СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ. ТҮС

О дүние былай басталды.

— Алланың құлы Мұхаммедтің үмбеті аш көзіңді!

Саттар қарғып тұрды. Көп ұйықтап кеткен екенмін деді іштей. Байқаса жалғыз өзі, үстінде ақ киім, мидай жазық далада тұр. Таң алды болса керек, түннің сұйқылтым көк мұнары сонау көкжиекте жатқан көлденең тауды көмескі көрсетеді. Жаяулатып замана желі соғып тұр.

— Кім боласың? — деген дауысқа жалт қараса, бір шоқпарлы қаба сақал қара кісі өңшең ақ киімге оранған төрт-бес адамды алдына сап қуалап айдап келеді. Жалаң аяқ жалаң бас кісілер дірдек-дірдек жүгіреді. Бір жастауы шоқпарлы қаба сақалдың алдына дізерлеп отыра. қап:

— Мен, Қоқабаев Шөкебай Қоқабаевич боламын! — деді. Үстіне қара сауыт киіп бетін перделеп алған қаба сақалды кісі бураның санындай шоқпармен Шөкебайды жалпита соқты. Шөкебай быт-шыт болып кетті. «Жинал!» деп еді, дене қайтадан қалпына келді.

— «Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбетімін» деп, айт пендем!

Шөкебай шоқпарлы кісінің айтқанын қайталап жылап жіберді.

Шоқпарлы кісі оны жүгіріп келе жатқан топқа қуып тығып, Саттарға бұрылды.

— Кім боласың, пендем!

— Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбетімін, тақсыр!

— Шын мұсылман. Түс алдыма!

Саттар Әзірейілдің алдына түскенін айтпай-ақ ұғып келе жатыр. Жалаң аяқ жалаң бас жүгірген топтың қатарына бұл да барып қосылды. Әзірейіл шоқпарын білеп өкшелеп жортып отырды. Мидай жазықтың шетінде мұнартқан тауға да жақындап келеді. Топ кісінің ішіндегі мұртты жігіт «Осы таудың аржағында көрінеді «Қыл көпір» дейтіні» деп сыбырлады. «Онда дозағы да сол маңда болғаны ғой» деді Шөкебай сасқалақтап. «Атаңның басы» деді мұртты жігіт.

Саттардың көзі тау етегіндегі қалың елге түсті. Өңшең ақ киімді кісілер. Бір шеті тау басына көтеріліп барады.

— Мен білсем дәл осылар қыл көпірге кезекке тұр, — деді Шөкебай.

Жақындаған сайын мың сан адамның дабырлаған дауысы естіле бастады.

— Бұл неткен халық? — деп сұрады егде кісі Әзірейілден.

— Бұл бүгін таңертеңнен бері екінші дүниеге еткен мұсылмандар, — деді Әзірейіл.

— Сонда Қазақстаннан осы бесеуміз-ақ па? — деп қалды Шөкебай. Әзірейіл оған аларып қарады.

Саттар төрт серігінің ішінде ерні күбірлеп келе жатқан орта жасар дембелше кісіні байқады. Дембелше кісі жол үстінде ақ матасының шетінен бір құлаштай жыртып алып басына орады. Енді тақуа кейіптеніп дін адамы екенін танытты. Өзі сезге де араласпайды. Жұрттан шеттеңкіреп әлдебір дұғаны күбірлеп қайталай береді. Бір-екі рет Әзірейілмен тілге келгісі келіп жақындап еді, анау шоқпарымен нұқыңқырап, алға итеріп жіберді.

Құжынаған халық құдды базардағыдай дабырласады. Сөйлесіп тұр дейін десе әркім өзінше бөлек жүр. Саттар олардың түріне қарап тақпақ жаттап тұр ма деп қалды.

— Тоқтат, мұсылмандар! — деп айқайлады Әзірейіл, — о дүниеде оқитын дұғаны енді шатудың қажеті жоқ, тоқта-ат!

Жұрт жым болды.

«Қарай гөр өздерін, әлгінде ғана құлақ десе мұрындарын. көрсетіп еді, енді шетінен молда бола қалыпты» деп өзінше күңкілдеді Әзірейіл.

— Мына биік шоқыға өрмелеген жұрттың соңына ере беріңдер, сол жерден қыл көпір басталады, бақтарың жанған ұжмаққа өтесіңдер, соны барларың дозаққа құлайсыңдар. Мен көпір маңына барып кезекші періштелерімді тексеремін.

Сөйдеді де Әзекен, күрзісін иығына қағып салып жоғары қарай өрмелей жөнелді.

Қазақстаннан келген бесеу шетте ошарылып тұр. Шөкебай биік шоқының басына аңқиып қарап қалыпты.

Егде кісі қуанбай да, қорықпай да тастың үстінде үнсіз ойланып отыр. Саттар көпшіліктен көз алмай қарайды.

Басына шалма ораған кісі енді дауысын әртүрлі мақамға салып түсініксіз бір дұғаны сарнай бастады.

Төртінші қазақ бір жылпос кейіпті мұртты жігіт. Ол да кәзір қатты ой үстінде. Тақуа қазақтың мақамды дауысына бұрынғы тұрған жұрт жиналып қалды.

— Тақсыр, молда-еке, бір қысқалау дұға үйретсеңізші!

— Әлгі айтқаныңызды тағы бір қайталаңызшы!

— Жарықтық жұмақтан бір-ақ шығатын адам ғой, — десіп үймелесіп жатыр.

Бір кезде басына шалма ораған кісі, мақамын кілт үзіп ақырып:

— Ха, мал сияқты халық, ақылсыз мұсылмандар, о дүниеде ғұмыр бақи намаз оқыңдар деп қақсағанымда жасың бар, кәрің бар жиналып алып мазақ етіп едіңдер, газетке жазып масқаралап едіңдер, алла тағаланың жазасын тартыңдар енді! — деп ұрсып тастады.

Шөкебай Саттардың қасына келіп отырды.

— Сен білесің бе? — деді құлағына сыбырлап, — ана тас үстінде ойланып отырған егде кісі — ком-мунист. Мен оны о дүниеден білемін. Өте тамаша адам еді. Пақырдың бүгін жазасы ауыр болмаса игі!

Саттар пәни дүниедегі соңғы минуттерін еске алды.

Кешеден жүгіріп өте бергені еді, машинаның келіп қалғанын байқады. Тоқтай қалып кейін серпілемін дегенде мұрттай ұшып кетті. Денесі мұндай жеңіл болар деп ойламаушы еді. Қаңбақтай ұшты. Дененің мұндай жеңіл болатынын кім білген! Сорлы Асяның ендігі күні не болады? Тойымыз ертең болады деп отырғанда менің о дүниеден бір-ақ шығатыным кімнің есіне келген? Ертең-ақ көзінің жасын тиып және бір Саттарды тауып кетер еді, бойындағы үш айлық баласын қайтеді!..

Саттар басын көтеріп төңірегіне назар салды. Жұрт шұбалып тауға өрмелеп жатыр. Биік таудың аржағында не бары белгісіз. Ал әлгінде келген жары теп-тегіс теңіздей дала. Таң алды алакеуім сәттердей, алыс көкжиекте көгілжім мұнар жатыр. Күн жоқ. Қай тұстан шығары белгісіз күннің дала үстінде тек рауаны ғана білінеді.

