Түнде туған ақ сарбас саулықтың қозысын енесіне теліп еңкейе бергені сол еді, Шәркүлдің оң қабағы бүлк-бүлк тартқаны. Кейде адам деген өзі қызық қой, оң қабағының тартуын жақсылыққа жорып, әлденеге іштей елегізіп үміттенетіні бар. Көзін оң қолының сұқ саусағымен жайлап сипап «ұзағынан, ұзағынан» деп күбірледі. Аяғы жерге, тұмсығы енесіне жетпей екі ортада салбырап қалған ақ қозы тыпырлады. Шәркүл сонда барып тізе бүгіп:
–И-и, жарықтық-ай, –деп қозыны енесінің бауырына салды. Қозыны ауыздандырып отырып қиялы шарқ ұрып, алысты кезіп кетті. Пенде емес пе, әркімге өз туысы жақын. Есіне Сапардың биыл университет бітіргелі отырған інісінен бұрын, әскердегі өзінің кенже бауыры түсті. Көзінің тартуын соның аман-есен оралуын жорып отыр қазір. Бұлар елден шалғай. Қандай хабар болмасын ауылдағы ағайын-туғандарға жетіп, бұларға ара қонып асықпай келеді. Шәркүл өздерін үлкен әлеммен жалғастырушы қонағы да, ұлығы да келетін жалғыз күре жолға қарап елеңдей берді. Бір тәуірі, осы жолы көп күттірген жоқ. Түс ауа орталықтан келген кітапханашы қыз бір топ газет-журналдармен бірге мұның қолына әдеттегіден қалыңдау хат ұстатты. Бірден таныды. Қайнысының мөрдей жазуы көзге ыстық тартып барады. Қайнысы Алматыда үлкен оқуда. Шәркүлдің шамалауынша, биыл тамамдайтын болуы керек. Өзі Сапардан мүшел жас кіші. Содан да шал-кемпір Сапарға медет, шаршап-шалдыққанда демеу берер қуат болсын деп атын Қанат қойыпты. Шәркүл оны «Төрежігіт» дейді. «Төре десе дегендей-ау», –деп қайнысының ауыл дәстүрі бойынша үлкейтіліп, қабырғаға ілінген суретіне қарап кейде айтып қояды. Шашын бір жағына жыға тарайтын. Иегін сәл көтере қырын қарап отырған келбеті көркем. Қабақтан тік түскен қыр мұрыны жарасты өң береді. Бұл – былтыр жіберген суреті еді. Есейіп кеткені көрініп тұр.
Алдында асқар таудай әке, сөзін жықпас аға болғаннан ба, ол Сапарға қарағанда қамсыз, шаруаға қырсыз болып өсті. Бірақ мінезі салдырлақ, төгіп-шашпа жомарттығы тағы бар. Әрі жиын-тойға үйір. Осы әдеті өзіне үйлесімді де еді. Мектеп бітірген соң аудандық газетте екі жыл жұмыс істеп, оқуға аттанды. Оқуы жазушының дей ме, тілшінің дей ме оқуы көрінеді. Әйтеуір, жаман оқу емес екенін Шәркүл біледі: Конвертті қысып ұстаған күйде қалбалақтап үйге жүгірді. Қысып ұстамаса жақсы хабары конверттен шығып тұра қашатындай-ақ көреді.
–Дулаттың көкесі, а Дулаттың көкесі, Төрежігіттен хат келді ғой. Басыңды көтерші. –Үйді басына көтере самбырлай кірді.
–А-ау,
–Сапар орнынан созыла тұрып, кеудесін көтеріп отырды. Оның түскі шайға келгені еді. Шәркүлдің шайы қайнағанша көз шырымын ала
тұрайын деп қисайған. Көзі ілінгені сол еді. Келіншегінің «көкесі десе көкесі» деген түбі түскен шелектей даңғыраған даусы оянбасына қоймады. Әншейінде «Әй, сонша неге желіктің?» – деп зекіп тастар еді. Қанаттан хат келді деген соң көңілденіп, жадырай түсті. Інісінің атын естігенде, көкірегі сағыныштан сырқырағандай болды да, бір нәзік нұр құйылғандай жайдарыланып сала берді. Оны биыл жиі ойлайтын болып жүр. Оқу бітіретіні көңіліне көп демеу. Келіп ауданға жақсы қызметке орналасса, бір жағыма шықса деп көксейді. Қойдан қажыған, талған шақта осы ой қуат береді. Әлгінде ғана ат соғып ауыр тартқан бойы жеңілденіп кеткендей өзін тып-тың сезініп қалды. Дем ала алмай оянғанына өкінген жоқ.
Шәркүл о бастан күйеуінің алдына шығып көрген жан емес. Хаттың да сол үйде болған кезде келгеніне қуанды. «Шаршап жүр еді, көңілі көтеріліп, сергіп қалатын болды» деп қуанды ғой Шәркүл. Хатты күйеуіне ұстатып, өзі жанына жүрелеп отырды. Сапар қара суықтан жарылып кеткен быртиған саусақтарымен конвертті ебедейсіз ашып, ішінен төрт бет хатты алып, аударыстырып қарап шықты. Асықпай баппен оқуға кірісті. Кей тұсында «не дейді» деп қойып, қайта оқиды. «Өй, күшік, бұл да қатын алуға жарап қалған екен ғой» деп кеңкілдеп күліп алды. Шәркүл ешнәрсе ұқпады, сонда да бөлмеді. Сапар хатты оқып бола беріп:
–Ой-бой, бәйбіше, тойға дайындал. Қайның үйленетін көрінеді, –деп көңілденгендегі әдетімен келіншегінің иығына ап-ауыр қолын арта салды. Бұл оның шын қуанғаны еді.
–Рас па?
–Міне жазыпты ғой, сенбесең өзің оқышы.
–Шәркүл хатты қолына алып, Сапар құсап абдырамай, дауыстап, біркелкі ырғақпен түсінікті етіп оқып шықты. Хатында Қанат барлық жағдайды түсінікті етіп-ақ жазыпты. «Оқу аяқталып қалды, жасым болса жиырма бестен кетіп барады, енді үйленуге рұқсат берерсіздер», –депті. Келін сол жақтың қызы көрінеді. Өзімен бірге бітіретінге ұқсайды. Алматыдағы жора-жолдастарына бір үлкен той өткізгісі келеді екен. «Сабақ аяқталған соң келіндеріңізді алып ауылға барамын. Ондағы ел-жұртқа той өзіміз барған соң жасалар. Алдымен Алматыдағы жолдастар, тарап кетпей тұрғанда, осы көктемнен қалдырмай өткізсек», –дейді. Ағасы мен жеңгесіне: «Өздеріңіз келіп, тойдың басы-қасында болмасаңыздар болмайды ғой», – деп аяқтапты. Шақыру билетін қоса салып жіберген екен. Бұған Сапар мен Шәркүл қуанбағанда қайтсін.
