ӘСКЕРБЕК ОМАРХАНҰЛЫ. КЕК-2

 

Бірен-саран  байлары мен ұры-қарысы қарызға батырып,   ыңыршағы шыққан сорлы ауылды жаратушы ием аяды ма, ақпан айының аяғына қарай  қардың көбесі сөгіле бастады.  Жоталардың басы жалаңаштанып ,қардың астымен су жүре бастады. Қыс бойы ұйқыда жатқан Сынтас  күннің шуағы арқасын қыздырған соң дүр етіп оянды, бойынан көшкен қар жолында тұрған таудың етегін ала Шөберенің қыстағына дейін самсап өскен қайың, терек, долана, мойыл ,қаратал араласқан, кейбір тұсында ит тұмсығы батпайтын қарағаны бар қалың тоғайдың қабырғасын сындыра жаншып,  Шөберенің қыстағын жанай өтіп, жазыққа шыға,   жолындағысын жайпап, жайылып барып тоқтаған еді.

Сыңар құлақ қара тазы қыңсылап жүріп, Шөберені оятып алған. Күнделікті аяқ жағында үйықтайтын кәрі тазы Шөбере тұрып бара жатқанда көзін ашып қарады да, қайта ұйқыға кірісті .

-Тілеулес, күшігім менің- деп қара тазыны еркелете басынан сипады.  Қисық болып бітіп келе жатқан алдыңғы сол аяғының буынын қозғап көрді, ауырсынбайтын сияқты. «Енді қоян алмассың,  бірақ маған адал дос боласың, әкең Тілектес қартайды, ендігі серігім сенсің,»- деді маңдайынан сипап отырып. Шөбере киініп далаға шықты, ере шыққан қара тазы  қораны бір айналып шықты да , жүгіріп қыстақтың күншығыс бетіндегі тау басына қарай тартты. Күн ерекше жылы екен. Шөбере қорадан бір құшақ отын алып, үйіне кіріп, таңғы астың қамына кірісті. Ет турап отырып, ойға кетті. «Қара бүркіт жоқ енді»-деді қаңтардың шыңылтыр аязы  басталғанда, тұғырынан саңқ етіп көтеріліп, аспанды айналып биікке самғай-самғай көзден ғайып болған қара бүркітін есіне ала күрсініп.Енді ештеңе де байлап тұрған жоқ мұнда, ауыл жаққа көшу керек шығар. Даладан қара тазының үрген дауысы мен бірге «Тілеулес, күшігім менің,  келе ғой!»- деген адамның үні шықты.Ерте шыққан көктеммен бірге су аралас қарға атын малтықтырып жеткен Ұзақбай екен. Қалиғазы ақсақал қайтыс болыпты, соның қазасын естіртуге келіпті.

Түс ауа сыңар құлақ қара тазыны ертіп, Сынтастан шыққан қос атты Саяттың шабындығына жақындағанда, еріп келе жатқан қара тазы жоқ болып кеткен еді. Кезектесіп атын атап шақырысты, бірақ қара тазының қарасы көрінбеді.

-Бұрынғы жүрген жерлерін аралап кеткен шығар, келер, қайда барады дейсің,-деді Шөбере өзін жұбатқандай болы. Қос атты күн ұясына кіре, ауылдың  қалың итін шулатып, қаралы үйге келіп түсті.

Қонақасына жиналған ауыл ақсақалдары марқұм жайлы әр түрлі әңгімелер айтып отыр еді. Даладан дауыс сала кірген Шөбере марқұмның бәибішесімен көрісті де, ақсақалдар отырған бөлмеге өтті.

Қонақасы біткен соң, ауыл ақсақалдарымен бірге далаға шыққан Шөбере мен Ұзақбай мәйітті күзетуге қалмақ болып, аттарының ерін алып жатқан.Кенет ауылдың ортасынан «Дарман-ау» деген еркектің жылаңқы даусы естілді.Барлығы елең ете қалды. «Марқұмның туысы шығар ауылға енді жеткен»- деді аяғына резеңке етігін кие алмай отырған қарияның бірі. «Дарман-ау, күшігім-ау» деді әлгі дауыс тағы жыламсырап, ары қарай қайдағы бір тазының жеті атасын түгендеген  боқтыққа ұласып кетті.Отын жарып жатқан жас жігіттің бірі күліп жіберді де, аузын баса қойды. «Нұрғали арақкеш қой,»-деді сосын араққа тойып алса, өстіп түнімен көше кезіп жылап жүреді. «Дарман күшігім» деп.