— Кеттік, — деді Шөкебай бұның иығынан қозғап.

Саттар орнынан тұрса серіктері жұртпен бірге қозғала бастапты.

Көпшіліктің ішінде екі адам алысып жүр. Біреу дабырлап айқайлап әлдекімді боқтап жүр.

— Бармаймын, дозағыңның да, жұмағыңның да әкесін ұрайын, мен өлген адаммын, тып-тыныш жатқым келеді, маған тыныштық керек, сол үшін де өлгенмін, кімсің өзің, періштесін, бе, серіштесің бе, құдайыңа айтып бар! Тынышыма қоя ма, жоқ па? — деп айқайлап жағаласады. Періште оны қамшымен айналдыра сабап жүр. Бірақ әлгі кісі оған көнетін емес. Айғайын үдете түсіп еді, періште шоқпармен тас төбеден ыңқита соқты.

Айқайшы быт-шыт болып шашылып қалды. Періште қайтадан қалпына келтіріп еді әлгі кісі монтиып алдына түсіп үн-түнсіз жортып сала берді. Мойнына басқа біреудің басын кигізіп жібергенін байқамаған еді, байғұс.

Шөкебай кейініректе қалып біреумен сөйлесіп келе жатқан, бір сәт далақтап қуанып жүгіріп келді.

— Саттар, құттықта мені, мен жұмаққа барады екенмін.

— Қалайша?

— Шаһиттар «Қыл көпірден» құламайды дейді. Ажалынан бұрын жазықсыз өлгендер шаһиттер группасына жатады екен, алақай! Айтпақшы сен қалай өліп едің?

— Машина қағып кеткендей болған.

— Ой сен де шаһит болдың ғой. Поздравляю, әкел қолыңды!

— Тсс, бұнда орысша сәйлеуге болмайды.

Шоқының етегіне таянғанда қолында шоқпары бар, темір сауыт, дулығалы әскери пішінді періште: «мұсылмандар, қырық-қырықтан топтасыңдар!» — деп айқайлады.

Періште қырық кісіні бастап шоқыға өрмеледі.

Саттардың алдында көп үндемейтін қазақстандық мұртты жігіт келе жатқан. Байқаса әлгі бір жіптерді қабаттап өріп келеді. Саттар «бұл не істегелі келе жатыр» деп желкесінен үңілсе, мұртты жігіт өріп болған жібінің бір ұшын сирағына байлап жатыр. Жіп салпылдап қалды. Біраздан кейін екінші жіпті дайындап, оны екінші аяғына байлады. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды. Одан алда келе жатқан шалма ораған қазақ көзін бір ашып, бір жұмып маңғаз, тақуа кейіпте. Білетін дұғасын нақыштап айтып бітіп, енді мақамдап қайталауға кірісті.

«Еннағатайна кәлкәусаррр...» деп даусын соза бастап еді, мұртты жігіт оның дауысын лезде қағып алып «Пошел дереу күнаһаррр» деп Саттарға бұрылып көзін қысып қойды. Егде кісі осында келгелі тұңғыш рет өзінше езу тартты.

— Саттар қарашы, дүниенің төбесіне шығып барамыз! — деп Шөкебай соңына бұрылып қарап елең қақты. Қалып бара жатқан далаға Саттар да бұрылып қарады. Күреңітіп жатқан жайын дала шеңберін кеңге салып, керіліп кеткен. Уілдеп соққан заман желінің табаныңда сырнайдай сыңсып жатқан — бақи далада қыбыр еткен тірі қара жоқ. Төбеде боп-боз қимылсыз сілейіп аспан тұр. Төменде бұдан кейінгі күніміз не болады деп бүкірейген қой тастар жатыр. Меңіреу тыныштықты бұзып әлгінде ғана біршама қауым жиналып еді, дала төсін қимылға толтырып базардай қайнатып еді. Енді олардағы әнеки қыл көпірдің үстіне барып қалыпты... Енді сәлден кейін көзден ғайып болмақ.

Періштенің соңынан ерген қырық кісі найзашоқының басына көтерілгенде арғы беттегі сұмдық көріністен естері шыға шошып тоқтай-тоқтай қалысты. Манадан бері байқалмай, дәл шоқынын басына аяқ басқан сәтте тынымсыз шуылдаған дыбыс естілді. Қарсы алдындағы көлденен сай лаулап жанып тұр. Көлденең сай от өзені көрінеді. Бүкіл өзен лаулап жанады. Өзеннің бетінде жапырлаған мың сан адам. Күңіреніп жанған өрттің ішінде адамдар өзенге батып-шығып, батып-шығып көмей жырта шыңғырысады.

— Уа, мұсылмандар! — деп қолын көтерді, кезекші періште. — Сіздер жаратқан иесі жалғыз Алланың өз пендесінің күнәсін таразылайтын сиқырлы «Қыл көпірінің» үстінде тұрсыздар. «Қыл көпір» бізді бірнеше жаза сайының үстінен алып өтеді. Алланың пендесі Жұмаққа барар осынау жолда жер бетінде жасаған күнасына лайық өз жазасын алмақ. Мынау алдымыздағы алла тағаланың дозақ оты. Дозақ отына күнәсі ен ауыр пенделер, яғни отанын сатқандар, кісі өлтіргендер, кісі өлтіруге үлес қосқандар құлайды. Дозақ отына құлаған пенде күнәсі айыққанша от ішінде азап шегеді. Ер соңымнан!

Өңшең ақ киімді қырық кісі тырнадай тізіліп ауада тартылған жалғыз арқан қылдың үстімен жүре бастады.

Саттар, әуелі, бір адым аттамай-ақ отты өзенге күмп берем ғой деген, сөйтсе кәдімгі жер басып келе жатқандай нық келеді. Тіпті жүгіріп кетуге де болатын тәрізді. Бірінен кейін бірі келе жатқан қазақстандық бесеуі де сенімді келеді.

Табан астындағы жан шошырлық көрініске қарау мүмкін емес. Жанар майдай ышқына жанып жатқан өзеннің әлепет жалыны оңды-солды шалқығанда ауызын аша қаһарланған алып айдаһардың басын тауға да, тасқа да ұрып, толықсығанындай. Өзен бетінде құжынаған адам баласы биіктен қарағанда суға шомылып жатқан өңшең қызылшақа нәрестедей. Аңғар толы қызылшақа адамдардың шыңғырған жанпәре дауыстары тұтасып дауыл күнгі үлкен орман шуылына ұқсайды.

Өрттің ортасына келе бергенде қатардан екі кісі құлады. Шыңғырған жан дауыстары ұзап барып төменнен үзілді.

— Я раббым! —деп сарнап жіберді басына шалма байлаған қазақ. Ақ басты егде қазақ түсі шүберектей қуарып бұрылып төмен қарады.

Ғаламат өрттің сұрапыл сесі болатынын тұнғыш көріп келеді. Ұлы таудың бел омыртқасы омырылып жатқандай күңірене жанады өзен.

