ОРАЛХАН БӨКЕЙ. ЖЫЛЫМЫҚ

Жолаушы атың семіз желетұғын,

Көз бар ма мен байғұста көретұғын.

Халық әнінен

 

Мен осы бір суретті көрген сайын, сені есіме алатынмын, немесе сені есіме алған сайын, осы суретті көретінмін. Қазір қайда, не істеп жүргеніңді білмеймін. Мүмкін... Аузым бармайды ондай жамандыққа... Мүмкін, бұл дүниелік емес шығарсың. Оған өкінішім жоқ, сен бәрібір қашанда менің қасымда жүрер едің; жалғыз-ақ өкінішім — мына өзің туралы новелланы өз бетіңмен оқи алмайтының. Сен қу мекен далада өскен ақ қайың ең, желіккен жел жұп-жұқа қабығыңды сыдырып, қалтырап тұрсың-ау, жазған; қалтырап тұрып сыңсып ән саласың-ау, жазған; сол мұңлы үн менің құлағыма еміс-еміс естілгендей болады; сол сай сүйегіңді сырқыратар жетім әуен тым жалғыздығыңның—тым жарымжандығыңның бебеу қаққан жаршысы, адамдар тіпті бүкіл әлем алдындағы аппақ ар-ожданының арашашысы сықылданатын.

Мен осы бір суретті көрген сайын, тіршіліктің мәнін бұдан әлдеқайда терең түсініп, адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтіндігіне илана түсетінмін. Бұл суретке ұзақ үнсіз қарап тұрып бақыт, күлкі тоқтық дегеннің бәрін санамнан сылып тастап, өзім де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға аттанып кетуді көксер едім. Қараған сайын жүрек соғысым бәсеңдеп, енді аз-маз сәттен кейін барлығымен — сені мен суреттен басқасының барлығымен қоштасып, әні-міне, арғы арғы әлемге апарар арбаға мініп, аттанып бара жатар едім. Талай рет өз-өзімнен қысылып, өз-өзімнен булығып ағыл-тегіл жыладым да. Неге екенін білмеймін, осынау сурет пен сенің бейнеңнен ұқсастық тауып, екеуіңді жаһандағы жақсы атаулының бәрі-бәрінен жоғары қоятынмын. Есіңде болар, мен саған осы суретте не салынғанын әрі мазмұнын сан қайтара айтып, шаршатып та алушы едім. Сен бір нүктеге қадалған қалпыңда жалықпай тыңдай берер едің, сосын қабырғада қағулы тұрған суретті жұп-жұмсақ алақаныңмен сипалап, ауыр күрсінер едің. Білем, айтпасаң да сезетінмін, тым болмағанда жалқы рет жарық әлемді көріп, жан тапсыруды армандағансың талай рет.

Мен осы бір суретті алғаш көргенде, сұлулық һәм тамаша өнер жайлы жайдақ ұғымыма ұлы өзгеріс енгізгенмін. Табынып тамаша деп жүргеніміздің көбі, шуақты сүйетін қорыншақ көңілдің көңілшектігі, тыз етпе әсіре әсерден туған біратар пікірдің салқыны екен. Қисапсыз көдедей көп дүниенің қайсыбірі жадымызда тұра береді, осындай ілудесі ғана жылдар бойы рухани досыңа айналады. Адам мен өнер арасындағы достықтың жібіне күйкі тірліктің қарғалары қаз-қатар қонып алса, ол жіптің ұзамай үзілері хақ. Тым ертеректе жоғалтып алған табиғатқа, жалпы: ұшқан құс, жүгірген аңға деген іңкәрлігің іңгәләп қайта туса, қайта тірілсе, жастығыңның да қайта оралғаны емес пе. Атар таң, шығар күн, туар ай: бәрі-бәрі жер басып жүргенде ғана керектігін біле тұра, мадақтаймыз. Айналадағыны көру, сезіну үшін жаралған пендеміз. Бірақ бүгін бар, ертең жоқ, тіпті көзіңді жұмсаң жоғалтып алар тамашаның қадірін ылғи кеш түсініп, кеш бағалар едік. Екеуміз қол ұстасып қатар келе жатқанда, әлгі айтқан әлемді мен көретінмін, сен сезінетінсің. Күні бүгінге дейін көру мен сезінудің айырмасын, артықтығын таба алмай сандалудамын. Кейде жаныңда келе жатып көзімді тас қып жұмар едім де, қап-қараңғы дүниеде өз-өзімді жоғалтып алатындай аса қорқынышпен жанарымды жарқ еткізіп ашып жіберер едім. Ал көзімді жұмған сәтімде, сенің қолыңнан мықтап ұстап адасып кетпекке бекінетінмін. Көзімді ашсам да, жұмсам да саған еріп, сенің ізіңді басып жүргенімді енді білдім. Иә, қасымда болғанда бәрі басқаша еді, басқаша...

...Айналаны албастыдай басып жатқан ақ қар, көк мұз ептеп жіби бастаған. Сонау бір шеткеректе бір топ ағаш үрпие өсіп, сол ағаштың жапырағынан тоналып, сидиған бұтақтарына бір топ құс ұшып қонады. Жолдың қары әуелі шылқи езілсе, ала бұлтты аспаннан оқта-текте сығалап қалар күн жарықтық, көп ұзамай келер көктемнің жып-жылы хабарын жеткізеді. Ауада майда желемік бар-ау деймін. Қыстай қар астында ыңырсып жатқан санаторийді Тасбөгет деп атайды. Сары күшіктей сары ала автобус иір-иір жолмен таудың басына қарай алып қашты. Ертеректе төсеген цемент жолдың әр тұсы ойылып, жер ошаққа айналып, жылбысқалана еріген қар суына толып жатыр. Автобус әлгі суды шалп еткізіп басқанда, жол шетіндегі таза қардың аузы-мұрнын бұзып, саталақтап кетеді. Ондайда бейқам отырған жолаушылар қопаң етісіп, дел-сал халін сілкіп-сілкіп алғандай болады. Маған орын тиген жоқ, түрегеп тұрдым да, бағана сатып алған қолымдағы суретті оң жақ терезе тұсында отырған жас қызға ұстатып қойғанмын. Қыз, шынында да, әдемі еді. Он екіде бір гүлі ашылмаған, қулық-сұмдықтың есігінен сығалай қоймаған; өмірге, айналасындағы адамдарға деген сенім-түйсігіне қылау түспеген, таң сәрі шағындай. Үнемі ой үстінде, терезеден анау алабажақ тау-тасқа қарап отырған соң, жұрттың көзінше тіл безеуді артық санадым, әмбе әлдекімдердей бір көрген қызға қырындап сумақайлана беру — ғадетіме жат.

Мен берген суретке қараған да жоқсың. Аса бір сақтықпен алдыңа өңгеріп, үнсіз отыра бергенсің. Межелі жерімізге жетіп, жаппай дүрліге түсіп жатқанымызда, рақмет айтып, суретті өзіме алдым.

Автобустан түскен соң, Тасбөгеттегі санаторийге жаяу көтерілу керек. Тау бауырындағы жоташықтың төбесіне салынған, етектен басталған тас баспалдақпен өрлей берсең, қалың ағаштың арасындағы ағаш үйлерге өзі алып барады. Ағаш басындағы қар жалп-жалп түсіп, ол да ептеп ери бастаған. Ал тас баспалдақты қуалай бұлақ ағып жататын. Мен сенің соңыңнан еріп келемін өте баяу қозғалып, адымыңды санап басады екенсің. Сосын әр сатыны ауыстырып алып, екі-үш рет сүрініп те кеттің. Соңыңда адам барын сездің бе, мені оздырып оздырып жіберуге тырысып, қайта-қайта дем алдың. Бір мезетте сенің жаныңа келіп мен де дем алдым. Қарап тұрмай жігіттікке тән әуестікпен:

— Қарындас, қараңызшы, қазіргі шақ дәл мына суреттегідей емес пе?— деп едім. Үлкен қара көзіңді төңкере қарадың да екі бетің қуқылдана:

— Мен ештеңе көріп тұрғаным жоқ,— дедің. Көзің қандай тұнық, сондай әдемі әрі қорқынышты еді.

