Әсем ЖҰМАҚАН. ИЛЛЮЗИЯ

 

Әдетте ұйықтау үшін санаулы сағаттар жеткілікті. Ал мен екі жылдан соң ояндым. Сол азапты күннен есімде қалғаны ақ түтек боран мен гүрс етіп шыққан қатты дыбыс. Көліктің артқы жағында отырғанмын, көзімді ашсам жерде жатыр екенмін. Қарлы боран тұмшалаған көкке тілміре қарағанда келгендегі алғашқы ой өлім мен анам жайлы болды. Соңғы рет қоштасып тұрғанымды білгенде анама оны қаншалықты қатты жақсы көретінімді айтып кетер едім, тірі кеткен қызын табытпен қайтып алғаны ауыр тиеді-ау деген бойда ауырлаған кірпік ілінді. Ұзақ сапар алдында да адамды сартап сағыныш басады екен. Ақтық демім осы шығар деп ойлап ем, бірақ Құдайдың берер күні таусылмай, екі жылдан кейін терең ұйқыдан ояндым. Бірінші көргенім аурухананың ақ шамы, алғашқы сезінгенім кеуемдегі бос кеңістік. Сөйлеуге, қозғалуға дәрмен жоқ, тек үнсіздік пен таңырқау күйі. Үнсіздік сол сәттен тағдырыма танылғанын, ашық жарқын мінезім томаға-тұйыққа ауысып, осы күнге дейін кешкенім тұйыққа тірелерін білмедім. Аз күнге ойсыз бола тұрсам бе еді осылай. Адам ақылдан да, естеліктен де кенде болса, қамсыз болар еді. Миымның зақымдалғанына қарамастан, естеліктер бір-бірлеп оралып жатты...

Оянғанымды көрген медицина қызметкерлері жақындарыма хабарлап, көп ұзамай олар да асыға жетті. Анамның ыстық құшағы тынысымды ашып, кеудеме жан бітірді. Қашан да салқынқанды анам құлыным деп бірден бас салмады, әдеттегідей таңмен таласа оянған баласын көргендей-ақ заңдылық деп қабылдады. Әсіре қуаныштан өрекпігені де сезілмеді. Бет бейнесінде ғана өзгеріс байқалады. Көзінің астында әжімдер тарамдалып, тереңдеп кетіпті.

Алғашқы күндері тірі қалғаныма не шүкіршілік етерімді, не екі жыл өмірімнің зая кеткенін ойлауға дәрмен болмады. Тек көз шырымын алу үрейге толы ауыр іске айналды. Ұйықтап кетсем, қайтіп ояна алмаймын ба деп қорқатынмын. Толықтай қалыпқа келгенше, анам қоса палатаға қонып жүрді. Араға ай салып, шаңырағыма оралдым. Бәрі өзгерген. Уақыт орнында тұрар ма, құрбы-құрдас өз жолымен кеткен. Шығармашылықты бірге бастаған сырласым Айша жас жазушы атын қалыптастырып үлгеріпті. Көштен қалғанымды қайтейін, ғашығым өзгеге жар боп кете барған. Қалыпты уақыттан артық басын көтере алмай, ұйқыда жатқан адамды кім күтсін. Сабыла жүгіріп келген жалғыз Гауһар құрбым ғана. Босағада нұрлы жүзі көрінгенде, алғаш танысқан кез еске оралды. Алқызыл түске құмар құрбым сол күні де жеңі шолақ қызғылт кофта киіп, шашын төбесіне түйіп алған еді. Кабинетке кірсем, бастығымның орнына жайғасып алып, ноутбукты тықылдатып басып отыр. Келген күні бірден төрге шыққанын жаратпай, зілді дауыспен «Есбол Нұрахметұлы қайда?» дедім. Ол да қайтарымың осы дегендей қатқыл жауап қайырды. Содан жарты жылдай уақытта жылы жүзбен көріспеппіз, үнемі бір-бірімізді сөзбен түйреп отырушы едік. Бақсам, мінезіміз ұқсағаннан сөзге жиі келіппіз. Жақсы араласып кеткен кезде журналистика факультетінде бірге оқыған Айша құрбымның қызғанып жүргенін айтып қалып едім, арамыз тағы үзілді. Бірде сөзге келгенімізді бастық көріп, жұмыс уақыты аяқталғанда үйге таяп қалған жерімнен шақырып алып, екеумізді татуластырған. Жо-жоқ, «Екеуің де қазақтың баласысыңдар! Не жетпей жүр?» деген сөз айтылмайды, керісінше «Ал, ұрысыңдар!» деп кабинетінен шығып кетті. Бұндайды күтпеген екеуміз бір-бірімізге таңдана қарап отырдық та, ал кеп күлдік. Одан бері талай қиын да қызық жағдайларды бастан өткердік, жұбымыз жазылмады. Бұның бәрі маған күні кеше болғандай-ақ, ал Гауһар үшін өмірдің талай белестері өтті. Бағдарламалар бөлімінде істейтін әріптесімізге тұрмысқа шықты, бір әулеттің келіні атанды. Сағынысып, көріскен соң әңгіме ауаны бәрібір Ақанға кеп соқты.

– Кеше Ақан хабарласты,– мұңлы жанарыма ұзақ қарауға дәрмені жетпеген болар, көзін тайдыра берді. Бір сәт дүние тоқтап қалғандай, жүрек сыздап мен отырмын. – Ауруханадан шыққаныңды айтпадым.

