ТӨЛЕН ӘБДІК. ОРАЛУ

 

Шаңы бұрқылдаған қуықтай тар көше бойымен малта тастарға шоқалақтап, ағаш көпірден өтіп, поселканың сыртына шықтық. Бұл жер таудың шөге-шөге таусылып тегістелген етегі екен.

Көп ұзамай ойқы-шойқы дөң-төбелі баурай басталды. Жүрген сайын шатқал арасына сүңгіген бұтақ жол кейде оң қапталдан, кейде сол қапталдан көрініп, кейде тап бір аспанға апаратын жолдай машинаның жан даусын шығарып, биік қырға шаншылып тік өрлейді.

Жанымдағы шоферіме көз тоқтатып қарап ем – бетінің аздаған секпілі бар, етжеңді жүзінен сәбилік аңқаулық байқалатын, шіп-шикі бала екен. Біртүрлі мұңды, қалың қабағы мен онша қиюласпай тұрған дүрдек еріндері, солбырайған ауыр бас бітімі көп сөйлемей, іштей ойлауға дағдыланған адамның кейпін танытады. Рульге сәл еңкейе түсіп, екі жағына ақ түбіт боз өскен тастақ жолға сүлесоқ қарап үнісіз отыр. Зәуде:

-Мынау не нәрсе? - деп мүжіліп құлауға айналған ескі мазарды көрсеткенімде:

-Баяғы Балта батырды естуіңіз бар ма? Соның моласы ғой,- деді шамадан тыс бір шабан үнмен.

- Е-е-е... Ол өзі қай тұста болған кісі екен?

-Кім білген... Намаз оқып отырған жерінде өлтіріп кетсе керек. Келіп қалған жауды көрсе де, намазын бұзбапты ғой жарықтық.  Ол осыны айтып, бар білгенім сол-ақ дегендей тағы үнсіз қалды.

Баланың әңгіме сүймейтін қылығы маған ұнаған жоқ. Сөйтсе де сәті түсіп, келген бетте аудан орталығынан машинаның табыла кеткеніне қуанып, көңілді отырдым. Тіпті командировкаға шығуымның өзі сәті түскен іс еді.

Өткен жазда әлдеқалай қонағасының үстінде бейтаныс әйелден осы жақта тұратын бір танысым жайлы хабар естігем. Оның өзі сәті түскендіктен шығар, әңгімелесіп отырған екі әйелдің аузынан Бәтима деген есімді естіген соң:

-Құдай үшін айтыңызшы,- дегем әңгімелерін бөліп.-Мұныңыз кәдімгі Серікбаева Бәтима ма? Сіз оны қайдан білесіз?

-Қайдан білетіні несі? Институтта бірге оқыған подругамды ұмытып маған бірдеңе көрініп пе?! Қайдан білуші ем? - деп әлгі әйел біртүрлі шамданып қалды. Шамданып қалғандықтан оның кімге тигенін, балаларының санын, қазір қайда тұратынын да айтып берді.

Содан осы жаққа жол түскенде бір соғуды көңіліме түйіп жүруші ем. Кіп-кішкентай кезімізден бірге ойнап, бірге жүрген, бірге оқыған Бәтима ғой...

Қымыздық өскен боз қыратты қапталдап, жазыққа шықтық. Жер беті дөңгеленіп, алыста мұнартқан тау жотасы алдымызды орағысы келгендей жарысып, көкжиек бойымен зымырап келеді. Ашық терезеден тау қойнауының саумал исі мүңкиді.

Мен июль айының қалың ортасында көздің жауын алып құлпырып тұрған ғажайып бір жасыл түсті тау бөктеріне тамашалай қарап, рахатқа шомдым.

Бірақ көп ұзамай біркелкі гуілдеген мотор үнінен, машинаның ырғауынан көзіме ұйқы тығылды. Кісі жалықтыратын ұзақ жолда серігімнің әңгіме білмейтін мақаупес бала болғанына қынжылдым.

-Тоқтатшы, шырағым,- деді де, сумкамды ашып, ішінен бір бөтелке коньяк пен стакан алдым. -Әлгі ұзақ жүретін болсақ зерігіп өлерміз. Тым болмаса, ұйқы ашылсын.

Коньяктың аузын ашып, стаканға орталай құйып, шофер жігітке ұсындым.

-Атың кім сенің?

-Мұрат.

-Кәне, Мұрат мынаны тартып жібер. Таныстық үшін...

-Ағай маған ішуге болмайды,- деді ол басын шайқап. -Рульде отырмын ғой.

-Неғылушы еді, тәйірі. Қалалы жер емес... Айдай жазық. Алып жібер енді.

Мұрат стаканды қағып салды да, тыжырынып жеңімен аузын сүртті. Үйткені ештеңе жоқ еді. Өзім елу грамдай ішіп, бөтелкенің аузын жауып, қайтадан салып қойдым.

«Анекдот тәрізді бірдеңе бастасам ба екен» деп ойланып Мұратқа бұрылдым. Мұратым ішімдік көтере алмайтын бала екен. Екі шекесі, бетінің ұшы, көзінің алды демде қызарып шыға келіпті. Бірдеңеге қуанғандай өз-өзінен жымың-жымың етеді.

-Ағай,- деді ақырында әлдеқалай тіліне оратылып. -Жол ұзақ қой, қарап отырғанша әңгіме болсын...Ол бір қолымен рулін басып, папирос тұтатты. Мен өзім сіздердің газеттеріңізді жыл сайын алдырып тұрамын. Қазір деген, газетсіз күн жоқ секілді ғой өзі. Газет оқымасаң саңырау адам секілді, жаңалықтан құр қаласың... Өткен жылы... Мұрат осы тұста мұрнын тартып, қопаңдап, қозғалып қойды. Мұнысы әңгімем енді басталды дегенді білдіргендей болды. Өткен жылы сіздің газетте «Бақыт деген не?», «Махаббат деген не?» деген тақырыпта бірнеше мақала жарияланды. Есіңізде болар... есіңізде болар деймін-ау, газетті басып шығарған өзіңіз ғой. Айтайын дегенім сол мақалада Бақыт деген қыздың Алматыға оқуға барған соң, аулындағы жігітін тастап кеткені айтылған. Сол кезде өзімнің басымда осындай бір жағдай болып еді.

Бұдан соң шофер жігіт өзінің онжылдықты былтыр бітіргенін, Сәуле деген қызбен көптен достасып жүретінін, қыз оқуға кеткенде мұның әкесі қайтыс болып, ере алмағанын, сол кеткеннен қыздың хат жазбай қойғанын, менсінбей тастап кеткенін, сол үшін бір күні ішіп алып, суға кетіп өлмек болғанын тіліне оратылып, тегіс баяндап шықты.

Мен баланың түріне қарамадым. Көп болғанда 19-да.

«Иә, иә, адамдар тек осындай жаста ғана – он тоғызында немесе жиырмасында ғана намыс үшін, махаббат үшін, жандарын қия алады. Мұндай жаста адам шындық үшін күресе алады».

-Енді ойым айтады-ау,- деді ол беті шұқырая жымиып, -осының бәрін ана жылғыдай газетке жазып жіберсе, бәлкім ол райынан қайтып,- кенет Мұрат осы мен не сандырақтап отырмын дегендей кілт тоқтап, қызарып қоя берді. -Кешіріңіз ағай, әншейін бір ой ғой...

Біз қойнаудың етегімен қайтадан шатқалға енгенде күн көзі бұлтқа тығылып, тау іші салқын тартты. Ауадан жаңбыр исі сезілді де, іле сексеуіл сынғандай күн шатырлап өткінші нөсер төпелеп құйып кетті.

-Бірақ,- деді Мұрат жарқ еткен найзағай отына немкетті қарап, -ол қыз не ойласа, оны ойласын, қорласын, мазақ қылсын мейлі... Менің көңілім баяғыша... Баяғыша сүйем, айнымаймын. Ал бақыт деген не? - деді ол бұл бір әшейін зат дегендей қолын сілтеп. -Бақыт деген адамдарың рухани қанағаты. Адам дүниеге қанағаттанбайды, білімге қанағаттанбайды... Тағы немене... атаққа, шенге қанағаттанбайды, білімге қанағаттанбайды. Иә, оны айттым ғой... Сонда енді адам басқа бірдеңеге қанағаттануға тиісті ғой...

Мұрат дәлірек бірдеңе айтқысы келіп, саусақтарын жыбырлатты. -Айталық сіз бір қасиетті іс үшін жаңыңызды құрбан етуге бел байладыңыз. Сіз өліп кетесіз, бірақ көздеген мақсатыңыз орындалғаннан кейін, рухани қанағаттанасыз. Одан артықтың сізге қажеті жоқ. Сіз бақыттысыз. Түсініп отырсыз ба? Мысалы мені алайық... Мен Сәулені ұнатамын. Егер Сәуле де мені тап өзімдей ұнатса, мен үшін бұдан артықтың керегі жоқ. Қанағат. Бақыттымын.

Мұрат арақ ішкісі келмей стаканның бетін жапқан адамша алақанымен енді ештеменің қажеті жоғын білдірді.

Жауын әбден басылды. Тау іші жаңарып, көк майсаға бөленді. Алыстағы шыңдар күн нұрына малынып, жарқырап тұр. Бұлт арасынан құлаған тақтайдай жалпақ сәулелер сонау зәулім аспаннан құйылып жатқан сарқырама су секілді көгілжім ақшыл түске боялған. Қақ тұрып бұзыла бастаған жолмен машина ыңыранып баяу жүріп келеді.

Мұрат біраз үнсіз отырды да, ішіндегі сезімін басқа бір тәсілмен сыртқа шығарғысы келгендей мұрнының астынан ыңылдап «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» әнін бастап кетті.

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да,-

деген тұсқа келгенде сөзін айқын айтып, операдағы баритон дауысты артистерше біртүрлі қоразданып, гүжілдеп кетті. Бірақ қайырмасындағы биік нотаға соқпай әнді шолақ аяқтады. Осыдан кейін Мұрат қайтып әңгіме бастаған жоқ. Қайта бағанадан бергіні бекер айттым ба дегендей, қабағы тұнжырап, түнеріп үндемей қалды.

Менің де әңгімеге зауқым соқпады. Жаңбыр тамшылары айғыздаған терезеден бұралаңдаған тау жолына, одан әріде көсіліп жатқан, көсілген сайын, тегістелген сайын, көңіліме сағыныш тәрізді бірдеңе әкелген жазық далаға қарап ойға шомдым. Біздің жақ осындай жазық болатын. Бәтима екеуміз талай қол ұстасып қыр асып, ауыл ешкісін айдап әкелетінбіз. Балалық шағыңды - мына Мұрат секілді албырт шағыңды, туған жеріңді ойлаған, сондай тәтті, рахат, мұңды...

Машина біркелкі ырғап келеді.

Ал ойлаған сондай тәтті...

 

 

II

 

Туған жерің мейлі көкмайса болсын, мейлі кезерген шөлейт болсын бәрібір көркем де, ал балалық шағың мейлі рахатпен етсін, мейлі жоқтықпен өтсін, бәрібір балдан тәтті емес пе. Жаз бойы Қоңыраулы өзенінің жағасында бие байлап, қымыз ашытатын он шақты киіз үй менің көз алдымда әрқашан әсем, көрікті күйінде елестейді. Солардың күнге күйіп қоңырайып кеткен кене туырлықтары да, түтінге ысталған түндіктері де, жел соқса сартылдап, сабалап тұратын үзік баулары да көңіліме алабөтен ыстық. Мен көкжиектен шашырап күн көтеріле бастағанда-ақ шөпшілердің кешкі салқыннан аши қоймаған саумал қымыздың екі-үш кесесін сіміріп салып, өгізге жайдақ мінетінінен бастап, бұл ауылдың қашаған құлындарын қалай ұстап, желіге байлайтынын, жылқы қайырып жүрген балаға кемпірлердің не деп ұрсатынын, тіпті сәскеде самаурынның трубасынан шұбатылған көкшулан ащы түтінің желсіз тымықта қайтіп көтерілетінін, түскі аңызақта көл жақтан қандай иістер келетінін, ақырында, бақташылардың кешкі айғайы мен шыбыртқылардың сартылын, жұмыстан қайтқан шөпшілердің дабырлаған дауыстарын – бәрін қалдырмай башайлап суреттеп бере алар едім. Өйткені, бұлардың бәрі менің балалық шағымды көріп, біліп өскен белгілі өмір ғой. Көзімді жұмсам болды осылар тізбектеліп, сол бұрынғы ап-айқын түсінікті қалпында алдыма келеді. Және көңілімді мөлдір сезімге толтырып, ғажайып мекен бақытты дәурен болып елестейді. Әлде бұлардың бәрін тамаша етіп тұрған менің аяулы балалық шағымның бейғамдығы ма екен?