— Қалайша, өтірік айтасыз ғой. Сөйлескіңіз келмейді, ә. Әйтпесе сіздей қаракөздің мынандай көркемөнердің ғажап дүниесін түсінбеуі мүмкін емес,— деп тақылдадым. Сен үнсіз күрсіндің. Күрсіндің де менің бетіме өзгеше жат, өзгеше аяулы жансыз жанармен қарадың.

— Мен көрмеймін, соқырмын, ағай.

Жүрегіме біз сұғып алғандай болды. Дәл осы сәтте мен өзімді соқырдай сезіндім. Қолымдағы сурет сусып түсіп кетіп еді:

— Жер былғаныш қой, бүлдіріп алған жоқсыз ба?— дедің.

— Ештеңе етпейді... ештеңе етпейді. Жүр, бірге өрлейік.

Біз қатар асықпай аяңдап келеміз. Ақырын көз ұрлана қараймын. Тіпті алғашында сенің сөзіңе сенген жоқпын.

«Алдаған шығар».

— Атың кім, айналайын,— деп жасқана сұрап едім:

— Жанар,— деп майда үнмен жауап бердің.

Даусыңның бір ерекшелігі бар еді. Сөйлегеніңде үнің көмекейіңнен өзгеше қоңыр назбен күмбірлеп шығатын. Қанша тыңдасаң да жалықпайтын ән секілді ме, ауызбен айтып, қолыммен жазып бере алмайтын таңсық әуен еді. Кейін сен сөйлеген сайын, Риганың Домский саборынан орган тыңдап отырғандай, дүниедегінің бәрін ұмытып, рухани айдынға жалғыз желкенді қайыққа мініп, оралмас сапарға аттанғандай хал кешер едім. Асырып айтқаным емес, расында, үніңнің адам жанын баурап алар сыбызғылы сиқыры бар-тын.

Мен сенің көрмейтіндігіңе өкінгенім жоқ. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, жас басыңнан өкпе ауруын жамап алғаныңа қабырғам қайысып еді. Сонау бір жылымық шақта, «Жылымық,» деген суретті көтеріп сенің жаныңда тауға өрлеп бара жатып, адамның сыртқы дүниені, ортаны, жалпы табиғатты сезінуі, қабылдауы жайлы тұңғыш рет ой түсіп еді. Содан бері көру үшін тек қана көздің болуы жеткіліксіз, әлемдегі әр затты анықтап көру үшін жанның да жанары болуға керектігін бағамдағанмын.

Біз көп сөйлеспейтінбіз. Не нәрсе жайлы әңгіме қозғасақ та, шыр айналып келіп, көру арқылы туатын ойға тіреле берген соң, тайсақ соғатынбыз. Сен менің бұл тайсақтығымды сезесің бе, өз бетіңмен еш нәрсе сұрамай, бір нүктеге қадалып үнсіз отыра берер едің. Сенің бір нүктеге қадалған тұнық жанарың кейде шөл даладағы терең құдыққа ұқсаса, кейде айсыз түнгі айна көлдей, бар сырын ішіне бүге қорқынышпен қарауытатын. Мен осы жазықсыз жанардан адамдықтың, әрі тазалықтың айтып жеткізгісіз жыры, көз тоймайтын сұлулығын таныдым. Әмбе сенің осындай күнәсыз көзіңді көре алатыныма шексіз қуандым да. Біздің санаторийдегі тіршілік өзіңе мәлім еді ғой: таңертең жаттығу жасауға қуатын (әрине, сенен басқасын); сосын дәрі-дәрмегінің ішкенін ішіп, ішпегенін лақтырып міндетімізден құтылар едік, сонан соң тамаққа, сонан соң... сонан соң тамаққа да, кешкілікті киноға, немесе сейілге сені ертіп барып жүрдім. Көптеген көздер екеуміздің әр адымымызды аңдып, ішіп-жей қарағанын, әлбетте, сен білмедің ғой. Солардың ішінде: қасқыр көздің, түлкі  көздің, үкі көздің, қоян көздің, мысық көздің, тышқан, жылан; қара, көк, ала көздің барын да қайдан сезуші едің. Сенің соны көрмегеніңе, көріп, жас жүрегіңді жараламағаныңа қуанып едім. Біз бірде-бір кино қалдырмай барып жүрдік. Сөзін ғана тыңдап, экранда қандай қанды майдан жүріп жатқанын басқадан көш ілгері түсініп, мазасызданып отырар едің. Кинодан шығып, қара қатқақ жердің мұзын шықыр-шықыр сындырып серуендеген сәтте, өліарадағы көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде мен сенің білегіңнен тас қылып ұстай алып, бағыт-бағдарды ажыратар едім. Сонда күндіз жарқыраған аспанның астында жүріп, сан сүрінер аяғым не томарға шалынып, не шұқанаққа түскен емес. Өйткені сен жетелеген түндер ғой ол.

Тағы да бір жылымыққа оралайыншы. Ағаш орындыққа арқамызды сүйеп, күншуаққа қыздырынып көп отыратынбыз. Сонда қуаты жасықтау күн қанша қыздырғансымақ болғанымен, арқамыз мұздап қалар еді. Сен осылай, ұйқылы-ояу отыра беруді ұнататынсың. Кейде менің иығыма басыңды сүйеп, мызғып та алар едің. Ал мен сенің ақ дидарыңа, бұрқырай жапқан қап-қара шашыңа баланың жүрегіндей бүлк-бүлк соққан мойныңа, уыздай жас бітіміңе бүкпесіз қарап, тағдыр ма, табиғат па, әйтеуір, қай-қай иттің осындай сұлулықты қор жаратқанына қаным қайнар. Сонда әлгінде ғана қамасқан ұзын кірпіктерің қайта ажырап, сүп-сүйкімді ернің ғана күбірлейтін де, тек өзіңе ғана тән, тек сен ғана айта алатын ғажап үнің естілер:

— Аға, сіз маған сонша қадалып неге қарадыңыз?— Мен не дерімді білмедім. Расында, шошынып та қалғанмын.

— Мен бәрін сеземін, аға... бәрін, әйтпесе қалай өмір сүрер едім.—(Көзіңді қайта жұмдың, жұмбасаң да болар еді ғой).

— Көзімді жұматын себебім, ұйқым келді. Бірақ ұйқтай алмаймын. Менің көз алдымда мәңгі түн ұйып тұрады, бірақ бұл мәңгі ұйқы емес қой. баланың жүрегіндей бүлк-бүлк соққан мойныңа, уыздай жас бітіміңе бүкпесіз қарап, тағдыр ма, табиғат па, әйтеуір, қай-қай иттің осындай сұлулықты қор жаратқанына қаным қайнар. Сонда әлгінде ғана қамасқан ұзын кірпіктерің қайта ажырап, сүп-сүйкімді ернің ғана күбірлейтін де, тек өзіңе ғана тән, тек сен ғана айта алатын ғажап үнің естілер:

— Аға, сіз маған сонша қадалып неге қарадыңыз?— Мен не дерімді білмедім. Расында, шошынып та қалғанмын.

— Мен бәрін сеземін, аға... бәрін, әйтпесе қалай өмір сүрер едім.—(Көзіңді қайта жұмдың, жұмбасаң да болар еді ғой).

— Көзімді жұматын себебім, ұйқым келді. Бірақ ұйқтай алмаймын. Менің көз алдымда мәңгі түн ұйып тұрады, бірақ бұл мәңгі ұйқы емес қой. Кейде сол қатпар-қатпар қараңғылық қақ айрылып, бір нәзік сәуле жанарымды шұқылап ойнайтын. Сіз түсінесіз оның қандай сәуле екенін, егер сіз түсінбесеңіз, онда мен сізбен тіпті де достаспаған болар едім. — Егер түсінбесем ше?