– Дұрыс істедің! Айтпа!

Іштей көрсем дейсің, сол бір сәтте қайтып ешқашан көріспесек екен деп тілеймін. Себебі, келесі кездесуде қандай күйде боларымды кім білсін. Дауыл тұрып, бір-ақ сәтте бәрін жайпап кетуі ғажап емес. Кездесуден адам қашқанмен, жолдар тоғыстырмай қоймады.

Өз аяғыммен емін-еркін жүруге шамам жеткенде, тысқа шығып қайтайын деп бұрын жиі баратын саябаққа бет алдым. Бәрі бұрынғыдай. Уақыт ағысынан шеткері қалғандай-ақ. Бәз баяғыдай өзен сарқырап ағып жатыр, сарғайған жапырақтары желмен тербеліп, сыбдыры бір басылмастан ағаштар да сол қалпы тұр. Мендей екі аяғы болса, дүниені шарлап кетер ме еді. Тағдырға көнбеске шара бар ма сенде, ағаш?! Менде ше? Әр адам өз қолымен кісен қағады да, өмірі түгелдей сол бұғауда өтеді екен. Сонда егілген жерден кете алмайтын сенен не артықшылығымыз бар?! Неге өлімнен аман қалдым? Неге дәл екі жыл өмірімді жоғалттым?

Жанымды сөзсіз ұғатын жалғыз-ақ адам бар еді. Алыстаған сайын тұлғасы биіктеп бара жатқаны. Сенген сырласыңды қайтып жек көріп кете алмайсың. Себебі оны жек көру жарты әлемді жек көрумен тең. Одан бұрын өзімді күндеп кететін түрім бар. Қашан бұншалықты біте қайнасып кеткенбіз?! Алыста болса да, жанымда жүргендей күй кешемін. Ой тұманынан шыға алмай жалғыздығыммен келе жатсам, алдымнан кішкене ер бала шыға келді. Аз сүрінбеген болуы керек, тізесі әбден кірлеп қалған. Тазалыққа тұнған жанарымен жанарым түйіскенде, бөлек күй кештім. Баланың көздері неге сонша ыстық көрінгенін, артынан іле-шала жүгіріп келген әкесін көргенде ұқтым. Шынымен-ақ, жанымда жүрген екен.

Жүздескенмен пайда бар ма? Дүниеліктен тыс тақырыптарда сөз қозғап, серуендеген паркте тілсіз мақұлықтай қатар жүріп келеміз. Сыбдырлаған ағаш жапырақтары ғана бір тыншымайды, жасырылған сырларымды серігіме жеткізіп жатқандай. Екі жылда талай рет осы жерге келіп сарғая мені еске алғанына куәлік бергендей сарқыраған ағынды су беті бір көтеріліп, бір басыла талмай сөйлеп жатыр. Келген де шығар. Мен екі жылды бір күндей өткердім, ол болса, көктем мен жаздың кешін осы жерде батырды. Қазірдің өзінде үй маңындағы саябаққа бармай, қаланың екінші шетінен келген көрінеді.

Адам қаншалықты сағынғанын көргенде ұғады екен. Сартап сағыныш кеудемді басып тастапты. «Қалың қалай?» деп сұрауға жарамағаны, соны білуге дәті жібермеген болар деп түйдім. Екі жылда қара шашын аздап ақ шалып, жүдеп кетіпті. Мен ғашық болған Ақан осындай ме еді? Әлде өмірімнен біржола кеткен соң, тұлғасын ой-санамда асқақтатып жібердім бе? Кездескенде не күй кешер екенмін деп ойлаушы едім. Бір ауырлап, бір жеңілдедім. Бәрі тұңғиыққа батқан. Неке суын өзгемен бөлісіп ішкен сәтте арамыздағы нәзік сезім жібін үзген.

– Бір айта алмаған, әлде сұрай алмаған дүниелерің бар сияқты. Жасырма! – таныс дауыс әдеттегідей ойымдағы шырғалаңды тауып айтты. Жанға жайлы даусы бұған дейін сезінген бар күйімді шайып әкеткенін қайтейін, қайта ішіме шоқ түсті. Жек көріп кетуге, ренжуге де қимадым.

– Үнсіздікте де үн бар.

– Білемін, не айтылмай қалғанын. Бірақ мен сен үшін бөлек әлеммін. Сол әлеміңде мен сенімен ғанамын.

Жанымды жұбата тұрып улаған сөздері сезім бөлмесінің шымылдығын ашып тастады. Адамды өзінен артық бөтен жан білуі мүмкін бе десе, ойланбай-ақ ой-санамды парақтап оқып алатын, азаптай тұрып, жарық нұрға бөлейтін сіздегі құдыретті айтар ем. Мені әлі де сүйеді екенсіз ғой. Жанарыңызды алып қашқан себебіңіз осы ме еді.

– Жайымды үнсіз ұғатын сіз ғанасыз.

– Сенің үнсіздігің мені қинайды. Бір үнсіздігіңе мың сөз сыяды.

– Сөзбен айтылмаған жаспен шығады...