Есімде, біздің үй соғыс басталған жазда Ақсуатта отырды. Біздің үй деп отырғаным – жездемнің үйі ғой. Өзім тақыр жетіммін. «Әкең атқа мінген, билік айтқан кісі. Мәмбетейдің ішінде содан тәуірі болған жоқ. Бірақ не керек, кешегі аласапыранда бәрі кетті... Ал шешең болса, соның күйігінен өлді» дейтін маған үлкендер. Бәлкім, солардың тәуірлігінен болар, әкеммен дәмдес болған адамдар мені көрген жерде жылы ұшырап, маңдайымнан сипап қалады.

Бір кезде менің де өзгелердей ата-анам болғанын, болғанда анау-мынау емес, елге сыйлы, қадірлі жақсы адамдар болғанын шын сезінгім келіп, әлгі кісілердің мүсіркеген сөздерін мөлиіп, беріліп тыңдаушы ем. Бірақ менің. көңілімде сағыныштың, иә, уайымның зәрдей де белгісі білінбейтін. Мен ешкімді де сағынбайтынмын, іздемейтінмін. Ата-бабасының кім екенін білмей есетін кембағал сорлы балалардың бірі едім.

Күзде жұртты әскерге ала бастады. Ауылға колхоздың активтері келіп, бала-шаға, кемпір-шалдарға дейін жинап, митинг еткізді. Онда Отанымызға шабуыл жасаған жаулардың кім екендерін айтты. Майдандағы жауынгерлерге киім-кешек астық жөнелту туралы қаулы қабылдады. Сол жиналыста «неміс», «герман» деген екі сөз естідім. Бірақ олардың екеуі бір-ақ адам ба, әлде қосылып жүрген одақ па, ол арасын айыра алмадым.

Шақырылғандардың бәрі аудан қаралып келіп, жүретін күндерін біліп, елмен қоштасып жатты. Қатындар елдің зәресін алып дауыс қылып, кейбіреулері соғысқа бірге баратындай бала-шағасымен ауданға бірге аттануда.

«Повестка» бірінен соң бірі келіп жатыр. Еркектер жүрер алдында ауыл үйді аралап дәм татып кетеді. Тұрғынбек деген әзілқой жігіт біздің үйден Дәм татып отырып:

-Осы үйдің дәмі айдап, аман-сау оралар ма екенбіз, мына бір қасықты алып кетейін, барған соң орынына немістің қасығын салып жіберермін,- деп сабы майысқан қалайы қасықты қалтасына салып алғанда, қайғы жұтып тұнжырап отырған шалдар да мырс етіп:

-Қу шұндақ құдай, биені неге қайырмайсың?.. Құлынға суды кім береді?.. Осы үйдің еркегі сен бе, жоқ мен бе? - деп шәңкілдеп ұрсып жүреді. Бәтима жалпы жайшылықта да, ойнағанда да айқайлап ұрсып жүруді ұнататын.

Үй сыртында «желіміз» бар. Бие саууға «желінің» басына барғанда, мен енді отағасылықты қойып бие боламын, сауылып болғаннан кейін құлынға айналамын, одан соң Бәтиманың «ой жамандатқыр, желіні үзе ме, һи-й, шу» деп айқайлап қуалауы үшін тағы да бөтен жылқы болуыма тура келеді.

Кейде кесенің сынықтарына құйып «қымыз» береді. Берер алдында өзінің шешесіне ұсап сапырып алатыны бар. Мен жалығып кетем.

-Уа, бәйбіше, құйсаңшы, отыра береміз бе?

-Отырсаң отыр, отырмасаң жүре бер. Қымызды сапырмай адам іше ме?

-Бұл енді ондай қымыз емес қой,- деймін мен міңгірлеп.

Бәтима көзінің астымен алара бір қарап, ерегісіп сапыра түседі.

«Кеш болып» төсек салып ұйықтауға кірісеміз. Көзімізді жұмамыз. Ал ол қисаяр-қисаймастан:

-Тұр, таң атты,- дейді.

-Түк те таң атқан жоқ, әлі жата тұру керек,- деймін мен ойынның билігін Бәтиманың бір өзі алғанына көнгім келмей.

Сөйтіп ауыл адамдарынан естіген, көргендерімізді қайталап, ұзақ ойнаймыз.

Бір күні ымырт жабылып, биелер ағытылып, ел жұмыстан қайтқанда да ойын қызығынан босамай жатқанбыз.

Бәтима кесектерді қаластырып бөлме жасап, оның ішіне «ыдыс-аяқтарымызды», қуыршақ балаларымызды қойды. Кісі келген сыңай білдіріп, қазанға ет салған болды.

-Қонақтарға қыстан қалған сүрімді салайын. Бір мал жейтін жөндері бар. Еркегіміз әлі жұмыста. Қой соятын адам жоқ,- деп өзімен өзі сөйлесіп жүр.

Мен шыбық атты борбайлап үйдің тұсына шауып келіп:

-Повестке келді, соғысқа кетем,- дедім ентігіп. Асығып тез сөйлегеннен шашалып қалдым. -Кетем,- дедім әңгірлеп.

Бәтима менің тағы қандай ойынды шығарып тұрғаныма түсініңкіремей, сәл ойланып қалды.

-Ә, ә, соғысқа жүресің бе? Повестке ме...- деді артынша.  Дұрыс, барсаң бар.

«Баларымның» бетінен сүйіп, «бәйбішеммен» қоштасып, соғысқа аттандым. Құлаған ескі үйді айнала бере, төмпешік қорданың үстіне жата қалып, «немістермен» атыстым. «Немістерді» тауысып бітіріп, соңынан оқ тиіп өзім құладым. Одан соң мына қайғылы хабарды естірту үшін ауыл Советтің бір адамы болып, «қара қағаз алып» Бәтимаға қайтып келдім. Бұл жолы қабағым тұнжырап, аузым қомпиып:

- Шырағым Бәтима, қатын өлсе қамшының сабы сынды, азамат өлсе, асқар тауым құлады деген,- деп өзім жаттап алған үлкендерің сөзіне салып алыстан орағыттым, -Соғыс аты соғыс. Күн сайын жаманат хабар күтіп, бәріміз де құдайға мінажат қыламыз. Сен де бір атаның шаңырағы ең. Бәленше екен Мәскеу түбінде ерлікпен қаза бопты? Құдай...

Бәтима менің сөзімді аяқтатпай, тап бір майданда күйеуі өлген әйелше дауыс қылған боп зарлап ала жөнелді. Дәл осы кезде (әлі күнге есінен кетпейді) аза бойды қаза қылып, ауыл жақтан дауыс қылған әйел үні қабат шықпасы бар ма?!

Зәреміз ұшып үй жаққа тұра жүгірдік. Келсек у-да шу. Әйелдер көрісіп жылап жатыр. Ат тырма жүргізетін Бағила деген келіншек бетін шиедей етіп тырнап тастапты.

«Ұстадан көптен хабар жоқ. Жақсылыққа жазғай, жүрегім қобалжи береді»,- деп жүрген соның алдында. Күйеуі колхоздың жалғыз ұстасы болғандықтан жұрттың бәрі, әйелі, де, атын атамай «Ұста» дейтін.

-Ұстаекең шәйт боп кетіпті,- деген сөзді естігенде, жүрегім қысылып, қорыққанымнан жылай алмай, алақтап төрде отырған шалдарға қарадым. Олар ұстаның өліміне тікелей кінәлі жандардай жүздерін көрсете алмай, тұғжиып, қара бет боп жер шұқып отыр екен.

Біраздан соң Таласбай молда ыңыранып аят бастаған болды. Бірақ әйелдердің дауыс қылған үндері басылмаған соң, аятын доғарып, тағы да төмен тұқиып отырып қалды. Күмістей аппақ сақалына сорғалаған жасты саусағымен қалай қағып қалып отырғанын байқап қалдым.

-Ей, шырақтарым, тәңіріге құлдық,- деді төменірек отырған Сүйіндік шал басын әрең көтеріп. Екі көзі қып-қызыл екен. -Тәңірі деңдер,- деді тағы онсыз да тарғыл даусы шоқалақ жолмен жүріп өткен арбадай іркіс-тіркіс шығып. -Жаратқанның жазуы солай болса біз қайтушы ек...

Таласбай күңірентіп аятты қайта бастағанда әйелдердің жылауы басылғандай болды. Тек қайсы бірінің, лықсыған өксікті бала алмай, ықылық атып, қорс-қорс еткен үндері естіліп тұр.

Молданың күңіренген сазды даусы мен құранның түсініксіз құпия сөздері дүниеден ырыздық несібелері таусылып біткен жандардың соңғы тілек-талабындай қасиетті сезіліп, киіз үйдің ішінде лық толы адамның арасынан бұл үнді бұзуға ешкімнің батылы бармады. Таласбай аятты бітіріп, «сұбыханға» түскенде, құранға жетік шалдар ауыздары жыбырлап, кеуделерін көтеріп, қол жаюға қамданды.

Құран біткенде әйелдерің арасынан тағы бір қарлыққан зарлы дауыс шықты. Бұл бағанадан жылай алмай есеңгіреп, құран оқыла бастағанда барып, есін жиып, жылауға шамасы келген Бағила еді. Керегеге бетін беріп, аңырап, толғақ қысқан әйелдей теңселе берген Бағиланың бетін тырнағындай, екі қолын қайыра ұстаған екі әйел де жаулықтарының ұшымен беттерін басып, сай сүйектері сырқырап егіліп тұр.

Бағила әбден әлсіреп, жылауға шамасы жетпей, оның жанында тұрған Ырысбибі апай өзінің де бетінен жас сорғалап «Бағилажан, жаным, есіңді жишы, сабыр етші, аз ғана сабыр етші... мұнша не қылғаның» - деп жалынып, бетін бері бұрғанда, Таласбай екінші аятын бастап кетті.

Бағила жылауын доғарды. Бірақ жүрегі қысылып, есінен танған адамша, әлсін-әлсін ауып кетіп отырды. Жүзіне қарап едім, екі көзі жұмылып, еріндері көнтиіп, беті қара күреңденіп, барлығып ісіп кеткен екен. Тұла бойым дір ете қалғандай болды. Алқымыма тіреліп тұрған бір түйіншек еріген мұздай жасқа айналып, екі бетіме тоқтаусыз парлай берді. Адам баласын осынша қинағандай не жазығы бар екен деп ойлайтын секілдімін. Өкпе, бауырымды тамырымен жиырып біреу бүріп тұрғандай шектерім солқылдап, қатты қиналып жыладым. Осы кезде жұрттың нақтылы не затқа жылағанын мен білмеймін, ал өзім неге екені белгісіз ұста ағаның қазасына емес, тек Бағиланың қасіретіне ғана жыладым.

Ұстаның жетісін бергенше Бағила дауыс қылып үйде отырды. Жетісін берген соң ертеңіне күн шыға ауылға жылқы келгенде, қолына жүген алып, үй сыртына шықты.

-Бар Бағиланың атын әкеп беріңдер,- деді шелек ұстап тұрған әйелдердің бірі.

-Мен басына қара орамалды бүркей жамылған келіншектің жанына тақап барып:

-Апа, атыңызды мен әкеп берейін,- дедім ақырын ғана. Бір түрлі нұры сөніп, өлі көздей мелшиіп қалған жанарына көзім түскенде лықсып келіп қалған көз жасыма әрең ие болып тұрдым. Енді бір қарасам жылап жіберерімді анық біліп, төмен қарап тұғжия бердім. Сонда да көзім жасқа толып, алдыма ұсынған жүген мен Бағиланың қолы су шайғандай бұлдырап көрінді.

Жылқыларды иіріп жүрген Сүйіндік атайға Бағиланың тырмаға жегетін Ағаш керін жүгендетіп алып, жетектеп, үйінің сыртына алып келдім. Бағиланың тізгінді алып жатып, үн-түнсіз шашымнан сипағаны жүйкемді біржола босатып жіберді. Келіп қалған өксігімді тоқтата алмай, біртүрлі ерсі дыбыспен шиқ ете қалдым да, бір жағынан осыныма өзім қатты ұялып, түк шаруам болмаса да жылқы жаққа қарай тұра жүгірдім. Жүгіріп келе жатып, армансыз жылап алдым.

«Бәлкім тіпті ол өлмеген шығар,- деймін бір жағынан сенгім келмей.  Бәлкім, келер. Қалайша ол мүлдем өліп қалды екен?.. Шіркін-ай, бәрі де бекер болып, бір күні аман сау жетіп келсе! Шіркін-ай, сондағы Бағиланың қалай қуанғанын көрсем!» деп ойлаймын. Және маған сүйтетін секілді болып көрінді.

-Жаратушы, алла-тағала, бар екенің рас болса, сүйтші, тірі қылшы!- деймін жалбарынып.-Тірі қылшы!!!

Бағила атын тырмаға жегіп, орындыққа шалқая жайғасып отырды да, шыбыртқыдан еті өліп кеткен мәстек керді божымен жасқап, шөпшілердің соңынан жүріп кетті.

