақырыпты басқа жаққа бұрып әкетуге тырысады.

Қоштасарда Жарқынбек оған ертеңгісін өзінің кіндік қаны тамған  өңірге барғалы отырғанын айтты.

 -Жәке, ол жақтың күн райы өзің көрген кездегідей емес қой. Қазір табиғаттың өзі мың құбылған заман. Шілденің шіліңгір ыстық күндерінде аяқ астынан найзағай ойнап, нөсер құйып кетуі бер жағы. Тіпті, қарлы боран соғып, айналаның астаң-кестеңін шығаруы да бар. Табиғаттың кез-келген дүлей күшінен қорғанып жүрерсің! - деп, Нәзірхан әлде бір ишарамен ішкі сырын астарлап жеткізгендей болды.

Осылай деген Нәзірхан аулаға шақырылған такси келісімен, Жарқынбекті оған жайғастырып қоштасты. Жарқынбек ауылдан оралған соң тағы да кездесуге ескі достар уағдаласқан болатын. 

Алайда, олардың осы жолы ақырғы реткі кездесулері және біржолата мәңгілікке қоштасулары  боларын екеуі де сезбеген еді. Адам баласы қанша ақылды болғанымен, алдағы болашағын болжайтын, тағдырының қалай боларын тап басып білетін көріпкел емес қой. Сондықтан да, қазақ бабалар «қарыс жерде қатер бар, адым жерде ажал бар» деп мақалдатқан болса керек. 

Мейрамханадан көңілдене шығып, екі көшенің ар жағында ғана тұратын үйіне қарай асықпай аяңдап, бейғам кетіп бара жатқан Нәзірханның соңынан суыт жүгіріп жеткен екі сақшы мен азаматтық үлгімен киінген үш адамның оны тарпа бас салып, қолын кісендей қойғанын Жарқынбек білген де жоқ. Білу былай тұрсын, үш ұйықтаса, түсіне де енбеген болар еді.

Үрімжі қаласының онсыз да айсыз аспанын лезде қою қара бұлт торлап, өткінші жаңбырдың алғашқы тамшылары тырс-тырс етіп, тас жолдарға тама бастағанда, ыстық қоламтаға су сепкендей сезілді. Шілдеде жауған жаңбыр тамшыларынан тас моншадағыдай ыстық бу ескенін бұрын соңды кім көрген. Әдетте, жаңбырдың иісі мұрынға жеткенде салқын самал есіп, сарайың ашылып, тынысың кеңейетін еді ғой...

***   

 Медицина институтының соңғы курсында оқитын студент Лео Шиу диплом қорғау алдындағы машықтану жұмысын Шэньян қаласындағы әскери госпиталда өткізетін болды.

Бір күні Шэньяндағы әскери округінен телефон соғып, арнайы тапсырма орындайтын бірнеше адам жіберуді бұйырды. Бөлімше меңгерушісі бірнеше дәрігерді атады. Олардың қатарында екі хирург, алты көмекші енді. Олардың екеуі әйел болды. Аталмыш топқа енген адамдардың бәрінің телефондарын тәркілеп алып, ешкіммен еш нәрсе туралы әңгіме қозғауға болмайтынын қатаң ескертті.

Студент Лео Шиу іштей «Қазіргідей бейбіт заманда әскери құпия тапсырма деген де болады екен-ау» деп таңданумен болды. Ол үшін телефонсыз жүру бәрінен қиын тауқымет секілді еді. Әскери мекеме болғандықтан шығар, бару-бармау туралы оның пікірін сұраған да тірі жан жоқ.

Оларды шағын автобусқа отырғызды да, жалтылған шамы мен соғылған дабылы бар бір жеңіл машина алдына түсіп алып, жолға шығып кетті. Қаладан шыға бере автобустың барлық терезелерін тұмшалап жауып тастады. Қандай жолмен қайда апара жатқаны да беймәлім еді.

Ұзақ жол жүргеннен кейін бір жерге келіп тоқтады. Оларды күтіп алған офицер Ляонин облысының әскери абақтысына келгендіктерін хабарлады. Сол күні бәрі әскери гарнизонда түнеп шықты.  Таң сәріде бір дәрігер мен екі медбике абақты тұтқындарынан қан анализін алуға кетті.

Олар келген соң бәрін шағын автобусқа отырғызып алып, әлде бір жаққа әкетті. Көлік тоқтаған соң  түсіп қарағанда  айналасын автомат мылтық асынған әскерлердің қоршап тұрғанын көрді.

Сол сәтте әскери форма киген ірі денелі төрт адам аяқ-қолы байлаулы бір кісіні көтеріп алып келді. Оны автобус ішінде алдын ала дайындалған жылтыр қапқа шалқалатып жатқызып қойды. Дәрігер Лео Шиуға:

-Мынаның аяғын қозғалтырмай тізесінің үстінен қос қолдап, мықтап бас! - деп бұйырды.Әлгі кісінің тамақ тұсында тесілген бе, әлде жараланған ба, бірдеме бар. Сол жерінен қан ағып тұрғанын  Лео Шиу  көрді. Медбикелер оның үстіндегі киімін жыртып-жыртып жалаңаштай салды. Қарнының маңайына тазартқыш суықтықтарын жағып болған соң хирург ішін жоғарыдан төмен қарай түгел тіліп тастады. Аяқ-қолы байлаулы және тамағында ауыр жарақаты болған соң айғайлай алмай жатқан болар деген ойға келді, қатты абыржып, не істерін білмей қалған Лео Шиу.

