І
Қорқыт бабам: «Шыққан жан қайтып енбейді, өлгендер қайтып келмейді» деп кетсе де, мен сол жақтан қайтып келдім...
ІІ
Маңайым көзге көрінбейтін қара түнек. Мысқалдай салмағым жоқ, жеп-жеңілмін. Қол-аяғым қанат секілді жайылып, басым зымыранның тұмсығындай болып тік шаншылып, қара түнекті қақ жарып ұшып келемін. Ғарышта жүрмін бе, білмеймін. Әйтеуір, сұмдық жылдамдықпен кетіп бара жатқанымды сеземін.
Әлденуақта көз ұшында тебеннің жасуындай бір сәуле пайда болды. Соған қарай зымырап келе жатырмын. Манадан бері маңайымның қара түнек болғаны, туннельдің ішінде келе жатқан екем ғой деген ой келді, әйтеуір, шексіз бір дәліздің бойымен келе жатқандаймын.
Жарыққа жақындаған сайын көлемі де ұлғайып барады. Көп ұзамай, бір тылсым дүниеге ене кеттім. Екі аяғым кәдімгідей қатты жерге тиді. Жан-жағыма қараймын: жап-жасыл жазық дала. Өрнектелген жасыл кілем дерсің құдды. Ә дегенде кіндік қаным тамған Шәлкөде жайлауы ма деп қалдым. Бірақ аспанмен таласқан Хан-Тәңірі мен Жоңғар Алатауының сілемдері қайда кеткен?! Алақтап жан-жағыма қараймын дегенше, кенет жібектей ескен саумал жел тынысымды ашып, көкірегіме толып, тамыр-тамырымды қуалап ала жөнелді. Қандай ғажап саф ауа! Әп-сәтте миымды тазалап, жан-дүниемді жадыратып жібермесі бар ма. Қалжырап қалған денемді Күннің мейірімді шуағы мол нұрына ол шомылдырып жатыр.
Қайда келгенімді білмей, дал болып, «осы мен қайда жүрмін?», - деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, ғайыптан үкідей үлбіреген қос ару пайда бола кетті. Екеуін егіз бе дерсің, бір-бірінен аусайшы. Жұмыртқадай әппақ уыз жүзді, қоңырқай қой көздерінен шексіз мейірім төгіледі. Аш беліне төгілген жібектей шаштарын-ай, шіркін! Етек-жеңі мол ақ жібек көйлектері мен мақпалдай қара шаштары самал желмен желбірей ойнап, көзіңді арбайды. Әппақ қасықтай жалаң аяқтарының ақтығына таңырқап қараймын дегенше, талшыбықтай бұралып, майысып қана:
– Аға, біздің әлемге хош келдіңіз! – деп, адамша тіл қатты. О тоба, неткен жұмсақ та әуезді үн еді. Құлағыма жағып, жанымды елжіретіп жібергені!
– Қош көрдік, қарындастарым! Мен қайда жүрмін? - деп сұрадым.
– Сіз Мәңгілік дүниесіне бет алдыңыз. Тәніңізден бөлінген жаныңыз әруақтар әлеміне келді, - деді біреуі. Осы сәт әлгінің мейірім төге қараған жанарының шуағына баттым да кеттім. Бала кезімде анам осылай жақсы көріп қараушы еді.
Сәтінше есімді жинап: «Тәніңізден бөлінген жаныңыз дей ме?!» - деп, шошып кеткем. «Ойбай, төртінші мүшелге енді ғана енгенде, ештеңенің қызығын көрмей, ең болмаса артыма ұрпақ та қалдырмай, мақұрым кеткенім бе?! Қан қысымым көтеріле беруші еді, содан соңғы жолғы құлағанымнан тұрмағанмын ғой. Сорлы анам зарлап қалды-ау. Әйелім не болып жатыр екен?!» - деп, ойлап үлгергенімше, екі қыз мені екі жағымнан демеп, қайтадан қалықтай жөнелдік. Бірталай уақыт ұшып отырып бір жерге қонғанымызда, жапырлап жүрген адам қарасы көзге шалынды. Бәрі де әппақ киінген. «Кебін деген осы болар» деп ойладым. Еркек-әйелін ажырата алар емеспін, бәрінің басы тап-тақыр. Шаштарын жалтыратып алғызған. Орталарына араласа бердім. Үр ме, періште ме, әлгі екі қыз көзден ғайып болған. Әкем: «жеті қат Жерден кейін жеті қат Көк болады», - деп отырушы еді. «Мен сол жеті қат Көкте жүрген шығармын»,- деп долбарлап, жан-жағыма алақтап қарап келе жатсам, алдымнан мектепте бірге оқыған, сыныптасым Дәмеш шыға келмесі бар ма? Бұл өліп қалғалы қаш-ш-шан! Отыз жылдан асып кеткен шығар. Таң қалғаннан көзім бақырайып, состиып тұрып қалыппын. Өзі сол баяғы өрімдей қыз қалпы. Шашына ақ бантик байлаған, үстінде мектеп формасы. Бойы ортадан төмен, екі көзі тұздай, екі беті анардай, денесі тығыншақтай, күлегеш сары қыз болатын. Саусағыңды көрсетсең күлетін, денесі тырсылдап, түртіп қалсаң жарылғалы тұратын. «Сары қыз, піскен дарбыз», - деп мазақтайтынбыз. Әкелеріміз аталас болған соң, мені бауыр тұтатын.
– Сәрсен! - деп мені көргеннен қуанып, айқайлап келіп бассалды.
– Дәмеш-ау, - деп мен де жылы шырай таныта қалдым. Арғы жағымнан оның баяғыда қайтыс болып кеткенін ойлап, қорқып та тұрмын. Сонда да ілтипат білдіріп:
– Қалайсың? - деп қоямын.
– Менен несін сұрайсың біліп тұрып? Өзің қалайсың? Ана дүниедегілерден қандай хабар әкелдің? - дейді, кәдімгідей мені әңгімеге тартып. О дүниедегілер, бізді ана дүниедегілер дейтін сияқты. Баяғыдай басын бұлғаңдатып, жанары жайнаңдап, оң аяғымен жер тепкілеп тұр. Баяғыда осы Дәмешті «зорлап кетіпті» деп естігенде апам: «өзінің жеңілтектігінен тапты, несі бар еді солармен байланысып», - дегені есіме түсті.
– Не хабар бар дейсің, әркім өз нәпақасын тауып жеп жүр де, - деймін. Жалпы, мен сөзге жоқ адаммын. Оның үстіне, өзім шошып тұрғанда, жер үстінің әңгімесін қайбір сапыра қояйын. Өзімнің «өліп», о дүниеде жүргенім мынау, оған сенбейін десең, осыдан отыз жыл бұрын о дүниеге аттанып кеткен Дәмешпен әңгіме шертіп тұрған соң, қалай сенбейсің?
– Неге менің алдымнан сен шықтың? Өлген адам жәннатқа, не тозаққа барады деуші еді ғой? - деп өзіне қарсы сұрақ қойдым.
– Сәрсен, сен менің ажалымнан бұрын, қорада арқанға асылып қалғанымды білесің ғой. Өзіне-өзі қол жұмсағандар мына жүргендер сияқты, екі дүниенің ортасында қалып қояды екен, солай сандалып жүрмін, - деп мұң шақты. – Ана дүниеден келген өзің сияқты таныстарымды осылай қарсы аламын. Оларды мүңкір-нәңкірдің талқысына алып кеткенше жолығып қалам. Жаным әлі жай таппай, жанұшырып жүргенім осы, Сәрсен-ау, - деп, жерге қарады.
Есіме тағы осы Дәмешті жерлеуде ауыл молдасы жаназа шығармаймын деп әлек салғаны түсті. Әке-шешем: «Сұмдық-ай! Молда ата жаназа шығармаймын, ата-баба қорымына қойдырмаймын, өзіне-өзі қол салған – харам депті», - деп келген. Дәмештің ата-анасы қызынан айрылғандарын есітіп, аңырап жайлаудан түсіп, ауылдағы ағайындары сабырға шақырып: «жас бала, әлі ақылы кірмеген ғой, артын ойламай өз-өзіне қол жұмсады, мүмкін, біреу асып кеткен шығар, обалы сол қанішерге», - деп, молда атаны жаназа шығартуға көндірген екен. Кеңес өкіметінің заманы, қожа-молдалардың әрең күн көріп жүрген кездері. «Кәмөнеспін» дегендер «қызыл белеттен айрыламыз» деп, өлім шығарған жерге бармайтын. Ауданнан мілиса шығып, жағдайды тексерген соң, ауылдың фелдшері мәйітті қараған екен, қыздың зорланып, абыройынан айырылғаны нақтыланыпты. Қыз зорлаған күдіктілер ауылға құрылыс жүргізуге келген студент отрядының жігіттері екен. Бір-екеуі жауапқа алынып, қаладан олардың жетекшілері келіп, қыз зорлады деген айыптан арашалап, істі жылы жауып тастапты. Ақырында студенттердің ала жаздай еткен еңбектері еш болып, бәрі көк тиынсыз кері қайтарылыпты. Күнге күйіп жүріп студенттердің салған үйлері мен қораларын колхоз басқармасы өз есептеріне енгізіп, қаржысын қалтасына басыпты. Ел біраз уақыт осылай шуласқан. Менің ойымды бөлген Дәмеш:
– Бауырым, сендер мен өлгеннен кейін қарындастарыңның намысын жоқтап, сол жігіттерді ең болмаса, бір сабап алмадыңдар ма? – деп, «жоқшысына» жәудірей қарады. Жанарыммен жерді тесіп:
– Біз жан-жақтан жиналғанша студенттерді қайтарып жіберіпті, еңбектерін төлемей, - дедім, бар тапқаным.
Шынында біздің сыныптың ұлдары қарындасымызды аяп, зорлықшылдарды жазаламақ болып, жиналып жатқанда, шу шықпасын деп ауылдық кеңес төрағасы студенттерді бір түнде Алматыға қарай көлікке салып жіберіпті. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап», - дегендей, бес жігіт тісімізді қайрап қала бергенбіз. Кейін қолымыздан келгені барлық сыныптастар жиналып, Дәмештің жас топырағының үстіне азагүл қойып, қыздар жылап, ұлдардың көңілі босап, ауылдың тау жағындағы зираттан жаяу қайтқанбыз. Өмірдегі болатын неше түрлі сұмдықтың басын солай ерте көргенбіз.
Біз мектепті бітірген жылы жазда ауылға студенттік отрядтың жігіттері келіп, малшыларға қора-қопсы салыпты. Олар тыныш жүрмей кешке қарай ауылдық клубқа келген қыздарды айналдырып ермек етеді. Сол жазда серілердің екі-үшеуі топталып біздің Дәмешті зорлап кетіпті. Ол кездің қыздары оң жақта еркелеп жүргенде періште қалыптарын сақтайтын, құтты орнына қонатын кезі келгенде, қызғалдақтай үлбіреген пәк қалпында шымылдыққа енетін. Болашақ жарына алғашқы түні аманатын тапсыратын. Сондай жауапкершілігі бар қазақ қызы, ең алдымен, өзінің адалдығын сақтап, ақ босаға аттайтын. Зорланып қалған Дәмеш: «енді қай бетіммен болашақ жарымның ақ төсегіне барамын?», - деп қорланып кетсе керек, өзіне-өзі қол салудан тайынбапты.
Мал қораның ішінде асылулы тұрған қызды бірінші болып сиырды өріске айдауға шыққан көршінің жас келіні көреді. Келіннің тіл-ауызы байланып, қора жақты нұсқап жылай бергенінен, атасы келіп қараса, біреу асылып тұр екен дейді. Қария жанқалтасындағы бәкісін суырып алып, «Астапыралла! Біс-сс-сіміллә!», - деп, жіңішке жіпті қиып жібереді. Әке-шешесі жайлауда малдың соңында жүргенде ауылдағы үйде жалғыз қалған қыздың мәйітін ешкім көрмеген. Ауылдық фельдшер келіп «асылып тұрғанына үш күн болған», - деп, нақтылап, мілиса шақыртады. Ел улап-шулап жүргенде, алғаш көрген келін шошынғаннан кешке қарай ішіндегісін тастап қояды. «Шошаңдаған албасты, өзі кеткенімен қоймай тұқымымды құртып кетті!», - деп, жас келіннің енесі ауланы басына көтеріп жылап, қара жамылып отырған үйге барып шу шығарыпты. «Қой, айналайын, сенің келініңнің құрсағына жомарт Алла тағы берер, мына қыршынынан қиылған қыз енді біржола жоқ қой!» - деп, абысындары көрші әйелді әрең сабырға келтіріпті.
Дәмештің жалған дүниеден жазықсыз да мезгілсіз өткені ауылымызда біраз әңгіме болып, әже-аналар қыздарына қатал қарап, әке атаулы: «осыдан жаман атың шықса, атып өлтірем», - деп, қыздарына қаһар көрсеткен болатын.
Сол Дәмештің жаны жай таппай, екі дүниенің ортасында әлі жүргені мынау!
Менің мардымсыз жауабым жақпады ма, әлде бұл жақтың тірлігі сондай ма, кенет Дәмешім менімен қоштаспастан, көзден ғайып болды.
Қайтадан жалғыздан-жалғыз, жан-жағыма алақтап қарадым да тұрдым. Өз күйіме енді ғана назар аударғам. Үстімде ауруханадағы ақ желбегейім, аяғым жалаңаяқ. Жағымды сыйпасам, сақалым өсіп кеткен екен, алақаныма инедей қадалды. Басымды ұстап көріп едім, шашым да қауғадай. «Көзім де қанталап кеткен шығар, қаным көтерілгенде көздегі тамырларым жарылып, жаралы қасқырдың көзіндей болып кететіні болушы еді», - деген ой келді. Маңайымда тырс еткен тірі жан жоқ. Бір кезде алдымнан құйрығына қалбыр байланған ала мысық пайда бола кетті. Алдыңғы артқы екі аяғынан тік тұрып, құдды адам құсап, маған мөлие қарайды. Оның мына түрін қызық көріп, тесілген күйі, тізерлеп отыра қалдым. Жанарын жанарыма қадап тұр бәлекетің. Шошына қалып:
– Сен қайдан жүрген жан иесісің? – дедім.
–Мен баяғыда өзің құйрығыма қаңылтыр қалбыр байлап, оған жанармай шыланған шүберекті тығындап, от қойып өлтірген ала мысықпын, - деді кәдімгідей тіл қатып.
– Қой, ол сұмдықты ойлап тапқан арғы көшедегі Қадыр деген әпербақан еді ғой! - дедім ұялғанымнан күмілжіп.
– Ойлап тапқан ол болса, сол сұмдықты мына қолыңмен жасаған жасаған сен болатынсың! Бармақтай кезіңнен істемейтін бәлең жоқ еді. Құйрығыма байлаған қалбырдың өртінен қашып, өкпем күйіп жүріп өлдім. Менің қарғысым, балаларымның обалы сені жібермеді. Суыр біткеннің ініне су құйып, балаларын тұншықтырдың. Иттерді төбелестіріп, қораздарды таластырып, қан-жоса етіп өлтіретінсің. Үш ашамен торғайларды қанша қырдың. Ер жете келе, аңға шығып, қырдағы қоян мен қырғауылға жаудай тидің. Түлкі мен қасқырдың қанын судай шаштың. Солардың бәрінің артында әлі жетілмеген күшіктері қалғанын ескермедің. Хайуан болса да, оларды бір Жаратушы жаратты, сен обал-сауапқа қарамадың, - деп, ала мысығым тоқтар емес. Құдай-ау, о заманда бұ заман мысықтың адамды тергегенін кім көріпті? Мысықтың алдында мүсәпір болып отырғаныма намысым келіп:
– Әй, ала мысық! Хайуан өлтірген жалғыз мен бе екенмін? Еркек болған соң, қолыма мылтық алып, аңға шықтым. Ел қатарлы аң ауладым. Оның несі ерсі екен? - деп ақтала бастадым.