Осы оқиғадан кейін Бәтима екеуміз «қара қағаз» ойынын ойнамайтын болдық. Тіпті биік төмпешікке шыққанда, қырдан бауырлай құлаған аттылы, арбалы жолаушылар, жайылымға шыққан ауыл жылқылары, кешкілік жұмыстан қайтып келе жатқан шөпшілер анық көрініп тұратын үйреншікті ескі орынға да баруды сиретіп кеттік.

 

 

IV

 

 

Қатарласа көтерген бөрененің салмағы үлкендерің иығын қанша езгенмен, бойы кішкене балалардың иығына жетпей тұратыны секілді, соғыс тауқыметі ел еңсесін еңкейтіп жібергенмен, балаларға зақым салмайды. Балалар сол бөрене жаншып тер тамшылаған ағалардың жүзіне, түсіп кетсе өздерін де басып қалатынын сезіп, үрейлене қараса, соғыс тудырып жатқан аласапыран әрекетке де солай үрейленіп қарайды. Бірақ бала үшін соның өзі жетіп жатыр емес пе?!

Немістер шегініп, біздің әскерлер жау қолыңда қалған қалаларды бірінен соң бірін азат етіп жатты.

Майдан жақтан хат-хабар үзілген жоқ. Бүктеліп мыжырайған үш бұрышты хатты ашып жатып:

-Ал, кәне оқышы,- дейтін бізге кемпірлер.

Біз алақандай бір бет қағазға асығыс сүйкелген айбақ-сайбақ жазуды тани алмай, ежіктей бастасақ:

-Осы немелерге мұғалім ай қаратып жүр ме? Қаріп танымағаны несі-ей,- деп шалдар кейіп, алғашқы буыннан-ақ сөздің нобайын танып, өздері жетелеп айтып отырады.

Солдаттардың жазған хаттарына қарап, соғыстың барысын аңғару қиын еді. Қай жерде жүргендерін өздері де білмейтін секілді, әйтеуір аманбыз, бетіміз ілгері дейді.

-Сонда мұның ілгерісі қай жақ болды екен,- дейтін шалдар ойланып. -Сірә, әрі кетіп бара жатқаны болар.

-әрі кетпегенде, бері келе жатыр дейсің бе?

-Тек қайдағыны...

-Бұ да бір алла тағаланың жазуы шығар,- деп шалдар әңгімеге ауып кетеді. -Есіңде ме, Тәке, дәл соғыс басталар жазда осы ит біткен ұлып, ауылды басына көтеретіні?..

-Итті айтасың-ау, мына патшағарлар (бізді көрсетіп) қу таяқты мылтық қылып, осы ауыл үйдің арасында атысты ғой. Содан басқа ойын құрып қалғандай. Ә, бұл ырым дегеннің өзі бастамай қоймайды ғой. Жарықтық баяғының баласы кетпеуші ме еді, ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп... Марқұм Қаратемірдің Қисықмұрыны...

-Жадаған ақырын қайырлы қылсын, сұмдық қой, әйтпесе. Ауылдың шалдары екінші дүниежүзілік соғысты иттің ұлығаны мен біздің ойынымыздың көріп, хат оқылып болған соң тап осылай әңгіме соғатын.

 ...Хат оқылып жатыр. Жездемнің хаты. Оқып отырған - мен.

 «...Госпитальда төрт ай жаттым. Жазылып шыққан соң басқа полкқа жіберді. Құдай айдап Серікбайға жолықтым. Жылап көрістік...»

 Көзімнің астымен байқап едім, Мағрипа жылап отыр екен.

 «Екеуміз қазір біргеміз. Бұ да бір медет болды. Жанымызда Бәкенеев Тасболат деген тағы бір қазақ бар. Өзі Жітіқарадан. Арғын. Жаңғабылдың қызын алып отырған Алдамжардың Кәрі міне туыс екен. Мырзатайларды да танып отыр...»

-Е-е, құдай, әлгі әкесі қайтқанда келген туыстары ғой, е-е байғұс-ай...

-Қандай және... оқи бер.

«Басқа не айта берейін. Ағайын жұртқа бізден сәлем.

Қайыр қош сау тұрындар. Құдай амандықпен көруге жазсын. Шайқастан. 1942 жыл, 14 ноябрь». Хаттың қарсы бетіне жауды жеңерміз, оралармыз, қауышармыз деген сөздерді шала-шарпы ұйқастырып екі шумақ өлең жазып жіберіпті.

 (Кейін осы өлеңді әнге қосып айтып жүрдік).

 Соның ертеңіне үйге шолақ бригадир Ержігіт келді.

-Әй, Қатша,- деді ол айтысатын билердей қамшысын алдына қойып. -Байыңнан хат алдың. Аман екен. Құдай өзі жар боялсын... Сен енді Айырқұмдағы Дәркембайдың отарына көмекші боп көшіп бар. Мына сорлы жесір-жетімдерге айтуға аузым бармайды. Білдің бе, аузым бармайды. Сенің көңілің сау. Ертең көш... Сүйт шырағым.

 Келесі күні-ақ апайым қырға көшіп кетті де, мен Сәлен кемпірдің үйінде қалдым.

 Сәленнің төрт жасар қызынан басқа ешкімі жоқ. Баласы соғыста өлді, келіні төркініне кетіп қалған. Кішкене қызды ермек етіп күн еткізген болады. Басқа бітірер түк шаруасы болмаған соң, тамақ ішісімен іңірде ерте жатып қалады.

-Қарғам, жат, шамның майы жоқ қой. Азғантай кәрәзіңді көршіден сұрап алдым,-дейді маған да.

Қараңғы бөлмеде кемпір мен кішкене қыздың дем алған дыбыстарына, ауыз бөлмеде жорғалаған тышқандардың, тықырына құлақ түріп, әр немені бір ойлап, секем алып жатып ұйықтап кетем. Сәленнің: «Шырағым-ау, сабағыңа бармаушы ма ең» деген даусынан оянып кетсем, терезеден білінген болар-болмас таң бозы үй ішіне алакеуім сәуле беріп тұрады. Ұйқылы ояу күйімде киініп, сөмкемді алып тысқа шығамын. Сібірлеп атқан таңның мұздай ауасы беті-қолыңды, шымырлата қарып, ұйқыңды шайдай ашады. Аспандағы ұсақ үркерлер де, құс жолы да ғайып болған, шоқтай жарқыраған Темірқазық пен Таң жұлдызын ғана көресің.

 Мен ауылдың шет жағындағы, айналасына аққала тұрғызған оқшау үйге келіп, терезесін қағамын. Үйден жарық білінгенде тамақтың, жас төлдің, қураған шөптің қышқылтым иістері мүңкіген ауыз бөлмеге кіріп, Бәтиманың киініп болуын күтем.

 Басына қоңыр бөкебай орап, көк пальто киіп Бәтима шығады.

-Кеттік пе? - дейді ұйқыдан айықпаған манаураған бір үнмен.

Сыртқа шығып, қара көлеңке шақта құрғақ қарды шақырлата басып, даурыға сөйлескен ауыл балаларына қосылып, қопаның желсіз тымық ортасымен өтетін шана жолымен мектепке тартамыз. Қопадан әрі шыққанда шабындық табанында отырған түйе ферманың тұсынан өтеміз. Осы жерге келгенде алыста жайылып жүрген түйелерге сезіктене қарап, бұралау біреуі жеке дара бөлініп шығып, бізге қарай тұра шаппас па екен деген ойдан арыла алмай, өзен табанына түсеміз.

Өзеннен өткен соң мектеп тиіп тұр. Төбесін қамыспен жапқан қоржын үй. Оның бірінде біз оқимыз, екіншісінде Ақторта апайдың семьясы тұрады. Олар жазғы демалыс күндері салқын болады деп класс тұрған жағына көшіп алғанда, біз аядай тар қуық бөлмеде қаламыз.

Күн шығысқа қараған класс терезесінен бүкіл ауыл көрінеді, бөгет жиегіндегі тоғай, арық-тоған, зираттар көрініп тұрады.

Бәтиманың үйден алып шыққан бір жапырақ нанын балалар талап әкетпес үшін сабақ жүріп жатқанда бөліп жейміз. Әрине, әңгіме нанда емес қой. Бірақ өзін біртүрлі жақсы көруші ем. Тек мен ғана емес, оны бүкіл кластағы балалардың өзгеше сыйлайтынын сеземін, сеземін де өзімнің жақсы көруімнің толық себебі бар екен-ау деп ойлаймын.

Сол жылы қысқы демалыстан кейін өкпеме суық тиіп, қатты ауырдым.

Алдында бір аптадай жөтеліп жүргем. Сабақ үстінде ыстығым көтеріліп, буындарым сырқырап, жүрегім айныды. Ауылға қайтарда сөмкемді Бәтимаға бердім. Тұла бойым қалтырап әкетіп барады.

Жауып тұрған жылмық қар бетіме, маңдайыма тиеді де, еріп кетеді. Ауыл шетіне келгенде әлсіреп, буындарым дірілдеп, жолға отыра кеттім. Салқын қардың үстіне қисайып ұйықтағым келеді. Қайтып оянбастай болып ұйықтағым келеді. Бәтима:

-Шыдашы, аз ғана шыдашы,- деп жалынып бір қолымды иығына асып, сүйретіп шеттегі өз үйіне кіргізді.

Мағрипа апай мені көріп, шошып кетті.

-Көтек, не боп қалды,- деді зәресі ұшып. -Түсі бұзылып кетіпті ғой, құдайым-ау.

-Сабақ үстінде ауырған...

-Ойбай, жаным-ай! Шешіндір тезірек. Алда жаным-ай, байғұс бала-ай!

Мағрипа апай менің табанының жартысы жоқ керзі етікті шешіп алып:

-Мынадан өлмегенде несі қалушы еді,- деп босаға жаққа лақтырып жіберді.

Пеш түбіне төсек салып, мені екеулеп жатқызды да, үстіме күпі тонды үйіп, қымтап тастады.

 Түнге қарай денем бұрынғыдан да күйіп жанды. Сонда да бетімді ашпай, тұншыға терлеп жатқан едім... Әлде ұйқысырадым ба, әлде қызудан есірік буды ма түннің бір уағында тастай қараңғы бөлмеде, ыдыс-аяқ тұратын босаға жақта түрегеліп жүр екем.

Қалқам, Әбдікәрім, кел жата қойшы, қорықпа шырағым, жай ұйқысырағаның ғой,-деп қолымнан тартқан Мағрипа апайдың қалтыраған даусынан есімді жидым. Ол кісі мені қолымнан жетелеп, өзінің төсегіне әкелді де, жұп-жұмсақ бауырына қысып, тас қып құшақтап жатты. Сонда мен жүрегім тарс-тарс соғып, қорқынышымды әлі баса алмай жатқанымда, өмірімде мұрным тығып көрмеген ана көкірегінің. жанға жайлы жұпар исінен жүрегіме жан кіргендей денем балқып, рахатқа шомып, бір қиял дүниесіне еніп кеткендей боп, тек енді жылап жібермесем екен деп, тып-тыныш мауқымды басын жаттым. Әлден соң барып, ту сыртымда жатқан Бәтиманы сездім. Бәріміз бір көрпенің ішінде екенбіз. Оның жып-жылы жұмсақ денесі маған тиіп жатты. Демалысына қарағанда аяу секілді. Аздап сергіген тәрізді болып, бетімді ашып көріп ем, Бәтима көрпемен бетімді бүркеп қайта жапты да, төбе жағымды қымтап, өзі жақын сығылысып жатты.

Түнімен біресе ысып, біресе тоңып, әлсін-әлсін бастырылып, тынши алмадым. Ертеңіне күндіз де тұла бойым күйіп жанды. Кешкілік тағы да есірік буып, сандырақтай бастадым. Көзімді ашсам болды пеш үстінде тұрған пілтелі шам жанған өрттей алаулап, төбені, керме жіпте ілулі тұрған орамал-сүлгілерді қып-қызыл жалынмен жалап тұрған тәрізді. Шамды қозғаған сайын лап-лап етіп, бүкіл жер дүниені өртеп жібергелі тұрғандай көрінеді.

-Өртендік қой, шамды баспайсыңдар ма? - деймін жан ұшыра айқайлап. Мағрипа апай мен Бәтима маған үрейлене қарайды. Шамға қарай ұмтылғым келеді.

-Бәтимажан молданы шақырып келе қойшы, қорықсаң шам алып шық, тезірек,-деді мені тұрғызбай басып отырған апасы.

Көз алдымнан жап-жасыл сағымдар жүзді. Бидайықша жапырылған сол сағымдармен қоса құлап, қоса тұрып бір қимылдар жасап жүрген секілдімін. Бірақ үй ішінде жалғыз Мағрипа апайға бой бермей аласұрып, есіріктеніп жүргенімді өзім сезгем жоқ.

