ТОРҒЫН ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ. БАЛАПАН

Бақшада ағаштың көлеңкесінде балшықтан торт жасап отырмын. Мектепке екі жылдан кейін барамын. Үлкен қыз боп келемін. Ақылым көп. Үш ағам бар. Олар мендей емес, бірақ. Тентек. Әсіресе өзімнен бір жас үлкен Әлішер-қанішер сондай. Ылғи маған тиіседі де жүреді. Мен ұстағанды аламын дейді, жегенді жеймін дейді. Тіпті әжетханаға менімен жағаласып барады. Бүгін де мен жасаған тортқа жармасып, жыныма тие берді, өзі жасай алмаған соң... Ызылдатады да жүреді мені. Бауырсақ жемек боп, үйге кеткен. Кетсін. «Тетесіңдер» дейді анам. Тетесін ұрайын... Сонда бұл Әлішер Қайрат ағамның орнына туылса ақылы көптеу болар ма еді? Өткен айда ғана есікке қысып, мысығымды өлтіріп қойған. Әдейі, білемін ғой. «Байқамай қалдым» деп соқты. Оған не шақ келеді дейсің?
Мұрным ағып барады. Сүртейін десем, он саусақ бірдей балшық. Анашым "жеңіңе мұрныңды сүртпе" деген. Қатып қалады. Кетуі қиын. «ыфп» деп ішке тартып алдым. Мұздай боп, ар жақта біраз тұрды да, сәл жылыған соң, қайта төмен сырғи бастайды. Тортымды жасап бітіре алар емеспін, бәрі ана қанішер үшін...
Бір кезде төбеме бір нәрсе томп ете түсті. Өрік пісетін болған жоқ әлі, көзімді көтере беріп ем, басыма тиіп ыршып кеткен торғайдың балапаны тура тортымның үстіне қонақтады. Өзі тегі титімтай. Қанаттары да кішкене. Тұмсығы қып-қызыл. Шиқ-шиқ етеді. Ұша да алмайды. Жалма-жан қолымды етегіме сүрттім де, әлгіні алақаныма алдым. Сүп-сүйкімді. Қалт-құлт етеді. «Қорықпа» деп төбесінен сипадым. Асырап алайын деп шештім. Нан беріп, су беріп, ұйықтатып, күшті үй жасап беріп, жақсы көріп өсірмек ем. Онымды ұқпады ма, шырылдауын қоймады. Аш болар деп, аузына шөп тығып көріп жатқам, анадайдан мысық өлтіргіш көрінді. Ол мұны көрсе болды, алмай қоймайды. Таластың көкесі сонда басталады. Ал мен бұл балапанды ол үшін емес, өзім үшін тауып алғам. Тұра келдім де, қора жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Ол қалсын ба, әлденені сезгендей соңымнан ілесті. Балапаным уысыма сиып тұр. Байқамай қалар деген оймен тоқтай қалдым.
– Не болды? – деп сұрады ол қасыма келген бойда.
– Түк емес, – дедім мен басымды шайқап.
Тұла бойма тінти қарап шыққан ол:
– Қолыңда не бар? – деп сұрады.
Екі қолымды бірдей артыма жасырып тұрғам:
– Міне түк жоқ, – деп бір қолымды көрсеттім.
– Екіншісінде ше? – деді ол қойсын ба...
Екі қолымды артыма апарып, балапанды бір қолдан екінші қолға алмастырып:
– Міне, түк жоқ! – деп сендірдім.
– Өтірік айтасың, екі қолыңды көрсет! – деген ол ілгері аттады.
Қаша жөнелдім. Қалыспады. Үйді екі айналып шыққанда жетті маған.
– Көрсет! Көрсет деймін, – деп жатыр білегімді бұрап.
Балапаны бар жұдырығымды жоғары көтеріп, аяғымның ұшына тұрдым. Тамақты дұрыс жемеген соң, қортық боп қалған өзінен көрсін. Бойы жетіңкіремеді.
– Бер деймін, бер, әкел, көрсетші, – деп ыңырсып жатып, бір кезде шашыма жармасты.
– Менікі. Өзім тауып алғам. Көрсетпейтін! – деп мен де жыладым.
Айттым ғой. Сүйкімсіз ол осындай. Жынды. Тупой. Тышқақ. Біздің тіресті үйде отырып естіген екі ағам шықты сыртқа.
– Не болды? – деді олар арамызға кіріп жатып.
Сол бойы жазбаған жұдырығымды әлі көкке көтерген мен бос қолыммен ішке тартуға келмей кеткен мұрнымды жеңіме сүртіп жатып:
– Менікі. Сенікі емес, менікі, – деп солқ-соқ етемін.
– Қолыңдағы не нәрсе? – деп енді Қанат ағам бас салды жұдырығымды.
Оған шамам жетсін бе, үшінші сынып оқиды ғой. Әйтсе де, оңай беріскім келмей, уысымды ашпай қойдым. Саусақтарымның арасынан балапанымның аз-маз қауырсыны көрініңкірейді. Сонда да не барын олар ұға алар емес. Екі жақтап қолымды ұстап алған. Бажылдағаныма қарамай, саусақтарымды бір талдап ашуға көшті.
– Менікі. Бермеймін. Өзім тауып алғам, әкеме айтамын сендерді. Таяқ жейсіңдер, – деп қыспақтарынан құтылып шыққым кеп тырмысамын, болмады.
Көздің жасы да, мұрным да тоқтамай кетті. Не керек, сол бойы барымды жасырып қала алмадым. Үш жақтап жатып ашты олар жұдырығымды. Қақалып, үзік-үзік демімді ішке тартып, мана ғана маңқамды сүрткен жеңіме көз жасымды сүртіп жатып, алақаныма қарадым. Өлі болатын. Көтенінен ішегі де шығып кетіпті. Орталарына тастай салдым да, жерге отыра кетіп:
– Балапанымды өлтіріп тастадыңдар. Қайтарып беріңдер. Тірілтіп беріңдер! – деп жер тепкілеп жыладым. Өкпем қара қазандай болатын.
Тіпті мына біз «ересектер» кейде өз бақытымыз, не болмаса махаббатымызды өз қыспағымызда өзіміз өлтіріп алғанымызды білмейміз. Кінәлілерді іздейміз тағы...