Сабырбек ОЛЖАБАЙ.МАҒАН МАХАББАТ ТУРАЛЫ АЙТПАҢЫЗ

-Аға! Саламатсыз ба? Тосырқап қалдыңыз ғой. Мені танымадыңыз ба? Япырау, мынау күміс қоңыраудай сыңғырлаған сиқырлы  үнді қайдан, қашан естіген едім? Назды үнімен қыттықтап, еркелей сөйлегеніне қарағанда мені көптен, көптен болғанда етене білетін сияқты ма, қалай? Мен жыға танымағанымды білдіргім келмей астарлай, жұмбақтай сөйлеуге тырыстым.

-Иә, қалқам, қалың қалай? Сол баяғы жұмыс орнында жүріп жатырсың ба? Күйеу бала қалай? Балалар шауып жүрген болар? Әрине, мұнымның барлығы далбаса долбар еді. Жас мөлшері қырыққа тақап қалған келіншектің бала-шағасы, жолбарыстай жолдасы болмаушы ма еді? Осы тапқырлығыма қыбым қанып, тоқмейілсіп, малданып қалдым. Осыдай жосықсыз жонданып отырғанымда таныс-бейтаныс келіншектің ержар көңілмен кірпияздана тіл қатқаны анау-мынауға ірге бермеймін деп мардымсынған менің ашық аспанымды  астан-кестең етіп кетті.

-Аға! Шау тартып қалыпсыз. Танымадыңыз,-деп мені шоқпарсыз-ақ сілейте соқты. Мойындамасқа шара қалмады. Шұңқырдан шығып, екі қолды көтеріп, берілмеске амал жоқ.

-Жаным-ау, сен әлгі...

Деп барып, тілімді тістеп, бөгелдім. Сонда да берілгім жоқ, долбарлап,  алдын кесе сөйлеп, амалымды асырып кеткім бар.

-Мен Самалмын ғой, аға!

Төбемнен біреу қос қолдап ұрғандай состиып тұрып қалдым.   

Содан бері қанша жаз, қанша қыс өтті? Самалмен қалай танысып едім? Содан бастайыншы.

...Жұмысымда отырғанмын. Кенет алдымдағы телефон шыр етті. Жазып отырған қағазымды ысырып қойып, телефонның тұтқасын көтердім. Ол кезде қазіргідей қалта телефоны атауымен жоқ. Оқта-текте алдымыздағы қара телефон шылдырласа, аса маңызды шаруамызды тастап, тұтқаны  амалсыз көтерген жандай мардымси қалатынымыз бар ғой. Мен де сол әдетпен:

-Алло! Сізді тыңдап тұрмын!- дедім  дауысымды құбылтып.

-Алло, редакция ма?-деген қыздың сыңғыр дауысы естілгенде бойымды жинап ала қойдым.

Көпе-кернеу кісімсіну, күпіну жайына қалды. Барынша биязы, мейлінше мәдениетті адамның кейпіне қалай енгенім есімде жоқ.

-Сізге кім керек еді?

-Сапар Данияров деген ақын жігіт керек еді.

Япырау, мені сұрап тұр ғой. Сонда бұл қыз мені қайдан таниды? Таныған күнде де мен ақын емеспін. Қарапайым қатардағы көп журналистің бірі ғанамын.  Сонда да атымды атап, ақын деп айбарлы атақ бере сөйлеген соң ба, күпініп қалдым.

-Иә, мен сізді тыңдап тұрмын.

-Аға! Сізбен кездессем бе деп едім.

Құдауанда, бұл не деген батыр қыз еді? Таныспай жатып «кездесемін» дейді ғой. Бәлесін қара! Не десем екен? Жұмысқа шақырсам ғой, құрдасым Атанбек ар жағынан бір шығып, бер жағынан бір шығып, әлекейдей жалаңдап, мені орағытып айналып өтіп, қызды еншілеп алуы мүмкін. Еншілемегеннің өзінде өңмеңдеп, өлердегі сөзін айтып, қыз көңілін нілдей бұзбасына кім кепіл? Қанша жерден жаңғалақ болсам да, бұл жолы амал асырдым. Бейтаныс қызды редакция ғимаратына қиястау бір кафеге шақырдым. Қыз келісе кетті.