Қыл арқан отты сайдан асып көлденең тас жотаға тірелді. Жұрт үн-түнсіз еңселері салынып.құрғаққа аяқтары тиісімен бүк түсіп отыра кетті. Періште бір ақырып бәрін тұрғызып ап алда көлденең қазылып жатқан екінші сайды нұсқады.

— Уә, пенделер! Енді сіздердің алдыңызда Жаратқан Иемнің екінші жазасы күтіп тұр. Бұл сай — ордалы жыландар сайы деп аталады. Бұл сайға ана өмірде ғайбат сөйлеп ақты қаралағандар, адамның нәзік жаратылған бөлігі — әйелдің әлсіздігін пайдаланып қорлағандар, ата-анасын сыйламағандар құлайды. Ер соңымнан! Отыз сегіз адам тырнадай тізіліп қыл арқанның үстімен тағы да қозғалды.

Саттардың бір көзі сайда. Жан шошырлық көрініс. Құмырсқаның илеуіндей бірінің үстіне бірі шығып жатқан жыландар... Ине шаншар жер жоқ. Сай толы өңшең тыр жалаңаш адамдар. Бірі — үстін басып шырмап алған жыландармен алысып, бірі — мойнынан қылғындырған білектей тажалды ағытамын деп тырысып, бірі — тап-тап берген бес-алты жауды денесіне жуытпай таяқтап, бірі соңынан садақтың оғынша атылып қуған оқжыланнан безіп, зытып жүр. Тілсіз жаумен қарусыз жалаңаш адамдардың ию-қию айқасы жүріп жатыр.

Осынау сұмдық көріністің дәл үстіне келе бергенде қыл арқанның үстіндегі топтың жартысы құлады. Аяқтары тарбаңдап бақырып-шақырып барады. Жерге томп-томп құлаған бойда күтіп тұрған жыландар жабыла тап берісті.

Бұл сайдан да өтті. Саттардың қазақстандық бауырлары әлі аман. Жағаға шықса да реңдері бұзылып мең-зең, тіс жарыспады. Тек шалма байланған қазақ ғана баяу үнін майдай созып, дұғасын үдетті.

— Уа, мұсылмандар! — деп дауыстады періште, — ендігі өтетіндерің қасқыр сай; бұл сайды атам заманнан аш қасқырлар мекен етеді. Өмірде біреудің маңдай терін пайдаланып өмір сүргендер, жас нәрестені әкесіз, не шешесіз тірілей жетім қалдырғандар, өмірде бір адамға жақсылық істемегендер, өзгенің бақытын күндегендер, дүниеқоңыздар құлайды. Ер соңымнан!

Қалған аз ғана адам қыл арқанның үстіне тырнадай тізіліп қайта көтерілді.

Бұлар сайдың үстіне көтерілісімен тұс-тұста. аспанға тұмсықтарын шаншып ұлып отырған қасқырлар жарыса шауып тез жиналды. Қыл арқанның астына жақындап бірі ұлып, бірі аспанға шапшып, бірі жер топырағын боратып, бірі биіктегі кісілерге қарап сақ-сақ тіс ұрады.

Сайдың о шет, бұ шетінде басы қайқайып зытып жүрген өңшең жалаңаш адам; әр адамның соңынан бес-алты қасқыр андыздап ұмтылады. Қасқырларға жеткізбей жүргендер де бар. Ағаштың басына шығып алып қасқырлар ағаш түбін қазып қашан құлатар деп күтіп отырғандар да бар.

Қыл арқаннан бес алты адам құлады. Қасқырлар шапшып секірісіп ұлып қоя берді. Саттардың алдында келе жатқан мұртты жігіттің де қолы ербеңдеп құлап бара жатты. Сылқ етіп басы төмен кеткенде ғажайып бір сиқырмен аяғы қыл, арқанға ілінді де қалды. Бұтаққа құйрығымен ілініп тұрған маймылдай салбырайды. Саттардың көзі жігіт аяғын қыл арқаннан жібермей тұрған жіпке түсті.

Мұртты жігіт төменнен Саттарға қолын созып көзін қысты. Саттар оны көтеріп тіктеп алды. Алда келе жатқан періште бұл көріністен хабарсыз еді.

Шалма байлаған қазақ мұртты жігітке назары түсіп басын шайқап таңдайын қақты.

Егде қазақ күлімсіреп басын шайқады.

Жағаға шыққаннан кейін періште дауысы саңқ етіп:

— Уа, мұсылмандар! — деді, — сіздер ең соңғы сынақ алдында тұрсыздар, бұл сай — темір-терсектер сайы. Бұнда адамды металдың үздіксіз шуымен жазалайды. Бұл сайға ол өмірде өз тәнін шектен тыс ластағандар, өз тәнін бас пайдасы үшін пайдаланғандар, ұятсыздар, арсыздар, жағымпаздар, алаяқтар, суайттар құлайды. Бұдан аман-есен өткен пенде Жұмақ қақпасына енеді. Ер соңымнан!

Саудырып қалған шағын топ соңғы сайда бағын сынағалы іштей әділет Иесіне жалбарынып қыл көпірге қарай қозғалды. Шөкебайдың екі езуі екі құлағында, көзі жылтыңдап қуанышын жасыра алмай Саттардың, қолын қысып-қысып қояды. Басына шалма тартқан қазақ, өзінше қатулы. Өз орнының Жұмақта екеніне көзі жеткен ол мына «өмірінде бір намазға жығылмаған» ноқай жерлестерімен қатар келе жатқанына риза емес. Бетіне түгі шығып жаңа бір қаға берісте періштенің өзіне наразылық білдірді. «Періште-екесі, алға түсіп қайқиып тарта бермей пенделеріңнің қандай күйде келе жатқанын анда-санда байқап қою ләзім» деген еді. Мұртты жігіттің көзі ұясынан шығып кете жаздады. Егер періште болмағанда барысша атылып барып шалма байлағанды пәршелеп тастайтын еді. Шалмалы қазақ періштеге арнаған сөзінің аяғын: «Бәріміз де бір алланың үкімін орындаушылармыз» деп бітірді. (Шалма байланғанның көкірегінде «Жұмаққа барысымен құдайға қол беріп шығармын» деген үміті тұрған).

Саудырап қалған шағын топ тырнадай тізіліп соңғы рет қыл көпірге көтерілді.

Шулы сайдың аржағында су; судың аржағында аппақ қала көрінді. Қала жасыл баққа батып жатыр. Ақ шаңқан күмбездері күнге шағылысып алыстан бір ару жымиып қол бұлғағандай. «Тез жет, бақыттың бәрі осында» деп шақырып тұрғандай.

Саттар, Дозақтың ең соңғы төртінші жаза сайына үңілді. Сайға кезі түскені сол екен, ың-жың, у-шу дыбыстан шалқалап құлай жаздады.