-Бұл қай Нұрғали, ауылда бір-ақ Нұрғали бар емес пе еді?- деді Шөбере атының ерін алып жатып өз-өзінен күбірлеп .

-Бұл сол Нұрғали,- деді Ұзақбай Шөберенің құлағына жақын келіп сыбырлап. - Бетін аулақ қылсын,-деді сосын өз-өзінен түкірініп.

-Жә, аттарға шөп салайық, ол жайлы сосын айтам, жүр,- деді ер-тоқымын қолына ұстап, аңырып қалған Шөберені жеңінен тартып.

 

*  *  *

Айналасы екі айдың ішінде Нұрғалидың  шаңырағына топалаң тиді.

-Сауап болды,-деді бірі,-қанша жыл ауылдың халқын жазықсыз шырылдатып ,қарызға дүкенінен екі есе қымбат бағаға ұн сатып, қайтара алмағандардың соңғы лағына дейін тартып алатын еді.

Енді бірі:

-Бөрінің киесі атты, тірідей әкеп байлап қойып, итіне талатып өлтірді емес пе!-деді.

-Айтпақшы, сол түні қалың ит-құс қаптап келіп, Нұрғалидың төбетін өлтіріп, босағасына сарып кетіпті.  Содан бері оңбады ғой,- деп соқты тағы бірі.

Сол түні  кәсібін дөңгелетіп, атағын аспандатқан төбетінен айырылған Нұрғали  үйіндегі карабинді алып шығып, «қара тазыны табыңдар!»- деп маңайындағыларды қырып кете жаздаған еді. Таң ата бас жазуға келген қыли көз Құрмет пен  Серікті ертіп, өлген төбетін шанаға салғызып алып, төбенің басына апарып, адам жерлейтіндей бір жарым метр тереңдікте көр қаздырып  көмдірді. Қойнына  салып әкелген бір литрлік арақтың аузын ашты да,  екеуіне жүз грамнан құйып берді, қалған арақты шайқап-шайқап  көмекейіне дем алмастан бір-ақ құя салды.

-Екеуің жүре беріңдер, мен сосын барам,- деді жаңа ғана өздері үйген төмпешікке қарама-қарсы тізерлеп отырып жатып. Нұрғалидың бұйрығын күтіп тұрған  екеу сүріне-қабына сүйреп келген шаналары мен  сүймен-күректеріне қарамастан, ауылға қарай безілдей жөнелді. Ұзай бере «Нұрғали жынданды» деді қыли көз Құрмет,-О заманда бұ заман итті жерлегені несі?

-Молда шақыртпағанына тәуба,-деді  Серік.

Нұрғали сол күннен бастап   үйінен шықпай, жатып ішуге кірісті.

Алматыдан қыдырып келген кіші  ұлы мен келіні әкелерінің түрін көріп, шошып кеткен еді.

«Арағыңды қой» деген ұлына «мені тапқан сен емессің» деп балта ала жүгірген. Абырой болғанда, жолында тұрған орындыққа сүрініп барып құлады да, қор етіп ұйқыға кетті. Шошынып қалған ұлы мен келіні сол түні қайтып кетті.Ұлы кетерінде шешесін алып кетпек болып:

-Апа, жинал, мынау сені майып қылмай тұрғанда бірге жүр,-деген.Отыз жыл отымен  кіріп, күлімен шығып, Нұрғалидың жары емес, күңіне айналып, әбден жасып қалған бәйбішесі:

-Жоға, жүре беріңдер, есін жинар, қашанғы ішер дейсің,-деп азар да безер болып, ермей қалып қойған.

Осы оқиғадан кейін есін жинайтын шығар деп еді. Нұрғали ішкенін үдете берді.Ес-түсін білмей, түнімен көше аралап, «Дарман, күшігім» деп жылап жүретін болды. Ішіп жүріп толассыз табыс әкеп тұрған жанармай бекеті мен сауда дүкенін сатып жіберді. Нұрғалидың ішіп жүргенін пайдаланып қыли көз Құрмет пен  Серік қорасындағы малын ұрлап, қаладан  мал іздеп келген алыпсатарларға арзан бағаға сата бастады. Наурыз айы туғанда, өзі сияқты жатбауыр, обал мен сауаптың не екенін білмейтін үлкен ұлы қыдырып келді. Адам кейпінен кеткен Нұрғалидың түрін көріп, кіші інісін шақыртып алып, шешесін салып жіберді. Қорадағы он шақты ірі қара мен отызға тарта ұсақ малды онсыз да осы үйдің малын қарап жүрген Құрметке  тапсырды. Құрмет: «Осы уақыттқа дейін тегін қарап келдім, басқа жұмысқа кетем,»-деп қыңқылдай бастап еді. Ақысына он қой беретін болып, екеуара уағдаласты.

