РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ. НОБЕЛЬДЕН ҚАЛҒАН МҰРА

       Үш алып трактор бедірейіп жатқан бедеу топырақты жырта қарыс қазып, уыстап тартып әзер жылжып келе жатты. Жуандығы сасай бұқаның мойнындай шірей тартылған темір арқанға байланған мұнай соратын зәулім мұнара жер бауырлап жылжиды. Шілде басы май тамызып, күн тас төбеде теңселіп тұрған-ды. Су дәметкен бозторғай кішкентай қай­шыдай аузын аңызаққа тосады. Дәрмен таппай, шыр айналып ұшып кеп, ақыры жорға бүлкілмен жылжыған мұнараның ұшар басына қонған.
Жібек орамалдай желпілдеп бір орам жұқашап бұлт көрініп еді, мына үш алып­тың гүрілінен бас сауғалай қашты. Иен даланы көктей өтіп қазған алты табан орға түсіп кетсе, анау-мынау қозы-лақ шыға алмас. Қайта үш трактордың соңын­да ұшар басы көк тіреп қалтаңдап келе жатқан мұнарасы жеңіл қозғалатындай. Табанында тайғанақ дөңгелегі бар-ау, шамасы.
Кеш кіріп еспе самал бел ала алдарынан бозбала жолықты. Қолында бүйірі майысқан қара шелек. Шелектің бір құ­ла­ғында сынық сүйемдей байланған қызыл жіп қылтияды. Даланың тақтайдай айдау жолымен іздік шаң көтеріп кеп «Lіxus» тізгін тартқан. Қуығын зәр қысып келе жатты ма, тамағы қыздың жиған текше көрпесіндей қатпар-қатпар қа­рын­дысы аулақтау шығып ауын іздеп кетті. Жанындағы имек мұрын, сіліңгір қарасы тілге келді.
– Әй, бала, не іздеп жүрсің?
– Отынға жермай алайын деп.
– Жермайың кәдімгі мұнай ма?
– Иә.
– Ол қай жерде шығып жатыр? – деді ауымен алысып жатқан қарындысы кейінге мойын бұрып.
– Мына сордың етегінде.
– Молодец, өскенде мынау деген мұнайшы боласың!
Қолы етжеңді де кішкене екен. Бала бас бармақтың тек қылтиған тырнағын ғана көрді.
– Доссор қашық па?
– Екі қырдың астында жатыр.
– Айда, кеттік. Айттым ғой, ескі карта адастырмайды деп.
Доссор селосының күншығыс жақ бетіне жетіп зәулім мұнара тоқтаған. Жуандығы сасай бұқаның мойнындай шірей тартылған темір арқаннан босаған үш алып трактор ентігін басып, анадай жерге барып ошарылысты. Даланың тақтайдай айдау жолымен іздік шаң көтеріп жеткен «Lixusтың» соңынан көп кешікпеді, үш бірдей көкала вагон бой түзей қалысты. Пышырай өскен ақтікені аршылып, бір биіктеу төбе басына «Dossoroil» деген жазу жарқырай қонды. Өрістен қайтқан малды қарсы алуға шыққан ауыл адамдары қас пен көздің арасында көрші кеп шетелдік мұнай компаниясының қона қалғанын сонда бір-ақ білді.
Алыстан адым создырып келгендер вагондарына кіріп, тым-тырыс жата қалу­ға қымсынса керек, үрпиісіп тұрған дос­сорлық ағайындармен аз-кем таныс­тық бастады. Тамағы қыздың жиған текше көрпесіндей қатпар-қатпары Джонсон мырза екен. Компания басшысы. Ал, имек мұрын, сіліңгір қарасын партнері дес­ті. Ақшулан төс жүні бұрқырап иегіне жалғасып кеткені супервайзер. Іштерінде жатып-тұрып ақсайтын бір кемпір де жүр. Түймедей көк көзі шүңі­рейіп, семіп қал­ған. Шыңырау түбіндегі сарқынды судай әйтеуір бірдеңе жылтырайды. Өзге он­шақты еркек естерінде қалып жарымады. Ауыл әңгімесі ақсақ кемпірге ауып кеткен соң өзгеге мойын бұрғыза ма?
– Аспазы шығар, – деген бір әйел бота ұстап тұрып.
– Қой, бәрі бірдей аштан өлуге келмесе... Мынау қазан ұстап жарытпас.