Кафеге кіргенде-ақ екіұдай сезім биледі. Кездесуге келіскен қыздың кірнесіз көңілінде не жатыр? Мұндайда пенденің желкөрік көкірегі қайда, қай қиырға самғамайды дейсіз? Сыртымнан ғашық болып жүрген сылқымдардың бірі ме екен? Әлде поэзияға ғашық балауса балдырғанның бірі ме? Есірік сезімді қораға қинап қамап, қыздың келуін күттім.

Дегенмен, үміт ілгері. Қыздың көңілі далаға аумай, санаға жүгінсе, құстың қолға қонғаны дей бер. Үйлі-боранды болсам да кеш келген махаббаттың азабын көріп алмақпын. Басқа әуселені талайымнан көрмекпін. Несі бар, талай жігіттер  жымың білдірмей, жібін ілдірмей екіншілерімен бақыттың базарын барынша кешіп жүр ғой. Олардан менің қай жерім кем?

Кафе іші даңғыр-дүңгір әуейі әуенге тұнып тұр. «Арманын орындалады» дегендей барабан гүмп-гүмп етеді. Ана бір шетте жартылай жалаңаш қыздар екі иықтарын жұлып жеп, алқын-жұлқын билеп жатыр. Жалаңаш тәндері жарқ-жұрқ етіп делебе қоздырады. Қосылып-ақ кетер едім, Самалды күтіп алуым керек.

Бір кезде танадай көзі жарқ етіп Самал кіріп келе жатты. Күтіп алатын жігіті екенімді танытып, алдынан шықтым. Самал мен ойлағаннан да көрікті екен.  Қысқа юбкасынан түзу де тоқ балтырлары судан шоршып шыққан ақ балықтардай жарқ ете қалғанда өне бойымды ток соғып өткендей күй кештім. Қаймыжықтай жұқа ерінін жымқырып, көзін әнтек төңкеріп, сүйріктей саусақтарын ұсынды. Алақаны от екен! «Құшағыңда жанып кетермін»  деген бір қияс ой санамда жүгіріп өтті.

Сұңғақ бойлы сұлуды орындыққа құрметтеп жайғастырдым. Ол маған от жанарын қымсынбай қадап ұзақ отырды. «Ақын деген де осындай болады екен-ау» деп қомсынды ма кім білсін? Әлде сөзді неден бастарын білмей отыр ма? Негізінен, мұндайда жігіт алғаш болып тіл қатады емес пе? Сол ойыма оралып:

-Ал, Самал, қандай тамақтарға тапсырыс береміз?-дедім екеуара сөздің жалғанатына қуанып.

Ол ас мәзірін қолға алып, үңілді де даяшыны шақырды.  Мейрамхана, кафедегі ас мәзірін толық білмейтіндіктен, қыздың тапсырмасын мен де хош көрдім.

-Бұл кездесуіміз тағдырлар тоғысының басы шығар,-деп әзілдедім бойым үйренісе келе.

-Жоқ, аға. Мен бір әнге текс жаздырмақ едім. Сізді мықты ақын деген соң, көмек сұрай келдім.

Бұл мен күтпеген жаңалық еді. Әрине, ақындығым өзіме белгілі. Не деп болады, мына үрпек қызды үркітіп алмайын.

-Самал, сені маған кім жіберді?-деп сұрадым желдің қайдан тұрғанын білгім келіп.

-Есенгелді ағай!

Есенгелді! Қаламыздағы белгілі эстрада ансамбінің көркемдік жетекшісі. Талай думанды тойларда бірге болған, ішек қырындысына дейін қанық, тонның ішкі бауындай сырлас досымыз. Жігітшілік дәуреннің де талайын бастан өткерген сыралғы серік. Сонда ол аққудың сығарыңдай мына сұлуды не үшін жіберіп отыр? Әлде достығымызға қаншалықты сына қағар екен деп сынағалы жіберді ме? Иә, одан бәрін күтуге болады. Қой, сыр алдырмай, соңың бағайын.