– Ел аң ауласа шамалап аулайды. Сен қырып салатынсың. Хайуанның еркек-ұрғашысына, емшегінен аққан сүтінің обалына қарамай сұлататынсың. Атылған хайуандардың аштан өлген балаларының да обалы сенің мойныңда кетті. Содан бір перзентке зар болып жүрісің мынау! Артыңда ұрпақ та қалмады, - деп, мысығым жер-жебіріме жетіп барады. Шыдамай атып тұрдым. Менен шошынған ала мысық құйрығына байланған қалбыры қаңғырлап, безе жөнелді. Оңбаған! Жан жарамды тырнап кеткенін қарашы! Шындық қашанда ащы ғой. Бір перзентке зар болып жүргенім өтірік пе? Апам да «Жалғызыма келгенде неге тарындың, Аллам! Сормаңдай балама бір шикіөкпеңді қисаңшы!», - деп, еңірегенде етегі толатын. Ешқайсымыз да соның арғы себебін, түп төркінін қазбалап көрмеппіз. Мына ала мысық менің көктүйнек кезімнен хайуанат атаулының қанын судай шашып, тұқымын тұздай құртқанымның өтеуіне өзім тұқымсыз қалғанымды бетіме шыжғырып басып кетті. Енді ол қатемді қанша зар илесем де жөндей алмаймын. Анам сорлы жылай да жылай көзінің ұры қайтты. Пұшпағы қанамаса да қыздай алған жарым ғой, әйелім қара жамылып жалғыз отырған шығар.
Жаным құлазып, басым ауған жаққа тарта жөнелдім. Жол ұзап барады. Алдында жер басып жүргендей едім, бір кезде байқасам, көкте жүрмін. Айдын-шалқар көлдің үстінен ұшып өттім. Төменде ағаштарының басы аспанмен таласқан, жайқалған бақ көрінді. Қайтадан жерге түсіп, жасыл қыратқа келдім. Бақтың ортасында алаңқай бар екен. Оның маңайындағы түрлі-түсті гүлдерден көз тұнады. Әлгі жердің хош иісі қандай! Қатарлап бірнеше сәкі қойылыпты. Біріне барып аз-кем демалайын деп жақындадым. Мен сияқты ақ кебін киген біреу ары қарап отыр. Ала мысықтан басқа тірі жан көрмей ішім пысқан мен оның сырт жағынан жақындадым.
Желкесінің күжірейгені, тақырлап алған бас құйқасының қатпары мен құлағының бас терісіне жабыса біткені, о тоба, жиырма жыл бұрын жол апатынан қаза болған әкемді есіме түсірді. Сәкіге жақындаған сайын ет-жүрегім елжіреп барады. «Не болса да жанына барайын, кім болса да тілдесейін», - деп шештім. Сол сәт: «Дүниенің қорлығы, мынандай ғажайып өлкеде тірі жанды кездестірмеу екен», - деген ой да жылт етіп үлгерген. Сөйтіп, мысықтабандап, сәкіні айналып алдынан шығып, ана кісіге көз тастаймын дегенше, тіл-аузым байланып, қаттым да қалдым. Әкем! Ол да маған аласы мол жанарын тіккен. Сол! Кәдімгі өзімнің туған әкем. Мен Талғардағы ауылшаруашылық техникумын бітіріп, одан үйленіп, енді қатарымның алдына түстім бе дегенде, егін басында тракторы аударылып, астында қалып, бақилық болған. Содан артымнан ерген қаздай тізілген бес қарындасым мен анамның жауапкершілігін мойныма алып қала бергем. Мына отырысында сол қалпы, түк өзгермеген. Сүйекке түскендер «басы шынжыртабанның астында қалып, түрінен түк қалмапты, бала-шағаға көрсетпеңдер, шошып қалар!» - деген соң, біз байқұс әкемізді соңғы рет көре де алмадық. Содан бір жеті бұрын жер жыртуға кеткен әкемізден осындай жағдайда көз жазып қалған едік.
Алда, қайран әкем! Мына отырысында сап-сау! Басы да бүтін. Мен жақындағанда, орнынан көтеріліп:
– Сәрсен, сені мұнда қандай жел айдап келді? - деді салғаннан. Түрі түтігіңкіреп тұр, баяғыда жақтырмағанда осылай қарайтын. Амандасарымды, не сұраққа жауап берерімді білмей, сасып қалдым.
– Кім білсін, есімді жисам осы жақта жүрмін ғой, - дедім, бір кезде тілім шығып. Ақталғаным ба, білмеймін.
– Әй, балам-ай, өмірі асығып, бастаған тірлігіңді соңына жеткізбей жүретін ұшқалақтығың бар еді, бұл жолы да сол кейіпіңе келіпсің, -деп налып, орнынан тұрып кетті.
– Ассалаумағалейкүм, көке! - деп қос қолымды ұсынып едім, естімегендей мән бермеді.
Әкем басын шайқап, орнына қайта отырды. Неге жазып қойғанымды түсінбей, басым қатып, жанына жайғастым.
– Әй, дәлдүрішім-ай! Әй, дәлдүрішім-ай! Қайтейін сені! Атқаратын қанша шаруаң бар, бәрі қалды артыңда. Ең болмаса тұқым тастап барып келмедің бе? – деп, дәл баяғыдай қазан басын шайқап тұр.
– Келініңіз бала таппаса қайтем? - дедім жер шұқып.
– Бала таппаса, бала табатын қатын неге алмайсың? Сенімен қатар ана Өтелбайдың баласы үш әйелінің әрқайсысынан үш-төрт баладан топырлатып жатыр ғой. Қызметтен қуатын баяғы сәбет өкіметі жоқ, шәриғат жолымен некеңді қидыр да, ала бер. Асырайтын өзің. Бес баланы баға алмасаң неғып шалбар киіп жүрсің. Енді тұрысың мынау, тұқымды тұздай құртып. Қайт кейін! Алдымен менің айтқандарымды құлағыңа құйып, санаңа тоқып ал. Отыр мында! – деп, сәл жылжып, жанынан орын нұсқады. Жазған құлда жазық бар ма, әкемнің жанына тізе түйістіре жайғастым.
– Бір де! – деп, күректей алақанын жайып, ондағы таяқтай саусақтарының бас бармағын бүкті.
– Бір, - деп, мен де оның жасағанын қайталап, бетіне қадалдым.
– Балам, менің әкем «тұсау тауып алсам, тұсауым шығады», - деп қорқып, біреудің заты тұрмақ, жерде көлденең жатқан ала жіпті аттамайтын. «Сенікі емес пе, алма!» - деп, маған да алдырмайтын. Мен саған дұрыс тәрбие бере алмадым ба, мына сен жерде ен жатқан дүниені алмақ тұрмақ, біреудің маңдай термен тапқан ақ адал нанын тартып алатын болып жүрсің. Қайдан пайда табам дегеннен басқа ойың жоқ. Аспандағыны алмап, жердегіні жалмап келесің. Мен айтпасам, кім айтады саған? Қазір сенің замандастарыңда дүние жинаудан бәсеке басталды. Ол дүние харам жолмен келіп жатыр ма, адал жолмен жиналып жатыр ма, жұмыстарың жоқ. Рэкет болдыңдар, рейдер болдыңдар, әйтеуір жалмап жатырсыңдар! Қарғыстан да, обалдан да қорықпайсыңдар! Соның жолында жүріп міне, осы халге түстің. Миыңа қан құйылғанша қарамадың! Сол дүниені қалдыратын артыңда ұрпақ жоғын да ойламадың! Қалды бәрі! Қарындастарыңның күйеулеріне жем болып! – деп, қарасынан аласы көп көзімен тесіп, жеп барады. Айтқанының жаны бар, ұяттан жердің тесігін таба алар емеспін.
– Енді олай жасамаймын!, - дедім бала кезімдегі бір тентектік істеп қойғанда кешірім сұрайтын әдетіммен.
– Иә, жасамайсың! Өліп жатсаң, қалай жасайсың? - деп зекіп жіберді.
– Екінші! – деп, таяқтай болған сұқ саусағын бүкті. Мен де өз сұқ саусағымды бүгіп, бетіне қарадым.
– Табысыңның оннан бірін садақаға беруді ұмыттың! «Садақаны сауыңда бер» дегенді есіңнен шығардың. Намазға жығылмасаң да жұма сайын тобырға еріп, мешітке жұманамазға барып жүргеніңмен, молданың уағызы бір құлағыңнан кіріп, екіншісінен ағып кетеді. Әйтпесе, имамдар айтудай-ақ айтып жүр ғой! Ауылдың халқы түгелдей нанын жеп отырған жап-жақсы наубайханаң бар. Табысың да тәп-тәуір. Пайдасын қалтаңа баса бермей, жетісіне бір рет – жұма күні тұрақты сатып алушыларыңа тегін нан тарат. Қалған алты күнде олар басқа жаққа бармай, ақшасын саған береді, - деді.
– Әке, өзіңіз күшті менеджер екенсіз ғой, - деп қойдым.
– Әй, сен күлкіге айналдырмай тыңдасаңшы, - деді әкем әзілімді онша жақтырмай. Сол кезде біз саясында отырған жаңғақ ағашынан бір жеміс жерге топ ете түсті. «Мұнда да жаңғақ бар екен-ау!» - деп, еңкейіп алып едім, әкем:
– Қой, бұл жерден дәм ауыз тиме! Жер бетінде шаруаң көп! - деп, қолымдағы жаңғақты қағып тастады.
– Енді үш те! – деп, әкем әңгімесін жалғастыратын ыңғай танытып, ортан терегін бүкті. Көңілін жықпайын деп, мен де үшінші саусағымды бүгіп қойдым.
– Үш!
Әкем әр сөзін шегедей қадап былай деді:
– Анаңды Меккеге апар! «Анаңды үш рет Мекеге арқалап апарсаң да ақ сүтін өтей алмайсың» деген бар, қазіргі кезде арқалап апармайсың, тез жеткізетін ұшақ бар. Ананың ақ сүтін өтерсің, өтемессің, әйтеуір, шешеңді апарып қайтсаңшы. «Жақсылықты алдымен анаңа жаса» дейді ғой. Барғанда Қағбаның маңайында, тағы басқа рәсімдерін жасағанда, жетелеп жүрсең – соны арқалағаным деп есепте! – деп, маған анамды тапсырып тұрып, дауысы сағыныштан болар, сәл дірілдеңкіреп шықты.
– Мақұл, көке! – деп, бұл өтінішін шын ниетіммен қабылдадым.
– Достың алдындағы парыз дегенді де ұмытпа, досқа адал бол! Соған байланысты бір тәмсіл айтайын, - деді де, жылжып жақындай отырып, екі қолымды жып-жылы қос уысына салып, жанарынан ерекше бір мейірім төге қарады да, әңгімесін сабақтады:
– Бұл дүниеге келгенде, Жаратушының алдында жауап беретінімізді естіген шығарсың, - деп алды да, менен жауап күтпей жалғастыра берді. – Сөйтіп, Жаратушының алдында жауапталған соң, жәннәтқа жөнелтілген екі дос өздерінің үшінші серігінен хабарсыз болып, тамұққа түсіп қалды ма деп қатты алаңдапты. Содан Жаратқан Иеге келіп: «Осылай да осылай жан досымыздан көз жазып қалдық. Ол мұсылмандықтың бес парызын адал атқарып жүрген, досқа адал жан еді соны бізбен бірге жәннатқа жіберсеңіз болар еді», - деп, куәлік беріп, өтініш жасапты. Жаратқан Иенің пенделеріне деген махаббаты сондай, жамағат айтса, сөзін жерге тастамайды екен. Ал ата-анасы айтса, қабылданбайтын көрінеді. Сөйтіп, сол достарын жәннәтқа алдыртыпты. Қандай жағдайда да қолдайтын сондай адал достарың болсын. Байқауымша, сенде ондай дос жоқтың қасы, - деп, «айтқаным шындық па?» дегендей, жүзіме барлай қарады. Мен не дейін, сөзі дәл келіп тұрса. Үндемей, жер тесіп отырмын. Әкем терең бір күрсініп алып, аманатын ары қарай айта бастады.
– Енді соңғысы, тұқым жалғауды ұмытпа! Оның жолын саған мен үйретпеспін. Нәпсінің құлы болуды тоқтат! Ал мен енді ана тауды асып, өз мекеніме кетемін. Сен фәниге қайт, ол дүниеде бітпеген істеріңді бітір, - деп, әңгімесін зілмен аяқтап, сәкіден көтерілді.
– Таудың арғы жағында не бар, көке? - деймін әуестігім ұстап.
– Онда бақи бар. Ол дүние бірнеше қабаттан тұрады. Мен соның жоғарғы қабатындамын.
– Көке, адам өлгенде Мүңкір, Нәңкүр деген періштелер сұрауға алады деуші еді. Мені әлі сұраған жоқ қой, - деп едім, әкем:
– Оны қайтесің? Әлі көрге түспедің, «көресіңді көрмей, көрге түспейсің» деген осы. Амал дәптерің әлі жабылмаған соң, періштелер сұраққа ала алмайды. Қиямет қайымда барша жан сотталып, күнәсі көптер тозаққа тасталады. Күнәсіздер жұмаққа барады екен. Бар енді, жолың ұзақ, - деді әкетайым маған қимастықпен көз тастап.
– Енді қашан кездесеміз? – деп, мен де қия алмай тұрмын. Мұнда адамдар қартаймай ма, әкем әлі қырықтағы қалпында, тіпті менен жас көрінеді екен. Ауылдағы оның құрдастары шал болып, таяқ ұстап жүр.
– Енді кездеспеспіз, Таңдамашхар күні болмаса... - деді де, әкем көзден ғайып болды. Кәдімгі ауаға сіңгендей, әп-сәтте жоғалды. Түс көргендей болып қала бердім.
Тұрған орнымнан кері бұрыла бергенім сол еді, тағы да жарқыраған нұрға еніп кеттім. Көз алдымнан ес білгелі бергі өмірім кинодан көргендей өтіп жатты...
Бір кезде жалт етіп бір елес өтті. Мезетте өтсе де таный кеттім. Талапжан!
Құлын-тайдай тебісіп өскен достарымның бірі.
Жиырма беске аяқ басқанша отау құрмай жын буған кезіміз. Аласұрып, екі иығымызды жұлып жеп жүргенде, осы Талапжанның ажалына себепкер болғанмын.
Елесін көргенде қорқыныштан жүрегім тоқтап қала жаздады. Қазір жаныма жетіп келіп: «Мені Рысқали екеуің өлтіргенсіңдер!» - деп, жағамнан алса қайтем? Онсыз да кей кездері есіме түсіп кетсе жан-дүнием құлазып, қолым қанға былғанбаса да, жаным қанға бөгіп қалғандай аласұратыным болатын.
Бағанағы әкеме деген сағыныштан жұрнақ та қалмай, жүрегім аузыма тығылып, досыммен кездесіп қалуға жүзім шыдамай бұл арадан қаша жөнелдім. Шындығында, ұша жөнелдім.
ІІІ
Ол оқиға былай болған еді.
Ел бір жүйеден екіншісіне ауысып, сеңдей соғылысып жатқан уақыт болатын. Бір жағынан, еліміз отарлық қамытынан босады деп қуанамыз, бір жағынан аш құрсақ, қиын кезең еді. Әл-қуатымыз нашар. Тұрмыс жағдайы кемісе ұры-қары көбейетіні белгілі емес пе. Бір-бірінің қолында барын тартып алып, бермесін ұрлап, реті келсе алдап әкетіп жатқан кез. Біз де өлейік пе, ауылда не жұмыс жоқ, не көлденең табыс жоқ, жүрген соқталдай үш жігіт – мен, Рысқали және Талапжан мал ұрлығына кірістік. «Барымташылардың қалдығы», - деген топ құрдық. Мал деген қазақтың күнкөрісі, «мал ашуы – жан ашуы» деген атадан қалған сөз бар. Ұрлық жасағанды аясын ба, қолға түссек өлгенше таяқ та жеп жүрдік. Өз ауылымызға сыр алдырсақ оңбаспыз, елден бездіріп жіберер деп сақтанып, көрші ауылдарды аңдып, қолға түскен малын жасырып сойып, базарға шығарып жүрдік. Өзіміз сатпаймыз, арзанға өткізіп кетеміз. Сөйтіп жүрген бір жорықта пәлеге тап болдық.