–Біліп едім-ау, –деп мақтанып қойды Шәркүл.
–Көзімнің тартуы бөлек еді бүгін. Сезгенмін ғой бір нәрсені.
–Сәуегейлігіңді қоя тұр. Шайыңды жаса.
–Морт кететін томырық әдетіне басып, қабағын түйе айтты. «О, байғұс -ау, жалғыз інің үйленейін деп жатқанда қуанышыңның жеткен жері осы ма». Шәркүл күйеуінің сөзін жақтырмай іштей әлгіні ойласа да ширақ жүріп дастарқан жайды. Жоқ, оның қуанышының жеткен жері бұл емес екен. Шайды көңілденіп отырып ұзақ сораптап ішті. Ыстық шайды ұрттай отырып алдағы той қамы туралы екеуі кезек-кезек сөйлеп таусылмас әңгімеге көшті. Мұндай әңгіме де сирек. Қонақ келгенде, әйтпесе Сапар не Шәркүл орталыққа туыстарға барып-қайтқаннан кейін осылай бір еркін көсіле екеуі де ықыластанып әңгімелесуші еді. Бүгін де ерекше ыстық әңгімеге берілді. От басының күңкіл әңгімесінен бөлек, көптен күтіп жүрген жақсы ниет –келін түсіру, алдағы той қамы арқау болып отыр. Шәркүл әбдіре түбіндегі Төрежігітке деп сақтап жүрген женттен опырып ортаға қойған. Сапар женттен май қасық пен тастап қойып, шайдан асықпай ұрттайды. Олардың көп қиналып, басын ашып шеше алмай отырғаны –отар. Төл уақыты. Қыстайғы еңбектің нәтижесін көрсететін де осы шақ. Әлде тойды бір-екі ай кейіндете тұр деп айтсақ па екен деп те оқталды. Бірақ бұл райларынан тез қайтты.
–Қой, Дулаттың көкесі, құдалар жағы тойға ақша таппай жатыр деп ойлап қалар.
–Иә-ау, танымайтын жекжат біздің мұндағы қойдан шыға алмай қалғанымызды қайдан білсін, ойласа ойлар.
–Төрежігіттің сағын сындырмайық. Бір амалын қарастыр.
Ертесіне ертемен қойды өріске шығарып беріп, Шәркүлге тастады да, Сапар орталыққа кетті. Жол бойы басқармаға айтар ойын сабақтаумен болды. Бұл барғанда кеңсе жаңа ашылған екен. Бастық орнында. Сапарды көргенде бірінші сұрағаны «Отар қалай? Аманшылық па?» болды. Сапар отардың амандығын, төлдің бет алысының жаман еместігін, жалғыз інісінің үйленетінін, соған бармағын шорқақ тілімен асыға баяндап шықты. Орнына он күнге адам беруін сұрады. Бастық көп ойланды.
–Қанат бәріміздің де жақсы көретін ініміз. Оның оқу бітіретіндігіне, бір басының екеу болғанына қуанамыз. Бірақ, отағасы, сіздің отарды өзіңіздей бағатын адам жоқ. Тойды кейін өткізіңіздер, не басқа амалын табыңыздар. Оның үстіне, –бастық күлімдеп Сапарға бағдарлай қарады,–орден, медаль деген нәрселер бар, төлді жақсы алсаңыз, сізді соның біреуіне ұсынамыз ба деген ойдамыз.
–Бастық осы сөзім ұнаған шығар дегендей лекітіп күліп алды.
–Осылай, Сәке. Төлден анау Нұркелді шалдан кем түспессіз. Әй, ол дағы қасқыр ғой.
–Бастық басын шайқады.
–Кеше барып қайтып едім, осы онкүндікте туғандары кілең егіз екен. Биыл да алдына жан салмас.
–Сапарды қайрай түскісі келіп жорта айтқанын сездірмеді. Сапардың көңілі шым ете қалды.
–Бүгін сақпанға жоғары класс оқушылары барады. Оларға өзіңіз басшылық жасап, үйретпесеңіз, балаларға сенуге бола ма? Сөйтіңіз, Сәке... Сапардың орталықтан жабырқау, қапалы оралғанын Шәркүл бірден сезді. Тез шай дайындап, киімін шешісіп бәйек бола қалды. Ондайда Сапардың тез жадырайтынын біледі. Төрге сылқ отыра кеткен соң барып тілге келді:
–Болшы, тамағың бар ма еді?
–Тілге келгені –түнергені болмаса жауарға жоқ жел көтерген ақша бұлттай ашуының селдірей бастағаны. Қой сүтін қатқан күрең шайдан екі-үш шыны ішкен соң, қабағы ашылғандай болды. Сонда барып Шәркүл де суыртпақтап сөзге тартты.
–Бастық не деді?
–Не деуші еді, орныңа адам жоқ дейді де. Шәркүл енді күйеуінің көңілін орнықтыра сөйледі:
–Орныңа адам тастағанмен, атақ-абыройы өзіңе келмеген соң өзіңдей қайдан қарасын.
–Мен де соны ойлап отырмын.
–Ол кенет көңілденіп, күрт жадырады. Шұғыл шешімге келген жайы бар.
–Бұл тойға сен бар, бәйбіше. Нешауа, мен ауылдағы тойдың, әкесін танытып, бел ортасында боламын емес пе? Сөйт, қайныңның тойын өз қолыңмен өткізіп кел. Оған сенен жақын адам жоқ. Мен өткен жылы өтпескемде Алматыны көрдім ғой. Қайныңның арқасында сен де көріп кел. Мына қара домалақтар, –ол өзінен төмен шүпір-шүпір отырған балақайларды нұсқады, –адам болып Алматыда той жасағанша қашан.
–Қой, олай деме, көкесі. Ертең-ақ әлі-і. Дулатыңның өзі алтыншы класқа келіп қалған жоқ па? Шәркүлдің күн қаққан жүзіне қызғылт рең жүріп, қуаныштан жайнап шыға келді. Шай ішіліп болған. Сапар маңдайының терін сүртіп, іргеге қарай шегініп отырды. Орнынан тұрып кетсе, әңгіменің шырқы бұзылатындай.
–Әй, осы сен білдің бе? Қалада өтетін тойға қанша қаржы керек екен өзі?
–Сапар осыны айтып, қалтасынан сіріңке шығарды. Қорабынан жіңішке тал сындырып, тісін шұқи отырып өзі де ойланды. «Қанша керек екен?».
–Өткен жиналыста Сәлімқожаның Қанипасын көргенмін. Олардың тұңғыштары да былтыр оқуға түсе салып үйленген екен. Тойды сонда Алматыда өткізген көрінеді. Бір мыңдай кетті деп тұрды ғой.
–Е-е...
–Кім біледі. Қанипа өзі есіп сөйлегенді ұнатушы еді. Қосыңқырап та жіберген шығар.