-Иә, ағатайын не дейді сонда?

-Аға! Мен -әншімін. Сол кісінің шәкіртімін. Ол кісі «Әр әншінің өз төлқұжаты болуы керек. Ол төлқұжаты-сол әншінің ғана бағың ашатын әсем ән. Мәселен, Сәкен Қалымовтың бағын «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Шәмші аға» әндері ашты. Осы әндер  Сәкеннің бағын ашты. Осы сияқты тек өзің ғана орындайтын, тыңдармандар сенің ғана орындауында ұйып тыңдайтын бір ән тап» дейді. Есенгелді аға бір жергілікті композиторға ән жаздырды. Бірақ ән тексі келіспей тұр. Осы өлеңнің мұртын басып, шашын алып, күзеп берсеңіз, алғысымыз шексіз болар еді,-деп  Самал сөмкесінен бір парақ алып маған ұсынды.

Расында, ән тексінің бір қайнауы ішінде екен. Шамамның жетпейтінін біле тұра алып қалдым. Несі бар, Атанбектей арқалы ақынға түзеттіріп аламын ғой. Есесіне қыз алдында мәртебем асқақтап қалмақ.

Самалмен таныстығым осылай басталған еді.

Арада біраз уақыт өткенде біз қайта кездестік. Ол дайын тексті алып кетуге келген еді. Самал бұл жолы да құлпырып келді. Қара толқын шаштары самал желмен желбіреп, екі көзі мөлдіреп ырғатыла басып келе жатқан оны бұл жолы ескі танысымдай құшақтай алдым. Бір жақсысы, Самал мұнымды теріс көрмеді. Қайта құшағыма кіре түскісі келгендей алға ұмсына берді. Қыздың толқынды шаштарының жұпарын құныға жұттым.

Бұл жолы Самал мені сыйламақ ниетте екен. Алайда, кеудесінде намысы бар жігіт емеспін бе, сөмкесіне қол салдырғаным жоқ. Осы жомарттығым ұнады ма әлде өлеңнің ән ырғағымен қабыса кеткені көңіліне қонды ма, Самал бұл жолы қасымда қымсынбай отырды. Ара-арасында еркелеп те алды. Басқа ән шығып жатса оның да тексін маған жаздырмақ ойда екенін айтып өтті.

Біз алғашқы тілекті менің ақындық қабілетім үшін алып қойдық. Екінші тілек жаңа да жақсы ән үшін көтерілді. Қызуы шамалы шампан ғой дегенмен, осы шараптың өзі бойымды балқытып бара жатты. Бәлкім, бұл Самалдың жұпар иісі мен кірнесіз көңілінен де шығар. Әйтеуір, ғажап бір сезімді басымнан өткенгенім есімде.

Бұдан кейін де Самалмен байланысым үзілген жоқ. Ол бірде концертке шақырды. Әнің жергілікті композитор жазған, өлеңің мен «өңдеген» жаңа әннің тұсауын кеспек екен. Мұндайда шақыруды қалай ғана құп алмайсың.

Сахнадағы сұлулықты суреттеп беру мүмкін емес-ті. Самал бар болмысымен ажарланып, құлпырып кетіпті. Талайлар ауызын ашып, көзін жұмып қалды. Есенгелді «әне, менің шәкіртім осындай» деп арқалығы бар орындыққа нығыздала шалқайып, жадырап отырды.

Ән ғажап еді! Әнді барынша әрлеп жеткізіп тұрған Самалдың кең тынысты дауысы, сиқырлы үні еді. Мен бұған дейін мұндай әсем ән естімегендей елтідім. Тек ән бітіп, залдағылар жапа-тармағай дуылдата қол соққанда ғана есімді жисам керек. Алақтап жан-жағыма қарасам, тыңдармандар қайта-қайта қол соғып, әншіні ортадан жібермей тұр екен. Жүзі бал-бұл жайнаған Самалдың сүйкімділігі барынша айқындалып, ортада күліп тұр. Әлден соң оның құшағы гүлге толды. Мен де бір шоқ гүл ала барғанмын. Бетінен сүюдің себебі табылды.