Жоқ, менің түйсігім бақытыма ма, сорыма ма... орай, ешқашан алдаған емес, аға.

Ұп-ұзын кірпіктеріңді қайта қамастырдың. Жеңіл тыныстайсың. Жылымың... бір жылы нұр тарайды бойыма. Сенен шуақ алған нұр да...

(Қандай сұлусың, қандай аянышты бейне. Ертеңгі күнің не болар екен, жаным, не болар екен).

— Сіз мені аямаңызшы, аға, біреудің аянышты көзі мен сөзінен қорқамын. Қанша мүсіркегенмен, менің жанарымды жазып беретін адам жоқ. Мен мүсәпір де, сормаңдай да, жарымжан да жан емеспін. Мен — Адаммын!

Осы түннен бастап сен менің жарылқаушы рухани ием ғана емес, өмірі өтірік айтпайтын, өмірі қателеспейтін ұлы ұстазыма айналдың, айнашым. Жалғанда ақылдың, ойдың, сезім мен жүректің соқырлығынан сақтасын, лайым,— деген имандай сөзді бойтұмардай сақтадым. Көлеңкелі жуас сезімнің құндағында әлемдегі барлық ию-қию тірліктен хабарсыз бейкүнә сәбидей момақан отырғанда, былайғы жұрт ғашық жандар деп жорамал-дар-ау. Жо-жоқ, біздің сүйіспеншілігіміздің күрмеу жібін ешкім шеше алмаң емес; оны түсіндіру қолымыздан келмейтіні іспетті, өзгенің де ұға қоюы екіталай. Иә, ол бір қиял жеткізгісіз жұмбақты сезім, достыкқа да, махаббатқа да ұқсамайтын бөлекше дүние-тін. Сенен он жас үлкендігім арамызға уақыт қорғанын орнатқан жоқ, қайта мен өзімді сенің алдыңда он жас кіші бала сезінетінмін және әр сезімді аса сақтықпен сөйлеп, әр қимылымнан үлбіреген көңіліңе қаяу түсірерлік ағаттық жібермеуге өлердей тырыстым. Ес-түссыз талаураған тыныштың, осылайша ертекті әлемге ертіп әкететін.

Сол күні би болды. Мен сені ертіп бардым. Үнсіз қарап тұрдың. Жұрттың бәрі ұлар-шу, қым-қуыт, қайқаң қағып билеп жүр.

— Аға,— дедің құлағыма сыбырлап (демің қандай жылы еді),— жүр, билейік.

—Міне, ғажап! Біз билеп жүрміз. Әлгіндегі секең-секең жұрттың бәрі кейін ысырылды да, екеуміздің өнерімізді тамашалады. Құйқылжыған музыка үні, аққудай қалқыған біздер, қадалған көздер... сондағы көздерді көрсең ғой... көрмегенің жақсы.

— Ананы қарашы, көзі бар бізден жақсы билейді,— деген сөз сумаң ете қалғанда, төбеңнен әлдекім таспен ұрғандай сілейіп тұрдың да:— кетейік,— дедің ентігіп,— бұл жерден кетейік, аға!

—Ертеңінде тамаққа келмедің, бөлмеңе барып едім, теріс қарап бүк түсіп жатыр екенсің. Есіктен кіргенім сол еді:

— Аға, сіз бе?— деп бірден таныдың.

— Мен ғой, Жанар.… Ac ішуге неге бармадың?

— Тәбетім шаппады... Сіз бекер келесіз, осындағы қыз-келіншектер онсыз да өсектеп жүр. Көріп қойған да, көздері бар ғой. Бірақ мен қорықпаймын, арашашым — арым. Маған бұйыртқаны осы еді, оны да тартып алғысы келеді. Сонда маған не қалды. Өлу ме?

— Олай демеші, Жанар. Ел не демейді...

— Рас! Ел не демейді, аға... (сәл үнсіздіктен кейін)— егер уақытыңыз болса, ағаш қосқа барып қайтайықшы.

***

Жылымық... Қыстай қысырап жатқан қардың көбесі сөгіліп жіби бастаған шақ — жан-жануардың ең бір азып-тозған күйінің көктемді көксетер үміт жыршысына айналатын. Салқын да сабырлы қабақпен қарсы алатын наурыздың кеші түнге ұласқанда, дәуренінің дәм-тұзы таусыла бастаған ақпанның ақырғы айғайына, ақырғы күрсінуіне айналатын. Бар ашуын күндіз болымсыз еріп шыланған шалшық судан алып, қанша қабыршықтап қатырғанымен, ертеңгілік күн көтеріле, қайта жібіп салатын. Дәл осы бір сәтте екеуміз жолға шығар едік. Қаспақтанған соқпақ ирелен, қағып алысқа, сонау Алатаудың қойнауына қарай суыра тартатын. Өзектей шұбатылған жолдың өн бойын қуалай жеңіл қаңғып көтерілген буды кешіп, қардан кепеш киген қара қосқа дейін жаяу аяңдайтынбыз. Үнсіз, сен алда, мен соңыңда басымыз салбыраған, бойымызда жан жоқ секілді, мұңсыз-қамсыз сызып барамыз. Қостың дәл тұсына келгенде, келгеніңді айнытпай сезер едің де, қалт тұрып, жол шетіндегі таза қарға әуелі менің, сонан соң өзіңнің атыңды беймәлім бел-гілермен асықпай жазып шығар едің. Көзімді күн нұрына шағылысқан қар қарып, сенің жаныңда еш жазығы жоқ мен тұрар едім. Тау әлі мизеген жоқ, жылымықтың қуаты әлі жете қоймапты. Сол таудың етегінен басталып тұманытқан қою мұнар сібірлеп барып сона... сонау көкжиекке барып ыдырай аспанға айналады. Біз кері келген ізімізбен қайтамыз. Тілсізбіз. Әне, екі қолың қалтаңда, ілби басып сен кетіп барасың; міне, екі қолым артымда, ілби басып мен еріп келемін. Жалғыз аяқ жолдың ұзына бойынан көтерілген буды кешіп, кешеуілдеп келер биылғы көктемнің ақ тұман көрпесіне сіңіп барамыз. Үйге жеткенше, күн көзін сұрқай бұлт торлап, ағаш арасынан қаптап тұман шығатын. Сол ұманның арасында екеуміз не қалып қоймай, не қуып жете алмай адасамыз-ай.

Ертеңінде дәл сол уақытта жолға қайта шығамыз. Кешегі соқпақ; кешегі мезгіл; сол күн; сол аспан; сол тау;— бірақ бәрі басқа, мүлдем бөтен дүние сезілетін, бетен дүниенің бұралыңқы жолын қуып екеуіміз келе жатар едік. Тағы үнсізбіз. Егер бір нәрсе деп дыбыс шығарғандай болсақ, осына сағым мелдеп саябыр тапқан жуас халіміздің айдынына тас лақтырып, әлгіндегі үнсіз аялап, тілсіз табысқан жұмбақ сезіміміздің көк ала үйрегін үркітіп алар ма едік, жаным. Сен жас едің, сол сенің жастығыңа әрі қуанған, әрі қуат алған ағаң он жыл бұрынғы бозбала — боз ала таң күндерімен қайта жолыққандай, өз мұңынан өзі мас еді. Өз мұңы дейтінім, сені тұңғыш рет тауып алсам, қайтып жолықпасқа жоғалт-тым; бозбалалықтан келер жол бар, оған қайтып кетер жол жоқ екенін сезген қайран көңіл — қансыраған көңілдің күлге аунаған тұсы, бүгінде ақылдың, асқар таудың құзар шыңына тырмысқан, жыланша жылжыған ағаңның басын бұлт шалған тентірек тұсында жолыққаның әрі мені де бақилыққа жоғалтқаныңа мұңданамын. Мен сенің айыпсыз тұтқының едім, соңыңнан үнсіз ере беруге жарасам және саған деген таза сүйіспеншілігімнің әйнегі тершімесе; қол ұстасып қатар жүруді аңсамай-ақ, күннен нұр алатын айдың кейпі болудан артық не бар; мен бір адам-айдынның ортасында қалқып қалған аралдай жалғызсыраған зарлық едім, сен келдің жүзіп, мүмкін, мен барған шығармын саған; әйтеуір, бір-біріміздің рухани жарылқаушысы екенімізге күмәнім қалмаған; сен тағдыр торына мүлдемге түскен балапан едің, ол азаптан құтқару қолымнан келмейтініне қаншама қиналсам да, бар қолымнан келетіні «аға» деген сөзіңнің ала жібін аттамай, ар-ұятыңның күзетшісі болу.