***

Көкжиектен арайлап атқан таң жарты шеңбер жасап, қайта батып жатты. Жердің екінші бір бөлігін оятты, сосын қайта оралды. Солай күндер алмасып жатты. Кездескен сайын Гауһар екеуміздің әңгімеміз бәрібір сезімге ағыса берді. Үйіне қонаққа барғанда қою сүтті шай құйылған кесені қолыма ұстатып жатып:

– Асылай, ауруханадан шыққаныңа екі апта өтті. Саған айтар ақылым: Ақанмен бір кездес. Екеуіңнің де бір-бірлеріңе айтар сөздерің көп. Намысты басып, бір сөйлесші. Көріп тұрмын ғой, көздерің оны іздейді де тұрады.

– Осы есіктен кіріп келсе деп елестетіп отыр едім. Қайдан сезе ғойдың?

– Кімді алдайсың?!

– Өзімді.

– Асылай?!

– Мен оны көрдім, – бұдан артық жалтара алмадым.

– Қайда? Қашан? Не деді?

– Кешқұрым серуенге шықсам, баласын жетектеп ол да жүр. Не деуші еді?! Сүюге ерік бермей, өз сезіміңе намыстану ауыр екен. Бейне бір кеудемдегі жанды бір нәрсені басып, тұншықтырып жатқандай... Ол Махаббатты есті және ессіз деп бөледі. Мәнісі белгілі. Маған деген сезімін ессіз көреді. Ал мен ғашықтықты баянды және баянсыз деп бөлер едім. Себебі мендік сезім баянсыз. Соған қарамастан жарға ұшқан шағаламын.

– Уақытты кері қайтарып, екеуіңді қоссам ғой, шіркін!

– Білесің бе, ғашық болу деген сәт сайын оны іздеу емес екен. Кейде жек көріп кеткендей сезінуің де ғажап емес. Бір суынып, бір ысисың. Бірақ, мен – теңіздің толқыны. Ол – жағалаудағы алып тас. Қанша қашсам да, өзіне қайтып соғамын. Ол бар да жоқ мен үшін.

– Тірі адамды өлдіге санай алмайсың!

– Әттең, бәрі солай оңай бола салса. Енді ғана қадіріне шын жеткендеймін.

– Жанында жүргенде асқар таудың биіктігін көрмейсің. Жырақта жүріп ұғасың.

– Алыстан мұнартқанда бұншалық биік көрінер ме?!                     

     Қайтарда жол бойы бір сәтке ойымнан сезім мен иллюзия жайын шығара алмадым. Ғашықтық дерт пе? Сезім деген ақылға бағынбайтын бе еді? Жоқ, жүректің дерті о баста-ақ ой-санадан бөлек құбылыс болған. Махаббат бірінші жаратылды делік, бірақ сезімді құрайтын да сол ой емес пе? Сүйгенің бір сәтке болсын ойыңнан шықпайды, сананың түкпіріне жасырынып алады да өзіне бағыттайды. Сонысымен де ол дерт. Мен дерттімін...

Қайтар жолда да ойдан арыла алмадым.

...Бәлкім, біздің махаббат деп жүргеніміз де құрама сезім шығар. Қызығушылық, сенім, үміт. Сенімнің өзін де екіге бөліп қарастырсақ болады: сол адамға деген сенім, таңдауыңның дұрыстығына сенім. Бірге өткізер ертеңгі жарқын болашағыңа сенім осы. Қызығушылық басылса сезім суып қалады. Сенім болмаса сезім болмайды. Ал үміт басты пазл. Егер үміт үзілсе, сезімнің екінші қыры – азап басталады. Өрт сияқты өршіп бәрін жайпап өтеді, не бір тамшыдан ішкен у сияқты.

Ызғытып келе жатқан көліктің дыбысы ойымды бір сәтке бөліп жіберді. Жарты жолды өңгеріп тастаппын. Ұшқындап қар жауып тұр. Толассыз ағылған көлік. Бір жаққа асыққан, автобустарда сығылысқан халық. Мойнындағы шарфын қымтай түсіп, баласын жетектеп келе жатқан әйел қарама-қарсы өте шықты. Артымнан қара пальто киген еңгезердей ер адам тез-тез басып алға озды. Суықты сезбей, асықпай келе жатқан мен ғана. Ұйқы да емес, өңім де емес. Екі ортада жүргендей ойға батып, үйге барар жолды жаттап алған екі аяғым өзі бағыттап әкеле жатыр. Ойдың жібі үзілген ұршығымды қайта айналдыра бастадым.

         ...Сезім деген кітапта оқып алғандай романтикаға толы, «ғашық екенмін ғой» деп бірден түсіне салатын оңай дүние емес. Қызық, айналадағы бар адамға жайың белгілі де, ал өз күйіңді талайға дейін өзің ұға алмайсың. Ол адаммен жәй ғана тілдескен жанға жайлы көрінеді. Екі жыл бұрын күнделігіме «қаласам сүйем, қаласам ұмытамын» деп өз жүрегімнің құдайы көріппін. Тәннің иесі мен де, жанның иесі Құдай деп жүріппін, ет пен сүйекті де жаратқан өзім емес екенімді ескермеппін. Жұдырықтай ет бөлек те, өзгесі бөлектігін шын ғашық болғанда ұқтым. Ал оның бар қадірін екі жылдық ұйқыдан оянған соң түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді. Санада сан сұрақ. Бұл шынайы сезім бе әлде иллюзия ма? Мен кіммін сізге? Мен үшін кім болып қаласыз?