– Біреуінің шешесі-дағы. Қарайласа­тын ешкімі жоқ. Қайтсін енді...
Бақса, бұл ақсақ кемпір Америкадағы аты әйгілі ғалым екен. Кесірткенің кереметтей білгірі. Қазақстан құмында әлі күн­ге аты ғылымға беймәлім кесіртке жүр деп естіпті. Мұрты тарам-тарам ұзын де­седі. Оны тапса, әлемді дүр сілкіндірер жаңа­лық міне, міне, ашылғалы тұр. Милли ханымның мына мұнай компаниясымен бірге еріп келгендегі басты мақсаты осы екен.
– Ойбай, мына тұрған түйеші Нағим күні бойы құм кезіп, кесіртке санайды, - десіп ауыл адамдары қашты-қуды ағыл­шыншасымен Джонсон мырзаны мәз етісті. – Ендеше, екі ғалымды бір қосайық. Өзінің кемпірі өліп, қутақым жүрген.
Мұны естігенде Милли ханым ғұмыр бойы күткен жаңалығын ашқалы тұрған­дай шаттанып, қызыл бет, нарттай шалды құшақтап, қияқ мұртын қайырып аузынан сүйген...
Ертеңіне қазақ жағы қаптады. Қат-қат қағазға қол қойылды, бармақ басылды. Кешікпей атшаптырым аумаққа ға­жайып кешен салынады. Сол жерден дүниенің төрт тарабына мұнай құбыры тартылады. Сөйтіп, қара алтынның бұла­ғы лақылдап кеп құйылады. Өндірілетін мұнайдың он пайызы осы елде қалады да, өзгесі шетел аспақ.
Тіпті, жұмысшылардың да он пайызын жергілікті мамандар құрайды. Міне, мерейіңді асырған, мәртебеңді тасытқан келісім! Қуанышы қойнына сыймаған қазақ жағы ақ түйе сойып, ұлан-асыр той жасап та жіберді.
Джонсон мұнай өндіретін зәулім мұ­на­раны мұнда тектен-текке жетелеп келген жоқ-ты. Бұған дейін Африка елінің сүт бетіндегі қаймағын қалқып ішкен. Бангладешке де бұрғы жүгірткен. Колум­бияның да қойны-қонышын ақтарған. Кувейтті де көргісі кеп еді-ау... Бірақ жоспары аяқ асты бұзылды. Бұзған осы жанындағы имек мұрын, сіліңгір қара. Мұның имек мұрнының иіс сезбейтін жері болса-ше?
– Швеция мұнай компаниясының архивариусы менің ескі танысым, – де­сін бір кеште «вискиге» мұз салып жатып.
– Ал, сосын?
– Ол маған құпия бір сыр айтты.
– Мә, құлағым!
– Оның қолында Нобельдің өз қолы­мен сызған карта бар екен.
– Рас па?
– Рас. Бірақ өте құпия сақтаулы!
– Не сұрайды?
– Қоя тұр. Ол орыс революциясына дейін Доссор деген жерден мұнай өндір­ген. Кейін орыстар қуып шыққан.
– Айтшы тез.
– Архивариустың әңгімесіне қара­ғанда мұнайды жерден шелектеп, бө­ш­келеп құйып алыпты да Гурьевке жет­кізген. Сосын Каспий теңізі арқылы...
– Құрсын! Негізгісіне кел!
– Сонда Нобель зерттеу жүргізіпті.
– Ал...
– Доссорда 7-14 мың метр аралы­ғын­да дүниежүзіне жететін жүз жылдық мұ­най­дың орасан зор қоры жатыр, депті.
– Мәс-саған! Орыстар неғып игермеген?
– Игергісі келген. Бірақ бұрғысы тұз қабатынан өткенімен 5 мың метрден аса алмапты. Сосын жылы жауып қойыпты. Тіпті, ұмытыпты деседі.
– Картаны қалай қолға түсіреміз?
– Көшірмесін алуға болады.
– Архивариус қанша сұрайды?
– 10 млн. доллар.
– Көп!
– Болашақта дүниежүзіне иелік ете­тін бизнесменге бұл көп пе?
Имек мұрын, сіліңгір қара отырған орнынан атша қарғыды. – Атақты Рокфеллер әулеті менің хабарымды зарыға тосып отыр. Ендеше...
– Тоқта, мырзам!..
