Қазір ерекше түн. Арландарға тәжірибесі толығып, қара түгі санауға жеткен қаражалдар ілеспек. Ай қуатын жинап, тас түнге шамын жаққанда қасқырлардың аңшылық құратын уақыты. Соңғы белгі беріліп, үйір басы көкке қарап қысқа ұлыды. Не үшін, не себепті ұлыйтыны қаражалдарға беймәлім. Оның үстіне аңды үркітіп ұлыудың мәнісі не? Бір анығы «дайын болыңдар», -деген белгі. Қанға тісі тиіп, азулары қайралған қасқырлардың соңында, қос қаражалдың бөлтірік терісін шешіп, салмақты аңға шығуы тұңғыш болмақ. Жиыны алты қасқыр асығыс адуынмен нуға сүңгіді. Нысадары көш соңында, ілесуге қауқарсыз, шөбін майда шайнап, қамсыз жатқан екі-үш бұғы. Бұғыларға жауапты сол болу керек. Ою мүйізді, салпаң құлақ осы бір көңілі сақ, ірілеуі селк етіп қарады да, ащы дауыспен бақыра салғаны сол ет, жатқан-тұрғаны бар жер дүрсілдетіп тырқырай қашты. Тек соңында үшеуі кәрі қу бас аяғы ұйған кемпірлерше жаны жүрегіне тығылғанда әрең тұра алды. Алдында қашқан төртеуін арландары әп-сәтте қағып алды. Бар күші желуге жеткен ең әлсізіне қаражалдың бірі тамақтан, бірі жамбастан бас салы. Алқымынан алғанын иіріп, сынық мүйізімен ауада сүзгенде екі-үш аунап барып азу көрсетіп тұрып қалды. Ту сыртындағысын сынар жерінен түзу сызық түскен, сап-сары тұяғымен қаға салды. Екі-үш қадам аттап өзі тоқтады. Әжептәуір таяқ тисе де қыңқ етпей, олжасын оңай босатпайтындығын білдіріп, бірі алдына шығып, екіншісі артынан күтті. Тобынан алшақтап, маңыраудан басқа амалы қалмаған, осынау енді жетілген қасқырлардың көзіне алып қарағай мүйізді көрінген тіршілік иесі осыншалықты дәрменсіз болар деп кім ойлаған? Тамағынан тамшылап қызыл қан тырсылдап шағылға тиген сайын дауысы да қырылдап, үндеуге қуаты таусылды. Көздері үрейдің өзін қорқытып, тістері қанға жұққаннан кейін, арлан сезініп, салып алған іздеріне қайта азу бастырды. Бұл жолы кәрі бұғының жан беруден басқаға қауқары жетпеді. Алдыңғы екі аяғымен тізерлеп, мына жарыққа, өзін жаратқан иесіне алғыс айтқандай басын иді де соңғы көз тамшысын шығарып, жер сүзе құлады. Қаражалдар үйір қаншықтары, арландар, жас бөрілер келгенше ет бұзбай, ентіктерін басып, олжаларына көңіл тоқшылықпен ғана қарап тұр. Тойынып, беттерін жалап-сілеп болғасын арланы баяғы биігіне шығып көкке қарап тағы ұлыды. Оған ілесе қалған қасқырлар, неге екенін білмесе де екі қаражал да мойнын жоғары созып, аз-кем уақыт ұлыды. Қос қаражал екі апаннан болса да бірге өсті, бір жүріп азықтанды, безгек қағып ұлуды да бірге үйренді. Соқыр жастарында екеуінің де ұяластары бар-тын. Бауырдан айырған – аңшы. Тек таңдаулы боп екі апанда осы екеуін тірі қалдырған. Екуінің бір апанда өсу – екі аяқтының кесірі. Үйір басшысы екеуін жалғыз жатқан жерлерінен желкелерінен көтеріп өз апанына әкелген. Міне содан бері әке деп танығандары – үйірдің арланы.