Дегенмен, біз де адам едік қой. Сүйріктей саусағыңа саусағым  тигенде, балапанның қанатындай оқыс дір еткен,— ол лыпыған сезімнің толқыны ұрғаны да. Сонда сенікінен гөрі ластау, әрі ересек жүрегім өзінің бұдан он жыл бұрынғы пәктігін, жастығын сағынар. Тәуелділігі де, мүсіркеуі де жоқ, жатсынуды, жатырқауды білмейтін жанымыздың осыншалық жақындығы себебін ешқашан айтып бере алмас тигенде, балапанның қанатындай оқыс дір еткен,— ол лыпыған сезімнің толқыны ұрғаны да. Сонда сенікінен гөрі ластау, әрі ересек жүрегім өзінің бұдан он жыл бұрынғы пәктігін, жастығын сағынар. Тәуелділігі де, мүсіркеуі де жоқ, жатсынуды, жатырқауды білмейтін жанымыздың осыншалық жақындығы себебін ешқашан айтып бере алмас едік. Біз өзіміз де сезіп, ұға бермейтін қимастықтың нәзік жібек жібімен шешілместей, үзілместей болып маталғанымызды білдік, бірақ оны бір-бірімізден жасқана жасыратынбыз.

...Міне, ілби аяңдап келеміз. Бәрі кешегі, бәрі кешегідей емес, мүлдем басқа, басқа... Жылымық — жылы сәуле... Буынды алар масаң хал, өң мен түстің, ұйқы мен ояудың екі арасындағы маужыр дүние — ертекті дүние. Баяғы қар үстіндегі қосқа дейін аяңдадық. Кеше ғана сен саусағыңның ұшымен жазып кеткен беймәлім қаріптерді әлдекім аяғымен бір тарпып өшіріп тастапты.

— Кім екен?— деген едің екі қасың дірілдеп.— Кім екен өшіріп тастаған? (Құдай-ау, қалай ғана сезіп қойдың).

— Кім дерің бар ма, бәрі, ие, бәрі ғой...

Біз қостың есігі алдындағы көлденең ағашта екі тіземізді құшақтап ұзақ отырғанбыз. Жылымық күннің шуағы астында алып Алатауға қарап отырып, қазір дәл осы жерде, ізім-ғайым жоғалып кетсек, немесе екеуміз бірдей тас ескерткіш болып қатып қалсақ, анау азан-қазан өмірдің қылшығы қисаймай, мәз қалпында жалғаса берерін тұңғыш рет есіме алып, осыншалық сор болып жаралған мұқым пендені аяғанмын, әрі өмір дегеннің бейбе-рекеттілігі аса шошытқан. Жалбиған жаманқос, айнала аппақ қар, тура мінбелеп тұрған тау, жым-жырт тыныштық, тынымсыз ойлар мен мазасыз адамдардың дабыры саябыр тауып, жегідей жемеген, желкелей мінбеген.

Мен көгілдір аспан, көк мұнарға қарадым, сосын саған, сенің ақ дидарыңа, қап-қара қарадым, сосын саған, сенің ақ дидарыңа, қап-қара ұзын шашыңа, көзіңе... не деген әдемі жанарыңа қарадым. Сонда мен әлгі жанарға жалықпай телміріп отырып: Өр Алтайдың қойнауындағы Қаракөлді есіме түсірдім. Қаракөл — жағалауын сенің кірпігің секілді ұзын-ұзын қарағай-самырсын қоршаған самала құздардың ортасына орналасқан айнакөл еді, бірақ суы қанша мөлдір болғанымен, күндіз-түні қап-қара болып тұнып, уайым уыстап жататын. Сол өңірдің малшылары жаз жайлауға шыққанда, Қаракөлдің маңына қонбайтын. Кешегі кезде Қаракөлде су сиыр бар екен, түнде көлден шығып жайылып жүргенін көрдік, деген әңгіме тараған. Ал су перісі өмір сүретіндігі жайлы әңгіме тым әріден келеді. Мен оның қайсыбірінен де бейхабармын, менің білетінім, әкеме еріп Шабанбай жайлауына шыққанда, әкемнің «барма, шошынасың» дегеніне қарамай, Каракөлдің жағасына түнегенім. Жанар, мен сонда не көрдім десеңші. Күн таласып батып бара жатқан шақта, байыған алқызыл нұры Қаракөлдің майда толқынды дидарына түскенде, әлгінде қара барқынданып жатқан көл айтып жеткізгісіз алтынға шомылғаны, қарап көз тоймайтын көркем күйге түскені еді. Мен сонда жаһанда бұдан сұлу ешқандай көлдің жоқтығына іштей иланып тұрып, бейуақытта суға қараудан қорқынышты еш нәрсенің жоқтығын саналағанмын. Егер бойына жылу құяр нұрымен аяласаң, түрленбейтін, қайта туып жасармайтын жан бар ма? Түні бойы көз ілген жоқпын. Көлден ескен майда самал, жайлаудың салқын түні, саумал ауасы өн бойымдағы енжарлық пен дел-сал халден арылтып, сергек сезімге бастаған; тек таң сібірлегенде ғана, көзім ілінгендей болған. Сол сәтте Қаракөлден қара қара шашты аппақ қыз шығып, маған үнсіз тесіле қарағандай болып еді; қарап тұрып жымиып күлген, көзі сенің көзіңнен айнымайтын судан шыққан сұлу қыз жалт-жұлт еткен шашының суын сорғалатып, қайтып көлге шым батып кеткен еді. Көзімді аштым: күн енді-енді ғана асқар таудың төбесінен сығалай бастаған екен, әлгі түсімде көрген су періштесі жайлы бұған дейін тірі жанға айтқан емеспін. Кейде қысыр қиялға шомып отырып ойлаймын: мүмкін, өмірге өкпелеген сұлу қыз — су қызы адамдарды мәңгілікке талақ тастап көлге батып өлген шығар... сен сол қызға өте ұқсас едің де, алғашқы күндерде сескеніп те жүрдім. Көбіне түнге қалмай, қас қарая үйге жүр-жүр дейтінім есіңде болар.

Аппақ қардың үстіндегі Қара қостың есігі алдында отырғанда, сен алғаш рет ашылып сөйлеп, күні бүгін есімнен кетпейтін әңгіме айтып едің. Сен сонда алғаш рет иығыма басыңды сүйеп, маужырап жас балаша ұйқтағансың, ұйқтап жатып күлімсірегенсің, содан соң жіп-жіңішке қасыңды түйе терең күрсінгенсің. Сонда сен басыңды менің ығымнан алмаған қалпың:

— Сіз білесіз бе, адамдар неге біріне-бірі өш екенін?—_дедің.

— Адамдар өзіне-өзі өш. Оң қолы мен сол қолы, оң көзі мен сол көзі мәңгі қас дейді ғой.

— Ол өтірік. Кісілер ешқашанда өзіне жауыққан емес.

— Ендеше, неге өзін-өзі өлтіреді?

