Қанымгүл жұмыстан келе салысымен үй-ішінің майда-шүйдесін асығыс жинастырып болды да, жайылымнан қайтатын сиырлардың алдынан шықты. Қара сиырды уақытында əкеліп байлап қоймасаң болды, көршілердің бақшасына бас салып азан-қазан айқай-шу, елжұртты дүрліктіріп ала жөнеледі...
Анау-мынауға қайыру бермей жан-жақты қамалап, көптеп көмектескеннің өзінде зорға дегенде ұстайсың. Қанымгүлдің қолында екі жасар баласы Тоқан. Екеуі де, ауылдың ортасынан аңырай шығатын үлкен жолдың ұшар басына көз тігеді. Өйткені, сиырлар жайылымнан күнде осы беттен қайтатын. Төбелерді тасалай, баяу батып бара жатқан күн ауыл сыртындағы бойшаң жас теректердің ұшар басын алтын кірпіктерімен нұрға бөлеген. Ғажайып көрініс ұзамай алқызыл реңге айналып қоюлана берді. Айнала қаракеуімденіп көз жеткен жердегілердің бəрі күңгірт тартып кем-кемнен ғайып бола бастайды. Өлке түгелдей түн құшағына еніп, іңір шағы да келді. Ымырт үйіріліп қалғанымен күндізгі ыстық аптап əлі басылмаған, батыс жақтағы қазақтың шөл даласын əлде біреу дамылсыз көрік басып жатқандай, салқын самалмен бірге оқтыноқтын ыстық леп шарпиды. Бүгін айналадағының бəрі күн аптабынан əбден күлгін тартқан бақшадағы иін тірескен жүгерілер, арық бойында күнімен сонаға таланып, шұлғумен зықысы шыққан боз бие – бəрі-бəрі түн түндігінен рахат самал күткендей. Əдетте түннің бір уағында пайда болатын салқын желінен таңға жақын жер бел алып, бетіне шық пайда болады, жер-ана бусана бой жазады. Шөп əлсіреген қалпынан оянып, малдар да рахаттана жайыла бастайды. Іші шермиіп тойған сиырлар жол шаңын бұрқыратып, көше бойымен жай аяңдап келеді. Екі беті алмадай, тəмпіш мұрын Тоқан, Қанымгүлдің қолында тыпыршып қара ала сиырды «ау, аулап» шақырып, өзінше мəз-мейрам. Бірақ маң-маң басып келе жатқан тəкаппар қара ала сиырдың Тоқанмен жұмысы болмады. Жақындай бере жайқалып тұрған жүгері қораға бет қойды да кенет Қанымгүлдің сыңайын танығандай тоқтап қалды.
– Айда, Тоқажан, қораға айда, – деді Қанымгүл қолындағы баласына қуана қарап. Баласы дəл осы сəтте мал айдайтын дəрежеге жетіп қалғандай, соның көмегін сезгендей ана жүрегі елжіреп, өзінше бір қуанышты қалыпқа енді. Қанымгүл бір баланың анасы болғанмен, əлі сол, қыз күніндегі көркін бермеген. Осы күліп тұрғанда да нұрлы бетінің ұшындағы кішкене шұқыр сол баяғы қалпы. Мұның өзі Қанымгүл жүзіне ғажайып сəн береді екен. Қанымгүлдің жəудір көздері бірде жарқ етіп ұшқын атса, бірде аналық мейірімге толып күлімсірей қалады.
– Айналайын сиыршы баласынан, мал айдаған даусынан айналсын, – деп Қанымгүл баласын емірене иіскеп, құшырлана сүйіпсүйіп алды. Баласының салмағынан артқа қарап шалқая түскен Қанымгүл көйлегінің етегі көлең қағып көзге бүгін ерекше көрінеді.
– Айда, садағаң кетейін, айда... Шыбығыңмен ұршы өзін... Өк былай, өк əй, ана қарашы жүгеріге түскісі келіп жүр! Өк былай!..
Айналайын, мен қазір сиырыңды сауамын. Сүт ішеміз бе, Тоқан? Дəл осы уақытта, жаңағы сиырлар келген жолда баяу көтеріліп, тұнып қалған шаңның ішінен бір атты адам шыға келді. Оның атқа отырысы да өзгеше. Ескі қыстаулардың моржасына қонған жапалақтай жарбиып, термен баттасқан киіз қалпағын көзіне баса киіп алған. Үстінде, ауаның өртеніп тұрғанына қарамастан, жауын шашыннан оңып кеткен плащы бар.
– Əкең келді, Тоқан, əне, əкең келді, – деді Қанымгүл күйеуіне күле қарап.
Қаратай табиғатынан жылтыр қара кісі. Əсіресе, бүгін терлептепшіп шаң басқан беті жолақ-жолақ, өзгеше түнеріп, жүзінің өзі топырақ реуіштеніп кеткен. Оның көптен бері ұстара көрмей өскен сақал-мұрттары да шаң шалып, ыстық аптабынан бурыл тартқан сияқты. Қаратай тізгін іріккен жоқ. Баласы мен əйелінің жанына аялдамай, бөтен бір кісілерді көргендей өте беріп, дарбазаға сүйкеніп тұрған сиырды қамшысын шірене құлаштай тартып-тартып жіберді де үнсіз-түнсіз қораға тартты.
– Əке, атшу, əке, атшу! Əке! – деп кішкене Тоқан алдыңа ал дегендей, əкесіне ұмтыла берді.
– Қаратай, балаңды алшы, – деді Қанымгүл. Қаратай атының тізгінін іркіп қайырыла беріп күлімсірейін деп еді, бірақ оңдырып күле де алмады. Мұртының асты болар-болмас жыбыр етті де қайта жұмылды. «Қоя тұршы əрі» дегендей балаға қолын бір-ақ сілтеді. Аң-таң, ештеңе түсінбеген Қанымгүл баласын бауырына қысқан күйі орнынан жылжымай тұрып қалды. Күнде жұмыстан қайтқанда Қаратай аттан түспестен: «Кəне, Қаным, баланы бері əкел!» деп құшағын жая күліп тұратын. Сол сəттері шүңірек көзі сүйкімді от шашып, жүзі жадырап жайнап жүре беретін. Сөйтіп Тоқанды алдына мінгізіп алып, ыңырсып əн салып кешкі салқынмен көшеде əрі-бері жүріп алатын. Тоқан болса тізгіннің бір шаужайын ұстап алып, кішкене бортиған аяғымен тепсініп, көрдіңдер ме, мен атты өзім жүргізіп келе жатырмын дегендей, мақтана күліп мəз болатын. Осы сəтте бұларды көргендер де:
– Ойбой, біздің Тоқан азамат болып қалыпты ғой. Көрдіңдер ме, мықтының өзі осы, – десіп сүйсіне қарап, баланы қошаметтеп;
Бəрекелді, азаматың осы! Көрмейсіңдер ме, атты өзі мініп жүр ғой! О, ер-ай! – дейтін. Жұрттың осы бір сөздері Қанымгүлге, «мейірімді ананың мұратына жеткені ғой» деп естіліп, ол елжірей түсетін. Қанымгүлдің ең бір жақсы көретін кезі – іңір қараңғысы. Қаратай атын сайға тұсап келеді де, көңілі жайланып қомызын тыңқ-тыңқ шерте бастайды. Ошақ басында жастыққа шынтақтап қомыз қылына қолын салмақтай тастап, кейде ұйқыдан маужырап бара жатқан кірпігін ашып, жанында малдас құрып отырған Тоқанды еркелетіп күлімсіреп қарайды. Қамыр илеп отырған Қанымгүлдің жүзі шалқыған от жалынына қармасып балбұл жайнайды. Əрине, Қаратай атақты қомызшы емес. Мұның шерткен күйі қай қырғыздың болса да қолынан келеді. Сонда да болса, Қаратайдың шерткен қарапайым күйі Қанымгүлге ғажайып сырлы, терең де жылы сезіледі. Қанымгүл мұны күні-түні, өмір бойы тыңдауға жалығар емес. Қазір Қанымгүлден бақытты адам жоқ.
