Алыста тулап, дөңбекшіп, өзімен-өзі аласұрған толқын, енді ұрынарға қара таппағандай ұшы қиырсыз мұхиттың төсіндегі жалғыз ноқат – «Constitution»-ның кеудесіне келіп көпірши соғылады. Ал мұндай толқынның талайын көрген кеме мыңқ етпей, бетін шығысқа беріп баяу жүзіп келеді. Бірінші рет ашық мұхитқа шыққан маған, құрлық адамына, мына дүлей қорқынышты көрінуі керек еді, бірақ ол мені қорқытпайды, тіпті таңғалдырмайды да. Мені таңғалдыратыны басқа …
… « … біздің ержүрек ата-бабаларымыз азаттық алу үшін ең алғаш ашық мұхитқа «Constitution»-ның ақ желкенін керіп аттанды… Американың осы тұңғыш әскери кемесі 1779 жылы Бостонда құрастырылып…» … аудармашының үзіп-үзіп жеткізген ақпараттарын бірде жел іліп әкетсе, енді бірде өз санамдағы бір алаң сезім қағып тастай береді. «Ол неғылған адам… неге жападан-жалғыз… неге шығысқа сонша телміреді…?». Кенеттен қамалаған ойлар күлкілі көрінгенмен, қайта-қайта оралып, әйтеуір бір ішкі түйсік қояр да қоймай мазалай береді. Шыдай алмадым:
– Жаңағы қартқа баралықшы, – дедім серігіме. Серігім бір шетелдік фирмаға Қазақстаннан іссапарға келген еді, ол ағылшын тілін жақсы білетін.
– Қай қарт?
– Палубада жалғыз тұрған… ысырма шекпені бар…
Серігім таңдана қарады, бірақ қарсы болмады. Біз топтан бөлініп, палубаға беттедік.
Сол қарт, сол сурет. Ұзын бойлы, бірақ тіп-тік, қапсағай денесіне ысырма шекпен киген, баскиімсіз, күмістей селдір шаштары жел өтінде бұтаға ілініп қалған ақ шүберектей діріл қағады. Омырауы ашық, шекпенінің кең етегі жел соққан сайын далия жайылып барып, ұзын қонышты етіктерін құшақтай қайта құлайды. Ал қарт міз бақпайды. Палубаға әкеліп қоя салған тас мүсін сияқты қатып қалған.
– Амандасайықшы, америкалыққа ұқсамайды, қай жақтан екен… қай туған… ұлтын айтпас па екен дегенім ғой… – дедім сенімсіздеу сыбырлап.
– Hello, – деді серіктесім.
Қарт кері бұрылды. Түсі қандай суық! Жүрегімді дір еткізді. Мойнымен емес, бүкіл денесімен бұрылуы да, қалың ерні ауыр қозғалып «Hello» деп гүр еткен үні де өзгеше… Қарсы алдымда бүгінгі адам емес, ертегінің кейіпкері… тіпті мысырлық Сфинкс тұрғандай… Тек Сфинкстен айырмашылығы көздері ашық, өткір, қою қабақтың астынан жебедей қадалады, аппақ сақалы омырауын жапқан, бірақ мол кеудеге қонған ірі басы, ызғары Сфинкстен аумайды.
Бойымды билеп, қолымды ұсындым. Біразға дейін босатпауынан менің бойымда ойнаған қанның оның бойында да бүлк етіп болса да қозғалғанын байқадым. Кенет:
– Мен қазақпын бауырым, жаңа серігіңнің сыбыры құлағыма дүбірлеп жетті, қуаныш сыйлағандарыңа рақмет, – деп қазақша сайрап қоя берді, үнінде акцент емес, алып денесіне лайықсыздау сәл діріл ғана бар.
– Қай туғансыз, қай қиырдансыз, – дедім енді батылданып.
– Біле қояр ма екенсің, ол бір ерте туып, ерте семірген марқадай құрбандыққа ерте шалынған бір түкпір еді…
Кеменің омырауын үлкен толқын келіп ұрды. Теңселіп кеттік. Жүрегім айнып, миым шыңылдады. Көзімнің астымен қартқа қараймын, ол түк болмағандай баяғы тіп-тік күйінде… тек суық жүзіне ашық теңбіл қан жүгіргендей.
– Қашан ұшасыңдар, – деді қарт. – Өздерің қай туғансыңдар?
– Ертең, – деді серігім. – Үш күндік сапарға келгенбіз. Мен оңтүстіктен, Жетісайданмын, Бәйдібек атадан тараймыз, шымырмын. Мына кісі батыстан, руы …
– Ойылданмын, руым ысық…
– Е, е, он екі ата байұлы екенсің ғой, – деді қарт жұлып алғандай. Аңтарылып, қартқа қарадым. Жүзіндегі ызғар зым-зия жоғалған. Көз қарашықтары үлкейіп, мөлдірей қалыпты… не мөлдір? …жас болар ма? Кірпіктерін қақса төгіліп түсетіндей, кілт-кілт етеді.
Қас қағымдай үнсіздік орнады. Мұхит тынышсыз. Толқынның бірі гүрс етіп тағы да кемені соқты. Шашыраған судан шоршып түстік. Қарт қана сол қатқан күйі, шекпенінің ысырма тігісімен тамшылар ғана сорғалайды.
– Дастарқанымнан дәм татыңдар, қазы-қарта болмағанмен дәстүрлі мәзіріміз әрқашан дайын, – деді қарт. – Меселімді қайтармассыңдар деп ойлаймын.