Ойдың шеті-шегіне жете алмай тратуармен ақырын аяңдап келе жатсам, дәл алдымнан қиялымның бас кейіпкері шыға келмесі бар ма. Бұл енді шындап сәйкестік емес. Гауһардың шақырғаны анық. Құрбымның пысық болғанын қайтейін, жанымның емін табам деп азапқа салып жатқанын түсінбей ме. Осы жолы арнайы келгенінен болар, батылдық танытып, жағдайымды сұрады. Жауабымды қысқа қайырып келе жатқандағы мендік ой ешқашан болмағандай ғайыпқа сіңіп кетсе деген тілек. Жадымда өзгенің бәрі сақталып, бұрын-соңды көріп, танымаған жат жандай боп кету үшін бейнеңіз өшіп қалса...

– Көңілдегі сөзді іркіп қалғаныңды сезіп келемін.

– Санамда бір ғана сұрақ. Маған деген сезіміңіз жалған болды ма? Сол үшін аз уақытта басқа қызға үйленіп кеттіңіз, солай ма? – жайымды сөзсіз ұғып тұрғанына намыстанып, сұрақты төтесінен қойдым да, өз сөзім өз құлағыма жеткен бойда таңдайыма өкініштің кермек дәмі келді.

– Сені шын сүйдім. Сүйгендіктен де өзгеге үйлендім. Өткеннен айрылып қалған сен менен әлдеқайда бақыттырақсың. Санаң таза, өткенің өшкен. Ал мен естеліктің бәрін жүрегіме жерледім.   

– Сөзіңіз қаншалықты абсурд болып естілетінін түсініп тұрсыз ба? Жан-жақтан жабылып, мені есімнен адастырайын дедіңіздер ме? Мені өледі деп ойладыңыздар! Бар болғаны сол. Ет жақыныңның өлгенін күту азапты болды да, көңіл алдарқатудың жолын таптыңыз.

– Өзімді алдыңда кінәлі сезінемін. Сергелдеңге салдым. Қасқырдың апанына апарып, тастап кеткендей күйде жүрмін. Кешір!

– Осымен жетер! Сізді сүйгім де келмейді, жек көріп кетуден де қорқамын. Қайтып тілдескім де келмейді, көргім де. О бастағы биік қалпыңызда қалуыңыз керек еді. Жақсы көріп, шексіз құрметіңізге бөленген күнімді ғана есте сақтап қалғанымда ғой,– жасымды бұдан ары іркіп тұра алмасымды сезіп, сөзді аяқтаған бойда теріс бұрылып кете бердім.

Көз жасыма тұншығып, сөздің аяғын жұтып отырсам да, телефонмен Гауһарға кездейсоқ кездесу ұйымдастырып бергені үшін ренішімді жеткіздім. Кеудемдегі өртті ешбір сөзі баса алмайтынын қалай ұқтырам. Сезімге тұнған көздері мен кешірім сұрағаны екі жылдық ұйқыны маңдайыма жазған тағдыр тәлкегіне деген күйікті одан бетер асқындыра түседі. Бәріне өзі себеп болса да, ұғатын сол ғана. Күйігімді қайда барып басайын?! Үйге мұң арқалап бару «анамды жылатпайын» заңымен тыйым салынса, ал құлаққағыс болған достарың қайтіп санаңнан өшіруге мүмкіндік бермейді. Бәлкім, жаны ашығаннан әлде өзгені қаралай тұра, өзінің ісін ақтау ма, әйтеуір, бір сұмдықты сол телефоннан естідім. Айшаның жүлде алып, елге танылып жүргендегі бар туындысы менің жазғандарым екен. «Жақсылығымды қатыгездікке баладың, ал қаламыңнан шыққан дүниені ұрлаған Айша құрбыңа не дейсің? Қолыңнан келсе, әдеттегідей ақтап ал оны!» деген сөзінен соң үзік-үзік дыбыс естілді.

Үйге жеткен бойда, интернетті ақтарып, жазған әңгімелерін іздедім. Оқыған сайын көз алдыма сюжетімен қоса, қараңғы бөлмеде ноутбукты басып отырған сәтім үзік-үзік боп санамда жаңғыра берді. Тұман арасында келе жатқан қара көйлектегі қыздың бейнесі... сөздері таныс. «Әлде... жеті қараңғы түнде рұқсатсыз аяқ басқан адамды тірідей қоя бермес орманның да өз иесі бар ма екен? Шошынғаннан буын-буыным қалтырап, аязда қалған торғайдай дір-дір етіп тұрдым да қалдым. Дыбыс шыққан жаққа «Кімсің? Адамсың ба, хайуансың ба, әлде өлім періштесінің өзісің бе?» деп айғайладым. Оным, адам болса, жауап беріп, жүрегім орнығар деген ой...» Тоқта! Бұны мен жаздым. Еш күмәнім жоқ. Тіпті сюжеттік бұрылысы, қыздың тергеуде баяндап отырғаны. Сонда, менің жазғандарымды ұрлап алған ба? Құдай-ау, не боп кетті?! Қуаныш пен ашу қатар келіп, біреуі толқытты, біреуі ренішпен астасты. Енді не істедім? Бірақ тергеушінің ендігі айтар сөздері мүлде есімде жоқ. Әлде мен бұл шығарманы бұрын оқып пе едім? Оқыған соң менікі деп шатастырып тұрмын ба? Моргтегі мәйіті, бейнесін жанды қуыршаққа теңеуі. Мен ойлап тапқан оқиға желісі. Өз санама сене алмаймын. Ойлан, Асылай, ойлан! Діріл басқан қолдарыммен ноутбук пернелерін асыға басып, басқа әңгімелерін іздедім. «Періштені көрген бала» хикаятының басты кейіпкері лейкемиямен ауыратын кішкене бүлдіршін менің бауырым. Көзіме іркіліп жас келгенмен, мұңды жуып шая алар ма. Құмға жазылғандай өткен өмірімдегі айтулы оқиғалар өшіп кеткен. Енді қайттім?! Кімге қалай дәлелдемекпін? Және оның қажеті бар ма?