Бауырында баласы, жанында өмірлік жары. Бұларға Қанымгүл өз қолымен дəмді тамақ істеп береді. Қаратай шерткен қоңыр күй Қанымгүлге қанат бітіріп, аспан əлемін шарқ ұрып, ұшып жүргендей. Осындай сəттері, маңдайыма осындай үйлі-жайлы, тату-тəтті тіршілікті жазғаныңа шүкіршілік, ризамын деп те қоятын ішінен. Қанымгүл бір шелек су алып кіргенде күйеуі сол алғашқы томсырайған күйі басын алақанымен сүйеп жамбастап жатыр екен. Орнынан қозғалмай жата берді. Бірақ Қанымгүл жанына жақындай бергенде əдейі сөйлетейін деді ме, немесе күні бойы ойланып жатып бір түйінге бел буды ма, Қаратай жастықтан басын жұлып алды да:
– Резинка етік қайда, алып кел! – деді, əйелі қайта сұрамасын дегендей шорт кесіп. Шұлғауын асығыс орап Қаратай есіктен апылғұпыл жүгіре жөнелді. Қазыққа байлаулы аттың шылбырын адуындай кеп тартып қалғанда ат та теңселіп кетті.
– Тəк тұр, – деді Қаратай зəрлі үнмен, – иттің ғана малы. Содан кейін əйеліне бұрылып қарс жабылған қабақ астынан тесіле қарады.
– Сенің Сабырбегің - деді ол, булығып қалш-қалш етіп, – не ол, не мен, екінің бірі.
Мұны естігенде бағанадан бері бірдеңені іштей сезіп, өзінше əлдебір кəдік болды-ау деп тұрған Қанымгүлдің жүрегі, «Тағы-тағы баяғы Сабырбек» дегендей дүрс-дүрс соғып, алай-түлей болып кетті.
Қанымгүл Қаратайдың үзеңгісіне жармаса:
– Қойшы, Қаратай! Тоқта, бұл не дегенің? Сонша не болды? Қай
Сабырбек?..
Бірақ ол əйелінің сөзін құлағына ілместен, қолын қағып тастап, атын осып-осып жіберді де шаба жөнелді. Ізінше көше шаңы да көтеріліп, Қаратайды қуып бара жатқандай көрінді. Қанымгүл болса, қақпа алдында құшағын жайған бойында телміріп қала берді. «Қаратай, Қаратай» дегенге жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Тау беткейінен ескен салқын самал: «Сен бұл жерде неғып түрсың, қытықтайыншы өзіңді!» дегендей Қанымгүлдің көйлегінің етегін желпіп өтті. Əйел қайтып қораға кіре бергенде, екі иығы діріл қағып бара жатқандай болды. Іңір қараңғылығы қоюланып түн басты. Алыстан шулаған бақалардың үні талып естіледі де ұзамай өшеді. Салқын тартқан түн тыныштығынан барлық жан-жануарлардың ұйқыға бөгер шағы келді. Мүлгіген айнала жым-жырт, үнсіз...
***
Сол күнгі күндіз шақырылған колхоз мұраптары мен егіс бригадирлерінің мəжілісіне Қаратай сəл кешігіп келген. Ауатком председателінің үлкен кабинеті лық толы адам. Кейбіреулері терезенің текшелерінде отырса, енді біреулері шығар ауызда босағаға сүйеніп тұр. Қаратай коридор жақтан екі есігі шалқасынан ашылған кабинетке мойнын соза ентелей кеп, отырған топқа қосылды. Сөйлегендерінің бəрі əлі бір мəселенің төңірегінде тəрізді. Ауданда суландыру мəселесі бетімен кеткен, егінге, жайылымға уақтылы су берілмей, қурап, ұшып барады. МТС агрономы «Бешташ» колхозына арнайы тоқтады. Оның мұрабы Қаратай. Шаруашылығы ондай жерлерде, басшылық ұқыпты колхоздарда бедені бір рет шауып алып, енді екіншісіне дайындалып жатса, «Бешташ» колхозында беде бір шабылған күйі, осы күнге дейін қайтадан суғарылмай тамырлары қурап, өспей қалған. Сонымен «бешташтықтар» биыл да, өткен жылдағыдай, бедені екі қайтара шабу мүмкіншілігінен айырылып отыр. Жүгерілері болса бір дүркін су ішіп, көп жерлері тіптен су татпай ай тақырға айналып барады. Басқа жердің қара кендіріне дейін үш-төрт қайтара су ішсе, «Бешташта» екі-ақ қайтара суарылған. «Бешташтың» адресіне айтылған осы іспеттес сөздердің талайын естігенбіз дегендей, беті шімірікпестен Қаратай жай тыңдап отыр. Өйткені əлгі кемшіліктің бəрі қайдан туады деген сұраққа Қаратайдың айтар жауабы дайын. Ол жауап бүгін ғана пайда болып па? Əлбетте жоқ. Ол жауапқа Қаратайдың көптен бері бойы үйреніп, шындығына əбден көзі жеткен.
Неге десеңіз, өзінің мұраптық міндетін Қаратай ешкімнен кем атқармайды. Мұраптың өзіне тəн міндеттері бар: ол, колхозға жіберілген суды көрсетілген нормамен арық-арыққа бөліп береді. Бітті шаруа, одан арғысын басқарма біледі, бригадирлер біледі. Жұмысты ұйымдастыратын солар емес пе. Рас, егін суару шынында оңай дүние емес. Сушы көрген күнді басықызға салмасын, бірақ оған кім айыпты? Жоқ, жоқ, колхозға бөлінген су жетіспесе оған Қаратай не істемек? Кейбір уақытта су мол болғанымен сушы жетпей қалады. Бəріне басқарма айыпты, соның өзі жауап берсін...
Мүмкін, Қаратай бұл жолы да мəжілістерде əбден құлақ үйренген сөздерді естіп, одан келер-кетері шамалы деп, ескі əдетінше ауылына тарта бермек пе? Алғашқы ойы шынында да осылай еді. Басқа, мəжілістің аяқ шенінде бұрыш жақта отырған əлдебіреу сөз алды. «Қалай айтсаңдар, солай айтыңдар, су нормасын көбейтіп бəрімізге үш-төрт құлақтан қосып бермесеңдер бəрібір ештеңе шықпайды!»
...Қаратай елең ете қалды. Бұл оның ойын дəл басқан жоқ па! Қаратай да: «Су аз, су аз», – деп қақсап жүрмеуші ме еді. Іс ойдағыдай болу үшін колхозға бөлінер су тым болмаса жарым есе көбейсе айтар əңгіме басқа болар еді... Бір топ мұраптар əлгі сөзді қуаттап шуылдай жөнелді. «Тура айтты! Сөздің тоқ етері осы! Бəрекелді! Əңгіменің бəрі осында жатыр», – деді. Мұраптардың үндері бəсеңдей бергенде сөзді Сабырбек алды. Сабырбек Қаратайларға қанаттас Жданов атындағы колхоздың мұрабы. Ол өзінің бөз көйлегін белбеумен қынап, жөндеп тұрып, жағасына да бір-екі қол жүгіртті. Аспай-саспай столдың жанына жеңіл басып келді де, сыр тартайын деген кісіше, отырғандарды түгелдей бір шолып өтті.