Біраздан сон Бәтимаға еріп, қолына құран кітабын ұстаған молда атай келді. Табалдырықтан аттай бере:

-Амансыңдар ма шырақтарым! Алла тағала бұл шаңырақтың үйдегісі мен түздегісін аман қылып, ырыздық-несібе бақ дәулеттен арылтпасын! - деп қолымен бетін сипағанда, кеудесін жапқан күмістей сақалын да ұшына дейін салалап өтті.

 Жайбарақат күлімсіреген күйі менің жаныма малдас құрып отырып, тамырымды ұстады. Жұмсақ салқын алақанымен шекемді басып көрді.

-Аяқтан өткен суық бар,- деді ойланып тұрып. -Бір тамырды сөйлетпей тұр. Тәрізі бірдеңеге құлаған секілді... Мұзға құлап па едің?

-Құлағам,- дей салдым, есімде болмаса да.

Молда атай сол жайбарақат, діндар, мейірбан қалпында қалтасынан сия қарындашын алып, маған бірнеше шірткі жазды. Содан кейін құран кітабын басымнан үш айналдырып ұшықтап алды да:

-Калимаға тіліңді келтіріп жат, айналайын ештеңе етпейді. Жазылып кетесің,- деді сенімді үнмен.

-Иә, әумин, құдай айтқаныңызды келтірсін, жарықтық,- деп жалбарынуда Бәтиманың апасы.

 Молда еріткен сары май мен өлтірген алмастың бар ауруға мың да бір ем екенін айта отырып, алға әкелген шайдан екі-үш кеседей ішті де, дастарқан шетін қайырып, бата қылып, шығып кетті.

 Молда кетісімен әжептәуір жақсарып қалды. Бағанағы білтелі шамның лапылдап елестеуі басылып, маңдайымнан тер білінді. Ішірткі ездіріп, шай іштім. Аздап көңілім көтеріліп, жанымда отырған Бәтимаға қарап жымиып күліп қойдым. Сөйтуім мұң екен, Бәтима бетін басты да, жылап қоя берді. Шешесінің неге жыладың дегеніне жауап берместен, төмен қарап, солқылдап көп жылады. Бір кезде көз жасын алақанымен сүртіп, жас жуған көзінің астымен маған күле қарағанда, мен оның қуанғаннан жылап отырғанын түсіндім.

Сонда жүрегімді жып-жылы сезім билеп, өзімнің де тамағыма бір ыстық түйіншек тіреліп қалды.

Келесі күні ұйықтарда Мағрипа апай «жарық болып тұрсын» деп сықсима шамды кір мен майдан жылтырап тұратын қоңыр жәшіктің үстіне жағып қойды да, мені тағы да орталарына алып жатты. Мағрипа апай ауыр-ауыр күрсініп «тыныштық, бейбітшілік қыла гөр» деп тәңіріге жалбарынып жатып ұйықтап кетті. Бәтима да жастыққа басы тиісімен ұйқыға кірісті. Өзінің жатысы дүниеде жаман екен; ұйқысырап сөйлеп, ерсілі-қарсылы аунап, көрпені ашып тастады да, екі аяғын тура менің үстіме кесе көлденең арта салды. Мен орнымнан ептеп көтеріліп, Бәтиманың басын жастыққа салдым. Бірақ ол екінші рет ашып тастады. Содан соң оны жастыққа қайта жатқызып, іргесін тіреп қымтадым да, өзін құшақтап жаттым. Мысықтың баласындай жып-жылы жұп-жұмсақ. Бетіне қарап ем аузы да, көзі де ашық жатыр екен. «Сүйгені сұлу болады» дедім ішімнен. Оның өзі де осы кезде керемет сұлу еді. Қызығып кетіп, бетінен, мойнынан иіскеді де, ақырың ғана шашынан сипадым. Соған қоса: «Шіркін Бәтима екеуміз бір үйдің баласы болсак қой, таң атқанша осылай құшақтап, иіскеп жатар ем»,- деп те ойлап қоям. Бәтима «Жоқ, оның бола қоймас» дегендей, басын шайқап, пысылдап мұрнын уқалап, көрпеден аунап шығып кетті. Осы кезде Мағрипа апай оянды. Басын көтеріп, қобырап кеткен шашының арасына қолын салып жіберіп, бір екі қасыды да, көйлегін шұбалтып орнынан тұрды.

-Ант атқырдың қызы, жатысы иттің жатысындай ғой мұның. Көрпені ашып тастағанын қарашы. Ауырып жатқан балаға жел тигізер.ме екен,- деп Батиманың үстіне әкесінің ескі тұлыбын жапты.

Содан кейін «Егер Бәтима тұлыптан ашылып қалса, қайтадан көрпеге кіргізіп алам да, тұлыпты аржағына тіреп қоям»,- деп ойлап жатып өзім де ұйықтап кетіппін.

 

 

* * *

Таңертең Бәтима оқуға кетісімен Мағрипа апай қолына күрек алып, мұз бетінен қамыс кесіп әкелуге көлге кетеді. Сыртта февральдың шуақ күні түсіп тұрады. Үй сыртынан өткен өгіз шананың сықыры, малға кейіген бақташылардың айқайы, шөп іздеп қора-қораны түрткілеген ауыл сиырларының мөңірегені ап-айқын естіледі. Сол жылы февраль айы ерекше тымық болып тұрған. Әрнеге көңілім бір бөлініп денем де аздап жеңілдеген секілді болады.

Түнге қарай қызуым көтеріліп, тағы да шөл қысады. Денем дірілдеп, жүрегім соғып, «баяғыдай шамның лапылдағаны елестемесе екен» деп зәрем кетіп, түк ойламау үшін, аузыма түскен сөзді айтып, Мағрипа апай мен Бәтимаға түн ортасында әңгіме айтыңдаршы деп жалынамын. Олар менің бұл сөзімді сандырақ деп ұғады. Сондықтан менің айтқандарымды елең қылмай, басыма дымдап орамал басып, сусын жұтқызып, «жат енді қарғам, сөйлей берме, тыныш қана жата қой, бәлкім ұйықтап қаларсың» деп бүркеп жауып тастайды.

Түннің бір уағында булығып жөтел қысып дем ала алмай жанталасып жатсам, Мағрипа апай төсегінен ұшып тұрып, алдыма шылапшын қойып, басымды сүйеп, жаратқанға құлшылық етіп:

-Сақтай гөр, тәңірі, жар бола гөр,- деп жалбарынып отырады.

Сол кезде Бәтима да төсегінен тұрып, құманмен су әкеліп, іш көйлекшең күйінде жаныма тізерлей қалып, бірдеңе деп күбірлеп отырады. Құлағымды салып тыңдап қалсам, «сақтай гөр тәңірі, жар бола гөр тәңірі» деп шешесінің сөзін қайталап отырғанын естуші ем. Сонда көзімнен жасым сорғалап:

-Құрбандарың болайын...- деп кемсеңдеймін.

Бірақ амал қанша, олар менің бұл сөзімді де сандырақ деп ұғып:

-Әбдікәрім, жат, қалқам, сөйлей бермеші енді жата ғой - деп сөзімнің, аяғын тыңдамай бүркеп жауып тастар еді.

 

Сол ауырғаннан марттың аяғында – далада ойдым-ойдым қара жер көрініп, өзендерде сең бұзылып, мектепке бөгет бойымен айналып баратын кезде бір-ақ тұрдым. Сәлен кемпір мен ауырып жатқанда бір-ақ күннің ішінде сырқаттанбастан қайтыс болып, кішкене қызды шешесі төркініне алып кетіпті.

Бұдан кейін 1944 жылдың ерте көктемінде, тасыған судан соң қыр бойына қызғалдақ тұнып, терістіктен соққан желмен бірге көк шалғынның, жусанның, жарқабақтағы жалбыз бен су сіңген қамыс борықтардың исі келгенде, айналаны cap мұнарға бөктірген күзде де, күн сайын жеңіс хабарын жеткізген аққырау қыста да, осылармен аралас, құралас тұрып жаттым.

 

 

* * *

Көктем айында сабаққа ерте келіп,- мектеп іргесіндегі қара судың қабағында күн шуақтап отырмыз. Жанымызда бізден бір класс төмен алтыншыда оқитын Жарас келіп отырды. Өзі қаладан келген, орысша жақсы сөйлейтін, шылым шегетін. Бұзықтық жайлы әңгіме айтып, «хулиганмын» деп мақтанатын.

Жарас білегін түріп, қолындағы «Прощай Родина» деген жазуды көрсетіп, тізесін құшақтап отырды. Қызықтаған балалардың бірі түкіріктеп сүртіп көрді. Кететін түрі жоқ.

-Дурак ты! Бұны татуировка дейді. Бұл ешқашанда кетпейді. Өйткені инемен пісіп жазады. Білдің бе? - деді Жарас бұзық балалардың кейпімен көзін бажырайтып.  Керек пе, қазір-ақ жазып берейін.

-Давай,- деп қалды балалардың бірі.

Жарас класқа барып, ұшына жіп орап ине мен тущь әкелді. Содан соң шөптесін ыңғайлы жерге жайғасып алып:

-Ал келе беріңдер,- деді Дауыстап.

Балалар топырлап үйме-жүйме болды. Біраздан кейін қолдарына Кремльдің, бес жұлдыздың суреті, «Не забуду родную мать» деген сөз жазылған балалар білектерін түрген бойы, күнге қыздырынып бет-бетіне кетіп жатты.

-Ауыра ма? - дедім біреуіне.

-Ауырып тұр,- деді мұрнын тыржитып.

-Әй, тұра тұршы,- дедім мен тущьтің аузын жауып кеткелі тұран Жарасқа.  Маған да жазып берші.

-Пожалуйста, кел. Не деп жазайын?

-Бәтима деп жаз,- дедім құлағына сыбырлап.

-«Ф» ма, «Б» ма?

-Б, б, «бақа» дегенде айтылатын «б».

Жарас инені сияға батырып алды да, білегімді қыса ұстап, піскілей бастады. Теріге кірген иненің ұшы кіршілдеп жанымды шығарып барады. Сонда да ернімді тістеген күйі «Бәтима» деген сөздің денемде мәңгібақи қалып қоятынына, ішімнен риза болып, көптен аңсап жүрген ерлік сезімдер денеме шымырлай құйылып, білегімнің терісін сыпырып тастаса да, былқ етпестей үнсіз шыдап бақтым.

Жарас «Бәтима» деп жазып болды да, неге екені белгісіз соңына леп белгісін қойды. Сосын сиясының аузын жауып:

-Болды енді,- деді орнынан тұрып.-Сәл кепкесін жеңіңді түсіре бер.

Соңғы сабақта білегімнің шымырлап ауырғанын сездім. Сабақтан шығып Бәтима екеуміз ауылға тарттық.

Күн көк жиекке тақап қалған. Көктем болса да шаңы шығып үлгірген қара жол бойымен үнсіз келеміз.

-Бәтима,- дедім иық тірестіре қатарласып.

-Не?- дейді ол төмен қараған күйі.

-Бірдеңе көрсетейін бе?

-Көрсетші, -Бәтима басын көтеріп маған қарады.

Мен жазу жазылған қолымды алдына апардым да, нақ бір ғажайып мүсінінің пердесін сыпырғалы тұрған мақтаншақ скульптурдай жеңімді түріп қалдым.

Түріп қалдым да, өзім таң қалдым. Білегім күп боп ісіп кеткен. Жазулары қаны араласып, сорғышқа сіңген сиядай жайылыңқырап барып бітіпті.

-Ой, бұ немене,- деп шошып кетті Бәтима. Сосын ежелеп оқып шықты:

-Б-а-ти-и-м-а! Бәтима қапелімде не айтарын білмегендей:-Мұның не?- деді ақырын ғана.

«Шынында да мұным не?» деген ой, осы кезде өзімнің де басыма келіп, соған жауап таба алмай, жерге қарадым.

-Ұят емес пе? Мұның не?- деп ызадан күйіп піскен Бәтима онсыз да солқылдап тұрған білегімді жұлқып-жұлқып жіберді.

-А-а! - деп қалдым ауырсынып.

Бәтима оныма қайрайтын түрі жоқ «неге жаздырдың, неге жаздырдың?» деп жанымды көзіме көрсетіп сілкілей берді.

-Сенде ұят жоқ екен,- деді амалы таусылған соң. -Мен енді сенімен сөйлеспеймін. Өзің аулақ жүрші менен. Не қылған баласың...

Бәтима дуылдап қызарып кеткен бетін басып, менен озып кетті. Мен әлде де өз кінәма толық түсінбей, май топыраққа аяғымды сүңгіте басып соңынан үнсіз еріп келемін.

Ымырт жабылып біз ауылға тақағанда Бәтиманың ашуы тарқап, мені күтіп алды.

-Ауыра ма? - деді маған көзінің қиығымен қарап. Мен тағы үндемедім. «Ауырады» десем, намыс жібермейді, «ауырмайды» десем, әлгідей ұстап жанымды шығара ма деп қорқып келемін.

етпей ме енді?