Біз, әрине, қуана келістік. Айлақта қарт бізді автокөліктер тұрағына әкелді. Қорабы өзі сияқты еңгезердей бір шетелдік машинасының артқы есігін ашып, бізді орналастырды да, өзі рөлге отырды. Қимылы ширақ, қарттық босаңдық байқалмайды.
– Айып етпеңіз…, – дедім әуестігім жеңіп, – қанша мүшелге толдыңыз.
– Қазақ Пайғамбар жасынан кейін мүшел есептемейді ғой. Тоқсанды толық еңсердім…, – сөзімнің астарын қарт дәл ұққан сияқты, – тоқсан аз жас емес, әрине… бірақ қайратты қайтаратын қайғы ғой… Валентинамның өлімі қартайтып кетті… – деді үзіп-үзіп.
«Әйелі орыс болды-ау!» деп ойладым. Сұрақ қоюға батылым бармады, қайғырмай қайтсін, тек неше жыл бірге тұрды екен? …
– Алланың жазуымен қонған құтты мекеніміз осы, – деді қарт кең ауланың қақпасын аша беріп.
Ақпанның қаһары байқалмайды. Шырша мен қарағайдың исі бұрқырайды, жайыла өсіп, төгіле түзілген бұталы өсімдіктер сол жап-жасыл күйінде … торсиған жасыл жапырақтары кеше жауған қардың ылғалымен жылт-жылт етеді.
– Америкалықтар тұрмысқа талғаммен қарайды. Әрине, ең алдымен өзінің жеке талғамымен … егер шыбынды, кәдімгі байғұс шыбынды қатырып, бөлменің ішкі қабырғасын безендіруге пайдаланса таңғалмаңыз, – деп күлді қарт үйін таныстырып жүріп. – Дегенмен, тарихи құндылықтарды, көне жәдігерлерді ерекше құрмет тұтады. Байқасаңыз, Бостоннан викториандық үлгіде салынған мұндай үйлерді жиі көресіз. Он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдарында Англия королевасы қалыптастырған… Экзотикалық тартымдылығымен құнды… Орта ғасырдың соңғы кезіндегі сәулет өнерінің де, он сегізінші ғасырдың сәулет өнерінің де өзіндік ерекшеліктері араласып кеткен … готикалық үлгінің де, рококолық үлгінің де … айталық қай сызығы немесе қай таңбасы қызықтырады … қолдана бер … адам ол үйді өзіне арнап салады, демек, рахатын да өзі сезінуі керек емес пе және күн сайын … шаршағанда … дем алғанда …
– Әрине, бәрі де адам игілігі үшін …, – дедім аяқ астынан сөзге араласып, дұрысында өйтпеуім керек еді …
– Сіздерде хрущевка деген болды ғой .., – деді қарт. Жымиып қояды. Қулық аралас жымиыс. Бойым дуылдап қоя берді.
– Кеңестік өтпелі кезеңнің өткінші бір парағы ғой ол, – дедім қарттың емеурінін онша жақтырмай.
– Көңіліңізге ауыр алмаңыз, – деді қарт, ауыр алатындай ештеңе болмаса да. – Астана тез, әдемі өсіп келеді, – деп әңгіме тақырыбын кілт бұрып жіберді. – Мүмкін, кейінгі ұрпақ үлгі тұтар сәулет қанат жайып келе жатқан шығар … Жүріңіздер, дастарқан дайын, дәмге отырайық.
Суық, томаға тұйық көрінген қарт, наурыздың жылы желі келіп жібіткен ақпанның сүңгісіндей, әңгімесін тамшылата бастап, бір кезде морт сынды. Сарт етіп түскен сүңгінің тарыдай шашылған әр сынығында бәрібір мөлдір сәуле ойнамаушы ма еді, кеудесіндегі сандаған жылдар бойғы құлыптаулы сыр сандығын аңдамай ашып қалып, одан ақтарылған ой-мұңын енді өзі де тежей алмай қалғандай. Жан-жаққа бытырай қашса да, қатпар-қатпар ой-мұң, бәрібір, бір ғана кеуденің құпия мұрасы емес пе, қашанғы кісендейді, оның да бытыр-бытыр үзілетін уақыты келген болар!
– Менікі қайғы емес, зәр. Мұңдандырмайды – өртейді. Адамның екіге жарылып өмір сүруі мүмкін бе? – қарттың жүзіне тағы да ызғар жүгірді. – Мысалы, мен Американың азаматымын. Не ішіп, не жеймін десем де бәрі бар. Егер адамды тұрмыс билейтін болса, маған тарығудың да, торығудың да еш жөні жоқ. Ендеше кезінде кіндік қаным тамса да қазір ешкім білмейтін, яғни ешкімге керегі жоқ қияндағы бір түкпір мені неге сонша қамықтырады …
Ол сөзін аяқтамай, ойланып біраз отырды. Біз де үнсізбіз. Тамақ суып барады. Ешкім «алыңдар» демейді, ешкімнің оған қол созғысы келмейді. Дастарқанның үсті болса дәмге толып тұр.
– Шыдай алмадым, соғыс аяқталып, дүрбелең басылды-ау деген кезде, елуінші жылдың көктемінде қияметтің қиынымен елге бардым … Ойылға … Және сол қияметтің қиынымен Америкаға азар оралдым. Түрмеге қамалуым да мүмкін екен. Кездейсоқ оқиға ғана құтқарып қалды.