-Қызық, әкеміз неге үнемі ұлыйды екен?
-Біз қасқырмыз бауырым, ұлу керек болғасын ұлит та.
-Қателесесіңдер, - деген зілді, жуан дауыс екуін шымшып алғандай селк етіп тұрғызды.
-Арғыларымыз «құртқа» кезеңінен ұлу әлі бәз қалпында, өзгеріссіз жалғастырып келеміз. Көкке қарап ұлуымыз жаратушымен байланыс. Ол бәрінен жоғары. Әр аңға шыққанда рұхсатын сұраймыз. Ұлу табиғапен, тәңірмен, тұқыммен байланыстыратын ұлы құрал. Кезі келгенде ұғасыңдар.
Бөлтірік шақтан беймәлім сұрақтың жауабы екуін әңгімелерінен айырды. Үнсіз қалды. Тек, ойларын кейде қара түнде қызыл ала қанға боялған бұғыны көріп қарқылдаған қарғалар ғана бөлетін. Тәспідей тізіліп, олар да ауқат теретін. Енді келіп, ағаш басында қарқылдағаны жоқтағаны ма, мазақтай қарағандары ма, екеуіне ол да белгісіз. Дәл осы қалыпта мыңдаған күн, мыңдаған түн өтті. Баяғы қаражалдардың бірінің денесі ұзарып, жүні қалыңдап, көк сұрланды. Бірі тым сымбатты, ақ жүндерін әдейлеп жуғандай аралары ашық, әрі қалың. Қысқасы нағыз бөрі шеніне жетті. Дегенмен бұрынғыдай жайлы, тыныш түндер көзден ғайып. Кейде екеу көкке қарап ұзақ ұлыйды. Әкелерінен де ұзақ. Осыған дейін жүз апан-мекен ауыстырғанмен тәңірін жоғалтпады. Тәңірі де әдейі өзін есіне салғысы келердей қиындық жібере берді. Тірсегінен тілінген бөлтіріктер, итке шатысқандар, атылған соқыр бөлтіріктер барлығын ойлап екеуі жаратқанға ғана мұң шақты. Қос аяқтының зұлымдығы осы өңірдің қасқыр қауымын ұсақтап, жойып тынбасын екі арлан енді түсінді.
Екеуінің де ауызы қызыл қан. Ауыздары ғана емес көздері де. Бұл жолғы қан тәтті емес. Ішкені өздерінің қаны.
Осыдан санаулы айлар бұрын аңшылар апанға қол сұққан. Сонда апанда жатқан бөлтіріктердің бірін енесімен атып, бірін алып кеткен. Бұл көк бөрінің апаны. Ақ бөріден екі бөлтірікті алып, қалға бірін енесімен атқан.кек алса қасқыр атқа кір келер деп арландар адам пендеге жуымады. Бөтен апандардан жалғыз қалған бөлтіріктерді жиып бауырларына басты. Бөлтіріктер де бұларды әкем деп қабылдады. Өздері де кезінде әкем деп қабылдағандары туған әкелері емес қой. Оны тек сол түнде ояу болған ай-жұлдыз бен құдіреті күшті жаратқан ғана біледі. Ай да жұлдыз да талай жылдар бойы сен жетімсің деп ләм демеді. Десе де өз қанынан тараған күшіктері, күшік емес бөлтіріктеріне деген әкелік махаббаттары көкті де ақты да жай жатқызбады. Адам ауылын жиі торуылдайтын болды. Ондағы ойлары арам емес, бөлтіріктері бар ма соны көру. Неше күн аңдып, еңселерін сан мәрте түсіріп қайтқан. Бірақ бүгін қасқыр боп өмірге келгелі көрмеген тылсымды көздері шалды. Ақ пен көк тілдесіп, ақылдаспады да, ауылға шапшы. Әншейінде үргіш, қабаған, талағыш иттер тығыларға қора таппай қыңсылады да қалды. Тек енді жетілген үш күшік ырылдап күтіп тұр екен. Ақ пен көк азуын жия койды.