Өзі «Әке, бүгін арағыңа тойып іш, ертең қалаға алып кетіп емдетем,»- деген еді.

Көптен бері жылы сөз естімеген Нұрғали көзі жасқа толып:

-Мені адам қыла гөр, ұлым,-деп жылап отырып,  жанармай бекеті мен сауда дүкенінен түскен ақшасын ұлына ұстатты. Түнімен ішіп, ертеңіне түс ауа оянғанда, ұлының орнын сипап қалған еді.

Сынып тұрған басын ұстап үстіне күртешесін іле салып, есіктің алдына шыққан.Кеше ғана жылуымен жерді жіпсітіп жатқан көктемгі күн қайтадан  ызғарылы райға ауысыпты.  Көше толған адам.Үн-түнсіз қара жолға түсіп алып, мәйітті көтеріп, зират жақты бетке алып кетіп барады.

-Е-е, бүгін Қалиғазы шалды жерлейтін күн екен ғой,-деді темекісін тұтатып тұрып.

Нұрғали темекісін лақтыра салып үйіне кіріп кетті.Төбе астынан қасқыр ұлыды.

Ауылдың абыройлы да ақылгөй ақсақалын соңғы сапарға шығарып салып тұрғандай ішін тартып ұзақ ұлыды. Ауылдың жасы бар, кәрісі бар, бүкіл атқамінер азаматтары марқұмды жер қойнына беріп, ауылға қайтып бара жатқанда да дөң астында ұлып тұрған қасқырдың жағы сембеген еді. Нұрғали миын жеп бара жатқан қасқырдың дауысынан құтылғысы келді ме, қорасына тығып қойған карабинін  алып шығып, төбе басына көтерілді. Аспанға қаратып шүріппені басып қалды. Тура өзі тұрған дөңнің астынан атып шығып безіп бара жатқан қара тазыны  көргенде, төбе-құйқасы шымырлап қоя берді.

 

*  *  *

Ұлып тұрған қасқыр емес, қара тазы еді. Саяттың шабындығына жете бергенде,қос аттыдан бөлініп жыраға қарай тартып кеткен. Серігі алдынан шыға келердей Шөбере мен Ұзақбайдың шақырғанына қарамастан, астынан су жүріп кеткен қарды омбылай отырып жыраға жеткен. Бұтақтан-бұтаққа секіріп шықылықтаған торғайдан басқа тіршілік иесі көрінбейді. Әр жерді иіскелеп жүріп,серігі екеуі пана қылған қалың қарағанға кірді. Іңір түсе қарағаннан шығып, тау-тасты аралап  ұзақ жортты. Таң әбден ағарып атқанда, көз ұшында  мұржаларынан түтіндері будақтап тұрған ауылды бетке алды.

Нұрғалидың ит таластыратын алаңын аралап шығып,үйінің жанында сәл бөгелді. Қайтадан тауды бетке алды, дөңнен аса беріп,төрт аяғынан басқа терісін сыпырып алған, сауысқандар шоқып тастаған серігінің өлексесінің үстінен түсті. Иіскеп-иіскеп аяғымен түртіп көрді, қыңсылап жанына жата кетті.

Ауыл жақтан топырлаған адамдардың аяқтарының дыбысымен қоса анда-санда жөтелген дауыстары жақыннан  естіліп, қайта ұзап бара жатты. Қара тазы ішін тартып ұлып қоя берді.Кеш болса да, серігін жоқтап ұзақ ұлыды.

Ауыл жақтан гүрс етіп мылтық атылды.Қара тазы алды-артына қарамай жыраға қарай безе жөнелді.

 

 

*  *  *

Қалиғазы ақсақалдың асы өткен соң, ауылдың шетіне шыққан Шөбере мен Ұзақбай сүйек мүжіп жатқан қара тазыны көрді. Кешелі бері жоғалтқан тазысын тапқан Шөбере «қайта айрылып қалармын» деген оймен, қара тазыны қанжығадағы қыл арқанды шешіп,  байлап алды. Ұзақбайдың «үйге жүр» дегеніне қарамастан, «Ырымға жаман,Ұзеке, адам жерлеп келе жатырмыз. Кейін арнайы келемін  ғой,»- деп жолға шықты.

