ОРАЛБЕК ӨТЕҒҰЛОВ. «ДРЕЗДЕН» КАФЕСІНДЕГІ ЖАНЖАЛ

 

 

2021 жылдың жаймашуақ жазы еді. Биыл да жыл сайынғы әдетіммен, демалысқа шыға сала, қаладан 28 шақырым қашықтықта орналасқан Бестамақ ауылындағы аға-жеңгемнің үйіне бірнеше күнге демалуға келгенмін. Алайда бұл жолғы демалысым ұзаққа созылмады. Астанадан досым келе жатыр деген хабарды естіген соң демалысымды үшінші күні аяқ асты үзіп, қалаға қайтып келдім.

Такси қаланың ескі бөлігінде орналасқан «Жоғарғы Акация» аялдамасының маңынан түсіріп кетті. Ақтөбеде күн қайнап тұр. Қалада қатаң карантиндік шаралар енгізілсе де, көшеде адам ығы-жығы. Көшенің қарсы бетінде орналасқан Ақтөбе музыкалық колледжіне әктеу-сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың ескі бөлігінде орналасқан ескі де елеусіз ғимарат болса да, әлі күнге дейін жүздеген, мыңдаған студентке білім беріп келеді. Атақты Димаш Құдайбергенов те осы колледждің түлегі.

Орталық базарға жақын болғандықтан болар айналаның бәрі сауда-саттық орындары. Коллдеждің де жертөлесінде музыкалық аспаптар сататын дүкен бар. Автобус күткен адамдар аялдамаға сыймай, айналдыра қоршап тұр. Аялдама деген аты ғана болмаса ішіне 4-5 адам отыратын темір күркеше ғана. Жақтауларын жасыл түспен сырлап қойған. Бояудың сапасы нашар болды ма, әлде бірнеше жыл бұрын сырланғандықтан ба, күн мен жаңбырдың әсерінен әбден өңі кетіп қалыпты. Есепсіз, ретсіз, онды-солды жабыстырылған жарнама қағаздары онсызда өңі жоғалған темір аялдаманы одан сайын ұсқынсыз етіп көрсетіп тұр. Ең сорақысы сол – автобус келіп түйді ме, әлде әлдебір жеңіл машина келіп соқтығысты ма, аялдаманы бірнеше жерінен түйіп, бастапқы орнатылған тұғырынан бір метрдей артқа сырғытып жіберген. Кейін аялдаманың майысқан жерлерін түзетіп, сынған жерлерін дәнекерлеп, қайта қалпына келтіргендей болған. Бір емес бірнеше рет осылай қайталанған сыңайлы. Ұсқыны кеткен меңіреу қаладағы ұсықыны кеткен сұрқия аялдамалар... Бірақ бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Шыжыған күннің астында бәрі де тезірек автобустарына мініп, үйлеріне қайтуға асығуда.

«Акация» мен «Жоғарғы Акация» аялдамаларының арасы бар болғаны бірнеше қадам. Күннің ыстығы сонша, жоғарыдан төменге түсемін дегенше таңдайым кеуіп үлгерді. Бұрын бұл маңайларда газет-журнал сататын дүңгіршектер көп еді. Қазір соның бірде біреуі қалмаған. Кеңес заманынан бері келе жатқан алты қырлы экзагон тәріздес дүңгіршектердің іргетасына дейін қалдырмай бұзып тастапты. Тек Акация маңында ғана емес, бүкіл Ақтөбе бойынша жағдай осындай. Соған қарағанда газет-журнал сату ісі тоқырауға ұшарған тәрізді. Бұрын әрбір аялдаманың қасында дерлік бір-бір дүңгіршек болушы еді. Алыстан қарағанда екеуі әдемі тандем құрайтын. Кейде автобус келіп болмай, ұзағырақ тұрып қалған кездері бос тұрмай әйнектің арғы жағында тұрған газет-журналдардың мұқабаларын қызықтап, тақырыптарын оқып тұрушы едік, қазір мұның бәрі өткен күндердің елесі болып келмеске кетті. Қаланың басқа бөліктерінде дүңгершектердің көзін құртқан соң аялдамалар жалғыз қалса, бұл маңайда олардың орнын жабайы сауда орындары басқан. Қыста көбіне ұсақ-түйек сатса, жазда сусындар, балмұздақтар сатады. Сусындардың ішінде ең жақсы өтетіні – жергілікті квас. Мұнда квастың екі түрі сатылады. Біріншісі дәннен жасалған қоңыр түсті квас болса, екіншісі ара балынан жасалған сарғыш түсті квас. Біріншісін кез-келген қаладан табуға болатын болса, екіншісі тек Ақтөбеде ғана сатылады. Менің ұнататыным да осы екінші түрі. Ақтөбенің «Медовый» квасына жететін ештеңе жоқ қой шіркін! Бір стаканын тартып жіберсең болғаны, лезде ыстықты да ұмыттырып, жан-дүниең жадырап сала береді. Мынадай ми қайнатар ыстықта таңдайы кепкен адам үшін бұдан артық не болсын?