- Бөлтірігім , - деп емірене жанына жеткен арландарды, әкем деп таныған ешкімі жоқ.
Ит құсап үріп, құйрығын бұлғаңдатып тұр. Қасқырдың бір тамшы қаны мен титімдей қайсарлығын ит мінезділікке ауыстырған көз алдындағы өз белінен шыққан балаларынан әсте күтпеген. Бұл арсыздық қасқыр деген жер шарында қалған жалғыз таза хайуанға жұқпауы керек. Арландар бөлтіріктерін тамақтан шайнады. Бұл жолы бұғы-елікке шапқандай емес, қасқыр атаулыны кір атақтан ада ету. Бөлтіріктер қыңсылап қашуға дәрмені жетпей, жүзі жылтыразудан әрі аса алмады. Арландар өлі денені болар –болмас сәтте сүйек қалдырмай шайнап, жеп тастады. Үй ішінен тегенесін көтеріп шығып келе жатқан көзі сығыр қатын арландарды көргенде ойбайға сап темір тегешін салдыр еткізіп лақтырып үйге кіріп кетті. Әлгі қатын мылтықпен сыртқа шыққана ақ пен көк бұйра нуға еніп барады екен. Қолдары дір-дірлеп оғы да көзі де жетпесе де әйтеу атты. Сол кезде барып үйдің иттері батыр терілерін тірілтіп, үй маңында үріп қана қалды. Ақ пен көк мекенге келгенше тоқтамай шапты. Үкілер әнге сап, жапалақ жалмаңдар уақыт. Ентіктерін баспастан көкке қарап кезек-кезек ұзақ ұлыды. Сол мекенде қасқыр біткеннің барлығы осы мұңды, ашу мен кекке, арландардың жан айқайына ілескенде естіртпе деп пыр-пырлап ұшқан қанаттылар орманның тынышын алды. Ертеңгісін қасқырлар кеңесі құрылды. Ақ пен көк көп сөйлемеді. Бар айтқандары таяу арада кетпек. Ондағы ойлары қайтсек қасқыр атаулыны аман-таза алып қаламыз деген сұраққа жауап, мекен іздеу. Ақ пен көкке кезінде әкелері «қасқырлардың көп шоғырланған, мекен еткен жерлері бұл емес. Бұл жақта адамдар жауыз,көп, жақын. Бүгін болмаса ертең қауіп төндіре ме деп қорқамын. Адамы жайлы, қасқырлары бірлікті жер анааау», деп Тәңіртаудың арғы шетін көрсеткен. Сондағы әке ойын енді түсінді. Ұрпақ қамы емес күллі қасқыр, бөрі деген атқа кір жуытпаудың уайымы екен.