Мен осылай ғашық болып қалдым!

Ол мектепті енді ғана бітірген балауса балдырған еді. Сонысына қарамай ересек адамдардай ілгері күн жайлы толғамды ойлар айтатын. Таныстығымыз достыққа айналып, шығармашылық байланысымыз артып келе жатты. Мен ансамбль жайлы газетке көлемді мақала жаздым. Сол мақалада жас әнші Самал Сағымбаеваның болашағы бұдан да жарқын деп жауырыншылардай болжам жасадым. Осы болжамым маған ауыр соққы болатынын ол кезде біліппін бе?

Арамызда әлдебір қимас сезімнің оты ұшқындап, бірімізді біріміз көрмесек іздей бастаған шақта Самал Алматыға оқуға кетті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына студент болып қабылданды. Үзілген үміттің балдай өкініші ішімді әлем-тапырақ етіп, жайлаудан ел көшкендей көңілім құлазып қалды. Самал екеуіміздің бірге қыдырған күндерді жиі еске алумен ішім елжірейді.

Бұл мен күткен қоштасу болатын. Қырғидың кептермен дос бола алмайтыны, аққу мен қарғаның үйлеспейтіні сияқты біздің арамызда үлкен тосқауыл жатыр еді. Мен күндердің күнінде оның қолдан сусып кетерін іштей мойындайтынмын. Бірақ, көңіл қимастығы қанша ойлансам да оны ұзап кетеді дегенге сенгісі келмейтін. Жүрегімді жұлым-жұлым еткен сол күндер де келіп жетті.

-Аға! Маған бақыт тілеуші едіңіз ғой. Мен сол бақытты іздеп кетіп барамын. Сіздердей қамқоршы ағаларым болғанына мақтанамын. Сіздер менің жүрегімдесіздер. Сіздерді ұмытпаймын,-деп еді перронда иығыма басын сүйеп жылап тұрып.

Біз осылай қоштасып едік.

Көп ұзамай жас әнші Самал Сағымбаева эстрада жұлдызы болып жарқырап шыға келді. Есенгелдінің ішкі есебі өзінде, әйтеуір мен бір жұлдыздың бағы жанғанына шексіз қуанып жүрдім.

Бірде Есенгелдімен тағы да кездесіп қалдым. Көңілсіздеу көрінді. Сүлесоқ сәлемдесті. Мұндай жоқ-ты. Отқа түскен тұздай шыртылдап, маңына жуытар емес. Айналасы толы қыз-қырқын. Бәрі де өнерпаз болуға талпынып жүрген желөкпелер. Үлкен сахнаға алып шығып, жұлдыз жасайды деген дәмегөй ой оларды Есенгелдінің айналасына жіпсіз байлайды. Достықтың дәлізі қашан да ұзын. Әлден соң әлдеқандай кісімсіп тұрған Есенгелді қасыма келіп, жағдайымды сұрады. Әнші, актер боламын деген жас талапкерлердің жанына тыныштық бермей-ақ қойғанын айтып, ақталғандай болды.

Әңгіме Самал жағына ойысты.

-Ә, сол қызды айтамысың? Жұлдызы жанды. Енді екеуімізге де бұйырмас,-деп айылын да жимай қарап тұр.

Әулие екен  Есенгелді, расында Самалды самғатып сол ұшырғаннан қайта көре алмадық. Әке-шешесіне, туған-туыстарына келіп-кетіп жүрген шығар, бірақ біз жаққа аяқ басқан жоқ. Әуелгіде хат-хабары үзілмеуші еді, уақыт өте онысы да сұйыла бастады. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» деген рас екен, бара-бара өмірімізде Самал деген қарындас болмағандай өткінші жаңбырдай өлшемді өмірдің иіріміне түстік те кеттік. Уақыт шіркін ұршықша шыр айналды. Өтіп жатқан өңезді өмір қызғалдақ қызды іздеуге рай бермеді. Сөйтіп жүріп  көмескіленіп санадан өше де бастағандай еді. Ойламаған жерден ор қояндай ойнақтап шыға келгенін көрмеймісіз?