–Ол қосса мен де қостым. Сен бір жарым мыңмен бар. Балалар қысылмай еркін жұмсасын. Келін балаға, таза бұлды не деуші еді, содан көйлек әпер. Ол жағын өзің менен жақсы білесің ғой.
Шәркүл қалаға жүрер алдында үш күн жиналды. Шайыңды қайнатып берсе де деп Сапардың жанына жеті жасар қызын ғана қалдырды да, екі кішкентайын жақын жерде тұрған шешесіне апарып тастады. Қайтарында жолай орталыққа соғып интернатта оқып жатқан үш баласына бара келді.
Алматыға тойға жүретінін айтып, балалардың мұқтаж болып жүрген кітап-қағаздарын бір параққа жазып алды. Сол жақтан ала келмек.
Осы үш күн Сапар келіншегін оқытумен болды. Қалтаңа мұқият болдан бастап, қай жерде қалай жұмсау керектігіне дейін топшылап үйретті.
–Әйелдік жасап ақшаға тарлық етпе. Қайныңның өз еркіне бергін. Бүгінгі балалардың қай қажетін сен біле бересің. Алматыда дүние көп. Қызықпағын. Бір сабақ ине-жіп алма. Жетпейді десе, балаларға ділгірам салғыз. Тауып жіберем. Мұндайда сенікі дұрыс демесе болмайтынын біледі. «Жақсы», «мақұл», «ұқтым» деп қостап қояды.
–Осы ауылдың Алматыда оқып жатқан балаларын тұтас шақырт.
Қалып қоймасын. Оқуға әлгі тапал сары, аты кім еді, сол бұғалтыр да кетті деген. Оны да тауып шақырғын. Сапар дүниедей болып інісіне той жасағанда айтуға да жарамады деп жүрмесін. Ең мықты деген «Алматы» рестораны бар. Қайдан шықса сонан шықсын, тойды сонда өткізіңдер.
Күйеуінің айтқандарын көкейіне құйып алған Шәркүл Алматыға көңілді аттанды.
Дүрс-дүрс солқылдаған поезд дөңгелегінің дауысымен Шәркүл жүрегінің дүрсілі үндес шығады. Көңілі алып-ұшып өрекпіп келеді. Тәтті қиялға беріледі, «Төрежігіттің тойын дүрілдетіп өткізсем» дейді. «Тойға келген жұрт дән риза болса, бәрін өзім сыйласам» дейді. «Оқыған балалар да, құдалар жағы да жап-жас болып мына құдағи жөнді біліп тұр ғой десе... Ауылға өзімнен бұрын Сапардың Шәркүлі керемет той өткізіпті деген атағым жетсе...» көңілі осылай деп сан-саққа алып қашады. Көз алдына Сапар келеді. Тойға сол бармай өзі келе жатқанға бір қиянат жасап алғандай қысылады. «Жоқ, қысылуың бекер. Жол сенікі», –деп бір ой басу айтады. Иә, Сапар кім, бұл кім?! Қалай десе де жол сенікі.
Сапарға жолдас болғалы он бес жыл бопты. Құдалыққа баратын уақыты қалай болғанда да жетті емес пе? Қанат өз қолында өсті. «Менен жақын кімі бар» деп Шәркүл көңіліндегі бар түйткілді кейін ысырды. Сапардың өзі кеткеннен кейінгі күнін ойлады. Төркініне барса үш күннен артық жата алмаушы еді. «Енді қайтер екен. Төрежандар «қал» деп жатқызып қойса қайтем-ау», –деп те қиналды. «Алматыда әйелдердің тырнағын, бетін бояп беретін жер бар, –деді-ау Сапар кетерінде қалжыңдап.
–Соған кіріп ақ шабақтай келіншек болып кел» дегені есіне түсіп, жымиып күліп қойды. Күлген кезде оң жақ ұртының тұсында болар -болмас шұңқыр пайда болды.
Сапар келіншегіне қатал-тын. Анда-санда көңілі түсіп кеткенде болмаса атын атамаушы еді. «Әй» деп, болмаса балаларға қаратып «әлгі шешелерің» деп атайды. Еркелетіп, көңіл көтере сөйлеуі тіпті сирек. Бұған Шәркүл үйренген. Кейде осылай қалжыңдайтыны бар. Оның да ығын жатқыза алмай кеңкілдеп, ыржиып күледі. Шәркүл күйеуін сол қалпында біледі. «Қандай үйдің еркегі әйелінің асты-үстіне түсіп сыйлап тұрады екен», деп те ойлайды. Сапар сөйтсе жараспайтын сияқты. Сапардың мол денесімен ебедейсіз қимылдап, қазан-аяқ жанында аюша қорбаңдап жүргенін елестетіп сәл жымиды. «Мен барғанша жүдеп кететін шығар». Көңілі алып-ұшып тағы алдағы тойға жетелейді. Шәркүл тәтті қиялға берілген бойда жастыққа қисайды. «Түу, жылдар қалай тез өтеді. Төрежігіттің «тәтелеп» қаймақ сұрап жүргені күні кеше ғана сияқты еді.
Бәйбіше болып,келін жұмсап, егде тартқан деген осы-ау». Осы оймен көзі іліне бастады. Купедегі жолаушылар да бағана ұйықтап қалған. Тек тепловоз ғана жерді солқылдата өзіне тіркелген жасыл вагондар тізбегін арындап тартып келеді. Сірә, Шәркүлді тойға тезірек жеткізуге асық. Шәркүл тоңазыған иығын бүркеп, бұйығып қымтана түсті. Жүзінде алаңсыз, аңғал күлімсіреу бар. Түсіне ақ бөртпе шәлі жамылып келіншек болып жаңа түскен шағы кірген еді... Алдын ала хабарланған қайнысы Шәркүлді вокзалдан тосып алды. Ымырт шақ. Қапырық вагоннан сыртқа шыққанда таудан соққан көктемнің қоңыр желі Шәркүлдің тынысын кеңітіп, басқа жерде тұрғанын бірден сездірді. Олар тұрған Айыртау баурайында қар кетіп, күн жылығанмен желінде ызғар бар еді. Мына самал бетке жып-жылы, майда тиеді.Әлгінде жаңбыр жауып өтіпті. Жаңбырдан кейінгі таза ауа Шәркүлдің бір сәтке жол соғып шаршағанын ұмыттырды. Екеуі жеңіл таксимен Қанаттың жаңадан шыққан пәтеріне тартты. Көше шамдары қуана құбылып алыстан көз тартады. Жауыннан кейінгі асфальт шам жарығымен жарқырай созылып жатыр. Жер де, көк те сарғыш, қызғылт шамдарға толып кеткендей алдан да, арттан да жарқырайды. Шәркүл сұқтанып екі көзін сырттан ала алмай, қайнысына да қысқа ғана тіл қатады. Осынша оттардан басы айналғандай. Қанаттың жалдап алған пәтері шағын ғана екі бөлмелі үй екен. Дәлізден ене берген Шәркүл ішінен ғана күбір етті. «Құдай-ау, Алматының үйі де осындай болады екен. Осыны да үй деп». Орталықта саңғырлап тұрған алты бөлмелі ағаш үйін есіне алды. «Текке тұр-ау, шіркін». Келінінің аты Назтай екен. Бас-аяғы тәп-тәуір, еліктің лағындай ғана бала көрінеді. Бұлар келісімен дәлізге қойылған газды шұқылап, зыр жүгіріп кетті. Кіріп-шығып:
–Тәте, шаршаған жоқсыз ба? Тәте, жайсыз отырсыз-ау. Орындығымыздың да кісі отыратын түрі жоқ, –деп асты-үстіне түсіп жүр.