Не де болса арландарың ендігі ойы тез арада мекендерін тауып, қалған азын аулақ қасқырларды қайта кеп көшіріп әкету. Қоңырсалқын түн. Жиылып қасқырлар ақ пен көкті үлкен үмітпен шығарғалы тұр. Бірінен кейін бірі ұлыды. Кейде ғана өлеңнің қайырмасындай алыстап көз нүктелеп бара жатқан ақ пен көк ұлып қояды. Екеуі үнсіз тыныш Тәңір таудың ақ шалған басын беттеп келеді. Бағдары дұрыс. Тәңір тауға бір шығып алса, одан асқаннан кейін туыстарын табу ғана қалады. Тоқтаусыз жүріс. Күн де қисаяр уақыт. Биіктеу жайғасқан тас шоқының желкесіне шыққанда ақтың жібек жүнін үрлеп керімсал жел тоқтатты. Шаршағандарын екеуі мойындағылары келмесе де табиғат – анажанашырлығын танытып тоқтатты. Екеуі де сәл аялдап артына бұрылды. Туып-өскен жерлері, тау-тасы, ну енді сәл ұзаса жат болатындай көрінді. Текше-текше тасқа тығылған гүлдер, орманнан бастау алып түзу аққан күміс шашбау іспетті өзен, еңсесі биік жатқан жоталарға соңғы рет көз тастап, қар жамулы тауға сапарларын жалғады. Қара іштей артына қарағанына өкінді. Ынтызар көңілі қаратпағанда бұлай жайсыз болмас еді. Көздерінде әлі бөлтірік кезінде кезген кербез сары дала, алыстан ғана көрінетін тәкаппар тау, бұралаңдаған өзен бұлдырлап тұр. Осы суреттер үйін, жерін туғанын мәңгі көрмейтіндей қайта келсе өзгеретіндей қорқыныш тудырды. Енді қайта келсе, әне анау орман солып, сары дала жалаңаш қалатындай егіліп келеді. Осындайда бар дауыспен ұлу керек пе оны да түсінбеді. Түн ортасына жеткенде ақ кілт тоқтады. Қыннан суырғандай азу айға шағылысып артынан жауды күтіп тұр. Бірақ ешкім жоқ. Тау белінен асып, қалың қарда жол салып келе жатқан көк арлан ақтың аяғынан біреу жармасқанын көрді. Жалма-жан тістеп, жұлқылап көрді, жіберер емес.жаратқанның жаратылысы емес. Қасқыр қақпан екен. Екеуі тірі зат емес екенін ұққанша кезек-кезек тістеп көрді. Темірге қарсы шамасы жетсін бе? Тіпті азуы сынуға шақ қалды. Ағы қапқан заттан құтылмасын ұғып, көкке «сапарыңды тоқтатпай, артылған абыройды жалғастыр», -деді. Көзі қанға толып, шарасыз қалғандығына, әрі бағаналы ішін жегідей жеген ойлары мұңға да, ыза ға да толы ұлуға ұласты. Көк серігіне ләм деместен жүгіре жартастан асып, ала тұманға сіңіп кетті. Ақ енді қақпанмен емес оймен арпалыс, апандасы емес ойымен жалғыз қалды. тұңғыш бірге аң аулаған, күресіп алысқан, сырғалаң сәттер елестей бастады. Тастамасқа амалы болмады. Жалғыз менің емес, мұқым бөрі, құртқа, қасқыр атаулының қамын ойласа бір сәт болсын тоқтауына болмайды. Өзімді табиғатқа тастадым. Ұлымады, батқан жара, қып-қызыл қан ақ мамық үстін былғаса да, қыңсылап әлсіздік танытпады. Өлсе ерлікпен, мақтаныш сезіммен кетеріне сенді.
Көк жол бойы ұлыды. Онымен қоса желдің де зары күшейе түсті. Ойында бауырын тастап кету болмаған, әлі де жоқ. Қорек таппаса өзі де, ақ та жолға қуат қайдан таппақ? Сәл төменіректен жағулы шамдарды көзі шалып, ек-үш жерден үрген иттің дауысын естіді. Қорасына шапса, момақан қойға қарық боларын біледі. Алайда, қасқыр екеш қасқыр да зұлымдық пен жақсылықтың өлшем бірлігін біледі. Төменге түспеді. Қоян-түлкі іздеп біраз сандалды. Ақыры таба алмай, қайта артқа қайтты. Алдыңғы екі аяғын жастанған ақтың жүндері бір жерге буылып, мұзға айналыпты. Көктің оралғанына бір есепті қуанғанмен екінші ойы құп көрмеді. Көктің ендігі ақтан басқа кімі бар? Бауыр деп өскен, сырын айтып, мұңын шаққан жалғызын қалай тастамақ?
-Мені же, - деді. Мені ойласаң, қатып қиналып өлмесін десең же.