Күрең ат ауылдан ұзай бере өзіне тән аяңына көшіп, жүрісін үдете бастады. Бұрын атты адамның жетегін көрмеген қара тазы да бір-екі жұлқынып  барып, амалсыз күрең аттың ырқына көнген еді. Бестерекке жете бергенде, желке тұстарынан  әлдебір техниканың гүрілдеген дауысы естілді.

Бұл Шөбере мен қара тазыны «Буран» атты қарда жүретін шағын машинамен қуып келе жатқан Нұрғали еді. Артынан жақындап қалған темір тажалды таныған қара тазы бір қауіптің таяп қалғанын сезіп, жұлқына бастады. Қара тазыны байлап алып келе жатқан қыл арқан Шөберенің қолынан босап кетті. Арқанды сүйреткен қара тазы самсап өскен қараған аралас терекке кіріп, көзден ғайып болды. Осының бәрін көріп келе жатқан Нұрғали қалың  терекке қарай тартқан еді. Жақындап барып, ішіне кіру мүмкін емес екенін көрді де, кері айналды. Шөбереге  жиырма қадамдай жақындап  келіп тоқтады.  Иығынан карабинін алып оқтады да, мылтығын Шөбереге кезеп:

-Шақыр итіңді,  бес минут уақыт беремін,  итің келмесе, өзің оққа ұшасың,-деді бұйыра сөйлеп.

Соңынан қуып келген адамды жыға танымаған Шөбере  асықпай атынан түсті. Атын жетектеп өзіне мылтық кезеп тұрған, қауға сақалды, бет-аузы көнектей болып ісіп кеткен, сол ісіктен көзі сығырая жылтылдап әрең көрініп тұрған кісіге  он қадам жақындады.

-Кімсің, жыға танымадым ғой,-деді етігінің қонышынан насыбай шақшасын алып жатып.-Қара тазы екеуміз  ешкімнің ала жібін  аттамап едік. Бас жоқ, көз жоқ,  атамының не? Кімсің өзің?-  деді жайбарақат насыбай шақшасын қайтадан қонышына салып жатып. Қолына мылтық ұстап көшеге шықса, бір адам көлденең өтпейтін Нұрғалиға Шөберенің мына қылығы  әдейі істеп тұрған қысастығы сияқты көрініп кетті. Айлап араққа уланған тән де жүз грамм сұрап қол-аяғын ұйытып бара жатыр.Енді бір сәтте көз алдында тұрған Шөбере қара тазыға айналып бара жатты. «Кек алатын уақыт келді,»-деді біреу құлағына сыбырлап. Ұйыған қол-аяғы жазылды.

Мылтықпен  қара тазының  басынан көздеді де, шүріппені басып қалды. Қара тазы шалқалап барып құлады. Күрең ат тіке шапшыды, ол да қара тазыға айналып бара жатты. Екінші оқты шыр айналып келіп, жерде жатқан қара тазыны жылқыша кісінеп, иіскеп тұрған қара тазыға арнады. Ол да жылқыша кісінеп, көкке бір шапшып барып, жалп ете қалды. Құлағы шың етіп барып ашылды. Алдында он қадамдай жерде қанға бөгіп, дір-дір етіп  қорылдаған жылқы мен оң жақ иығын алақанымен басып, қинала ыңырсып адам жатыр. Не істегені енді ғана санасына жеткен Нұрғали қолындағы мылтығын лақтыра салып машинасын оталдырды.

Келген ізімен кері қайтпақшы болып бұрыла бергенде, қалың терек арасынан өзіне қарай зымырап келе жатқан қара тазыны көзі шалып қалды.Бойын үрей билеп, газды баса түсті, көзінің қырымен қарап қояды, қара тазы қалар емес. Жылдамдықты арттырған сайын арақашықтық жақындай түсті. Қара тазыдан тезірек құтылғысы келіп, тауға қарай тартты. Қары кетіп жалаңаштанған жотаға жеткенде, көлігі жүрісін баяулатып барып, кілт тоқтады.Енді бір сәтте астындағы көлігі қара тазыға айналып кеткендей көрінді. Секіріп түсіп тұра қашты.