«… Е, е, ойылдық, жерлесім екен ғой… Мұртты шалдың құдіретін түсінуіңе елдік, бауырмалдық мінез, сезім аздық етеді …». Апиын ішкендей алабұртып отырмын. Араласа жүріп, алыстап кеткен, қадірін біліп, қадірлей білмей, сырты бүтін, іші түтін күйде күн өткізіп, иіні түскен пенделер көз алдыма шыбын-шіркей, құрт-құмырсқалар сияқты жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр толды да кетті. Бірақ олар үнсіз, мылқау, ал қарттың үні анық естіледі.
… – махаббат сезімін ақын, жазушылар ғана әдемі суреттей алады, ал қарапайым адамға оны суреттеудің керегі не? Ол оның жүрегіне өзі-ақ жазылып қалған, балталап шапсаң да өшіре алмайсың … мен де өшіре алмадым. Америкада өмірім бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, әп-әсем тіршілігімді жалғастырған едім. Бірақ келе-келе баяғы ауру қайта басталды … кешегі танысымдай қол бұлғайтынды, кейбір оқиғалар қаз-қалпында тізбектеліп, еріксіз беймәлім күйге түсіретінді шығарды.
Әбеннің Қазбегі, Қазбектің Теміртасы, Бисенбінің Жантілеуі мен Қарақұлы, Жантілеудің Нәбиі, Қарақұлдың Жаналысы … Ізтілеуов Сағидолла, Жанқожаның Сәттібаласы, Омаров Әбдіреш … бала едім … бірақ ұмытпаппын … көптің ішінен дараланып есімде қалыпты … айтпақшы, сол жылы, жиырма жетінші … Қарақұлдың Жаналысы, кейінгі ғылым қайраткері Есенбайдың туған ағасы қайтыс болды, сүзектен … Қарақалпақ асып, Ойылға уақытша оралған Қарақұлда не дәулет болсын … бірақ ел іші … көршісі Сәттібала, академик Жамиланың әкесі, күпілдетіп екі бие сауып отыр, поштаны басқарады, қою сақал-мұрты бар келбетті адам еді, Әбдіреш қаржы бөлімінің жауапты қызметкері, ол да дәулетті … солар көтеріп әкетті ғой … Тек сол қаралы күндерде Жаналының жақында келін боп түскен он алты жасар әйелі Айжанның қайғылы тағдыры болмаса … Ерекше сұлу жаратылған жан еді … жүзінен иманы үзіліп тұрушы еді … Жаналының топырағы суымай жатып, әмеңгерлік салты талқыға түсті. Жаналының үйленбеген ағасы да, інісі де бар еді. Айжанның өзі де әмеңгерлікті қалағандай еді, бірақ амал не … кім біледі, сүйгенін табар деді ме … әлде Айжанның қалың малға қызығып сөз жүгірткен өгей шешесінің қаһарынан сескенді ме, әйтеуір Қарақұл Айжанды құшақтап, маңдайынан сүйіп, оның басына бостандық берді … заманның ыңғайы да басқа еді ғой. Бірақ Айжан қалағанына емес, елу жастағы, әйелі өліп, жеті баламен қалған Тышқанбай дегенге ұзатылып кете барды. Жас әйелімнен айырылып қалармын деп қауіптенген Тышқанбай Түркімен жаққа көшкенде Айжанның егіле жылағанын көріп, қайғырмаған жан болған жоқ. Тоқсаннан асып, жүзге жақындағанша көргенім аз ба еді? Ендеше соның бәрінен оқшау, алабөтен, сонау қиырда қалған, атамзаманғы қаралы, сонымен бірге сондай ыстық сол суреттер неге көз алдымнан кетпейді? Бұл не? Жалғыздықтың дерті ме? Қиялда құбылған сағым әсерлер ме? Ендеше ол неге таныс … неге өзім де сол оқиғалардың арасында жүргендеймін, жо-жоқ, ол жәй әсер емес, оның бәрі рас, өзім куә бейнелер, өзім куә оқиғалар … көзім көрді … құлағым естіді … қуандым … қорықтым … енді, міне, оның бәрі ұмытылмапты, жетпіс жылғы жаңғырықты енді қалған бір тұтам өмірде қалай тұншықтырарсың?! …
Қарт тағы да сөзін үзіп, сақалын салалап, біраз үнсіз отырды. Біз де үнсізбіз. Дастарқандағы дәмді әкетуге болар еді, әлдеқашан суып қалды, бірақ оған ешкім мән де бермейді.
– Иә, тұншықтыра алмадым. Оның үстіне марқұм Валентинамның тектік рухы бөлекше еді, жарым да, досым да, рухани ұстазым да еді … Ол өзі де эмиграциядағы орыс дворянының қызы болатын. Жарықтық, өзі де текті еді, ресейдің ақсүйектерімен байланысын үзбей кетті. Орыс адамының мінезін, арғы-бергі өмірін терең білетініне қайран қалатынмын. Мәскеуге бірнеше рет барып, Бүкіл Ресейлік Дворяндар съезіне қатысты. Кезінде тек ақсүйектердің қыздары ғана оқыған институт бар емес пе, соның ғимаратында өтетін жыл сайынғы би кешін интернет арқылы тамашалайтын да отыратын. Марқұм менің детектік тарихымды егжейлеп сұрап, ылғи да рухани демеп отырушы еді. Сіздерге, мүмкін, оғаштау көрінер, отаны бар, бірақ отансыз өмір кешіп жүргенде одан құдіретті, одан қасиетті күшті таба қою қиын. Ақыры, тағы да сапарға шықтым … әрине, рұқсат алу оңай болған жоқ … ол өз алдына ұзақ әңгіме …
… Тағы да үнсіздік. Бір кезде ол селк етіп:
– Ғафу етіңіздер, қазір, – деп қызметші әйелді шақырып, дастарқанды жаңартуға тапсырма берді.