Ə, дегенде Сабырбектен көз тартар өзгешелікті табу да қиын. Ол отыздан енді асқан, орта бойлы сары кісі. Дембелше, қарулы кейпіне қарағанда жасынан қара жұмысқа қақталған адам болуы керек. Сабырбектің күлімдегенде көлдей жайылатын жалпақ беті, кісіні өзіне тартып кететін мейірімді көзқарасы, бір тоға тұйық, жан баласына жамандығы жоқ, ақ көңілдігі, адал, жас кісінің кейпіне куə болғандай. Бірақ, жұмыс жайы, əсіресе сушылар жөнінде сөйлегенде əлгі мейірімді жүзден, момақан кейіптен із де қалмады. Сабырбектің осындай екенін Қаратай жақсы біледі, білетін жөні де бар-ды... Кейде, жақын адамдардың арасындағы қарым-қатынастың өзі де шиеленісіп кететіні бар емес пе? Міне, Сабырбек қазір сөйлеп жатқанда, Қаратай мұның сөзінде мəн бар екен-ау, пайдалы пікір айтады екен-ау дегеннен аулақ, аса самарқау қарап, əйтеуір тыңдаған болып отыр. Əйткенімен бұл о бастан бір-біріне жақсылық та айтпайды, жамандық та айтпайды – бірін-бірі байқамағансып жүре беруге əбден үйренген. Мен саған тиіспеймін, сен маған тиіспе, Менің ісіме сен килікпе, сенің ісіңе мен килікпеймін деген нақ уəделері бар адамдарша, бірін-бірі ұнатса да, сөз қағысуға екеуі де тартынатын. Бұл жақын достар арасында тіл табыса алмаған кездері, екеуі екі айырық жолға түсіп кеткеннен кейін туатын күйлер. Жаманды да, жақсыны да бір-бірінен бүркемей жасырып жүруге тырысатын. Бұлардың достықтары да, көптен бері адам жүрмеген жалғыз аяқ жолды шөп басып, жасырып бара жатқаны сияқты, өзіне өзі ұмтылып, тарыныс-өкініш айтыспаған достар енді бір-біріне кек сақтай бастайды. Ашықтан ашық жауласпаса да бір-бірінің сырын іштен түйіп аңдысумен болды. Егерде бірі қол көтерсе, екіншісі шап беріп айқаса кетуге даяр. Ондай күйде бір-біріне дұшпан екенін бүкпей, ашық кетісуден тайынбасқа ұқсайды. Сабырбек шұбыртып жатпай төтелей басты. Болар жерінен бір-ақ шықты.
– Бірқатарымыз су бөлу қайта қаралсын, мұқият тексерілсін деп жатырмыз, – деді ол асықпай бастап. – Мұқият тексерілгені дұрыс. Əрдайым осылай көз айырмай өлшеп-пішіп жүргеннің əсте зияны жоқ. Су мамандары гидротехниктер бұл жағын да ойластырып жүрген шығар, оны өздері айтар. Ал, енді, мына мұрап деген елдің де өз ойлағандары бар, оны іштей өздері біліп жүреді. «Қызының сыры төркініне мəлім» дегендей бар білгеніміз: «Су жетпейді! Ойбай, су əкел, қосымшаң қайда» деп тұра шабамыз, оның несі жақсы. Су мол болса, нан да мол болатынын кім білмейді. Солай бола тұра кейбіреулер Шу өзенін өзіне бұрып берсе де, бəрібір «су жетпейді» деп жылаудан тынбайды. Жолдастар, бұл күле қарайтын дүние емес, мұндай науқас əрқайсымыздың басымызда əлі күнге дейін бар. Су – біреулерге тегін суы көрінгенмен, біз үшін алтынмен тең... Су деген көздеген мақсат, арқалаған бейнетіміз... Олай болса кəне көзбе-көз отырып сөйлесейікші... Көктем кезінде, кетіп бара жатсаң айнала көк теңіздей жайқалған егін, көгі көз қуантады, биыл егін бітік деп мəз боласың. Ал енді жазда жинауға келгенде шұнтиып, ойдағыдай шықпай жатқаны. Міне қазірдің өзінде судан қала бастағандары бар. Ол неліктен? Су жоқтықтан ба? Жоқ. Олай емес, жолдастар! Су бəрібір колхозда жеткілікті. Кей жерде көл-көсір... Олай болса əңгіме неде жатыр?..
Сабырбек мойнын соза қарап, есік жақтағы топ ішінен Қаратайды тапты да, ұстарамен тақырлай қырған басын бір сипап алып, неден бастарын ойлағандай аз ғана үнсіз тұрып, əрі қарай сөзін жалғастыра берді.
– Əркім өзінің көрген, білгенін айтады. Қаратай екеуміздің ауылымыз бірі мен бірі қапталдаса қонған. Алар суымыздың сағасы бір, үлкен арықтың арғы беті олардікі, бер жағында біздер... Суы сағалас – жақын дос деп есептеймін. Қаратайды жамандағаным емес, сөйте тұра айтпауға тағы реті келмейді. Сен де мұрап, мен де мұрап, айырмамыз аз, Қаратай. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген, бұрынғыдан қалған мақал бар.
Сабырбектің айтқандарына елең ете қалған Қаратай өз құлағына бірде сенсе, бірде сенбейді. Оның айтқандары түгелдей тура сияқты, бірақ ашудың аты ашу. Сондықтан Сабырбек сөзін Қаратай өзінше қабылдады. Оның əрбір сөзі мұның жүрегіне шаншудай қадалды. Негізінде тура айтылса да, Қаратайға теріс көрініп, ашу кернеп барады. Өйткені, Сабырбек неге мысалға тек қана Қаратайды алып отыр. Оның себебін де іштей біледі. Қазір Сабырбек өш алып жатыр. Ол өзі шынтуайтқа келгенде Қаратайдың беделін түсіріп, елдің көзінше арын төгіп масқара еткісі бар. Жалпы «Бешташ» колхозы егін суарудан ең артта, қалып отыр деп айыптайды. Шынында, Сабырбек бүгін əдейі бел шешіп салғыласуға кіріскендей, досының да, басқалардың да беделіне қарамай сөйлеп тұр.
– Қашан болса да су аз, су жетпейді дегенді желеу етіп құтылып кетуге əбден үйреніп алғансың, Қаратай. Мұндай əдетті қою керек. Қоймайды екенсің, бұл əдістен ісің де оңалмайды, өнім де ала алмайсың. Сенің қолыңда секундына үш жүз литр су бар, былайынша алғанда алты құлақ, сондай су менде де бар. Ол аз су емес. Екеуміздің де айдаған жеріміз бірдей. Ал енді соны дұрыстап пайдаланса жетпек түгіл, артылып қаларына басымды кесіп берейін. Бірақ сен өзіңе берілген суды толық пайдаланасың ба? Əңгіменің бəрі осында жатыр! Мен саған турасын айтып берейін, – деп Сабырбек қалтасынан блокнотын алды. Отырғандар қозғалақтай өзара күбірлесе – «Сабырбектің бұл айтқандары тура! Бар пəле өзімізде! Судың ысырап болып жатқаны рас!» – десіп жатыр. Сабырбек блокнотын аударыстырып, бір жеріне тоқтады да былай деді:
– Суғарылған жердің көлеміне қарағанда, жаңағы секундына үш жүз литр судың, ең көп дегенде, сендер жүз жетпіс литрін ғана пайдаланасыңдар, ал жүз отыз литрі қайда? Сен оны өзің біліп тұрсың, Қаратай. Ол су айдалаға лағып кетіп жатыр. Егін ол судың бір тамшысын да көрмейді. Мақұл, мұның басты себебі не демексіңдер ғой? Ол мұраптың жауапсыз қарауында, ағайын! Өнім аламын дейді екенсің, өзіңе тамақ пен сусын қандай керек болса, егінге де сондай керек екенін ұмытпа, кезінде қандыра су берсең шаруа орнында. Ол үшін мұрап бар жанын салып, жатпай-тұрмай жұмыс істемесе, көретін күніміз осы бола бермек. Қаратай, сен түнде егін суғаруда боласың ба? Жоқ. Түнде егін суғарып жүргеніңді көргім-ақ келеді, амал не бірде-бір кездестіре алмадым. Атызға бөлінген су қайда тарап, кім пайдаланып кетеді, қаншасы жоғалады? Сен оны тексеріп көрдің бе? Оны өзіңнің сушыларың-ақ айтсын, сен бəрібір айтпайсың. Қашан көрсем де сағаның басында, репқаға қарап жүргенің, репқаның көрсеткішінен су сəл төмендесе гидротехниктерге шауып барып «маған су жетпейді, су беріңдер» деп айқай-шу шығарасың. Дəл осы сəтте төменгі жақта қанша су пайдаланылмай ысырап болып жатқанымен сенің ісің жоқ. Ептеп, өкіметтен тиетін су түгел тисе екен дегеннен өзге ойыңда не бар? Басқасы не болса о болсын дейсің! Аңдитының тек судың сағасы. Асауды үйретіп мінгендей, суды да жүгендеп салып отырмасаң беті ауған жаққа ағып кетеді... Осы жағы есіңде болсын, Қаратай, сенің орның сағаны аңдып отыру емес, егін жайдың үсті, сушылардың ортасы...