–Жоқ, айналайын. Менен қысылмай-ақ қойыңдар. Сендерге не сын бар. Өздерің оқушысыңдар. –Келінінің ілтипатына Шәркүлдің көңілі өсіп қалды. «Кісі күтіп үйренген бала екен. Қаланың қыздары қылтың-сылтың келеді дегені қайда? Тфа-тфа, тіл-аузым тасқа» деп, іштей шүкіршілік етіп қойды.
–Көрмеген құда-құдағилар аман есен бе, қарағым?
–Жақсы, – «Әке-шешесі де жаман адам болмас» деп түйді іштей Шәркүл. Қайнысы мен келін дастарқанғаотырған кезде елдің амандығынан бастап, олардың сәлемдерін жеке-жеке атап айтып, берген сәлемдемелерін бұлжытпай жеткізді. Қанша қаржымен келгенін, тойды ел-жұртқа ұялмай қарайтындай етіп өткізбек ниетін, Сапардың төлден келе алмай қалғанын жүйелеп тарқатып айта бастады. Қанат екеуі тойға шақырар адамның ұзын-ырғасын есептеді.
Сөз арасында келіні де қосылып отыр: –Қанат-шы, –дейді бірнәрсе айтуға жүрексінген адамдай көзін Қанатқа бір, Шәркүлге бір аударып, күлімсіреп, қолындағы шанышқымен ойнап, –тойға сонша адам шақырып несіне көп шығынданамыз. Ең жақын-жақын деген туыстарды, достарды ғана шақырып шағын топқа өткізсек ше? Тәтем әкелген қаржының қалғаны диплом қорғаған соң Қара теңіз не Балтық теңізі жағалауына свадебное путешествие жасап қайтуға жетереді. Сен қалай қарайсың, өзің ойлашы, Қанат?Шәркүл келінінің мына сөзінен тіксініп қалды. Жап-жас болып қалған ақшаға өйтсек, бүйтсек дегені ұнамады. «Япыр-ау, онысы несі». Назтайдың бұл сөзі тіпті ойына сыймады. Зу етіп басына «Сұғанақ емес пе екен осы келін» деген ой да келді. Әйтсе де жамандыққа қимады. Өзінің жаңа түскен кезін еске алып, салыстырып қана отыр. Күні кешегілерге дейін өз еркімен ақша ұстап көріп пе? Көзі тірі кезінде атасы кеңседен өзі есептетіп алып жүрді. Бұларға шай-суандық деп мөлшерлеп беріп жіберетін. Ақша ұстамадым-ау деп Шәркүл ойына да алмайтын. Үлкен кісілер тегінде арыдан ойлайды емес пе? Орталықта саңғырлап тұрған үйді алып беріп кеткен де солар. Қашан көшіп барамын десе де дайын тұр. Әзір қойдан шыққалы отырған жоқ қой. Оқу бітіріп барса, қайнысы тұрады емес пе. Бұл да Сапар мен Шәркүлдің көксеген арманы еді. Балаларды интернаттан шығарып алар еді. Қайнысының қолында тұрады ғой. Орталықта дүрілдетіп қайнысы тұрса, балалар екі үйдің арасында еркін ойнап-күліп жүрсе... «Келінніңқабағы ашық, мінезі жайдары екен, балаға жайлы болар» деп отырған Шәркүл. «Жаңағысы тегі балалығы ғой. Өз қызығында не көрінді дейсің» деп түйіп, келінін түзете:
–Қой, шырағым, –деді.
–Қайнағаңның жаман-жақсы болсын елде атақ-абыройы бар. Бұлай етсек мін емес пе? Мұндағы оқып жатқан балалар бөтенің емес. Мына Төрежігіт біледі, ара жігіміз ажырамаған ағайын-туыстың балалары. Оларды шақырмағанда кімді шақырасың? Өзінің ағат кеткенін көңілі жүйрік сезімтал келін жылдам сезді.
–Тәте-ау, мен кімнің жақын, кімнің алыс екенін әлі де ажырата алмай жатырмын ғой. Сіздерді көп шығындандырмасақ деген ой ғой, –деп Шәркүлге ең жағатын сөзді айтып, екінші жағына шыға келді. Жүгері дәндеріндей тізілген, біркелкі тістерін тегіс көрсете күлді.
–Ой, айналайын, оны ойлағаныңа рақмет. –Назтайдың мына сөзіне қайта іші жылып, ақтарылып сала берді.