– … туған жердің топырағына табаным тигенде қандай күй кешкенімді айтпай-ақ қояйын … Қаңқайдан түсіп қалдым … шиқылдақ автобус қажытып жіберген еді … әрі оңаша, жаяу барайыншы дедім. Қаңқайдың қыраты мұндай биік болар деп ойлаған жоқ едім … аяғымның астынан аңсап келген суреттерім самсап қоя берді … құдайым-ау, Барқынның қарағай емген құм төбелері түк өзгермепті, жоталанып, көзімді алып қашады … әне, оның етегінде жасыл орман … ол да сол қалпы, қоп-қою болып қарауытады, исі бұрқырап-ақ тұрған шығар … Қарауылтөбенің етегіндегі анау жыпырлаған үйлер – Ойыл, … тек тым жүдеу ме … мейлі ғой … бәрібір сағыныш сазы тыпыршиды кеудемде … кенет жүрегім шаншып қоя берді … алақаныммен қысып, өзімді-өзім сабырға шақырамын … сап, сап … мұнда сені ешкім күтіп отырмаған шығар, әрине, хабарсыз келдің, ешкімің болмаса кіммен хабарласарсың … тек сапарыңа өкіне көрме … жұрт тіршілігі жоқ мұзды мұхитқа да барып жатыр ғой, ал бұл сенің кіндік қаның тамған жер, балалық шағың өткен жер …
Ысып барып, суып қайттым тағы да, туған жердің үкіметі қуғындаған ұрпақтың тұяғымын … алаштап ұрандаған әкенің ұлымын, бірақ кейін, тірі қалған жалғыз ұлына – маған тіс жарып ол туралы ештеңе айтқан емес, ауған, иран жерін басып, ақыры Америкаға келіп тұрақтаған азапты жолда бес ұл, жеті қызынан бірдей айырылғасын ба, мені саясат туралы әңгімеге араластырмайтын, бірақ жүрегінің түкпірінде керемет үрей бар екенін бәрібір сезетінмін… сол үрей маған көшті-ау деймін, бір адамға сыр ашып, көкейімдегі сұрағымды қоя алмадым … сүреңсіз көрініс … тұнжыраған жүздер … алпыс төртіншінің жазы еді … ауданның тарап, ағайынның алауыздығы асқынып тұрған кезіне тап келіппін … менің қиялымда Ойыл мүлдем басқа еді … аштық пен обаның қайғылы көріністері ұмытылып, санамда тек мыңғырта мал өсірген, шалқытып ән шырқаған, төгілтіп күй төккен салтанатты мекенім ғана … «Басымды жылқымның өрісіне қаратып жерлеңдер, дүбірін естіп жатайын» деген сияқты әсерлі сөздер ғана қалып еді … Оны айтқан адамның бейіті Ойылдың бойында әлі де сағым арасынан жұмбақтана көрінеді. Енді сол дүбір тынған, мал азайған соң, басқа өндірісі жоқ өлкенің ажары тайған. Батыс пен Шығыстың біраз елдері тауарын әкеп, сауданы дүрілдеткен Көкжар жәрмеңкесінің қызыл кірпіштен салған тарихи ғимараттары белуарынан құм қауып ол жатыр, әлдекімдер кірпішін алғысы келіп, трактормен түйсе де мыңқ етпеген соң ғана аман қалыпты. Бүкіл түркі әлеміне аты мәшһүр Сағидолла мен Хасен қазіреттер имандылық дәрістерін жүргізген мешіттен есектің ақырғанын естігенде жүрегім тоқтап қала жаздады … қасиетті орын қасиетсіз мақұлықтың еркінсіп кіретін көлеңкесіне айналыпты. Рухы мықты арыстар азаттық үшін алыса білген, солардың штабы орналасқан, санамда мақтаныш сезімін ғана тербететін Ойылда Боқты арал деген мүйіс пайда болғанын, онда адамдар тұратынын естігенде еңсем мүлдем түсіп кетті … жаңа үкіметтің бергені қайда сонда, жарты ғасыр өтсе де, жарты қадам ілгері жылжи алмағаны ма …
Манадан бері әңгімесін ұйи тыңдап отырған қара шалым қара пәлекетке айналып бара жатқандай көрінді маған.
– … мәселе қандай көзбен қарауда ғой және оның бер жағында көп нәрсе өзгерді, – дедім шалдың сөзін бөліп.
– … мәселе өзіңнің жүрегіңе өзің үңіле білуде, – деді ол беті бүлк етпей, – өзіңді-өзің қадірлей білуде … жат жердің адамы болсам да … отанын сатқан деген қоңырауым болса да … мен бұл топырақты ең болмаса бір иіскеп кетсем деп армандап келдім, менің көзіме үңілсең, одан сағынышты мұңнан басқа ештеңе таппас едің…
Қарт ойланып қалды. Менің енді оның сөзін бөлуге батылым бармады.
– … жаңа айттым ғой, сағынышымды баса алмай, ешкіммен тілдесе алмай, тағы да Америкама қайттым… Ақтөбеде басым зеңгіп, аэропортта самолеттің ұшуын күтіп, әрлі-берлі сенделіп жүргенмін. Қалтарыста, шолақ аяғының үстіне, протезі қасында, баскиімін қойып, әркімге бір телміре қараған қайыршыға көзім түсті. Аяп кеттім. Туған жердің қажетіне жаратармын, мүмкін, деп алып шыққан, жаратудың реті келмеген біраз қаражатым бар еді, соның бір бөлігін жаңағы баскиімге салдым … титімдей, дегенмен ол кезде соның өзі-ақ жаңағы қайыршыға жағдайын кәдімгідей жақсартып алуына жететіндей еді. Бойым жеңілдеп сала берді.