Барған сайын Сабырбектің сөздері тек қана Қаратайға емес, отырғандардың бəріне тиіп жатқанға ұқсайды. Мұраптар бастары салбырап үнсіз, томсарып қалыпты. Сабырбек «Бешташ» колхозында істемегенмен бəрін тексеріп шыққан адамдай, бес саусағындай білетіндігін көрсетті.
– «Бешташ» колхозында жандары мұрындарының ұшына келгенде ғана қимылдайды. Ал суғару керек дегенде барып тұра жүгірген болады. Кəнігі диқандар өйтпейді. Олар суғару ісіне ерте бастан қам жасайды. Арық табандарын тазартып қояды. Жаңа арықтарды егін айдау кезінде қазып тастап, бəрін тап-тұйнақтай етіп, əрбір сушының жауап беретін жерін алдын-ала белгілеп беру керек. Не пайда, «Бешташта» бұл істелмейді, бұл үшін қам жеп, əрекет жасайтын Қаратай жоқ. Қаратай, сендерге берілген су егістікке жетпей, тазармаған арық табанымен ақпай, беталды қашып сай-сайды қуалап жоғалып жатады. Сонымен егін су ішпей, колхоз өнім алмай қала береді. Іс мұнымен бітпейді. Əрбір литр су үшін колхоз ақша төлейтіні бəрімізге мəлім. Сендерде болса, судың айдалаға кеткені арқасында былтырғы жылы колхозың елу мың сом зиян тартты. Ал енді аудан бойынша судың ысырапшылдығынан бір жылдың ішінде қаншама зиян шегеді десеңізші. Оның үстіне сушылардың жауапсыздығынан алынбаған өнімді тағы қосып көріңізші. Сонда он есе, əлгіге қоса жүз есе зиянға ұшырап отырғанымыз өзінен өзі белгілі болып шыға келеді. Ау, айналайындар, бұл үшін кім жауап береді? Оған біз, мына мен, сен Қаратай, мұраптар, бəрің жауап берулерің керек. Өздерің ойлап қараңдаршы, егер шопан бір тышқаң лақ жоғалтса, ол оны төлейді. Өйткені жауап береді. Ал біздің мұраптар найқалып жүріп мыңдаған тонна су жоғалтса – оған жауап беру деген жоқ. Мұндайға менің жаным шыдамайды. Су деген мұраптың айдап жүрген малы, жақсы мұрап оның əр тамшысын жоғалтпай пайдалануы шарт. Міне, осындай бас қосылғанда тағы бір айтарым, еңбеккүн мұрап үшін жазылмай іс жүзінде пайдаланған судың есебімен жазылсын деген ұсыныс енгізгім келеді. Менің осы ұсынысымды барлық жерде қуаттауларыңызды өтінем, аудан басшылары... Атқа мініп жүрген мұрапшылық бір басқа да, сумен араласып, жерге бауырын төсеп жүрген мұрапшылық бір басқа... Қаратай қалт жібермей тістене тыңдаумен болды. Əсіресе оның «Сен, сен» деп қайта-қайта Қаратайға қарап қолын шошайта сөйлегені-ақ өтіп барады.
– МТС жер айдап берді, колхозшылар сеуіп, егіп, арамшөптен тазартып жерді жұмсартты, одан суғаруға келгенде, сен Қаратай, бейнеттің бəрін жоққа шығардың. Есіңде болсын, Қаратай, елдің табан ақы, маңдай терінің обалы саған. Болмаса неліктен «Үштөбедегі» жүгерілерің осы күнге дейін бір тамшы су көрмей отыр? Тым тəуір көктеп тұрған жүгеріге су бермей, қуарып отырғаныңның себебін айтшы? Оны да білем, ол дөңес жер, су шықпайды дегің келіп отыр. Жоқ мүлде олай емес. «Үштөбеге» суды түстік жағынан шығаруға болады. Бірақ сен оны алдын ала ойлаған жоқсың. Жалғыз ғана сен емес арамыздағы мұраптардың көпшілігінің əдеті осындай, – деп барып тоқтады Сабырбек. Бар көз Қаратайға қадалып, өңменінен өтіп бара жатқанын сезіп тұрды. Дəл осы жерде жердің жарығы болса түсіп кетуге даяр. Мойнына су құйылғандай, басы теңбіл-теңбілденіп кеткен Қаратай жиналыс бітісімен ауаткомның есігінен елден бұрын аласқапас жүгіре шықты, ешкіммен бір ауыз сөзге келместен атына ырғып мініп, егіс даласы қайдасың деп шаба жөнелді. Бірақ ол ат үстінде келе жатса да Сабырбектің сөзінен құтыла алған жоқ. Сабырбектің сөздері мұны артынан қалмай өкшелей қуып келе жатқандай көрінді. Қаратай қазір де «Үштөбеге» шауып бара жатып, бүгінгі мəжілісте болғандарды көз алдына мың қайтара елестетумен келеді.
Бірақ, айналып келгенде соның бəрінен Сабырбектің айтқанына көнгісі жоқ. Өзін-өзі ақтарлық жауаптар да тапқан сияқты. Сүйтсе де жауаптары жан тыншытарлықтай емес. Қаратайдың қазір ішін өртеп келе жатқан жай: Сабырбекке қарсы сөйлеп азды-көпті дəлел айта алмағаны. Міне, енді бұйдасын ұстатқан тайлақтай шу десе желе жөнеліп, шөк десе жататын халде болып келеді. Сабырбектің мұндай мекерлігін бұрын білген жоқ еді-ау! Екінші рет сөйлемейтіндей етіп, өзінің біраз бетін қайтарып тастау керек-ақ еді не пайда! Бірақ, не деп айтуға болатын еді! Сен, Сабырбек, бөтен колхоздың ісіне килікпе, өз жөніңді өзің біліп жүр, батырым, деуге болатын ба еді? Олай кекете сөйлеуге тағы реті жоқ, Сабырбекті бүкіл аудан біледі. Шебер сушы, алдыңғы қатарлы мұрап. Сабырбектің колхозында беде жылына төрт рет шабылады, оның колхозында сүрлеуге арналған жүгерінің əрбір гектарынан алты жүз центнерден өнім алынады, оның колхозында аудан бойынша еңбеккүнге ақша, астық, ет, май мол берілетіні айдан анық. Сабырбек жөнінде облыстық газеттерге мақалалар жиі басылып, оны жұртқа үлгі етіп ұсынады. Білім жағынан да Сабырбек бəрінен мықты жүгеріні бейберекет суғарудан бас тартқан осы Сабырбек. Суды тек жайып жібермей қарық-қарықпен жіберудің пайдасын алғаш айтқан да Сабырбек. Бұдан өнімнің екі есе ұлғаятынын да дəлелдеп шықты. Бүгінгі сөзінде, егер кендір уақтылы су ішіп тұрса, тəулігіне 12 - 14 сантиметр өседі екен дегенді де айтқан жоқ па! Япырай, əрбір түп кендірді өлшеп жүрген адамша сөйлейді. Қысты күні жер суғаруды да шығарып жүрген осы Сабырбек емес пе! Жерді қысында суғарып қойса ылғалды мол сақтап қалады дейді. Осыны естігенде жанында тұрған бір шалдың «ой, сұмдығын қарашы» – деп жағасын ұстап, Сабырбекке риза болғанын өз көзімен көрді. Ие, Сабырбек мықты, не десең о де, істің көзін тауып тұрады.
