Елсіз көлдің жағасын мекендеген шалдың көңіл күйі ауа райындай құбылып тұрады. Мамырда бойға сіңген дымқыл ызғар маусымның шуағынан сейіліп, шілдеде ғайып болған еді. Сүмбіле туғалы бері кәрі дене қайтадан сыр беріп, көңілдің хошына кірбең түсіре бастады.
Шалдың серігі – мылқау баласы Ыбан. Әкелі-балалы екеудің баспанасы– кәрі қамыс пен сәмбі талдан өрген күрке. «Қайран өз үйім, өлең төсегім!» демекші, екеуіне жетіп жатыр.Жұпыны баспанада Ақан серінің құлағы ың-жыңнан азат. Достың күлкісі, дұшпанның табалауы алыста «Ақан жынданыпты», «Ақан перінің қызына үйленіпті» деген өсек-лақаптар бұл араға жете де бермейді.Төрінен көрі жуық кезінде елсізге лаққанда, Сары-арқаның сансыз көлінен Ақанның таңдағаны – осы Қамысақты. Атына сәйкес жағасы ну қамыс. Одан әрі – балапан талдар қарағайы, қайыңы, үйеңкісі аралас орманға ұласады. Орман бірде қоюланып, бірде сиреп,оймыш-оймыш сарғылт алаңдарымен сонау Айыртауға жалғасады.Ақан бала кезінде осы таудың жағасында көп ойнаған.Көзіне өте-мөте ыстық жердің бірі де осы. Ол кезде Қамысақтының айналасы ала жаздай сыңсыған ел болушы еді. Мыңғырған мал күзге қарай көл жағасын тері сүйреткендей етіп тастайтын. Бүгінгідей ну қамыс, балапан тал жоқ-ты. Шаңы шығып жататын жер шүйгінге, жынысқа айналған. «Елу жылда ел жаңарғанда», жер де жаңарады екен. Ақан айналасына әрі қызыға, әрі елегзи қарайды. Сері шалдың жас жүрегі ертеңгі шыққан қызғалдақтай лүпіл қағады.Жаңарған жер, өзгерген аймақта Ақанның ермегі табиғатқа тәуелді. Кейде түз кешеді. Кейде орман аралайды. Кейде беті жыбырлаған айдынға қарап, сазарып отырады. Су бетінде жарқылдаған шағалаларға нанның үгіндісін лақтырып, он сегіз мың ғаламның тіршілігі жайында ойға шомады.Бүгін күн ерекше жайлы. Кешегі шілдеқайтып оралғандай, шуақ мол. Шипалы райды сезінгендей таң атпай шықылықтасып, жамырай шуласқан шымшықтар дүр-дүр сілкінісіп, бір-біріне жем сыйласып жүр.Түс әлетінде Ақан: «Келер жазға шейін қанша заман?! Армансыз бір жалдайыншы!» – деп шешінеді. Баяғыша құлаш ұра сүңгімей кібіртіктей түсіп еді. Аяғына шөп-шалам оралды. Асты салқын, үсті жылы су шымырлап бойға сіңіп, шұғыл сергілтті. Шөп-шаламнан қорек ажыратқан шүрегей үйректер басы қылтыңдап, иірімге қарай жылыстап кетті. Арғы жағада биік ақ жар бар-ды. Екі жағы сүйірленіп суға тірелетін ақ жар есігін айқара ашып тастаған ақ ордаға ұқсап тұрды. Сол ақ орданың қорықты қауызындай қарай иірімге жолаған құс жоқ. Байырғы қаздар ғана әр жақ, бер жағында майда толқынмен ойнайды.
Ауық-ауық алма-кезек қаңқылдап, төл тілде тілдеседі. Арасы арқан бойы жұбайлардың қаңқылдасқан назы дағдылы қалпын бұзбайды. Тұнықтан жем іздеген қаздар жалаңаш жат адамның аңысын алыстан аңдып, су бетінің болмашы бедеріне қарай болмашы ойысады. Көл еркесі қоңыр қаз күдікті,үрейлі сәттің өзінде көкала үйректерше ұшып кетуге ерініп, байсалданып, қанатын қағумен тынады. Бірте-бірте жат адамға бойы үйреніп толқынға ырғалып, қайтадан қаңқылдаса бастайды. «һа, һа» дескен қоңыр үндер көкейкесті күйдің кейбір қайырмасына ұқсап кетеді. Еріксіз елтіген Ақан «һа, һа» деп үн қосса қоңыр қаздар жауабын жиілетеді. Шүрегейден алыс жүзген үкілі үйрек, байыз таппас шағала, қағылез қасқалдақ, балапан талды майыстыра қарқылдаған қарға – осынау көлдің о баста ел мекені болмай құс саясы боп жаралғанын танытады.Ақпанда даладағы пішенге түнеп, ақырапта көлге шомылатын Ақан сері бұл сәтте алысқа бойламайды. Оның есесіне, Ыбан шімірікпей, қара тұнықты күмпілдете жүзгенде, ақжал толқындар екі жарылып, білемденіп қалады. Салқын судан шыққанда, Ыбанның денесі қоладай жанып, бұлшық еттері ойнап, өлшеусіз күшін танытады. Өз басы қырып алар қам етсіз, қағілез өскен сері баласының шымырлығына сүйсініп, сенімді серігіне балайды.Ақан мен Ыбан киінгенде, су бетінде шүпірлеген құстар қобалжи бастады. Ақан: «Шамасы, киімдіден қорқады екен-ау!» – деп топшылады. Шалғайдан қыран құстың зуылы келе жатқанын кәрі құлақ естімеді.Көп ұзамай Ақан зеңгір көкте шалықтап ұшып жүрген қаршығаны көрді. «Япыр-ай, тым шырқау көтерілгеніне қарағанда, мынау тұйғын болмаса игі еді». Құс көлді екі рет айналды. Соңғы айналымда шұғыл құлдилап, жер бауырлап, қамыстың басын шалып өтіп еді, қаршыға екенін анық таныды. Қанатының сусылы тым сұсты. Өзі ат басындай. Нағыз қанды балақтың өзі!Көк қаршыға желсізде желігіп, біресе қайқайып, біресе құлдилап, ауытқып ұшты да, шығысқа қарай самғап, көз жаздырып кетті.Алақанының астынан қарап тұрған Ақан қаршыға көзден ғайып болғанда: «Дәл Көкжендетше самғайды екен. Қап, жерге қонбағанын қарашы!» – деп өкінді.Ақан серінің есіне Көкжендет түсті. Қаршығаның қыраны еді-ау! Сілтегенде, нені болса да ілмей түспеуші еді-ау! Көкте құс, жерде қоян құтылып көрген емес-ті. Сол шәулі желді күні қайыру бермей, желдеп қашып кеткенде, артынан Ақан көп іздеген. Күн өткен сайын қадірін қатты сезіне бастаған сері кейін сағыныштың белгісі ретінде «Көкжендет» әнін шығарып еді. О да бір заман екен!Ақан күркесіне кіріп, мүйіз шақшаның түбін қақты. Екі-үш-ақ атым қалған екен. Таутеке мен қызылшаның күлін қосқан ащы насыбайдан маңдайының тері бұрқ етіп, көз алды бұлдырай бастады.Шүңіректеу өткір көзімен күркенің ішін шолды. Көптен бері қол тимей қаңтарулы қаңсыған қара домбыра баяғы бір жылдарды еске салды. Қайда барса қалың ел шылауына оралып, жарты патшадан артық күткенде, қыз қырқынның бәрі серіні көзімен ішіп-жеп, қасынан айналшықтап кете алмаушы еді. Ел жатарда «Еркежан, қайтайық» деп қылқылдаған жеңгелеріне жеңсік бермей, сұқбат-мәжілістің ұзарғанын тілейтін шолжаңдарды ойлағанда, Ақан: «Жас дәуренді босқа өткізбеген екенмін!» – деп жымиды.Сері шал шалқып ойға кетті. Көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтіп жатты. Ақан бес жасынан бергісін түгелге жуық біледі. Бала кездегі есімі Ақжігіт еді. Елі-жұрты еркелетіп, «Ақан» атандырды. Тазалыққа әуестігі үшін «Сыпайы бала» атанды. Әңгімеге әуестігі мен алғырлығы үшін «Құйма құлақ» атанды.