–Қайнағаңның дәулеті бір Төрежігітке қалай шашса да жетеді. Қысылсаңдар телеграмм салыңдар деп қалды ғой. Шәркүлдің Назтайға көңілінің құлай кеткені сондай –келін деуге қимады. Атын атаса алдына шырағым, қарағым деген өзі білетін жылы сөздерін қоса айтады. Жаңа түскен келінінің құлағына келін, келіншек деген сөздердің шаншудай тиетінін басынан өткізді ғой. Шәркүл онда небәрі он жетіде болатын. Түскен күннің ертеңіне-ақ енесі ала таңнан оятып, «Ал, келін, шаруаңа ие бол» деп, үй тірлігіне қосып еді. Келін деген сөзді алғаш естіген. Шеше үйіндегі тірліктен бұл тірліктің басқаша екенін осы сөз ұқтырған. Бірақ Шәркүл қабақ шытып көрген жоқ. Нақ солай болуға тиіс нәрседей қабылдаған.Шәркүл тойды кешіктірмей өткізуге асықты. Үйден көп ұзап шықпаған соң ба, күйеуі мен балаларын уайым ете берді. Қаланың дәстүрі жақсы екен. Ауылдағыдай мал сойып, бауырсақ пісіріп, үй дайындап әуре болмайды. Барады да бір түнге ресторанды сатып алады.Той Сапар айтқандай «Алматы» ресторанының банкет залында өтті. Халық мол жиналыпты. Ауыл балалары тұтас шақырылған еді, қонақ көп болғаннан ба, олар аз ғана топ болып, көзге қораш көрінеді. Тойды өңшең лыпыл қаққан пысық жігіттер басқарып жүр. Ең ортада қайнысымен келіні отыр. Олардың оң жақтарын ала Назтайдың құрбылары, құдалар. Оған жалғас Алматының Қанатты танитын көңілдес қызметкерлері. Сол жақта Қанаттың бірге оқитын достары, одан әрі ауыл балалары. Шәркүлді қайнысы мен келінінің қарсы алдына отырғызған.Тойды Қанаттың мұғалімі деп таныстырған мол денелі шашына ақ кірген егде адам ашты. «Тегі, оқыған адам сөзшең келеді деген рас екен ғой» деп таңданды Шәркүл. Әлгі мұғалім майда қоңыр дауыспен әр сөзін баптап, салмақтап екі жасқа бірталай тілек айтып, ниет білдірді. Сөзінің арасында жұрт әлсін-әлсін қол шапалақтап дүр-дүр ете түседі. Ұстаздың сөзіне қайнысы мен келінінен бұрын Шәркүл толқып отыр. Жаңағы айтылған ақ тілеудің бәрі мұның да көкейінде сайрап тұр ғой, майын тамыза, әдемілеп, әсерлеп жеткізе алмақ емес. Дүниедегі бар жақсыны тілер еді, тіл жетпейді... Бар болғаны, аппақ желек астында ала құйын сезімнің құшағында алабұртып, екі беті сәл қызара демінде аз ғана діріл білініп толқып отырған келініне ет-жүрегі елжіреп:
–И-и, айналайын-ай, –деп іштей айналып, толғанып қояды.Осылай басталған ақ тілеу бірінен-бірі асып түсіп, бірінен-бірі әдемі айтылып жалғаса берді. «Шіркін, қаланың тәртібін-ай, біреу сөйлемей, сөз айтпай арақ ішпейді екен. Ішсе де, ән салса да, күлсе де бір кісідей. Басқарып жүрген де тілін безеген шешен жігіт. Әркімге сөз берердің алдында өлеңдетіп таныстырып, жұрттың назарын соған аударып, желпінтіп алады. Қай жерінен шығып жатыр десеңші» –деп Шәркүл таңдана, қызыға қарайды.Тойдың бас жағын ала алыстан келген жеңгесі деп Шәркүлге сөз берді. Шетінен шешен мұндай шаршы топта сөйлеп көрмеген ол қысылып, сасқалақтап еді, Қанат демеп қойды.
–Бір нәрсе деңіз.–Мен, мына Төрежігіттің жеңгесі боламын. Тойға жалғыз келгенге алды-артында ешкімі жоқ екен демеңіздер. Ол жақта да бір қауым елміз. Төрежан үйленем деген соң, ағайындарды жинақтауға мұрша келген жоқ. Және қазір төл айы. Жазға қарай, бұйырса, құданың алдына келіп арнайы түсеміз. Әзірге қолымызда барымызбен келіп қалдық. Азды-көпті осы сыйымызға риза болыңыздар. Біздің үйдегі кісіге басқарма рұқсат бермеді. Қойды баққан соң, оның бар азабын көрген соң, төл кезінде кетіп қала алмады. Колхозға бір медаль келген екен, содан да үмітіміз бар...
–Тәте-ау, оның бәрін сізден кім сұрап жатыр.–Танымайтын құда-құдағиларға айтып жатқаным ғой. Төрежігіттің көкесінің ауыл-аймаққа беделі де жоқ емес. Еңбегіміз абыройлы. Назтай келін бұрын сіздердің бала болса, енді біздің бала. Бір адамнан кем болмас.
–Қысқарақ, тәте.–Осылардың бақытты, үбірлі-шүбірлі болуы үшін.
–Міне, табылған сөз! –Жұрт гуілдеп жатыр. Шәркүл терлеп, қайнысы қызарып кетіпті.–Тәте, тамақ алыңыз. –Шәркүл терін сүртіп айналасына қаранып отыр. Мұның сөзін ешкім жат көрмеген сияқты. «Қап, Төрежігіттің бөле бергені-ай». Шәркүлдің құда-құдағиларына қарата тағы біраз айтпағы бар еді. Осындай ұлы дүрмек, үлкен жиын үстінде айтпағанда қашан айтпақ. «Неге құдаларға жақын отырмадым» деген ой келді. Қанаттың өзіне қарсы отырғызғаны есіне түсті. «Төрежан бірнәрсені біліп отырғызған шығар. Құдаларға жақын отырғызса көрмеді дейсің бе», –деп тағы бір ойлады. Шәркүлдің таңданысы, шалқуы ұзаққа бармады. Көңілінде басқадай бір сезімнің туғанын сезінді. Әлдеқандай жарықшақ түскендей. Ол жағалай, бағдарлай қонақтарға көз салып отырған. Бәрі ана бір мұртты жігіттің сөзінен шықты ғой. Той бастаушыөзін ақын деп таныстырған. Шәркүл елең ете қалды. Кітаптарын оқып жүргені болмаса тірі ақын, жазушы дегенді бұрын көрмеген еді. Бар денесімен бұрылып қарады. Ақын десе ақын екен. Сөзі де сорғалап тұрған өлең болды. Өлеңі естігенде құлаққа құйылып, әуезді келгенмен Шәркүл тұтастай есінде сақтай алмады. Сөзінің соңында:
–Үлкен де, кіші, де, ғалым да, ұлы да баладан өседі. Мен Қанаттың өзі шықпаған биіктерге шығатын он шақты ұлдары болса дер едім. Ал, жамағат, осы тілекке әуелі құдай, сонсоң бұлар бізді жеткізсін деп тілейік, –деген еді. Жұрт ду ете түсті. Столдың Шәркүлге қарсы бетінде отырған жіңішке сары жиек көзілдірікті келіншек тітіркеніп, Назтай тап сол жерде өңкей қызылшақаны туа салғандай-ақ басын шайқап:–Он шақты! У-у-жас. Слишком много, –дегені. Мұны естігенде Шәркүлдің өне бойы дір ете түсті. «Астапыралла. Бала көрмегендей онысы несі. Апыр-ау, жаңа ғана осының өзі де сөйлемеп пе еді? Не деп еді сонда? Ә, екі жастың бақытты болуы үшін ішемін деген екен ғой. Жаңағысы не сөз? Әлде қағыс естідім бе? Бақытты баладан бөліп қарағаны ма? Солай болғаны ғой, шамасы». Шәркүлдің ойы астан-кестең. Әлгінде ғана өзі қызықтап отырған салтанатты тәртіп барша қауымның көңілінің де, ойының да бір жерден шығып отырған бірлестігіндей емес, басқаша бір сипатта көріне бастады. Кілтпен бұрап сөйлетіп, кілтпен бұра күлдіретін ойыншық қуыршаққа жақын ұқсастық бардай. Ол енді бір тектес сөзден, той басқарушының бір сарынды таныстыру өлеңінен де жалыққан. Сөйлесіп отырайын десе, айналасында өңкей жас қыздар мен жігіттер. Бірін-бірі жаңа көргендей ақырын сыбырласып, бұйығып отыр. Ыстықта көлеңкені паналап, ұйлыққан қойлар болушы еді. Шәркүл мына жас қыздар мен жігіттердің отырысын осыған теңеді. Бір-екі ауыз тіл қатысып еді, маздап әңгіме туа қоймады. Құдалардың столына таман отырмағанына шындап өкінді. «Тап осы жерде Төрежігітті тыңдамағанда ешнәрсе болмайтын еді ғой...». Құдалардан да Шәркүлге пейіл білдіріп отырған ешкім жоқ-ты.