Бір реттік пластик стаканға құйылған жарты литр «медовый» квасты қылғытып жібердім де, досыммен кездесу белгіленген Әбілқайыр даңғылына қарай ыңғайландым. Автобустардың келетін түрі жоқ. Оған қосы досым кешіккенді ұнатпайтын адам. Амал жоқ таксиге отыруды жөн деп шештім.

Межеленген жерге жеткенде талтүс болыпты. Досым да көп күттірмей келді-ау әйтеуір. Үш жыл бойы көрмеген досым, әрі группаласым қазір Астана қаласына жұмыс жасайды. Үш жылда айтылмаған біраз әңгімелер жиналып қалғаны анық. Ол да мені көргеніне қуанышты сияқты.

Осы уақытқа дейін естіген жаңалықтарды талқылап, өткен-кеткенді қозғап, біраз әңгіменің басын қайыру үшін ыңғайлы бір жер керек әрине. Ол үшін кофехана болса жақсы болар еді. Бірақ жақын маңдағы екі кофеханада да орын жоқ. Кезек күткен 10-15 шақты адам. Бізге жақын аралықта орын табылмайтыны анық болғаннан кейін басқа жер іздеуге көштік. Екеуіміз көшені бойлай 10-15 минуттай жүрдік. Кездескен кафе-мейрамханалардың бәрі жабық, не орын саны шектеулі. Коронавирус біраз нәрсеге қолбайлау болып тұр ғой шіркін! Әйтпесе, бұл ауданда да тіршілік қайнап жататын әдетте...

Әрі жүрдік, бері жүрдік. Ештеңе табылатын емес. Бір кезде «Дрезден» деген кафеге көзіміз түсті. Жақындап барып қарасақ кафе емес, сырахана екен. Жазғы терассасында екі еркек сыраларын сораптап, темекілерін бұрқыратып әлдені қызу талқылап отыр. Түрлері қазақ, сөздері орыс.

Сөйтіп ішке кірдік. Бізді барда тұрған жасы қырықтар шамасындағы орыс әйел қарсы алды:

- Здравствуйте!

- Здравствуйте!

Сырахана екі залдан тұрады екен. Іші салқын, әрі тып-тыныш. Екінші залда еуропоид нәсілді екі қыз көңілді отыр. Ара-арасында жарқын-жарқын шыққан күлкілері естілетіні болса, тыныштықты бұзатын басқа ештеңе де жоқ бұл жерде. Әрине, ауа кондиционерінің дауысын қоспағанда. Сыраны ұнаптасақ та, екеуіміз екі бокал сыраға тапсырыс бердік. Бізге бұдан өзге вариант жоқ еді...

- Сонымен, Астана қалай екен? – деп бастадым мен әңгімені үстелге отырар-отырмастан шыдамсызданып.

- Астана жақсы ғой. Болашағы бар қала. Атауын өзгертіп тастағаны болмаса...

- Уақытша атау емес пе? Кезінде Ленинград, Сталинград дегендердің бәрі кеткен жоқ па? 60 жыл, 70 жыл тұрса да...

- Уақытшасы уақытша ғой. Тек соған миллиардтаған қаражат кетті...

- Жә, бұл елдің проблемасын айтып тауыса алмайсың. Оданда өз жайыңда айт! Жұмысың қалай? Ол жақта университетте жұмыс жасаған қалай екен?

- Бұл жақтағыдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Сабақ оқитын студенттер мен оқымайтын студенттер ол жақта да бар. Бірақ бәрінен де қиыны күйеуге шыққан студент қыздар.

- Олардан қандай қиындық көрдің?

- Сабақта екі күннің бірінде жоқ. Баға шығаратын кезде әр оқытушының соңынан жүгіріп жүріп қойғызып алады. Қайыр-садақа тілегендей қылып. Бағаны сұрап алмайды. Бағаны еңбекпен алу керек. Солай емес пе?

- Әрине. Мен де жүрдім ғой ғұмыр бойы математикадан алған жалғыз үшпен. Сол үш болмағанда «Алтын белгі» алып, грантқа түсетін едім... Баға сұрау ойыма да келмепті сол кезде.

- Жоқ, түсінбеймін, - деді досым сыраның бір ұрттамын жұтып жіберді де менің көзіме тура қарап, - жап-жас қыздар. Сонша қайда асығады екен деймін де. 4 жыл деген не, көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Оқуларын бітіріп шықса да үлгереді ғой...