Сарыарқа күмбірлеген күй, шалқыған ән еді. Сол Сарыарқада көзін ашқан Ақан өнер сапарына ерте талпынды. Бесікте көргенін істегендіктен емес, арғы дені өнер тілеген. Жүректің әмірі, ақылдың мұраты дүниеқоңызға қызықтырмай,басқа әлемнің ішіне кіргізді.Ағайын арасының пыш-пышына, ру арасының жанжалына, атқамінерлердің бәсекесіне араласпай, бойын сұңғақ ұстады.Татар молдадан тіл сындырып, Омбы шаһарында медресе бітірген Ақан арабша, шағатайша жүйрік болса, фарсы тілінде біршама білетін дәрежеге жеткен. Сол тілде оқыған азын-аулақ кітаптар көп қиялға бөлеген-ді. Ақан әптиек, құранның немесе сопалдияр, шәркітаптың ережесін жаттамай, Фирдоуси мен Науаидың дастандарын, қожа Хафиз мен Бедилдің, Хилоли мен Камал Ходжедидің бәйіттерін жаттағанда, сыршыл ақындардан тонның ішкі бауырындай етенелік тапқанын бертінде ғана байқады. Медресе тауысқан тұрғыластарындай молдалық құрмай, сәлде орнына құндыз бөрік кигенде, серілігі өзіне сор боларын болжамаған-ды.Омбының медресесінде оқыған жылдары орыс жастарымен – бозбала, қыз-келіншегімен қоян-қолтық алдында көзінің ағы мен қарашығындай балаларына зар шағып, сыр шертіп айтқан өлеңін Ақан ұзынқұлақтан естіген. Шерлі сал:
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты, – дегенде, қарақан басының ғана шеккен азабын меңземегенін Ақан шамалайды.Ақанның арабша һәм фарсыша оқыған «Айфуллайла ва лайла»* «Шар дарваш»** секілді кітаптарында жазықсыз зынданда отырған адамдардан өзінің от басында білегін қыл
арқан қиып өлген Біржан мұңдықтың халі анағұрлым аянышты көрінеді.Аяқ-қолының байланбағаны болмаса, Ақанның көрген қорлығы, шеккен күйзелісі Біржаннан кем емес.Текешіктер оған да жауықты. Ата-қонысы – Қоскөлден қуды. «Жынданды» деген лақап таратты. «Бұрын бір кезде орыстың матрушкасымен жүріп еді, енді дию-перінің қызына үйленді» деп, өсек шығарып, жұртты безіндірмек болды.Қисапсыз қиянаттың, жәһіл жауыздықтың тамыры тым тереңде екенін бейғам Ақан тіптен бертінде байқады. Мыңға қарсы найза алып шығарлық қайратты кезін өмірдің ерке қызығымен өткізіп алды. Ол күнәсіз ермек қуып аңшылыққа, құсбегілікке, бапкерлікке әуес болды. Қысы-жазы өз қызығы өзінде еді. Сілтегенін сау жібермейтін жақсы мылтық, жүйрік тазы, алғыр қаршыға, қанды балаң бүркіт, бәйгешіл тұлпар – серінің сенімді серігіндей әр уақыт көңілін аулай білді.Бұл күнде Ақан байырғы серіктің баршасынан айрылған. Ең соңғы жүйрік тазысын күндестер күшала беріп өлтірді. Ең соңғы тұлпары – Құлагерді Сағынайдың асында Батыраш бай мерт қылды. Жығылған үстіне жұдырық демекші, Ақанның ең соңғы қаршығасы – Көкжендет қайыру бермей желдеп кетті. Ең соңғы қыраны – қайран Қараторғай құйрықтан жұрдай боп, жерге қонуы қиындап, тасқа құлап, өзін-өзі өлтіріп тынды.Шарасыз шығасына амал жоқ. Ақанның қабырғасын қаусатып кеткені – Батыраштың озбырлығы.Үш жүз аттың алдында бәйгеден озып келе жатқан Құлагерді айбалтаға жыққызғанда, жәһіл жау серілердің күні қысқарып қалғанын, Сарыарқаны қайырымсыз қара күштің басып келе жатқанын танытқан. Ақан дәуірлеп тұрған кезде: «Сері, сенің шылауыңда өлсек, армансызбыз» дейтін пысықтардың болыса алмай, бұғып қалуында жүрек шошынарлық сұмдық сыр бар. Серіні қаумалаған қалың топтың күзгі ормандай сиреуі де тегін емес... Достан да, дұшпаннан да көңілі қалған Ақан сыр шертісер, мұң шағысар серікті табиғаттан тапқанда, өзінің ендігі өмірін ел ішіне қажетсіз санаған. Ең болмаса, арқасын уқалап, шайын қайнатып беретін қатыны да жоқ. Тәңір қастық қылғандай, о бастан-ақ Ақанға әйел құтаймаған. Ақанның күйреп қалуына көп себептің бірі – сол зайып күйігі.Серіксіз серіге бұл күнде іштартушылар бар да, оны жұбата білушілер жоқ. Дертті танып, емін табатын дәрі-гер қазақта тумағандай. Көп замандастың қызыққанына Ақан қызықпайды, қырық пышақ боп қырқысқанына көл жағасында отырып, жынды кісідей жалғыз күледі. Кейде Ақан: «Япыр-ай, осы маған, шынында да, бірдеңенің шалығы тиіп жүрмесін? Пайғамбар жасынан асқанша өзімді өзім түсініп болмағандаймын. Не іздеймін меңіреу көлден? Сары аурудан сарғайған дімкәстай аңсар сусыным не?» – деп сұрайды. Осындай күйзелісті сәттерде мылқау бала әкенің толқынысын томсарылған қабағынан, ұзын кірпіктердің самарқау қимылынан таниды. Ыбанның «былдырлаған» шолақ тіліне, саусақтарының оралымды бейнесіне Ақан да түсініп алған. Екеуі бірін-бірі бауырмал ыммен жұбатады. Тіпті, кейде қамкөңіл әке бастан кешкен қилы-қилы күннің қайсыбір хикаясын мылқау серікке шежіре етіп шертеді. Саусақтар сыртылдап, қас-қабақ құбылғанда, сырттан қараған адамға, шынында да, жындыға ұқсап көрінуі бек мүмкін еді.«Сырттан қараған адам» дегенде, Ақандарды әдейілеп торушы жоқ, оқта-текте қамыс күркеге ұн мен ет, қант пен шай әкеп тастаушылар бар. Сондайда жаны ашушы ағайын, жекжаттар тегін кетпей, босаған ыдысын өсек-аяңға толтырып әкетеді. Және Ақанды мұқатайын деп те ойламайды. Серінің жат мінезі жайында өсіре сөйлесе, алып-қашпа аңыздан өз мәртебесі көтерілетіндей сезінеді. Сонымен, ақыры сері қазекеңнің қаңқуынан аулақта жүрсе де құтыла алмайды...«Аулақта жүрсе де» дегеннен шығады, осы аулаққа Ақан бір күнде үйренген жоқ. Бала жастан баулынды. Көкшетау мен Айыртаудың сылқылдаған бұлағы, күрсінген көлі, шулаған орманы, сыбызғы шалған желі. Ақанды ерте әлдиледі. Ерте шақырды! Бертінде Сарыарқаға түгел серілік құрған жылдарында, күндізгі мәжіліс, кешкі сауықтан кейін түзге түнеп шығатын-ды. Жазда көкке аунап, қыста пішенге түнеген Ақанның оңашада еркін сілкініп, азат ән шығаратын шақтары осындай елсіз жерде өткен-ді.Серінің алтын бесігі Сарыарқа болса сол бесікті ән-мен тербеткен Ақанның өзі. Ол әуенді алыстан іздемей, айналасынан ала білді. «Майда қоңырды» шығарғанда, әннің қайырмасына Кеңащылы жайлауының қоңыр самалын бейне қылды. Қайырма: «қалалау, лалау, лалай, қалала – лала-лала-ла, лай-лай» дегенде, әншінің көкейінде қуалай соққан қоңыр жел тұрды. Астында аяңшыл ат, қолында көк қаршыға, көңілінде ғашық жар. Қарсы алдынан соққан кешкі самал. Осындай күйде туған ән – шалқыған сары даланың кейінгіге қалдырған тәтті лебізі еді.Бұл күнде шаршаған шалдың уанышы балалықтың базары өткен баяғы тақыр. Бүгінгі ну қамыс. Сүйегі осы жерде қалса, арман жоқ.