Хирург ішінің тілінген тұсын екі жаққа тартқанда ішкі құрылыстары түгел көзге шалынды. Сырттай ытқыған қанмен бірге ащы ішегі ақтарылып түсті. Дәрігер барынша жедел қимылдап, бүйрегін бері қарай шығарды да, Лео Шиуға қарап:

ртериясы мен вениялық тамырын кесіп жібер! - деп бұйырды.   Айтқанын бұлжытпай орындаған сәтте атылып шыққан қан Лео Шиуға қарай шашырады. Осы сәтте әлгі кісінің әлі де тірі екенін студент анық аңғарды.     

Бүйректі арнайы жабдықталған ыдысқа салған хирург қайтадан бұйырды:

 -Саусағыңды тығып жібер де екі көзін ойып ал! 

Лео Шиу іші-қарны ақтарылып, екі бүйрегі кесіліп алынған адамның көзіне қарағанда зәресі ұшып кетті. Оны сөзбен жеткізбек тұрмақ еске алудың өзі өте қорқынышты еді. Әлгі адам Лео Шиуға тесіле қарап, көзі жыпылықтап, қозғалып жатыр еді. Тірі екені бес енеден белгілі болатын.

Студент бұйрықты орындамаққа ұмтылғанымен, қолы жүрмей қойды. Кеше кешке бір офицер дәрігерлер тобының жетекшісіне «Жас шамасы қырыққа жетіп қалғанымен, денсаулығы өте мықты, таңқаларлықтай сап-сау, тәні таза бір ұйғыр жігіт бар» деп айтқанын  Лео Шиу есіне алды. Ол кезде кім туралы, қандай  мақсатпен не айтып жатқанын білмеген еді. Сол адамның мына жатқан кісі екендігіне енді көз жеткізгендей болды.
-Хирург аға! Мен олай істей алмаймын! - деді, Лео Шиу жыламсырап.

  Хирург ойланып жатпады. Қос жанары өте аянышты күйде бақырайып жатқан адамның басын бір қолымен қозғалтпай ұстап тұрды да, екі саусағын тығып жіберіп, көзін суырып алып тамырын қан тоқтатын қысқышпен қысып қоя салды. Келесі көзін де дәл солай ойып алды.

Содан кейін «бәрі орындалды» деп сыртқа хабар берді. Олар келіп әлі де жан тәсілім етпеген адамның денесін жылтыр қапшыққа салып, алып кетті.          

Дәрігерлер мен медбикелер киімдерін ауыстырып киді де, шағын автобус жолға шықты.      

Госпиталға оралған соң ағза ауыстыруға әлде қашан дайындалып қойылған операция бөліміне әлгінде әкелінген ішкі құрылыс мүшелерін алып, ішке қарай еніп кеткен. Ал, студентке демалыс бөлмесіне баруды бұйырды.

Лео Шиу  дел-сал болып, барлық күш-қуатын жоғалтқандай ілбіп, аяғын зорға басып жүрді. Басы мең-зың, іші қан жылаған, қатты шаршаңқы күйде үйіне барып құлады. Сәл жатқан соң ыстығы көтеріліп, қалшылдай бастады.

-Не болды? - деген анасына ол:

-Ота жасаған топтың жұмысына қатысқан едім – деді.

 -Алғаш рет көрген ота болған соң қорқып қалғансың ғой.

 Бірақ, шағын автобус ішінде болған сол бір қорқынышты оқиға оның есінен бір сәт те кетпей қойды. Адам жанына араша болатын, ақ халатты абзал жандар делінген болашақ әріптестерінің жүзі ажарлы, дені сау, көзге жылы, түсі игі сол бір адамның екі көзін ойып алып, тірідей қарнын жарып, ішкі ағзаларын аяусыз тонаған қорқынышты көріністі жас жігіт еш ұмыта алмады. Солардың ортасында өзінің болғанын, бірге жүргенін ойлаған сайын  Лео Шиудың жүрегі шаншып, көзі қарауыта берді.

Шын мәнінде, әлгі тірідей сойылған адамның ешқандай қылмыскер емес, Бежіңде жоғары білім алған зиялы адам екенін дәрігерлер тобының жетекшісіне түрме бастығының айтқанын жол-жөнекей естігені есіне түскен сайын студенттің тынысы одан ары тарыла берді. Ақыры, таң ата бере қарапайым қытай отбасының жиырма үшке енді ғана толған жап-жас жалғыз ұлы Лео Шиу бұ дүниемен қоштасып, мәңгілікке көз жұмды.

Ал, өзінің ішкі ағзаларын көзі тірісінде тонатып, қос жанарын ойып алғанға дейін де кейін де тірі болған, шалажансар қалып, қатты қиналған, осыншама ауыр тағдыры   азапты өліммен түгесілген адам – Жарқынбектің курстас досы, ұлты ұйғыр азамат Нәзірхан болатын...

 

2019.