Анам Шәменнің
(Шәмсия) рухына
Күн көкжиектегі ұясын тастап шықты. Сынық сүйемдеп ктеріліп еңсесін тіктеді де, дүниенің бәріне мырзақол сахилықпен өзі жағып шыққан қызғылт сары бояуын енді біртіндеп өзі сүртіп ала бастады.
Көктем қуатына мінгесін қысыр бұлттар саяқтың үйіріндей бұлтыңдап қашып байыз таппайды.Қос жағалауын толқын тілімен жалап, шымырлап Шора өзені кетіп барады. Үкілібас қамыстың сыбдырынан үріккен ақ маңдай қасқалдақ бір топ балапанын қақпайлап қиялай жүзеді. Бар жаһанның салмағы өз иығына түскендей бір мақтаншақ әупілдек қалың ішінен «Әуп!» деп дауыс көтерді де, жым-жырт қалды.
Арғы жағалауда жарбиып қаннен-қаперсіз жалғыз үй тұр. Үй іргесінде қабырғасын санап алғандай жетім құлын жүр. Онысы күншуақ жалғыздап суырып берген көгораймен қоймай тістесіп жатты. Қозыкөш жерде қыр басынан, жапырық інгеннің жабуындай боп, күн жеп тоздырған молалар қарауытты.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!
– Се-ні күт-кен еш-кім жо-оқ!
Жағалауда емініп тұрған үйелмелі-сүйелмелі қарындасы – ағасына, ұл – шешесіне, әйелі – есқара көріп күйеуіне назар бұрды. Күйеуі түскір көзін өзеннен секіртіп, жаңбыр кеміріп тастаған молаларға қарады.
Өзара сүйеніш тауып, иін тіресіп қалған өлі ауылдың орта тұсынан ақ жаулықты біреу бас көтерген сынды. Әлде қанатын қызықтаған ақ шағала ма? Жалт етіп жоғалып тасаға түсіп кетті.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!
* * *
Күн тас төбеде әткеншек теуіп тұрды. Екі ұртын томпитып бақа шулады. Су жылынған соң сыңарын іздеп, күйек үзер дәме-дағы. Аллам-ау, балдыр арасынан басы ғана қылтиып жүріп айғырлық мұның не теңі?! Құры! Балауса құрақты пана тұтқан өрмекші шатыраш тор құрып ойнап еді, онысына қан-сөлсіз бытықанадан басқа жәндік ілінбей діңкелетті. Талтаңдап шауып,ақыры талықсып құрақтың сыңар құлағына жасырынды. Әупілдектің жамағайыны, жылтиып көкек көрінді.Қайық күтіп өндіршек созып тұрған төртеуді менсінбей, жалғыз түп бұтаға құйрығын төсеп қонды. Көңілшек қасқаның жатынын жұмыртқа қысып, жат ұя іздеп жүргені шығар.
– Кө-кек!
Даусы сүйкімді екен. Көктемнің кемпіршуағына арқа төсеп құтырып қал! Сенің шешең молада жатып, Шораны кешіп жете алмай зарығып тұрған жоқсың ғой...
– Кө-кек!
– Санашы, енді қанша ғұмырым қалды екен?
Тілін шайнап, бұтаға бұқты.Бұқ, бұқ!Қанша қалғанын өзім де шамалаймын...
Арғы бетте көгораймен айтысып жатқан жетім құлын бас көтеріп кісінеді. Жазған-ау, сен көкек емессің ғой... Бүйірі шығыпты. Жабағы жүні түсіп, бүйірі бұлтиған соң шешесі жатқан есіл қырды бұл да ұмытып кеткен. Есі кіргені кеше ғана.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!
* * *
Күн батысқа еңбектей жығылды. Бұл күдер үзіп, оң алақанын төсеп, өзен суын сапырып ішті. Шөлдеген жоқ-ты. Тек өкпе-бауырын бір таба шоқ аққұмандай ғып бұрқ-сарқ қайнатып жатты. Ақмаңдай қасқалдақ бір қора бала-шағасын ертіп нарқамыстардың арасына сыналай енді. Шағын орамалын шаршылай тартқан ақ келіншектің әдемі жүзіне ұсақ-ұсақ діріл боп кеп кірбің қонды. Қаладағы саялы үйін аңсады. Жуылмай қалған кірін, жабылмай жатқан тосабын ойлады.Үлпілдеп тұрған үрпекбас ұл ойша Ыстықкөлде шомылып жүрді. Тау жағалай біткен нарша қарағайларды айтсаңшы! Арманыңа мінгізердей желкенін желбіреткен ақ кемелер ше? Қайыру бермей қашқан қиялын әрең тежеді. Ортада аунап аққан қайырсыз өзенге тағы да қараптан-қарап кектенді.
– Иттің өзі шыдамай, шынжырына буынып өлер жерде туып...
Қара шашы қалың біткен тана көз қарындасы Қырымның жайлы жағалауын сағынды. Сырты бүрленіп қатқан, іші қос алақанның қуысындай ұлу қабығын теріп, тереңіне сүңгісе... Жылаңқы өзен мен жағаға жармасып біткен қамыс-қоғаға қашанғы телміруге болады?.. Әкесі де қызық!
«Шешем мені жар басына туып кеткендей, шіли жар жағалап жүретінім не осы?! Шіли, шіли...»