Кейіптерінде қыз берген жақтың ежелгі паңдығы, асқақтығы бар. Құдағиы тумысында кербез болмағанмен жорта тәкаппар шалқаяды. Бабымызды тап дегендей. Шәркүл мойын созып, үн-түнсіз томсарған құдағиына тіл қатып, сөзге тартпаққа оқталып еді, Қанат:
–Тәте, қайтесіз, –деп басып тастады.
Шәркүл дегенмен осы тойдың иесі өзі болған соң қонақтарын өз қолымен сыйламаққа:
–Құдағи-ау, сіз алмай отырсыз ғой, –деп дауыстады.
–Құдаша, бізді қайтесіз, өзіңіздің қамыңызды ойлаңыз. Шәркүлге құдағиының сызданған жауабы, оған қатарлас отырған екі келіншектің бір-біріне көз қиығын тастап, мырс-мырс күлгені жайсыз тиді. Өзін сынап отырғанын аңғарды. Құдаларымен және мынау барша жұртпен өзінің екі арасында көзге көрінбейтін қорған тұрғандай. Әңгімелесіп көңіл жұбатарға бүкіл тойдан бір адам таппай жалғызсырады. Айнала төгілген ән-күй, шаттық пен күлкі болса да мұның көңіліне ауыр мұң ұялады. Тіпті мына жұртқа оның бар-жоғы бәрібір болар-ау. Шәркүлге өзінен басқаның бәрі бақытты, бәрі қуанышты сияқты көрінді. Көңілі пәс болып, жұрттан шет қалғанына өзін кінәлідей сезініп төменшіктей берді.
–Тәте, тамақ алыңыз. Тәте, ішпедіңіз ғой, –деп келіні ғана ауық-ауық тіл қатады. «Оған да шүкір». Бара-бара бастапқыдай бір кісідей күлу, бір кісідей ән айту тәртібінен ауытқып той гу-гу қызды. Шәркүлге көздерінің астымен қарап отырған ешкім байқалмайды. Әркім өзінше. Шәркүл сонда ғана өзін еркін сезініп, бағанадан көңілін қажаған ауыр ойлардан серпілейін деді. Енді ол жұртты сынай қарады.
Көзін қанша аударып әкетейін дегенмен көзілдірік таққан жаңағы әдемі келіншекке тоқтала берді. Жалғыз Шәркүл емес, көпшіліктің пейілі де соған ауып жатқандай. «Назтайдың жақын жеңгелерінің бірі ме екен». Әсіресе, жігіттер жағы жиі әзіл тастап, сөзге тарта береді.
Шәркүлдің жанында отырған келісті, көркем жігіт те араларының алшақтығына қарамай қолын созып, рюмкасын соғыстыруға ұмтылды.
–Сіз, қарындас, зиялы қауымнан шыққаныңызды білдіріп бізбен соғыстырмайсыз, әрі ішпейсіз, бұл қалай? Әлде сізбен шарап ішуге біз тұрмаймыз ба? Бір рет алып қойыңызшы, –деп қиылып жатыр.
–Япырым-ай, сіздей адамның жанында отырудың өзі жарты бақыт екен ғой.
–Тұтасын иемденіп жүргендердің не арманы бар екен.
–Құдай-ау десеңші. Ән ғой, ән.
–Келіншектің айналасындағы жігіттер қолпаштап кетті. Келіншекке өзімен қатарлас адамның оны жасарта қарындас дегені ұнаса керек, басын оң жағына қисайтып, көзін төңкеріп жымия күліп алды. Көзілдірігін шетінен ұстап сәл түзеп қойып, бишілердің қолындай салалы саусақтарын әсем созып, рюмкасын алды. Рюмкасын түйістірмекке көтере беріп тағы сылқ-сылқ күлді. Көзін жігітке еркелей еркін тастап, қолқалай түс дегендей. Жігіттің қолындағы рюмкасы қисайып Шәркүлдің етегіне шарап тамшылады. «Осы келіншектің жас шамасы менен кіші емес шығар, –деп ойлады Шәркүл іштей.
–Үлбіреп қыздай сызылады. Қаланың адамдары-ай. Қызы қайсы, келіншегі қайсы айырып болмайды ғой шіркіндеріңді». Шәркүл өз ойымен отырған еді.
–Жолдастар, –деп бағанағы жігіт орнынан тұрды. Даусы барлық шудан көтеріңкі естілді. Ақынның даусы басты ма, әлде мысы басты ма зал тына қалды.
–Жолдастар! Бағанадан Қанат пен Назтай туралы ғой керемет жақсы пікір айтып жатырсыздар. Әрине, оған олар тұрады. Осындай жақсы азамат өсірген жігіттің ағайын-туысы бар емес пе? Сол қауымның атынан арамызда Қанаттың жеңгесі отыр. Жеңгелердің қуанышы ерекше болуы керек. Алыстан қарбалас уақытта алып келген де сол қуаныш екені белгілі.
Осы жеңгейдің ақ ниеті үшін, денсаулығы үшін, Қанаттай азаматтарды өсіре беруі үшін деп бір рет алып қоюға болатын шығар деймін.
Шәркүл дір етіп, бойын қуалай бір толқын жүгіріп өтіп, екі бетінің ұшынан шыққандай алаулап кетті. Өзі туралы ақын айтады деген ойында жоқ қой.
–Браво, браво!
–Жастар жағы ду ете түсті. Орындықтар сартылдап, түрегеліп тұрып ішіп жатыр. Шәркүл өзі де рюмкадағы шүпілдеп тұрған коньякті ішіп салды. Бағанадан жалғызсырап отырған көңілі әлгі сөзден кейін толқып, егіле бастағаны. Тойда да жалғыздық жараспайды екен. Оның есіне той десе қарадай мас болып, «келші, бір ән салайық» деп екі-үштен бірігіп алып шырқайтын серіктес келіншектері түсті. Сабаздарың-ай, «күнде ауылда осындай той болсашы-ай» деп аңыратушы еді. «Не солардың біреуін ерте келмедім екен» –деп өкінді. Шәркүлдің керемет ән айтқысы келді. Ол өзінің жақсы көретін «Келіншек» әніне бастады. Көптен ән айтпаған соң дауысы бастапқыда жарықшақтанып естілгенмен әуелетіп алып кетті. Ол әнін үзіп қоя бергенде жұрт шу етіп шапалақ ұрып отырып алды.