Көлденең үлкен сайдың тұла бойында ине шаншар жер жоқ. Құтырған иттей сабылып ерсілі-қарсылы жөңкіп жүрген бір металл. Біріне-бірі соқтығысып құлақ тұндырардай шаң-шұң, шақыр-шұқыр, ың-жың дыбыс өрбітеді. Металлдардың арасында тыр жалаңаш қызыл шақа адамдар құлақтарын басып зар еңіреп тоз-тоз жүгіріп жүр. Ауыздарын ашып, құлақтарын басып отыра қалып шыңғырысады. Жәнпәре дыбыстары сонда да естілмейді. Көбін жын қағып кеткенге ұқсайды. Сандық тасқа тепеңдеп мініп отырып шек-сілесі қатқанша күледі.

Аспанға қарап сақылдап санын соға күледі. Оныңмен жүйке кеміргіш дыбыстар ыза-шуын қоймайды.

Саттардың ізін ала келе жатқан бес-алты кісі сайдың үстіне келе бергенде теңселіп кетіп қыл көпірден шырқырап құлады. Аспанға қарап сақылдап күліп отырған жындылар одан бетер мәз болып алақандарын шапаттасты.

«Қыл көпірдің» үстінде періштеден басқа бес-ақ адам қалды. Бұл — қазақстандық бесеу еді. Періште тоқтап аман қалған бесеуге күлімсірей бұрылып: «Алланың сүйікті құлдары, сіздер үшін енді Жұмақ қақпасы ашық!» — деп к,айта қозғала берген. Осы арада шалмалы қазақ алға қарай қолын соза түсіп:

— Періште, періште! — деп жанұшыра дауыстады. Періште тоқтай қалды. Шалмалы қазақ егде кісіні нұсқап:

— Мына кісі коммунист, — деп айқайлады, — айту міндетім, мен білемін, бұл — коммунист, бұндайларға біздің арамызда орын жоқ. Жұмаққа алланың құлы...

Шаңқылдап бара жатқан шалмалы қазақты періштенің жоғары көтерілген қолы тоқтатты. Періште қабағын түйіп бұлардың түріне алма-кезек қарап тұрды да, ләм-мимсіз алға қарай қозғалды.

Бұл бесеуі де оның соңына ере берген. Осы арада шалмалы қазақтың шар еткен дауысы шықты. Басындағы шалмасы бір бөлек, өзі бір бөлек қыл көпірден аяқ-қолы ербеңдеп құлап бара жатты. «Жазығым не, жаратқан, а-а-а!»—деп бажылдап бара жатты.

Мұртты жігіт жымиып Саттарға қарап кез қысып қойды.

ІІІулы сайдан өткеннен кейін құлаққа ұрған тападай тыныштық орнады. Сонан кейін мүлгіген ну орман басталды. Періште зәулім ағаштардың арасымен өтетін жалғыз соқпақпен бастап келеді. Сол жүргеннен кейін көк айдын судың жағасына шықты. Көк айдынның арғы жағасында шаңқан ақ қала көрінді.

— Көріп тұрғандарыңыз — жәннат, — деді періште жылы шыраймен, — осы жағада сәл күте тұрыңдар, қазір арғы жағадан қайықшылар келіп, сіздерді алып кетеді. Мен кейін қайтам!

Періште кетісімен төртеуі бірін-бірі құттықтап құшақтасып көрісті. Көздеріндегі қуаныш жасын сүртіп қазақша жөн сұрасып жатыр. Егде кісі Шымкент облысы Түркістан қаласынан екен. Аты — Нұрқасым, әкесі — Тілеуберді. Әлгі «қыл көпір» үстінде бұған жабысқан шалмалы қазақпен екеуі жамағайын көрінеді.

Мұртты жігіт Алматыдан болып шықты. Аты — Әлім. Әкесі — Бүктұрған. Тарих ғылымының кандидаты екен. Шөкебай — Жамбыл облысының озат комсомол — шопаны болып шықты. Пенсионер әкесімен бірге Қызылқұмда қой бағыпты.

Саттар — Қазақ мемлекеттік университетінің бесінші курс студенті екенін айтты. Болашақ — журналист, ертең үйленем деп қуаныш үстінде асығып жүріп осындай жағдайға душар болған. Әке-шешесі Сарытауқұмда мал бағады.

Жол серіктері Саттардың жағдайын естігенде қабырғалары қайысып, аяныш білдірді.

Сөйтіп тұрғанда айдын ортасына сызыла жүйіткіп жалғыз қайық шықты. Қайық дегендері қызыл-жасыл құбылған әдемі нәрсе. Үсті кең, жайпақ көрінеді. Қайықшы дегендері — қыздарға ұқсайды.

Бұлар жұмбақтанып бір-біріне қарады. Сонан кейін бәрі жабылып дыбыссыз жүйткіп келіп қалған қайыққа, қайық үстіндегі жалаңаш денелі өңшең жұлындай сұлу қыздарға қарады. Қараған сайын ауыздары ашыла түсті. Қыздар ақсия күліп келеді. Үстерінде тек абыройын жабуға ғана жететін мардымсыз киімдер. Жазғы күннің риясыз шұғыласына ашық тұлғалары ақ сазанның бауырындай жарқылдайды. Иықтарына төгілген қою алтын шаштары құндыздай жалт-жұлт етеді. Жүздерінен шаттық күлкісі жиылмай:

— Хош келіпсіздер, құрметті қонақтар! — деп түгел жамырай сәлемдесіп, ылтипатпен бас иіп, келіп тоқтады. Төртеуі бірдей орындарынан түрегеліп есеңгіреп тұрған қазақтарға қол берді.

Қонақтар ұялса да сыр білдірмей сымбаттарына көз тойғысыз қыздармен аралас-құралас үстіне кілем төсеп тастаған жайпақ қайыққа жайғасты.

Жайпақ қайық үн-түнсіз айдын бетімен алдынан самал соқтыра ақ қалаға қарай жүйткіді.

Шаршының мәткесіндей өңшең алтын шашты сұлу қыздар інжу тістері жарқырап күле береді.

Қонақтардың жүздеріне де қан жүгіре бастады. Мұртты жігіттің алақаны қатар отырған қыпша бел қыздың дізесіне барып қалыпты.

Шөкебайдың екі езуі құлағында. Мәз-мәйрам. Қасындағы қызға құлап түсердей.

— Айтшы, қарындас, хор қыздары деген сіздер боласыздар ма? — деп еді, қыздар ду етіп күліп жіберді.

— Неге күлесіздер! — деп Шөкебай қызарақтады.

— Қайдағы хор қызы!!! Біз жәннат бағының жәй қызметкерлері боламыз. Мысалы осы төртеуміз — қайықшылармыз! — деп, қыздар тағы күлісті.

Енді бірде еркектер де ыржалаңдап келе жатқандарын байқады. Шөкебай қасындағы жұмыр кеуделі қызға сұрақты жаудырып отыр.

— Жәннаттарыңызда би бола ма?

— Би дейсің бе, ууу, күн сайын.

Шөкебайдың жүзі жарқ етіп қуанып кетті.

— Твистке де билейсіздер ме?

— Ол не, «твист» деген?

— Жаңа бидің аты. Қыз бен жігіт қарсы қарап тұрып билейді.

— Бізде қыздар ғана билейді, еркектер дөңгелене отырып қыздар биін тамашалайды.

Жағалауда суға түсіп жатқан көп ел.

— Бұларың кімдер? — деп айқайлады Шөкебай.