Таудың етегіндегі, алыстау Дардамты деген ауыл бар еді. Сол бағытты көздеп, біраз күндік жоспар құрдық. Жылқы ұстайтын бір ақсақал ауылдан шеттеу отыратынын естігенбіз. Үшеуміз жаяу барып, үш жылқыны қорадан шығарып алып, жайдақ мініп қашуды ойластырғанбыз. Ақсақалдың үй-іші шырт ұйқыда дедік өзімізше. Сөйтсек, олар түн жарымға дейін теледидар көреді екен. Үндінің сабынды сериалын көріп ұзақ отырған әйелдер жағы кезекпен сыртқа дәретке шыққанын қызықтадық. Қызылкөз пәле шал да шығып, қора-қопсысын айналып жүріп алды. Біздің діңкемізді құртып барып қақырынып-түкірініп баспалдағынан көтеріліп, сыртқы есігінің ілгегін ішінен сыртылдатып салды-ау. Жатын бөлмесі болар ұзақтан өшпей тұрған жарық та сөнді. Әбден ұйқыға кетсін деп тағы шыдап отырдық шөп қораның маңында.
Мысықтабандап түн қараңғысында қораға кірдік. Үшеуміз үш жылқыға шылбыр салып жетектеп шыға бергенде, «Ой, әкеңнің!» - деп, бізге боқтай ұмтылған үлкен кісі мен тағы бір сойыл ұстаған жастауын көре жылқыны тастай салып, үшеуміз үш жаққа тырқырай қаштық. Әу баста қолға түссек бөліне қашуға келісіп қойғанбыз. Екеуі аттандай тап беріп, бізді біраз жерге қуып салды. Талапжаннан көз жазып қалдық. Біз қуғынға түскенде ол да бұқпантайлап қашып шыққан болар дегенбіз. Рысқали екеуміз ауылдың итін шулатып, аяғымыз-аяғымызға тимей сыртына өкпеміз күйіп шығып, бір-бірімізді тауып алдық. Таң қылаң бергенше дәу дарақты қалқалап, күздің суығында дірдектеп Талапжан келіп қалар деп күттік. Осылай тұрсақ мал өргізуге шыққандардың көзіне түсерміз деп жыра-жыра, сай-саймен өз ауылымызға қарай тарттық. «Оған бірдеңе болды, әйтпесе бір жетер еді», - деп, екеуміз үйге келіп жатып қалдық. Ертесіне апамның ойбайы мен әкемнің аузын толтырған боқтығынан ояндым. Бесін кезінде ауданнан мілиса шығып бізді ұстап алып кетті.
Сонда білдік, Талапжан қораның маңындағы аранға түсіп кетіп ұсталыпты. Сорына орай, аран түбінде жатқан қазыққа қадалып, қабырғасы тесіліп, жарақат алыпты. Ақсақал қансырап жатқан Талапжанды ауданға ауруханаға апарып, біздердің аты-жөнімізді сұрап алып, аудандық мілисаға арыз түсіріпті.
Сол жарақаттан Талапжан досымыз оңалмады. Белінен кирелеңдеп жүретін болды. Досымыздың мүгедек болып қалғанына өзіміз кінәлі сияқты ішімізден тынып жүрдік.
Қашанғы сандалайық, үшеуміз де ауылдағы көз салып жүрген қыздарға үйлендік. Талапжанның Сағирасы мүгедек жігітке тигісі келмей қиқаңдап еді, Рысқали екеуміз артына түсіп жанын қоймай жүріп, досымызға қостық. Сөйтіп, күнәмізден сәл де болса жеңілдегендей болдық. Келер жылы Рысқали мен Талапжан перзент сүйді. Мен келіншегімді алып қалаға тарттым.
Бір күні Рысқали хабарласты. Талапжан баяғы мертіккеннен бойын тіктей алмай жатып қалған екен, омыртқасы шіріп обырға айналып кетіпті. «Көңілін сұрап, шама келгенше көмек беріп қайтайық, - деді. Әйелдерімізді безілдетіп, тығып отырған қаржыны қалтаға басып, ауылға келдік. Келгеніміз бар болсын, шешесі: «Жалғызымды осы күйге түсірген екеуің!» - деп, ит терімізді басымызға қаптап, қарғап-сілеп дарбазасының алдынан қуып шықты. Досымызды көре алмай, көрші-қолаңға мазақ болып, сүмірейіп өз қарашаңырақтарымызға барып қондық. Ертесіне кездесіп, жеңгемізге айтып Талапжанның келіншегі Сағираны шақыртып алып, қолымыздағы барды бердік. Жаратылысы момындау жан еді, орамалын тістелеп жылай береді. Өзі аузы-мұрнынан шығып тағы босанайын деп жүр екен. «Өгіздей денсаулығы бар мен бес жыл болды қатыныма әлі бір бала таптыра алмай жүрмін. Кирелеңдеп жүріп қайтіп арты-артынан бала жасап жүр мынау», - деп, ішімнен қызғаныштың қызыл иті үріп қоя берді. Пендешілік дегенді қойсаңшы, жанымен алысып жатқан досыма Құдайдың берген қос перзентін қызғанып қалаға қайттым. Көп ұзамай «Талапжан өмірден өтіпті» деген суыт хабар жетті. Екі баласы ес кірмей жетім қалды, жиырмадан енді асқан Сағираш жесір атанды. Жалғыз ұлдан айрылған кемпір-шал естуімізше, дүниеден өткенше, Рысқали екеумізді қарғап өтіпті. Жеті атаға жететін қарғыс қойсын ба, менің қатынымның пұшпағы қанамады. Арасында өзімді тексеріп көрейін деп қызға да, есік көрген қатынға да бардым. Қанша үміттенсем де олардың ешқайсысы мынау сенің балаң еді деп қуантпады. Рысқалидың қыздары сау болып туылды да, жалғыз ұлы даун деген сұмдық аурумен дүниеге келді. Қатынымды бала таппадың деп қуып жіберейін десем, басқа қатындарға бала тапқызып жарытқан жоқпын. Сонымен пұшайман болып жүр едім ғой, о дүниеге аттанғанша.
Бағанағы жерде Талапжан мені көрсе түтіп жер еді-ау. «Мені жастай жер жастандырып, өзің жер басып рақатын көріп жүрсің»,- деп, кіналар ма еді?!
ІY
Қатігез, жатбауыр, тірі жанға көлеңкесі түспеген жексұрын болған менің бақиға да керегім болмады да, фәни дүниедегі пенделердің ортасына қайта оралдым. Есіме үлкендердің «Жақсыға –жүрмек жоқ», «Құдайға да жақсы адамдар керек алдымен», - деп, ет жақындары мен жақсы жандардан айырылып қалғанда қимастықтан бір-бірін сабырға шақыратындары түсті. Осы мен комаға түсіп, ессіз жатқанда ешкім «жақсымыздан айрылдық!» - деп қан құсып, егіле жыламаған шығар анамнан басқа. Кіндігім кесіліп, ұрпақсыз қалатын болдым деп, сарсаң түңілістен қабағы жазылмайтын қатынымның да маған бауыры езіліп қайғырмасы анық. Сүрінгенде сүйейтін, таяныш болар, іс түскенде іздейтін кімім бар еді? Қарындастарым жыласа жылаған шығар. Әй, қайдам! Оларға да менен гөрі қойындарындағы байы жақын екенін көріп жүрмін ғой. Әкем де атадан жалғыз болатын. Мен де соңынан бауыр ермеген тұлдыр едім. Ол аздай тұқымды менімен тоқтатып, өзім тұздай құрттым... Үлкендер «Пәни жалғанның баяны жоқ»,- деп отыратын. Осылай сан-сапалақ ойда жатып кеше бесінде бақидан қалай қайтқаным түсті.
... Жанарымның алдына ақ шымылдық тартқандай болып тұрды да, кірпіктерім әрең қимылдап, көзімді қалай ашайын десем де, әлім келмей, іштей бір арпалысқа түстім. Дір-дір еткен зілдей кірпіктерімнің арасынан біраз уақытта саңылау көрінді де, ұлғая түсті. Сөйтсе, адам жанарының жарқ етіп ашылып, жарық дүниені көруінің өзі үлкен күш болады екен! Әншейінде жер түбіндегі бәлені еститін құлағымыз мұндайда сұмдық шуылдың арасынан адам дауысын ажыратудан қалады екен!
– Есін жиды!
–Оралды! - деген дауыстарды еміс-еміс естіп, кірпігім бір қағылғанда, әппақ төбені көріп қалдым. Күллі денем – зілбатпан! Қимылдамақ тұрмақ, миыма денені қозғалту керек деген ой кіріп те шықпайды. Басым мең-зең! Оң жақ білегім дыз ете түскенін білем...
Ішімде бір сұмдық жалын бар. Іш құрылысым өртеніп жатқандай. Сол өртті басатын су керек еді. Тілім таңдайыма жабысып қалған ба, әлде әрі қарай жұтылып кеткен бе, «Су! Су!»,- деп айтуға икемге келмейді, сірә да өзімде әл жоқ. Дүние-ай, бір мұсылман айтқызбай ұғып аузыма су тамызып жіберсе ғой. Есімнен танып кетсем керек...
Осылай есім кіресілі-шығасылы болып жатып, қанша күн мен түн өткенін білмеймін, бір заманда көз алдымдағы перде ысырылып, айналайын жарық дүние көрінген. Алдымен көзіме түскені: әппақ төбе. Сонда қадалып біраз жаттым. Содан соң жанарымды ары-бері қозғап едім, үлкен терезеге назарым түсті. Әйнегі жаңа атқан Күннің шұғыласымен шағылысып тұрды. Оның екі жағына ысырылып қойған көгілдір жібек пердеге қарап, есім кіресілі-шығасылы тағы біраз жаттым. Ақырындап санам оянып, білегіме ине сұғылып, аспалы бөтелкелер арқылы дәрі тамшылап маған өмір сыйлап жатқанын көрдім де, ауруханада екендігімді түсіндім. Дыбысымды шығарып, тірі екенімді білдірейін десем, аузымдағы желім түтікше ерніме жабысып, аштырмады. Мойнымды оңға бұрғанда, қара жәшік көзіме түсті, оның бетіне түсіп жатқан иір сызықтар құдды менің ендігі тағдырымды жаңадан жазып жатқандай, құпия өрнекпен ирелеңдеп барып, екінші бір шетіне жеткенде, лезде жұтылып кетіп жатты.
Маңайда тыныштық. Таң алды, сірә. Күллі аурухана ұйқыда болса керек. Атқан таңмен бірге мен де жалған дүниеге қайта оралдым. Пендесі азап пен тауқыметтен көз ашпайтын бұл жалғанның есігін осылайша тағы бір рет аштым. Алайда тірі екеніңді сезіну де бақыт екен, жүрегім атқақтап соғып қуанып жатқандай.
– Қайырлы күн! - деген әйел дауысын анық естідім.
Араға тағы бір жеті салып, мені жәй палатаға ауыстырды.
–Комадан шығып, аяғынан тұрып кететіндер сирек болады. Бақытың зор жігіт екенсің, аман бол! – деп, емдеуші дәрігерім қалтаңдап кетіп бара жатқан менің соңымнан қарап тұрып қалды. Сүйегі шығып, иығы қушиған әйелім демеу болып, екеуміз сүйретіле есік алдында күтіп тұрған таксиге міндік. Аурухананың дарбазасынан шыға көлігіміз алды-артына қарамай құйғытып ала жөнелді. «Мұнда екінші түспесем екен. Алдымда әкем тапсырған қанша шаруа тұр», - деп, алып-ұшқан менің көңілімді айтқызбай ұққандай. Тізесіне құс жастық қойып алған әйелім мені баладай алдында әлдилеп келеді. Даладағы жайнаған дүниені көргім келіп жатса да, әлі бойымда әлсіздігім бар болған соң дымымды шығармай үш бүктеліп жатқан қалпымда үйіме келдім.
– О, қу жалғыз! Амансың ба?! Салдырап сүйегің қалыпты ғой, сорлы балам! – деп, зарлай қарсы алған ет-жеңді анамның мол пішілген қамзаолының ішіне кіріп кеттім десем, артық айтқаным болмас. Әлемдегі жаныма ең жақын жалғыз иіс – анашымның иісі жан-дүниемді баурап, басым мең-зең болған қалпы құшақтаса, төрдегі үлкен диванға құладық.
– Үй, мынау мені алып жықты! - деп, анам байқұс бала кезімдегі бір ойынымды есіме түсіре менімен қисая кетті де, қайта басын көтеріп арт жағымызда қалған екі үлкен құс жастықты менің басыма қарай тартты. Асханадан жылқының жас еті мен қазының иісі бұрқырайды. Бөлменің ортасындағы ақ дастарханды үлкен үстелдің үсті толған тағам мен жеміс. Үй-іші маужыраған тыныштықта. Анда-санда анашым ғана маған сөйлеген болады. Менің әлсіз дауысымды ауырлап қалған құлағы бірде естіп, бірде естімейді. Жұқа көйлегінен иығы шодырайған әйелім, бұратыла басып, шәркейі баяу тырпылдап кіріп-шығып, шәй әзірлеуде. «Балалы үй – базар, баласыз үй мазар»,- деген шындық екен ғой. Қымбат жиһаздар мен алтындатқан дүние-мүліктің түк құны болып тұрған жоқ.
«Осы үйде балалар шулап, апам ортасында арқа-жарқа болып отырса ғой. Менің ауырып шыққаным да білінбес еді», - деп ойладым. Шаңырағым қандай көңілсіз еді. Сүйретіліп дастархан басына келдім. Үшеуміз ошақтың үш бұтындай болып шошайып отырмыз. Менің тамаққа тәбетім жоқ, тек сорпасынан ғана ауыз тиіп, дәрілерімді түгендеп, іше бастадым. Ортаға қойылған бір табақ еттен шешем мен әйелім ғана түртпектеп жеген болды. «Ет – етке, сорпа – бетке», - деп, апам қос кесе сорпа ішті. Әңгімеміз де жараспады. Апам ішін жалын өртеп жатқандай уһілей береді. Мен ауырғалы өзі шөгіп қалған ба? Әкемнің «Анаңды Мекеге апар!» - деген аманаты есіме түсті. Әйтеке би айтқан екен: «Алты атасын арқалап жүргенді кім көріпті, жеті атасын жетелеп жүргенді кім көріпті», - деп, сол айтқандай, әкемді ұшпаққа шығармасам да, «осыдан аяққа тұрып кетейін, анамды арқаласам да Меккеге апарам аманында!» - деп, іштей тас-түйін бекіндім. Үшеуміз осылай көңілсіз тамақтанып отырғанда есік қоңырауы шырылдап қоя берді. Елең ете түстім. Апам:
– Кенжетай шығар! – деп, мойынын есік жаққа созды. Әйелім есік ашуға жүгірді.
– Әже! Әже! – деп, кенже қарындасымның егіз ұлдары аттандап кіріп келе жатты. Үштен енді асқан қос тентектің келгені үйімізге шексіз шаттық әкелді. Күйеу балам мен қарындасым бірге келді. Үйдегі әр затқа жан біткендей. Бағанадан көмескілеу болып тұрған шамдар самаладай жарқырап қоя берді. Мен де балақандардың періште күлкісінен бойыма қуат құйылғандай басымды көтеріп, олардың әр қызығына мейірлене қарап отырдым. Анамның да маңдайының әжімі жазылып, жанарынан нұр төгіліп екі жиенін қызықтап қалыпты. Әйелім екі қошақанға «ананы жейсің бе? мынаны жейсің бе?» - деп, әбігерге түсті.