Сарыарқада сыңсыған елдің бірте-бірте сиреп келе жатқанын Ақан жақсы біледі. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай босқын ел шетінен адамын кез келген жерге көміп, басына ағаш шаншып кетеді. Барханда жамбасы жерге тигеніне қамыстан белгі қояды. Жұрттың бәрі Самарқанның көк тасын әкелдіретін Сағынайдың әулеті емес. Ақанға көк тастың керегі де жоқ. Дүниеге шыр етіп келгенде шарана жарылған жерден топырақ бұйырса, соған қанағат. Осыны ойлаған сайын шалдың жігері кеміп, қуаты қаша бастады. Ақтық күннің алыстауын аңсамай, беймаза жүрекке тыныштық берген сыңайда еді. Қызықсыз ғұмыр кімге дәрі?! Ақан шырқы қашқан сапардың үзілуін тілейді. Көңілдің хошынан диланатын кәрі тәннің қаны сұйқылданғанын сезінеді.Киіздей тұтасқан инелі ызғар көкірекке бірте-бірте жайылып келе жатқандай. Ыстығы қашқан саусақтың тырнағы көгеріп, көбеде тікен жатқандай әсер етеді. Басы дыңылдап, төбесі шаншиды.Хаққа мойын ұсынған Ақан сейілден, серуеннен тиылып, лашықта жатады да қояды. Сәмбі талдан өрген шаңыраққа қадалып, әлденені іздейді. Ұзын кірпіктері әлсіз қимылдап, қанаты тозған көбелекті еске түсіреді.Күн райы да өзгерген. Серінің көзіне шөп салған табиғат қырын қарағандай. Күні кешегі үкілі қамыстың құлақты қытықтайтын сыбдыры жоқ, тұл жыныстың көңілге үрей салатын сүйкімсіз судыры бар. Ғашық жардың лебізіндей қоңыр самалдың орнын жесірдей сарнаған сары жел басқан. Толастағанда жетім ызыңы сыбызғының үніндей сыршыл мұң шығады. Сыңсыған ызыңы күні ертең шаңдатқан қара дауылға айналып, ну қамысты қоғадай жапырып, ұлардай шулататынын Ақан сезеді.Салқындаған су, сарыны өзгерген жел, түлеген орман, жүдеген шал қамысақтыны тұл мекенге айналдырғанда, мылқау Ыбан күркені айналшықтай береді. Мінезі күрт өзгерген әкенің көңілін көтермекке тырысып, «ба-би-лап» қас құбылтады. Сезімтал әкенің бала мұңдыққа жаны ашиды.Осындай күйде ол ақтық күнін ишара еткен ғұлама-шайырларды еске алады. Өлерін қырық күн бұрын болжаған Омар һаям басы жұмыр пенденің ең аяулысындай әсер етеді. Ұзақ өмірінің соңын қайыршылықта өткізген Фирдоуси көз жұмарында: «О, гардуни фана!» деп еді-ау! Мәңгілік дүниеде тағдыр шіркіннің құбылмалы екенін меңзеп еді-ау! Тағдыр соқпағының Фирдоусиге ұқсас екенін пайымдаған Ақан еңсесін көтеріп: «О, гардуни, фани!» деді. Осы мезетте көлдегі құстар шулады. Шу басылғанда, Ақанның құлағына қыран құстың зуылы шалынды. Ақан сері сергіп сала берді. Ол:«Япыр-ау, әнеугі қаршығаның зуылы ғой!» – деп орнынан ұшып тұрды.Қызба шалдың денесіне ыстық қан жүгіріп, бойы жылынды. Қырау шалған қызғалдақ кеуде де қайтадан құлпырды. Оқыс елеуреген сері апыл-құпыл киініп, тысқа шықты.Көп ұзамай көл үстінде ұшып жүрген қаршығаны көрді. «Қаршыға жердегі адамнан қаймыққандай қиғаштанып, көлді екі айналды да, қара орманға қарай маңып кетті. Ақан: «Барар жерің Балқан тау, о да біздің көрген тау» демекші, қоналқаң мәлім болды, шырақ» деді.Шау қаршығаның қолға үйренгені қашқанда жүйрік атпен құтқармайтын Ақан серінің бұл күнде ылауы да жоқ. Ол Айыртауға қарай жаяу тартты.Орта жол ойдым-ойдым орман еді. Әрқайсысының аты да бар. Қайыңы аз, қарағайы көп болғандықтан орта шендегі үлкен жыныс – Қара орман атанған. Ақан сол Қара орманға аялдады. Жел шайқаған орманның жұпар иісі балшықты қөлдің иісінен басқа. Көкірек жарып барады.Желдің желпуімен ағаштан үзілген жапырақтар әуеде қалбағайлап, жерде дөңгелегенде, тұйғын құлатқан құсқа ұқсап кетеді. Тұйғын құлатқан құстар дәл осындай жел-кем күні қайыру бермей қашып кеткен баяғы Көкжендетті еске салды.Ертектегі самұрықтай, құстың қырғыны еді. Жазда үйрекке, күзде қазға, қыста қырғауылға салғанда құсбегінің көңілін қалдырып көрген емес. Қаршығаға ілдірген құстарды саудыратып алып қайтқан Ақан көл-көсір олжаны ауылдастарға пышақ үстінен үлестіріп беретін-ді. Алғашқы қызығын өзі көрген сері қалжаны көлденең жұртқа қиюшы еді-ау! Бөгдені сыйлағанға бір жасап қалатын шақ – о да бір дәурен екен!Ақанның есіне Көкжендетке арнап шығарған әні түсті. Көкірегінде күмбірлеп тұр. Шырқап жіберуге баршын тартқан даусы келмейтіндей. Әрі ескі жараның орнын тырнағысы да келмейді. Ақан әндетпей ақырын ғана күбірледі: «қайран Көкжендет-ай, сұм дүниені айналып жүр ме екенсің, әлде Қараторғайға ұқсап әлдеқашан мертіктің бе?!»Қара орманның тау жақ шетіне тақалғанда Ақан ұзын ақ қайыңның түбіне кідірді. Ақ қайыңның шың басында шықылық қаға сайраған әнші торғайлар балдай тәтті, жібектей жіңішке әуенімен аялдатты. Бір сәт бұғағы бүлкілдегентатар қызына, бір сәт қыл қобыздың талмаураған сазына ұқсап кетеді.Әр кезде оқыған әр алуан кітаптың әсерімен «Иран бақты» өлеңге көп кіргізген Ақан өзінің дақбыртқа ергіштегенін нақ осы арада бір байқады. Айыртау мен Көкшетаудың сыңсыған орманы қиялдағы «Иран бақтан» асып түспесе, кем түспейтіндей.Задында адам туған жердің қадірін қартайған сайын терең түсінбек. Ағайын арасынан алшақтаған Ақанның туып-өскен өлкеден алшақтамауында тіл жеткісіз тұңғиық сыр жатыр. Осы сәттерде Ақан Қара орманның әрбір ағашын аймалағысы келеді. Ақ қайыңның басында бұғағы бүлкілдеген әнші торғайлар – Хафиз, Хилашлардың бұлбұлдарымен бәсекелесіп тұрғандай сезінеді. Ақан жігіт шағында:
«Махаббат бақшасына түн қатайын,
Нүктедей нон үстінде бір жатайын», деп өлең шығарғанда, жат елдің бақшасын меңзеген жоқ-ты. Осы Айыртау, Көкшетаудың жазғы орманын жырлаған. Орманға жағалай қонған ауыл, сол ауылдардағы Ақанды таныған түйсікшіл қыздар – жыр шабыты, жүрек уанышы еді. Көбінесе далаға түнейтін тәкаппар сері сүйген қызымен Арқаның бақшасы ішінде табысқанда, тағадай дөңгеленген ойдым орман арабша «нон» әрпіне бек ұқсаса, сағынышпен қауышқан екі ғашық сол «нон» үстіндегі нүктеден айнымайтыны да тәуелсіз шындық еді.Енді сол орманда Ақанның сүйген қызы жоқ. Бірақ табиғаттың бикешіндей бұлбұл құс бар. Тіршіліктің үзілмес тынысындай, Ақанға түсінікті тілде сыр шертеді. Ақан іштей толқып:
– Шіркін, дүние-ай, қызығың қандай көп еді! О жалғанда мың күн ұжмақ бергенше, бұ жалғанда қаңғырған бір күнімді ұзартшы! – деді. Ақанның көңіліне өксік оралды. Сағыныштың әнін шырқап жіберсе, көз жасы жаңбыр боп құятындай. Толас бермей кетері және хақ. Ақан әзер теткіп, мүйіз шақшасын ақ балтырлы сұлу қайыңға қағып тұрды...Көп ұзамай тау бөктерлеп ұшып жүрген нән көк қаршығаны көрді. Серінің жүрегі құлындай шырқырап, шыр айналғандай болды.Әнеугі қаршыға екенін Ақан танып тұр. Тағы, асау құстың қанат қағысы бөлек.Ақанның шүңгіл көзі ойыс ұшқан көк қаршығада. Көңілі көктегі құсты ұстаудың айла-тәсілінде.Кәнігі құсбегінің жердегі дәрменсіздікке медеу етер бір нышаны – желдің тыйылғаны. Күнұзаққа көп ұшқан қаршыға желсізде орынсыз желікпейді. Күн де кешкіріп барады. Ақан бірдеңе білсе, бұл құс бүгін осы маңайда түнейді. Ақан қаршығадан көз жазып қалмауға тырысты. Аспанда асықпай қалықтап ұшқан қаршығаның бет алысына қарай ағаштардың арасымен бүгжең-бүгжең жүгірді....Ақанның жорамалы расқа айналды. Күн ұясына қонғанда қаршыға да қонақтады.Тау бөктерінде шоқтығы биік Көкшоқы бар. Тасының түсіне қарай солай атанған. Жан-жағын аспаннан шолған сақ қаршыға көз байланар кезде сол биік шоқының шың басына қонды. Жаугершілік заманда қарауыл қараған қарақшыдай жан-жағына толғана қараған қаршығаның қараңғылық түскесін қайтып ұшпайтынын Ақан шалғай ойыстан біліп тұр.Сақсынған сұңқардың талайын торға түсірген сұңғыла құсбегі тіршілік қызығын қайта қумақ болды. Көкшоқының басына қонақтаған қаршығаны қолға түсірудің айласын ойлады. Балық аулаған тор тағы құсты шырмалтуға жетіп жатыр. Бірақ қаршыға құрған торға ұрынарлықтай «жемтік» жоқ. «Япырай, қазы түскірді қайдан көріп едім?» – деп аңырды.Оның есіне енді түсті. Атығай-қарауылға болыстық құрып, дәуірлеп тұрған төре Тінә қыста Ақанды қонаққа шақырғанда көрген. Тінәнің он екі жасар шалдуар баласы асыранды қаз ұстайды екен. Сырмаққа жұққан саңғырықтан жеркенген Ақан болысты бір ауыз өлеңмен қағытып еді. Өлең ел арасынатарап кеткенде шамданса да, балажан Тінә сол қаздың көзін құрытпағанын Ақан жазда келіп-кетушілерден естіген.Енді Ақан сол сүйкімсіз қазды қолқаламақ болды. Тінәнің қыстаудағы ауылы бірталай жер. Осы арадан жаяу адам төтелей тартып, қатты жүргенде, ел жата жетеді. Ал, Қамысақтыға соқса, жол тіптен алыстайды.Шал ойланып қалды. Түні бойы жоғалып кетсе, жарымжан баланың өмір жасы өксиді. Жоғалып кетпесе, қолға түскелі тұрған құстан қағылады.Ақан лоблыды. Өмірінің жалғасындай жалғыз баланы аяу керек пе, жоқ әлде, Көкжендеттің көзіндей тағы қаршығаны аулау керек пе?Біраз дағдарыстан кейін: «Тағдыр шіркін ақырғы көрер қызығыма жіберген шығар. Неде болса, осы құстан қапы қалмайын» – деп, Тінәнің қыстауына қарай дедектей жөнелді.Көп ұзамай қасқа жолға кеп түсті. Кешкі апақ-сапақта құлағына ән шалынды. Біреу «Көкжендетті» құйқылжытып келеді. Дауысы жасандысыз, құлаққа жағымды, көкейге қонымды. Әсіресе, «Ұшады көл айнала үкілі үйрек-ай!» деген қайырманы әдемі келтіреді. Ақан: «Аттың орнын тай басар» деген осы екен ғой. Шүкір! Шүкір!» – деді.Жолаушы екеу екен. Екеуі де соқталдай жігіт. Біреуінің астында жұтынған ақбоз ат. Екіншісінің астындағы – қаракер секілді.Қолында тықылдаған таяғы бар қара жаяудан қаймыққандай, салт атты жолаушылар тізгінін шаужайлап, орағытып өте берді.
– Ей, мырзалар, мінгестіре кетіңдер, – деді Ақан көнетоз қоңыр үнмен. Жолаушылар қарқылдап күлді.
– Аты-жөнін білсек қайтеді? – деді ақбоз аттысы.
– Дуананың дәмесі бәйгеде бар! – деді екіншісі.Екеуі күбір-күбір сөйлесіп қалды. «Сен мінгестір»,«Жоқ, сен мінгестір» деп тұр.Екеуі ымыраға келе алмай тізгін қағыса бергенде, Ақан:
– Жаңа «Көкжендетті» салған қайсың? – деп сұрады.
– Е, немене, құда түсейін деп пе ең? «Көкжендетке» басқан мына жігіт, –деген жауап естілді.
– Ақанның әнін салып, өзін атқа мінгестіруге көлікті аясаңдар, жігіт екенсіңдер. Жарайды, жолдарың болсын! – деді Ақан ызаға булығып.
Сол сол-ақ екен, ақбоз атты жолаушы атынан қарғып түсіп, Ақанға көлігін көлденең тарта берді.
– Бізді құдай ұрды. Бізден бір білместік өтті. Кешіріңіз, Ақан аға!
Ызалы Ақан жылап жіберді. Ақбоз атты жолаушы қосыла жылады.
– Порымыңыз не боп кеткен, Ақан аға!Жұрттың өсегі рас болмаса игі еді. Апақ-сапақта жападан-жалғыз қаңғырып жүргеніңіз қалай? Бұл жүріс сізге лайық па еді! Көзім ойылғыр, қара күңгіртте қайдан таниын?!.
Қарагер аттылы да ылауынан түскен екен. Жыласып-сықтасқан екі әншіні жұбатпай, не оларға қосыла жыламай, жат мінездерден шошып, одырайып тұр. Өксік басылғанда, Ақан жолаушыларды танымағанын айтты. Ақбоз аттысы асығып-аптыға түсіндіріп жатыр.
– Біз Кеңадыр бойынан келеміз. Мына жігіттің есімі Шауқар, менің есімім – Шорақазы. Қаракесек Рақымбердінің баласымыз. Екеуміз егізбіз.Мынау алдымен туған екен. Сол себепті аға саналады. Ана жылы Кеңадырда, біздің әкейдің туған інісі Керімбердінің тойында қолыңызға су құйып қызмет қылған бала – мен. Бүлдіргілі қамшыңызды тығып қойып, әкемнен шапалақ жеген бала – мынау. Сол жолы Нұртаза болыстың ит терісін басына қаптағаныңыз әлі есімде. Артынан біздің ел сіздің ер мінезіңізді көшқұлаш аңыз қылған. Сол тойда сіз шырқаған «Көкжендет» әлі құлағымда. Біздің елдің ең сүйікті әні де сол.
– Ал, барыстарың қай жақ? – деп сұрады Ақан.
– Жүсіп төренің баласы Тінә біздің құдамыз, Тінәнің інісі Қанафия біздің қарындасымызға үйленген. Сол Тінәнің аулына бара жатырмыз.
Ақан өзінің бейсауыт жүрісін түсіндіріп өтті.Ақан ақбозға мінді. Шорақазы «ағасының» атына мінгесті. Қатты жүрген жолаушылар Тінәнің қыстауына келгенде, ел орынға отырған мезгіл еді. Шауқар атының тартпасын босатып жатып:
– Қап, қара терге түсіпті-ау! – деп қынжылды. Тінәнің ағаш үйі сегіз бөлме еді. Әлі енші алмаған інісі бірге тұратынын білетін Шорақазы көп терезенің бірін қамшымен тықылдатты... Іштен қарындасы шықты. Қаракүңгірттікте ағаларымен шүйіркелесіп қалды. Ішке кіре бергенде, дәлізден асыранды қазды көрген Ақанның көңілі орныққандай болды. Амандық-есендіктен кейін кеңеске бой ұрмай Ақан келген шаруасының тоқ етерін айтып еді, Тінә:
– Қазы түскір қайда қашар дейсің? Бел шешіп, жайлассаңшы. Дәм татырмай жібермейміз, – деді.