— Бұлар жәннат тұрғындары, хор қыздарымен ойнап-күліп суға түсіп жатыр.

— Хор қыздарынан бізге де бере ме?

— О, қорықпа, бір-бірден тиеді.

— Сонда қалай, некелеп қоса ма? — деп мұртты жігіт ыршып түсті.

Қыздар аңғал адамдардың бұл сұрағына мәз бола күлісіп алды.

— Жәннатта ешқандай да неке болмайды. Хор қыздарымен еркін тұрып жүресіз. Жараспай қалсаңыздар жағдайды өзгертіп жарасқандарыңызбен тұрасыздар.

Еркектердің көзі жылтыңдасып қалды.

Қаланың жағаға қараған тұсында үлкен мәрмәр қақпа көрінді. Мәрмәр қақпадан тұп-тура су жиегіне дейін ұзын жолкілем төселген.

Қыздар қайықты тура сол жолкілем басталатын жағаға әкеп ірікті.

Саттардың көзі дәл жағада бұларды күтіп тұрған (әлде дем алып жүрген) қыз бен еркекке түсті. Ұзын бойлы сұлу мұртты еркектің үстінде жұқа ақ жібек киімі бар. Қыз үстіне будай мөлдір шапан жамылған; мөлдір шапан ішіндегі қыз мүсіні қылаңытып көрініп тұр. Қыз еркектің қолтығынан ұстап алыпты.

Бұлар қайықтан түсіп жатқанда қыз бен еркек бұрылып су жағалап жүріп кетті.

— Жаңағы кісіні көрдіңдер ме?— деп сұрады Саттар жолдастарынан. — Мен білсем жаңағы кісі қазақ, менің бір жерде көрген адамым сияқты.

— Қой, жәй елестеген болар! — деп жолдастары сенбей қойды.

— Жаңағы кісі неғылған кісі? — деп сұрады Саттар қыздардан.

— Білмейміз, әйтеуір аржақтан қазақтар келеді десе осы кісі жағада күтіп тұрады. Бірақ ешкіммен сөйлеспейді. Бір күтетіні бар шығар! — десті қыздар.

Саттар дәл осындай ұзын бойлы мұртты сұлу қазақты қай жерде кездестіргенін есіне түсіре алмады.

— Осынау жолкілеммен жүре беріңіздер, жолкілем сіздерді үлкен жәннат сарайына алып барады.

Төртеуі төңірек көрініске таң-тамаша қалып жолкілеммен мәрмәр қақпаға қарай жүрді.

Маужыраған күн, мөлдіреген аспан, көкпеңбек су, су жағалай електен өткізгендей ұлпа құм, құм үстінде өңшен сұлу денелі қыздар, жітіттер (іштерінде бір кәрісі жоқ), сыңсыған жасыл бақ көгілдір аспанға тілдесіп тұрған жұмыртқа телпек күмбездер көз тойғысыз көркем еді. Бәрінің жүздерінде де «жәннат десе жәннат» дегендей таңданыс нышаны айтпай-ақ байқалады.

Аспанмен таласқан мәрмәр қақпадан еткен соң ғажайып бір баққа кірді. Қиялдан туғандай мың құбылған гүлмен өрнектелген гүлзар кеңістік басталды. Гүлмен өрнектелген гүлзар түкті кілемдей құлпырады. Мәрмәр әуіздерде әсем бұлтқып алтын балықтар жүзеді.

Гүлжазираның нақ ортасында жұмыртқадай ақ сарай асқақтап тұр. Адамдар соққан Таж-Маһалды дәл осы Жәннат бағынан ұрлаған дерлік. Мына сарай сол Таж-Маһалдың Жұмаққа лайық нұсқасы тәрізді.

Төртеуі сол хияли ғымаратқа қарай келеді. Жәннат бағында бір оғаш дыбыс байқалмайды. Бақтың осы келбетіне лайық бұлбұл үні ғана естіледі. Сонан кейін кейбір орындықтарда үнсіз құшақтасқан ғашықтар байқалады.

Көкірекке қуаныш лебіндей құйылып хош иістер аңқиды. Бақ — мезгіліндегі бойжеткендей керіліп жарықтық Күннің шипа нұрына жым-жырт бой тосып мамырлап жатқан тәрізді.

Жолаушылар шаршау сезді. Ұйқы аңсады. Ақ сарай, жақындаған сайын ұшқалы көкке талпынған аққудай биіктей түсті.

Есік алдында ай десе аузы бар, күн десе көзі бар төрт қыз күтіп тур екен. Күлісіп бас иіп амандасты. Төртеуі төртеуінің қолынан ұстап төрт есікті ашты.

— Мында кіріңіздер, құрметті қонақтар, Жұмақ төсегіне бармас бұрын, жұмақ моншасынан етулеріңіз шарт.

— Сәлеметсіздер ме, хор қыздары! — деді Шөкебай жұрттан бұрын батылданып.

Қыздар сыңғырлап күлді.

— Біз хор қыздары емеспіз. Біз солардың қызметкері — яғни моншашылар боламыз.

— Құрметті моншашылар, неткен жақсысыздар! — деп Шөкебай сөзінің соңын жұтып желкесін қасыды.

Жерден келген пенделердің ойбай салып қашқандарына қарамастан моншашы қыздар оларды жеке бөлмелі моншаға сүйрей енгізіп қолмен жуындырды.

Моншадан бәрі де көңілді, ыржиысып, жұмақтың ақ жібек шапанын жамылып шықты. Орталарындағы жалғыз егде кісі — Нұрқасым жарты жасына жасарып, жиырма бестегі жігіт күйінде шықты. Жолдастарының таң қалғаннан естері шықты.

Моншашы қыздар: «Бұл моншадан еш уақытта кәрі адам шықпайды, жасарып денсаулығы аттай түзеліп шығады» деп түсіндірді.

Моншашы қыздар қызыл шырайланып, «Енді осы дәлізбен, осы ақ жолақ матаның үстімен жүре беріңіздер!» — деп жылмиып шығарып салды.

Ақ жолақ мата сарайды аралатып тағы да бір торт қызға жолықтырды. Үріп ауызға салғандай өңшең арулар бұларға жұмсақ қолдарын беріп амандасты. Екі езуі екі құлағына жеткен Шөкебай:

— Ух, хор қыздарына да жететін күн бар екен ғой! — деп қуанышын жасыра алмай қалған. Жүздері гүл-гүл жанып тұрған нәзік сұлулар шу етіп күліп жіберді.

— Біздер аспазшылармыз, — деді біреуі ауызын басып ұялып. Төрт қыз төрт жігітті төрт ас үйге енгізіп, жұмақ тағамдарынан мол тамақтандырды. Сонан кейін төртеуінің қолына төрт кілт беріп төрт есікті нұсқады.

«Осы бөлмелерге сіздер иесіздер, барып, дем алуларыңызға болады!»

— Осымен пәтер мәселесі шешілді, — деді мұртты жігіт Саттарға көз қысып.

— Шешілмеген әлі бір мәселе бар! — деді Шөкебай өз бөлмесінің есігін ашып жатып.