Бәлкім, қуаныштан қашпағандай ауыртпалықты да өткеру керек шығар. Басып жаныштағанмен дертің жазылмайды. Қайта шырматылған түйіншегін бір-бірлеп шешуге тиіспін. Сыздаған жүрек, аласұрған көңіл бір тыншитын емес. Қайда барып оңайын?! Бір емес, бес бірдей туындымды түгел иеленіп алған. Егер дүйім жұртқа ұрлығын жайып, жеткілікті дәлел келтіре алмасам, өмір бойы жаманатты болып кетемін. Көпшіліктен бұрын өзім сенімдімін бе осыған. Абсурд. Өз ойым кереғарлыққа ұшырап, күмәнім сейілмеген шындыққа елді қалай сендірмекпін. Айшаның да өз шындығы табыла қояр. Ал ақиқаты қайсы? Иелене берсін, тек маған жасырмай айтса ғой. Өзгесін тілемеймін де. Ойым шырмалып барады, бұдан артық күдік пен наланы көтере алар емес. Уақыттың есебі қатты екен. Бәрі де ұйқыда зая кеткен өмірдің ақысы. Қайта тірілген өмірімде мән бар ма өзі? Тірі өліктің күйін кешіп жүрген жоқпын ба?!

Үш күн ойланып-толғанып, ақыры Айшамен жолығатын боп шештім. Санамда өткенім түгел тіріліп, оралғанша шыдас беру қиынның қиыны. Таңертеңмен шығып, жұмыс орнына іздеп бардым. Кітапханада адам қарасы көп, біраз күтуге тура келді. Қызыл көйлектегі аққұба қыз кітаптарды алып жатып, қасындағы ер балаға тоқтамастан сөйлеп жатыр. Арасында қабағы түйіліп, реніш білдіргендей, енді бірде алған кітаптарды меңзеп, тамсана бір нәрсе айтуда. Жанымнан өте бергенде, құлағым шалды Төлен Әбдіктің туындыларынан алған әсерін айтып келеді екен. Қасындағы группаласы болса керек, жасы шамалас, қызды әрі қостап, әрі қызығушылықпен тыңдайды. Көзден, қараған қарасынан көп нәрсені айтқызбай түсінуге болады. Сезім ұшқыны жанарында айқын көрінді. «Көз сөйлеу үшін жаралған» деген пікір де тағы осы жазушының сөзі. Апатқа түспей тұрып, мен де университетте білім алғанмын, соңғы курсты тәмамдау бұйырмады. Жадымды толық қалпына келтірмей, оқу қайдан болсын.

Адам сиресе де, Айша менің бар-жоғыма назар аударғысы жоқ. Ақыры топтап тұрған студенттер тапсырыс берген кітаптарын алып бітті-ау дегенде бірер минут бөле тұруын өтіндім. Ескі шақтар еске орала кеткені. Лекцияда қашан да бірге отырып, семинарларға бірге дайындалып, кітапханадан соңғы шығып, бір-біріміздің жазғанымызды оқып жүруші едік...

– О, Асылай, ауруханадан шығыпсың ғой. Жасың ұзақ болсын! – деп иығымнан қақты. Лезде езуімді жиып алдым. Жасандылық. Өтірік мәдениеттілік таныту, көргеніне қуанбаса да, сондай кейіп көрсету. Қоғам осыны мәдениеттілік деп қабылдай ма? Ішіңде ит өліп жатып, сыртыңмен күлімдеу, иілу екіжүзділік болмай не? Тәтті естеліктердің бәрін селдей жайпап өтті. Қай уақытта бұншалық өзгеріп үлгерген?

– Рахмет! Жас жазушы атаныпсың. Талабың өсе берсін!

– Аумин! Құдай атақ-даңқты қалаған пендесіне береді.

– Иә, тіпті еңбек өзгенікі болса дағы. Мойындашы маған басқа ештеңенің керегі де жоқ. Алған атағыңды, туындыларды қайтып алмайын. Тек жаным тыншысын.

– Жақын құрбы едік, төрт жыл бірге отырып, талай дүниені бастап өткердік. Ал сенің мына жалаң барып тұрған арсыздық!

– Кімдікі арсыздық екенін Құдай шешер. «Періштені көрген бала» лейкемиямен ауыратын бауырымның аруағына арнап жазғанмын. Бірінші оқып, бағасын берген сен едің.

– Жазшы деп баяндаған өзің, ал мен ары қарай қиялыммен өрлеттім. Өтініп алып, енді идея менікі деп түгел иеленіп алмақпысың?

– «Қалың тұман арасында» атты детективтың басы орманда басталады. Әр сөзі есімде. «Келбеті келісті сұлу ақыр соңында өзі де бір жауыздың құрбанына айналыпты. Аппақ жүзі, қайырылған ұзын кірпіктері мен қиылған қарлығаш қастары, қара толқын ұзын шашы жансыз денесіне әлі де өң беріп тұр». Психологтың магифреникалық синдром деп диагноз қоюы бастапқы сюжетте көрген бар мистикалық жайттарды түсіндіреді. Ал «Сезім сергелдеңінде» кінәліні іздеуде логикаға келтіріп, оқырманды шатастыру менің идеям.