Ал, енді арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде жүрекке жуалдыз қадап кеткен онымен кездесудің құны қанша? Уақытында көңілге көктем қондырып кеткен Самал бұл жолы қандай сыйын ұсынады? Тек жүректі оқыс бүлк еткізіп, ескі жараның ауызын тырнағаннан басқа қандай уанышы бар?

Сан сұрақтар санамды сансыратып, түрлі ой кештім. Сынық көңілдің шарасыз мұңы жүрек әлдиледі. Уақыттың ырқына жүгінген қайран өмір бозаң тартып қалыпты. Бұрынғыдай жұлқынып тұрған жүрек жоқ. Сонда да бұл көкірек деген кердеңді қойсаңшы, Самалдың  үні келгенде көңіліме бір жылы сезім ере келіп еді. Бәлкім, арман болып қалған балдәурен күндерге қайта оралғым келді ме екен? Алайда, тәтті қылықтарымен өзіне тым жақындатып алып, соңыңда талпынысымды тас-талқан етіп кеткен аруды бір көруге аңсарым ауды ма? Әйтеуір, мен Самалмен кездескенше тағат таппадым. Уақыт та тұсаулап қойған аттай бір орнында тапжылмай тұрып алды.

Бар қызықты өкіндіріп кеткен уақыттың бодауына беріп, жаңа әлемге талпынсам да жүректе сөнбес шоқ қалыпты. Сол шоқ қоламтаға айналып, қайта маздай бастағанда менен ес кетті. Өзімді қоярға жер таппадым. Самалды ара-тұра телеарналардан көріп тұрамын ғой, бірақ дәл жанында жолықтыру бір ғанибет емес пе? Оның үстіне маған Самалдың уыз шағы сол мөлдір күйінде сақталғандай сезілетін. Арналарда ажарланып, гүлдей жайнап шығатын оның тұла бойынан қылаудай мін таппаушы едім. Міне, осы қиялымдағы қалқа кездесуге құлық танытып отыр. Арамызда дәнекер болып қалған ештеңе де жоқ. Сонда бұл келіншек менен не күтеді?  Қандай сыр айтпақшы? Ал, менің жүрегімде жасырынып сыр жатыпты. Оны қалай ақтарамын алдында?

Жұнттай болып киініп, айтқан уақытынан бір сағат бұрын мейрамхананың алдына келіп тұрмын. Әрі өткен, бері өткен менің таудан соққан самалға елтіп, есеңгіреп тұрған кейпіме таңырқай қарайтындай. Пақыр пендеңіздің  иегіне  сақал шығып, бетіне иман жүгірді дегеніңізбен,  көңіл шіркін қартаймайды екен. Бозбала шағымда  жүрек құрғыр ғашықтық дертіне шалдығып асау аттай бұлқынып еді,  сол жорғасынан жаңылмапты. Тәубе!

Бойжеткенмен алғаш кездескелі келген бозбаладай жүрегім  атша тулап, өзімді қоярға жер таппадым. Ой көкпары ала қашып, асу-асу белдерден, айдын-айдын көлдерден әрі асырып,  қиыр жайлатып қайтты. Япырай, таныс-тамыр жолығып қалса, не демекпін, қандай желеу айтқан жөн?  Сыртымнан сынап отыратын міншіл көздерден сақтанған да дұрыс. Таңғы нұрдай жарқырап, төңірекке алтын арай сәуле шашып,  жайраң қағып Самал кіріп келгенде өзімді қалай ұстауым керек? Қарсы жүріп, құшағымды ашып, басын кеудеме қойған арудың үлбіреген аппақ бетінен  сүйгенім қалай болады?