Ал, енді, Қаратай ше? Қаратай қандай болушы еді? Қаратай да мұрапшылық кəсібін Сабырбектен кем білмейді. Ол екеуі мұраптардың курсында бірге оқыған. Бірақ Сабырбектің бағы бар екен, бақ қонғанның тасы өрге домалайды дегендей, ол алдыңғы қатарлы колхозда істеп атағы шықты. Мықты болса «Бешташ» сияқты колхозда істеп көрсінші, жағдайы не болар екен? Ə, дегенде Қаратай да іске екі білекті сыбана кіріскен. Еңбегімен ел көзіне көрінсем екен деген арман-тілек мұнда да болды. Не пайда сол алғашында-ақ істің берекесі қашып, оңалмай-ақ қойды. Басқарма дегендерің бірінен соң бірі ауысып, əбден зықыны шығарды. Біреуін орнынан алса, екіншісі өз бетімен кетіп жатты. Жұмыста да бірлік, береке болмады... Қаратай қаншама күш салғанмен бара-бара жауапсыздыққа еті үйреніп кетті. Қиюы қашқан іске көндікпеске амал қанша... Сонымен аптаны ай аттап, жылды жыл қуалап кете берді...
Тағдыр əдейі қасарысқандай Сабырбекпен тіршілік-тірлігінің жолын бір етті. Ауыл болса көршілес, жастайынан бір-біріне танысбілісі мол, бала күндерінде ШКМ мектебінде бірге оқыды. Соғыс кезінде де екеуі бір батальонда болды. Белоруссиядағы жорық үстінде бара жатып кішкене өзен бойында дем алыста, екеуінің жолығысқаны əлі есінен кетпейді. Жай ғана жылжып аққан кішкене өзеншенің жиегіндегі көк майса, белуарынан суға малынған қалың қамыс қоға, теңгедей бұлты жоқ көгілдір аспан, құлаққа ұрған танадай шаңқай түс, қойшы əйтеуір, айналадағының бəрі демін ішіне тартып, самарқау аққан судың тыныштығын бұзбайын дегендей маужырап қапты.
Содан бері талай жылдар өтті. Екеуі де майданнан бірге қайтты, мұрап болып бір уақытта қызметке араласты. Қаратайдың тұйық, морт мінезіне қарамастан екеуінің достық пейілдері бұрынғыдан да нығая түсті. Бірақ бір күндері, қайдан шыққанын кім білсін, «Сабырбек Қаратайдың қалыңдығы Қанымгүлді сүйеді екен» деген өсек ауыл арасына тарап жүрді. Күбір-сыбыр əңгімелер көбейді. Осыдан-ақ Қаратайдың досына деген көңілі суып, бойын тарта бастады. Қанымгүлді алғаннан кейін де Қаратай Сабырбекке жылы шырай бермеді. Қаратай өзінше топшылап, істің анығын барламады. Ондайға
Қаратайдың шыдамы да, сабыры да жетпеді. Оған себеп, сырттай жұрт көзіне сездірмегенмен Қанымгүлді іштей сүйетін. Сондықтан болу керек, қызғаншақтығы əр сəт білініп қала беретін. Қанымгүлге біреу күле қарады дегенше – ол мейлі жан қимас досы болмақ түгіл, бірге туғаны болса да ызғар шашып, шатынап, кейде қанын ішіне тарта сазарып, əзіл, шынын ажыратпастан, кім болса да сойып салуға даяр тұратын. О бастан күдікшіл, морт мінез Қаратай Сабырбектің əрбір басқан қадамынан арамдық іздеп, күннен-күнге күдігі молайып жек көріп кетті. Мұны сезген Сабырбектің көптен бері сөйлесіп, сырласпай кеткенін, өзінше жорып, менің ошағыма өрт салғысы келіп жүр деп таныды. Бара-бара Қаратайдың іші тарлығы Қанымгүлмен ғана шектелмей, енді Сабырбектің өзіне ауды. Сырттай Сабырбектің табыстарына мəн берменгенсіп жүргенмен, шындығына келгенде, іштей кіжініп тісін қайраумен болды. Қаратай Сабырбектен артта қалайын деген жоқ, не пайда ісі оңға баспай-ақ қойды. Бұған Қаратайдың онан сайын іші күйіп, зығырданы қайнайды, бұрынғы досынан үлгі алуға, жəрдем сұрауға, «мен осыған бас ием бе» деген татымсыз тəкаппарлық жүгендеп жібермей-ақ қойды. Сабырбек болса, əдейі өшіккендей ел аузынан түспей мақталып, барған сайын абыройатағы өсіп барады. Оның абыройының соншалықты көтерілгенін ел былай тұрсын, кейінгі кезде, Қаратай өз əйелінен де байқап қалды. Бір күні Сабырбектің суреті басылған газеттен Қанымгүл мақала оқып отыр екен. Қаратай ə дегенде сыр алдырғысы келмей, үндемей біраз тұрды да, кейін шыдай алмай:
– Ие, сонымен сенің Сабырбегің газеттен түспейтін мықтының өзі болып алды ғой! Кəне, тағы да не деп мақтаған екен, – деп өртенген ішінің алай-түлей қалпын сездірмей, əжуаға айналдырғысы келгендей кекете сөйледі. Сонау бір күндері Қанымгүл келіншектермен бірге Сабырбектің ауылына киноға барған-ды. Сонда Сабырбек Қанымгүлдің жанында кино көрместен жабырласып отырыпты. Осыны естігенде Қаратай əйелімен ашық сөйлескісі келіп еді, бірақ əрі-бері ойланып: «Біздің ауылда осы күнге дейін клубтың жоқтығына кім айыпты» дегенге жауап таба алмай үн шығармаған-ды. Бастан өткендерді осылай ой сарабына салып келе жатқан Қаратай, «Үштөбеге» қалай жеткенін аңғармай да қалды. Жүгерілерінің қандай халде екенін енді көріп, енді түсінді. Сенбегендей қайта-қайта көзін уқалап қарап еді, сол көрініс өзгермеді. Байқамай сіріңке шағып жіберсең шаңы шығып жатқан жер ду етіп өртеніп кеткелі тұр. Жүгерілер əлдеқашан сарғайып, бой ала алмай қалған. Сары жапырақтар қағаздай қаудырап тұр. Қурай бастаған жапырақтар ширатылып оралып түтіктей көрінеді. Өсімдікке өмір беретін жер-анадан қайран кеткен. Қазір өгей шешедей сазарып жатыр. Жетімсіреген жүгері собықтары сүт алмастан солып салбырап қалған. Олар аса аянышты үнмен «бізге, су, тезірек бір тамшы су» деп зар илеп тұрғандай. Қаратайдың жүрегі өмірінде осы жерде бірінші рет сыздап шаншығандай болды, тұла бойы түршігіп қоя берді. Сабырбектің, бар күйіне айтқан сөздерін енді ұққан тəрізді. Кенет, құлағына «сен мұрапсың, сен судың иесісің, өнім үшін, елің үшін сен жауап бересің. Есіңде болсын, елдің табан ақы, маңдай тері сенің мойныңда, Қаратай» деген Сабырбектің үні келгендей болды.
Дəл осы кезде от шалқығандай ыстық жел шарпи бастады. Бұл ыстық жел жер бойында қалған азды-көпті ылғал-дымқылды ашқарақтана жұтып бара жатқан айдаһардай Қаратайдың аза бойын қаза қылды.
– Аптап желі, – деді Қаратай бар даусымен, – аптап желінің өзі – Енді аттың жалын құшақтап бүктүсе, өлсіреген үнмен сыбырлап: – Бүйткенше бір тамшы су көрмей кетсемші! Мынаны көргенше бір тамшы су татпай өлсемші!..
Аздан кейін басып жұлып ала арық-атызға қарамастан атын борбайлап ауылға қарай шаба жөнелді. Аттың төрт тұяғынан шыққан шаң созылып қала берді. Сол бойымен тізгінін тежемей шауып келе жатқан Қаратай, сиырларды көшеде күтіп жүрген Қанымгүл мен Тоқанды көргенде ғана тізгінін жиған-ды.