– Құрқылтайымды бермеймін, – деп Тінәнің тентек кенжесі шыркөбелек болды.
Тінәнің келіні қаршыға ұстаудың не нәрсе екенін мүлдем ұғынбаған-ды. Оқыс желөкпеленіп, жыбыршып тысқа шығып кетті де, көрші үйлерді аралап шықты. Аузы қышып, хабарлағаны:
– Бетім-ау, Ақан серіге бірдеменің шалығы тигені рас екен. Біздің шырақтың асыранды қазын сұрай келіпті.
Шырақ: «Бермеймін!» деп қиғылық салып жатыр. Масқара-ай, о заман мен бұ заман қаз қолқалаған кісіні көрген емен!..
Бұл сөзге аң-таң болған көршілердің қайсы бірі Ақанның түрпетін көруге әуестенді. Болыстың үйіне кіруге бата алмағандары басқалардан сұрасып, істің мән-жайына қанғанша неше түрлі қисынсыз жорамал туындап жатты...
Шалдуар баласының «құрқылтайын» тартып әперген Тінә Ақанның қаршығаны қолға түсіреріне сенбеген. Ішінен: «Алжасқандықтың белгісі ғой бұ да. Аспандағы құс жердегі қазға үйірілуші ме еді» деген. Ол құс ұстаудың қызығын көрмекке ергіштемей, «Жолың болсын!» айтып аулында қала берді. Ақанның қасына Шорақазы ерді. Егіз туған ағасын болыстың аулында қалдырды. Екеуі тысқа шығып, оңаша сөйлескен. Шамасы біраз ығысқан тәрізді. Есі-дерті Көкшоқының басында қалғып отырған көк қаршығаға ауған. Ақан жолаушылардың көлігіне аяныш білдірген жоқ.
Шорақазыға:
– Ілесетін болсаң, аттарыңа жем жегізіп ал, – деген кеңесін айтты.
Айдың өліарасы еді. Түн тастай қараңғы. Кешкі салқында терін үгіп, жем жеп, диланып алған жарау аттар сау желгенде, жер танабын қуырғандай болды. Арындаған ақбоз ат әр жерден ағараңдап, құйрықты жұлдыздай ағып бара жатты...Олар орта жолға келген шамада қорғалақтап ай да туды. Қақа көңілдің сәулесіндей жақсы нышан танытқан ай астында екі жолаушы үнсіз-түнсіз жорта берді. Түн тыныштығын аттардың түсірі мен оқта-текте қаңқылдаған қаздың дауысы ғана бұзып тұрды. Ақандар Қамысақтыға жеткенде, ел шырт ұйқыдағы шақ еді. Мылқау бала әлі ұйықтамапты. Жалғызсырап, жетімсіреп, үрейі ұшқан Ыбан жоғалған әкені көргенде жылап жіберді...
Ақан мен Шорақазы аттарын қалың ағаштың ішіне байлап, жырақ қалдырып, Көкшоқының баурында, балапан талдардың арасында жасырынып отыр. Арқан бойы жердегі тордың екі бауы бар. Бірі Ақанның, бірі Шорақазының қолында. Шорақазы самарқау. Ақан мізбақпайды. Түн ішінде текті қаршығаның ұшпайтынына сенсе де, сабырсызданады. Көңілде үміт, жүректе діріл бар. Көк еркесі – көк қаршығаға деген бастаңғы базыналық таңның қылаң беруін күтеді.Сабырсыз өткен сағаттарда Ақан өз өмірінде талай қыранды қолға түсіргенін ойласа, Шорақазы Ақан серінің құсбегілігі жайында жалпақ елге жайылған алып-қашпа лақапты еске алады. Дақбырттың шындығына бүгін таңда көзі жететіндей сезінеді.Таң елең-алаң атып келе жатқанда Ақан Шорақазының құлағына сыбырлап:
– Көзің жетсе, шоқының шың басына қарашы. Қаршыға отыр ма екен? – деді.
Шорақазы қаршығаны көре алмады.Енді біршама уақыт өткенде, Шорақазы сасқалақтап:
– Ойбай, Ақан аға, қаршыға сілкінді.Сірә, ұшады білем, – деді. Осы кезде байлаулы қаз да азан шақырып, сұңқылдады. Қаршыға кіді көтеріліп, етпеттей ұшып, қазға кеп ұрынғанда, Ақан жанұшырған жылдамдықпен:
– Тарт баудың ұшын! – деді.
Жаюлы тор қусырылғанда, қаршыға мен қаз ұмар-жұмар шырмалып, диірменнің тасындай шыр айналды.
Ақан мен Шорақазы далақтап тұра жүгірді.Ішінде қаздың жүні бұрқыраған тордан ат басындай көк қаршығаны аршып алып жатып, көңілі тасыған
Ақан:
– «Ақ сұңқар, түспейсің бе, дариға-ау, құрған торға-ай!» деп белгілі бір әннің қайырмасын қайталады. Шорақазы ғұмырында құс ұстап көрген емес-ті.
Қуанышы қойнына сыймай, жас балаша «алақайлай» берді. Жол бойында Шорақазы ылғи Ақан жайын ойлады. Кәрілік қажытқан сері тіршілік думанына қайта араласса, оған себепкер мынау көк қаршыға. Ал, көк қаршығаны қолға түсіруге себепкер Шорақазы. Ендеше, жас шәкірт кәрі ұстаздың алдында орайлы борышын өтеді. Нәрестесінің аузына Ақанға түкірткенге мәз болатын қаракесектер ертең Шорақазы аулына барғанда осы оқиғаның бәрін естісе Рақымберді баласының қадамы құтты екенін танитыны өз алдына.Елінің салт-санасын еске алған Шорақазы осындай орайлы жерінде Ақан ағаға сый-сияпат көрсетпек болды. «Берген – жомарт емес, алған жомарт». Ақан аға бұның тарту-таралғысын қабылдаса, Шорақазы үшін үлкен мәртебе. Болашақ серілікке алып баратын соқпақ жол! Жақсыға шашылу – шығасы емес, өнерпазға елпектеу – кемшілік емес. Дүниеге екі рет келер-келмесі белгісіз Ақан серіден Шорақазының аяры жоқ.Жомарт қиялға бойлаған Шорақазы Қамысақтыдағы күркеде жайласып отырған соң, Қеңадыр бойындағы қалың қаракесектің арғы-бергісінен, биылғы шаруа-күйінен, қонақжайлығынан неше қилы әңгіме шерте келіп, Ақанға жатты да жабысты. Сөзінің соңында:
– Ақан аға, сағыныштың сары дертінен енді айығасыз. Жапанды тастаңыз. Біздің елге көшіңіз. Түйені құдамдікінен аламын, – деген.
Жібек үнді Ақанның жай сөйлейтін һәм асықпай сөйлейтін әдеті. Шоқша сақалын салалы саусақтарымен тарамдап, ойланып отырып қалды. Бағана бұлар келгенде, мылқау бала екі санын шапалақтап, мәз-мейрам боп қалған. Бүйірі майысқан жез шәйнекке шай да қайнатып үлгірген екен. Шай ішіп, терісі жадырағанда, Ақан тымауратқан адамның дауысындай болмашы ғана иіні бар қарлыққан қоңыр үнмен өз сырын, өз шешімін паш етіп өтті.