«Осыдан аяққа мініп кетейін! Шариғатпен некелессем де бір жас келіншекпен бас қосып, Алладан бала тілеймін!» - деп қойдым әкемнің тағы бір аманатын іштей еске алып.
Қыстай үй мен аурухананың арасында ем алып, шипажайдан тағы қуат жинап, көктемде іннен шыққан аюдай болып маймаңдай басып наубайханама келдім. «Адамдардың көбі жел оңынан ескен өмірдің жақсы сәтінде қасындағыларға: «қызық-қуанышты тең бөліспедіңдер», - деп кінәлауға шебер келеді, ал сәл дауыл тұрса болды, өз жанын сауғалауға көшеді», - дегенді естуші едім, сол айтқандай, наубайханада істейтін біраз адам мені бетімнің бері қарайтынына сенбесе керек, басқа жерден нәпақа табуға кетіп, табанын жалтыратыпты. Есепші мен қоймашы ғана алдымнан шыққан. Үшеулеп жүріп наубайхананы қайта қолға алдық.
Самарқанның көк тасы еріп, аспаннан рисалат нұры жауған күні біздің наубайханадан жарықтық нанның хош иісі бұрқырап, қызара бөрткен тәтті бөлкелер дүкен сөрелерінен менмұндалады.
«Жап-жақсы наубайханаң бар, ауылдың халқы түгелдей нанын жеп отыр, табысың да тәп-тәуір. Пайдасын қалтаңа баса бермей, жетісіне бір рет, жұма күні тұрақты сатып алушыларыңа тегін нан тарат. Қалған алты күнде олар ақшасын саған береді, басқа жаққа бармай», - деген әке аманаты есімде жаңғырығып тұрып алған соң, тура жұма күні наубайханамды қайта ашып, үш күн қатарынан тегін нан тараттым. Содан бастап наубайханамнан адам үзілмей, қол қарыған ыстық нан ауылдастардың қоржындарын томпайтып, өздері алғыстары мен баталарын жаудырып, тіршілігімнің қайта басталуы кішігірім тойға ұласты.
Төртінші күн дегенде нанды сатуға шығардым. Әкем айтқандай, үш күн нан алғандар енді ақшаларын маған беріп, наубайханадан адам үзілмеді. «Адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туабітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетеді», - деген Дәдәм-Қорқыттың сөзі дәлелденді. Бұрын ішім қулық ойлап тұрса, енді адам баласына жақсылық жасағым келіп, онымды орындап, ел алдында абырой жинай бастадым. Наубайхананың дүкенінен адам үзілмей, оншақты отбасына жұмыс тауып беріп, өзімнің де берекемнің басы көрінді. Батаменен ер көгерер дегендей, денсаулығым жақсарып, бойыма қайта қуат құйылды. Жарты жылдан астам есіктің алдында қаңырап тұрған темір тұлпарыма қайта міндім. Жағдайым жақсарып еді, маңайыма адамдар үйіріле бастады. Анамның қайтадан мейманасы тасып, қара қатынымның қабағы ашылды. Алда әкемнің «Жаратқан Иенің пенделеріне деген махаббаты сондай – жамағат айтса сөзін жерге тастамайды екен. Ал ата-анасы айтса, қабылданбайтын көрінеді. Сөйтіп, сол достарын жәннәтқа алдыртыпты. Сондай адал достарың болсын, қандай жағдайда да қолдайтын», - деген аманатын да жүрегіме түйіп, маңыма үйірілген жандардан өзіме сенімді достар таптым. «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» демекші, достармен біраз сайранды салдық, енді түбін ойран етпей, әкем айтқан аманаттарды орындап, ақырын берсін деп, аңдап басып келемін. «Ағаң келсе ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе, құрметтеп көңілін жайлағандай тындырымды ісің болғанға не жетсін», - деп, күн өткен сайын алға ұмтыла бердім.
Жаныма үйірілген жақсы достарымды ертіп, анамды ақ тұлпарыма отырғызып, жарымды жаныма алып, ата-бабаға құран бағыштап, ас береуге ауылға тарттым. Үш көлік болып Қарадаланы қақ жарып, тізіліп келеміз.
Әйелім «әрең бір басымыз қосылғанда әңгімелесіп барайық» деп, мектепте бірге оқыған Күлшар мен күйеуі Асқар екеуінің көлігіне отырған. Ақ тұлпарымның тізгінінде өзім болған соң, жауапкершілігім артып, әсіре салмақты болып келемін.
Үйде ертеден қара кешке дейін жалғыз болатын байқұс апам, не айналып толғанар немересі жоқ, не ауылдағыдай босаға тоздырырар көрші-қолаңы жоқ іші пысып, жарылардай-ақ болып қалыпты. Әрнәрсені сұрап, кейде өзі айтып, аузы жабылар емес. Төрт қабырғаның ортасындағы жым-жырт тыныштық та бейшараның жүрегін қысып, көңілін басатын болар. Келіні жұмысынан қас қарая оралады, мен түн жарымында төбе көрсетем. Бір-бір шаңырақтың отын жағып кеткен қыздарының да уақыты жоқ, келе бермейді. Көлікке отырғаннан жанындағы – Қанағат пен Дәуренге әңгіменің тиегін ағытты дейсің.
Екеуінің әкелері менің әке-шешемнің замандастары емес пе баяғыны еске алуға кірісті. Солармен бірге мал баққанда көшіп қонғандары бар, алты қанат ақ үйді шаңырағын көтеріп, уығын қадағандары бар, абысынымен отын арқалағаны, тезек тергені бар, ауылдың басынан аяғына түсіп, аяғынан басына шықты. Қанағат көбіне тыңдаушы екен. Әлде, сөзге бейілі болмай отыр ма, көңілінің хошы жоқ па?! Дәурен апама таптырмас сапарлас болды. Апамның қағыс еститін құлағына самбырлап келеді. Екеуі елге жеткенше әңгіменің қазанын қайнатып, сорпасын сапырды-ай. Шойыннан құйғандай төртбақ досым қара күштің ғана емес, қара сөздің де шебері екен.
Күн ұясына отыра, аудан орталығынан ауыл-ауылға тарайтын қара жолдың оң жақ қапталдан тауға тартатын сілеміне түскенде, алыстан ағараңдап туған жердің төбесі көрінді. Ақ тұлпарым да менің сағынышым мен жүрек қағысымды сезіп келе ме, басын жіберген аттай болып, аңыратып тартты дейсің ауылға қарай. Апам да қысыр әңгімесін қысқартып, өңірін ашып тастап отырған қамзолын жинастырып, басындағы қарқара орамалын қатайта қайта тартты. Жолдың оң жағында темір қоршаудың ішіндегі төрт құлағына Ай қадалған мазарды алыстан байқап, білген дұғасын күбірлеп, бетін сыйпады. Екі досым да кейуанаға ілесіп ырымын жасады. Менің қолым рульден босамағанымен іштей дұға қайырдым. Күн мен түнді байланыстырушы іңір түсіп, намаздыгер-намазшам арасында ауылдың шетіне іліндік.
Біздің керуен баяғы әкем қабырғасын қалаған қарашаңырақтың ауласына енгеннен көршілер де қабаттаса келіп жатты. Ауыл деген осы! Оларда рұқсат сұрап есік қоңырауын басу, ел орынға отырғанда шақырусыз жетіп барғанымыз қалай деп ыңғайсыздану, алыстан келген қонақтармен жағаласқанымыз қалай деп тартыну деген болмайды. Қайта «ойбу, жеңешем бала-шағасымен келгенін көре жүгірдік»,- деп алдарына тартқан шалғышын да шешіп үлгермеген жеңгелер, «көкемнің жалғызының тұлпары ғой мынау», - деп, ауылдың шетіне ілгеннен байқап жүгірдім», - деп, алып-ұшып жеткен қайран ағаларым! «Аға сіз ғой деп қуанып келдім», - деп, күс-күс, күректей алақанымен менің әлсіз қолымды қыса түсіп, бауырына орап алып, көтеріп қоятын ақкөңіл бауырлар мен сызыла сәлем салатын келіндер, бәрінің жанында аяғына оралған балалары бар, бір демде шаңырақтың ішін шаттыққа толтырды да жіберді.
Әке шаңырағына ие болар ұл қалашыл боп кеткесін тозығы жеткен ескі үйде кенже қарындасым мен күйеу бала отырған еді. Хабарымызды ертелеу алған олар малын сойып, бауырсағын пісіріп, ұлардай шулаған шағын тобымызды қарсы алды. Бізге амандасуға келгендер төрден төмен тізіле жайғасты. Менің ата-бабаға ас беруге келгенімді естіп, ағаларым мақтап, апаларым шүкіршілік етіп, ет үстінде әңгіменің тиегін ағытты. Ай ауып, жұлдыз батқанда бірақ тараған.
Ертесіне басты тірлігім зиратжайға бару болды. Ондағы ойым алдымен Дәмеш жерленген төмпешікті табу еді. Ана дүниеден келгелі жүрек түпкірімнен Дәмеш кеткен емес. Одан:
– Сен неге менің алдымнан шықтың? Өлген адам жәннатқа, не тозаққа барады деуші еді ғой? – деп сұрағанымда:
– Сәрсен сен менің ажалымнан бұрын, қорада арқанға асылып қалғанымды білесің ғой. Мұнда өзіне-өзі қол жұмсағандар осылай екідүниенің ортасында қалып қояды екен, солай сандалып жүрмін. Ана дүниеден жаны көкке ұшып келген таныстарымды осылай қарсы аламын. Оларды мүңкір-нәңкірдің талқысына алып кеткенше жолығып қалам. Өзімнің жаным әлі жай таппай жанұшырып жүргенім, - деп мұңайып жерге қарағаны есіме түсіп, жүрегім езіледі. «Бауырым, сендер мен өлгеннен кейін қарындастарыңның намысын жоқтап, сол жігіттерді ең болмаса бір сабап алмадыңдар ма?» - деп жәудіреп қарағаны есімнен бір кеткен емес.
«Осыдан ауылға табаным тисе, Дәмештің басына барып көктас қоямын! – деп, өзіме іштей серт бергемін. Содан қызыл граниттен қашатып, суретін бастырып басына қоятын тасты ала келгенмін. Жөн біледі ғой деп, жаныма аталас бір ақсақалды ертіп алғанбыз. Атақаз сияқты арбаңдай басатын атамыз бізге жеткізер емес. Соңынан желе жортып қырға шығып, еңіске түсіп төрт еркек зиратжайға жеттік. Біздің жас кезімізде отырғызған талдарымыз дараққа айналып, зиратжай орманның ішіне орналасқандай ағаштардың ортасында қалыпты. Айнала мүлгіген тыныштықта. Қоршаудың қақпасынан ене бере молдамыз дұға қайырып, бет сипастық.
– Алдымен өз жақындарыңның басына барасың ба, әлде Бақтыбайдың қызының төмпешігін іздейік пе? – деп, молда артында келе жатқан маған дауыстады. Оған Дәмешке тас қоятынымды айтқанмын.
– Бірден Дәмешті іздейік. Туыстарымның басына ертең ас берген соң анамды алып келермін, - дедім.
Өзі көп сөйлемейтін ақсақал екен, үндемей алдыға түсті де зиратжайдың шығыс жағына тарта жөнелді. Аяқ астындағы көк шөпті жапыра басқанда, балағымызға шөңге ілініп, маңдайымызды сәмбіталдың шыбығы сабап, зиратбелгідегі суреттерден мөлдіреп қараған көздермен көз түйістіріп қалмауға тырысып, алдағы молданың соңынан емпеңдей еріп келеміз.
– Міне, осы төмпешік! - деген молда еңкейіп ортасы ішіне түсіп кеткен үйіндінің арасынан темір қалақ тауып алды да, алақанымен сүртіп жіберіп, маған ұсынды. Күректің басындай ғана темірге «Дәмеш Жоланқызы» деп, туған жылы мен өмірден өткен жылы көрсетіліпті. Сабы топырақ пен ауаға араласып шіри бастапты. Есіме Мұқағали ақынның қызы Майгүлге арнаған:
Қалақтай едің,
Қабіріңде қалақ тұр.
Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр...- деген жантербетер өлеңі түсті. Дәмештің қалағы қырдан қарап тұруға да жарамапты, құлап қалып топыраққа көміліп, шіріп, жазуы өше бастапты. Бір тізерлей жайғасқан молдамыз судыратып құран оқи бастады. «Көктас әкелгенім оң бопты», - деген ой басыма келді. Цемент, ағаш арқалап жеткен құрылысшылар көк тасты орнатуға кірісіп кетті.
Қайтар жолда осы зиратжайда жатқандар жайында молда естеліктер айтып келе жатты, неге екенін қабірінің басында да, одан кейін де Дәмеш жайында ләм-мим демеді.
Күн шыға байлауда тұрған құла қасқа айғырды ауылдың жігіттері алып ұрып, сойып тастады. Үлкен асқа дайындық басталған. Тегенелері мен шелектерін, суларын көтерген келіндер мен жеңгелер ішек-қарын аршуға, қайраты бар жігіттер ет мүшелеуге кірісті. Оразамызды ашқан соң, жаныма сыныптастан қалған үш досымды алып, Дәмештің тасын орнатып жатқандарға, зиратжайға тарттым. Түс ауа ауламызға күллі ауыл сиятын палатка тігіліп, астына тақтайдан үстел мен орындық жасап, асқа әзірлендік.
«Жасанның баласы ата-бабасына нәзір бергелі келіпті»,- деген хабар құлағына жеткен ауылдастар мен ағайындар арғы беттен, бергі беттен жиналып палатканың астына сыймай кетті. Жанына шалдарын баяғыда аттандырып салған абысын-ажындарын, сақалдары шошайған бірен-саран қайындарын жинап алып төрде отырған апамның көңілі тоқ. Жан-жақтан келгендер алдымен апамның тобына барып амандасып алып, көрпе төселген орындыққа жайғасуда. Біразы менің қатты ауырып тұрғанымды ұзынқұлақтан естісе керек, келіп көңілімді сұрап жатыр. «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың», - деп көңіл демеген соң, «өлі разы болмай, тірі байымайды», - деп ас бергеніме ризашылығын білдіреді. Дәмештің інісі мен келіні келіп, рахметтерін айтып кетті. Келін жүзін төмен салып тұрды. Әпкелерінің басына көктас қоюға жарамай, айдаладағы бір қазақтың көктас қойғаны жандарына батып тұрса керек, бауыры да аздап қысылатындай.
Егер ана дүниеге барғанда алдымнан Дәмеш шықпаса, әкем айтқан өсиеттер құлағыма қонбаса, бұл көк тас қойылар ма еді, қойылмас па еді, оны бір құдай біледі. Ел алдында менің керемет абыройымды асырып тұрған бүгінгі тірлік үшін өліп-тірілуім керек болды ғой. «Неге осы жақсы амалдарды мен қырықтан асқанша өз ақылыммен жасамадым екен?» деген ойға батып, мен де өзімнен өзім ұялып тұрдым.
Сонымен, әкемнің тағы бір тапсырмасын орындап, ата-бабасы мен қара шалына құран оқытып, замандастарымен сыр бөлісіп көңілі жайланған анамды алып қайттым.