– Оқыған соң кез келген адам сюжет желісін айтып бере алады. Жазбай тұрып, ойдағы сюжеттерді саған айтатынмын, бірге ақылдастық талай жерін. Асылай, екі жыл ұйқыда жаттың, амнезия болуы заңдылық. Шығармаларымды бірінші сен оқитынсың, ойыңда қалған соң кімнің жазғанын шатастырып отырсың. Ал, енді ренжіме, жұмыс күтіп тұрмайды. Аман бол!

Айналадағы көпшіліктен бұрын, ең бірінші өзіңе, адамды тани алатыныңа күмәндана бастайсың. Бұл ойдың түбі анық. Кінәрәтты өзіңнен табасың, соңыңда ақымақтығыңа күйінесің. Сенуге лайықсыз адамды дос тұтып, асыл ойларыммен бөлісіп, жазғанымды қолына қорықпастан ұстата салыппын. Ешкім мінсіз емес. Бірақ бәрін пендешілікке балай бермеу керек. Бір рет істесе ағаттық болар, ал күнде қайталанған іс әдет болмай не?! Бәріне күмәнмен қарап, жақсы ойлауға құмарта бермей, өзгеден бұрын өзіңе неге әділ болмасқа. Қашанға дейін өзімізді алдай береміз?!

Кітапханадан аласұрып шыққан бойда телефонмен ұстазыма хабарластым. Сөздің ауанын шығармаларыма ауыстарғанда, тұтқанын арғы жағынан әлсіз күрсініс естілді.

– Ақиқатын сіз білесіз, маған көмектесіңізші. Менің туындыларым ғой...  Назым апай, өтінемін!

– Қолымызда ешқандай дәлел жоқ. Мен оқыдым, сен жаздым дегенмен не өзгереді?

Осы сөзді естігенде, бір жеңілдеп, бір ауырладым. Күмән тұманы сейілді, бірақ жан баласы ақиқатты ақтап шыға алмайды екен. Үміттің соңғы шоғы өшкен сүлеқос кеудем үнсіз тыныстап тұра берді.

– Асылай, кешір. Өмірді түрлі-түсті кейіпте көретін бала емессің. Өзімізге жасалған озбырлыққа кейде бас шұлғып көнуге, үнсіз төзуге тура келеді. Бір берер кеңесім: олар махаббатыңды, жақсы атағыңды тартып алғанымен, ендігі асыл ойларыңды, жаныңды тартып ала алмайды. Құдай қайта оятуы тегін емес. Бір ғибрат аларсың! – деп сөзін сабақтады. Оған көне қоятын мен бе. Компьютерге тергендерімді басып шығарғаным есіме түсіп, лезде үйге жеттім де, шкафтың суырмаларын түгел ақтарып шықтым. Бірі де жоқ.

– Мам, менің қолжазбаларым қайда? – дедім, енді ғана жұмыстан оралған анама кітап сөресін ақтарып жатып.

– Қандай қолжазба?

 – Жазған детектив, әңгімелерім. Мен оны осы жерге қоятынмын, – шкафтың бір бұрышынан шығып қалатындай үміттене папкілерді ары-бері қозғаудан бір жалықпай.– Сабақтың тапсырамалары деп тастай салған шығарсыздар, Құдай біледі.

– Асылай, не айтып кеттің? Қайдағы әңгіме? Мектеп кезінде өлең жазғансың, бірақ ешқашан әңгіме жазған емессің.

Бір сәт үнсіз тұрып қалдым. Шыны керек, ес кіре ата-анамнан аулақтанып кеткенім соншалық, проза жазатынымды да айтпаппын. Алғашқы махаббатым, алғаш тұрған жұмыс орнымдағы қиындықтар, бейімім мен қызығушылықтарым отбасы өмірінен сыртқары өтіп жатыпты. Сол күні өлмей, араға екі жыл салып оралғаным көрер қызығым таусылмағаннан емес, қателіктерім аз болмағандықтан, қайтара мүмкіндік беріпті. Егер сол бір ретпен өмір сүре берсем, бәлкім, аңғармас та едім.

– Мама, айтыңызшы неге екі жыл сарғайып күттіңіз?

–Тірі қалатыныңды сездім. Бұны айтып жеткізу не суреттеу мүмкін емес. Бар табысымды аурухана есебіне беріп тұрсам да, өлімге еш қимадым. Аппаратты өшіруге келісім беру өз қолыммен өлтірумен теңдей еді,– деп сұрағым үшін жазғыра қарады.  Жүгіріп жеттім де, құшақтап тұрып кешірім сұрай егілдім. Бұншалықты рақымсыз перзент болғанмын ба. Өз жолым деп кіндігіміз байланғанын ескермей кетеміз, ал жүректі қайғы басқанда өзіңнің ыстық құшағыңды аңсаймыз.

Мен үшін ең жайлысы құс жастық емес анамның тізесі. Жан дүнием ауырлық басқанда осылай тыныштық табатынмын. Бүгін де кешқұрым тізесіне басымды қойып жатып, адами моральдық қасиеттер жайында тағы бір толғандым.