Тағы да үнсіздік. Дастарқандағы дәм тағы да суып барады, ешкім оған қол созбайды.
– …иә, оның бер жағында көп нәрсе өзгерді… жәрмеңкенің ғимаратын, бір бөлігін болса да, сақтап қалған азаматтар табылды… аудан орталығын Ақтөбемен қосатын асфальт төселді… Барқыннан ауызсу тартылды, жаңа аурухана салынды, оған қазіргі заманға сай жабдықтар сатып алынды … тамаша спорт залы пайдалануға берілді, дегенмен уақыт болса зымырап барады …, – ол ойланып қалды, сосын, – Мұхтар абыздың, Әуезовті айтамын, «Төзімділік жақсы, бірақ өмір қысқа ғой» дегенін білесің бе? – деп маған барлай қарады.
–?
Қара шалдың қабағы елеусіз жыбыр етті. Мен біртүрлі жасып қалдым. Ол қоңыр үнмен әңгімесін жалғастырды:
– Әкем марқұм Сұлтанмахмұттың:
«Ана жерде татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мына жерде қазақ тұр
Қасында оның азап тұр» дегенін жиі қайталаушы еді, сол есіме түсіп отыр. Заман да, адам да тез өзгеріп жатқан кезде сол тездікті тұрмыстан да іздеуге болмай ма… Ойылдың тұлымшағы желбіреген қарадомалақтары ойнайтын парк қайда… аттракциондар қайда, фонтан, бассейн қайда … басқа балалар құсап балмұздақ жеп, әртүрлі тәтті сусындар ішіп, неге шуылдап, шапқылап жүрмейді … бір кездері балмұздақ та, сусын да, тіпті шұжық та Ойылдың басында дайындалып еді … қаймақ та, сары май да … басшы кетті … сонымен бірге балмұздақ та, шұжық та кетті. Қазақтардың арасында тұрып, еліне барған неміс елінде қымызхана ашып, енді баласы сол қазақтарды көрсем деп армандайтын көрінеді … әдемі-ақ арман … оның, мүмкін, қаржысы бар шығар, бірақ сіздерде бие де, түйе де бар емес пе … сұраныс та бар емес пе … қайда сол қымызхана … қайда сол шұбатхана … астымда мұнай, үстімде құдай, ортасында мен – адай дейтін адайлар қайда, адай болмаса адайлық мінез қайда … сол мұнайдан ажыратылмай далада текке жанып жатқан газдың қызығын неге әлі күнге көре алмай отыр …
Мына қайдағы бір шетелдік қара шал екі жағымнан кезек-кезек шапалақтап жатқандай бетім дуылдап кетті. Түк жауап қайтара алмадым … не дерсің … айтқандарының бәрі рас … мүмкін, ақталуға болатын себептер де бар шығар … бірақ факт … тырп еткізбейді.
– … тәуелсіздік алғанымызға көп болған жоқ қой, – дедім міңгірлеп.
– … сол тәуелсіздік құртты ғой менің діңкемді…
– Оның не кінәсі бар? Елге оралсаңыз сізді енді ешкім қудаламайды … қайта құшағын ашып, келе ғой, бауырым, демей ме, – дедім. Көңілім көтеріліп, қырсық шалды тап осы жолы аяғынан шалған-ақ шығармын деп ойладым.
– … оның кінәсі болмаса осындай күйге түсер ме едім … екі рет талаптанып, екі ретінде де жолым болмағасын кәрі жүйкемді жүндей бермей, ақи-тақи тыншу тапқанмын. Оның кінәлі болатыны – келді де тыныштығымның күл-талқанын шығарды. Елден не алам деп емес, не берем деп жүрген пендеге еш мүмкіндік қалдырмады … мүлдем кеш келді …
Қарт ойланып отыр. Біз де үнсізбіз. Дастарқандағы дәм әлдеқашан суып қалды, оған ешкім қол созбайды.