Саттар ішінде адамға керектінің бәрі бар бай бөлмеге кіріп жан-жағына таңдана қарап біраз тұрды.

Сөйтіп тұрғанда есік ашылып екі қыз бір бүркенген қызды қолтығынан сүйеп ішке енгізді, дәл бөлменің ортасына әкелді, жіңішке жіптің ұшын Саттардың қолына ұстатты, сөйтті де қолтықтан сүйеп келген екі қыз есікті кілтке жауып шығып кетті.

Саттар есеңгіреп отырды. Тоты құстың қанатындай біртүрлі киімге оранған қыздың інжулі кебіс киген аяқ ұшынан өзге жері көрінбейді.

Саттардың көзі стол үстінде жатқан сурет-альбомға түсті. Альбомның бірінші бетінде ұлпа құмның үстінде жалаңаш жатқан хор қызының фотосы.

Жігіт қолындағы жіпті сәл тартып еді бөлменің ортасында тұрған қыздың үстінен бүкіл киімі сыпырылып түсті. Теңеусіз сұлу мүсіннен жігіт көз ала алмай қалды. Ай мүсінді ару сүрмеленген кірпігін әлі ашқан жоқ. Жаңа бір би толқынына көшкелі тұрған бишідей бойын тіп-тік ұстап көзін жұмып тұр. Тамағынан күн жұтып аларлық ару бөлме ортасына қонған бақыт құсындай, тез алақанына салмаса «пырр» етіп ұша жөнелердей.

Саттардың болмысынан мінезі ауыр еді. Қазір жүрегі дүңкілдеп кеудесіне сыймай бара жатқанын ұқты. Тілі әрең шешілді.

— Хор қызы!...

Көз жасқантар наймыт сұлу сол қимылсыз тұрған қалпы ақырын кірпігін көтерді. Теңіз түбінен табылған қос жауһардай қос жанар бөлме ішіне шұғыла шашты.

Саттар қыздың қасына қалай жетіп келгенін білмеді. Бауырына басып құшып тұрғанын бір-ақ білді. Сәлден кейін бақыт құсын құшақтап мамық төсекте малтып жатты.

Арада бір жеті өткенше қазақстандық төртеу бөлмелерінен шықпады. Тек тамақтануға барғанда ғана өзара сәлемдесіп тіл қатысуға шамалары келді. Жұмақтың ғасырлар бойы аты аңызға айналған бағын аралатпақшы болған хор қыздарының үгітіне де ермей қойды. «Қазақ деген халықтың бәрі осылай бола ма?» деп, хор қыздары анда-санда қалжың айтуға ғана мұршалары кеп төрт тынымсыз қазақтың қызметіне жарауға тырысты.

Жұмақ өмірінің сегізінші күні кешке Саттар өзінің үлесіне тиген хор қызын қолтықтап серуенге шықты.

Хор қызының аты — Айзат. Жәннаттағы барлық хор қыздары сияқты бұның да тегі адам екен. Ұлты — араб. Жиырма бір жасында пәни дүниеден кетіп бақиға өтіпті. Еш кедергісіз жұмаққа жетіп, жұмақ моншасына түсіп он сегіз жасына қайта оралған. Және алланың құдіретімен теңеусіз сұлулыққа не болып хор қызына айналған. «Айзат» деген атын да осы жерде қойған. «Осынша сұлулықтың, мәңгі жастықтың сыры неде?» деп Саттар Айзаттан кейбір нәрселерді білгісі келді. Айзат бәрі Алланың құдіреті деп жауап берді. Дегенмен, Айзаттың айтуынша қыздар ерекше дәрі-дәрмектер пайдаланады екен. Күтуші ананың тәртібін, ақыл-кеңесін мүлт жібермей орындауға тырысады. Бізде ой мен қайғы кәріліктің қас жауы делініп баяғыда-ақ жұмақтан қуылған. Кімде-кім ойлана бастаса оны дереу ауруға шалдықты деп емдеуге тырысады. «Қыздарымыз мәңгі шат, сондықтан да олар кәртеймейді» деді хор қозы Айзат. «Еркекті бақытты ету тек бақытты қыздардың ғана қолынан келеді» деген сөзді бұнда ту қылып көтереді.

Айлы түнде сүт реңдес жұмақ сарайы әндей қалықтап көкке бой салып тұр.

Саттар енді байқаса Жәннат бағы деген шетсіз-шексіз екен. Жалпақ жермен жұлдызды аспан астында кең созылып жатқан серуен бағы. Бүкіл бір халық түгелімен серуен жасаса да сиып кетердей кең. Түрлі түсті шамдар, орындықтар, гүл жазиралар, алтын әуіздер, құдайдың, жүздеген пайғамбарлардың қаптаған ескерткіштері. Соларды аралап шатысып жатқан аяқсоқпақтар, екеу-екеу қолтықтасып қыдырып жүрген өңшең тал шыбықтай ару қыз, атпал жігіттер. Бақта адамға керектінің бәрі бар. Балмұздақтан бастап балтыры сұлу қыздарға дейін керегінше жетеді. «Балтыры сұлу қыз» демекші, жәннат бағында хор қыздарынан жалыққандар үшін арнайы сайранханалар күні-түні жұмыс істейді. Ондағы аш қасқырдай жалаңдаған құмырсқа бел бикештер хор қыздарына қарағанда еркектің көңілін табу іліміне мейлінше машық көрінеді.

— Ондай сайранханалар ашу мұсылмандық жолына қайшы емес пе?

— Алланың сүйікті құлдары жәннат бағынан жанына қажет ләззатты аламын десе ерікті.

— Онда біз жер үстінде талай ғасырлар тазалықты неге насихаттадық?

— Соның бәрі осы Жәннат бағына жету үшін ғой. Жұмақтағы адам өзінің табиғи сезімдеріне ерік бергені үшін кінәлі есептелмейді. Адам ғұмыр бойы керегін ішіп, қажетін киіп төрт құбыласы тең өмір сүру үшін тырбанған жоқ па? Сол жолда сонау жердегі жұмыр басты жерлестерің не істемеді? Не ойлап таппады! Ғасырлар бойы иығын қажытпай жан бағудың жолында бас шағып келмеді ме! Енді-енді иығы мен қолы еңбек ауыртпалығынан босап киім мен нанға жарыды емес пе! Енді көп ұзамай құдайдың пенде кезінен тасалап жасаған осынау жәннат бағын адамдар жердің үстінде де орнатады. Әрбір қала жәннат бағына айналады.

Саттар қаптал тұстан тамылжып естілген сиқыр әуенге елең етті.

— Мына бір әншіні тыңдай кетсек!

Хор қызы Айзат Саттарды кешкі алаң ортасындағы үлкен жібек шатырға алып кірді. Ақ жібек шатыр ішінде мың сан адам дөңгеленіп отыр. Ортада дөңгелек қызыл кілем үстінде оншақты биші қыз тал шыбықтай бұралып билеп жүр. Қыздардың үстінде киім жоқтың қасы. Оның есесіне маңдай, саусақ, аяқтарына жалт-жұлт еткен жақұт тастар тағынған. Ортада жел соққан жас талдай майысып бір сұлу қыз ән төгілтеді. Ән құдіреті соншалық, қазір мына шатыр жанып, шаңырағы ортасына түссе де ұйып қалған жұртшылық тырп етер емес.

