Торғын Жолдасбекқызы. Таңдау

Тұтылғым келмеді. Сол себепті қаштым. Жауын да кедергі болмады. Шамдары жағылған көшенің бойын жағалап, жүгіре бердім. Соңымнан басып келе жатқан қуғыншылардың айқайына бұрылып қарағам да жоқ. Алдымда екі көшенің қиылысы жатыр еді. Жауыннан бұлыңғыр тартқан жанарымды жеңіммен сүртіп тастап, алдымда кедергі көрінбеген соң, даңғыл жолдың бойына атып шықтым. Еш нәрсе ұғып үлгермедім. Құлақты бітер дыбыстан зәрем қашып, жарқ еткен сәулеге жанарым шағылып, бір сәтте жоқ боп шықтым...

Қанша уақыт өткенін білмедім, көзімді ашып, айналама кезек қарадым. Қараңғы түнектен өзге еш нәрсе көрінбеді. "Кім ба-ар" деп дыбыстадым, ақырын ғана. Сол-ақ еді, жоғарыдан әлсін сәуле түсіп, өзімнің үлкен таразы үстінде тұрғанымды көрдім. Таразының екі басы тең болатын. Еш ойланып үлгергем жоқ. Қараңғыдан:

– Келдің бе?! – деген жылы дауыс естілді. Иесін көре алмадым. 

– Иә! – дедім жәй ғана.

– Көп қиналдың! – деді ол маған. Неге екені, сол сәтте-ақ өмірден жеген бар таяғым еске түсіп, тамағыма өксік тығылды. Жанарым мөлтілдеген күйі:

– Иә! – дедім күрсініп. 

Осы сәтте таразының оң жағы "қырт" етіп, сәл ғана жоғары көтерілді. Мұны естіген мен жалт бұрылып, дыбыс шыққан бағытқа тесіле қарадым. Мұныма аса мән бермеген дауыс:

– Өзіңе аманат етілген өмірді қалай сүрдің? – деп сұрады.

Не дерімді білмей, төмен қарадым. Осыны көрген соң ба, дәл қарсы алдымдағы түнекке тағы бір сәуле түсіп, кірі мен сызы көптеу шағын бөлменің ішін көз алдыма әкелді. Бір бұрышында бөтелкесін құшақтап, ана жатса, екінші бұрышында шашы қобырап, үстіне сұп-сұр, тозығы жеткен көйлек киген үш-төрт жасар кішкене сары қыз отыр еді. Кенет ол орнынан тұрды да, оятып алмайын дегендей ақырын басып шешенің қасына жетіп, жерде жатқан дорбаларды ақтарды. Сөйтіп ішінен екі тілім нан алып, қайта асығыс өз орнына барып отырды... 

Мен жыладым. Ет жүрегім езіліп, егіліп жыладым. Сонда дауыс:

– Таныған сияқтысың! – деді сабырлы үнмен.

– Менмін! – деп зорға тіл қаттым. Аядым. Шексіз аядым.

– Көп қиналдың! – деді дауыс бұныма да. Артынша таразының оң жағы қайта "қырт" етіп жоғары көтерілді.

Бірінші жолғыдай емес, бұған аса елең етпедім. Сол-ақ еді, түнек ішіндегі көрініс өзгеріп шыға келді. 

Кешқұрым. 16 жастамын. Көше бойымен жалғыз келе жатыр ем. Қарсы алдымнан екі жігіт көрінді. Жөн сұрады. Тіл қатпай өте шыққым келді. Бірақ рұқсат етпеді. Бірі жолымды бөгеді. Бірі шап беріп, қапсыра белімнен құшақтады... Арғысын көргім келмей, сырт айналдым. Онысыз-ақ бәрі әлі жадымда. Еш ұмытқан жоқ ем. Содан болар, жұдырығымды тас етіп түйіп, қайта егілдім.

– Әлі күнге жібере алмаған екенсің! – деді мұнымды байқап қойғандай дауыс. 

–  Жіберу?! – дедім, өз құлағыма өзім сенбей, жан-жағыма алақ-жұлақ қарап.

– Иә! – деді, дауыс мейірлене.

– Көз жасыма қарамады. Қорлады. Адам құрлы көрмеді. Таптап өте шықты мені... – деп көкірегімді қос қолдап, соғып тұрып, ашына сөйледім.

– Білемін! – деді, дауыс сол баяғы сабырлы үнмен. Мұнысына күйіп кетердей боп, алдыға атқып шыққалы келе жатқан ем:

– Уақыты келген күні, дәл осы көрініс олардың да алдынан шығады. Олардан да сұралады. Сен тек өз ісің үшін жауаптысың! –деп тоқтатты.