— Ол ілуде кездесетін аурулар ғой. Егер шынымды айтсам, өмір сүруге менің де қақым жоқ. Хақыны былай қойғанда мүмкін емес қой. Қазақтың «Мұндай тірлікті итке берсін» дегені менің басымда емес пе. Ал өле салсам, пышақ та, жіп те... қысқасы, өлудің, өлтірудің неше сыңылды әдіс-айла құралдарының жетілген тұсы емес пе... неге сонда, неге?..

Мен жауап бере алмадым. Бірақ менің есіме әкем айтқан әңгіме оралған:

— Баяғыда,— дейтін әкем,— мұрны пұшық, аяғы ақсақ, құлағы дұрыс естімейтін беті шұбар, көзінің тарыдай ағы бар, тілі сақау, белі бүкір Өлмесек атты шалдың қолы сынып ауырып жатқанда: «а құдай, бейнетіңнен сақта»,— деп тілейді екен. Сонда інісі «Саған құдайдың бермей қалған бейнеті бар ма еді»,— деп ұрсады екен. Өмірге деген құштарлық осындай-ақ болар. Біз қара тырнағымызды қанатып алсақ та зар еңірейміз.

— Соқырлар мектебінде оқып жүргенде, мұғаліміміз айтушы еді (оның да көзі шала көретін). «Айналайындар, өмірді көзі барлардан әлдеқайда артық сүйе білуіміз керек. Өйткені біздің — көрмейтіндердің жер бетінде қарманып жүруі — оларды тәубаға келтіреді; өйткені олардың санасынан минут сайын, соқыр болып қалмайын деген сақтық еш шықпауы керек». Бір күні маған: «Жанар, мен су қараңғы емес көзімнің саңылауы барлығына өкінген кезім болды. Бұдан он жыл бұрын екі көзімді бірдей шел басып, мүлдем көрмей қалдым. Сонда мен өзімді емес, сау кезімді, сүйіп қосылған жарымды аяған едім. Ол күні-түні демей зар еңіреп жылай беретін, жылай беретін. Ал кішкентайдан бірге өскен жан досым өзімнен бетер уайымдап, жаны қалмай жетелеп жүруші еді. Ақыры ауруханаға түстім. Одессаға барып операция жасатқан соң, атақты дәрігер иненің жасуындай саңылау жарып, көз алдымдағы қап-қара түнектен тесік шығарып беріп еді. Бірақ мен оны үй-ішіме де, дос-жарандарыма да айтқым келмеді. Мені Одессадан әйелім мен досым алып қайтты. Самолеттегі үш орындыққа қатар отырдық. Сонда не көрді дейсің ғой... не көрдің? Терезе жақта отырғанмын. Жалт қарап едім, жан жарым мен жан досым құшақтасып сүйісіп отыр екен... Мен оларға тесіліп ұзақ қарадым. Мені көрмейді деп ойлаған екеуі қаймықпастан аймаласты-ай. Жақсы, көзім көрмей-ақ қойсын, өзімнен — жүзімнен неге ұялмады мұндарлар. Самолеттен түскен соң, үйге бұрылмастан тура соқырлар қоғамына тарттым. Сонда мен ақырғы рет жылап, көзіме саңылау жасап берген профессорды қарғадым. Сонда мен жанарым жайнап тұрғандағы бүткіл қызығымды тәрк етіп, бәрі бекершілдік, күнәға толы арсыз ғұмырлар деп білдім...» — Мен мұғалімнің әңгімесін сізге неге айтқанымды білесіз бе?— деді Жанар, алдындағы былтырдан қалған ескі шөпке қадалған қалпы. Сенің жүзіңе жалт қарап, «құдай-ау, мына қыз да көреді, мені алдап жүр, мені сынап жүр» деген ой шабақтап өткен.

— Оны айтып отырған себебім, егер артық кетсем, кешірерсіз, сізден басқа маған жақындаған еркек атаулының екі көзі өн бойымды тінте, кеудеме... балтырыма қарағанын ылғи сеземін. Олар, әйтеуір, көрмейді деген ұғыммен денеме емін-еркін сұқтана берер еді. Тіпті бұл да емес айтайын дегенім. Көзі барлардың менмендігі, менсінбей қарайтындығы, басынғысы — бас салғысы келіп тұратындығы. Олар бізді мүгедек деп мүсіркейді, ал біз оларды... тән мүгедектігінен жан мүгедектігі әлдеқайда сорлы екенін ұқсашы, шіркіндер. Біз үшін тек бір-ақ түс — қара түс бар деп ойлайды. Рас, көз алдымыз мәңгі түнек, шыңырау зындан, көр секілді қараңғы қапас. Осылардың ар жағынан жарық әлемде жанарына сеніп жарқылдап жүрген көзі барларды көреміз. Біз әлемді, шынымды айтсам, олардан әлдеқайда жақсы көреміз. Егер айналамызда адамдар болмаса, сонда ғана көр соқырға айналар едік... (сәл ойланып үнсіз отырдың, тосын басыңды менің иығымнан алып түзелдің де, өзіңнің сүп-сүйкімді ақ саусақтарыңды өзің салаладың.) Мен сұмдық атаулының бәрінен қорқамын. Тіпті соқырлар үшін сыртқы болмыстың әдемілігі жоққа тән, сондықтан да сіздің бет-жүзіңіздің қандай екенін білмей-ақ іс-әрекет сөздеріңіз арқылы дос болуға ынта білдірдім. Шынымды айтсам, сізге жақындаған сайын алыстап, достасқан сайын ертең қоштасатыным есіме түсіп, іштей жүдеймін. Мен сізге тым үйреніп кеттім, кей түндері таң атқанша көз ілмей шығамын. Неге? Мүмкін, ағалықтың жылдар бойы іздеген аялы алақаны маңдайымнан сипағанда, сол алақанның, сол ынта-ықыластың тіпті де мен үшін емес, басқа... мүлдем басқа жат біреуге арналғанын сезгенім шығар. Мен сізді оқыстан тауып, оқыстан жоғалтатынымды баяғыда сезгенмін. (Жанар, сен толқып егіле сөйлегенсің. Өз ойыңның бәр-бәрін қысылмай, әлдекімдер құсап монтансымай, еркін айта беріп едің. Сен бір таң бозында сайраған бозторғай едің, жаным). Бұл, лайым, ғашықтық та, зар еңіреп қияли болып кетер сүйіспеншілік те, демек, қыз бен жігіт арасында болар ынтықтық та емес, ғұмыр жалғанда қимайтын асыл затты, тіпті әлгі әдемі сезімдердің бәрінен биік мұнара туыстық, екі дүниеде ұмытпас жарылқаушы иелік, яғни ақәділ періштелік шығар-ау. Бұдан бұрын сіздің алдыңызда осылай осылай тіл безеген жоқ екенмін; олқысын толтыру ниеті де емес, әншейін қазіргі жүрісіміздің, қазіргі екеу арадағы жақындықтың қазір жасырғанмен, күндердің күні түртініп өзі шығатын, қол көтеріп сұранатын қарым-қатынастың басын ашып алу еді. (Осынау лақтың асығындай нәзік қыздың бойы мен ойындағы алапат қуаттың отына жылындым).