Әнінің осынша әсер еткендігін Шәркүл білмеген. Тіпті, Шәркүл біреу үшін ән салып көрген емес. Кейде көңілі тасып шалқығанда, мұңайғанда әндететін әдеті бар. Мұның жаңағы әні баз біреулердің көзіне түсу үшін, қауымның назарын өзіне аудару үшін басқадан асыра айтуға тырысқан өзімшіл ниеттен таза еді. Тек өз көңілінің бір сәттік сезімін ғана сыйдырып тұрған. Сол табиғилығымен баурап алса керек. Барлығы қошемет көрсетіп:
–Пай-пай, қалай-қалай айтады-ай! –деп тамсанды.
Шәркүлдің көңілі одан көтерілмеді, қайта құлазып қалғандай. Оны өзі де түсіне алмай отыр. Таңдайындағы небір тәтті дәмінен айрылып қалғандай жылымшы тати ма қалай? Алыстан бақыт деп сезініп, соған сағым қуғандай жетем деп алқына шаққа жеткенде, үміткер нәрсесінің алдамшы болып шыққанына өкінгендейме, әйтеуір, түсініксіз бір күй.
Ол сызылтып тағы ән бастады:
Талдан таяқ жас бала таянбайды-а-а-ай,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды-а-а-ай.
У-гай-а, ән салшы-ай, бір бала-ай.
Қос етек, бұраң бел
Қуалай соғар қоңыр жел...
Көтеріп айтқан сайын бойындағы топтанған түйнек шешіле
бастағандай. Беріле айтқандағы әдетіне салып сәл теңселіп отыр.
...Жат болмағы адамның осындайдан...
У-гай-ай, ән салшы-ай бір бала-ай...
–Тәте-ау, қойсаңызшы, не болған сізге?
Шәркүл өзінің жылап отырғанын енді аңғарды. Көкірегінде тығылып сыздатқан нәрсе әнмен, жаспен шығып жатқандай. Одан сайын созылтып, еріксіз тыңдатады. Әнінде сорғалаған мұң, өкініш, наз білінеді. Неліктен? Оны Шәркүл түсіндіре алмақ емес.
Ән салшы-ай, бір бала-ай...
Бұл –оның сүйетін әні. Әр ырғағына әбден беріле аңыратып отыр.
Бордай егіліп жылап та отыр. Жеткізбейтін алыс армандарымен бірге көңіл түкпірінде сақталған, үнемі талшық етіп еске алатын қимас жалқы сәттер болады ғой. Бақыт дегенді сезініп, көңілі жәй, ойы орнында болса да, сол көңіл түкпір індегі жұмбақ шақты еске ала беретіні несі екен, аңсайтыны несі екен? Шәркүл бақытты ма? Оны да айта алмайды.
Сапарға тұрмысқа шыққан жылы болар, екеуі тойға барған еді. Ойын кезінде бір бейтаныс жігіт Шәркүлге өлеңмен тиісе берді. Ашық үні құлаққа жұмсақ тиеді. Әнші екен, Шәркүлді өлеңмен көп қажыды. Бірақ жауап қатып, айтысуға Шәркүл ұялып, бар болғаны орамалының шетін тістелеп «қызық бала екен өзі» дей берген. Сапар бұлқан-талқан ашуланып, жүр-жүрлеп мұны тойдан алып кеткен.
Ән салшы-ай, бір бала-ай...
Шәркүл жыласа әлдеқашан ұмыт болған бейтаныс бозбаланы есіне түсіріп емес, жігіттерге ән болған, алыстап кеткен жастығын аңсағаны шығар. Қазір айтса мына отырған жұрт сенер ме екен? Сенбейді. Қызғалдақ ғұмырындай қысқа уайымсыз, алаңсыз, сондығына қарай баянсыз шағын сағынғаны болар. Өтіп бара жатқан уақыт-ай! «Бәлкім, мына отырған көзілдірікті келіншек ондаған жылдар осылай сылқылдап өтер, –деп ойлады Шәркүл.
–Ондаған жылдар жігіттер әнін арнап өтер». Шәркүл өзінің қартая бастағанын бүгін сезіне түсті. Көңілі де жер болып отыр.
–Құдағиларыңыздан ұят болды ғой, тәте, қоймайсыз ба?
–Қайнысы қанша жұмсақ айтқанмен, лып етіп қызарған жүзі, білеуленген шеке тамыры ашудан тырсия қалғанын жасыра алмай-ақ тұр. Оны Шәркүл жазбай таныды. Қайнысының мұнысы көңілін одан сайын қапаландырды. «Тойда өлең айтса несі айып» деп налыды. Бөтенің емес, өз қайнысының тойы ғой. Қанат той басқарып жүрген жігітті қасына шақырып әлдене деп жатты. Үзіліс жарияланып жұрт биге ойыса бастаған. Шәркүл орнында отыра берді.
–Жеңешемнің әні-ай, –деп екі жігіт Шәркүлді қолтықтап орнынан тұрғызды. Оның сыртқа таза ауаға шыққысы келіп еді. «Балалар осыны түсінген ғой», –деп түйді Шәркүл. Әр жерден сыбыр-күбір естіледі. «Құдаша мас боп қапты. Қайнысының тойында бір ішейін деген ғой». «Байғұс-ау, сонша ішпесе етті». Шәркүл мас емес-ті. Ілік-шалыс сөздің бәрін естіді. Бойын билеп, көңілін сыздатқан бір сезімді өзі де ұқпай келеді. Басқа біреу қайдан білсін? «Шамасы, өздері мас болу керек» деп қана қойды іштей. Екі жігіт есік алдына шықты. Қастарына Қанат келді.
–Тәте, қалыңыз қалай, шаршаған жоқсыз ба?
–Осы Төрежігіт қызық. Бүгін менің шаршадым деп айтатын күнім бе?
Құдалар жағына барайын ба?
–Оларды күтетін жігіттер бар. Сіз үйге барып дем алсаңыз қайтеді, тәте. Сөйтіңіз.