***
Бұл кездері түн ортасына дейін тастай қараңғы болады. Ай да қырқа басына тым кеш шығады. Сушылар үшін түн ең бір тиімді мезгіл. Сабырбек егіннің қалай суғарылып жатқанын тексеріп жүрді. Бəрі де өз орнында. Сушыларға күндіз тапсырма беріліп, əрқайсысына жер бөлініп қойған. Енді, егін жиегінен, əлі де ала-құла қалып койғаны бар ма екен де, Сабырбек аралап келе жатты. Біруақытта:
– Сабырбек, ay Сабырбек, – деп айқайлаған біреудің үні шықты.
– Уа, немене, мен мұндамын!
– Су жоқ. Су азайып барады, – деп əлгі сушы тағы айғайлады. Сабырбек оған жақындай бергенде, арғы жақтан тағы айқай шықты.
– Ау, мұрап, су азайды ғой. Су қайда!
Шынымен арықтардан су азайып төмен түсіп барады, енді мүлдем жылжымай қалды. «Бас арықты біреу арқалап кетті ме, мұнысы несі» деп Сабырбек солай қарай шаба жөнелді. Арық орнында, бірақ көз алдында су күрт төмен түсіп, аздан кейін түбіндегі тастары жылтырап көріне бастады. «Япырай, бұ несі» деп таңданған Сабырбекке «əлде, каналдың бір жерін су бұзып ауып кетті ме екен» деген ой caп ете қалғанда, денесі түршігіп қоя берді. Енді қайтпек, бұл каналдан Сабырбектер ғана емес, «Бешташ» колхозы да су ішеді. Канал бұзылып кетсе оны бөгеу де осал сауда емес. Уақыт алуы былай тұрсын, байлау беруі де қиын. Оның үстіне қазір егін суғарудың қызу уақытында сусыз қалу деген, бар өнімнен айрылғанмен бара-бар. «Не де болса тезірек əрекет жасау керек» деп Сабырбек түн қараңғысына қарамай, бұрынғысынан жан ұшыра шаба жөнелді. Міне, ол каналдың басына да жетіп келді. Мұнда екі колхозға су бөлетін үлкен шлюз орнатылған. Сабырбек жиектегі талға атын байлай салды да, қанал жағасына жүгіре шықты. Шлюздің үстімен жүріп бара жатып, бір кезде кілт тоқтап қалды. Көзің жамандық көрмесін, – Сабырбектің бас арығына баратын шлюз қақпасы жабылған. Каналдан арыққа бір тамшы су бармай тұр. Оның есесіне Қаратайдың арығының қақпасы аянбай ашылған. Су солай қарай төндіріле жөңкіп жатыр.
«Мұнысы несі, мұны істеп жүрген кім» – деп, Сабырбек өзіне-өзі сауал беріп, оған жауап таба алмайды. Дəл мұндай оқиғаны ол бұрынсоңды кездестірген емес. Қаратайдың арығына құлап жатқан су сарылы Сабырбектің сөйлеген сөзін естіртпей жұтып кетіп жатыр. «Жоқ, бұл бір жаңылыс оқиға шығар, əйтпесе, мүмкін емес» –деп, Сабырбек өзін өзі жұбатумен болды. Ол атының жанына барып қанжығасында байлаулы жүрген, шлюздің кілтін шешіп алды да қайтып келіп, өз арығының қақпасына салып, тиісті суын жығып алайын деген мақсатпен енді ғана бұрай бергенде, жақын жерден əлдебіреудің өктем үні шықты.
– Тарт қолыңды!
Сабырбек селк етіп жалт қарағанда, көпірдің үстінде қанатын керген бүркіттің бейнесіндей, арбиған əлденеге көзі түсті. Қазір бүре түсетіндей, басы мен денесі бірдей қарауытқан бірдеңе жақындай берді. Бетінен ажыратып тануға мүмкін емес, түн.
– Сен кімсің?
– Тарт деймін қолыңды.
– Қаратай, сенбісің ей!
Жауап жоқ.
– Мынаны істеген сен бе? Біздің суды аударып алған сен бе деймін?
– Су түгелдей маған керек!
– Ондай правоны кім берді.
Қаратай адымдай басып Сабырбекке жақын келді.
– Жоғал қазір, көрінбе көзіме!
– Денің сау ма? Есіңді жи, Қаратай!
– Өзім үшін емес! Бермеймін, кет деймін саған! Колхоз үшін, колхоз үшін алып жатырмын! Жерім қурап, егін өліп барады, маған осы судың бəрі де керек! Тірі тұрғанда кет деймін, бермеймін, болды!
– Басқалардың егіні су ішпесін бе? Мұның барып тұрған заңсыздық! Сен ұрысың!
– Meн ұрымын ба? Жағыңды қарыстырайын сенің! – деп Қаратай жетіп барып Сабырбектің қолындағы темірді жұлып алды. Ол шегіне беріп, бар күшімен сілтсй бергенде Сабырбек Қаратайдың екі қолын шапшаң қапсыра ұстап алды. Бар қуатын жиып, Қаратайдың білегін темірдей күшті саусақтарымен қыса түсті. Ақырында шлюз ашатын кілт суға түсіп кетті. Қаратайдың беті қайтатын емес. Шамасы келгенше əлі де айқасып, Сабырбекті көпір шетіне ығыстырып суға құлатпақ. Мұны сезген Сабырбек бір қолымен шлюздің темірінен мықтап ұстап, орнынан жылжымай қойды. Екеуінде де «суға түсіп кетпейік» деген қауып бар. Теке тірес айқасып қапты. Жан қиыспас достық деп жүргенде де екеуі дəл осындай етене құшақтасып, бетпебет тиісіп, көзбе-көз жақындасқан жоқ шығар. Айнала жым-жырт. Тастай қараңғы. Екеуінен басқа тірі жан жоқ. Қырдың ар жағынан қылтиып шығып келе жатқан ай, алысып жатқан кімдер екен дегендей, мойнын соза түскен тəрізді. Ай да асығыс көтеріліп келеді, шлюзден орғыған су арық табанына түсіп алды-артына қарамай, сарқырап жатыр. Егерде күндіз болса Сабырбек Қаратайдың құтырынып қанталаған көзін көрер еді. Шекесіндегі білеуленген тамырларынан жүрегінің қалай соғып тұрғанын сезер еді, оның қарыса тістенген түрі мен қан-сөлсіз өңін таныр еді. Бірақ қараңғыда Қаратайдың ашу буған ыстық денесін ғана сезіп, жанталастан шыққан ашумен аузынан анттай шыққан сөздерін ғана естіп тұр.
– Бермеймін! Суды бермеймін! Бүгінгі түн менікі. Егіндерім өртеніп барады!.. – Бір уақыт болды-ау дегенде Қаратайдың күші қайтып əлсірей бастады. Сабырбек осы сəтте Қаратайды əрі итеріп жіберіп:
– Орныңнан қозғалма! Жылжушы болма, – деді. – Сен осындай болып шықтың ба! Өнім үшін, озу үшін осылай күреседі екенбіз ғой! Мен саған кіммін?
– Сен маған қас дұшпансың, – деді Қаратай ентігін баса алмай. –Сен маған дұшпансың... Сен менің сүйгеніме көз саласың. Сен мені мұқату үшін жиналыстарда жамандап сөйлейсің. Талқыға салып əшкерелемекші боласың... Бірақ мені алдай алмайсың... Егінді елден бұрын суғарып жақсы көрініп жүргеніңнің сырын білемін, өйткені сен түн болысымен менің суымды жығып алып жүргенсің...
– Не дейсің? – деп Сабырбек буынып, басқа сөз айтуға мұршасы келмей қалды. Қаратайдың жағасынан қос қолдап қапсыра ұстап өзіне қарай жұлқып қалды. Қыбыр еткізбей, көзінде не бар екен деген кісіше оған үңіле тіктеп қарап тұрды да, сəлден соң өкінішпен басын шайқап:
– Енді түсінікті! Мен кеттім. Бірақ есіңде болсын, сенің арықтарың мұнша суға төтеп бере алмайды... Сен өзіңе өзің дұшпансың... Бір ұрттам су осыдан далаға кетсе жүзі қара бол...