— Мен кеше түсімде сізді көрдім! (дегенің әлі есімде, Жанар. Сен бұл сөзді балаша қуанып айттың. Әлгінде ғана аңдай көріп, әр сөз, әр қимылыңа өте бір кішілікпен құлап отырғаныммен, әп-сәтте уыз күлкі, сәби мінезіне көшкеніңе қайран қалып едім).— Күндізден гөрі түндерді өте жақсы көріп, шаттыққа бөленетінім сол — түс болса да көре алу бақыты... Орта бойлыдан жоғары, қара шашты, қыр мұрынды, қой көзі бар. Сіз менің қолымнан жетелеп, асау тау өзенінің үстінен салынған қыл көпірден өткізіп келеді екенсіз деймін. Маған айттыңыз: «Артыңа бұрылып қарама, егер артыңа қарасаң, екеуіміз бірдей құлап өлеміз».— Көзімді тас қылып жұмып алдым да, соңыңыздан ере бердім. Арғы жағаға есен-сау өтіп шыққанда ғана, көзімді аштым. Міне, ғажап, мен көремін: қап-қара түн, қап-қара аспан, қап-қара адамдар алқызыл түске, ақ түске боялды. Әлгінде біз өткен өзен қып-қызыл, тіпті қан еді... Мен қуанғанымнан еңіреп жылап жібердім. Жанарымнан жас емес екі көзімнің қарашығы ағып түсе берген кезде, сіз қақшып алдыңыз да, әлгі қан өзенге лақтырдыңыз... «сосын маған жыламауың керек еді, бұл ара тек қарқылдап, жарқылдап, ыржалақтай беретіндер, бұл — күлкітоқ ессіз, артына бұрылмай тек алға адағайлайтындар мекені»,— дедіңіз де, мені көпірден кері өткізіп салдыңыз. Сөйтіп, мен сізбен мәңгіге қоштасып, өзімнің баяғы мекенім — соқырлар аралына қайтып оралдым. Адам да, күн де, гүл де қап-қара, қап-қара түске ене берді... ене берді... (сен орныңнан атып тұрдың да, жіпсіп жатқан жалғыз аяқ жолға түсіп үйге аяңдадың. Артыңнан қоса жүгіргенім жоқ, оған менің дәрменім жетпейтін еді).

Жылымық!

Мен тағы осы суретке, осы сөзге ораламын. Наурыз. Жылбысқылана еріген қар. Қар-қабыршық жолмен жұлым-жұлым шоқпытқа оранған шаруа баласын жетелеп алысқа, біздер білмейтің беймәлім сапарға аттанған. Ескі қора — тозығы жеткен қыстың да, тозығы жеткен тірліктің де айғақшысына ұқсаған. Ал ақша қардың ортасындағы екеуміздің шөп қосымыз ше? Ол ненің айғақшысы? Жылымықтың жұмсақ шуағы ең алдымен сол итарқаның төбесіндегі қарды ерітпейтін бе еді. Шіруге айналған белағаштан сорғыған су — көздің жасы, қарақостың жасы іспеттенгенін сен көрген жоқсың, мен саған айтқан жоқпын. Тырс-тырс тамған тамшының үнін санап, енді қанша өмір сүретіндігіңді жорамалдағаның болар. Күн қыза бастаған, тамшы біз қайтқанша толастамаған: «Жүз жа-сайсың»,— дедім. «Кәріптер, әрине, ұзақ жасайды»,— дедің. Мен сонда алғаш рет өкпелеген едім. Бірақ білдірмеуге тырыстым. Содан кейін біз қайтып қара қостан аққан су тамшысын санамауға келістік. Мен өзімді ылғи алыс, тым алыс сапардан жолаушылап келе жатқандай үнемі шаршаңқы сезінетінмін. Өзіңмен жолыққан сәттерде, сол азапты сапардан жалыққан жан, талыққан белімді суытқандай демалып қалар едім. Жо-жоқ, бұл ермек есес, зәтте жүректің жалқы сәт көк шалғында жатып көзін жұмғаны, тәтті әуезге құлақ құрышын қандырғаны шығар-ау. Кейде сенің жастығыңды қызғанатынмын: білем, бұл сенің жалғыз қуанышың, ертеңге деген үміт құсыңның медеті. Кейде мен осы өкпе ауруымен сырқаттанғаныма, осы Тасбөгет санаторийінде дем алғаныма шексіз қуанар едім. Өйткені мен өзіңді жолықтырдым, мынау гүрілдеп-сарылдаған өмірде Жанар атты жанашырым барын білдім әрі тіршіліктің мәнін бұрынғыдан әлдеқайда терең түсіндім. Сондықтан да күні бүгінге дейін рухани қымызыма айналған, аяулы қыз, сені тоқтартар көңілдің жылымығына балап келемін.

Сен қайтардан бір күн бұрын баяғы жолға қайта шығып едік. Ол шақта қар кетіп, жер тобарси бастаған. Анда-санда өзін көрмесек те мекеніне қайтып оралған құстардың үнін естіп қалатынбыз. Қандай ауыр күн еді. Түскі тамаққа бармай, ымырт үйірілгенше қыдырдық, бірге өткізген аз күніміздің баспанасы іспетті ескі қоспен қоштастық; сол кетеуі кеткен шөп қосқа адастырмай алып баратын қақ тұнған жалғыз аяқ соқпақпен қоштастық; есіңде болар: жол шетінде екі қарағаш бар еді ғой, бірі сымдай боп тік өскен екіншісі жырақта өссе де қыпша белін бүкірейтіп аяусыз иіп әкеліп, ұшар басын әлгі түзу ағашқа тіреп, қайтадан жарыса тік бойлап кеткен-ді; сен осы өзін-өзі құрбандыққа шалған әлгі бүкір қара ағашқа арқаңды тіреп тұрып: «Адамдарда осы ағаштың ерлігі жетіспейді»,— деп едің,— иә, сол бір құрбымен қоштастық. Ең аяғы қас қарая, Тасбөгеттің үстіне шығып тұрып, етекте самаладай жарқырап жатқан Алматыға қарағанбыз.

— Қандай әдемі екен, әттең, сіздің көзіңізді қарызға ала тұрып, бір-ақ рет көріп, жан тапсырар ма едім.

— Менің көзім көз болмайды ғой. Өйткені менің жанарым сенің жан дүниеңе сәйкес келмес еді.

— Мүмкін. Арман ғана... Арман... Білесіз бе, бес жасымда болар, жұлдызқұрт ұстап алып, брошка жасаймын деп шашыма таққанмын. Сонда әлгі жұлдызқұрт түнде жұлдызша жарқырайтын, онда мен көретін едім ғой... Қазір ойлап тұрмын: анау етекте жатқан қала сол жұлдызқұртқа ұқсас шығар деп (мен қайран қалдым: көзі сау мен дәл осындай теңеу таба алмас едім).

— Рас айтасың, Жанар.  Кейде алып қара қазанда от қайнап жатқанға ұқсайды.

— Ал мен айтар едім, жұлдызды аспанның бір шеті ойылып, жерге құлап кеткен деп... Бірақ мен түнді қаншалықты жақсы көрсем, соншалықты қорқамын. Неше сықылды сұмдық-сұрқиялы істер осы түнде жасалмай ма? Шабыстырар да, табыстырар да түн, бірақ мен үшін бәрібір — күні не, түні не... (Сен осы сөзді терең күрсініспен бітірдің де, қала жақтан соққан желге жүз берген қалпың көпке дейін үндеген жоқсың. Ал менде тағат қалушы ма-ау ондай мезетте. Арамыздағы әп-сәтте тұтанып, іле сөніп отырар әдемі сезім — сезінуден, түйсінуден туған сезім қайта-қайта тынышты момақан күйге шақырар еді).

Ал қаракөк аспанға қарап тұрып:

— Желмен бірге адамның иісі де келіп тұр,— дедің.

Алқаракөк аспанға қарап тұрып:

— Жұлдыз ақты,— дедім.

— Көріп тұрмын. Егер жұлдыз көп ақса, күн ашық, ыстық болады,— дедің.— Аспаннан ағып түсер сол жұлдыз, бәлкім, түсімде ағып түскен менің жанарым болар, адасып жүрген...

— Мен сені бүгін танымай тұрмын, Жанар. Мұншалықты күйреу халге тізгін бермеуші едің.

