Қарап отырғанша, әңгіме болсын, өзімнің кім екенімді айта отырайын. Ай-күннің аманында құдай қосқан қосағынан тірідей айырылған, сонау Жеткізбес шағын ауданында тұратын Қитықтың бұрынғы келіні, Жетпегірдің жеңгесі Сәндігүл деген кісі мен болам. «Елде күйеуінен айырылған жалғыз сен бе екен, қазір таяқ лақтырсаң, сендей бір шүйкебастың төбесіне тақ ете қалады. Мазаламай жайыңа жүрші» дегісі келіп, ішінен жақтырмай отырғандар да бар шығар. Ажырасудың жолы алуан түрлі ғой. Ішіме сыймаған соң, сырымды сіздермен бөлісейін деп жатқаным да әншейін.
Ажыраспай тұрғанда Қарабайым (күйеуімді айтам) аяқ астынан іссапарға кете қалды. Көптен кездесе алмай жүрген құрбыларыммен бастаңғы жасаудың бір сәті түсті-ау деп құлшына іске кірістім. Бір кеште балаларымды өз бөлмелеріне қамап қойып, құда келетіндей әлек-шәлегім шығып дайындалдым. «Ой, творческий адам емес» деп күйеуінен ажырасып кеткен Кірпияз құрбым мен тұрмыс құрмай-ақ бір мықтыдан бала сүйген Күлбілте құрбым бар — бәріміз бір шалқитын болдық-ау.
Екі құрбым оң жақтағы қыздай құлпырып жетті-ау кештете. Ойпырмай, үстерінде үлде мен бүлде. Құлақтарында бриллиант, қолдары толған алтын. Айтқан әңгімелері мынадай: «Маған пәленше сөз айтты, маған түгенше өлердей ғашық. Ана махаббатым маған пәленді подарить етті. Бастық ғашығым маған түгенді сыйлады». «Бойдақ келіншектер не деген бақытты еді! Күйеуі бар мен қасқа босқа өмір сүріп жүр екенмін-ау. Өздерін он сегіздегі қыздай сезінеді-ай!» деген ойдың оппасына түсіп кеткенімді сезді ме:
— Осы мен бар ғой, күйеуімен бірге тұратын әйелдерді сұмдық аяймын. Байғұстардың күні құрсын! — дегені Кірпияздың.
— Құрысын, адамды адам аяп жетістірмес, құдай аясын десеңші одан да. Мен өзім күйеуі бар әйелді торға түскен торғай деп есептеймін, — деп Күлбілте мендейлердің жағдайын тіпті сүмірейтіп жіберді.
Құрбыларым кеткеннен кейін өз-өзімнен ашуланып, ұйықтай алсамшы. Сүйіп қосылған Қарабайымнан оп-оңай-ақ жерідім. Өзінің құдай сүйетін қылығы жоқ екен-ау, тіпті. Жігіт кезіндегі жекіріп сөйлегені, еркек кезіндегі кекіріп сөйлегені, ана бір жылы үйге түнемей қалғаны, шешесіне болысып, түнеукүні маған зіркілдегені есіме түсіп кеп берсін. Ана ой ананы, мына ой мынаны оятып, он бес жыл отасқан отағасыма әп-сәтте қас жау болып шыға келдім.
Айтпақшы, дұрыстап таныстырайыншы өзін. Кәдімгі Қарабай Қарашолақов деген жасы қырыққа кеп қалған жас ақын ше, сол ғой. Өзіме арнаған өлеңін оқып берсем, мүмкін, естеріңізге түсер:
Өмірде бақытым сен Сәндігүлім,
Тамақ тоқ, ұйқы ерекше қанды бүгін.
Қызметте, асханада сені еске алсам,
Елестер көз алдыма сан қылығың.
Шалыңның шалқығанын көтер, жаным,
Өзіңсіз еш көпірден өте алмадым.
Жарына жыр арнаудан жалығатын
Мен емес өмірдегі осал жаның.
Осы секілді жүздеген өлеңдердің авторы. Қазір сол өлеңдерін қарап отырсам, жүдеген өлеңдер екен ғой. Ақын болып төбеме шырақ жаққаны да шамалы, Қаламақысы кітаптың шыққан ақысына кетеді. Тапқан табысы өзінен артылмайтын соны да күйеуім бар деп жүрдім-ау мен! Сонысымен қоймай, мінезі шақар. Қонаққа барған жерде өлеңін оқымадым деген біреуді көрсе, жағасына жармаса кетеді. «Сен қалай мендей ақынды танымайсың? Бірақ сендейлерге мені түсіну қайда? Менің талантыма әлі-ақ табынып, өздерің-ақ қоғадай жапырыларсыңдар!» — деп жұдырығын ала жүгіреді. Иә, оны ақын деп деп мойындағанша, мен де ана дүниеге кетіп тынармын.
Содан не керек, әңгіменің қысқасы, бала-шағасын сағынып аңқылдап жеткен Қарабайымды қаныма қарайып қарсы алдым. Аңқылдаған байғұсым түкке түсінбей аң-таң. Содан қойшы, алты ай дегенде әрең ажырасып тындым. Енді бір арқа-басым кеңіп, ұшқан құстай тәтті өмірдің ұшар биігінен көрінетін шығармын дедім. Жоқ, биікке емес, күйікке ұрынғандаймын. Басыма бар пәлені үйіп берген бастаңғыны қарғап-сілеймін. Қайдағыны қоздырып жүрген, тіліңе теріскен шыққыр Кірпияз сол екі ортада әйелі өлген біреуге күйеуге тиіп кетіпті. «Қайтқан малда қайыр бар» дегендей, Қарабайыма қайта қосылсам ба десем, о сұмдық, Күлбілтенің қолына кіріп алыпты. Міне, мүйіз де жоқ, киіз де жоқ, құлақтан құралақан қалған тоқал ешкінің кебін кидік.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА,
Ақтөбе қаласы.