– … ескі арба сықырлауық келеді, ескі күйді қозғап мазаларыңды алдым ба .., – деді қарт бір кезде, – бірақ ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген арба ғой ол. Табиғаттың дүлейі мұхитты қалай сапырса да мұхит түбі бір тыншып, сабасына түспей ме, сол тынышталған кезінде қойнында қандай дүлейге болсын төтеп бере алатын күштің бар екенін, жаңағы дүлейді сол күштің жеңіп шыққанын сезінбей ме?! Мен тағдыр солай сілкілеген, әйтеуір әупіріммен тірі қалып, жанының сірілігімен тіршілігін түзей білген ұрпақтың өкілімін. Бірақ қанша сілкіленсем де, тәлтіреген сәтімде қолтығымның астынан демеп, тұрғызып жіберетін бір құдіреттің бар екенін ылғи да сезетінмін. Ол – өмірге құштарлық, ал ондай құштарлық болу үшін әуелі өмірге келу керек қой.., – қармағының қалтқысы бір батып, бір шығып, су түбіндегі бір күштің арбауына түскен балықшыдай қартқа қадала қараймын. – … дүние есігін ашып, санаңа сәуле түсе бастағанда, ең алдымен көргенің жаңағы сықырлауық арба, естігенің атадан атаға, әкеден балаға, қаннан қанға көшкен тектік сарын … мықты болсаң, сол көргенің мен естігеніңді өшіріп көр … қаншама жыл өтті … америкада тұрып жатқаныма … дамыған ел … мақтан тұтамын. Бірақ мен америкалықпын деген рухқа бас иетініме еш күмәнім жоқ … азаматының бойында сондай рух бар ел, әрине, көштен қалмайды … өткен күзде, сіздерде, республикалық газеттердің бірінде бір тәуір мақала жарық көрді … қуғын-сүргін жылдарына арналған … бастан өткізген көріністер ғой, тебіреніп оқыдым, тек сондағы бір дерек жүрегімді тіліп түсті .., – қарт жеңін түріп, шынтағының үстіндегі бүртиіп, қызарған тілікті көрсетті .., – содан қалған жарақат әлі жазыла қойған жоқ … үш-төрт-ақ сөз, бірақ тұп-тура жүрекке барып қадалатын сөз … «Парадокс! Шығанақ Берсиев аштан өлді …». Солай ма? Құдайым-ау, біресе жылатып, біресе аштан өлтіріп тәлкек етердей адам ба еді ол? Сенсация қуудың да шегі болмай ма? Қара қайраттың қайраткері, қайран аға ғайыптан тайып араңызға орала қалса, қайтер едіңіздер … көргенмін ағаны … ағаны көзі көргендердің бәрі бірдей дүниеден өтіп кетпеген шығар … олар неге намыстанбайды? Бұл не? Енжарлық па? …
Үнсіздік. Менің де көңілімді белгісіз бір мұң басты. Рекорд дегеннің, тұлға дегеннің кейде осылай түкке тұрмайтындай бірдеңе бола қалатыны өкінішті …
– Жо-оқ, елде Шығанаққа деген құрмет ерекше, – дедім ішкі ойыммен арпалысып. – Ал сіздің денеңіздегі жарақаттың оған қатысы қанша …
Қарт жалт қарады. Түйілген қабағы әнтек жыбыр етті.
– … қатысы болғанда қандай … мен сіздерге бұрын-соңды тірі жанға ашпаған сырымды ашайын … қалай қабылдайсыздар, ол өз еріктеріңізде … менің досым болды … өткен жылы қайтты … он шақты жылдай бұрын үйіне барғанымда марқұмның білегінен тамшылаған қанды жалап, оқ тиген аяғын тістелей арпалысқан аң сияқты аласұрып жатқанының үстінен түстім … не болды, не болды, айтсаңшы деймін. Көз жасы мен білегінің қаны араласып, қызылшұбарланған сақалы селкілдеп, қабырғадағы отқа қарай басын изей береді … қараймын, онда бір бума қағаз шеттері қара күлге айналып, қызыл жалынға оранып үлгеріпті … не қағаз … бума сырт етіп сынғанда арасынан көне фотолар қылт етіп, қайтадан отқа жұтылып кете барды. « … Әне, әне, менің өмірім өртеніп жатыр, – деді досым ышқынған үнмен. – Енді азатпын, азап маған қорқынышты емес … ол, әне, Арайлыммен бірге шоққа, сосын күлге айналады … ұшады … ұшып кетеді … азатпын, мен азатпын …». Біреу жүрегімді суырып жатқандай дір-дір етемін … түсінікті … «азатпын» деп бірнеше рет қайталағанмен, маған досымның сол азаттықты мүлдем аңсамайтыны, қайта нағыз азаптың ең шешуші сағатының тез соғуын құлдық ұрып тілейтіні түсінікті … оны басқа тірі жан түсінбейді … бірақ мен түсінемін … досымның тағдыры да менің тағдырыма ұқсас, жерлесім … тек мен батыстан, ол оңтүстіктен … баяғы аласапыран күндерде бауыры төрт табандап жүрмей қойған есекке «сарттың малғұны» деп басынан соққанда соққысы қате тиіп, оның көзін ағызып алғанда «қоғамның малын жарақаттады» деген айыппен алты жылға сотталып, мәселе ушығып, ара түскен әкесі ашу үстінде бір милицияны атып өлтіріп, соңы бүкіл әулет қуғын-сүргінге ұшыраған соң жел айдаған қаңбақтай ақыры бір өзі осы Бостонға келіп орныққан, қайғы-мұңы қырық қатпар жан еді. Қайта менің әке-шешем бар, Валентинамды да таптым, ал ол байғұс сорайған қара басы, тұңғыш та соңғы махаббаты – Арайлысын сол зауал күндерде жоғалтқан, көне хаттары мен суреттерін ғана қойнына қысып, жалған дүниенің жалған ләззатын алдамшы серік еткен, жүрегі нәзік, сыршыл адам еді. Сол алдамшы серігі де, әне, жанып бітуге жақындады. «Сағыныш сезім емес қып-қызыл шоқ екен ғой, шыдай алмадым, құдай-ау, пенделікке көндікпейтіндей, Арайлымды ұмыттырмайтындай тағдырға не жаздым …өртеніп, күймей енді қайттім …». Досымның құз басынан соңғы сапарын күткен, бүкіл үміті үзіліп, бүкіл сәуле сөнген сәтте еркінен тыс жасалған есалаң әрекеті онан сайын жанын қинап, өкініш пен өксікті өз білегін өзі шайнап басқан жан арпалысын түсінбеу маған мүмкін емес еді. Өйткені ол менің де жүрегімнің айықпас дерті. Досымның білегінен аққан қан бойымды тызылдатып, санамда бір ой жарқ еткендей болды. «Досым, мен сені түсінемін. – дедім. – Екеуміздің жанымызды күйдіретін бір күйік. Ол күйіктен құтылар жол жоқ бізде, мүмкін, жеңілірек болар, ата-баба салған із … өз денемізді өзіміз тістелей бермей, ол күйікті ұстараның жүзімен тіліп шығарсақ қайтеді …». Досым алара қарап, басын изеді. Мақұлдағаны. Солай істеуге анттастық. Содан бері жүрекке салмақ түссе ұстараға жүгіремін. Мына тыртық денеме Шығанақ ағаға қатысты ғайбат сөздерді оқығанда түсті. Сіздер үшін ол, мүмкін, айтыла салған жел сөз сияқты шығар, ал мен үшін ол жүрекке тура атылған оқпен тең.