– Шырағым, Шорақазы! Сенің бейіл-ықыласыңа ризамын. Бірақ менің дертім сый-сияпатпен жазылатын дерт емес. Ұзақ өмірде көпшіліктен қошамет-қолпашты аз көргенім жоқ. Қияндағы Кеңадырға көшіп барғанда,
күні ертең осы елсіз Қамысақтыны қайта аңсамасыма кім кепіл? Мен пір тұтатын бір ауыз өлең бар еді. Айтып жіберуге сенің көңіліңді қимай тұрмын. Тегінде, мен көшсем, өз еліме көшермін. Кешеден бері көп ойландым. Мынау қаршығаға баяғы Көкжендеттің атын қоямын. Келмеске кеткен сол бір жылдарды еске түсіру үшін құс салып, серуен құрамын. Менің үмітім алда да, уанышым артта. Бір кезде, «қазақтан өзімдей ұл тумайды-ай» деп уайымдағанмын. Жоқ, олай емес екен. Сенің әншілігіңе, жаныңның сезімталдығына көңілім тойды. Бірақ сіздің буын біздің буынға үміт болса да, серік бола алмайды. Осыны түсінсең, төрінен көрі жуық шалды көш деп қаужамассың...Осылайша Ақан сұмдық бір сырлы үнмен тебірене, толғана сөйлеп кеткенде, Шорақазы іштей елігіп отырды. Ақырында:
– Алда-жалда көшпесеңіз, атымды алыңыз. «Ақан ағаға ақбозды мінгізіп кеттім», деп еліме мақтанып барайын. Маған көлікті құдамыз тауып береді, – деп еді, Ақан бұған да басын шайқады:
– Жолаушыдан дәметкен диуана болғым келмейді, қарағым! Уәжден тосылған Шорақазы Ақанның дидарына көп қарайлады. Шалдың шүңіректеу көзіне нұр тола бастағандай. Бет ажары жақсы. Бойына ширақтық біте бастаған сияқты.
– Ақан аға, қаршығаңыз қайыруға қашан келеді? –деп сұрады Шорақазы. Ақанның жауабы қысқа болды.
– Жарты айдан аса қоймас. Ақан шал көк қаршығаны жасанды тұғырға қондырды. Өзі жастық дәуренге қайта оралардай көңілденіп, түлей бастады. Сері көкей көнетоз қара барқыт бешпентінің төс қалтасына қол салғызып еді, айна жоқ екен. Ақанның айнаға қарамағанына да көп айдың жүзі болыпты. Шал қобдишадан алақандай айнаны алып, өзінің жүзіне қарады. Сүйір сақалы аққудың қанатындай екен. Әлі қызыл шырайы қашпаған нұрлы бетінің жақ сүйегіне шыққан жуан екі ақ қыл бадырайып тұр. Қалың қарағайдың ішіне біткен қисық екі ақ қайыңдай, мүлдем оғаш. Ақан: «Қап, әттегене-ай, Тінәлар осы құбыжықты көрді-ау?!» деп, жез іскекпен жуан екі ақ қылды жұлып тастады. Самайының некен-саяқ қисық ақ шашын отады. Сақал-мұртын баптады. Өзіне-өзі келген шақта құсын баптай бастады.
Қаршығаның жаманы тез жуасиды. Қолдан берген жемтікке мәз болып, екі-үш күннің беделінде көндігіп қалады. Жақсысы ұзақ айналысуды тілейді.Көкжендеттің тым текті құс екенін Ақан әнжімді тырнағынан, тегеурінді топшысынан таныды. Көзінде де сұмдық сұс бар. Басы айналып естен танбаса, төркінін ұмытпайтын пәленің өзі! Ақан әрі ойланып, бері ойланып, сенімді шешімге бел байлады. Жауды аяған жаралыға ұқсағысы келмей. Көкжендеттің көзін тігіп тастады. Өзін тұғырдан ырғаққа көшіріп, ауық-ауық бауынан тартып, ұйқыдан қысты.Көкжендеттің көзі төрт-бес күннен кейін ашылды. Бұл уақыттың ішінде басы айналып, азаттық әлемін ұмытып, жуасып қалған тағы құс алғашқыдай тыпыршымай, талпынбай, тұғырға қайта қонды.Кәнігі құсбегі қаршығаның тұғырда отырысына қарап, жуасуының әлі де жетпей жатқанын аңғарды. Жүні де тым тірі, көзі де шатынап тұр. «Е, бәлем, жыныңды білдім!» деп қойды бір жолы. Содан кейін құсты ырғаққа жиі отырғызуды шығарды. Құс қалғып бара жатса, керменің бауын тартып қалады. Шамданған қаршыға ұшуға талпынса, қайтадан қондырады. Ырғақ та ырғақ! Сұлу құсқа тірідей жасаған шарасыз азап! Осындай беймаза қалыпта көк қаршыға басынан тағы да бірнеше күн кешірді. Ақырында мүлдем жуасып, усиқы күйге түсті. Қаршыға ұрыншақтанудан танып, үкіге ұқсап қалды. «Сыртың сынды, тентегім, енді бірте-бірте ішіңді аршымаққа керек» деді қүсбегі.Ыбанның әкесіне де, қаршығаға да жаны ашиды. Қолдан келер дәрмен жоқ. Өзін-өзі оңаша кетіп жұбатады.Ақан баяғы Көкжендеттің орнын басуға келгендей қапиядан тап болған олжа құсқа бәйек болады. Сері шалдың көңілі тасыды. Кәрілікке көктен қуат біткендей, құтыңдап, күркеге сыймайды. Көкжендеттің аяғына шұбыртпалы бау тағып, күніне әлденеше рет ұшырап, тынымсыз қайыра бастады. Кәнігі көп еңбектің арқасында қаршыға қайыруға көндігіп, ақырында, қолға өзі кеп қонуға машықтанды. Сері шал баяғыда өзі өлеңге қосатын келте көк мылтығымен үйрек, қаз атып, қаршығасын мойнынан ауыздандырды. Ақан салалы да сезімтал саусақтарымен күн сайын қаршығаның төсін сипап, тарыдай түйіншіктерден арытқанша асықты. Көл қатса мұзға байлап арытатын асау қаршығаға бір мәрте киізден құйттай қоя жұтқызды. Қансыз, сөлсіз, ақ жемнен жүрек жалғаған қаршыға көп ұзамай басы артық еттен арылып, бабына келгенде, құсбегі оны бірте-бірте ұзатып ұшыра бастады. Көкжендет шабыт тілеп, шаңқылдап, сайысқа әзір екенін танытты. Бір күні Ақан көл жағалап Көкжендетті қайырып жүргенде, бір топ кісіге жолықты. Бір кездегі үзеңгі жолдасы Тінә бірінші боп сәлем беріп, салмақты мол денесімен төңкеріліп аттан түсті. Қасындағы інісі Қанафия, Ақанға есімі мәлімсіз атқосшы жігіті және әнеугі Шорақазы, Шауқарлар да аттарынан апыр-шүпір түсіп, сері шалға үлкен ілтипат көрсетісті. Әсіресе соқталдай Шорақазы ұстаз шалдың қуаты қашқан қолын қаусатып жіберердей қатты қысқанда, Ақанның оң иығы майысты. Шорақазы үкінің көзіндей үлкен де отты көзін төңкеріп, бейілдер, бауырмал үнмен:
– Ақан аға, құсыңыздың қызығын бірге көрісуге келдік. Мынаған мініңіз! – деп, жетегіне алып келген ақбоз атын көлденең тартты.Тінә болыс та қостап, «бол, болға» басып жатыр. Ақан әнеугі өзі бас тартқан ақбоз атқа мінді. Бабына келген жарау ат жер тарпып, ойнақшып, серінің тақымынан өткен талай сәйгүлікті еске салды.Ақан Қамысақты маңының құстарын үркіткісі келмей, Қара орманды айналып кетті. Орман сыртындағы өзекті қыраттарда қоңыр қаздар жайылушы еді. Көкжендетке тырнақалдысын жат өңірден ілдірмек болды. Бұлар мәрелі жерге түске тармаса жеткен. Бұл –қаздың әлі жайылымдағы кезі. Бидайықты сары өзекті жағалап келе жатқанда алдарынан екі қаз ұшты. Ақан ақбозды оқыс тебініп, Көкжендетті сілтеп қалды. Көкжендет сақпанның тасындай атылып, әуедегі қаздың біреуін іліп түскенде, құсбегінің көзінен жасы бірге шықты.Басқалар да далақтап, шауып, қаршығаның шалымдылығын даурыға мақтасты. Ақан болса, Көкжендетті қаздың мойнынан ауыздандырып жатты. Сары балақ, сар-шегір қаршыға қаздың тарамыс етінен имек тұмсығымен бірнеше рет кекжеңдей шұқығанда, Ақан оған: «Болды. Жетеді. Бұдан артық тояттасаң, қашып кетесің» – деді де, қазды болысқа байлады. Разы болған Тінә:
– Дүниенің қызығы құс салу екен ғой! – деп бір қойды. Осыдан кейін біршама уақыт өткенде, Ақан Көкжендетке және бір қаз ілдірді. Оны Шорақазыға сыйлап жатып:
– Енді қайтсақ та болады. Тырнақалдыға екі қаз қанағат, – деп еді. Құс салудың қызығына тойып болмаған серіктері серінің байламына лажсыз көнді. Қамысақтыға оралғанша Тінә Ақанның басын айналдырумен болды. Көп заманнан бері тұздас-дәмдес екенін, бір-бірінің көңілін қалдырып көрмегенін, серінің бошалаған түйедей елсізге қашқаны жанына бататынын мәнерлі сөзбен мақалдап, мәтелдеп айта келіп:
– Қолына көктегі құстың өзі кеп қонды. Бұ да бір игі нышан. Мәжнүндіктен қайтпақ керек. Еркелігіңді ел әлі де көтереді. Басқаны қойып, біздің ауылға көш. Ыстық қауметің біздің мойнымызда, – деген Ақан жауап қайырмай, тұнжырап қалды. Жол бойы ұзақ ойланды. Болыстың арғы ойын танып келеді. Бұның сөзінде шикілік жоқ. Айтқанынан шығатыны шүбәсіз. Шыншыл ықыластың астары Ақанға және мәлім. Атығай-қарауылдың қаңғыртып жіберген серісін аулына паналатса, бұдан болыстың өз абыройы артады. Оның қайырымдылығы, жомарттығы, тектілігі бір болысқа емес, күллі Орта жүзге аңыз боп жайылады. Тінә сұмның білмейтіні жердің астында. Жалпақ елдің көңілін табу үшін жұрттың бәрін сыйлау шарт та емес, мүмкін де емес. Жақсы көретін кісісінің аузын алып қойсаң, болғаны. Өзгелері соған құрбандық боп кете барады. Ділмәр Тінә Ақанның өз басына келгенде тілінен бал тамызса, күні ертең оның ел-жұртын сүліктей соруға да әзір. Олай болса, әкімнің бұлаң құйрығына алдану – Ақанның парасатына таңба, жасарын жасап, асарын асаған Ақан қанатсыз бүркіттің өміріндей өмірі қалғанда құлқынға қызығып, кейінгі ұрпақтар алдында ұятты бола алмайды. Бір ұртында балы, бір ұртында зәрі тұрған болыстың ауылын сағалағанша, серінің елсіз көлдің жағасында жан тапсырғаны жарастықты. Осындай ой қорытып, осындай байламға тоқталған Ақан Қамысақтының жағасында Тінәлармен ат үстінен қоштасарда былай деді:
–Тінә, көз көргенге не жетсін. Қия алмай тұрғаныңды білемін.Әттең, менің артымда ел-жұртым бар ғой. Көшсем, еліме көшкенім ләзім. Менің пірім: «Аш қасқыр етің қалар сойған жерде, ит болып жүре алмаймын тойған жерде» деген өлең. Биыл ала жаздай осы Қамысақтыны жайлауым да сондықтан. Ал енді, бұдан былай хабарласып тұрармыз. Қаршығаның қызығы әлі алда. Әбден қолбала боп алсын, содан кейін Көкжендет ілген құстан атыңның белі майысатын болады.
– Сол күнге бір жеткізіңізші, Ақан аға! Бүгін құмардан қанбай қалдық қой, – деп Қанафия әлденеге еңкейе бергенде, басынан зерлі сары тақиясы ұшып түсті. Жеті атадан бері ауысып келе жатқандай жас төренің зерлі тақиясы тым көне еді. Қолға қонған қаршығаны оққа байлаған мейірімсіз Кенесары осындай жез телпек киіпті деген қауесет бар. Ақан: «Бөрінің бөлтірігінің бас киімі де бөтен» деп бір қойды.Болыстың атқосшы жігіті Қанафияның тақиясын алып берді.Толық қанды, қызыл шырайлы Тінә күміс шапқан үзеңгісіне шірене түсіп, атының тізгінін шаужайлай беріп:
– Ал, Ақан, біздің ауылдан тартынсаң, ағайыныңа бүгін-ақ кісі жіберем. Ауылыңа барғасын хабарласармыз. Көріскенше күн жақсы болсын! – деді.
Тінәлар жүріп кетті. Шорақазы, Шауқарлар серінің күркесіне келіп түсті. Тырнақалды олжасының үстінде иесіне опа жасаған текті құстың баяны әлі мәлімсіз.Көңілі құйттай қалса немесе ішіне зәредей шыр байланса, қайыруға келмей қашып кетпек. Ақан көк қаршығаны шартты баптан шығармай, байырғы етенелікке үйретуден жалықпады.Ол өкпесі нәзік, жүректі құсқа түтін жолатпай, тамағын мысқал асырмай, мысқал кемітпей, дер кезінде береді. Қолына жиі қондырады, сирек сипайды. Құс тұғырға қонғанда бір қырынан бағып отырады. Ыбанды күркеге жолатпайды. Қыран құстың ішінде қаршыға шіркін өте-мөте сезімтал. Көкжендет те иесінің ықыласына ырза болғандай, оған тура қарайды. Көзін сирек жыпылықтатып, тоятшыл төсін кере, өлі жүнімен дүр-дүр сілкініп қояды. Серіге наз шерткендей, ауық-ауық шаңқылдайды. Бұндайда Ақан: «Еркетотай қайтеді-ей? Құдды баяғы Көкжендетім ғой, жаным-ау!» – деп насаттанады. Жалғыз күркедегі Ақан жалпақ елді есіне түсіреді. Құс салатындар некен-саяқ болушы еді-ау! Соған қарамай, екінің бірі, егіздің сыңары Ақан үйленгенде оған: «Құс құтты болсын!» десуші еді-ау! Сонда қарапайым қазақтың қызды қаршығаға теңегені-ау, шамасы?!Ақан үйленген қыздарын ойлайды. Дәм-тұзының жарасқаны бар, жараспағаны бар. Бәрінен, енді бақса, тектісі де, кекшілі де ақ балтырлы Ақтоқты екен. Қаршығадай айнымалы кербез қыздың Ақан серінің өзін қомсынған кездері болды-ау! Ақан ажырасқанда өзге әйелдерге ұқсап көз жасына жалынбады-ау! Кейін, Ақан жаңадан қосылған жарын тастап құлдық ұра барғанда: «Қайтқан көңіл – шыққан жан» деп, саудыраған шалға тиіп кетті-ау! Енді бажайласа, дүние шіркін құбылмалы екен. Опалы жасықтан опасыз асыл абзал ма, қалай? Немесе кәрілікке мойын ұсынған Ақан сері опасыз Ақтоқтыны неге сағынады? Күңдікке жаралған шүйкебастарды неге аңсамайды?Құс та осындай. Жаманын өзің менсінбейсің, жақсысы өзіңді менсінбейді. Соқпақсыз шәркез бір дүние! Бұл дүниенің қызығы мен қызықсызын Ақан сезінсе, баяндысы мен баянсызы оған танық.Ол өзін бірауық жолсызда адасқан жолаушыға теңесе, бірауық – миуалы бақшаға түскен ұрыға балайды. Бақыты да, бақытсыздығы да, ырысы да, ырыссыздығы да қалың елдің ішінде өткенін шамалайды.Ақан айнаға қарайды. Көңіл хошына қарай өзгеріп тұратын көзінің жанары қоюланып, ажары енгенін аңғарады. Сүйір сақалы да сүйкімді сыңайда. Әнеугі күнгі жүрекке тікендей қадалатын қисық-қыңыр ақ шаш мүлдем жоқ. «Уа, тоба! – дейді Ақан. –Жалғанның қызығы құс салу екен ғой. Қалай түлеп кеткенмін?!» Құсын қолына қондырып, сейілге шығады. Қаршығаның жез тырнағынан қолына түскен жараға масаттанады. «Әнжімді тырнақтар іліккенін жіберер ме, сірә!» Ат басындай қаршығаның салмағы сүйсіндірсе, екпінді талпынысы кәрі көңілге жас желік бітіреді. Жасыл жапыраққа оранып жасарған қу ағаштай, Ақан шал ажарлана түседі...