Қалың теректің ішіне қашып кірген қара тазы қараған бұтаны аралап отырып Бестеректің Сынтасқа шығар жолындағы қалың қарағанға кіріп иесін күткен еді. Гүрс етіп  мылтық  атылды. Сәл уақыт өткізіп барып, тағы да гүрс етті.Күрең аттың бүкіл даланы күңіренте кісінеген дауысы естілді. Гүр етіп оталған  тажалдың дауысы ұзап бара жатты. Айналаға тыныштық орнады. Қара тазының тұмсығына қанның иісі келді. Әлдеқайдан сауысқан шықылықтад, оған екінші сауысқан үн қосты.Қара тазы жасқана басып, иесі қалған жотаға қарай беттеді.Жотаға шыққанда төрт аяғы тырбаңдап жатқан күрең ат пен иығын ұстап алып, бір құлап, бір тұрып, күрең атқа жетіп жығылған иесін көрді.Салып ұрып сойқан болған жерге жетті. Соңғы рет аяғын бір сермеп барып сұлқ түскен күрең атты бір айналып өтті. Қыңсылап жүріп талықсып кеткен Шөберенің бетін жалай бастады. Шөбере жайлап көзін ашты.

Езу тартып, басын көтере беріп қайта талықсып кетті. Сауысқандардың тынымсыз шықылықтары мен бірге аспанда  құзғындар пайда бола бастады.Біреуі күрең аттың басына келіп қонды,тұра жүгірген қара тазыны мазақ қылғандай  қалбалақтап жерден сәл ғана көтеріліп ақырын ұзай берді.Шөбере қайтадан көзін ашты, бұл жолы бар күшін салып орнынан тұрды.  Адамның орнынан тұрғаны себеп болды ма, немесе батып бара жатқан күнмен қабаттаса келетін түннен сескенді ме, шықылықтап жүрген бір-екі сауысқаннан басқа аспанда қаптаған қарақұстар басқа жаққа ауып кетті.

Шөбере  Нұрғалидың карабинін сау иығына  ілді,  қара тазының мойнындағы қыл арқанның бір ұшын қолына байлады.   Ауылды бетке алып жолға шықты. Сүт пісірімдей жүргенде қоюланып келе жатқан түнмен бірге ыстығы көтеріле бастады. Қара тазының сүйреуімен  аяғын ілбіп басып, зорға келе жатыр. Ары қарай жүруге қауқары жетпеген соң, қолындағы арқанның ұшын босатып жіберді де, жол жиегінде қаулап өсіп тұрған шөп  аралас тобылғының үстіне шалқасынан  жата кетті.

-Сәл демалып алайын,-деді қасқыр ішігін қымтана түсіп. Сосын қалай да ауылға жету керек. Бағанағы күрең атты жайратып кеткен қорқаудың сазайын тарттыру керек.

Қорқау демекші, сол қорқауды бір жерден көрген сияқты. Дауысы да, көзі де таныс. Шөбере күбірлеп жатып ұйықтап кетті.Иесінің ұйықтап кеткенін көрген ит жанына жақындап келіп, бір-екі иіскеді де, «тұр» дегендей үріп- үріп жіберді.Шөбере қозғалатын емес. Иесінің жүре алмайтынына көзі жеткен қара тазы арқанын сүйретіп жолға шықты.

Ұзақбай иттің үрген дауысынан оянып кетті.Ескі кебісін іле салып, есік алдына шықты. Арқанын сүйретіп босағасына келіп тұрған қара тазыны көргенде, бір сұмдықтың болғанын сезіп, атына қонды.Қара тазы Ұзақбайдың атқа мінгенін көріп, келген жағына қарай зымырай жөнелген еді. Ай сәулесімен қылаңдап бара жатқан тазыдан көз жазып қалмайын деп, атына қамшы басты.Түн сейіліп, айнала ағара бастағанда, тобылғы түбінде сандырақтап жатқан Шөберенің үстінен түсті. Қайта-қайта талықсып кете берген Шөберені сүйемелдеп жүріп, атына әрең мінгізген.  Иттің мойнындағы қыл арқанды шешіп алып, Шөбере құлап қалмасын деп, қос қара саннан бастырып тұрып ер-тоқымға байлады да, атын жетектеп ауылға бет түзеді. Аттылы жаяу кетіп бара жатқан қос иесіне ере түсіп барып тоқтап қалған қара тазы соңдарынан ұзақ қарап тұрды да, тауды бетке алып, тау етегіндегі қалың қарағанға кіріп, көзден таса болды.

Сол күні Шөберені аман-есен емханаға жеткізген Ұзақбай ауылдан Нұрғалиды іздеу үшін, Құрмет бас болып арнайы құрған топты бастап, құздан құлап, мерт болған Нұрғалидың денесін тауып алды.