– Авторын білемін, жақсы көретін інілерімнің бірі. Үмітімізді арқалаған білікті ғалым … қай түленнің түрткенін қайдам, әрине, өкінішті, – дедім басқа сөз таба алмай.
Қарт білегіндегі тыртықтарды уқалап, әдейі назар аудартқысы келді ме, бүріліп біткендерін басып-басып қойды. «Неткен көп тыртық, құдайым-ау, мынаның бәрі туған жеріне деген сағынышына қатысты болса, сорлы шалдың жүрегі қалай шыдап жүр» деп ойладым еріксіз.
– Жаңа сіз мәселеге қай көзбен қарау қажеттігін ескерттіңіз, – деді ол. – Енді өзіңіз, сонда тұратын перзенті ретінде, туған жеріңізге көз салып көріңізші, сосын шыныңызды айтыңызшы, қандай жаңалықты байқайсыз?
– …
– Бостонды араладыңыздар ма?
– Араладық.
– Не байқадыңыздар?
– Тарихи орындар көп екен, бәрін таңбалап тастаған, шежіре оқығандай әсерге бөленеді екенсіз …
– Ау, ақсақал-ау, бес жүз мыңнан астам халқы бар Бостон мен бес мыңға жетпейтін халқы бар Ойылды салыстыру тіпті ақылға сыймайды ғой, – дедім тап осы жолы шын ашуға мініп.
– Әрине, солайы солай, – деді қарт, – бірақ мәселе тек сонда ғана емес, жаңа өзіңіз айтқандай, қандай көзбен қарай білуде. Әне, … әкімдік алдындағы, әрі аты-жөні толық емес, әрі ондағылардың кім, қандай адамдар екенін ешкім біліп жарытпайтын обелиск … белгісіз жауынгерге арналған елеусіз ескерткіш … ол да күрделі заманға тап келген аға ұрпақтың күрмеулі тағдырының куәсі, … алайда түбіне гүл шоғын құшақтап келгенмен … егер барса … ол рухты іңкәр сезіммен сусындата ала ма … рух … тарих … тағылы-ы-м-м .., – қарт сезім тұтқынында, босана алмай алқынып отыр, әңгімесін деміге жалғастырды, – өткен жолы Бостонға Ғалия қызым бастап Құрманғазы оркестрі келгенде қуаныштан өзімізді қоярға жер таппай кеттік … Пол Ревер сияқты екі күн, екі түн қаланы кезіп жүріп, бүкіл қазақ кіндіктіден сүйінші сұрадық .., – аңтарылып қалғанымызды байқады ма, қарт, – Пол Ревер 1775 жылғы 18 сәуірге қараған түні ағылшындардың әскери флоты қараңғылықты жамылып, жағалауға жақындағанда атына салт мініп бүкіл Бостонды көтерген зергер, тек сол патриоттығы үшін ғана қала халқы оны ерекше құрмет тұтады, – деді. Пол Ревер тұрған қарапайым үй бұл күндері бостондықтардың қадірлеп, күтім жасар тарихи ғимараттардың бірі. Өйткені ол – азаттық алауындағы естелік … латыштардың ескі қайықты тұғырға қондырып, «ата-бабамыз азаттықты бізге осы қайықпен әкелді» деп оны ұрпағына ұлағат ететіні де сондықтан … Бостонда тәуелсіздік декларациясы тұңғыш жарияланған балкон да, тіпті бостандық туралы тұңғыш рет сөз болған алаң да, арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол кездегі қалпы … төрт жүз жылдай бұрын тұрғызылған мектеп те сондай, сол күйі … өйткені онда Американың негізін қалағандардың бірі Бенджамин Франклин оқыған … бұрынғы күйі өзгерсе, тарихи болмысқа сызат түсер еді … енді ойланыңызшы, Ойылдың жүз жылдан астам тарихы бар ғимараттарын, тап сол кешенді күйінде, басқа өңірден сирек кездестіресің, солай емес пе, пошта үйі сол кешеннің біреуі ғана, оның сыртын сылауға, реставрация емес, кәдімгі сылақпен үстін баса сылауға қалай дәттерің барды, жүз жылға төтеп берген сыртқы көрінісі енді он жылға шыдай алар ма екен, ой, дүние-ай, құндылықты құнды дей білу үшін де көп нәрсе керек болғаны ма … өткен ғасырдың басында нақ осы үйден азаттық үшін айқас ақпараттары күні түн тынымсыз ағылып еді ғой, төңкеріс көсемінің өзі «Ембінің мұнайына жол ашу үшін өлсең де, тірілсең де Ойылды жаудан тазарт» деп Түркістан майданының қолбасшысына жедел бұйрық берсе … тиісінше, көп ұзамай Фрунзе «жолдас Ленин, Ойыл қолымызда» деп Мәскеуге жеделхат жөнелтсе … сол Фрунзе «алаш қайраткерлерімен келіссөз жүргізіңдер, келіссөз тек Ойылда өткізілсін» деп бір тәулікте төрт қайтара байланысқа шықса … сол күндерде Ойыл мен Қызылқоға арасындағы ең соңғы шешуші шайқасты большевиктер емес, біржақты алаш патроиоттары ұйымдастырса … осыларға қатысты ақпараттардың бәрі осы пошта арқылы тараған болса … бұл ғимараттың тарихи орны ерекше екені осыдан-ақ түсінікті емес пе … оның қабырғасында «осылай да осылай, мұнда мынадай оқиғалар өткен» деген тағылымды тақта тұрмас па?! …
– Сіз жаңағы сылақ жайлы қайдан білесіз, мысалы, сол жерде тусам да мен білмеймін …
– … білгің келмесе білмейсің, – деп қарт қырсыға жауап қатты, – әйтпесе, Ойыл уәлаяты уақытша үкіметінің тағдыры тағылым болар қалың тарих емес пе, айтшы, содан не белгі бар … жә, … қазір бастығыңның басындағы өзің туралы теріс ойларды оқуға болмайтын шығар, басқасының бәрі жария, интернет, құдайға шүкір, үйретті ғой, – деп жымиды қарт. – Абылай, түйіншекті әкелші.