Y
«Анаңды Мекеге апарып қайт» деген әке сөзі есте. Соңғы кезде анам қуанып жүр. Алланың нұрына шомылып келгендей, ерекше иман ұялаған жүзінде алдағы күнге деген сенім бар. Мұсылмандық бес парыздың біреуі емес пе, о дүниедегі әкемнің берген тапсырмасын тастай етіп, келер көктемге қалдырмай, анама Мекке көрсетіп келдім. Қағбаны айналғанда, әкем қалағандай, жанынан бір елі ұзамай, үнемі демеп жүрдім. Ол жақтан келгенде, жігіт кезімде бірге жүрген Қанағат пен Дәурен арсалаңдап, бірінші жетті. Сағыныпты, басымыз қосылып, арқа-жарқа болып қалдық. «Достың алдындағы парыз дегенді де ұмытпа, досқа адал бол!», - деді емес пе әкем. Ежелгі достарыма ыңғай танытқаным сол екен, олар да жақындасып, салқын тартқан қарым-қатынасымыз дереу жақсарып жүре берген. Қазір бір-біріміз десек, шығарда жанымыз бөлек. Сол бір жас күніміздегідей. Бірақ әке тапсырмасының ең қиыны, үшіншісі болды: «бала таппаса, бала табатын қатын неге алмайсың? Сенімен қатар ана Өтелбайдың баласы үш әйелінің әрқайсысынан үш-төрт баладан топырлатып жатыр ғой. Қызметтен қуатын баяғы сәбет өкіметі жоқ, шәриғат жолымен некеңді қидыр да, ала бер. Асырайтын өзің. Бес баланы баға алмасаң, неғып шалбар киіп жүрсің. Енді тұрысың мынау, тұқымды тұздай құртып», - дегені естен шығар емес.
Ары ойланып, бері ойланып, іштен кемірген қасіретімді екі досыма ақтарып, ақыл сұрамақ болдым. Қаланың сыртындағы бір шәйханаға апарып: «Солай да солай, мойныма әке аманатын да арқалай келгем. Басқаларын орындадым, мынасы қиын болып тұр», - деп, ағымнан жарылдым. Демдерін ішіне тарта, әңгімемді аяғына дейін тыңдаған екі досым біраз үнсіздік құшағында қалды. Алдымен тіл мен жағына сүйенген Дәуренге тіл бітті:
– Сәке, неменеге сонша мүжіліп отырмыз. Қазақстанда бір еркекке төрт қыздан келеді, ажырасып төркініне қайтып келгендерді қоссақ осы отырысыңда алты қатын аузыңа қарап отыр деп есепте, - деп, серпіліп шыға келді.
– Оның кез-келгенімен байланыспайды ғой, көңіл жарасу керек дегендей. Әзірге заңды әйелі бар, оны қайда жібереді? - деп жаратылысынан жуас, сөзге сараң Қанағатқа тіл бітті.
– Өзім де соны ойлап, басым қатып кетті. Ең қиыны, осы күнге дейін пұшпағы қанамаса да, адал жар боп босағамды күзетіп, тілеуімді тілеп отырған Жансұлуды аяимын. Тіпті соның сыртынан осындай ой ойлап, мына жоспар құрып отырғаныма қатты қысылам, - деп, екі жолдасымның алдында ағымнан жарылып, ішімді бір босатып алдым.
– Сәке, ақыры сөз басталды ғой, шыныңды айтшы, балалы бола алмай жүрміз деп, ең болмаса бір рет доғдырға қаралдыңдар ма? – деді, өте сақ Қанағат.
– Алғашқы жылдары болып қалар деп алаңсыздау жүрдік. Бес жылдан соң Жансұлу алдымен өзі қаралды. Бүйрегіңде кінарат бар депті деген соң, емделіп жүрді. Шынында, мен доғдырға қаралмадым.
– Онда кінә әйеліңнен шығар. Тағы шыныңды айтшы, доспыз ғой, саған жамандық ойламаймыз, - деп алды да, Дәурен көзі күлімдеп: былай, басқа әйелдерге бармадың ба? – деп, екі қолымен ебедейсіздеу қимыл жасады.
– Болды ғой! - деп мойындадым.
– Еркек емес пе! – деп, Қанағат едіреңдеп қалды. Еркек атаулының бәрі бірнеше әйелдің төсегіне баруға міндетті сияқты. Дәуреннен не бәлені күтсем де, мына үндемес Қанағаттан мынандайды күтпеп едім.
– Солардың бірі болмаса, біріне тұрақты барып жүрген соң, балалы болып қалдым дегені болмады ма?- деп, Дәурен тықақтап қоймады.
– Бір-екеуіне барғанымда кейін білдім, күйеулері бар боп шықты. Содан жоламай кеттім. Бір отыздан асқан кәрі қыз болды, сонымен бір жылдай әуейі болғаным рас. Сол бір түсік болды деді басында. Ішім удай ашыды. Содан өзімнен кінә жоғын білдім. Содан соған үйленейін деп тағы жүрдім. Тіпті сол кезде әйелімді де тастағым келген. Бірақ мінезі шапшып тұр екен. Қорықтым, тағдырымды байлауға.
– Сен оны кейін көрдің бе? Одан бері неше жыл өтті? - деп Дәурен мені тергеуге кірісті.
– Ой, одан бері жеті-сегіз жыл болған шығар. Содан соң байтал түгілі бас қайғы боп кетті ғой, - деп, достарымның алдында өте ыңғайсыз жағдайға қалғандай, төмен қарап жауап бердім. Мені осы жағдайдан шықсыншы дегендей лыпып жүрген қарадомалақ қыз ыстық тамағын алып жетіп келді. Қыз ыдыстарын жайғастырғанша үшеуіміз үнсіз қалдық. Бір-бірімізге сен ал, мен ал деп сыпайылық жасап қуырдақтан қарбыта асап-асап жіберіп, әңгімені ары қарай жалғастырдық.
– Сәрсен, сен сол кәрі қызыңды тап, сонда бір тұқым қалып қалған жоқ па екен, - деді Дәурен.
– Соған күнің қарап қалып па, тағы басқа біреумен байланыссаңшы, - деді Қанағат. Мен мына сөзінен кейін ішімнен үндемес Қанағатқа таңданып отырмын үндемегеннен үйдей пәле шығады деген шын екен-ау.
– Сен шын ниетіңмен төсек жаңғыртқың келе ме, жоқ бағыңды сырттан сынап көрмекшімісің? – бұл Дәурен. Менің тағдырыма шындап алаңдаулы екенін көрсетті.
– Шын ниетпен! Әкемнің аманатын орындамай қалай жер басып жүрмекпін. Ана дүниеге барғанда тағы алдымнан шықса не деймін? «Бір рет арнайы тапсырма беріп қайтарып жібергенде де түк бітірмеген неғылған еркексің?!» - десе қайтем?
– Ендеше, алдымен Жансұлумен сөйлес. Түсік болғанын да жасырма. Мен нағыз еркекпін деп түсіндір де, тоқал алам де. Сені де тастамаймын. Үлкен үй боп отырасың де. Тоқал топырлатып туа бастаса, менің тұқымым ғой, біреуін береміз деп сендір, - деп Дәурен тапсырма бере бастады.
– Қатындар байын біреуге өз еркімен беруші ма еді? - деп шыға келді Қанағат.
– Өзі тумаса неге туатын әйелге жол бермейді? Біреулер бала тауып отырғандарды да тастап кетіп жатқан жоқ па? Оны далаға жібергелі жатқан жоқпыз, - деп, Дәурен шаруаға кірісіп-ақ кетті.
Содан үш жігіт ары ақылдасып, бері ақылдасып, мені бір қызбен, тіпті баласы бар болса да, жөн білетін келіншекпен таныстыратын болып шешімге келдік. Мен ішінен баяғы түсік тастаған кәрі қызды тауып алайын деп ойладым. Арғы түйсігіммен соны бір көргім келді.
Баяғыда өзім талай іздеп келген ауруханаға ертесіне-ақ жетіп келдім. Айсара осында медбике болатын. Бөлімшесін де ұмытпаппын, бір қыздан сұрап едім, ол шеткі есікке кіріп сұрап шықты да:
– Айсара Берденовна баласын мектептен алып келуге кетіпті,- деген жаңалық айтып, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Есім шығып:
– Қандай баласын?- деп айқайлап жібергенімді байқамай да қалдым. Қыз тіксініп:
– Өзінің баласын да, - деді. Қатқылдау шыққан дауыстан есімді жинап:
– Кешіріңіз! Жақсы, күте тұрайын,- дедім сасқалақтап.
– Оқасы жоқ! Мектеп жақын, қазір келіп қалады, анда отыра тұрыңыз, - деп, терезе алдындағы көк диванды нұсқады.
«Баласы! Баласы бар!», - деп күбірлеген қалыппен сенделіп келіп, диванға күмп беріп отыра кеттім. «Баласы қанша жаста екен?Күйеуге шыққан болар. Әлде менен бе? Мектепке барып жүр дейді. Ұл ма екен, қыз ба екен?» деген ойлармен есеңгіреп отырғанымда, бала жетектеген әйел алдымнан өтіп бара жатты. Есімді жинап, соңдарынан қарап қалдым. Сырт тұлғасы толықтау келген келіншек былқ-сылқ басып ұзап бара жатты. Жанындағы арқасына сөмкесін асынып алған жеті-сегіз жасар еркек бала томпаңдап еріп барады. Бір қолымен анасынан, екінші қолына құлақшынын ұстаған.
Атып тұрып екеуінің артынан ере жөнелдім. Бағанағы қыз кіріп-шыққан шеткі есікке аналы-балалы екеуі еніп кетті.
Жақындап келіп маңдайшадағы жазуға көз салдым. «Аға мейірбике Берденова Айсара» деп тұр екен. «Сол! Баяғы асау Айсара! Медбике еді, ұзақ жыл істеп, мәртебесі көтерілген. Ең таңданарлығы – ұлы бар! Күйеуге тиді ма екен?!» - деген ой миымда зырылдайды. «Мүмкін менің балам шығар!», - деген үміт те жылт етті. Есік алдында не кірмей, не шегінбей тұрғам. Кенет есік іштен ашылып, маңдайыма сарт етті. Арғы жақтағы ақ желеңді әйел де, бергі жақтағы таңданыстан есі шыққан мен де шошып кеттік.
– Извините! Өзіңіз де! Есік алдынан былай тұрмайсыз ба!,- деді ақ желеңді әйел мені кіналап.
«Әрине, Айсара! Ешқашан, ешкімге жеңсік бермейтін Айсара!»,- деп ойлап ауырсынған маңдайымды оң қолыммен басып тұрып даусы таныс келіншекке қарадым.
– Сәрсен! – деп, әйел шаңқ етті мені бірден танып. Дереу қолымнан ішке тартты, басқа біреу байқап қалмады ма дегендей, жартылай ашық есіктен дәлізге көз сала тұрып.
Шарасыз ішке ендім. Көзім алдымен үстел басында қағаз жазып отырған балақайға түсті. Кекілі бар, домалақ бас! Бақырайған көз! Тәмпіш мұрын қара бала! Құйып қойған көкем! «Мен сенің тұқымыңмын!» - деп тұр. О, тоба! «Тартпасаң тумай қалғырдың сідігінің мықтысын-шы, балалары өзінен аумайды», - деп апам бір қайнысын мақтап отырушы еді, келіншегі босанған сайын. Мына баланы көрсе не дер екен.
– Сарсен! Ты откуда? - деді Айсара баяғы орысша зіркілдейтін мінезімен амандық жоқ, саулық жоқ. Қарсы алдымда дікілдеп тұр.
– Айсара, амансың ба? - дедім енді оған назар аударып.
– Аман! Аман! - деді бір кездегі көңілдесінің аспаннан түскендей болғанын жақтырмай.
– Аман болсаң, жақсы бопты. Көргеннен сонша шошығаның не?
– Ну, так много лет прошло...
– Өзің ғой бір кезде қуалап жіберген, - дедім өткенді есіне салып.
– Сенің әйелің болды,- деді Айсара қазақшалап.
– Ажырасам дедім, тыңдамадың. Мына бала менің кішкентай кезіме ұқсайды екен, - дедім әдейі, өзі көкбет әйелді күйдіру үшін бірден.
– Какой мальчик! Он мой ребенок! – деп шыр ете түсті Айсара. Әңгіменің тереңдеп бара жатқанынан зәресі кеткен әйел, есікті ішінен құлыптай қойды.
– Айсара, сен неге айтпадың бала туғаныңды? - деп зәрлене қарадым. Бала қазақ тілін ұқпай ма, бұлардың сөз таласымен жұмысы жоқ сурет салып отыра берді.
– Ты что, баланың көзінше, - дегенге көшті әйел.
– Маған ұқсап тұрмаса, сұрар едім «байға тидің ба?» деп. Тисең де, мына бала менікі! – деп, енді мен күшке міндім.
– Теперь ты хочешь моего сына?! – дегенде Айсараның көзі тіптен ежірейіп кетті. Одан ығар мен бе:
– Айсара! Ақылға кел, мынау менің балам! – деп, балаға қарай сұқ саусағыммен көрсете безеп, даусымды қатайттым. Сол кезде бала да маған назар аударып, бояу қарындашын тістеген күйі қарап қалды.
– Сен не, бала көзінше. Вон отсюда! Забудь меня и ребенка! - деп айқайлап жіберіп, есіктің кілтін бұрап есікті ашты. Жұмыс орнында шу шығармайын деп:
– Айсара, айналайын, аман бол! Тағы келем! Ұлым, сен де аман бол!- деп шыға бердім. Артыма бұрылып тағы қарап едім, Айсара сазарған қалпы есіктің тұтқасынан ұстап қатып қалыпты.
YІ
Айсарамен сол жүздесуден кейін менен ес кетті. Ұйқы да қашты. Жұмыста қағаз қарайын десем де миым істемейді. Құлағымнан Айсараның шаңқылдаған орысша-қазақша аралас үні, көз алдымнан бақырайған, тәмпіш мұрын қара бала кетпейді. Көшеде балалы адам көрсем менің баламды жетектеп бара ма деп ере жөнелгім келеді. Енді Айсараның қызмет орнына барып береке таппасымды білдім де, ол жұмыстан шығатын сәтін аңдып, аурухананың алдын үш күн күзеттім. Жұмыс уақыты бітіп, бәрі шығып барады, ол жоқ. әлде ауырып, әлде жұмыстан сұранып біржаққа кетті ме деп, білмекке төртінші күні ішке кірдім. Баяғы бөлімшеге көтерілдім. Кабинетінің алдына бардым. Есігінен қызметкерлер кіріп-шығып жатты. Алыстау тұрып, ашылған есікке көз салдым. Ұлымның анасы ақ желеңімен ары-бері жүр. Осында екенін білген соң, жүрегім орнына түсіп, көзіне көрінбеуге тырысып, сыртқа шығып күттім. Бәрі қайтты, Айсара шықпады үлкен есіктен. Түсінбедім не болғанын. Содан күзетшіден сұрадым. Ол: «біздің біраз қызметкерлер жертөлеге көліктерін қойып келеді де содан шығып кетеді», - деп түсіндірді.
Ертесі жертөлені аңдуға кірістім. Өткендегідей түс ауа бере, кішкентай ақ мәшинеден түсіп, баласын жетектеп келе жатқан Айсараны көрдім. Бағанның артына жасырынып қарап тұрдым. Аналы-балалы екеуі қосымша баспалдақпен ішке көтеріліп кетті. Яғни, көлікті өзі жүргізеді, баласын түстен кейін сабағынан алып келеді де кабинетіне отырғызып қояды жұмыс аяғына дейін. «Неге? Үйде қарайтын адам жоқ па балаға? Кілең ауру-сырқаудың ортасында жүрген бала шаршайды ғой. Немесе, тұмау-сұмау жұқтырады дегендей», - деп, енді бұрынғыдан да мазам май ішкендей болды. Шіркін, перзент деген қандай, шыбын жаным шырқырап келер жолына ауық-ауық қарап, тағы кеш батқанша тұрдым жертөледе. Жапонның құйтақандай көлігінің жанына келіп, айнала қарап шықтым. Әйнегін қараңғыламаған екен, артқы орындықта футбол добы, кітаптар, сырт киімдер жатыр. Алдына, шешесінің жанына отыратын болғаны ғой. Жолаушы отыратын алдыңғы орындықтың тұтқасын сипадым, осы жерде қолының табы бар шығар дегендей.