Қыс түскелі де біраз болған.Ағайын арасына қарашада көшіп келген Ақан бұл уақыттың бәрін думанда өткізді. Күн сайын шалдың қасына ауылдың селт етерлері ергіштеп, қырғауыл ілген, қоян алған қаршығаның қызығын көреді. Кешке серіні қонаққа шақырысады, немесе әрқайсысы өз үйінде Көкжендеттің ұшысын, ілісін, түсісін, тоят ажыратысын ұзын сонар әңгіме етіп отырады.Серінің тіршілік қызығын қайта қуғаны талай елге жетіп, өз көзімен көрмек үшін алыстан ат арытып келушілер де аз болған жоқ. Тінә болыс та осыдан бес-алты күн бұрын қасындағы нөкерімен келіп, қанжығасын қырғауыл мен қоянға толтырып әкеткен. Қызыққа құныққан ол артынша Қанафияны жіберіп, Көкжендетті сұратады. Ақан:
«Тәңір алсын, Тінә да алжиын деген екен. Ақанды жалғыз серігінен қыстың көзі қырауда айырғанша, жазға шейін шыдаса нетті. Басқа құс құрып қалса, жаз шыға берейін» – деп, болыстың тілемсек інісін құр қол қайырған.Болып-толып тұрған кезде Ақан сері кісінің меселін қайтарып көрген емес. Бұл жолы ең соңғы ермегін, ақырғы уанышын қимады. Қанафия тымсырайып, сызданып аттанғанда, Ақанның көңілі енжар боп қалды.Көп ұзамай Тінә тілемсек інісін қайта жіберіп, дұғай сәлемжолдады.«Аулымызға ояз келмекші. Мәртебелі қонаққа сахараның қызығын көрсетпек ләзім. Ақан қаршығасын басыбайлы бермесе, майын берсін, не болмаса, өзі әкеп, аз күн көңілімізді көтерсін» деген. Сері көп дағдарды. Көкжендеттің майын беруге, әрине, болады. Бірақ кілең көрмедіктер қашырып алуы мүмкін. Ал, Ақанның өзі барайын десе, көлденең жұрттан ұялады.Ақан ағайындарымен ақылдасып еді, бәрі де бәтуаласып қойғандай: «Әлбетте, барғаның жөн. Жұрттың көбі оязға сәлем беруге бата алмай жүргенде, қолға қонатын бақтан неге тартынасың», – десті. Ақан ұзақ ойланды. Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда, ұлықтарға жалпаңдауы» өзінің бойына жараса қояр ма екен? Санасыз ағайынның айтқанына ерсең, адастырады? Кілең күнкөрістің пенделері көз алдынан арғыны көрмейді...
Ақан атқа мініп, серілік құрған шақта талай ұлықпен дәмдес-тұздас болған. Омбының шаһарында жандаралдың алдында домбыра шертіп, ән салып, мақтау естіген. Соның бәрі опа берген жоқ. Қайта соңынан әр түрлі жіңішке жолмен түсіп, ақыры өмірден қажытты. Ендігі қалған тұтам тіршілікте иықтыларға несіне жағынады? Қуғын көріп өтсе, ертең көз жұмғанда бата қылушылар көбеймей ме?Хан сарайына қызмет етіп, опа таппаған шығыс шайырлары – Рудаки, Ахмади Донаш, Низа Мулмулик, Фирдоуси, Науаи, Шайырлар Ақан серіге ғибрат. Солармен тағдырлас, сарындас, мұңдас ақындар орыс жұртында да болғанын Ақан Петерборда оқыған зиялы ағайынынан естіген.Өткен-кеткен тарихты ақылдың елегінен өткізіп келді де, сері шал:«Әкімдерден аулақ болғаным дұрыс екен. Шауып алса да болысқа қызмет етпен!» – деп бекінді. Қанафияға Ақан мәймөңкелеген жоқ. Ауыр сөз айтып көңілін қалдырған да жоқ. Анау-мынау желеуді көбейтіп, жағдай айтып, сыпайы сөзбен шығарып салды.Бір күні кеште ауылдың еті тірілері Ақанды ортаға алып, ұзақ сұхбат құрды. Мәжіліс соңында Көкжендетті ертең ертемен түзге алып шығуға бәтуаласты. Ақан тамақ сіңсін деп далада көп жүріп қалған. Таңертең ұйқыдан оянғанда тұғырдағы қаршығасы жоқ боп шықты.Шалдың жүрегі су ете қалды. Алақтап, кішкентай ағаш үйдің ішін түгел тінтті. Құс ұшті-күйлі жоқ.Тысқа шықпақ болған Ақан сыртқы есіктің ашылып қалғанын байқады. Топсасы суырылып қалыпты. Бұл – қаршығаны біреу ұрлап әкетті деген сөз.Дәліз тар да аласа еді. Ақан қаршыға орнына еденнен зерлі сары тақияны тауып алды. Қанафияның тақиясы екенін жыға таныды.Жиналған ауылдастарға Ақан болған істің мән-жайын баян етті. Ауыл ағалары: «Тінә үзеңгі жолдасың еді ғой. Базыналығы шығар. Артынан қуып бару – ұят болар. Бір-екі күн қызықтаған соң, өздері-ақ әкеліп тастайды», – десті. Ақан да тұра қууға құлықты болған жоқ. «Өзім де талайларға базыналық жасап едім, басыма келгені-дағы» деп, үйінде бүк түсіп отырып қалды.Ақанның шыдамы екі-ақ күнге жетті.Түнде уһілеп, күндіз от басында байыз таппады. Үшінші күні кешке таман қасына бір ағайынын ертіп, төренің қыстауына жол шекті. Ауылдан шыға бергенде ақбоз аттың алдын көмірдей қара мысық кесіп өтті. Ақан тістеніп қалды.
– Мысық тілеу қартайғанда да қыр соңымнан қал-мады-ау! – деді ол былай шыға бере.Қырсыққа қарай, іңірде жапалақтап қар жауып, арты желдетіп, қиыршықтанып, кәдімгі ақ құйрық боранға айналды да кетті. Жолаушылар жолдан адасып, айдалада айқай-ұйқайға басып, әрі-бері сандалды. Ақырында қалың орманға тап боп, жыныс ағаштың ішінде таң атқанша жан сақтады. Таң ата боран да басылды. Екі атты бірде желіп, бірде шоқытып төренің аулына жеткенде, иттер абалап қарсы алды. Шеткері бір-екі үйден ғана түтін шығады. Өзгелері әлі бұйығып жатқандай.Түтіні бықсыған үй Тінәнікі еді. Ақан қамшымен терезесін қаққанда, сыртқа әнеугі келінше шықты.
Келіншек:
– Бетім! – деп кимешегімен жүзін тасалады. Тінәнің үйі сегіз бөлме екенін Ақан білетін-ді. Дәлізден өтіп, алғашқы бөлмеге кіргенде, пешке таяу терезенің алдында өліп қалған Көкжендетті таныды. Бөлменің іші түтін сасиды. Шамасы, түнгі боранда от көп жағылып, пештің өңеші бітіп қалғандай.Ақан Көкжендетті айналдырып қарады да, орнына қойды. Өзегі өртеніп бара жатқандай, тонының ішкі бауын ағытып, омырауын айқара ашып тастады. Құстың қанатының астынан екі тал қауырсын жұлып ап, көнетоз қара барқыт кәмзолының төс қалтасына салды.Сері бұл жолы баяғы Көкжендет қашып кеткендегідей немесе Құлагер өлгендегідей қайғырмады. Жыламады!Байбайламады!Тек, қанын ішке тартып, сазарып, үнсіз-түнсіз ұзақ тұрып қалды...Төрелер төргі бөлмеде екен. Ақанмен көріскенде,
Тінә:
– Сері, шығасыға шара жоқ. Базыналық жасап едім. Онымды құдай қос көрмей, ұятты боп қалдық, – деді.Ақан бел шешіп отырған жоқ. Сазарған күйінде тіл қатты:
– Базыналығың базыналық-ақ еді. Менің кепемде қылауға шалдықпаған қаршыға сенің ақ ордаңда түтінге қақалып өлгені жанға батады. Төренің де азғаны ғой! Иранның бегзадалары қыран құсты арнаулы сарайда бақташыға күзеттіретінін білмеуші ме едің?! Құйттай құсқа пана тауып бермеген сендерден не үміт, не қайыр?! Ақан қуаты қашқан денесінің дірілін баса алмай ұзақ тұрып қалды. Бір уақытта:
– Төре-қараға қор болған қайран елім-ай! – деп еді, көзінің жасы бірге шықты.Келмеске кеткен көк қаршығаның екі тал қауырсыны: «Төрелер-ау, обалым сендерге!» дегендей, Ақан серінің төс қалтасынан үлбіреп шығып тұрды.