— Бүгін мен өзімді-өзім түсінбей тұрмын. Бейне бір көк жалқын теңіз үстінде малти-малти жағалауға енді ғана қолым ілінген шақта өліп кетер бекершілікті кешкендеймін, сол бір бекершіліктен әбден шаршағандаймын. Иланыңызшы, аға, менің көзім тек бүгін ғана көрмей қалған секілді, бәлкім, бұл — ертең ерте сізбен мәңгілікке қоштасар минуттың тым жақындауынан туған толқу шығар; бәлкім, жақсы адамдардың бір-біріне тек айрылысу үшін жолығарына енді енді ғана сенген жүректің өлім-есірігі ме... (сен менің иығыма басыңды сүйеп едің... Селкілдегендей болдың, жылағаныңды білдім, жанарыңды алақаныммен сипадым, жас бар екен... жас бар екен... сен шын жылап тұр екенсің... жылап... жылап...)

Маған сенің көз жасың сүйікті мекеніміз Қарақостан аққан тамшыға ұқсаған. Мен сонда басқалардың, тіпті өзімнің де өтірік жылайтынымды білдім.

Сені жұбату менің қолымнан келмейді. Бар айтқаным:

— Қайтайықшы.

— Жоқ... Бүгін мен қадір түнін күзетемін. Мен сіздің тайлағыңыз, жетелеңіз, отыз күн жетелегенсіз, бір түнге шыдарсыз. Мұның мен үшін, ертеңгі сізсіз өмірімнің өксіксіз өтуі үшін қаншалықты мәні барын сезесіз бе, аға. Түн жамылып тұрып ағымнан жарылсам, адамға ең керегі шырадай жанған көз емес, қолына шырақ секілді ұстап жүретін адал айнымас дос екенін түсіндім. Мүмкін... (сен дірілдеген саусақтарыңмен менің бетімді сипаладың, саусақ табы түсіп қалардай өте жұмсақ әрі аса сақтықпен сипаладың) ...мүмкін, мендей ғаріпке сізден артық жанардың керегі де жоқ па екен...

Түн салқындай бастаған. Алыстан — тым алыстан самолеттің гүрілі естіледі. Аслан мен жердің арасында дірілдеп ілініп қалған белгісіз бір жұмсақ мұң бардай — мұнарлы мұң, тәтті мұң, кәусар мұң.

Мен өзімді қатқыл ұстауға тырыстым. Қолаң шашыңнан ақырын иіскедім де, суық желге жүз беріп қызына бастаған денемді, қызыға бастаған көңілімді мұздаттым.

Біз кері қайтқанда, түн ортасы ауып еді. Баяғы үйреншікті жолмен асықпай аяңдап келеміз. Бұл ретте қол ұстасып қатар жүрдік.

— Жанар.

— Ау.

— Анау дачаның біріне түнесек қайтеді.

— Аша алмаймыз ғой.

— Терезесінен түсіп кіреміз.

— Ұят болмай ма.

— Ұялған адам – бақытынан құр қалады.

— Маған бәрібір енді. Мен сізге еріп боздап жүрген ботамын.

Терезесін алып ішіне кіргенде, әуелі қапырықтау иіс шыққан. Көзге түртсе көргісіз қараңғы еді, сосын көктем түнінің салқын желі әп-сәтте иіс-қоңысты айдап шығып еді. Бірте-бірте бөлме іші жарық тартып, көз үйренгенде, бұрыштағы темір төсекті көрдік. Шарбағының үстіне ескілеу бөстек төселген секілді. Мен оны алдым да, терезеден далаға шығарып қағып-қағып жібердім.

— Ал енді ұйқтаймыз, аға. Сіз ірге жаққа жатыңыз, әйтпесе құлап кетерсіз (күлдің, күлкің қандай таза еді, әттең, менің де, тіпті бәріміздің де ар-ождан, ой-пиғылымыз осыншалық таза болар ма-ау). Міне, біз қаз-қатар әлдекімнің дачасында, әлдекімнің төсегінде жатырмыз. Әйнектен әлсіз сәуле түседі. Әйнектен Алатаудың қардай шөккен сүлдесі қарауытады. Жүрегіміздің соққанын, демалысымызды естиміз.

— Аға, ертегі айтыңызшы.

— Бала кезде көп білуші едік. Бірде-бірі есте қалмапты, құрғыр.

— Бірақ осының өзі ертек сынды емес пе, ертек. Амал не, соның қалай бітерін білмейміз.

— Ертегі ылғи жақсылықпен аяқталмай ма?

— Рас-ау. Дегенмен, ол үшін басы қорқынышты басталуға керек еді. Сіз бен біз кешіп жүрген ертектің басы тым тәтті... (мен сөзіңді бөлдім).

— Баяғыда... ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қыз бен жігіт болыпты.

— Екеуі де ғашықтықтан өліпті, дегіңіз келеді ғой. Жо-жоқ, мені мені мұндай ертек қызықтырмайды. Одан да үнсіз, тым-тырыс жатайық...

Біз үнсіз тым-тырыс жаттык;. Осына қоқыр үнсіздікті кім бұзды, білесің бе? Өзің.

— Аға (соншалықты ақырын, ұрлыққа түскендей сыбырлай айттың).

— Ау.

— Бетіңізден сүйейін бе? (Сенің ернің тимей-ақ, оң жақ бетім күйе бастаған).

— Жанар.

— Ау.

— Көзіңнен өбейін бе? (үнсіздік).

Таң атып келе жатқан. Атып келе жатқан таңмен бірге испандағы жұлдыздар да бірсін-бірсін еріп біткен. Ағараңдаған ақ көйлек — тек таңның ақ көйлегі ғана дүниені жайлай бастаған. Айтып-айтпай не керек, сен сол сібірлеп атқан таңның таң-тамаша сұлулығын, анау жер мен көктің түнгі құшағы жазылып, күн нұры түртіп оятқан соң, қимай қинала қоштасқанын көре алмадың. Сен сонда ертеңгі шақтың уыз ұйқысында жатып, қадала қарағанымды сезе алмадың. Қарамауға дәтім жетпес еді. Енді үш-төрт сағаттан кейін аттанасың. Мен соншалықты әдемі түс — өмірімнен айрыламын.

Күні бүгінге дейін ойлаймын: көзіне қамшы тиген жас ботадай боздап жүрген шағында, қуанышың демейін, жұбанышың бола алдым ба? Мен осы жасымда көрсоқырды да, көзі бар соқырларды да көп көрген жан едім, солардан талай тар кезеңде таяқ жеген ағаң, адалдықтың арқанына буынып өлуді мақсұттаған. Кейде томсарған жүзіңе қарап тұрып, құдайым-ау, екі құлағын, тілін, қол-аяғын ал, бірақ көзінде не құның қалып еді, деп іштей қынжылушы едім. Бақсам, оным — сені аяудан туған мантырақ ойлар екен. Егер сенің көзің сау болса, табиғат бір басыңа осыншама сұлулық пен асқан ақылды үйіп-төге салмас еді-ау. Бұл жалғанда мұңы жоқ пенде бар ма, қайсысының дерті сыртында, қайсысынікі ішінде. Кейде сенің жаныңда отырып, тағдыр бұйрығына ырық бермеген қайратты ажарыңнан оқта-текте елес беріп өтер — елім елесін аңғарып қалып, алаңсыз көңілім мұздап сала беретін. Іле сенің жарық әлемге ынтызар күлкің-ақ, әлгі сескеншек ойымды санамнан қызыл табан қылып айдап шығатын. Бірақ өзің туралы мәрмәрдан қаланған сыңғыр пікір — ниет маған магнитофонға жазып қалдырған хатыңның құрмалдығында кетті. Сені поезға шығарып салып, сол бір баяғы қара қостың есік алдында отырып, ауыр да ақылды хатыңды таспадан тыңдағаным әлі есімде.