Көп сөзді ұнатпайтын көк ақтың артқы қақпан қапқан аяғын шайнай бастады. ақтың жанын дәл қазір тістелеп, шымшылап жатқан өткір азулар емес, армандаған еркіндікті, алаңсыз туыстарынының өмір сүргенін көре алмаймын ба деген үмітсіздік қана жанын ауыртып барады. Аяғын кесіп, қақпанымен қосып қарды қалың қазыпкөміп тастады. Аш құрсақ, тау ызғары мазаларын да күшерін де сарпыды. Жаралы – аяғын жалап ол да әуре. Ендігі мұрат соңғы тыныстары шыққанша көксеген мекенге жету. Бұлар жүреміз дегенше құба таңда кірді. Аппақ қарға із қалдырып, бірі ақсаңдап, бірі жол сап тау басына жақындап та қалды. Тәңіртаудың ең ұшқы нүктесіне жеткенде, бөлтірік күнде көре алмай көзайым болған Тәңіртаудың екінші шетіндегі өмірді көрді. Түк айырмасы жоқ. Сол баяғы су мен ну. Жеттік-ау деген сезім күш беріп, тау асқасын қулдилай берді. Астыдан қар кеткенде туыстарының да апаны алыс болмауы керек. Олар да таудың етегін ала мекендеген болар. Асығыс жүріс, ұшқыр қиял бітем дегенше қара жерге де тұяқ-табан тиді. Ендігі бар жұмыс қасқырларға ғана тиесілі дыбыс- ұлып туыстарын іздеу. Кезек-кезек ұлыды. Табар деген үмітқой. Көп те ұлымады, алдарынан шауп он-онбес қасқыр келеді. Бұларды қарсы қуана ағы құлап-сүріне қарсы шапты. Бір-бірлеріне жеттім-ау дегенде екеуінің желкелерінен тістеп тыпыр еткізбей ұстап тұрды. Тілі салақтап, екі аяқты келе жатыр. Азуларын қаптырай сілекей сасыған бірдеңемен мықтап орап тастады. Торға қамап, оның сыртын қара бұлмен сыдыра сап, екеуіне мүлде жат мекен, адам қолы тиіп қаланған қораға әкелді. Екеуі үнсіз. Қалай үндемек? Бауыр-туыс жоқтап келгенде желкеңнен түйіп қарса алса. Желкеңнен түйіп қана қойса жақсығой, адам қолына тапсырғаны несі? Сол түні екеуі үздіксіз ұлыды. Тәңіріне шағымданды, өкпеледі. Ренжіді. Қалған қасқырлар тілдерін түсінді, бірақ олар табиғаттың емес жаратылыстың айтқанына бағынып қойған. Ертеңгісін адамның баласы алдары жалп еттіріп бір қойдың санын тастай салды. Ақ пен көк азуларын ақситып, ыза-кектеніп түк жемеді. Бар ой, көздері өздерін ұстап берген қасқырларда. Әлімсақтан бөрі едік. Бөрі деген атқа лайық тек екуміз ғанамыз ба? Екеуміз өлсек енді кім бөрі болады? Түркілердің басын қосқан Ашина өзін бөріге теңеді емес пе? Римді рим еткен Ромул мен Рем біздің анамызды еміп, аман қалды емес пе? Әлемді жаулаған Шыңғыс хан да көк бөріден рухтанды емес пе? Енді біз бөрі емеспіз. Енді ешкім бөрілі байрақ тігіп, қасиетті етпейді.
Көк бөрі мен ақ бөрі төбедегі тар терезеге ай жарығы түскенде ұлуларын қайта бастады. Тәңір таудың арғы шетінен ұлыған ұзақ дауысты естімесе де іштей сезді. Тек Тәңіртаудан ғана емес өткен барлық қасқыр атаулының ұлуларын сезді. Енді бұлар да ұзақ ұлуға бекінді. Өйткені бұл жақта қасқырлар ұлымайды...