Баспалдақтан түскендер көліктерін оталдырып, шыға бастағанда, жақын маңайдағы бағанға қайта жасырына қалдым. Айсара мен баласы көрінгенде сыртқа жүгіріп шығып, өз көлігіме міндім де, жертөледен шыққан ақ машинаның соңынан ілестім.
Айсарамен небір тәтті түндер өткізген үйдің ауласына келіп тоқтадық. Аналы-балалы екеуіне байқатпай еріп, подьезіне келдім. Олар кіре бергенде, темір есікті сыртынан ұстап қалдым. Әйтпесе кодталған есікті кім келіп ашқанша далада қалар едім. Бала соңында еді, есіктің жартылай ашық қалғанына мән бермей, ішке жүгіре жөнелді. Олар пәтерлеріне еніп кеткенде таныс пәтердің алдына келіп тұрдым. Түймешені басуға жүрегім дауаламады. Жұмыстан шаршап келді ғой, есін жиып алсыншы деп тапжылмадым. Сыртқа шығып, Айсараға гүл, балаға ойыншық алып келсем бе екен деп те толғандым. «Осы менікі не, жетіп келдім, кім біледі күйеуі бар шығар, іште басқа жақын адамдар отырған шығар»,- деп ойлап, тартынып та қоямын. Құлағымды мұздай есікке төсеп тың тыңдадым. Өзіме таныс баяғы темір есік, түк естіртпей, мыңқиып тұр сыр бермей. Бір кезде осы есікті шалқайта ашып Айсара мені қуып шығып еді: «Вон! Вон!»,- деп. Тағы орыстың біраз боғауызын қосып. «Мұндай тексіз болар ма! Көрмегенім осы болсын!» - деп, ана баспалдақпен безіп кеткемін. Қазақта ат баспаймын деген жерін үш басады деген бар, сол боп тұр. Мына түріммен балам үшін әлі мың басатын шығармын.
Төменнен баспалдақпен бозбала көтеріліп келеді. Мені көріп өзі амандасты. Сәлемін алған соң, одан біраз мағлұмат білгім келіп сөзге тарттым.
– Бауырым, сен осында тұрасың ба?,- деп сұрап алдым алдымен.
– Иә, аға!
– Осы алаңшада ма?
–Иә, мына пәтерде,- деп үш есіктің ортасын нұсқады.
– Айсара әпкеңді танисың ба? – деп, келіншектің атын айттым, жақын танысы болып көрінейін деп.
– Әрине, он жылдан асты көрші болғанымызға. Жанболат өз бауырым сияқты! - деді жігіт. Өзі ақкөңіл екен, онысы ұнады. Қазақы, бауырмал бала ғой, әйтпесе несі бар маған ашылып деп ойлап, ұлымның есімі – Жанболат екенін білдім. Соны білгенімде, қуанғанымнан жүрегім елжіреп кетті.
– Есіктерін ашпай жатыр, күтіп тұрмын, - деп қойдым, ұялған тек тұрмас дегендей.
– Жүріңіз бізге кіріп күтіңіз, - деді қонақжай бозбала.
– Рахмет, бауырым! Олар қашан келуші еді үйлеріне?- деп сұрадым біле түскім келіп.
– Тәте медсестра ғой, кеш келеді. Бірақ Жанболат үйде болушы еді, - деп, шеткі есікке қарап қояды.
– Екеуі ғана тұра ма?
– Иә. Кейде тәтенің ата-анасы келіп жатып кетеді.
– Айсара тұрмысқа шықпаған екен ғой, - дедім жәй әңгіме айтқандай, әйтпесе, нақты білгім кеп барады.
– Мен білгелі жалғыз болатын. Осы бір ұлы бар. Сіз кім боласыз?
– Мен... мен... сыныптасы едім, - дедім сасқалақтап, Айсарадан біраз үлкен екенім есімен шығып. Курстас деп айта алмаймын, себебі медучелищеде ол кезде ұлдар оқымайтын. Енді қайтейін. Тағы бірдеңе бүлдірмей тұрғанда жігітпен қоштасайын деп:
– Бауырым, сен үйіңе кіре бер, кеш боп қалды, Жанболаттар келіп қалар, - дедім. Айсарадан гөрі аузына ұлымды алғаным өзіме қатты ұнады.
– Жақсы, аға! Тым кешігіп бара жатса, бізге кіріп күтерсіз, - деді мейірбан бозбала.
«Шіркін, менің ұлым да осындай қайырымды болса ғой!» - деп ойлап тұрдым. «Айсара өзім үшін тудым, ол менің балам!» деп бет бақтырмады, ал оның менің балам екенін бірден сезді жүрегім. Бірақ «екеуміздің ортақ баламыз!» - деп айта алмадым ғой, «неге батыл болмадым?». Осы ойлардан көңілім тасып кетіп, есіктің қоңырауын бастым. Ар жақтан:
– Бұл кім?, - деген бала дауысы естілді. Бер жақтан менің жүрегім тарсылдап аузыма тығылды.
– Көрші, - дедім, өзімді кім деп айтарымды білмей, әрі танымайтын кісіге есік ашпай ма деп. Абырой болғанда, есіктің кілті бұралып жатты. Темір есік шалқалай ашылғанда жарқ етіп жанымның бөлшегі көрінді.
– Здрастье! Вы кому? - деді балақай бөтен ағаны көріп, үрейлене қалып.
– Жаник, кто там? – деп, ар жақтан Айсара жетіп келді. Әдеттегідей айран көзі ежірейіп маған қадалды да, үндемеген қалпы алдында тұрған баланың қолынан жетелеген күйі түпкірге бөлмеге апарып қамады. Ол келгенше әлі табалдырықта тұрдым.
– Неге келдің? - деді таза қазақша басы қақшаңдап. Осы Айсараның бір қызығы – өзі ауылда өскен, қазақ мектебін бітірген. Жұмыста көрсең бір ауыз ана тілінде сөйлемесе, үйде қазақша жер-жебіріңе жетеді. Қазір де сол кебінін киіп тұр. Енді менің еркектік мінезім ұстап:
– Баланы көріп, сенімен сөйлескелі келдім! – деп, даусымды қатайта шығарып, өңімді бұзып қарадым көзіне.
– Бала менікі! Өзім өсірдім! – деп көгерді әйел.
– Ең болмаса асханаңа кіріп сөйлеселік адам құсап, - дедім де, сырт киімді есік артындағы киім ілгішке іле салып, етігімді торсылдатып босағаға тастадым. Ілгері қарай екпіндеген еркекке ештеңе істей алмаған Айсара соңымнан еріп асханаға кірді де, есігін тарта жапты.
Ас үстелдің басына жайғасып, енді билікті өзім алғандай:
– Айсара, отыр! - дедім қарсыдағы орындықты нұсқап. Кешелі бері бұл қатынды қатты-қатты сөйлеп жеңбесем, сөз ұқпайды деп әзірленіп келген болатынмын. Алдымда сары шашын резеңкемен буа салған, желеңінің етегі шолтыйған, тола бастаған сары әйел отыр. Бір кезде осыған сонша ынтық болғанмын.
– Айсара! Жеті жылдан бері бір қалада тұрсақ та кездеспеп едік. Құдай айдап келіп қалдым.
– Не болды, түсіңе кірдім бе?
– Дұрыс айтасың, түсімнен шошып оянғандай халде жүрмін. Жүрегім сені іздеп, саған қарай тартты да тұрды соңғы аптада. Содан жұмысыңа бардым, әлі сонда шығар деп. Ауысып кетсе де бір хабар алам ғой деп. Бірден сені баламен көргенде есімнен танып қалуға шақ қалдым. Әрі ол бала менің әкемнен аумайды екен. Ал әкем маған «балаңды тауып ал, өмірден өстіп тұқымсыз өтесің бе» деп белгі берген болатын. Содан сенімен өткізген шақтарым есіме түсті. Қайтадан табысайын деп келсем, сен менің баламды жетектеп жүрсің, - деп, дауысымды жібітіп, жанарыммен еркелете қарадым келіншекке. Оған жіби қалатын Айсара ма!
– Сәрсен, сен неге сонша сенімдісің өз балам деп? - деді шаңқылдап.
– Екеумізді қатар отырғызып қарашы! Сенбесең ДНК жасатайық, - деп, мен қоймаймын.
– Менің күйеуім бар,- деді келіншек енді өтірік айтып.
– Сенбеймін! Сенің долы мінезіңе менен басқа ешкім төзбейді! Сенің ешкіммен төсектес болмағаныңа кепілмін.
– Немене, менің күнім саған ғана қарап қалып па? – деген әйел шын ашулана бастады. Енді сөз көбейсе, айдап шығар деп:
– Айсара, баламның аты – Жанболат! Ол да түсіме кірген,- деп өтірік қосып жібердім. Әйел шынында таңданы, үндемей қалды. Кім айтуы мүмкін баланың атын шынында? Мені маңайында ешкімді танымайды. Өзінен сұрауға баланы көзінен таса еткен емес. Сазарып, ойланып отыр.
– Жанболат қой? - дедім келіншекті тықсыра түсіп.
– Иә! Бірақ мен сенің түсіңе сенбеймін!
– Сен ешкімге, еш Құдіретке мойынсұнбайтын Айсара емеспісің. Жарайды! Бала болмайық, одан да келешекті ойлайық, - дедім ер азаматтық көрсетіп.
– Ойлайтын түгі жоқ! Сенімен баланы бөліспеймін. Жөніңе бар!- деді әйел әлі де алған бетінен қайтпай.
Сол кезде асхананың әйнек есігі ашылып:
– Мама! - деді бала баяу үнмен бірдеңе сұрамаққа.
– Чо, тебе? - деп әйел баж ете түскенде мен селк ете түстім де, жүрегім шым етті. Көзіме өліп бір тірілгенде көрінген құлыншағымды, қоңыр қозымды сонша зекігенін-ай, менің көзімше! Шыдай алмай:
– Ақырын сөйлесеңші, баланың зәресін ұшырдың ғой,- деп қалдым.
– Өз балам. Қалай сөйлеуді өзім білем! - деген әйелмен сөз таластырып береке таппасымды ойлап, қалған әңгімені ертең келіп жалғастыруды шештім де, орныман тұрып:
– Айсара! Кеш болып қалды, сендердің уақыттарыңды алмайын. Жұмыстан шаршап келдің, қайырлы түн, жаным! – деп, еңкейіп келіншектің бетінен сүйдім. Таңданарлығы, әйел мен ойлағандай қарсыласпады. «Шығып қалар ма екен, тағы бір көрсем ғой!», - деп мойнымды қанша созғанмен, ұлым арғы бөлмеден көріне қоймады. Анасының жаңағы айғайынан шошып қалса керек.
YІІ
Айсараның үйіндегі кездесуден кейін тағы екі күн сенделдім. Қолға алған тірлігім өнбей, иінімнен су кетіп қажып, тіпті күйгелек болып кеттім. Көз алдымда анасының даусынан жасыған бала, құлағымда көкбет әйелдің «Чо, тебе?!»,- деген ащы дауысы. Жанымның жалғыз жапырағын қалайша ана долы әйелге дірілдетіп қоярмын. Неге ғана баяғыда есігін ашып қуалағанда ашуға басып кетіп қалдым екен?! Тағы біраз шыдағанда Айсара екіқабат болғанын айтса, дүниеден баз кешсем да Жансұлудан кетіп, баланы таңдар едім ғой. Енді екі түгіл үш оттың, өзіммен төрт тағдырдың ортасында қалғаным-ай!
Үйге ымырт үйріле сүйретіліп, басым салбырап келіп, үн-түн жоқ анам мен Жансұлудың жанында атауымды ішем. Шындығында баламды ойлап, тамағымнан ас та өтпейді. Анама сырымды айтайын десем, Айсара әлі бітімге келген жоқ. Баласына тегін беріп, қамқорлыққа алуым керек пе, әлде ана долы қатынмен қосылуым керек пе ұлым үшін, соны ойлағанда жаным шошиды. Солай шыбын жанымды қоярға жер таппай жүріп, ақылдаспаққа тағы сол екі досым Қанағат пен Дәуреннің басын қостым ақылдаспаққа.
– Ойбай-ау, неғып сүмірейіп жеткізесің мына жаңалықты, сүйінші сұрамай? –деп, Дәурен әдеттегісіндей даурыға жөнелді.
– Құтты болсын! Құдай тілеуді берді деген осы! – деп, Қанағат құшақтап сүйді.
Екі жолдасым сонша қуанғанымен, менің көз алдымнан Айсара көлеңдей беріп, жөндеп шаттана да алмай жүрмін ізбасарымды тапқаныма. Болған оқиғаны түгелдей екеуіне айтып шыққан соң Қанағат:
– Сен енді алдымен ДНК жасат, сенімді боласың,- деп кеңес берді.
– Бұл келіншектің жасы қаншада?- деді Дәурен алдымен.
– Өкшемізді басып келеді. Қырықтан асқан шығар, - деп күмілжи жауап бердім ұялғандай.
– Сен енді оған үйленгеніңмен, бір баладан басқа тұқымыңды көбейте алмайды. Сондықтан балаға тегіңді бер, әке боп қамқорлық жаса. Оның үстіне мінезі шайпау деп отырсың. Ол өлмей саған баланы берер ме, Жансұлу екеуің тағы үйде шошайып қалатын түрлерің бар. Ең негізгісі, сен бала таптыратын еркексің! Сондықтан жас әйел ал, ол келе топырлатса, біреуін Жансұлудың құшағына салыңдар, отырсын енесі екеуі алданыш етіп. Содан көкең айтқандай, үш отбасын баға алмасаң, неғып шалбар киіп жүрсің? – деп, Дәурен бар мәселені өзінше шешіп тастады.
– Мынау жақсы ақыл екен, Сәке,- деп Қанағат та қостады.
Жолдастарыммен ой бөлісіп алып, ертесіне кешке Айсараға келдім. Есіктің қоңырауын ашпай қоя ма еп қорқа бастап едім, құдай оңдап:
– Кто там? - деген Айсараға:
– Мен, Сәрсен! - деп даусымды қатты, сенімді шығардым. Үйге кірмей жатып, асау әйелді ықтырып алмақ ойым. Есік сарт етіп ашылды. Арғы жағында әлем-жәлем боянып, әсем киінген келіншек тұрды.
– Қалайсыңдар? - дедім оның екі кештің ортасындағы сән-салтанатын жақтыра қоймаған сыңай танытып салқын дауыспен.
– Сәлем! Сәрсен, маған көмек керек кезде келе қалғаныңды қарашы! Осы сенің көріпкелің бар шығар! - деп үйріп әкетіп барады асауым.
– Не көмек керек болып қалды?
– Кірсеңші алдымен,- деп киім ілгіштің есігін ашты. Аяқ киімімді шешер-шешпестен, бірден қонақ бөлмеге тарттым еркінсіп. Ойым – ұлды көру. Теледидар даңғырлап сөйлеп тұр, бөлмеде бала жоқ.
– Жанболат қайда?,- дедім бірден.
– Жатын бөлмеде.
– Жаник! Саған өткендегі дядя келді,- деп ішкі бөлменің есігін ашты Айсара. Ар жақтан айналайыным көзі бақырайып шыға келді. Жан-жүрегім елжіреп, асау шешесіне де қарамай балаға жетіп барып құшағыма қысып, басынан сүйдім. «Бұл неғып қарсыласпай, мені жылы қабылдады?» дегендей әйелге де таңырқап қараймын. Дядя дегені жаныма жақпаса да сол сөзге бола, мына жылы сәттің шырқын бұзғым келмей.