Кесірткенің кереметтей білгірі Милли ханым менің теңім осы-ау дегендей, На­ғим­ды көбірек төңіректейді. Кесірткеден бұрын түйешінің бойын өлшеді. Қол-аяғын жаздырып көрді. Құлағынан тартты. Тілін шығартты. Енді қай жерімді қы­зықтар екен деп тұрғанда әйтеуір абырой беріп сонымен тоқтады.
– Жасың нешеде? – дейтін көрі­не­ді.
– Жетпіс сегізде!
– Мүмкін емес!
– Е, неге?
– Мынадай денсаулық аса дамыған ел адамдарында жоқ. Обориген түгел!
– Қайдан білейін.
– Не тамақ ішесің?
– Шұбат. Сосын ет пен май, қай­мақ...
– Көкөніс, витамин...
– Оларды мына түйе жейді. Түйені біз жейміз. Витамин деген сол емес пе?
– Неткен тағылық!
– Бұ жазғанның аяғына не болған? – деп енді бұл тілге келсін.
– Сіңірі тартылған. Жүйке жіптері байланған. Емі жоқ. Атақты профессор Фридманның өзі шарасыздық танытты...
– Тоқта, мырзам! Архивариус карта­ның шынайы екеніне куәлік ете ме?
– Сөз бар ма?
– Ендеше, түскен пайдадан аударып отырайық.
– Жоқ. Ақша офшорлық компанияға салынсын.
– Әкел қолыңды!
– Құпия картаның көшірмесі бір сағат ішінде алақаныңызда жатады.
Кешкі салқын самалмен Джонсон Нобель мұнай өндірді дейтін қазан шұң­қыр­ға барған. Ағаш мұнара қара май сіңіп, топыраққа отырып кеткен екен. Жұқанасы тұр. Анадай жерде орыстардан қалған мұнара қалқаяды. Астынан өнген су кептеп кетті ме, бір жағына қисайып қалыпты. «Коммунизм победит!» деген қаңылтырдағы қызыл жазуды да күн жеп тоздырыпты. Бір шегесі суырылып кеткен бе, желмен бірге тербеледі.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары осы Доссордың мұнайын танкіге өңдеусіз бірден құйып жатты деген мәлімет бар-тын. Зертханадан өткізген. Әлі міні құрамапты. Дүниежүзінің ең ірі кенішін иеленген бұл төрең бірте-бірте мұнай бағасын түсірер. Тіпті, ең соңғы шекке дейін құлдыратар. Сол кезде мұндай ұлан-ғайыр қоры жоқ қалт-құлт етіп отырған бақталас компаниялар жаппай омақаса құлар. Банкрот боп жығылар. Олардың иманын үйіртіп барып, бұл еп­теп-ептеп «қара алтынның» бәсін көтерер. Парафині аз мұнайдың бағасы өз-өзінен аспандап кетер. Қызыл сирақ боп қыр кезген қалталылар мұның алдына шөкелей жығылар. Жығылар да «Көкетай, қаңсып қалған заводтары­мыз­дың таңдайына нәр тамыз. Жасыл қағазың әне, қаласаң алтының міне, тек бізге дегенде мырза қолыңды тарылта көрме», – деп жаутаң қағар. Паһ! Паһ!
Осыны ойлағанда көгілжім көкжиектің керегесі тіпті кеңейіп кеткендей көрін­ді...
Доссорда да шүкір, өзіне сай кіші-гі­рім мафиясы бар. Түнде тонай салу, күндіз қалтаға қол салу, базар жағалап зекет алу... Тіпті, өрістен оңаша қайтқан тоқты-торым кейде өзге қазанның қақпағын булап та жатады. Оның бәрінің ұйытқысы мойны бір тұтам қортық қазақ. Өзіне айтқызсаң, түрме көрмеген. Бірақ бала күнінен мал соятын цехпен көрші тұрып­ты. Содан қаны бұзылған.
Сол мойны бір тұтам қортық қазақ бү­гін оншақты мафия мүшесін жинаған-ды.
– Өңшең иісалмас, иттер! – деп сал­ған­нан жерді екі теуіп жіберген. – Мұнай өндіруге келген шетелдіктердің не бүлдіріп жүргенін білесіңдер ме?
– Мұнара маңында жүр ғой.
– Үш вагоны бар.
– Нью – Доссор деген жаңа қала салады дейді.
– Өй, нәлет! – деді бұл мына жауапты естігенде. – Менің ажырасып кеткен қатыным Айжан соларға бас аспаз боп алыпты.