Тағы да жылымық! Қара қос. Бұл жолы жалғызбын. «...Сонымен, аға, сізбен де қоштасып барамын. Отыз жылға бергісіз отыз күн өте шықты. Сіз ойлағандай, бұған дейінгі жүдеген жүрегім түлеген жоқ, қайта өзімді-өзім ескі, мың жыл бұрын қирап қалған қорғанның арасынан тауып алғандай, мәңгірген күйде аттандым. Сіз, аға, өзіңізді тым жақсы, ережедегідей тәртіпті ұстадыңыз, бұл сіз үшін үлкен сынақ сықылданғаны рас: артық сөз, оғаш қимыл жасамай, өз-өзіңізді тура бір ай тұтқында ұстадыңыз. Шынымды айтайын, дәл осы ғадетіңізге жат мінез-құлқыңыз тіпті де ұнаған жоқ. Алғашында аң-таң қалған басым артынша айнығандай еді. Неге? Мен сізді соңғы бір аптада жек көріп кеттім. Маған сіз өзгенің жоғын өлең айтып жүріп іздейтін көнтерілеу болып көріндіңіз. Ең өкініштісі сол — он екі мүшесі сау адам жалғанда мүгедектің шын сырын, шын қайғысын түсінбейді екен, түсіндім дегені — аяу сезімнен аса алмайды екен. Ал біздерге тіпті де өзгенің мүсіркеуі мен жанашырлығы қажет емес-ті. Оны мен талай рет ескерттім де. Ең өкініштісі сол — мені бәрібір мүгедек деп қабылдағаныңыз, ой-санаңызда осы ұғым нардай шөгіп басып жатты. Сондықтан да тау басында тұрғанда, немесе дачада оңаша жатқанда, тым болмағанда ерніме ерніңізді тигізуден жасқандыңыз, жоқ дегенде жас балаша еркелете алмадыңыз. Естияр адам болсаңыз да, менен, яки соқырлығымнан қорықтыңыз. Ағымнан жарылайын — ағымнан жарылайыншы, ұстаған жерінен ағаш та сынбайды ғой, соншалықты сақтанғанда мені мені сақтап қалам дедіңіз бе? Әттең, шіркін, екі көзім шырадай жанып тұрса, құлым болып қолымнан ұстап өтер едіңіз, бас салып аймалар едіңіз, жабысып қалатындай құтылғанша асыққаныңызға қайран қаламын. Жұрт не десе де, мен де екі аяқты, жұмыр басты пендемін. Көлденең өткен көк аттыға болмаса да, мыңнан бірдің құрбаны — садағасы болуды тілемейді дейсіз бе? Сіз мені, аға, басқаға, сіздің қолға су құя алмайтын жатқа қор қылдыңыз, сондықтан да суың сезіммен аттандым. Шынымды айтқаныма кешіріңіз, әйтпесе табиғат бізді неге жаратты. Егер менің қолымнан өзіңіз емес, тым болмаса сізден туған балаңыз жетелеп жүрсе — одан артық бақыт бар ма еді, аға! Міне, сондықтан да дені сау адам әрқашан да өзін артық санайды, аялауының артында аяуы тұрады, тіріде серік болудан тайсақтайды. Иә, сонымен өз рөліңізді өте тамаша образға кіріп ойнап шықтыңыз. Дініңіз берік екен. Бұл менің өкпе-назым ғой. Ал, айтпағым: сіз, аға, маған елітіп көңілімді қимай өтірік армандадыңыз, өтірік қиялдадыңыз, өтірік күрсініп, өтірік мәдениетті, сыпайы қызмет көрсеткен даяшы секілді болдыңыз? Неге? Өйткені өз жүрегінің әміріне бағынбай, үйретілген маймылша секіріп билеп, жағына беру, жақсы көрінбекке әрекеттене беру, аққа қара басқандай оғаш көрінеді екен. Әрине, мен сізді қысқа да қиын ғұмырымда әнге қосып өтпесем де, қиялымда әлдилеп өтермін. Сіз құр атқа мініп, тым асыға желіп бара жатқан жолаушысыз. Менің жанымнан зу етіп өте шықтыңыз. Сонда қайда, қайда асығасыз, соншама асыққанда асар асу, шығар биігіңіз бар ма? Білем, оған кінәлы тіптен де сіз емессіз, қазіргі ғасырдың өзі асығыс. Сонда менің есіме: «Жолаушы, атың семіз желетұғын, көз бар ма мен байғұста көретұғын»,— деген халық өлеңі оралады. Осы әнді сан-сан қайталап тұрып, сізге тек ұзақ сапар тілеймін. Бәлкім  менің бұл хатым ауыр тиер. Ал маған жеңіл дейсіз бе? Сонымен, аға, мені мәңгі түнек, мәңгі түн ажал аралына қайта апарып тастадыңыз. Басқаға қызық үшін айтар әңгімеңізге арқау бола алсам жарады да. Тууы мен өлуі бірдей адамның бір-бірінен артықтығы, кәне, тек осыны ұқсаңыз болды. Сондықтан да соқырлар өлім мен өмірге жасқанбай тура қарай алады. Әлдеқайда жамандық пен жақсылықты бұрын көрер еді. Мен сізді аяймын, аға. Сау соқырлығыңыз үшін, тым-тым романтикаға берілгіш, шындықтан бұғып қалар жуастығыңыз үшін аяймын. Сіз менімен бірге Тасбөгеттің басында жылымыққа шуақтап қалғып-шұлғып отырғаныңызда, талай-талай есеңізден құр қалдыңыз емес пе? Жылымық деген жақсы, егер бұл табиғаттың бораны соғып, жаңбыры жаумай тұрса, бірақ одан да жалығар едік қой. Асылы ер адамға жылымықтан гөрі ақырған аяз, ақ нөсерлі өмір жарасар. Егер енді бір ай бірге жүрсек, бір-бірімізден қашып әрең, құтылар едік. Дүниеде құнын жоймайтын нәрсе жоқ, сондықтан да бәрінің құны бірдей. Тағы бір байқағаным, қазіргі тұрмыс-халіңіздің асығы алшысынан түсіп тұрма-ғаны-ау деймін... Сіздің жаны ашыған сезіміңізден екі есе артық аяушылық сәлемімді жолдаймын.

Көзіңізге қараңыз, аға! (Жанар)».

Бұл сөзді қайдан естідім деп көп ойландым. Қырсыққа толған хатыңды қара қостың жапсарына қыстырып кетпекке бекіндім де, іле бұл ойымнан қайтып, касетаны қалтама салдым. Сол аспан, сол тау, сол күн, сол жылымық. Бірақ бәрі-бәрі басқаша, өзгеше жат, өзгеше суық, жек көре, жиіркене қараймын. Ғажабы сол, мен осы күннен бастап «Жылымық» атты суретке деген сүйіспеншілігімді жоғалттым. Мүлдемге жоғалттым. Қабырғада қағулы, санаторийдің бөлмесінде қалды. Түнде қала бейнесіне қарап тұрып, мынау жарқыраған қазанда адам қайнап жатқандай, сен айтқан адамның иісі содан шыққан қоңыстай сезілді. Иә, сұлулық, тазалық туралы ұғым, түйсігіме төңкеріс жасаған хатыңды бойтұмар ғып әлі тағып жүрмін. Бір қызығы, дәл сенің хатыңды тыңдаған күннен бастап, бұрынғы бойымды өзектеген босаңдық пен ынтызар көңілдің ынжықтығын сылып тастадым да, бұрынғыдан көш ілгері тұрмыс қурып, мәре-сәре ғұмыр кешудемін. Мені байлыққа — бақытқа бастаған өзің едің.

Япыр-ау, көзіңе қара деген сөзді тағы бір рет естіп едім ғой. Е... е... есіме түсті.

Мен сені поезға мінгізіп тұрғанда, темір баспалдақтан көтеріле берем деген қара бұжыр, май желке ағаңның аяғын басып кеттің. Сонда ол бұлқан-талқан ашуланып:

— Ей, қыз, соқырмысың! Көзіңе қарасаңшы!— деп еді-ау!

Мүмкін, нағыз соқыр адам сол шығар...