– Сәрсен, мен корпоративкаға барайын деп едім. Жаникті қалай жалғыз қалдырам деп, енді мына көрші Сұлтанға айтқалы жатқам, жақсы болды сен келіп қалдың. Енді екеуің отыра тұрыңдар, танысыңдар, - деді де, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сұлтан дегені өткендегі бозбала болар деп ойладым. Тіпті жақсы! Қайта баламмен оңаша қалып, біраз жағдайды біліп алайын. Көп ұзамай, хош иісі көш жерге жетіп, сылаңдаған келіншек есіктен шықты.
Анасы мына жат кісіге неге қалдырып кетті деп үндемей ме, жоқ мұндайға еті үйренген бе Жанболат үстел басына кітаптарын жайып салып өзімен өзі әуре. Мен диванға жайғасып алып, қолыма жіңішке пультті алдым да қызыл түймесін басып теледидарды сөндірдім.
– Сабағыңды оқи ғой!,- дедім ұлыма қазақша. Анасына ұқсап тілімді шайнап орысша сөйлеспейін деп.
– Ертең демалыс, - деп балам да тап-таза қазақша жауап берді.
– Әй, сен қазақша білесің бе? - дегенімді өзім байқамай қалдым.
– Иә. Қазақша оқимын ғой,- дейді.
– Онда неге шешеңмен орысша сөйлесесің?
– Ол «қазақша мамбеттер сөйлейді» деп сөйлемейді.
– Сен қазақшаны қайдан үйреніп жүрсің? - деп таңырқадым шынымен.
– Әжем мен атамнан.
– Олар қайда?
– Айдарлыда.
– Айдарлы деген қайда?
– Ол атамның ауылы ғой! – дейді, «соны да білмейсің бе?» дегендей көзі дөңгеленіп.
– Ойбай, құлыным-ай, қазақша сайрағаныңнан айналдым! Сабағың қалай? - деп жанына жетіп барып, құшағыма қыстым.
– Бәрі бес!
– Сені ана шалақазақ шешең неге орысша оқытпаған? - деп таңданып сұрадым.
– Мен орысша білмеймін ғой, ауылдан енді келдім - деп ыржиды балам.
Тілі таза қазақша! Өзі көкемнен аумаса! Тақылдап тұрғаны да маған тартқан! Менің балам болмай кімнің баласы болады! Маған ДНК дегеннің керегі не!
– Жанболат, осы сенің фамиляң қалай? - дедім аяқ-астынан әлі таңырқауым басылар емес.
– Дайыров!
– Дайыров! Шын ба?! – деп, қуанғаннан айқайлап жібергенімді білмей қалдым. Баланың жанында бала болғанымды-ай!
– Шын! – деген баланың үлкен жанары айқайлап қуанған үлкен кісіге қадалып қалды.
– Айналайын мамаңнан! Саған менің тегімді берген! - деппін, өмірімде бірінші рет Айсараға жан-тәніммен риза болып.
– Сен менің ұлымсың, білесің бе?! – деп, баланы бас салып көтеріп алып шыр айналдырдым. Бетінен сүйіп-сүйіп алып жерге түсірдім.
– Аға, сен менің әкемсің бе? - деді енді ұлым таңырқап.
– Иә, мен сенің әкеңмін! - дедім даусымды жуандатып шығарып, кеудемді кере.
– Сен неге бұрын келмедің? – деп, бала ақырын сұрады, әкесін шошытып алмайын дегендей сыбырлап, әлде өзі сол сөзге сенбей сыбырлап тұр ма еді. Ал, ендеше! Енді қайттім?! Не деймін?!
– Мамаң қашан келер екен, ә?! – деп, баланы басқа сөзге айналдыра қойдым. Өзім сол сәт Айсараны сағынып кеттім. Ол сезім мына тақылдаған ұлды туып, әрі оған менің тегімді бергенінен болар. «Қанша асау десе де ақылды тентегім!» деп, біресе ризашылықпен ойлап, біресе «осы уақытқа дейін қайда жүр өзі. Неғып бітпейтін сауық?» - деп, ренжіп отырғанымда есіктің қоңырауы сыңғырлап қоя берді. Атып тұрып есікке жүгірдім. Ашып қалып едім:
– Жігіттер, қалайсыңдар? – деп, шала мас әйел кіріп келді. Ішімдік иісі кіреберіс бөлмені алып кетті. Бойымдағы бағанағы тәтті сағынышым мен ризашылығым бір демде ізім-қайым жоғалды. «Бұл өстіп еркін қыдырып, ішіп жүрсе, мына баланың күні не болады?» деп ойлап, ашу қысып:
– Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? - деп қатты айтып жібердім.
– Не кричи! Ты мне не муж! - деді теңселіп тұрған келіншек.
Өмірімде әйелдің мұнша ішіп, шайқатылып тұрғанын көрмеген едім, әрі менің баламды тәрбиелеп отырған анасының мынандай қылығынан шошыған менің жұдырығым жұмылып барып ашылып, өзімді сабырға шақырдым. Ұлымды әрең тапқанда, анасын сабап тастасам, жалғызымның жүрегіне жазылмас жара салмаймын ба? Онсыз да «Менің балам! Өзім үшін тудым!» деп тепсініп отырған әйелді де бірден үркітіп алғым келмеді. Осы уақытқа дейін ешкім бетіне келмей, тұл байталдай, шаң тимесе жан тимей жүрген адуынды әйелге қол тигізбек түгілі, басынан асырып сөз айтып көр!
Содан ұлымның анасы болғаны үшін ғана тексіз қатыннан жеңіліп, баламды көкірегіме бір қысып, маңдайынан бір сүйіп есіктен шыға бердім.
YІІІ
Соңғы жылдары әлденеге көңілі бітпей, шыбын ызыңы естілмейтін үйде өз-өзінен бұлданып, жанын жегідей жеген бір мұңынан арыла алмай аһылап-уһілеп жүретін апам менің мына жаңалығымды естісе, қуаныштан талып түсетін шығар. Келіні де жұмыста. Әу дейтін пенде жоқ, құрқұлақ отырғанда кейде ойдан-қырдан естіген, өтірік-шыны аралас қай-қайдағының басын шалып, қысыр әңгіме айтып беріп алдандырамын. Ол қамзолының күміс таналарын ағытып тастап, орамалының алқымына байланған жерін шешіп қойып, қызылкүрең шайды сораптай ішіп, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қалады. Назар аударып әңгіме айтпаған күні бір уыс болып, шөгіп көк диванның бұрышында отырады. Мен қажып келген күні қабағыма қарап, қабырғасы қайысатындай.
Ал, мына жаңалығымды аналы-балалы екеуміз оңаша қалғанда өте сақтықпен жеткізбесем, шынымен, апам есінен танып қалар. Жансұлудың да бара қалар құшағын жаяр туыс-туғандары алыста. Баяғы жас кезі емес, құрбыларына сырласып қайтпаққа жүгіріп кететін. Жұмыстан келген соң, үйден шықпайды. Оған әзірге бұл жан-сырымды ақтаруға болмайды.
Үйреншікті күндер. Қалыптасып қалған жөнімен жылжып жатыр. Сәрсенбінің сәтіне дедім де, жұмыстан күндегіден екі-үш сағат бұрын оралдым. Кілтімді сылдырлатып ашып, кіріп келе жатыр едім, апам намаздыгер оқуға дәрет алып жүр екен.
– Сәрсенжан, бүгін ерте қайтқанбысың, құлыным? - деді аяғындағы шәркейі дауысымен бірге тырпылдап.
– Иә, апа! - дедім де, асығыс төрге оздым. Қонақ бөлмеде ешкім жоқ. Ас үйге бас сұқтым, ешкім жоқ. Қол шаятын жерге барып беті-қолымды суық сумен шайып жібердім де, апамның жатын бөлмесіне келдім. Намаздыгерін аяқтаған анам төр алдында батсайы көйлегі маңайында төгіліп, ақ жаулығы көк қамзолының иығын жауып, тәспісін тартып отыр екен.
– Апа, келініңіз әлі келмеген бе? – деп, еркелеп жанындағы дәу құс жастықты құшақтап жантая кеттім. Анам жұмсақ қолымен басымнан сипады.
– Бүгін шаруаң аз болды ма? - деді.
– Бар болса да тоқтатып қойып үйге келдім.
– Не болды, бір жерің ауырып тұр ма?! – деп, басымды бұрынғысынан жайлап сипады. Шіркін, ананың алақаны! Басымнан өткен табы жан-дүниемді жылытып, бойымды балбыратып қара табаныма жетті. Әңгімем басталмай жатып, маужырап ұйықтап барамын. «Көз шырымын алып алсам ба, екен! Жоқ, болмайды. Мен өстіп рахаттанып жатқанда, Жансұлу да жұмысынан ерте келіп қалса, шешеме ширек ғасырдан бергі арманының орындалғаны жайындағы жаңалығымды дұрыстап жеткізе алмаймын ғой. Кәрі жүрек көп қуана бермейді. Ал, мына құдай тілеуін берген сәтті өте байқап, бабымен айтуым керек». Соны ойлағанда ұйқым шайдай ашылып кетті де, басымды көтеріп:
– Апа-ау,- дедім, баяғы бала күнгідей тәтті бір дауыспен. Үнімдегі үлкен махаббат анамның жанын дір еткізді ме:
– Ау, құлыншағым, - дегені менің де жүрегіме майдай жақты. Тура бала мысыққа ұқсап апамның иығына сүйкеніп:
– Апа, Құдай тілеуді береді деп отырушы едің ғой. Соңғы кездері соныңды айтпайтын болыпсың...
– Е, шырағым-ай, Құдай жомарт қой, құлағына жетсе құр қалдырмайды. Бірақ менің жалғызымның жапырақ жайғанын көрсем деген тілеуім жетпей жатыр ма, ауылы алыстап кетті ғой сол тілеуімнің орындалуының, - деп терең күрсінді. Қыстың қысқа күнінен терезенің жарығы азайған ба, аяулы анашымның маңдайындағы әжімдері одан әрі тереңдеп, жүзі қарауытып көрінді. Орамалының астынан ақ шаштары бұрқырайды.
– Кеш те болса бір берер деген үміт бар ма, әлі?
– Адам өлгенше үміттенеді, - деп, ауыр денесін көтеріңкіреп барып, маған ерекше назар сала қарады.
– Иә, апа, үміт үзілмейді, - деп қойдым мен де, ақсақалға ұқсап. Шындығында жаңалықты қалай бастарымды білмей, сарсаңға түсіп отырмын. Апам да шіркін, сұңғыла ғой:
– Не болды? Төсек жаңғыртып, тіршілігіңді қайта бастайын деп отырмысың? - деді менің ішіме кіріп шыққандай.
– Солай болса ше? – дедім, байқай сөйлеп.
– Е, мен саған осыдан он жыл бұрын айттым ғой. Оны тыңдаған ұл бар ма?! Құдайға шүкір, тұқымсыз емеспін, қыздардан. Бірақ еркек баланың жөні бөлек қой. Әкең айтпақшы, өз тұқымымыз құритын болды ғой. Қыздардың балаларын бағамыз – ол жат жұрттікі, - деп, тағы бір терең күрсінді.
– Апа, сізге бір сыр айтайын, тек екеуміз ғана білейік, әзірге,- деп, бір сырғып жақындадым. Анам елең етіп, орамалынан оң құлағын шығарып, басын бұрды. Соңғы жылдары кәріліктен құлағы нашар еститін болып барады. Мені не айтады екен деп, тағатсыздана қалды.
– Сол баяғыда сен қақсай берген соң, бір келіншекпен жақындасқам. Мінезі асау екен деп бір жылдан соң тастап кетіп едім. Жақында соны көрдім, - деп, біраз үндемей қойдым. Апам да бір сырбаз ғой, үндемей тыңдап отыр. Ары қарай жалғастырдым:
– Сол бір еркек баланы мектепке тасып жүр екен, - дегенім сол еді, апам:
– Е...,- деп, елең ете түсті.
– Артына түсіп баланы көрейін деп едім, - деп созып қоям әдейі.
– Ол саған қарап жүре ме, байға тиген шығар, - деп апам шорт кесті.
– Апа, оның шайпау мінезімен кім алады? - деп едім,
– Олай деме, тесік моншақ жерде қалмас деген, - деп, мат қойды.
– Апа, үйіне дейін бардым. Байға тимепті, баласын бағып отыр екен.
– Е, ол баланы кімнен туыпты? - деді апам, көзі ежірейіп кетіпті.
– Апа, сол бала бар ғой, - деп біраз апама қарап тұрдым.
– Ей, айтсаңшы созбақтамай,- деді жақтырмай.
– Сол бала, көкемнен аумайды! - деп қойып қалып, мен оған «мат!» дедім. Апам денесін түзеп, басын суыр құсатып қақшитып алып:
– Қойшы-ей! - деді де, маған қадалған қалпы үндемей қалды.
– Апа, ақ самайлы саған, осы жасқа келгенімде өтірік айтып не бопты? - деп қоям. Бір кезде байқұс шешем:
– Әпкел оны! Мен біздің тұқымды жазбай таныймын! - деді.
– Апа, оның тегі –Дайыров екен, - деп едім, ол:
– Дайырүп! – деп басын қақшаң еткізіп, бір сәт тілден айрылып қалды. Сосын қос алақанын көкке жайып:
– О, жомарт Аллам! Сенің бір рахымыңды салатыныңды білгем. Дәл қәзір өліп кетсем арманым жоқ! – деп, дауыс салып жылап жіберді.
Не істерімді, қалай жұбатарымды білмей, есім шықты. Апам арғы-бергіде өткен ата-бабаларының аты-жөндерін түгендеп әруақтарға алғысын жаудырып, әлі жылап отыр. Жансұлудың оралар уақыты болып қалды. Апамды сабырға шақырмасам, ол келіп қалса не деймін.
– Апа, қойыңыз енді, қазір Жансұлу келсе не дейміз? – дедім, екі қолын қаусыра қысып.
– Жасырмаймыз, айтамыз баламыз бар деп! - деді апам маған алая қарап. Осы уақытқа дейін мен әдейі айтпай келгендей.
– Апа, әзір оған айтуға ерте. Баланы шешесі бізге ұстатпайды. Менікі деп отыр, - дегенім сол еді:
– Ез! – деп ұрысты: – Сен әкесі емеспісің! Неге тек оныкі болады, апар мені! Тартып алам! - дегенге көшті. Басым бәлеге қалатын болды. Шошып кеттім. Анамды алдай бастадым:
– Апатай, бірден бассалсақ үркітіп аламыз. Алдымен менікі екенін дәлелдеп барып аламыз, - деп.
– Сен ол келінді мына босағадан аттаттыр! Сонда бала біздікі болады! - деп бұйрық берді, Айсара келе қалатындай.
– Дұрыс айтасыз. Әзірге Жансұлуға айтпаңыз. Мен ертең барып олармен сөйлесіп келейін. Одан соң Жансұлумен келісеміз, - деп, аш бәледен қаш бәле десем:
– Жансұлудың балада не шаруасы бар, өзі бала көтермеген соң?! Қуып жібермегеніңе рахмет айтсын осы күнге дейін! - деп күшейді.
– Мақұл апа, ешкімге айтпай, бір-екі күн шыдаңыз, - деп жалынып, әрең тыныштандырып жатқанда, Жансұлу жұмыстан келді. Сыр бермей, кешкі асқа отырдық. Байқаймын, апамның жүзі жайнап, әжімдері жазылып, жанарына нұр пайда болыпты. Шіркін, ұрпақ! Адам да, тіпті жан-жануар да ұрпағы үшін қандай қиындыққа шыдамайды, қандай ерлікке бармайды. Ширек ғасыр түндерде ұйқысын бөліп Алладан тілегенін бергенін естіген апам тамақтан соң орнынан тұрғанда, белінің бүкірейгені де жазылып кеткендей болып, қайқаң қағып құптан намазын оқуға кетіп бара жатты.