– Естідік.
– Құтты болсын!
Мұны айтқан бір көзінің ағы бар, аузы жылдам қара жігіт тепкінің астында қал­ды.
– Сол қаншық әлгі супервайзермен қойындасып алыпты. Бұл – бір. Екіншіден – осы ауылдағы селтеңдеген тоғыз қыз­ды ертіп апарып жұмысқа тұрғы­зыпты.
– Не жұмыс екен?
– Күндіз ас пісіреді, кір жуады, түн­де...
– Түн ортасында барамыз, – деп сөзді мойны бір тұтам қортық қазақ қысқа қайыр­ды. – Көрейік әуселесін. Әзір тұрың­дар!
Ай ақшелектей төңкеріліп, аспан өрісін жұлдыздарға қалдырған шақ-ты. Бір қорап машинаға тиелген мафия мү­ше­лері тым-тырыс жатқан үш вагонның жанына келіп тоқтады. Түнгі қонақтардың жүрісі жәй емесін сезген супервайзер есік ашқан. Ақшулан төс жүні бұрқырап иегіне жалғасып кеткен еңгезердей жігіттің қолтығынан ішкөйлегі ағараңдап Айжанның да басы көрінді.
– Не керек?
– Бұл менің қатыным! Шығар бері!
– Бетің құрсын, кәпір! – Қолтықтағы бас тайынар емес. – Қараңды батыр!
– Шығар дедім! – деп мойны бір тұтам қортық қазақ қолы жеткен жерге жармасты. – Кімді басынасың, а?
– Крис менің байым. Ұстама төс жүні­нен, – деп Айжан әлгінің қолын қағып жіберсін. – Тиіп алғам!
Бұл кезде өзге вагонда жатқан тоғыз шетелдік пен осы ауылдың селтеңдеген тоғыз қызына да топалаң тиіп жатқан. Дос­сорлық мафия «қыздарды алып кете­міз, сендерге тегін қатын қылмаймыз» десіп жағаласулы еді.
– Намыс қайда? – деп әлгі тепкі жеп тын­ған бір көзінің ағы бар, аузы жылдам қара жігіт бажылдап жатты.
– Ақша тауып, әйел қылсаңдар қой деппіз бе?
– Ұят қайда?
– Басыңа езіп жақ!
– Өңшең жәлап! Тапқандарыңды бізбен бөлісесіңдер.
Мафия мүшелері көзі-басы көгеріп, ва­гоннан қашып шыққанда мойны бір тұ­там қортық қазақ та сыбағасын алып жатыр екен. Құмдауыт жерге шалқалай құлапты. Кеудесіне ақшулан төс жүні бұрқырап иегіне жалғасып кеткен супервайзер аяқты сап атша мініпті. Астында жатқан байғұс бақырып-шақырып балағаттайды. Балағаттаған сайын іш­көй­­легі ағараңдап Айжан бір уыс құмды аузына құя салады. Құмы түскір таусыла ма?..
Түйеші Нағим шалды айтам-ау! Өзі аңқаусоқ. Бір садақада отырып: «Осы жасқа жеткенше аузымнан сүйген алғаш­қы әйел. Не десең де тегі кәпір ғой. Ұшы­нып кетем бе деп қорықтым. Ой, пәлі-ай!» – деп тамсанып, ел-жұртты қыран-топан күлкіге көмген.
– Аяғын түзеп алсаң еш кемдігі жоқ.
– Бәйбіше адам көрінеді. Көзінің көктігі, сөзінің көптігі болмаса, – деп құр­дас­тары жел берген.
Бір кеште түйе қайырып жүріп мұнара басына соққан. Жігіттер жұмыстарымен болып жатты. Вагон көлеңкесінде көңіл­сіздеу кейіпте Милли ханым отыр. Ымдаса кетті. Бақса, ауру аяғы қақсап, аттап басуға зар боп қалыпты.
Қызыл бет нарттай шал сонда орнынан қопарыла тұрған. Қияқ мұртын бір сылап, шөгіп жатқан бурасына келген. Желгенде жер қағатын шудасының түбі­нен жуан уыс қып бәкісімен қырқып ал­ған. Аспазшы қыздарға айтып, әлгіні тұзды суға сап әбден қайнатты. Содан қан­жылым қалпы аяғын бауырына алып жатқан Милли ханымның ойбайына қара­май шуданы оратқан. Сыртын дәкемен байлатқан.