Мұның сыртына шықпай тұншыққан осы сөзін қапелімде естіп қалғандай жалғыз үйдің есігі сырқырай ашылды. Топсасы тозған, өзі қырық жамау сиқалы екен.Қысыр жыландай қайқаң қағып іштен бір келіншек шықты. Басына бір тұтам қызыл орамал жабысып жүр. Өткел бермес Шораға емініп төрттаған боп қалған бұларға аңтарыла қарап аз-кем кідірді. Сосын жағаға қарай алдымен емпеңдеп орамалы жүгірді. Соңынан аяқ-қолы шашылып кеп ықтасында ілініп тұрған жаңқа қайыққа жармасты.
* * *
– Ұйықтап қалыппын. Періште тербеткен шығар, – деді қызыл орамалы қисық байланған қалпы. Ұялыс танытқаны. Өңі күнқақты, қарасұр екен. Сүйірлеу мұрны оң жақ сырғалығына қарай қиыс тартып тұр. Қоңыр күлгін көзі тұнжырап буланған. Е,байғұс, байдан ерте қол үзіп, құмардан шықпаған-ау...
– Құлақтан жастай қалғанмын... Жалғыз үй, жесір қатын, жетім құлын боп тірлік кешіп жатырмыз. Шүкірі таусылмаған бір қауым елміз, – деді самбырлап.Маңдай әжімі жазылып, ұл мен қыз күлістік атты. Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді.
– Ал отырыңыздар! Қараңғы түсіп кетер. Таяуын ағыстың ық бетіне құлаштай салған. Қайратына не берерсің, жаңқа қайық қарсы бетке жын қаққандай жөңкілді. «Дүниеге сыңар кіндік боп жаратылған тек сен емессің, – дегісі келген. – Анау әупілдек, мынау моланы дара құшып жатқандар... Сосын...» Саңырауға айқайласа, толқында билеген жаңқа қайық аударылып түсердей қорықты.
– Қатып ұйықтап қалыппын, – деді өзеннің орта тұсына келгенде ентігіп,– Түсім бе, елес пе, бір кішкене қара домалақ кекілді бала «Апа, тұр! Мен келдім, апа!» деп жұлқылап оятып жіберді.Көзінде кіреуке мұң бар екен... – Сосын мұның жүзіне жалт қарап, есіне әлдене түскендей, әлдекімді шырамытқандай қимылсыз қалды. Жүйткіген жаңқа қайық тағы да ықтай бастады. – Қап, мына өр суын қарашы, әл бергісі жоқ. Бір тұтам қызыл орамал екі иықтың ортасында ойнап, сырықтай таяумен тағы да арпалысып жатты. Санасына сартап қып жылдар бұқтырып тастаған сағыныш біртіндеп бой көтерген. Ішіне шым-шымдап жүгірген жылужаймен жылжып кеп жұтқыншағына қадалды.Құстың қоясындай бір түйіншек әрі де, бері де кетпей тұрып алды. Көзіне сақиналанып жас келген. Шарада шай қалғанмен төгілмеді. Кері жұтылып кетті. Кермек дәмі аузында қалып, құр тамсана берді. «Тым құрыса мына көңілін қайық қып төсеп жатқан бейшара әйелге бір ауыз жылы сөзімді қимағаным қалай?» деп ойлаған сосын.«Осы мен... Осы мен... мен бе?» деген дүдәмал сезім көптен бері иектеп жүрген. Дүниенің бәріне риясыз сеніп, аңғал көзбен қарайтын бейкүнә шағы, бәлкім,әлі күнге жалаң аяқ қыр кезіп жүрген де. Осы қырды... Балауса көңілдің бал құрағын аяусыз отап жіберген жастай киліккен қаланың ысы мен түгесілмес ызыңы ма? Әлде ойын да, арман, мұңын да өлшеулі қалыпқа салып,шемендей қатырып тастаған әлгі дулы да шулы ортасы ма? Бірақ бұл одан да қашып, кісікиіктеніп бітпеді ме? Жо-жоқ, қайтсе де бұл анық өзі емес. Көңілдің кірін,көздің сорын сыртқа шығармай ішіне құятын, сырты сырланып қалған басқа,тіпті басқа жан.Азан шақырып қойған аты ғана өзінікі. Соны куәге тартып жұртты алдап жүр. Әйтпесе,ширек ғасырдан бері қызылөкше боп өскен қырына, кешкен кемді күн қызығына, шешесінің мұны тоса-тоса тозаң боп кете жаздаған моласына бір соқпай қайтіп шыдаған?!
– Жеті түнде сескенбейсіңдер ме? – деді келіншек жағаға шыққасын даусын бәсеңдетіп. Иегімен өлі ауылды нұсқайды. Қолтығының астынан жетім құлын кісінеді. Үні жіңішке шықты. Уызына жарымай, емізікпен сүт ішкен жетімнің даусы қайдан жуан бола қойсын?..
– Рахмет! Ол қарақшысы жоқ жұрт қой.
– Қайтарда шай ішіп аттаныңдар. Жыңғылдың шоғын жайнатып қояйын. Су жағасы ғой. Үйде салқын сыз бар. Ешкімнен жауап тоспайтын сүйексіңді дағдысы шығар. Қызыл орамалы қараңғыға сіңіп көрінбей кетті.
– Танымады ғой,–деді даусы әріректен құмығып естіліп.
– Қайдан танысын, жатбауыр боп кетті ғой жазған бала...
– Құлын оқыранды.
– Жүр, үйге қайтайық!
Өзен беттен үрпекбас ұлының кекіл шашын үркітіп майда самал есті. Расымен Жалғыз еді... Елегізіп аспанға қараған. Шексіздіктің шеруіне ылғи жалғыз шығатын ай да айналаға күміс тозаңын төгіп тұрды.