ІХ
Жазған құлда жазық жоқ деп балам үшін Айсараның босағасына тағы келдім. Темір есіктен кіре алмай, қанша тұрғаным аздай, маған ісі түсіп тұрмаған соң, Айсара есікті ашқысы келмеді. Үлкейткіш тесіктен сығалады да менің жалпақ бетімді көріп, ары кетіп қалды. Қоңырауды ұзақ бастым. Ашпады. Жарты сағат тұрдым баспалдақтың сүйенішіне асылып. Қоңырауды тағы бастым. Тіпті, есікке келіп сығаламады да, мен екенімді білді. Есіме көрші бозбала түсті. Оның қоңырауын басып едім, тесіктен де қарамай есікті ашып жіберді. Мені көре:
– О, аға, Ассалаумағалейкүм! – деп, қос қолын созып амандасты да:
– Қош, келдіңіз, төрлетіңіз! – деп, қонақжайлылық танытты.
– Рахмет, Сұлтан, - дедім, жігіттің есімін өткенде Айсара айтқан. Соны білетінімді байқатып. – Мен мына көршілеріңе келіп едім, есікті ашпай жатыр. Маған бір жақсылық жасашы, бауырым, қоңырауын басып мені кіргізіп жіберші, - деп өтіндім.
– Жақсы, аға,- деді де, аяғына шәркейін іле салып, маған ере жөнелді. Қазақы мінез деген осы, «неге сізге ашпаған есікті, мен аштыруым керек? Болмайды, тіпті мен сізді толық танымаймын ғой», деген де жоқ. Бауырмалдығы сондай, қолынан келсе көмектескісі келіп тұрады.
– Сұлтан! – деп, есікті ашып қалған Айсара, жігіттің артында тұрған мені көріп тіксініп қалды. Бірақ есікті қайыра жауып алған жоқ, абырой болғанда.
– Тәте, ренжімеңізші, ағай подьезде турғалы көп болды. Бүгін түн суытып барады ғой, - деді де, өзі пәтеріне қарай тартты. Мен қолымдағы үлкен сөмкемді сүйретіп ішке кірдім де:
– Қалайсыңдар? – деп, жалпылай амандастым.
– Сәрсен, сенен бұл үйден басқа жаққа көшіп кетпесем құтылмайтын шығармын,- деді Айсара бұлданып.
– Дұрыс айтасың, басқа жаққа көшесің,- деп тиісе, сырт киімдерімді шеше бастадым. Айсара менің енді шығып кетпесімді біліп, ас бөлмеге тартты. Ұлым көрінбейді. Мойынымды созып қонақ бөлмеге қарап қоям.
– Кел, шәй қояйын ба? - деді асауым, қайдан күн шыққанын.
– Бала қайда? - дедім алдымен.
– Ана бөлмеде дэнди ойнап отыр.
– Мен барып сүйіп келейін, - дедім де, ұлыма тарттым.
Менің жарық дүнием жатын бөлмеде ойнап отыр екен. Есіктен енген мені көре:
– Аға, келдіңіз бе? - деп қуанып, орнынан атып тұрды.
– Келдім! – дедім де, көтеріп алып құшағыма қысып, төбесінен сүйдім. Иісі жүрегімді ерітіп, жанымды жадыратты.
– Саған мен конструктор әкелдім,- деп, есік алдындағы үлкен сөмкені ашып дәу қорапты алып бердім.
– Мәссаған! - деп қуанған балам қонақ бөлменің ортасына отыра қалып қорапты аша бастады.
Айсараға алып келген «Жадор» деген француз әтірі мен «Мэрси» деген конфет пен шампанды қолыма алып ас үйге келдім. Ол барын дастарханға салып, шәй әзірлеп жатты. Сыйлығымды көріп:
– О, Сәрсен мырза, сыйлық алуды үйреніпсің ғой!,- деп күлді.
– Ұл тапқан анадан нені аяйын! – деп, мен де бөсіп жатырмын.
– Сәрсен, ол ұл сенікі деп кім айтты? - деп қасарысады ғой.
– Мен айттым! Әйтпесе неге тегі Дайыров?!
– Сәрсен, менің атамның аты Дайыр, - деді мырс етіп. Жүрегім дір етіп, қаным басыма шапты. Мына қатын мені жындандыратын шығар!
– Айсара, қандай атаңның? - деп айқайлап жібердім.
– Нағашы атамның! - деп ол да қайтпайды сазарып.
– Неге біреудің баласын нағашыңа жазасың!
– Жазбай ше? Әкесі берекесіз болса!
– Әкесі хабарсыз болса, де! - деп түзеттім өзімше.
– Қандай болса да, әкесі жоқ! Сондықтан өз қалауымша жаздым! – деп, лезде баяғы долы қалпына түсіп алды. Айран көзі ежірейіп, жалқын сарыға бояған шашы жалп-жалп етіп, бетін жауып кетті. Желеңінің омырауы алқам-салқам. Еркектен аяғын тартар емес.
– Айсара, менің сабырымды сынама. Сотқа берсем де осы баланың әкесі екенімді дәлелдеймін! Менің жыныма тимей, жөнге кел! Маған тием десең, баламен алам. Тигің келмесе, тегін маған жаздыр, мына үйіңнен жөндем үйге, қазіргі салынып жатқан кең, орталықтағы үйлерден пәтер әперем, сонда көш! - дедім істі сағызша созбай, басын ашып алайын деп. Жаңа ғана көгеріп отырған әйел бірден:
– Өтірік айтасың! – деп сенбеді. Мұндай ақымақты кім көрген!
– Неге өтірік айтам? Тисең – алам!
– Жоқ, сені неғылам! Осы свободам артық! – деп, өзінше шалқая қалды.
– Балаң бар, енді байың болады. Жақсы емес пе, отбасылы болған!
– Маған отбасы керек емес! Балам бар, болды! Сен пәтер әпересің бе? - деп саудаласты.
– Әперем, егер бала шынымен менікі болса,- дедім.
– Қазір! – деп, ішкі бөлмеге кетті де қолына туу туралы метіркені ұстап, қайта келід. Өзінше түсін жылытып, маған күле қарап:
– Міне!- деп ұсынды.
О, тоба! Сенейін бе, сенбейін бе! Құжатта әкесі – Сәрсен Жоланұлы Дайыров. Есім-сойы – Жанболат Сәрсенұлы Дайыров деп тұр. Анасы – деп Айсара жазылған. Туған жылы да екеуміз жүрген жыл. Туған айы – шілде. Қолым дірілдеп, көзім бұлдырап үш қайтара оқып шықтым. Айсара болса, жағын таянып маған масаттана қарап отыр.
– Жаңа нағашы атамның аты деп едің ғой, - дедім басқа сөз таппай.
– Жәй, сені жындандырайын дедім.
– Неге менің атымды алдың? - деп сұрадым.
– Енді әкесі сен болған соң, - деп, күліп қояды.
– Саған қалай рұқсат етті, менің құжатымсыз?
– Ақша берсең бәрін сатып алуға болады ғой, - деп қояды.
– Басымды сонша қатырмай, бірден неге айтпайсың?
– Менің де жеті жылдан бері басым қатып жүр ғой. Сенің де басың қатсын дедім, - деп менен өшін алғандай масайрап тұр.
– Айсара, мен бүгін барып анама, қарындастарыма айтам. Сен маған тиесің бе, жоқ па?!
– Айттым ғой, ти-мей-мін! Балаңа көмектессең болды, - деп, кесімді сөзін жеткізді.
– Онда мен уәдемде тұрып, пәтер алып берем! Баламның менімен, туыстарыммен араласуына, оның тәрбиесіне біздің араласумызға кедергі болмайсың, осыған келісесің бе? - дедім мәселенің басын ашып алайын деп.
– Келісем! Бірақ баланы тартып алмайсың! – деп, өз қорқынышын білдірді.
– Жоғаа, мен анадан баланы айыратын ондай қатігез емеспін. Баланы қалаған уақытымда үйіме апарып, жаныма ертіп жүрем басқа әкелер сияқты. Ұл балаға еркектің тәрбиесі керек, - дедім, менің де енді жолдастарым құсап ұлымды спортқа, балық аулауға, тіпті моншаға алып барып жүретінімді елестетіп, масайрап.
– Жарайды, тек сен біздің жағдайымызды жаса! - деп шарт қойды.
– Жасаймын! Не бопты, Құдайдан тілеген жалғыз баланың жайын ойламай? – деп, еркекше жауап бердім де, - Айсара, менің де саған бір шартым бар, - дедім.
– Қандай шарт? - деп шаңқ етті.
–Өткендегідей ләйліп арақ ішкеніңді қоясың! Менің ұлымның анасы ішкіш болғанын қаламаймын.
– Мен көп ішпеймін ғой, - деп, мүләйімси қалды.
– Түк ішпейсің! Әйел араққа тез беріледі. Содан соң оны тоқтату қиын болады. Ішкен әйелді аналық құқықтан айыратынын білесің ғой.
– Сен мені неге қорқытасың? – деп, қайтадан ежірейіп шыға келді. – Айсара, сен енді менің заңды әйелім болмасаң да, жалғыз баламның анасысың, өзіңді дұрыс ұста. Әрі мені сыйла, әкіреңдей бермей. Екеуміздің қарым-қатынасымыз балаға әсер етеді, - деп, бастырмалатып жібердім. Үндемей қалды.
– Енді ана бөлмеге барып баламызға менің әкесі екенімді өзің айтасың. Мені «Әке» деп атайтын болады. Сен де «Сәрсен», деп сұңқылдай бермей, «Сәке»,- деп сызылып тұрасың. Енді сендер менің отбасымсыңдар. Екеумізді тағдыр қосып отыр, - деп едім,
– Ой, Сарсен, ты тоже! Қалай Сәке деймін? – деп, майысып қалды.
– Дейсің, қойныма жаттың, бала таптың! Енді сол баланы сүйіп рахаттанып отырсың, - деп, әзілдесіп ұлымыз отырған бөлмеге бет алдық.
Х
Әкемнің тапсырмасын толықтай болмаса да, жартылай орындап келем. Қанағат пен Дәурен ұлым барын естіп, қуанып: «Енді той жаса, ағайынға балаңды көрсет» деді. Анам да: «Біз де бір «ұл той» жасайық, алдымен немеремді өзіме көрсет те, содан соң ағайынға той жаса» деп, есі шығып қуанды. Қанша қиналсам да, Жансұлуға жаңалығымды жеткіздім. Ұзақ жылдар айнымас, қимас жан болған жарым анамнан кем қуанбады. Сонда да, әйел емес пе:
– Енді жас қатының мен балаңа кетесің бе? - деп сұрады жанары суланып.
– Е, жоға-а! Ұлдың шешесіне «қатын үстіне алайын» деп едім, «тимеймін» деп тулап шықты. Жаман шалың сенен басқа кімге керек? – деп, көңілін бірлеп тастадым.
Дәурен досым:
– Сәкебай, ұлың бары жақсы ғой, сонда да сенің жас әйелге қосылғаның дұрыс. Жанболат тұңғышың, төлбасың болады. Әлі жассың, қайратың да, дәулетің де жетеді тағы бір отбасын асырап, тұқымыңды жаюға, - деп қоймады.
Өзінің бәйбішеден бес баласы бар. Ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып, ақар-шақар өсіп-өніп, немере сүйіп отыр. Аттыға еріп жаяудың таңы айрылыпты дегендей, бақытты жанға еріп, «ойдағымның бәрі бола қалады» деп, асып-тасып кетпейін дедім. Біздің елде «мұсылманшылық әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген бар. Сол айтқандай, алдымен осы баламды сіңіріп алайын, Аллаға шүкір деп. Содан досыма:
– Ойланайын, алдымен Жанболатымды үйіріне қосып алайын, - деп қойдым көңілін жықпай.
Анам немересін сүйіп, құшағына алып жатып, мейірі қанды. Қарындастарымның қуанышын айтып жеткізе алмаспын. Ағайынға ұлан-асыр той да жасалды. Әйтеуір, сыртымнан айтылатын «құйрық-жалсыз, тұқымсыз Сәрсен» дегеннен құтылдым. Ұлымды жұма күні мектептен алам да, сенбі-жексенбіде қайда барсам да ертіп жүрем. Ол да «Әке!» деп соңымнан қалмайтын болды.
Жарты жылдай ұлымды қызықтап болды-ау дегенде Дәурен баяғы жырын тағы бастады. Бір күні үйіне шақырып балдызымен таныстырды. Есімі – Жадыра екен. Атына сай жадырап тұрған, қоянның көжегіндей әппақ, сүйкімді. Дәурен досым: «Есік көрген деме, бір баласы бар деме. Өмір көрген де. Сенің жағдайыңды, ұлыңды, Жансұлуды бәрін біледі. Бір шаңырақты ұстауға ақылы жетеді. Ортада бірдеңе болып жатса Жансұлуға береді. Құдай берсе топырлатады»,- деп, кепілдік беріп қоймады.
Көңіліме жағып тұрған соң, көп ұзатпай сөз салдым. Ол да қарсы болмады. Апама келіп айтып едім:
– Айттым ғой, жомарт Құдай берейін десе ерте-кеші жоқ. Енді Аллам кіші келіннің етегінен жарылқасын! – деп, бата берді. Жас болса кетіп барады, төбеде ақ шаштар қылтия бастады. Уақытты оздырмайын деп, анам бастап барып құда түсіп, Жадыраны үйге кіргізіп алдық. Шариғат жолымен неке қиылды. Жансұлу жүр абысынға ұқсап. Жадыра томпаңдап ертелі-кеш бір тынбайды. Анамның шынайы бақытты болғанын көргенім осы.
– Сәкебай, мені енді Меккеге үлкен қажылыққа апаршы,- деп өтініш жасады. Әкеме берген уәдемді орындап едім, сонда да анадан нені аяйын? «Арқалап апар» десе де барам ғой. Ал, барайық деп құжат жөндетіп жатқанда, Жадыра жақсы жаңалығын жеткізді.
– Сәке, таңертең дәрігеріме барып едім, «құрсағыңыздағы егіз болады деді», - деп қуантты.
– Не дейт! – деп, келіншегімді көтеріп алып, сүйе бердім.
– Апама жолдан келген соң айтайық, сіз қуанып жүрсін деп, алдымен жеткізгенім ғой, - деп қояды майысып.
Апам айтқандай, Алла жомарт қой, күзге қарай Жадыра бір ұл, бір қыз босанды. Анамның бақытын сипаттап жатпасам да білесіздер, сол қуаныш сіздерге де жұғысты болсын!
Бір жетіден соң қос шарананың біреуін Жансұлу, біреуін Жадыра көтеріп перзентханадан шықты. Сол күннен ұлымыз Жансұлуға, қызымыз өзімізге тиісті болды. Жанболат келсе, әжесінің бауырына кіріп кетеді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар ғой, екі әйелім дархан мінездерінен әпкелі-сіңлілі, ағайынды қыздардай болып, күллі әулет бір шаңырақ астында өсіп-өніп жатырмыз. Әкеме о дүниеде берген барлық уәдемді орындап, мен нағыз бақытты еркек болдым.
Қазір ойлаймын, «мен осы о дүниеге барып келмей-ақ, о бастан өмірімді реттеуіме болар еді-ау» деп. Тентектігімнен бе, аңғалдығымнан ба, төрт құбылам тең, жас кезімде ертеңгі күнімді ойламай жүре беріппін. Құдірет, шарапаты мол Жаратушымыз о дүниеге бір апарып, алып келіп қана бұл дүниедегі адамдық, еркектік парызымның бар екеніне көзімді жеткізіп, мойындатыпты-ау!
Апам айтпақшы: «Алланың пендесіне деген сүйіспеншілігі шексіз» ғой, шіркін! Ер адам ұсақталмаса, одан қалар ұрпақ та қуатты болатынына осыдан кейін көзім анық жетті.