-Кетпейді,- дедім міңгір ете түсіп. Осы кезде Бәтиманың жылы жүзбен жымиып қарағанын байқап қалдым. Басымды көтеріп тура қарауға бата алмадым. Жәбірленіп жылап жібергім келді.

-Жүрші енді тезірек,- деді Бәтима қолымнан ептеп ұстап жалынғандай бір үнмен,-жүре қойшы, кеш боп кетті.

 

 

IV

Біз жетінші бітірген жылы (ол кезде біздің жақта он жылдық мектеп болған емес) соғыс бітті. Біраз адам тірі қайтты. Оның ішінде менің жездем мен Бәтиманың әкесі Серікбай бар. Серікбай ауыр жараланып 10 айдай госпитальда жатыпты. Сонда да жарасы толық жазылмай, келгеннен кейін де, оқ тиген жауырынына дәрі жағып, байлап жүрді.

Біpep айдан соң тіршілік қайта басталды. Қайтып келген кісілердің қызметке тұратындары қызметке, қара жұмысқа түсетіндері қара жұмысқа түсті. Бәтиманың әкесі Серікбай есепшілікке тұрды. Жездем ферма меңгерушісі болып тағайындалды.

Ал мені мектеп бітірісімен машина ораққа салды. Және мен бір машина орақтың оқуын оқып жатқандай бригадир емтихан бітпей тұрғанда-ақ шөпті Төлек сайынан шабатынымызды келіп айтып кетті.

Мен бұған мектеп бітірісімен қалаға барып мамандық алатын бір оқуға түссем деп армандаушы едім. Енді сол арманымның бос қиял екеніне көзім жетті. Біріншіден, менде оқуға баруға қаражат жоқ еді.

-Сен оқып, менің көсегемді көгертпей-ақ қойшы, әкем! Ата-бабаң оқымай да нанын тапқан. Ел есін жия алмай жатқанда қайдағы қаражат,- деп жездем қатты кейіп, кейігендіктен соғыстан пайда болған жүрегінің ұстамасы ұстап қала жаздап әрең тоқтаған. Екіншіден, үстімде тоқыған жүн шалбар, жүн шекпеннен басқа лыпа жоқ. Соғыс біткен жылғы керемет таршылықты кім ұмытты дейсің. Бой көтеріп, сән түзейтін жасқа келіп қалғанда, осыдан қиын ештеңе жоқ екен. Үшіншіден, колхоз да тас кенеше жабысып айрылар емес.

-Дырдай жігіт болдыңдар. Мерт болған ағаларыңның орнын басатын сендер емессіңдер ме?! Кім істейді мына колхоздың жұмысын? Өлмелі кемпір-шал, ауру қатындардың жегілуі жетпеді ме? Сендерді де мектеп тәрбиелеген комсомол дейді-ау. Ой аузыңның ішін ұрайын,- деп басқарма сыпырта боқтаған.

Шынында да менің тап осындай сапырылыс кезде, оқуға барам деуім, жайлауға көш жаңа келіп, әлі үй де тігілмей жатқанда, жайғасып отырып, шай ішпек болған ниет секілді ерсі жағы бары да рас еді.

Төлек сайынан Жәкей екеуміз жыл сайын июльде – бидайық толысып, шіркей қанаты қурай бастаған кезде шөп шабуға кірісіп кетеміз. Жәкей соғыстан қайтқан, әлі үйленбеген, әйел мінезді көңілшек, момын жігіт. Жұмысқа берекелі, бейнетқор жан.

 

 

* * *

Бұл өңірдің шөбі сол жылы өте биік, әрі қалың өсті. Бірақ көктемгі жайылған судан жердің бұрынғы жарықтары кеңейіп, кәдімгі қазан шұқырларға айналып, ораққа үлкен қиындық туғызған.

Менің машина орағым түс кезінде осындай бір шұңқырға батып қалып, өзім доңғалақтың үстіне құлап, оған қоса орақтың жүзі қирап, тірі әбігерге түсіп жатқанымда, ауыл жақтан бізге қарай екі атты құлады. Көк жорға аттың үстіндегі басқарма болды, қаракер атқа мінген қалпақты кісіні танымадым. Олар келгенде мен де өгіздерді шыбыртқылап, машина орақты жарықтан шығарып, жаңа жүз ауыстырып болып, шұқырдың ернеуіне құрығымды қойып терімді басып, дем алып отырғам.

-Салаумағалайкүм,- деген сәлемімді де алмастан:

-Иә, бала, не отырыс бұл? - деді өктем үнмен басқарма.  Қазір демалатын уақыт па екен?! Неғып өндірмегенсіңдер өздерің?

Мен басымды көтеріп басқармаға қарап ем, көкжорғаның үстінде қамшысын бүйіріне таянып, өзенге дейін созылған шалғынды беткейге астамси қарап тұр екен.

-Иә, сөйле,- деді қызара бөрткен жүзін маған бұрып.

-Жарыққа түсіп кеттім,- деп күмілжідім.  Шығарғаным осы жаңа ғана... Өзім ораққа құлап...

-Жердің астына неге түсіп кетпейсің, жүгірмек. Неңе былжырап тұрсың? Үкіметтің шаруасынан қымбатпын деп тұрсың ба?

Мен үндегем жоқ. Ат үстінде шіреніп тұрған жуан тұлпарға жиіркене қарадым. Және басыма мынандай бір ой келді. «Менің сорым қайнап отырғаным мынау, ал басқарма ұйқысы қанғанша ұйықтап, тойғанынша ішіп-жеп, одан кейін дүниені бір өзі тындырып жүргендей осынша әкіреңдейді. Әр кім өз хал-қадарынша үкіметке әртүрлі пайда келтіруі мүмкін, бірақ жұрттың бәрі де үкімет үшін бірдей терлеп, бірдей қиналуға тиісті емес пе? Бұл неге маған қожалық қылады?»

-Әй, шырақ,- деді ол менің қарағанымды ұнатпай,- егер осы сайдың бойын айдың аяғына дейін бітірмесең, жон теріңнен таспа тіліп аламын, білдің бе? Сосын андағындай отырысыңды ендігәрі көрмейтін болайын. Тұр орныңнан!

Мен орнымнан тұрдым.

-Қайқай! - деді басқарма қамшысының сабымен машина орақты көрсетіп.

-Жоқ, қайқаймаймын,- дедім тістеніп, ызадан әрең шыдап.

Басқарма атын тебіне түсіп еді, мен жерден шыбыртқымды алдым. Бірақ ол менен қорыққан жоқ.

-Тарт тіліңді - ден қамшысының тобылғы сабымен кеудемнен нұқып жіберді.

Рас онша қатты тиген жоқ. Бірақ әңгіме қатты тиюде ме?! Түтігіп ашу қысып тұрғанда, бәрбір қатты тисе де сезбес ең. Ең ауыры саған қол жұмсалғаны ғой.

Мен шыбыртқының сабымен көкжорғаны бастан құлаштап тұрып салып еттім. Ат шалқалай осқырынып, үстіндегі басқарманы түсіріп кете жаздады. Шыбыртқыны төбеңе үйіріп, шарт еткізгенімде, жаныңдағы қаракер ат та үркіп, екеуі жапырыла шегінді. Осы кезде Жакей өгіздерін токтатып қасымызға келген екен:

-Өй, сен жынданып кеттің бе? - деп қолымдағы шыбыртқыға жармаса кетті.

-Әй иттің баласы,- деді басқарма айқайлап, -мен сенің әкеңді білемін, халық жауы болған. Сен соның күшігісің. Әкеңнің аузын... сені құртуға шамам келетін шығар. Тұра тұр бәлем... тұра тұр...

Басқарма атын борбайға бір салып, шабындық жиегімен сиыршыларға қарай ызғыта жөнелгенде де:

-Тұра тұр, бәлем,- деп бара жатты.

Мен өзімнің аузымды ашсам-ақ жылап жібергелі тұрғанымды сездім де, «Не боп қалды, жаным-ау айтсаңшы» деп қиылған Жәкейдің сұрағыңа жауап берместен, өгіздерімді үсті-үстіне шыбыртқылап айдай жөнелдім.

Келесі күні таңсәріден жауған жаңбыр кешке дейін басылмайды да, шөп құрғағанша жейде, дамбалымызды жудырып алмаққа ауылға тартып кеттік. Жолда келе жатып Жәкейге мынаны айттым.

-Жәке! Мен осы таяу күндердің бірінде кетемін. Менің құрал саймандарымды өзің түгендеп өткіз.- Болмаса бір адам жіберер.

-Қай жаққа, бәтір-ау,- деді таңғалған Жәкей.

-Оны тап қазір өзім де білмеймін.

-Сен немене, басқарма ұрысты деп... елден безесің бе?

-Жоқ, жоқ! Одан емес, Жәке. («Дегенмен бұ да себеп» деп ойладым ішімнен) Оны мен тіпті сол сағатында ұмытып кеткем. Одан емес... Оқуға жүрем. Менің қия алмай қиналатын ата-анам жоқ, Жәке. Маған қайда болса да бәрі бір емес пе? Жетім адамға бәрі бар!

Жәкей тым бос кісі ғой, менің күйзелген бір ауыз сөзіме көзі жасаурап шаға келді.

-Әй, Оймауыт ағайлар данышпан еді ғой! Әй, несін айтасың! Ол кісілер тірі болса, сені алақанға салып бағар еді ғой. Әй, шіркін-ай, болмады ғой!

-Өзің ойлашы. Өстіп жүре берсем бастық түбіме жетеді ғой. Не алып жатқан абырой жоқ. Көрінгенге түрткі болып. Мен жоғалып кетсем, ешкім іздей қоймас, ал мына қоңыр өгіз жоғалып кетсе, қым-қуыт болатыны анық! Солай емес пе? Сосын бел байладым. Амандық боп, түсіп кетсем, үш-төрт жылда бір мамандық алып шығамын.

-М-м, солай де,- деді Жәкей түсініп.  О да жөн. Сен өзің біраз білімің бар баласың. Мәгәр оқуға түсіп кетсең құдай біледі, осы басқарманың орнын жұлып аласың.

-Екіншіден, өзімдегі қаражат аздау. Сен маған қатын алмақ боп жүрген ақшаңнан біраз ақша бер. Сосын менің бүкіл еңбек ақымды өзің ал.

-Өгіздерді не істейсің?

-Сиырға қосып кетем.

-Сен онда Кенжебайқасқаны маған тастап кет. Шеткі қасқа өгіз жастау мал, жарамай жүр.

-Мейлі бәрің ал.

-Е, дұрыс онда, құдай бетіңнен жарылқасын. Азамат боп кетсең, бізге зияның тимес. Бірақ елді ұмытпа.
Кештетіп Ақсуаттағы ауылға әкеттік. Жездем үйде екен. Үш-төрт күннен бері жүрегі шаншып, бүгін ғана тәуір болыпты.
-Төлек сайын авгусқа дейін бітіресіңдер ме? Былтырғыдан қандай екен өзі? - деді де қойды.

Шайды да тып-тыныш отырып іштік. Тек жатарда мені қайран қалдырған мынандай бір жай болды. Жездем төсегінің үстінде дамбалшаң отырып, қымыз ішті де:

-Әбдікәрім,- деп үн қатты.

-Әу.

-Құлағың сал. Айтатын сөзім бар...-Жездем саусақтарын жаңа көргендей мұқият үңіліп біраз отырды. -Әке-шешеден ерте қалып ең... Адам аяды ма, құдай аяды ма, әйтеуір, тентіреп жетімдік көрген жоқсың. Бақтым, оқыттым. Бетіңнен қаққан күнім жоқ. Мінеки енді жігіт болдың. Оны да көрдім. Кешегі соғыста бір окоптың түбінде өліп қалсам қайтер ем. Тәубе, әрине, тәубе!

Фронтта жүргенде Серікбай екеуміздің бораған оқ астында жатып айтқан сертіміз бар, тірі қайтсақ сүйек жақын туыс болмаққа... Өзімнен туған ұл жоқ... Иә... Серікбайдың ұлдай қып асырап отырған жалғыз қызы Бәтиманы саған алып берем. Қолымнан енші бөліп үй қылам. Құда түсіп қойдым...

Жездем осыны айтты да, кенет ауа жетпегендей аузын ашып, беті тыржиып, кеудесін ұстаған күйі жастыққа құлап бара жатты. Жүгіріп барып басын сүйедік.

-Тағы да ұстады-ау, құрғыр-ай,- деп апайым күніне сөйлеп, жастыққа басын салды. Маңдайына дымқыл орамал бастық. Жездем әлден соң көзін ашып әлсіз үнмен:

-Ештемеде етпес, абдырамаңдар, дәрімді әперші,- деді.