Сабырбек кеткен соң, Қаратай көпір үстінде тұрып, ай жарығымен шағылысқан Сабырбектің көйлегінің ағараңдап бара жатқанына ұзақ қарап тұрды. Сабырбекте жеңілдім деген ой жоқ. Ол кеудесін кере, жеңген кісінің кейпінде нық басып бара жатыр. Қаратайдың болса басы айналып денесі дел-сал болып қапты. Осы сəтте ол кетіп бара жатқан Сабырбекке: «Тоқта, суыңды ала бер» деп, айқайлай жаздап аузын баса қойды...
Өз қылығын ақтау үшін, Қаратайға əлде не жетпей тұрған сияқты. Қаналдың биік жарынан жүгіріп түскен Қаратай арықтың жиегіне келіп жүресінен отыра қалды да, «жанымды салып тапқан су осы ма» дегендей, əбден таңдайы тобарсыған адамдай, қос қолымен қайтақайта құмарта жұтып, өзіне өзі əлденені күңкілдеді:
– Саспай тұра тұр, мен саған əлі көрсетем көресіні. Міне, су дегенің менің қолымда... Бүгін түнімен бəрін суғарып бітем, Су ішпеген ұлтарақтай жер қалмайды. Мен ұры емеспін, ұры деп кім айта алады. Мен ұры емеспін! Олар егіндерін үш қайтара, бес қайтара суғарып алған, бір түнде ештеңесі кетпейді. Біздің жеріміз шөліркеп тұр.
Жоқ достым, жалған айтасың, бізге алты емес, он – он бес құлақ су керек... «Үштөбедегі» жүгеріге осы ескі арықтарыммен-ақ су жеткізе алам. Арығың шыдамайды дегені өтірік-жала...
Арықтағы су шынымен мол ағып жатты. Ағыстың күштілігіне Қаратайдың көзі ілеспейді. Жазғы сел сияқты, арықты кернеп аққан суға алақаныңды тоса қалсаң, серпіні тайша теуіп қолыңды сыртқа лақтырады. Білегіңе дейін салсаң, өзімен бірге сүйреп жөнелетіндей, жұлып əкете жаздайды. Су еркіндікті сүйеді. Қазір құлағыңды тоссаң, арықтың жағасын кеміріп барады; сусылдай ыққан құм дыбысы да естіліп қалады. Бірақ, Қаратайдың ойы басқа жақта. Ол бүгінгі түні қандай болмасын бар жерін суғарып алуға тиісті. Судың дəл қазір «Үштөбеге – жеткенін, күні бойы даяр тұрған сушылардың жан сала суғаруға кірісіп жатқанын көзіне елестетіп, Қаратай орнынан ұшып тұрды, қуанғанынан үнсіз күлді. Егіске су жаю басталды. Енді тезірек əрекетке кірісу керек...
***
Қалың қара кендірдің ортасындағы жалғыз аяқ жол-жолмен жанжағына елеңдей қарап бір əйел келе жатыр. Оның басындағы ақ қиықша желкесіне түскен, көйлегінің жағасы да жайлауында, ағараңдаған төсі көрінеді. Ол Қанымгүл, Қанымгүл қорқып келе жатыр, жан-жағына үрейлене қарайды. Ұйқысынан шошып кеткен торғай пыр ете қалып еді, Қанымгүл айқайлап жібере жаздады, қолындағы түйіншегін кеудесіне баса қойды. Жоқ, жоқ, ол түйіншекті еш уақытта тастамайды. Қаратай тамақ ішпей кеткен, ол бүгін ренжулі. Оның себебін білсе Қанымгүл, Қаратай үшін жанын беруге де даяр...
Бір кезде алдыңғы жақтан:
– Ойбай кетті! – деген үрейлі дауыс шықты.
– Қаратай, арық бұзылып кетті, арық!
– Қаратай, тезірек... Қаратай, ай... ай...
Қанымгүл есі шығып, солай қарай жан ұшыра жүгірді. Кімдер екенін байқау қиын, үш-төрт адам арық жағасында күйбеңдесіп жатыр. Бірақ Қаратайды Қанымгүл бірден тани кетті. Қараса, су опырып кеткен жердің ортасына түсіп емпеңдесіп, бəрі де қауырт тірлік үстінде. Кемерді бұзып шыққан үлкен арықтың суы тұтқыннан құтылғандай құтырына тулай ағып, сай-саланы қуалап барады. Жыртқыш айуандай тепсіне, бөгет бермей, арық жағасын опыра, жұта, үзіп-жұлқып жатқан су қарқыны жаман. Су сарылымен аралас, айқайлай айтқан:
– Болсайшы!.. Былай ұста! Шым таста!.. Тас əкел! – деген үздіксоздық сөздер ғана естіледі...
Қанымгүлдің келгенін бірде-бірі байқамады, бірақ оның қайдан, қашан келгеніне де ешкім таңданған жоқ. Қанымгүл суды кешіп Қаратайға жетіп барғанда Қаратай оған жалт бұрылды да:
– Шым, шым əкел, бол жылдам, – дегеннен басқа айтпады. Одан кейін де не болғанын Қанымгүл білмеді. Құлақ тұнған сарыл үні, өңі ме, түсі ме, əйтеуір жанталаса шым аударып жатыр. Бірімен-бірі тамырласа тістескен шымды аудару да азап, кейде кетпенмен босатқаныңды қолыңмен аласың. Дөңбектей шым ауыр-ақ. Оны Қанымгүл тастай салмай бала көтергендей, кеудесіне қысып Қаратайға əкеледі. Қаратайдың жүзіне адам қарарлық емес-ті. Ашу ма, абыржу ма аңғару қиын, даусы да қарлығып шығады. Ар жақтан тағы біреудің жан даусы шығып жатыр.
– Немене? Не боп қалды?
– Құдай ұрды! Мына жақты тағы да жұлып кетті!
– Жұлып кетті!
– Жағың қарыссын!..
Темірдей шыңдалған бұлшық еттер. Енді бір сəтте қара терге түсіп сумен аласұра алысып жатқан адамдардың ішінен əйел даусы естілгендей болды. Қанымгүлдің аяғына тас келіп соқты. Ол соғып қана қойған жоқ, екі жақтан езіп бара жатқан сияқты. Ой, жан-ай, аяқ сыздап барады. Қанымгүл ернін тістене суға отыра бергенде, Қаратайдың «болыңдар» деген өкім бұйрығын естіп орнынан атып тұрды... Осы сəтте бір нəрсе сарт ете қалды. Аяқ па сынған?.. Қаратайдың қағып жатқан қазығы сыныпты... Көз қарауытып кетті...
– Болмайды! Болмайды екен!..
– Не болмайтын?..
– Ескі арық – тозған көйлек, бір жерін жамасаң екінші жері жыртылады...
– Жап аузыңды!
– Өлеміз бе?
– Өл!
Тағы да жанталас, арпалыс! Су дегенің тілсіз жау, біресе ана жерден, біресе мына жерден бұзып, жөңкіп жатыр... Ырық берер ол жоқ. Қол да қарысып барады, саулаған тер тұзды судай ащы... Сушылар болса Қаратайға наразы, іштері қайнап жүр...
– Осы да арық па! Ішіндегі шөбіне оралып жығыласың... Мұнда су қайтіп ақсын...
– Арықтарын дұрыстап қаздырып, тазартып алмай басқарма мен мұрап не бітіріп жүреді екен...
...Қаратайдың бұл қылығы ма – сұрама. Су өзімізге де жоқ, оларға да жоқ...