Бұранда басқышпен байсалды көтеріліп келе жатқан оны көргенде тіпті дегбірім қалмады. Буыны кеткен адамдай бұлғақтап, теңселіп тұрғанымды сезіп, өзімді қолға алмақ болып қармандым. «Батылдық үшін бірер жүзді тастап алмаппын-ау» деп өкіндім. Осылай есеңгіріп тұрғанымда ақ борықтай сұлу мүсін тым тақап та қалып еді. Самал қауырсындай қалықтап келіп, қаймыжықтай жұқа ерінін жымқыра түсіп, бетімнен өпкенде жүрегінің басына шер байлаған баладай көкірегіме өксік тығылды. Өзегіме шоқ түсірген өткен күндердің тәтті елесі болар. Әлде шау тартып қалған маған әлдеқандай сана кіріп, оның ешқашан да бұйырмайтыны есірік  сезіміме тұсау салды ма екен? Иә, заттың сынығын жамау оңай болғанмен, көңіл сынығын жамау қиын. Іштей мүжіліп тұрған жарымкөңіл ахуалымды сездіргім келмей, езу тартып, күлгенсідім. Қыз көңілі-айна ғой, ол менің тыншу бермей тұрған әлемтапырақ  ішкі арпалысымды оқып қойды.

-Аға! Сағындым ғой сізді! Неге көңілсізсіз?-деп қайта құшақтағанда майдай еріп сала бердім.

Ол кешегі Самал емес-ті. Байсал тартқан жүзінде байыптылық табы бар. Толған ұршықтай тоқ дене құштарлықтың құртындай  көз арбайды. Пенденің желкөрік көкірегі қай тарапқа самғамайды? Осынау бар байлық менің ғана еншіме бұйырғандай, еңсем тіктеліп қалды.

Оны орындығына жайғастырған соң да тәтті сезімге бой алдырып, қиыр қыдырып кетсем керек, Самал ерінің әнтек ашып, «әңгіме айтсаңызшы» дегендей емеурін білдіргенде ғана ес жидым. Сонда да кібіртек әңгіме көсіле алмады. Сол сәтте мені тығырықтан даяшы келіп құтқарды.

Самал тартыншақтағанымен, тамаққа мол етіп тапсырыс бердім. Самал Алматыға кетпей тұрғанда-ақ шараптан бас тартпайтын, соны ескеріп, шетелдің бойқыздырар сусынын қоса айттым. Ол «Мұныңыз не? Мен ішпеуші едім» дей алмады. Қайта ішкілік алдырғанымды қоштағандай, күлімсіреп қарады.

Шіркін, шырын шараптың құдіреті-ай десеңші! Іштегі шерді қырындысын қалдырмай сыртқа ақтарады емес пе?

-Аға! Сізді көргеніме қуаныштымын! Кездескеніміз үшін!

Самалдың мына тәтті тілігі мен сыңғыр үні есті алды, жан семіртті. Кідіру, кібіртіктеу мүмкін емес-ті.

Әлден соң екеуіміз емен-жарқын шүйіркелесіп отырдық.

Мен бастапқыдай емес, батылдана бастадым.

-Өмірдің мәні-мөлдір махаббат қой. Махаббатыңды кезіктірген шығарсың?

Самал сазарып, боп-боз болып, шөге түсті. Түсі түтігіп кетті. Ол алдындағы құмырсқа бел рюмканы алды да келді-кеттісі жоқ қағып салды. Мұндайды күтпеген мен сасып, абдырап қалдым. Енді ғана жалғанған жарасымды әңгіменің шорт үзілгеніне налыдым. Самалдың  жүрегінің нәзік пернелерінің қай жерінен оқыс та оңдырмай басқанымды біліп болсамшы.

Залдағы жастар құтырынып алған. Даңғаза әуен миды шағады. Бір сарынды есірік ән жүйкеге тиіп болды. Орнымнан шиыршық ата ұшып тұрып, залға ұмтылдым. Сол бетпен музыкалық аппараттарды желіден жұлқа тартып, ажырата бастадым. Менің мына озбыр қылығыма жастар тағырқай қарасты.

-Көке ішіп алыпты. Ренжімеңдер, жастар!-деп біреу басу айтты.

Мен сүйретіліп, Самал екеуіміз жайғасқан бөлмеге жылжыдым.

-Жастарға бекер күлкі болдыңыз,-деді Самал.

Ол манағыдай емес, сабырлы қалыпқа түсіпті. Дегенмен, жүзінде бір толқу бар.