Жездем тынышталып ұйқыға кетті. Біз де шамды сөндіріп, төсегімізге қисайдық. Екі көзім бақырайып, ашық түндіктен құлаған боз сәулеге қарап жатырмын. Түндіктен жалғыз жұлдыз көрінді. Ай сәулесіне малынып қалқып жүрген ақ бауыр бұлттың тасасына еніп, жоқ болды да, қайта көрінді. Алыстан шексіз бір әлемнен құбылып жымың қағады. Бұлттар көшіп барады. Сонау мәңгілік аспан әлемінде дүниенің бәрі қым-қуыт зеңіп жүр. Ғажайып дүние шат тұрмыс, алыста, қиырда, әлде де алыста дәл арбап тұрғандай.

Осындай бір кең дүниені, еркіндікті, алысты. аңсап жатып, ойға берілдім. Аяғын әмәнда аңдап басатын, сондықтан ешқашан да бақытсыздыққа ұшырамайтын, бірақ бақытты да болып жарамайтын, кәдімгі екі ойлы адамдар секілді, мен де белгісіз бір оқиғаның басыма төніп тұрғанын сезіп қобалжуға айналдым. Бәтиманы ойладым.

Жездем айтқан пиғыл ұш ұйықтасам түсіме кірген емес. «Үйлену, сөйтіп, кәдімгі әйелге айналдыру. О, тоба, мынау масқара қорлық емес пе?! - деген ойдан жүрегім ине сұққандай жиырылды. -Түу, ұят-ай! Ұят-ай!.. Тұп-тұнық сезімді осынша лайлап...» Көрпемді тас бүркеніп, дуылдаған бетімді басып ұзақ жаттым. Жабірленгенім, сонша өксіп жылағым келді. Ертең күн шығысымен-ақ бәрі жабылып, аяқ-қолымды матап байлап, үйлендіре салатын секілді.

«Жоқ, жоқ, кетем,- деп бекіндім ішімнен. -Мынау ұяттан біржола өлген артық. Сонда бәрі ұмытылады. Тек осы жайында ойламасам екен».

Мен түнімен көз ілгем жоқ. Сырттан таң сәулесі білінгенде де, осынау жанымдай жақсы көрген, бірге өскен Бәтиманы ар жетіп әйелдікке алу деген сұмдық пиғылдан екі бетім ду-ду етіп, қанымды сыртқа тепкен сол ұят сезімімді баса алмай-ақ қойдым.

Кейін ойлап отырсам, мен Бәтиманы сәби күйінде сүйіппін де, сол сәби күйінде жүрегімде сақталып қалыпты. Және ол махаббат адамдардың періштені, пайғамбарды сүйгені тәрізді болып, пенделік қарым-қатынас, пенделік сүйіспеншілік жер бетіңде жұптасып тірлік құру, ұрпақ қалдыру заңдылығын сезіну тағы сол сияқты өмірдің шындықтарына бірде бір үйлеспейтін таңғажайып түсініксіз бірдеңе болып шығыпты.

Сонда барып мен біздер үшің күйінудің де, сүйінудің де, ашудың да, махаббаттың да қуат мөлшері әу баста адамдарға табиғат бөлген шамадан аспау керек екендігін, егер одан асса мағынасыздыққа ұшырайтынын түсіндім.

Ертеңіне Серікбайдың үйіне баруға батылым жетпеді.

Түсте Бәтима су алуға өзенге барғанда жағада күтіп отырдым. Күнге күйіп қоңырайып кетіпті. Асығып тез жүргеннен үшкір жұқа мұрнының ұшы тершіп ентігіп тұр.

-Апаң ауырмай ма? - дедім Бәтима шелек пен иінағашты тастап жаныма отырғанда.

-Ауырмайды.

-Көкең ше?

-Ол да ауырмайды.

-Бетің неге жарылып кеткен?

-Суға түскеннен... Бәтима бұрымына байланған көк лентаны қайта-қайта тістелеп, ермек қып отырды.

-Тырнағыңды алмапсың ғой,- дедім қолын қарап.

-Сол қолым өте ыңғайсыз... Дұрыс ала алмаймын...

-Тұра тұр, қазір алып берейін. -Мен қалтамнан бәкімді алып, тырнағын алуға кірістім.  Бірдеңе айтайын ренжімейсің бе?

-Жоқ.

-Мен түнде жездемнен жаман хабар естідім.

Бәтима үндеген жоқ.

-Саған да айтты ма?

-Жоқ айтқан жоқ... Бірақ мен үйде әңгімелесіп отырғандарын сыртта жүріп естіп қойғам.

-Иә, не айтты олар?

-Не айтсын. Осындай сөзіміз бар... Ы-ы, екеумізді қосамыз деді.

-Иә сосын.

-Сосын апам «әлі шіп-шикі бала емес пе екеуі де» деп жылады.

-Сосын...

-Сосын, көкем ұрысты. «Мен, сені 15-іңде алғам» деді...

-Сосын.

-Сосын сол.

Екеуміз де үнсіз отырдық. Жағалаудан су түбіндегі қайран тастар, мал іздері анық көрініп тұрды.

Бәтиманың «апам жылады» деген сөзінен кейін, бұл істің кісі жәбірлейтін бір мәні болу керек деген ойға беки түстім.

-Құрысын,- дедім мен басымды жерден көтеруге ұялып,  оқуға кетіп, қайтам... Кетем.

-Қалай кетесің?

-Қашып кетем.

Бәтима аяғының астындағы тас кесекті жылжытып өзенге түсіріп жіберді. Шолп етіп үстімізге су шашырады.

-Жаңбыр,- деп күлді Бәтима маған қарап.-Қашып кетем дейсің бе?

-Иә, қашып кетем... Сен бірақ тісіңнен шығарушы болма.

-Апама да айтпайын ба?

-Апаңа ма?.. Апаңа артынан айтсаң айтарсың.

Жаңбыр,- деді ол тағы - бір тасты домалатып жіберіп.-Жолыңа ақшаны қайдан аласың?

-Ақшаны табатын болдым ғой,- дедім ересек адамдардай байсалды пішінмен.  Тек басқармамен шекісіп қалғаным шатақ болып тұр. Еңбек ақымды жеп қойып жүрмесе...

Осыдан соң «қалай шекістің» деген Бәтима сұрауын күтіп, үндемей қалдым.

-Қалай шекістің? – деді ел айтқандай.

Мен арасына өзімнің пайдама шешілетін бірнеше оқиғалар қосып,шөп басында болған жағдайды баяндап бердім. Мәселен, басқарманың «тарт тіліңді» деп жетіп келетін жерінде, керісінше, мен жетіп барған болып шықтым. Менің кеудемнен қамшымен нұқып қалатын жерінде, мен денеме тигізбей қамшысын жұлып алған болып шықтым. Одан кейін басқарма ат үстінде мен жерде, жекпе-жек айқасып кеткен болдық. Әсіресе, басқарманың «аттан құлап қалпағы ұшып кететін» жерінде Бәтима шегі қата, көзінен жас аққанша күлді.

-Аздап сеніңкіремедім, бірақ қызық екен,- деді көзінің жасын сүртіп жатып.

-Кел, бәстесейік,- дедім мен өжеттеніп.-Не тігесің, тура басқарманың өзіне барып беттесем. Өтірік болса... Кәне бәстесесің бе?

Бәтиманың бәстеспейтінін білген соң:

-Беттесеміз бе, а? - деп қазір баратындай орнымнан тұра келдім.

Бәтима тағы бір тасты суға түсіріп жібермек болып, аяғын соза берді де, тайып кетіп, сырғанай жөнелді. Сырғанап бара жатып, менің тірсегіменен ұстай қалып еді, суға екеуміз де ұмар-жұмар құладық. Бәтима арқасымен құлағандықтан бірден батып кетіп, қайта шықты.

-Фу! - деді алақанымен бетін сүртіп. -Арқама бір тас батып кетті. Сен қалай құладың, а?

-Мен аяғыммен түстім. Бәрі бір су болдым.

-М-е-е, мені қара,- деді де. Бәтима өз тұрқына өзі қарап күліп жіберді. Ішін басып, шегі қатқанша күлді.

Бәтиманың малмандай болған сары сәтен көйлегі бұлтиып қалған кеудесіне, жұп-жұмыр сандарына етімен ет болып жабысып қапты. Жалаңаш адам сияқты.

-Қарама,- деді маған көзін алартып.  Неге қарайсың?

-Кім мен бе?.. Мен қарап тұрғам жоқ.

-Әрине, сен. -Бәтима жағаға шығып, көйлегінің етегін сықты.

-Қашан жүресің? - деді теріс қарап тұрып.

-Бүгін шөпке барамыз... Сол жақтан кетем. Енді келмеймін.

-А-а?! -Бәтима бұрылып таңырқай қарады. - Келмейсің бе? Осы бүгін бе? - деді көзі жыпылықтап.

-Жоқ... иә, осы бүгін...

-Ендеше... -Бәтима бірдеңе айтқысы келіп, алдыма келді де, үндемей төмен қарап көйлегінің етегін ұзақ сықты.

-Ендеше жақсы... -Бәтима басын көтергенде су екені, әлде көзінің жасы екені белгісіз бетінде ірі-ірі тамшылар ілініп тұрды. -Жақсы,- деді еріндері дірілдеп.

-Жақсы,- дедім. Жүрегімді біреу жұлқып қалғандай болды.

Осы кезде суға келе жатқан келіншектердің самбырлаған дауыстары, шелек қаңғыры естілді. Бәтима асығыс су алды да, инағашты иығына салып жағаға шықты. Бұрылып қарауға да үлгірген жоқ, екі шелекті; ауырсынғандай қабырғасы майысып, тез-тез басып жорғалай жөнелді.

Жұрт көзінен өстіп жасырынғанымыз маған қызық болып көрінді.

Жұрт көзінен өстіп жасырынғанымыз маған қызық болып көрінді.

Сол күні ауылдан біржола шықтым. ...Артық көйлек-көншектерімді білдірмей салып алдым. 4-5 күннен кейін Төлек сайының маңын зерттеп жүрген геологтардың машинасына отырып аудан орталығына жүріп кеттім.

Қоштасарда Жәкей қолымнан сүйіп:

-Сен қайтып келгенше мен де балалы-шағалы болып отырармын, амандықпен жолығайық. Жолың болсын деп оң сапар тіледі.

Бұдан кейін мен осынау әр кез ойлаған сайын жүрегімді шоқтай қаритын Қоңыраулы өзенінің борықты жағалауын, көктем сайын қызғалдақ қаптап кететін бұйра қыраттарды, көкпекті жазық беткейді қанша жыл сағынып жүрдім!..

Оқуға түсе алмаған соң, дәм айдап Алматыдан бір-ақ шықтым. Әлдекімдердің көмегімен балалар үйіне орналастым. 10-класты бітірген жылы жездеме хат жаздым. Бірақ жездемнің маған деген өкпесі әлі тарқамаған екен, жауап қайтармады. Одан соң ауылдың амандығын сұрап Жәкейге хат салдым. Көп ұзамай жауап келді. Елдің амандығын, баяғыша Ақсуатта отырғандарын, мен кеткен жылы үйленгенін, екі ұлы бар екенін, қазір трактор жүргізетінін жазыпты.

Жездемнің, апайымның амандығын, ақырында өткен жылы бауыр ауруынан Серікбайдың қайтыс болғанын, жылын берген соң, Мағрипа апайдың Бәтиманы алып, Шығыс Қазақстан жақтағы, төркініне көшіп кеткенін баяндапты.

«Сұрастырып, адресін жібер» - деп іле тағы хат жаздым. Бірақ адресін таба алмады ма, әлде мұны пәлендей маңызды іс деп ұқпады ма, жауап келмеді.

Сөйтіп менің екінші өмірім басталды. Талай адамдармен дәмдес болдым. Әсіресе, университетте жақсы-жақсы достарым бар еді. Бәрі де ақылды, ақын жанды, албырт жігіттер-тұғын. Біз өмір жайында, халық жайында, қыз, махаббат жайында, қоғам, мемлекет жайында пікір таластыратынбыз. Шығыс ақындарының өлеңдерін жатқа соғатынбыз. Адамзат өміріне ең жауапты ұрпақ мына біздер деп гуілдейтінбіз Көрісетінбіз, келісетінбіз, әйтеуір жас адам өмірін қалай өткізуге тиіс болса, біз де солай өткіздік.

Университеттің соңғы курсында оқып жүріп біртүрлі асығыс, әрі ойламаған жерден Әлия деген қызға (қазіргі әйелім) үйлендім. Ол кезде кекілі көзіне түсіп тұратын, аздап боянатын, көрікті қыз еді. Үйлену жөнінде қыздың композитор әкесінен рұқсат сұрамадық та, олар бізге өкпелеп бір жылдай қатынаспай қойды. Біз ол бір жылымызды шағын бір пәтерде, кәдімгі үйреншікті жоқшылықты күліп-ойнап бақытты өткіздік. Кей түндері әйеліміз екеуміз төсекте жатып ұзақ сырласатынбыз. Мен оның құлағына бунақ-бунақ мұңды дауыспен жастайымнан жетім өскенімді жыр қылып айтатынмын. Ендігі бүкіл ғұмырымды, өзгелердің бақытына, елімнің даңқына арнайтынымды керек десең бұл үшін қара басымның бақытын да құрбан ете алатынымды айтатынмын. «Мен сені өзгелердей рахатқа бөлеп қызық көрсете алмауым да мүмкін - дейтінмін оған.  Үйткені менің барлық күнім мен түнім тек еңбекпен, азапты ауыр еңбекпен өтуге тиісті. Мен семьяның немесе бір басымның қамын ешқашан ойламаймын. Ал сен мені шын сүйсең, осының бәріне шыдайсың»,- дейтінмін. Әйелім маған ол кезде керемет сенуші еді. Қараңғы түнде менің мойнымнан құшақтап, бәріне ризамын, бәріне де даярмын дегендей үнсіз жылап алатын.