Достық пен махаббат мәніне ешқашан толықтай бойлап, зерттеп болмайтынымыз анық. Әркімнің қабылдауы, күтетіні, достықта беретіні басқа. Қазірде екі ұғым одан бетер тереңдегені соншалық, бұрын дос деп жүргенім шынайы достыққа жарамсызын ұқтым. Және сүйдім дегеннің бәрі ғашық емес. Енді ешкімді күтпеймін, іздемеймін, ұстап қалуға ұмытылмаймын. Ояну деген визуалды ұғымға айналды. Осы күнге дейін көргенімнің бәрі иллюзия екен. Елден артық сенім артып, арқа сүйеген адамдарым жәй ғана әдемі бетперде киген өтірікшілер болып шықты. Әлде... шынымен, бұл шығармаларды жазған мен емеспін бе?!

***

Көзімді ашсам, айнала қара түнекке малынған. Қараңғылыққа көзім үйренген соң, бөлмедегі заттардың сұлбасы ағараңдай бастады. Қабырғалар ақшыл сырға боялған, көк перде, кішкене тумбочка, төбеде жарығы сөнген шам, ал бөлме есігінен ұзын сонар дәліз көрініп тұр. Соңына көз жетпейді, ақырындап қараңғылық бір-бірлеп жұтып, жақындап келе жатқандай. Орнымнан тұруға бекіндім, бірақ аяқ-қолым қозғалар емес. Тағы да талпындым, саусақтарыма дейін бір қыбырламайды. Күні кеше ғана сау едім. Неге бұнда жатырмын? Неге аяқ-қолым қозғалмайды?

 «Кім бар? Көмектесіңіздерші!» деп айтуға ниеттенгенім сол еді, құлағыма тұнған тыныштықтан басқа дыбыс естілмеді. Аузымда түтікше тұрғанын енді аңдадым. О, Құдайым, не боп кетті?! Жанұшыра айғайладым, босатуын сұрап жалындым. Бұл жанымның азапталған үні, ал сырт кейпімде өзгеріс жоқ. Сонда мен әлі де терең ұйқыда жатырмын ба? Көргенімнің бәрі түс болған ба?

Кенет дәліздің арғы жағынан аяқтың басқан дыбысы естілді. Дыбыс анығырақ шыққан сайын, сөйлеген дауыстары да еміс-еміс құлаққа келеді.

– Үш бірдей рецепиентке донор керек. Біреуіне жүрек, енді біріне бүйрек пен ұйқыбез.

– Дидахмет Асылайдың қан тобы 2, резус фактор оң. Ешқандай созылмалы аурулары жоқ. Донор болуға әбден жарап қалады. Бір адамның есесіне қанша өмірді құтқарып қаламыз.

Ақ халатты екі адамның отты көздері маған шоқтай қадалып тұр. Езуінде күлкі үйірілген дәрігер талайлардың өмірін екінші біреуге алмастырған үйреншікті ісімен ойша ішқұрылысымды ақтарып жатқандай рахат күй кешкенін көзінен аңдадым. Қырықты алқымдаған ер адам мол ақшаға кенеленетіндерін айтып, жас медбике қызды бүйірінен түртіп қояды, сылқым: «Қойыңызшы, алдымен істі бітір алайық!» деп сызыла жауап қатты. Санам әлі де тірі екенін қалай білдіремін деп тырысқанымды қайтейін, адам жанынан ақша есебін жақсырақ білетін медбике түтікшені аузымнан алғанда, тынысым тарылып, бір жұтым ауаға зар болып қинала бастадым. Дүние қара түнекке айналып барады.

Көзімді ашып қалсам, өз үйімдемін, бірақ тыныстай алмай не денемді қозғалта алмай жатырмын. Біреу әлде бірдеңе мойнымнан тұншықтырып жатқандай. Мен оның сұлбасын көрген емеспін, тек ойша сезіп, білемін. Қобырап жалбыраған шаштары иығынан келеді, саусақтары ұзын әрі епті. Түн ортасында, бәрі шырт ұйқыда жатқанда жалғыз ояу отырып қалсам, есіктен сығалап қарайды. Денемді суық ызғары қарығанда, жаным жай табуы үшін Құран қосып қоятынмын. Ал қазір Құран аяты тұрмақ кәлиманы айтуға тілім келер емес. Бір-бір әріптен қосып, «Бисмиллә» дедім, тағы қайталадым, сосын тағы да. Айту жеңілдеген сайын, мойнымды да бірте-бірте босата бастады. Үстімнен баяулап тұрды да есікке беттеді. «Кет!» деп қатты айтып жіберген болуым керек, жатын бөлменің есігінен көйлекшең тұрған анамның бейнесін көрдім. Елес пен адам кейпін айыра алмадым. Ақырын басып, қасыма келді де, жерден бір затты көтеріп, үстел үстіне қойды. «Асылай, бәрі дұрыс па?» дегеніне жауап берместен талықсып кеттім.