Алла абырой берейін десе қиын ба, ертеңіне Милли ханымның түймедей көзі шырадай жаныпты. Ауруының басылғаны өз алдына, осыдан отыз жыл бұрын семіп, тартылып қалған сіңірі жұмсарып, кәдім­гі­дей жібіпті.
Орнынан тұра сала «Бура-шуда» деп қа­қылдап қоймаған соң, түйеші шалды іздеуге жеңіл көлік суыт аттанған... Содан Нағимнан қыл елі қалмай бураның артқы өркешіне жармасып кетті. Тағы бір жеті күнде таяғын ұмытып, вагон басын­дағыларды таң-тамаша еткен.
Қайтып мұнда көп тұрақтамады. Оңаша құдық басында отырған Нағим тағы бір келгенінде ере жүрді. Келесі жолы «Ешкінің шикі сүтін іштім. Емдік қасиеті күшті. Бетімде отыз екі әжім бар еді. Қазірде соның алтауы ғана қалды» – деп бір қойды... «Қаймақ жаладым, калориясы көп екен. О, сафари», – деп денесі торланып, көзі жайнақтап бір көрініп кеткен.
– Ғылым ше? Әлгі мұрты тарам-тарам кесіртке ше? – деген сапарластарына. – Таптым! Өмір бойы іздегенімді, – депті.
Нені меңзегенін кім білсін?..
Джонсонның алпауыт қимылынан шошынған кейбір шетелдік әріптестер жалынып-жалпайып жүріп бес-жеті пайыздан құрылтайшылыққа енген. Банк­тер­дің көмейіне тығып тастаған мил­лиар­д­таған долларын нөсердей жау­дырған. Айналасы ат шаптырым жерді алып жат­қан ғажайып кешен де тез бітуге қалды. Өңешінің өзі үрейіңді ұшыратын қара құбырлар дүниенің төрт тарабы менікі дегендей, күн сайын бірінен-бірі мойын оздырып жатты. Үш алып трактордың же­тек­теуімен әзер жеткен зәулім мұнараның бұрғылау станогі қара жер төсін күндіз-түні тынымсыз үңги берді, үңги берді...
– Бес мың метрлік шектен астық, – деген лепті хабар шетел асып жатты.
– Алты мың метрге жеттік, – деген сөз әр құлаққа әуезе боп естілді.
– Межелі жеті мың метрді бағын­дырдық, – деген уәж неткен сүйкімді еді.
– Сегіз мың метр тереңдіктен мұнай бұрқағын күтеміз. Ғажайып кешен де, дүниенің төрт тарабына құлашын жайған құбырлар да кірпік қақпай ұлы оқиғаға куә болсақ деп тағатсызданып тұр.
– Тоғыз мың метрден астық. Қоймал­жың лай шықты, – деген суыт хабар ақша қосқан әріптестердің үрейін ұшырды.
– Қазыңдар!
– Үңгіңдер!
– Тесіңдер! – деген зәрлі дауыс аспан астын жарып жібере жаздады.
– Он төрт мың метрге бойладық. Тіпті, ылғал жоқ. Бұрғы басындағы әрбірі бір миллион доллар тұратын алмастың бе­сеуін бірдей жер астына түсіріп алдық. Алынар емес, – деген қаралы хабар жер-жаһанға лезде жайылды.
Жандары көз ұшында үріккен Джонсон мен имек мұрын, сіліңгір қара, Дос­сорда атышулы көріпкел молда бар, соған құмалақ аштырыңдар, мұның сырын сол білер, дегенді естіпті. Алатаңмен дәрет алып, таң намазына жығылып жат­қан молданың жанына барып бұлар да екпеттей құлапты.
Сәлдесі дағарадай бекзат бітім кел­ген­дердің шаруасын сұрамапты. Тек кін­дік қаққан ұзын сақалын салалап отырып-отырып:

– Шайтанға жандарыңды сатқан екенсіңдер, балалар. Жер-ананың қарғы­сын арқалапсыңдар. Қайтарым жоқ. Осы тойғандарыңмен елдеріңе оралыңдар, – депті-мыс...
Кішкентай қайшыдай аузын аңызаққа тосып бозторғай әлі күнге сол мұнараның ұшар басына қонады. Төменде бүйірі майысқан қара шелегін көтеріп бір бозбала жермайға кетіп бара жатады деседі.