Осылай уақыт жылжып өтіп жатты. Бірақ менің жоспарлаған өмірім келе-келе бүтіндей басқаша түрге ауысты. Әлияның әке-шешесімен татуласқаннан кейін шаруашылығымыз жөнделіп баюға айналдық. Екі баламыз болды. Ауыр азапты еңбектің бәрі жайына қалып, бос уақытымда үй шаруасына көмектесіп, немесе тек тынығатын болдым. Шыбыртқыдан еті өліп кеткен мәстек өгіздей, әйелімнің таусылып бітпейтін күнделікті ренішін үнсіз тыңдап отыратын болдым. Ақша тауып, семья асыраудың өзі онша оңай жұмыс болмай шықты. Оның үстіне әйелімнің дүние құмарлығы менің жылпос, іскер, тәжірибелі болуымды қажет қылды.

Жастағы асау арман, үміт-дәме, сонау студент кездегі профессорлардың «талант, болашағы мол» деген қолпаштау сөздері, болмашы сәтті туындылар – бәрі жайына қалды. Сөйтіп бір кездегі қиялымдағы ұлылықты біржола ұмытып, тек семьямның қамынан басқаны көздемейтін, кешке жұмыстан келіп диванда жатып балаларын еркелететін, лауазымды кісілермен проферанс ойнайтын, табыс салығын сылтау етіп, айлықтан үш-төрт сомды жасырып қалатын, өзге ажарлы әйелдерге қырындайтын, жиі-жиі командировкаға шыққанды ұнататын кәдігі қатардағы бір журналистке айналдым да шықтым...

Менің осынау атүсті еске түсірген өткен күндеріме енді тек мынау жаңбыр тамшылары жылап аққан машина терезесінен алыста дөңгеленген тау жотасына жазық баурайға қарап үнсіз ойға батқан қазіргі күйімді ғана қосуға болатын шығар.

 

 

V

 

Біз ағып жатқан тайыз арықтан өтіп, көшелеріне қаз қатар қайық егілген шағын поселкенің шетіне ендік. Шалшық суда жүрген үй қаздары жолдан быдырай қашып артымыздан «бұл не ғажап?» дегендей мойындарын таңырқай созып, қаңқылдап даурығып қалды.

-Сен бұл колхозда болып па ей? - деп сұрадым шоферден. -Болғам,- деді ал доңғалақ қазып кеткен терең жолдан көзін алмай.- Ауданнан тым қашық демесеңіз, көбінен жақсы колхоз. Қараңызшы ағаштары қандай?

-Жері сұлу екен. Тұрғындары бай-ау шамасы?

-Бай болғанда қандай. Осы поселкенің өзінде төрт «Москвич» бар көрінеді. Себебі бақша отырғызады. Оның үстіне малдары бар... Баратын үйіңізді білетін бе едіңіз?

-Жоқ.

-Онда сұрайық біреуден.

Шофер машинаны есігінің алдында тақтай орындықта ұршық иіріп отырған кемпірдің қасына тоқтатты.

-Шеше,- дедім терезеден басымды шығарып. -Бәтиманың үйі қайсы? Кемпір нұры қашқан әлсіз көзімен бізге жатырқай қарап, ұршығын тоқтатты:

-Не деп тұрсыз?

-Бәтиманың үйі қайсы? Бәти-има-аның?

-Қай Бәтима?

-Күйеуі агроном болып істейді деп естіп ем.

-Е-е, Айтолқынның келіні ме? Анау... -Кемпір тәлтіректеп әрең бұрылып, қолымен көзін көлегейлеп. -Міне мынау бөлек албары бар үй,- деп ұршығының ұшымен көрсетті.

Терезе алдындағы гүл бағы тақтаймен қоршалған шатырлы биік үйге көзім түсті.

Үйдің еңсесінің биіктігі мен ауласының тазалығына, бақ ішіндегі гүлдердің алуан түріне оны қоршаған тақтайлардың біркелкі әрі мәнермен жасалуына қарап, бұл үйдің қожайындарының тату-тәтті тұрмысын, өз өмірлеріне ризашылығын, сол себепті де еңбек сүйгіш екендерін елестетуге болғандай еді.

«Қазір Бәтиманы көрем-ау» деп ойлап үлгіргенімше, машина есік алдына тоқтады. Біз ішке кіруге босағада байлаулы жатқан ақ төбеттен бата алмай состиып-состиып тұрып қалдық. Төбет бір-екі рет жалқаулау гүр ете түсті де, өзінің көзі тірісінде бұл арадан ешкімді өткізбесіне сенген пішінде жайбарақат жата берді. Әлден соң сыртқы есік сарт етіп ашылып, іштен жеңсіз сұр халат киіп, шашын төбесіне түйген, орта бойлы әйелдің әсем тұлғасы көрінді. Әйел маңдайына түскен шаштарын самайына жүре қыстырып, табалдырықтан ептей аттап сыртқа шыққанда, оның Бәтима екенін анық таныдым.

«Өзгеріпті-ау» дедім ішімнен таңырқап. Бұрынғы балғын кейпінен із де жоқ. Сабырлы. Біртүрлі бөтен адам секілді.

Бәтима әлде неге үрейленгендей, әлде ұнатпағандай, жаттау жүзбен кіржиіп бізге қарады. Мені көрді де, жүзінен түк қуаныш білдірмей, баспалдақтан ақырын түсіп, асықпай машинаға тақады.

-Екі балам бар. Біреуі - ұл, біреуі - қыз.

-Как по заказу,- деп Бәтима дауыстап күліп жіберді.

-Өз балаларың қанша?

-Біздің екі қызымыз бар. Қайда кеткен өздері? Далада ойнап жүрген болар.

Бәтима шай ішіп отырып, мен кеткеннен бергі өмірін – көкесі бауыр ауруынан қайтыс болғанын, жылын берісімен, апасы екеуі Шығыс Қазақстандағы нағашыларына көшіп барғанын, сол жақта орта мектепті бітіріп, институтқа кеткенін айтып берді. Екеуміз елді. ауылдың адамдарын, балалық шағымызды еске түсірдік.

Шайдан соң шофер жігіт тынықпақ болып, кемпірдің бөлмесіне кетті. Мен диванға қисайдым да, Бәтима менің басыма тағы бір жастық салды.

-Отыршы,- дедім қолын ұстап – жүзіңе қарап қана отырайын.-Отыршы...

Осы кезде тапырлата басып Бәтиманың өзінен айнымайтын екі жасар шамасындағы қызы кіріп келді.

-Әй, Шолпан, мында кел,- деді Бәтима қолын жайып. -Ағаны көрдің бе міне. Кел сәлем бер.

Шолпан орнынан қозғалған жоқ, аузына салған күйі маған таңырқай қарады.

-Шолпан, Шолпан деймін,- деп Бәтима қызын өзіне қаратты. Ағаны мен алып қоям, міне. Аға менікі, білдің бе, сенікі емес. -Бәтима тақап келіп менің басымнан құшақтады. Сосын ыстық демімен құлағыма сыбырлап: -қызғаншақтығы жанда жоқ, бірдеңені менікі десең тек бас салады,- деді ақырын ғана.

Айтқандай Шолпан жүгіріп келіп, Бәтиманы итеріп тастады да, өзі менің алдыма шығып алды:

-Тайт! - деді аузын томпайта айбат шегіп. -Сенікі емес, менікі.

Бәтима ішін басып, селкілдей күліп, креслоға отыра кетті. Мен Шолпанды бауырыма қысып, іші бауырым елжіреп бетінен сүйдім.

Осы кезде мені қандай кісі таңғаларлық сезім биледі дейсіз ғой! Осы кезде мен өзімді дүниедегі ең бақытты жан шығармын деп ойладым. Енді қалған ғұмырымды Бәтиманың қасында болып, соның семьясымен бірге өмір сүріп, (не қылған түсініксіз мақсат десейші) өзінен айнымайтын мына кішкене қыздарын бауырыма қысып мауқымды бассам, Бәтиманың жанашыр жақыны болсам, ол тек тап бүгінгідей мені әрқашан шексіз жақсы көрсе болғаны, тек сол үшін ғана мәңгі қызметшісі болып күн кешкен періште ой мені әлде бір ғажайып қиял дүниесіне алып кетті. «Иә, иә, тек осы ғана, басқа түктің де қажеті жоқ. Соған ризамын» деймін ішімінен қайталап.

Кешке күйеуі Бағдат келді. Ұзын бойлы, қара торы жігіт екен. Қайдан қашан келгенімді сұрады. Тап бір менің семьямды бұрыннан білетіндей, үй-ішімнің, бала-шағамның амандығын сұрады.

Үстіне ескі пиджагін киіп, пышақ қайрап жатып:

-Ағаң келгенде маған қаратпай, малды өзің-ақ соя бермейсің бе? - деп әзілдеді Бәтимаға.

- Қалайша а? Әбдікәрім менімен құрдас,- деді сөзге түсінбей Бәтима.

-Е, онда сенікі жөн екен;- деп қалды да, осы сөзі өте орынды, әрі дәл айтылған қалжыңдай болып көрініп, бәріміз жамырай күлдік. Бәтиманың қатты күлгені сонша, тіпті қызарып кетті.

Одан соң менің кішкентай кезімдегі аңқаулығымды – бірде апасы мені үй жылытатын пештің мұржасын жабуға жұмсағанда, тамақ асып жатқан қазан пештің төбесін жауып тастап, үйдің ішін көк түтін қылып, бәрін далаға айдап шыққанымды айтып тағы да қыран-топан күлдірді.

-Шығып жатқан түтінді қалайша көрмеді екен? - деп шофер сеніңкіремей қалды.

-Оны өзінен сұраңыз,- деді Бәтима мені көрсетіп.

Мен жауап ретінде бұл оқиғаға өзім де әлі күнге дейін таң қалатынымды айттым.

Бірер сағаттан кейін Бағдат шаруасын бітіріп қайтып келді: Дәмге Дейін преферанс ойнадық, альбом көрдік, шофер жігітке домбырамен ән салдырдық. Тәп-тәуір даусы бар екен.

Ac үйде шаруа істеп жүрген Бәтима да анда-санда бізге кіріп ән тыңдап, әңгімеге араласып кетіп тұрды

Енді бір сәтте ермек етерлік ештеңе табылмай, тағы да ала қартты қолға ала беріп ек:

-Тұра тұрыңдаршы,- деді Бәтима қолын көтеріп. -Қазір бір қызық ойын ойнаймыз, -Түпкі бөлмеге еніп кетіп, бүктелген журнал мен қағаз, қарындаш алып шықты.

Қағазының жылтырлығына, ішіндегі фотолардың қанық бояуына, әрі орыс тілінде басылғанына қарап, өзіміздің демократиялық мемлекеттердің бірінің – бәлкім Болгарияның, немесе Румынияның журналы болар деп ойладым.

Бағдат Бәтиманың қолынан журналды алып, столға тақай отырды. Содан кейін ойынның шарттарын түсіндіре бастады.

Бұл «Сіз қандай жансыз» деп аталатын француздардың ойыны екен. Ойынның шарты бойынша әркім журналда берілген әртүрлі сұрақтарға «иә», немесе «жоқ» деп жауап беріп, одан соң «иә» мен «жоқ» сұрыпталып топқа бөлінеді. Журналдың келесі бетіндегі таблицада әлгі топтарға тиісті мінездеме берілген. Яғни «Сіз осындай, осындай жан екенсіз» деп анықтама береді.

-Ал енді берілген сұраққа көп ойланбайсыздар. Өтірік айтпайсыздар. Бұл бір өте қызық ойын,- деді де, Бағдат неге екені белгісіз тергеуге бірінші мені алды.

-Сіздің достарыңыз көп пе?

-Жоқ, дей салдым, есіме көп ойланбау керек деген ойынның шарты түсіп.

-Сіз қаржы қор жинайсыз ба?

-Жоқ.

-Сіздің бойыңызда ішкі қайшылықтар күшті ме?

-Иә, дедім Бәтиманың қадала қарағанынан әлде қалай ыңғайсызданып. Оның үстіне өзіме таныс емес мынау ойын адамды келеке ету үшін жасалған тәрізді болып көрінді, сақтанып жауап беру керек болар деп ойладым.