Саттар сәл отырды да:

— Шығайықшы!—деді.

— Қайда барамыз, жәннат бағының ең бір қызықты орны осы. Отырайық, ән тыңдайық! — деді хор қызы.

— Шығайық!— деп Саттар қабағын шытты...

Екеуі қолтықтасып бақты аралап келеді. Саттар жан-жаққа енжар көз тастап келеді. Айзат Саттардың көңілін әрнәрсеге бөле береді.

Бір үлкен ескерткіштің жанына келіп, тоқтап:

— Жоғары қарашы! Саттар, неткен әсемдік туындысы. Жер бетінде сен осындай сұлу мүсінді көріп пе едің? — деді.

Саттар шалқайып ескерткішке қарады. «Еревандағы Давид Сасунскийдің ескерткішіне қалай ұқсас!» деп іштей таңданды. Тас мүсінде алға қарай арқырап шапшыған тұлпар үстінде семсерін жалаңаштап қас дұшпанына шүйліккен қас батырдың кескіні бейнеленген.

— Бұл аты аңызға айналған әйгілі араб батыры, — пайғамбар Мұхамедтің туған күйеу баласы — Әзірет Ғали, — деді Айзат мақтанышпен, анау қолындағы үлкен семсері — жауға сілтегенде қырық кез созылатын киелі Зұлпұһар.

Саттар зор ескерткішке біраз үңіліп үнсіз қарап тұрды.

— Таң қаларлық емес пе, ә! — деп Айзат Саттардың жүзіне жалтақтады.

Саттар үндемей «Е» дей салды.

— Сен, не Әзірет Ғалиді бұрын білмеуші ме ең?

— Білсе несі бар!

— Бұл ескерткіштің алдында еш мұсылман бас имей өтпейді. Ғали — мұсылмандар пірі, сен неге мұрныңды шүйіресің.

— «Жәннат бағында қалай ләззат алса да адамның өз еркі!» — деген болатынсыз құрметті хор қызы!

— Сен жеккөрінішті адамсың, Саттар!

Саттар арқыраған арыстан сесіне құлақ түре қалды.

— Бұл не?

— Бұл жәннат бағындағы тамашаның бір түрі, арыстандар айқасы.

Ол жерде де стадиондағы футбол жанкүйерлері тәрізді шуласқан мың-сан ел. Ортадағы алаңда қан-қан болып жерден бөксесін ала алмай бір арыстан жатыр. Бір арыстан езуінің қанын жалап шетте қаһарлы ақырады.

Жерде жатқан арыстанды 4—5 кісі сүйреп алып кетті. Алаңға бір сау арыстанды алып келді. Езуінің қанын жалап тұрған арыстан cay арыстанға шапшып ұмтылып айқаса кетті. Жан түршігер айқас ұзаққа созылмады. Соңғы келген арыстан шетке ырғып шықты. Алғашқы арыстан қан-қан болып, жерде жатты.

— Кетейік! — деді Саттар.

— Қызық емес пе, отырайық! — деді хор қызы жәутеңдеп Саттарға қарап.

Саттар орнынан тұра берді. Екеуі Жәннат сарайына қарай кері аяңдап келе жатты.

— Жаратқан жалғыз Алланың өзін қалай көруге болады?

— Жаратқан иемнің есігі өзінің сүйікті құлдарына қашанда ашық, — деді хор қызы.

Жолсоқпақтан шеттеу қолдарына бір-бір зерен ұстап алқақотан отырған қалың тобыр көрінді.

— Мынаусы несі, сырахана емес пе?!— деп шошып кетті Саттар.

— Дәл таптыңыз төрем, жұмақтың әйгілі шарапханасы осы болады. Әдетте бұнда алғашқы ай ешкім де келмейді, алғашқы ай өтісімен әсіресе еркектер жағы осы шарапхананы төңіректейтін болады. Және уақыт өткен сайын көбейе түседі.

Шарапхана тұстан мастардың барылдасып ән салған көдңлді дауыстары естілді.

— Бұнда ойын-сауықтан басқа, арақ-шараптан басқа нәрсемен шұғылдануға бола ма?

— Дәлірек айтқанда қандай нәрсемен?

— Мысалы, менің ағаш шеберлік қол өнерім бар. Ағаштан неше түрлі өрнектер, бұйымдар жасай аламын, тек маған шеберхана керек.

Хор қызы осы кеш бойына тұңғыш рет рахаттанып күлді.

— Бала сияқтысың, Саттар, егер сен ағаш жонып жатсаң бұның несі жұмақ. Бұнда адам ғұмыр бойы көксеген ләззатқа бату үшін, ешбір жұмыс істемей еркін бос жүру үшін келмей ме, бұнда ер адамның қолына қарап тұрған бірде-бір жұмыс жоқ. Барлық атқарылатын іс бірер ауыз дұғаның күшімен өзі бітіп жатады. Адамдарға тек соның рахатын көру ғана қалады.

Бөлмеге келген соң, хор қызы Айзат Саттарға өзгеше сыр айтты.

— Төрем, өте көңілсіз жан болып шықтыңыз, жәннат бағынан сіз тәрізді бір қалыпта қайтатын адам өте сирек болушы еді. Сіз жаңа жаратқан жалғыз ием туралы сөз қозғадыңыз, соңғы кезде ол шалдың мінезі қатты өзгерейін депті дегенді есіттім періштелерден. Шал ашуланшақ болып алған дейді. Барар болсаң байқарсың, дегенім!..

Әнеугі жол тосып жүрген ұзын бойлы, келбетті жұмбақ қазақтың кім екенін еске түсіргенде орнынан ырғып тұрды. «Сәкен! Ол кімді күтіп жүр?

Саттар ертесіне Құдайдың жеке қабылдауында болды. Ақсақал ұзын бойлы аққудай, қапсағай сары шал екен. Аппақ сақалы беліне түседі. Қасы, шашы бәрі қудай. Үлкен залдың төңірегіндегі алтын тағында аса таяғын тік ұстап отыр екен. Бұл есіктен кіріп келгенде жүндес қабағының астынан кішкене жылан көзі жалт ете түсті.

Саттар тірі Толстойды көрдім ба деп шошып қалды. Тағында отырған құдай орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстойдың сексеннің қырқасында түскен бір суретінен мүлдем аумайды.

Бұл сәлем бермей жатып, шал:

— Пендем сөйле! — деді.

— О бүкіл әлемнің иесі, жалғыз жаратқан менің сізден өтінер бір ғана тілегім бар, мен бірдеңемен шұғылданбай жәй жүре алмаушы едім. Мен ағаш шебері едім. Маған шеберхана берсеңіз!

Құдайдың көзінде найзағай оты жарқ ете қалды. Ашудан жүндес қабағы желп-желп етті.

