ТӨЛЕГЕН ЖАҢАБАЙҰЛЫ. БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЭТЮДТЕРІ

 

АТ ӘКЕЛГЕН КҮН

Егіз құм Тайсойған мен Бүйректің арасы ат шаптырым жер еді. Менің алты жасымда бір отар қой бағып отырған біздің үйді ферма басшылары Тайсойғаннан Бүйрекке көшірді. Сонда анам Қағаздың атамекенді қимай дауыс етіп жылағаны әлі есімде, өмірі құлағымнан кетпейтін көрініс. Құмның теріскей бетіндегі жылда бір рет көктемде таситын ұзын өзек бойына – жері жазық, шөбі шүйгін Жамансай жайлауына барып қоныс тептік. Тәтем Отарбай ол күнде жалғызілікті,жетімсіреп, жүрегі қан жылап жүрген шағы болатын. Ағайынды төртеуден қалған Дәулетбай соғыстан аман келгенімен 1949 жылғы қайыра соққан асыра сілтеу мен жалған жаланың кесірінен сотталып кеткен еді. Бір күні мені сары ала таңда ұйқыдан тербете оятып, үні елжірей:

– Сен енді ержеттің ғой, менің қойға мінетін атым түнде көш жерге ұзап кетіпті, әкеліп берсең қайтеді, – деп арқамнан, басымнан сипалады.

Жылқы баласына үйірсек болып өскен маған тәтемнің мына ұсынысы құлағыма майдай жағып, қуанып кеттім де көзімді уқалап, төсегімнен атып тұрдым. Бір тостаған айранды ішіп алдым да жүгенді иыққа салып, көз ұшында жүрген атқа қарай дедеңдеп жүгіре жөнелдім. Торы қасқа дөнен мен жақындағанда «бұл не ғып жүр» дегендей оқырая қарады да, қайтадан жерге бас қойды. Оп-оңай жүгендеп алдым да, тұсауын шешіп, атты жетелеп келемін. Ысқырып, әндетіп қоямын. Кеудеме мақтаныш ұялағандай ма?! Үйге таяқ тастам жер қалғанда тәтем алдымнан шығып:

— Міне, дұрыс! Жігіт болғаныңнан айналайын, құлыным! – деп айқара құшақтап, бетімнен сүйді. Дауысы өзгеріп кеткен, біртүрлі. Жүзіне қарасам көзінен жас төгіліп тұр екен. Не болғанын түсінбей абдырадым да қалдым.

Тәте, не болды? Ат әкелгеніме қуанудың орнына жылағаның қалай? деймін жәутең қағып. Ол болса кекілімді қолымен тарақтап:

Ат әкелерім менің-ау, бұл қуаныштың жасы ғой. Сенің атымды әкелер қолғанат болғаныңа тебіреніп тұрмын, жаным! Қолғанатым менің! – деп бауырына басып, айналып-толғанды, көз жасын сүртті. Менің көкейімнен «қуанған адам да жылай ма екен?» деген сұрақ көпке дейін кетпей қойды.

 

«Р» -ға ШАБУЫЛ

Жетінші сыныпты аяқтағанша «р» әрпі деген пәле менің нағыз қас дұшпаным болып алып, алдымнан шықты да тұрды. Қалай бұраласам да тілі құрымағырды соған келтіре алмай-ақ қойдым-ау. Сөйлей бастасам болды «р» дың орнына сопаң етіп «Л» шыға келеді. Айналамдағылардан ұятқ, кекесінді кейіп аңғартады. Жаман қорынамын.

Ауыл маңында бұзау қайырып жүрген күндерімнің бірінде аяқ астынан «тақыр» деген сөзді айтқанымда аузымнан «р» әрпі естілгендей болып кетті. Содан бастап «тақыр» деген жалғыз сөзге жаттым да жабыстым дейсің. Күні бойы үй сыртындағы тоқал төбеге шығып алып, әлгі сөзді жын ұрғандай қақсадым да отырдым. Тілім бірде келіп, бірде келмейді. Ертесіне Отарбай тәтеме:

— Қойды өріске мен жайып келейін, – деп сұрандым. Отарды Мырзағали сорының жағасындағы отты алқапқа ендетіп жібердім де аттан түсіп алып, көгалға шынтақтай жатып алып «тақырымды» тағы тақылдата бастадым.  Жөнге келіп қалған тәрізді. Біршама уақыттан кейін «тақырды» тастап, «трактор» деген сөзді әурелеуге көштім. Бірдеме шығатын сияқты. Енді бір мезгілден соң, о, ғажап,

арман болған «р»дың өзіне тікелей ойыстым. «Р» әрпі сөз сайын кездесетін сөйлем құрастырдым.

«Тақыр жерге тракторды апардым», деп қақсауды бастадым.

- Әй, сен бала, шайтан иектегеннен саумысың.

Жалт қарасам, артымда көмекші шопан Рақым. Көзі атыздай болып шығып кеткен. Жүзінде үрей бар.

- Рақым аға, алақай! Менің тілім «р» ға келді, келді- деймін қолымды аспанға көтере айқайлап. Секіріп жүрмін.

Ол ештеңе түсіне қойған жоқ. Көзін жыпылық-жыпылық еткізеді. Мырзабай сорында «шайтан бар» дейтіннің бірі еді. Сірә, мені шайтан қақты деп ойлаған болар.

Қуанышымның төркінін түсінер емес. Түсінбесе түсінбей-ақ қойсын, өзім түсінемін. Сөйтіп, «Р» әрпіне шабуылым сәтті аяқталды. Мен жеңдім! Сол күні тілім  аузыма сыймай ісіп кетті, құдды өзімдікі емес тәрізді.

 

ЖЫЛАННАН ҚҰТҚАРҒАН ЖЫЛҚЫ

Астымдағы күнде қой бағуға мінетін керқұла атым аяғын санап басатын шабанның шабаны. Осы кертартпа қылығы жынымды қоздырып, әлсін-әлсін бас-көзіне қарамай қамшының астына алып, сабалап алатынмын. Шылбырын бос жібере қойсаң бітті, ұстатпай әбден ығыр қылатыны қандай жаман еді. Сол керқұла байғұс бір күні маған жасамаған жақсылығын жасады. Тұсаулап қойып, боз жусанның үстінде қаннен-қаперсіз жантайып алып, кітап оқып жатқанмын, атым оқыс пысқырынды. «Қойға қасқыр тиді ме екен» деп басымды көтеріп алсам, бәрі қаз қалпында тәрізді, отар ендеп, еркін жайылып жатыр. Бірақ керқұла бір орыннан табан аудармай сілейіп тұр. Әншейінде қомағайлығымен аты шыққан жарықтықтың оттамай қалғаны несі? Тұрып қасына жақындап барсам, о, масқара, алдыңғы оң тұяғының астында дәу шұбар жылан тыпырлап жатыр. Тұла бойым түршігіп кетті. Төбе құйқам шымырлады.

- Шыда, керқұлам, шыда! деп жалма-жан үзеңгіні ағытып алып жыланды соққыштап, езгiлей бастадым. Жаны шыққанша керқұла да аяғын көтермей мелшиіп тұрып алды.

Маған қарай ирелеңдеп беттеп келе жатқан улы жыланды жарықтық керқұла өз басын қатерге тіге отырып, табанымен таптапты-ау. Бұдан кейін ақылды жануарды қалай қамшының астына аларсың?! Мөлдіреген көздері қандай әдемі еді?!