–Тойға келгендерге қызмет көрсетуге бір такси есік алдында қаңтарулы тұр еді. Қанат жеңгесін қолтықтап машинаға қарай алып жүрді. Соған отырғызып екі жігіт Шәркүлді пәтерге алып келді.Үйге келген соң Шәркүл ал кеп жыласын. Осы әулетке келін болып түскеннен бері жанына бата ренжігені осы шығар. Енеден естіп келген сөздерінен де, Сапардың көңіл қалдырып, сағын сындырған кездерінен де қайнысының мына қылығы ерекше батты. Қым-қиғаш ойға кетті. «Кешегі өз қолымда өскен Төрежігіт емес пе еді? Неге бүйтті? Осы тойда мені бір білетін адам болса, ол –өзімнің Төрежаным емес пе? Соншама жер түбінен бар малды, бала-шағаны тастап келіп отырғам жоқ па?» – деп қамықты. «Шынымен-ақ Төрежігіттің өзгергені ме? Әлде осы Төрежандікі дұрыс па екен? Өңкей жастың арасында менің отыруым өрескел болғаны ғой». Олай дейін десе құдалары еске түседі. «Қап, құдалар күтусіз қалды-ау? Жас балалар бабын таба алар дейсің бе?»
Құдалардың той үстіндегі қылықтары есіне оралды. «Төрежігіт жаңа мен сөйлегенде неге сонша қысылды. Күн-түн қатып бір солар деп қой
соңында жүргендегі көрмегіміз осы ма? Тойында еркін көсілтіп сөйлетпеді де ғой, шіркін! Әлде аға-жеңгесінің қойшы екеніне қысыла ма», –деген бір ой көкірегін тырнап өтті.
«Алматыда шалқытып той жасап отырғаны да біздің қойдан тапқан адал табысымыздан емес пе? Оған несіне қорынады екен?» Әуелеп алып ұшқан көңілі жермен жексен. Екі көзге ерік беріп жатыр. Құдай-ай, Сапарға не бетімді айттым. Оған да өз туысы жақын ғой. Осылай болды десем сенер ме екен? Сенбейді. «Сен бүлдірдің деп өзінен көрмесе не қылсын».
Шәркүл күйеуін бір жағы аяды, бір жағы одан қорықты. «Әй, жеңілтек басым-ай, соның өзін жібермей несіне желпілдеп келе қалыпедім...» Бір реніші бір ренішін есіне түсіріп, көп жылады...
Таңертең бет-аузы ісіңкі, қабағы сынық оянды. Қайнысы мен келіні таңға жуық той тарқатып бір-ақ келген. Сонда да Шәркүлден бұрын тұрып, ас дайындап қойыпты.
–Тәте, басыңыз ауырып отыр ма?
–Қабағыңыз келмей отыр ғой.
–Екеуі екі жақтан бәйек болып алды-артын орайды. Шәркүлге бастапқыдай әсер етпеді. Жанымен ақтарыла алмады. Көңілінде дық қалыпты. Қалай білдірмейін десе де сезіліп қалады. Мұнда енді көп жата алмасын сезді. Тойдан қалған қаржыны қайнысының көзінше есептеді де, жартысын бөліп қолына ұстатты. Қалғанын:
–Ол жақта да бала-шаға бар ғой, –деп өзіне қалдырды. Астан кейін келінін ертіп алып қаланың біраз дүкендерін шарлап, балаларына, Сапарға, өзіне тұтастай киім-кешек, керек-жарақ сатып алды. Құдаларына кіріп қоштасып шықты.
Сол күні поезбен Шәркүл ауылға жүріп кетті.
* * *
Басын шырмаған кешелі-бергі күннің оқиғаларын ұмыт етіп бір тынығайын дегенмен, дүрс-дүрс солқылдаған поезд жүрісінен оның ұйқысы келмеді. Купенің қапырық ауасы тұншықтырып иықтан басып тұрғандай. Келерде мұның бірін байқамаған еді.
Шәркүлдің көңілі жүдеу. Алматыда той өткізіп келіпті деген ат тан еш қуаныш таппай сыздайды. Көзін жұмды. Шашын тоқпақтай етіп желкесіне түйген, қасын керіп, тәкаппар шалқайған құдағиы, «Қанат- шы, былай істесек қайтеді» деп күлім қағып біресе олай шығып, біресе былай шығып бәрінің де көңілін тауып, лыпып отырған жүзіктің көзінен өткендей пысық келіні, «Оһ, слишком много» деп тіксінген алтын жиекті көзілдірік киген келіншек, «Тәте, сіз шаршаған шығарсыз» –деп, күліп айтып, қабағымен сіз артықсыз дегенді ұқтырып тұрған қайнысы Шәркүлдің жүрегін бір-бір шаншып өтті. Сапарға мұның қайсысын айтпақ. Айтып мін таппассың, қайта ұсақ-түйекті жіпке тізген кінәмшіл атанарсың. Тек сезінетін нәрсе ғой. Бәрі өткінші ағыстай ағып өтіп алыстап, көз алдына тұңғышы Дулаттың момақан жүзі келді. Бәріне сәл таңданыспен, таза аңғалдықпен қарайтын ойлы тұңғиық жанары жаудырап бұған «Тәте-ау, несіне сонша налыдың» дейтіндей.
Басқа балалары бір төбе, тұңғышы Дулат бір төбе. Мұның сәл қапаланғанын әуелі елден бұрын сол сезеді. Шәркүл баласының соншалық нәзік сезімталдығына қуанатын, марқаятын. Қазір де «тәте, налымашы» дегенді көзбен ұқтырып тұрғандай. Шәркүлдің көз алдына жастары іркес-тіркес, қаздың балапанындай бөпелері елестеді. Көкірегін шымырлатып сағыныш биледі. Ашу-ыза тарқап, сағыныш, аяушылық сезімі бұрынғы иі жұмсақ Шәркүлді қайта тапқандай.
Өзінің тойда жылағанының ағат болғанын сезіп:
–Туу, ұят-ай, қара басқыр басым-ау, –деді. –Төрежандар өкпелеп қалды ау. Ол тойды өткізе салып қайнысы мен келінінен қашқандай болып кеткенін ойлап тағы өкінді. Көкірегі болмашы сырқырады. «Соғымға деп жіберген тананы сатқызып ақша салдыртайыншы. Келесі қысқа дейін ерте ғой. Келіннің барам деген жағына барып келсін. Сапарға айтпасам ба». Осы ойдан кейін бойы жеңілдеп, көңілі тыншығандай болды. Жүрдек поезд анда-санда қышқырып қойып, жерді солқылдата тарта берді. Дауысы қатты, жүрісі айбарлы. Сірә, адал жанды келіншекті көңілі жараса алмаған, қым-қиғаш иірімі көп, біріне түсінсе, бірін түсіне алмаған күрделі, күле отырып ренжітер, мақтай отырып шеттетер ортадан алысқа әкеткісі келетін сияқты.
Шәркүл терезе жақтауына сүйеніп алысқа көз тікті. Көкжиекті көктемнің көкмұнар сағымы буып тұр. Мына қарқынмен поезд әп сәтте-ақ көкжиекке жеткізетіндей көрінді. Көңіл шіркін көтеріліп, алысқа, жаңа армандарға жетеледі. Тәтті қиялға берілді. Бірақ көкжиек жеткізер емес. Алыстап бара жатқандай...