— Уа, ақымақ жаратылған бақытсыз пендем! Сен менің Жәннат бағымды сонау еліңде қалған адамдардың сасық сарайына айландырғың келіп пе еді. Жұмыс істегің кеп қолың қышып бара жатса, анау жер бетіндегі сан мың, түрлі машинаны неге ойлап таптық? Қолы бос жүрген ұнамаса соқамен жер жыртып жүріп неге сол жерді көзіңнің жасымен суардың, уа ақымақ, сен сонда жыламай тыныш жүре бергенде ешкім де сенің тағдырыңды жеңілдету жәйлі толғанбас еді. Егер о баста адамдар көксемесе, адамдар арманда етпесе, жеті аспан үстіне жұмақ орнатып менің не басымның ауырғаны! Енді міне саған жұмақ ұнамай қалды, ә, солай ма, бақытсыз пендем, сендерге не керек екенін түсінбей менің де басым қатты! Сіздер мені жынды еттіңдер! Сіздердің айтқандарыңды істеп жәннат төрінен сайранхана мен шарапхана аштырдым. Енді менің басымды ауыртпаңдар, мен етіп кеткен нәрсеге сендерді қайта алып баруға шамам келмейді. Уақыт ешкімге де тәуелді емес. Оны кейін қарай жүргізу қолымнан келмейді. Енді ойбай салсаң да саған шеберхана жоқ. Түсіндің бе?

— Түсіндім.

— Бар, ендеше!

Саттар алланың алдынан салы суға кетіп түнеріп шықты. Есік алдында бұны бір қауым кісі күтіп тұр екен. Дереу Саттарды ортаға алып «Алла тілегіңді орындады ма?», «не деді?» десті. Саттар барған шаруасын, оған құдайдың қалай жауап бергенін қынжыла айтып еді қауым кісі: «Ол сөйтеді», «Бәрімізді де ит қылып қуып шыққан», «Құдай болса осы адамдардың арқасында құдай болып отырған жоқ па?», «Көппен санаспайтын болса ол шалды санасатын етерміз» деп Саттарды қоршап алып шеткі бір қуысқа алып барды.

Бұл топ — жаннатты да, дозақты да түбінен қопарып тастағалы жүрген аруақтардың астыртын тобы екен.

Бұл топқа Саттар да қосылды. «Бүйтіп ішкенге мас, кигенге мәз жырқылдап күн өткізгенше, күн өткен сайын қиналғанша, мәңгі тыныш өлімнің өзі артық» деді іштей ол.

Астыртын топ жұмақты жарудың барлық шараларын дайындап қойған екен. Бір бомбаны құдайдың үйінің астына да орнатыпты. Оны көріп Саттар таң қалды.

Бомбаны осындағы адамдар бірнеше күннің ішінде жасапты. Құдайға наразылардың бәрі бомба жасауға түгел ат салысыпты.

Әр сарайдың түбінде бір-бір бомба. Ортақ меже түнгі сағат ноль-ноль. Ноль-нольді соққанда бүкіл жұмақ құдай-пұдайымен қопарылып күлі кекке ұшады. Бір сарайдың астындағы бомбаны жару Саттарға тапсырылды.

Саттар бүгін көңілді жүрді. Хор қызы Айзат төсектесінің көңіл күйінің көтеріңкі жүргеніне өзінше қуанды. Моншасына тағы шомылып күнәдан құлан-таза айығып қыз қалпына қайта түсті.

Бөлмені әдемілеп реттеп Саттарды мамық төсекте маужырап жатып күтті.

Саттар бөлмесіне онша асықпайды. Шөкебаймен жолығып қалып әңгімелесіп тұр. Шөкебай Жәннат бағынан алған әсерін айтып жеткізе алар емес. Мұртты жігіт пен бұрынғы егде кісі де өте көңілсіз көрінді.

— Көп ыржаңдап күле берме! — деді Саттар Шөкебайға, — бүгін ноль-ноль сағатта жұмақ күл мен тасқа айналып көкке ұшады.

— Қалай сонда самолет болып кеткеніміз бе? — деп Шөкебай түсінбей қалды.

— Атаңның басы. Бомба, түсінесің бе, бомба!

Шөкебай көзі алаңдап түсінуге жақындап тұрғанда Саттар өз бөлмесіне кіріп кетті.

Хор қызы көрпесінің шетінен балтырын көрсетіп есінеп жатыр екен. Саттарды көріп жымиып шалқасынан аударылып түсті.

— Данышпаным, сізді көп күттік! — деді еркінсіп. Сәлден кейін:

— Ойшыл адамға серік болған қыз жиі «науқастанатын» көрінеді, — деп қосты.

Түнгі сағат ноль-нольге жарты сағат қалғанда Саттар хор қызы Айзаттан әрең сытылып шығып өзіне тиісті пунктке келді. Аспандап тұрған сарайдың күл-парша боп қалай көкке ұшарын елестетті.

Түнгі сағат ноль-нольге он бес минут қалғанда бұл бомбаның тетігін тексеруге үйдің астына еңкейе бергенде екі жағынан келген екі кісі қолын арқасына қайырып, үшінші кісі құйрықтан ыңқита бір теуіп алдына салып айдады да кетті. Әлгі кісілер бомбаны көріп қойды.

Түнгі сағат ноль-нольде Жәннат бағы жаратылысынан көрмеген сұмдық сұрапыл қопарылыс болды. Бірақ ол қопарылыс жәннаттың, өзінде емес, аспанында болды.

Бүкіл Жәннат тұрғындары аяқтарынан тік тұрып бас алаңға жиналды. Бас алаңда астыртын топ түгелімен қолдары байлаулы тұр еді.

Бір періште шығып сөйлеп «осынау сұмдықты ұйымдастырған осы адамдар», деп тұтқындарды көзіне шұқып көрсетті.

«Бұл пенделер енді өлмей де, тірілмей де қашан құдай алдындағы күналары жуылғанша дозақ отында күйеді!»

Бір топ тұтқындарды қару-жарақ асынған періштелер жәннаттың үлкен қақпасына қарай айдай бастады.

Мұртты жігіт — Әлім, бұрынғы егде кісі — Нұрқасым, хор қызы Айзат жүгіріп келіп Саттармен қоштасты. Шөкебай көрінбеді.

Хор қызы Айзат Саттардың ізінен еріп судың жағасына дейін шығарып салды. Қоштасарда мойнынан құшақтап айрылмай қойды. «Тезірек кінәң өтеліп қайтып келгейсің!» — деп жылап жіберді.

Саттар көз жасы мөлтілдеген ару қызға бір, сонау түп етегін көтеріп қызарып жатқан дозақ отына бір қарады.

— Мені қимайтының рас болса құдайдың дозақ отынан тезірек құтылуға көмектес, мен де сені қимаймын, — деді қыздың көз жасын алақанымен сүртіп тұрып.

— Ертелі-кеш құдай дозағынан құтылуына бір құтыларсың-ау! Бірақ... — деп күрсінді Айзат. — Бірақ, өз дозағыңнан — жан дозағыңнан құтыла аларсың ба... Адам!

— Қош, көріскенше, Айзат!

— Көріскенше!...

Саттар жүгіріп барып тұтқындардың қасына қайыққа отырды. Қайық айдын су ортасына ысырылды. Олардың аржағында, сонау алыста түн етегін көтеріп дозақ оттары жалқындайды. Жаяулатып замана желі соғып тұр.