-Бір сағат бойы тым-тырыс отыру сізге қиынға түспей ме?

-Жоқ.

-Сұлу мүсіндерді ұнатасыз ба?

-Иә.

-Сіз біреуді жақтырмайтыныңызды көзінше айта аласыз ба?

-Жоқ.

-Жиналыста белсеніп сөйлейтініңіз бар ма?

-Жоқ.

-Дәлдік пен уәдеде тұру сізге тән қасиет пе?

Мен біраз ойланып барып:

-Жоқ,- дедім осыным дұрыс деп ойладым ішімнен.

Бұдан кейінгі сұрақтар «жексенбі күнгі серуенге алдын ала әзірленесіз бе», «сауда жасағанда артық кеткен тиыныңызды даулайсыз ба», «Той думанды ұнатасыз ба», «Тәтті асты ұнатасыз ба?» деген секілді ұсақ-түйектер болды да; мен мұның бәріне де «жоқ» деп жауап бердім.

Бағдат менен кейін Бәтима мен шофер жігіттен жауап алып, соңына өзінің де жауаптарын тіркеп жазды. Одан соң «иә» мен «жоқты» іріктеп топтай бастады. Бірдеңелерді жазып, журналмен мұқият салыстырып шықты.

-Ал енді,- деді бір кезде ойын қызығына енді кіріскен баладай көзі жайнап. -Кімнің мінезі қандай екені, міне мына бетте... -Журналдың келесі бетін ашты да, маған қарап күліп қойды.  Та-а-ак... Әбдікәрім жайында былай дейді... М-м-м. Иә, сіз әңгіме құмар, көңілді жансыз... Сіз уәдені көп бересіз, бірақ аз орындайсыз... -Мінездеменің басынан оңбай бара жатқанын сезіп, отырғандар жымия бастады да, -«Аздап жеңілтектеу екеніңіз де рас»,- дегенде ду ете қалған күлкі Бағдаттың даусын көміп кетті. Бәтима қоймастан ұзақ күлді.  Бірақ сіздің даналық атаулыға жаныңыз құштар,- деді Бағдат әрі қарай оқып. -Өміріңіздің қат-қабат қақтығысқа, оқиғаға толы болғанына жаныңыз құштар, соған құмарсыз. Әрқашан әлденені ойлап, жоспарлап, армандап жүресіз. Ол арманыңыздың іске аспайтын қисынсыз қиял екенін білсеңіз де армандай бересіз... Сіз ішкі ойыңызды керісінше айтуға – наразы болсаңыз да, ризамын деп айтуға, жек көріп тұрып, жақсы көрем деп айтуға қалыптасқан жансыз. Сізді түсіне қоятын жандар аз... Сізді көп адам өз тағдырына риза жан деп ойлайды. Ал сіз шынында көп нәрсеге. риза емессіз. Тіпті өзіңізге де риза емессіз. Рас қабілетіңіз аз емес. Бірақ оны сыртқа шығаруға сізде ынта жоқ...

Мінездеме кісі күлерлік етіп жасалған деген пікірде отырғандықтан жұрт «ынта жоқ» деген сөзге тағы да ду ете қалды.

Мен де күлдім. Бірақ біз үшін уақыт өткізу ғана болып отырған мына ойынның астарында таңғажайып бір шындықтың жатқанына іштей қайран қалып, қалай да сыр бермеуге тырыстым.

-Сіз,- деді Бағдат Бәтимаға бұрылып. -Сіз жұртқа өте ұнайсыз.

-Қой әрі,- деп қалды Бәтима қолын сілтеп. -Өтірік оқып отырсың сен.

-Құдай біледі... Нанбасаң көр. -Бағдат Бәтимаға журнал бетінен бірдемелерді көрсетіп жауапты салыстырып, әлденені дәлелдей бастады.-Не, мен сенен бірдеңе алайын деп отыр дейсің бе,- деді кәдімгідей өкпелеп. -Сіз жұртқа өте ұнайсыз. Сіз әрі сыпайы салмақты, әрі жұрт пікірін қостай білетін, достарыңызды қиыншылыққа қалдырмайтын адамсыз. Бірақ сіздің сеніміңізге ие болу аса жеңіл емес... Міне көр нанбасаң...

-Жарайды,- деді Бәтима күле сөйлеп. -Рахмет мақтағаныңа.

Бағдат бала мінезді қылт етпе екен.

-Фу! - деді қарындашты столға атып жіберіп. -Өзің жүргізші, мә! Ал...

-Болды енді,- деді Бәтима баяу, бірақ әмірлі үнмен.

Бағдат әрі қарай оқыды:

-Шофер бала, енді сен тыңда... «Сіз болмашы нәрсеге шыр-пырыңыз шығып, ашуланатын ұрысқақ жансыз. Кейде сіз көңілді боласыз. Бірақ мұндай уақытыңыз тым аз.. Сіз ренжігіш, не болса содан секем алғыш кінәмшіл жансыз...»

Байғұс шофер жаза кескен үкімді тыңдағандай, қып-қызыл болып терлеп, жерден көзін алмай мелшиіп отыр. Біз күлген сайын кірерге тесік таппайды.

-Бірақ сізде жүрек бар. Шындықты сүйетін жүрек бар...

Бағдат өзінің мінездемесін ішінен бір оқып алды.

-Сіз,- деді өзіне-өзі,- сіз адамдармен тез араласқыш шүйіркелескіш жансыз. Бірақ сіз олардың ортасында өзіңіз ең басты роль атқаратындай болып араласқанды ғана жақсы көретін сияқтысыз. Сіз әрқашан жұрттың таласқанына қазы төреші болуды жақсы көресіз. Өзіңіз сондай ойындарды ұйымдастыруға құштарсыз... Тіпті сол ойын-таластардың өзінде де өзіңіздің басты роль атқаруға тырысатыныңызды байқатасыз...  Бағдат үндемей қалды.

-Жоқ, жоқ,- деді әбден мәз болған Бәтима ұшып тұрып.  Тегіс оқы! Неге тастайсың? Әкелші бері,- деп, Бағдаттың қолынан журналды жұлып алды. Сосын өзіне керек сөйлемді іздеп тауып алды

-.Сіз шыны керек, жанаяр адамсыз... -Бәтиманың балаша мәз болып, шегі қата күлгені сонша, соның күлгеніне ғана қарап отырып, өзіңді бақытты санағандай едің. Тіпті Мұрат та бір қабағын көтеріп жымиып қойды.

Осы кезде менің басымнан ток жүріп өткендей бір құбылыс болды. «О-о-о! Қанша жыл тілімнің ұшында жүрген сөз осы! Ғажап, ә! Иә, иә, жанаярымыз ғой біздер! Бір сен емес, бауырым, біз бәріміз де жанаярмыз... Жанаярмыз! Мынау не деген сұмдық ойын еді өзі!..»

Жатарда бізге алма ағашының түбіндегі сәкіге төсек салынды. Жаздың тымық айлы түнінде бақ ішіндегі қандай жақсы! Жамыраған жұлдыздарға қарап, үшеуіміз де түн ортасы ауғанша әлем, кеңістік, жаратылыс жайында, болашақ жайында әңгімелестік. Бағдат өзінің әр нәрседен хабары бар, кітапты көп оқитын адам екенін білдіріп ғылым мен техника жаңалықтары туралы көп айтты.

-Жақында бір профессордың мақаласын оқыдым,- деді ол жастығын биіктетіп. -Марста тіршілік болған деген болжамды дәлелдеп жазыпты. Өте қызық. Мен өзім соған қосыламын. Ойлашы, мынау шексіз шетсіз саны жоқ галактикада тек жалғыз ғана тіршілік бар, ал басқа планеталарда жоқ және болмаған деу тіпті ақымақшылық емес пе?.. Ғылым деген қазір қиялдан да асып кетті. Марс проблемасын осы жуық арда шешетініне менің күмәнім жоқ...

Мен үндегем жоқ. «Марс проблемасы маңызды-ақ шығар, бірақ мына өзіміздің жерде де шешілмей жатқан мәселе аз ба?» деген ой тұрды көкейімде. Шофер жігіттің дем алысынан ұйықтап кеткенін байқадым. Біраздан соң Бағдаттың, да баяу қорылдаған дыбысы естілді. Әлі толысып бітпеген ай, шетінен үзген шелпектей кеміс жарқырайды. Жеті қарақшы да терістікке ауысып кеткен. Түпсіз тұңғиық бір кеңістікте жұлдыз біткен өріп жүргендей. Беймезгіл шақырған әтеш үні естілді. Әлденеге иттер үрді. Дәл жанымыздан топ етіп, алма үзілгендей болды. Тыныштық!

Мен жұлдызды аспан әлеміне қарап жатып, өзіне де түсініксіздеу, әлде бір мәңгілікке, шексіздікке, мінсіздікке ұмтылғым келді. Жаңа туған сәбидей шексіз тазалық пен пәктікті тән күнәсін былай қойғанда, ойлау күнәсінен де аулақ болуды, шексіз әділдікті, шексіз ақиқатты ойладым. «Мәңгі адалдық, мәңгі тазалық!.. Мәңгілік! Құдай-ау, неткен тамаша!..»

Тап осы сәтте мен адамдар қауымынан бөлек, өзі де, тәні де жоқ, ауаға сіңіп кеткен рух секілді едім. Қазірден бастап өзге тірлікті талақ етіп, бүтіндей басқа бағытта өмір сүретіндей сезіндім.

Төбеден ұшып өткен түн құсының қанатының сусылынан кейін, тағыда жым-жырт тыныштық басты. Түн де менің осынау қиялымды құптап, мәңгі тыныштықты уағыздайтын секілді. «Мәңгі тыныштық! Қандай ғажап! Жұлдыздар да шексіз... Шексіз ақиқат, шексіз әділдік...»

Таңертеңгі шайдан соң мен кідірмей жүріп кетуге жиналдым. Өйткені, басқаша аялаудың еш жөні жоқ еді. Қоштасарда Бәтиманың қолынан сүйдім, хат жазып, хабарласып тұруға уәде бердім.

Бағдат шын достық пейілмен қолымды қысты:

-Біздің үйдің төрі әрқашан өзіңдікі. Жолың түскенде соқпай кетсең өкпелейміз,-деді. Содан кейін міне біз қандаймыз дегендей Бәтима екеуі қол ұстасып, біздің артымыздан қарап тұрды.

Қазылып қалған терең жолмен ырғалып-шайқалып, поселкеден ұзадық. Тау бөктеріне келгенде тастақ жол басталды.

Кешегідей емес, көңіл-күйім орнығып басылып, сабама түсіппін. Ұмытып кеткен бала-шағамды, әйелімді, дос-жораларымды еске алдым. Түндегі ойлаған «мәңгілік» пен «мінсіздік», «басқаша өмір сүру», «адамдарды айыптау» тірліктің шындығына сыймайтын бірдеңелер секілді.

«Күтпеген бір іс болды бұл өзі,- деп ойладым. Бәтима мен үшін осыншалық жақын адам болар деп ойламаған едім. Есіме де келмеген...»

Кенет «япыр-ау, мен Бәтиммамен қосыла қалғанда қандай бақытты болатын едім,- деген өкінішті ой жүрегімді қысып ауыртқандай болды. «Мен сонда қандай бақытты болатын едім... Мен неге сүйтпедім... У-у-у! Тағдырдың өзі Бәтиманы менің бауырыма қанша әкеліп итерсе де, өз жұмыртқасын танымай безген тауықтай ұямнан шығарып тастай берген екем.. Сонда мен қайда асықтым? Не үшін асықтым? Биік мақсат үшін бе? Қоғам үшін бе? Шындық үшін бе? Әлде үміт күйде қалып қойған ақыл-ой қабілетінің жарқын болашағы үшін бе?.. Жо-жо-жоқ! Әлде бір қасиетті үлкен іске басымды байласам-ау деген ойға менің дәтім шыдамайды. Біз сонау алғашқы махаббатқа да жанпидалық көрсете алмағанбыз, енді тіпті де жанпидалық көрсете алмаймыз.

Бүкіл ақыл-ойыңды, ерік қабілетіңді, рахат-қызығыңды өзіңді қоршаған қауым ырқы билеп кеткен шағыңда сенің еншіңе бір ғана зат – жүрегіңде бақилыққа ұйып қалған жастық сүйіспеншілік қана қалады. Сен оны қанша жыл қатігездікпен ұмытсаң да, өзіңді одан да гөрі маңыздырақ, мәндірек бір іске лайықтымын деп тапсаң да, басқа жерден пайыз таппай, өз ошағына қайта оралған бейбақтай түбі оранатының хақ; бірақ ол қай кезде болады, мақсатыңа жете алмай шаршаған кезіңде ме, санаң марқайып, ақиқаттың не екеніне көзің жеткен кезде ме, әлде тіпті өлер шағында ма, оны кім білсін...»

Мен осы бір көңілсіз ойдан арыла алмай, жақындап қалған тау шатқалына үнсіз қарап ұзақ отырдым.