Бөлмеге он екі, он үштердегі ер бала кірді. Сыпайы амандасты, қазақ тілінде сайрап тұр. Таңдана қарап қалғанымызды байқады ма, қарт:
– Немерем ғой, бар үмітім енді осында, – деді.
– Ұлыңыз қайда тұрады?
– Швейцарияда, жүз миллион евроға үй сатып алды, үй емес, сарай …
– … мында жалғыз тұрасыз ба, ұлыңыздың қолына бармадыңыз ба … немереңіз …
– … немерем әке-шешесіне барғысы келмейді, менің де … ол шіркін ел-мел деген түсініктен жұрдай ғой.
Қарт күрсінді. Ал мен: «Туған жерінде тұратын, дағарадай үйі бар, бірақ өмірінің ең қызық сәттерін шетелдерде өткізетін, әйелі қойнында, бірақ бірін-бірі мүлдем түсінбейтін, қазақпын деп жазылатын, бірақ қазақ тілін білмейтін және білгісі де келмейтін сыпайылардың қасында сіз әлдеқайда бақыттысыз ғой. Туған жерді сүю сезімінің ыстық демін жұтып, сонымен тыншу ғана емес, Құдай сізге қайғыра білетін қайрат та берген екен, қартым. Жарайсың. Жұптаса өмір сүрудің ләззатын алты күннен асыра алмайтын кейбіреулердей емес, оған да алпыс жыл бойы қылау түсірмепсің. Жүрегіңнің соғысынан ана тіліңнің ып-ыстық лебі еседі. Үш тұғырда да тік тұрған бақытты адам екенсің … » дедім өз деміме өзім тұншығып. Тек ішкі дем … сыртқа шығара алмадым, шығаруға болмайтын да еді … Шынайылық шыны сияқты, шырт сынып кетуі мүмкін ғой.
– Енді … туған жерге үшінші рет барғыңыз келмей ме .., – дедім сабырмен.
Қарт үн қатпады. Орнынан тұрды. Саусақтары дірілдеп, Абылай әкелген түйіншекті шеше бастады. Бір уыс топырақ … кәдімгі бір уыс қара топырақ. «Мына шал туған жердің топырағын сонша жыл сақтап жүрген бе? … тек түрі өзгешелеу екен …». Ойымды оқығандай, ол терең күрсініп, былай деді:
– Кіндік қаным Ойылда тамғанмен, бүкіл саналы өмірім Америка жерінде, осы Бостонда өтті. Әкемнің де, анамның да, Валентинамның да сүйегі осында жатыр. Бостон да – отаным, екінші отаным. Екі метрлік мәңгілік мекенім де осында. Валентинамның қасынан дайындап та қойдым. Дәмім таусылған сағатта барамын да жатамын. Мына топырақ сол жаңа мекенімнің топырағы … Елге еңбегім сіңіп, сый-құрмет күтетін адам емеспін. Бір уыс топырағымды елге жеткізіңдер деп кімге қолқа сала аламын … дегенмен … бұл да бір орындалмастай арман еді … бір әлсіз үміт бас көтергендей болады … Егер … егер … айып етпесеңіздер .., – қарт ентігін басып сәл кідірді, – … соны сіздерге табыс етсем қайтеді …?
– Өтінішіңізді орындаймын, ата-баба қорымын айтсаңыз болды, сондағы топыраққа өз дәстүрімен қосамын, – дедім.
– Солай істеген дұрыс болар еді, әрине, – деді қарт күрсініп, – бірақ соңғы барғанда ата-баба қорымын әдейі іздедім … таппадым … шөп басқан төбешіктер ғана … уақыт ізді өшіріпті … оқасы жоқ … шыр етіп дүниеге келгенде тәнімді алғаш шайған Ойылдың суы еді, мына топырақ сол Ойылдың суына қосылса туған жеріммен мәңгілікке қауышқандай болар едім … оны шашпай-ақ қойыңыз, алақаныңызға салыңыз да, алақаныңызды жағалаудағы суға батырыңыз, тек ерітіп, ағызып әкеткенше күтіңіз …
— Жақсы, – дедім.
— Ендеше қоштасайық, – деп қарт кең құшағын аша берді. Сол құшақтан
босағым келмей, шалдың төсіне басымды қойып, ұзақ тұрып қалғаным есімде.
Қазіргі бүкіл дүние жаһанданған заманда мына қара шалдың бойындағы жаңағы үш қасиет те сол жаһанданудың ашқарақ көмейіне жұтылып кетпесе екен деп тіледім.
Бостон, АҚШ, 2010 жыл, ақпан