Күндер айға ұласты, айлар  жылжып жылға жетті.Төрт мезгілді кезек ауыстырып, жылдар жылжи бастады.Тіршіліктің көзін іздеп,бала-шағасының болашағын ойлаған біраз адамдар үйлерін тастап, қалаға көшіп кетті. Ауылда бос үйлер көбейді. Мыңғыртып мал айдамаса да, үш жүз-төрт жүзден қойлары бар, жүз қаралы ірі қаралары бар, бір-екі үйір жылқысы бар байлар пайда бола бастады.Солардың бірі  Сынтасты жайлап отырған қыли көз Құрмет еді. Бас малшысы Серікті ертіп алып, түс мезгілінде  басқа малдардан бұрын келіп, суатқа түсетін   жылқыларын түгендеуге шыққан. Мініп келген аттарын тау етегіне тұсап, екеуі Сынтастың биігіне көтерілді. Қыли көз Құрмет дүрбі салды. Сүліктей қара айғыр соңынан ерген жиырма  шақты жылқы суаттан шығып, дөң асып кетті. Осыны күтіп тұрғандай  қалың теректің арасынан жуан жал күрең айғыр бастаған құлын-тайы аралас мама биелер суатқа лап қойды.Бәрі түгел сияқты.

Қыликөз Құрмет жазықтың шаңын  аспанға көтеріп, суатқа бет алған  қойларын айдап келе жатқан арақкеш қойшысына ұзақ қарады.

-Е-е, бүгін сау сияқты,- деді өзімен-өзі күбірлеп. «Анаған беретін арақтың мөлшерін азайт»- деді сосын. Темекісін аузына қыстырып алып, етігін шешіп, шылғауын тасқа жайып жатқан Серік мырзасының бұйрығына бас шұлғыды.

-Соған арақты біржолата бермей қойса қайтеді?-деді Серік етігінің қонышын төмен қаратып қағып жатып.

-Жоқ, оған арақ бермеуге болмайды. Ол арағын қойса, ертең менен маңдай тер, табан ақысын сұрайды,-деді  Құрмет жайбарақат дүрбіге тесілген қалпы. Серік:

-Баяғы сен сияқты ма?- деп мырс етіп күліп жіберді де, езуін жинап ала қойды.

-Бүлдірдім-ау,- деді сосын  Құрметке жалтақтап.

Тау етегінен жылқы кісінеді.Төменге қараған екеуі тұсап қойған аттарын жанай өтіп бара жатқан  қарасы мен сұры араласқан он шақты қасқырды  көріп тілдері байланып қалды.

Бұл даланың тағылары, аңшылар үйірін қырып тастап, жалғыз өзі далада адасып жүріп  қара тазыға жұптасып, туған жерінен ауып кеткен  қаншық қасқырдан тараған,еш нәрседен жасқанбайтын, қуса құтқармайтын,қашса жеткізбейтін өте ерекше жаратылған үйір еді.

Түз тағыларының ортасынан ойып тұрып орын алып, шекарасын бекітіп, жыл сайын күшіктерін аман-есен өргізіп, қартая бастаған қара тазы туған жерін аңсап, Сынтасқа тартып кеткен.

Жылдағы әдеттері бойынша көктемде күшіктеп,күз түсе есейіп қалған бөлтіріктерін ауыздандыруға дайындай бастаған қаншық қасқыр бір түнде жоқ болып кеткен серігінің  ізіне түсіп, күшіктерін ертіп алып, күн демей, түн демей, суыт жортып отырып, Сынтасқа келіп жеткен  беттері болатын.

Кісі дүниесі кісіге жұғым болмайды, сахараның тағысы да Тәңірінің қалауын орындаушы демекші, елдің көз жасымен жиналып келіп Нұрғалиды жұтып, қыли көз Құрмет пен Серікке өтіп көбейіп келе жатқан ұсақ-ірісі аралас қайран қазағымның төрт түлігі ... Бөрілер үшін таптырмайтын үлкен олжа еді.

Бұл кезде иесіз ит тірліктен қажыған  қазақтың жеті қазынасының бірі қара тазы  азынаған желмен бірге «адамның түпқазығы ауылда емес пе, естеріңді жинаңдар, қайтыңдар ауылға» дегендей, киесі қашқан қара халықтың түтіні өшіп, қу мазардай қаңырап, алқам-салқам бос қалған үйлерін үрейлене аралап жүрген еді.