Мен рюмкелерге жағалай құйып шықтым. Бұл жолы денсаулық үшін көтердік.

Аздан соң Самал жадырады. Осы кезді пайдаланып неге күрт ашуланғанын сұрадым.

-Аға! Несін жасырайын, өнер адамы болып, ел ауызына ілігейін деген арман менің жүрегіме жоғары сыныпта оқып жүргенде ұялады. Тәп-тәуір ән айтатынымды білесіз. Мені Есенгелді ансамбліне қабылдады. Содан былай тасым өрге домалай бастады. Той-жиындарда небір дөкейлердің көзі маған түсетін. Қаншама қозықарын  көкелер ебін тауып қолыма есімхаттарын ұстатып жіберетін. «Айды әперемін», «Күнді әперемін» деп өліп-өшкендері қыруар! Бірақ Сіз ғана менің аппақ арымның таза болып, биіктерден көрінуімді тіледіңіз. Сіздің тазалығыңыз, тілектестік ниетіңіз мені талай апаттан аман алып қалды. Алайда, сезім мастығы, жұлдыз ауруы мені жарға жықты,-деп Самал тұнжыр томсарып ұзақ отырды.

Мен оның сөзін бөлместен соңына дейін тыңдағым келді.

Біз тағы да кездескеніміз үшін бір-бірден алып қойдық.

-Менің түбіме жеткен өнердегі ұстазым деп құлай сенген Есенгелді ағайым еді.

Мен селк етіп, басымды көтеріп алдым.

-Қалай?

Дауысым қатты шығып кетті-ау шамасы, даяшы қыз жетіп келді.

-Шақырдыңыздар ма?-деді ол келіп қалған соң бос қайтқысы келмей.

Мен тағы да шай сұрадым. Ол әлдеқашан суып қалған еді.

-Есенгелдіні ағаңнан артық  көруші едің ғой,-дедім даяшы ұзаған соң.

-Иә, бастапқыда солай болды. Аға! Танымалдылық, атаққұмарлық адамды соқыр етеді екен. Талай шенеуніктер мен байшікештердің көз сұғынан қызғыштай қорып жүрген ағатайым менің осал тұсымды қалт жібермеді. Бірде менің  сәтті концертімді атап өттік. Сол күні оның төсегінде ояндым.  Ол сол күнәсін мені Алматыға апарып, оқуға түсіргенімен жуып-шаймақ болды. Алайда, Алматыда да ашқарақ көз көп екен. Сымбатым мен өнерім сорым болып шықты. Олардың желікбасар қолжаулығына айналып бара жатқанымды аңғардым. Бірақ, бәрі де кеш еді. Өзгенің табан астында тасың өрге домалағанмен, тосын табыс, тосын бақ жақсылыққа жолықтырмайды екен. Өмірдің ұйтқыма опасыздығы менің дәмегөй көңілімді, талайлы тағдырымды ойраң етті. Үкілі үмітім тас-талқан болып күйреді.

Самал иығыма басын сүйеп, егіле жылады. Мен оны жұбата алмадым.

-Қазір менде барлығы да бар. Атақ, абырой. Даңғырлаған зәулім сарай. Қымбат көлік. Былайғы жұрт маған үлде мен бүлдеге бөленген бақытты жан деп қызыға да қызғана қарайды. Бірақ  жан-дүниемде  үнемі бір нәрсе жетпей тұрады. Жүрегімдегі сол бос кеңістіктің орнын немен толтырамын деп қаншама күн, түн тұңғиық ойға баттым.

-Таптың ба?

-Таптым.

-Ол не нәрсе екен?

-Ол-Иман байлығы, Ар тазалығы дейді жүрегім.

-Ал, махаббат ше?

-Маған махаббат туралы айтпаңыз. Ол сарыүрпек балалардың ертегісі ғана.

Самал қол сөмкесін алды да қоштаспастан шығып кетті.

Қалың тұман ішінде жол таппай адасып қалған адамдай ауызым ашылып қала бердім.

Расында, біз осы неге үнемі адасып жүрміз?..