– Ұрлап ішкен ас болмайды деген осы! – Бұл сөздерді түгелдей Қанымгүл естіп жүрді. «О не дегендері, Қаратай неғыпты сондай-ақ» – деп сескеніп қалды ішінен. Сушылардың бірі бар ашуымен айғайлап:
– Жетер енді, атасына лағнат! Барыңдар, шлюзді жабыңдар! – Енді біреуі шлюзге қарай жүгіре бергенде Қаратай атып шығып, алдын ала кес-кестеп тұра қалды.
– Кім саған жапсын деген? Қайт кейін! Жауап беретін мен.
– Жауабың қайсы? Біреудің суын жығып алып арықтардың тасталқанын шығарғаның ба? Қаратай үндемеді. Түнерген бойы қолындағы кетпенін мықтап ұстап өзіне айбат шегіп тұрған сушыларға жақындай берді. Бағанағы сөздердің мəнісін, Қанымгүл енді түсіне бастады. Күйеуінің қандай іске ұрынғанын ұқты. Қаратай сушыларға ызғарлы үнде:
– Сендерге жұмысты тастаңдар деген кім? – деді.
– Зекірме! Суды жап! Сен ұрлаған суға біз жауап бере алмаймыз!
– Жаппаймын, – деді Қаратай жан дəрмен айғайлап, ол өзін өзі ұстауға шамасы келмей жұртқа кетпенін ала жүгірді. Осы сəтте сушылардың бірі кетпенін жасқана тоса қойғанда болат темірлер бір-біріне соғып от шашты. Сушылар бəрі жабылып Қаратайдың кетпенін тартып алды. Қаратай онда да қояр емес, қолы жеткенін жұдырықтап ұра бастады. Өз екпінімен екі-үш рет омақаса да құлады. Сонда да, өкіректеп болар емес. Есі шығып кеткен Қанымгүлдің ə дегенде сілейіп тұрған орнынан қозғала алмай, не бір сөз айтып, үн шығаруға да шамасы келмеді. Біраз уақыт өткеннен кейін барып:
– Ойбай, бетім-ай, бұл не деген сұмдық, – деп жұдырықтасқандарды арашаламақ болып араларына барып киліге кетті. Теңселіп əлсіреген Қаратайды қалқалап, жұдырық салып жатқандарға өз денесін тоса берді.
– Қойсаңдаршы, садағаң кетейіндер, араша енді, бұл өздерің бала болып кеткеннен саумысыңдар. Қойыңдаршы, – деп сүрініп-қабынып жүріп Қанымгүл Қаратайды қапсыра құшақтауға ұмтылды. Əбден қаны қарайып алған Қаратай əйеліне ырық бермей, бұлқына ұмтылып, Қанымгүлді жұлқып тастады. Қанымгүл оған да қарамай, қараңғыда өзіне тиіп жатқан жұдырықтарды да елемей, қайтадан ортаға түсіп сушыларға жалынып-жалбарынып жүр!
– Қойыңдаршы, сендерде кінə жоқ... өз қолымен жасағанды мойыныменен көтерер, Қаратай өзі жауап береді, сіздер кете беріңіздер... Қазір кетіңіздерші... Ұрмаңыздар... тимеңіздер деймін... Кетсеңіздерші құдай үшін!
– Ay, мұны ұрған кім, алдымен өзі бастамады ма?
– Бастаса бір ашуларыңызды маған беріңіздер, онан көрі мені сабаңдар!
– Сені сабап неміз бар... Кетеміз қазір, кетпей осы жерде жатып алар ешкім жоқ. Бірақ бұл оқиға осы күйімен жабулы қалмайды. Тиісті жерінде сөйлесеміз əлі... кездесеміз əлі... кездесеміз əлі парторг, басқармалардың алдында да көрісерміз, – деген бойы кетпендерін иықтарына салып алып сушылар ауылға баратын жолға түсті. Демі булыға ентіккен Қаратай:
– Тоқтаңдар! Кейін қайтыңдар, қайтыңдар қазір! Тоқтаңдар деймін, – деп мойнына асылған Қанымгүлді сүйреп олардың ізінше ұмтылды. Сушылар тоқтаған да жоқ, жауап та қайтарған жоқ. Сəлден соң олар қараңғы құшағына сүңгіп көзге ілеспей кете барысты. Баяғыдан жанталасып аласұрған Қаратай енді жынынан айрылған бақсыдай ербиіп тұрып қалды. Тұла бойы дел-сал, екі қолы суға түскен қораздың қанатындай салбырап-салдырап қалыпты. Айдалада жаңа ғана найзағай жарқылдап, күн күркіреп тыныштық орнағандай қазір жым-жырт. Деміккен жылымшы түн бір күрсінгендей, жер беті де салқындай бастаған. Арықты бойлай өскен шырмауық, балаты шөптерінің салқын ауамен майса исі аңқиды. Канал жақта ұйқы безер көкбақалар анда-санда құрылдап қояды. Əріректе қалың тікенекті қарш-қарш жұлған боталы інген, артта қалған ботасын қараңғыда адасып кетпесін дегендей, боздап үн салып қояды. Айнала күндегідей өз қалпында, өз жайында. Осы бір тыныштықты бұзып тұрған бір нəрсе – ол арық ернеуін бұзып кеткен адуын су сай қуалап бетімен кетіп сарылдап жатыр. Мол судан сай да жарқырап көрінеді. Мойны салбырап еңсесі түскен Қаратай əлі демігін баса алмай, ауыр күрсініп тұр. Оның дүрс-дүрс соққан жүрегі қасындағы Қанымгүлге өз жүрегінің соққанындай айқын-анық естіледі. Күні бойы бөгетке салған шым, тастардың ең соңғысын аударып төңкеріп алып бара жатқан су, енді еркін босандық дегендей, ағысын одан сайын күшейтіп, күркірей жөнелді.
– Мен немене, өзім үшін бе екен осының бəрі, – деді Қаратай əлдекімге шағынғандай, – Колхоз үшін... Су жетпейді... Егіні күйіп барады... Қанымгүлдің күйеуіне жаны ашып жүрегі елжіреп кетті.
– Ештеңе емес, Қаратай, қапа болмашы! – деді ол құлағына сыбырлап. Қаратай селт еткендей бұлқына беріп өзін құшақтап тұрған Қанымгүлдің қолдарын ажыратып итеріп жіберді де:
– Кет көз алдымнан, – деді зəрлі үнмен. – Жоғал қазір! Көрінбе көзіме.
Қанымгүл үнсіз-түнсіз аз тұрды да бұрылып кете берді. Жол бойындағы кенептің үкілі басын жұлып алып, қолымен уқалап жерге тастап, тағы да үзіп алып, өзімен өзі теңселе басып кете барды. Жалғыз қалған Қаратай тағы біраз тұрды да, одан кейін шлюз жақты беттеп адымдай жөнелді.
***
Таң атуға да жақын қалды – тау бөктеріндегі ақша бұлттар да оянып қыбырлап-қимылға басып келе жатқандай. Қаратай жер бауырлап етпетінен сұлап жатыр. Ол қазір жермен екеуі ғана бетпе-бет қалған тəрізді, жер болса бəріне де түсінеді, ол адамның күйініш-сүйінішін, қайғы-мұңын бөлісін де бауырына басып жата береді.
– Тұр, Қаратай, Сабырбек келе жатыр, – деді сыбырлап Қанымгүл. Қаратай əйеліне назар аудармай ауыр көтерілді.
– Мə, далада қалыпты, – деп Қанымгүл оған қалпағын ұсынды. Қаратайдың үстінің шаңын қағып, көйлектерінің етегін қымтай берді де:
– Мен үйге кете берейін, сен өзің келерсің. Атың ана қорғанның ар жағында тұсаулы жүр, – деді Қанымгүл кетіп бара жатып.
Сабырбек арық бойын жағалап келе жатыр екен. Кейде ол үзеңгіге шірене көтеріліп айналаны барлай қарап қояды. Мүмкін, ол жаңа арықты қай жерден қазу керек екенін ойлап келе жатқан болар.
Қаратай үнсіз қарап тұрды. Дос алдында жауап беруден дұшпан қолында өлген жеңіл емес пе!