Сендім. Неге екені еш қарсыласқым келмей, енді қандай көрініс шығарын білгім кеп, бар ынтаммен қайта қараңғыға үңілдім. Содан да болар, бұл жолы таразымның оң басы еш қозғалмағанына мән бергем жоқ.

Келесі көріністе 19 жаста ем. Шын сүйіп, тұрмысқа шыққалы бір жыл болған. Жолдасым мен енемнің ортасында отырмын. Енемнің сол күнгі сөздері әлі жадымда.

– Жүріс жүретін қатыннан оңған қыз туады деймісің?! Қолынан түк келмейді. Қайдан ғана жолықтың. Сені осындай адаммен тең жүрсін деп өсіріп пе ем?... – деп әдеттегідей сөйлеп жатты. 

Мен болсам, басымды төмен салып, жеңімдегі тесікті саусағыммен кеңейтіп, соған жанарым бұлыңғырлана қарап отырмын. Арасында көзімді жоғары көтеріп, жолдасыма сүмірейе қараймын. Тіл қатпайды. "Өзім таңдадым. Сүйемін. Бәрін де білдім. Осылай боларын біліп, "Тимеймін" дегенінде, бір адамның ренжітуіне жол бермеймін. Өзім қорғаймын! деп ант еттім" демеді. Сол жолы соңына дейін шыдауға төзімім жетпеді. Ішіп отырған асты төңкеріп тастадым да, екеуіне бірдей лағнет айтып өз бөлмеме кірдім. Ішімдікті де, сол күні алғаш іштім. Мұным өзіме дәл кәзір, таразы үстінде тұрғанымда теріс көрінсе де:

– Өзгеше әрекет ете алғам жоқ. Күйіп кеттім. Анамнан алған тәрбием де бар. Ол маған қалай өмір сүру керек екенін үйрете алған жоқ, – деп ақталдым. Бұған дауыс:

– Есесіне ол саған қалай өмір сүрмеу керек екенін өте жақсы көрсетті. Ішімдік ішкен анаңның өмірінің қалай өткенін сенен жақсы білетін жан бар ма? – деді ақырын ғана.

Жо-жоқ. Үнінде еш кінә арту жоқ еді. Керісінше, өкініш бардай естілді. Десе де, сол сәтте таразымның сол жағы "қырт" ете түсті. Онымен бірге менің жүрегім де "зырқ" ете қалды. Алайда салғаласа алмадым. 

Келесі көрініс – 21 жасым болатын. Ажырасып кеткеніме бір жылдан асқан. Қайта шешемнен қалған бір бөлмелі пәтердемін. Ашпын. Білімім де жоқ. Қолымнан расында іс келмейтін. Бір жүргенде енем қанша тірлікке бейімдегісі келгенімен, өзіме бала күннен көрген азабым да жеткілікті көрініп, оның түртпегінсіз-ақ бақытсыз екенімді алдыға тартушы ем. Осылайша қасарысып, илеуіне көнбедім. Енді міне, нан тауып жеудің өзге жолын таппаған соң, Ермектің дегеніне көніп, алғаш рет тәнімді саудаға салдым.

Бұл көріністен кейін тіпті ақталарға сөз таппадым. Дауыс та қыспаққа алмады. Тек таразымның сол жағы қайта дыбыстап, таразы басы теңелді. Келесі көріністен не күтерімді білмей, түнекке жалтақ қараймын. 

22 жаста ем. Әлі көшеде табыс табамын. Бұған етім үйренгелі қашан... 
Құрбым екеуіміз (коллега) түнделетіп дәмханаға кіріп, тамақтанып алмақ ек. Іште отырған жігіт көзіме оттай басылып, есік аузында бөгелдім. Ол сол қараңғы түні жолымды бөгеген екеудің бірі болатын. Тойып алған. Күллі өмірімді өксіткенімен ісі жоқ. Мәз. Есінде де жоқ. Ішке аттап баса алмадым. Құрбыммен бөлістім. Екеуіміз келісіп, шығуын сыртта күттік. Шығысымен соңына түсіп, кісі қарасы жоқ жерге жеткенде басына бөтелке жарып кеттік...

Бұл жолы өз ісіме сенімді ем:

– Ол соған лайықты. Оның маған істегені бұдан мың есе артады. Соның кесірінен күйеуім ерте суыды. Амалым қалмаған соң, теріс жолға түстім. Ол жәй ғана өз жазасын алды, – деп кінә арта сөйледім. Бұған дауыс:

– Иә! Жазасын алды. Бірақ оны сен жазаламаған болсаң, уақыты келген күні ол жауабын менің алдымда берген болар еді. Алайда үкімді мен үшін өзің шығардың. Мұныңмен дәл сол күнді өз таразыңның оң басына емес, сол басына өз қолыңмен жаздың, – деді ақырын ғана.