       Көзімді ашқанда бірінші көргенім аурухананың ақ шамы, алғашқы сезінгенім кеудедегі ауыртпалық. Осы жолы палатада жалғыз емес екенмін. Бес-алты жастағы кішкене қыз қуыршағымен ойнап төсекте отыр. Өзімнің бала кезімді көргендей болдым. Шашын иегінен келетіндей, кекілмен әдемі етіп қиып қойыпты. Қасы қалың, көздері үлкен де жанары кір шалмаған тұп-тұнық. Бейкүнә жүзінде таңданыс, ес-түссіз жатқаныма үйреніп алған сыңайлы. Көзінен үзіліп бір тамшы жас тамды. Дәлізден медбикенің «укол» деген даусын естіп, алған инені ауырсынып отырған шығар деп түйдім. Аңқыған хош иісті сезіп, төсектің жанында тұрған тумбочкаға қарасам, алқызыл раушан гүлдер сабағы қиылған қалпы вазаға салынып тұр екен. Бұндай гүлдерді Ақан сыйлайтын. Демек келген. Көзімді қайта төбеге аудардым. Дәл осындай раушанды сыйлаған күні мен... Шиырматылған түйін енді шешілгендей болды. Мен ұмытып, ескермеген естеліктер бар екен. Сол сәтте құлаққа жағымды әуен ойнай жөнелді. Алғашында қай жерде екенін түсіне алмай дағдардым. Жастығымның астында жоқ. Тартпаларды бірінен соң бірін ашып, іздедім. Ес жиғанда қажет болар деп анам әкеп қойған көрінеді. Телефон шалған Гауһар екен. Оянғанымды естіп, жарты сағатта асыға жетті. Үлкендердің әңгімесіне араласпайын деді ме, кішкентай қыз үндемеген қалпы сыртқа шығып кетті. Жаныма жайғасқан бойда Гауһар алаңдаушылығы мен қуанышын жеткізіп жатыр. Не айтып отырғанын дендеп айырып, тыңдаған мен жоқ, күлімкөздері мен эмоциясын бақылап, езу тарттып қарап қоям. Сөзін сабақтап жатып, палатаны көзбен шолып шықты. «Мына жер көңілсіз екен». Бұл сұрықсыз деген сөзі. Алғашында сөйлеу мәнеріне оғаштау көрініп, күлетін едік.

– Кешір мені! Қиын кезде ренжіп, теріс айналдым. Шындығында, Ақанмен кездес деген себебім...

– Білемін, есіме түсті, – сөзін үзіп жібердім. Бар кінә өзімнен. Мәселе ес-түссіз екі жыл жатқанымда емес, күтудің еш мәні болмағанында. Үйленуге ұсыныс жасаған кезде, талай жылғы достығымызды аяқ-асты еттің деп теріс бұрылып кеткенмін. Оған деген ілтипатым ерекше, білесің. Бірақ менің сезімімде биіктік, ал оның махаббатында теңіздей тереңдік бар. Құздан суға құлау өлімен тең. Одан ешқашан көрмеген ағалық қамқорлықты, толыққанды сезіне алмаған әкелік мейірімді таптым. Қарапайым махаббатқа қимадым бұны.

– Иә, айтқансың. Оянған соң неге құбылып кеткеніңді түсінбедім. Ақан өзі айтсын дегенмін. Бәлкім, басқа қызға үйленген соң, шын сүйетініңді түсінген шығарсың?

– Қызғаныш пен құмарлықты сезінген емеспін. Қызық, кей адаммен мінезің үйлеседі, сөзсіз түсінеді, бірақ тағдырың түйіспейді. Мөлдіреген қара көздеріне қарағанда, бар әлем тоқтап қалғандай күй кешемін. Аға не дос, маңызы жоқ, жәй ғана қасымда болса деп тіледім. Дүниені үш рет шарласам, жанымды одан артық ұғатын адам табылар ма?! Сені де жанымдай жақсы көремін. Бірақ ол сазгер де, мен күйсандық сияқтымын. Нәзік сезім иірімдерімді басып, өзгеше күй шығарады, өзгеше күйге бөлейді.

– Отбасылық міндерттер артылып, күйбең тірлік, содан туған себепсіз өкпе-реніштің бәрі осы тәтті сезімді тамырымен күйретіп жібереді деп қорыққансың ғой. Ай, құрбым-ай, не дейін?! Не аға, не дос, не жар емес, қасыңда енді бола алмайды. Осыны ұғамысың?

– Білем, өз кінәмді мойындаудан қашып, иллюзияға батқаным сол. Өзгеге жар боп кеткеннен емес, өмірімнен мүлде жоқ болғандай ғайыпқа айналғанын көтере алмадым. Жоқтығы қазір де жаныма батып барады.

– Жыламашы! Ботадай көздеріңе мұң емес күлімдеген жарасады, – деп қолымен жүзімдегі жасты сүртіп, құшағана басты.

– Білесің бе, ең әдемі көздер – қанша қиындық көрсе де, жақсылықты іздеп табатын, үміт шырағы сөнбеген мөлдір көздер.

– Ендеше ең әдемі күлкі – жан дүниесі аласұрып тұрғанда толқынмен келіп, мұңды шайып тастайтын сыңғырлаған күлкі, – деп күлкісімен бөлмені нұрландырды.

         Алғаш рет осы сәтті сезіндім. Терең тыныс алдым да, жылулығын бойымнан өткіздім. Өткен өтті, енді оған қайрылмаймын. Есімнен адасудан азақ алдында қалдым. Енді тек бүгін мен ертең бар. Шаң басқан сандықты ашып, сиясы таусылмаған қаламмен шерді ақтарармын. Ақ парақтан. Бұл да бір белгі болар. Бір нәрсені иелену үшін орнына қолда барын құрбан етуге тура келеді. Бір баққа "айырбастайын" – өмірге қайта келу бағына.