Тіл қата алмадым. Қақым жоқтай еді. Келесі көріністен тіпті шошындым. Бірақ тоқтата алғам жоқ. Сол жылдың күзі болатын. Дәрігерінің алдында, креслода жатыр ем. Не үшін жауап берерімді білген соң, үнсіз қарап тұра беруге шыдамай:

– Басқа шешім қабылдай алмадым! Дәл өзімдей бір бейбақты өмірге әкелгім келмеді. Айтшы, мен өмірден не көрдім? Шешем маған қандай жақсылық бере алды? – деп жыладым.

–  Есесіне ол сенің өміріңді қиған жоқ. "Өлуің керек" деп үкім шығармады. Иә, бақыт сыйлай алмады. Ол рас. Бірақ өзі де сенен артық бақыт көрген жоқ. Сол себепті, дәл сенің өмірің оның жауап күні келгенде таразысының оң басын еселеген болатын, – деді бұған дауыс.

Бір сәтке екеуіміз де үнсіз қалдық. Таразымның екі басына жалтақ қарадым. Бұл жолы да сол басы көтеріліп, оң жағынан едәуір басым түсіп тұр еді. Солай болуы керек-ақ екенін өзім де іштей мойындап тұр ем, жаңа көрініс пайда болды.

Жауын. Көшеде тұрмын. Қасына өрімдей қыз ерткен Ермек жаныма келді де:

– Қыздарымның арасындағы ең тәжірибелісі өзіңсің. Мына балапанды өзіңе тапсырдым. Білгеніңді үйрет. Өзіңдей майлы қыз болсын, – деді де, ерсі көзін қысып қойып, кете барды. 

Ойымды жинақтай алмай, әлгі ұзап кеткенше соңынан қарап, біраз тұрдым да, артынша алдымдағы жап-жас қызға бұрылып:

– Неге түстің бұл жолға? Не іздеп келдің? Қандай тығырыққа тірелсең де, дәл мына көшедегідей құлдырай алмайсың. Бұл көше өзіңді жоғалтудан өзге саған еш жақсылық әкелмейді. Ақылымды тыңдасаң, кет! Бір сәтке тоқтама. Қаш. Әлі де кеш емес. Дәл мендей тірі өлікке айналамын демесең, есіңді жи, – дедім жағасынан алғандай боп.

Үрей билеген жанарына қарап, көндіре алғанымды түсініп, қолынан жетектеп көрші көшеге шықтым. Артынша қалтамда осы түні тапқан тоғыз мыңды ұстатып, таксиге отырғызып, жүргізушіден темір жол вокзалына жеткізіп салуын сұрадым. Көлік ұзап кеткенше сол маңда біраз тұрдым да, кері бұрылдым. Бұл қылығым үшін алдыда өзімді не күтерін ойлап үлгергем де жоқ, жаңалық өзі жетті. Қарсы алдымда төрт-бес жігіт ерткен Ермек келе жатыр еді. Мені көрген бойда:

–  Әне келеді. Ұстаңдар!!! – деді ол.

Бұрылдым да, тоқтамадым. Тұтылғым келмеді. Сол себепті қаштым. Жауынға да қарағам жоқ. Сол жүгіргеннен жүгіріп, жарыққа соқтығысып барып бірақ тоқтадым...

...Екеуімізде де үн жоқ. Мен де, ол да асығыс еместейміз. Кенет, таразы басы әдеттегіден ұзақтау дыбыстады. Айналама кезек қарап, таразының екі басы теңелгенін байқадым. Олай болмаса керек еді. Себебін ұға алмағанымды сезгендей дауыс:

– Өмірде жақсымен де, жаманмен де кезігесің. Қол созып, бірі жақсылық, бірі қасірет ұсынар. Әркім өзінікін жөн дер. Таңдау бірақ, сенің еркіңде. Есіңде болсын – біреуді біреу тозаққа да, жұмаққа да жетелей алмайды. Сен тек өз таңдауың үшін жауап бересің. Қиындық берсем – сабақ алсаң деймін. Жақсылық берсем – көтере алсаң деймін. Бастысы, мейлі сын болсын, мейлі сый мені таңдасаң деймін, маған үміт артып, менен көмек сұрасаң деймін. Және айтарым – тіріңде өтей алмайтын күнә жоқ. Осыны ұмытпасаң екен, – дей бергенде әлгі әлсін сәуле күшейіп, жанарымды шарпып өтті.

Мен сол жарықтан шошып ояндым. Ауруxанада төсекке таңылып жатыр екем. Тұла бойым зіл батпан. Қос аяғымды сезбедім. Десе де, еш қорыққам жоқ. Себебі, бұл жолы мен кімді таңдарымды анық білетінмін...

 

Сурет: ekartina.com сайтынан алынды