- Соны айтамын...

- Жарайды, махаббаттары тасып, жастықпен шықты делік. Баланы кейінге қалдыра тұруға да болады ғой. Шыға сала босан деп олардан ешкім де талап етпейтін шығар?

- Біздің қазақ баланы жоспарлау дегенді біледі дейсің бе?

- Өз бастарына өздері проблема тілеп алады, - деп басын шайқап, күйінішін білдіріп, сырасын тағы бір ұрттап жіберді де әңгімесін әрі қалай жалғастырды, - ал жарайды, жастықпен, ақымақтықпен шығады екен, баланы көтереді екен, ендеше баласын босанып, барлық шаруаларын біржайлы етіп барып оқуын жалғастырмайды ма?

- Бізге пареллель орыс тобында оқыған сондай бір қыз бар еді ғой? Бізден 4-5 жас үлкен...

- Иә, аты есіме түспей тұр. Екі баласымен 24 жасында оқуға түсіп бітіріп шықты ғой.

- Менің де есіме түспей тұр. Айдана ма, Айсана ма, кім еді...? Әйтеуір аты «Ай...»-дан басталатын, - дедім мен курстас қыздың атын есіме түсіре алмай саусағыммен маңдайымды үйкелеп.

- Бірінші курстың екінші семестрінен-ақ басталады сабақтан қалу. Семестр соңында келіп тұрады іштері шәрмиіп, - деп сабақтады досым әңгімесін әрі қарай, - Бірінші, екінші курстың қыздарына не жоқ екен? Соңғы курста шықса да үлгеретін еді ғой...

- Әңгімеңе қарағанда ондай қыздар көп болып тұр-ау?

- Әрбір группада 2-3 қыздан, - деп қысқа қайырды ашулы кейіппен, - Сөздің шыны керек, түптеп келгенде бұл өзін-өзі алдау ғой. Не білім алып жатқан жоқ, не басқасына үлгеріп жатқан жоқ, жүр босқа сүйретіліп... Бәріне үлгеріп жүрмін деп ойлайтын шығар өздері. Шын мәнінде ештеңеге де үлгеріп жатқан жоқ. Осыны айтып түсіндіргің келеді-ақ! Әттең, тыңдайтын құлақ болса...!

- Гармондары тасып тұрған жүкті келіншектерге айтып көр соны...?

- Айтқанмен де бәрібір ештеңе ұқпайды ғой. Универді басына көтеріп, ректорған дейін барсын сосын. Осыдан кейін олардан қандай сапалы маман шығады. Ілініп-салынып жүріп бітіріп, дипломдарын қолдарына алып алады да, оны сандыққа салып қойып өздері базарға шығып кетеді. Немесе жүреді анда-мында. Табылған кез-келген жұмысты істеп. Дипломы қолдарында болғанымен бастарында түк те жоқ...

- Біздің Нұрсәулет сияқты дейсің ғой...?

- Дәл таптың! Ол шіркін универден соң Бәйішевке магистратураға тапсырып қойып, өзі Астанада екі жыл жұмыс істеді ғой. Ақтөбеге дипломын алуға бір-ақ келді. Қазір базарда жүр зат сатып. Магистратура бітірген сатушы...

- Мда...

- Магистратура демекші, соңғы жылдары магистратураға декреттегі келіншектер жиі түсетін болған. Былтыр менде сондай 15 магистрант болды. Біресе өзі ауырады, біресе баласы ауырады. Қанымды ішіп болды әбден. Неше түрлі сылтауларын айтып уатсап номеріме жазып тұрады: «Ағай мені жоқ деп белгілеп қоймаңызшы?» деп. Жұрттың бәрі пысық әйтеуір. Не жеп пысық болды екен?

- Бір оқпен екі қоянды атып алмақшы дейсің ғой...?

- Бәрі солай ойлайды. Өзің ойлап қарашы? Аңға шыққанда бір оқпен екі қоянды атып ала аласың ба? Тілі мен жағына сүйенген біреудің ойлап тапқан сөзі ғой әншейін. Бәріне де оқу-білім ойыншық сияқты, -деп ауыр бір күрсінді досым.

         Досымның айтып отырған сөздерінің жаны бар. Қазір алып қарасақ қай салада да кері кетушілік. Қазақстанның дамымай отырғаны да осы білім сапасының төмендігінен шығар.

         Осыдан 3-4 жыл бұрын инстаграмнан бір жақсы пост оқығанмын. Өзіме қатты ұнаған соң бірнеше адамға таратып, бөлістім. Біреуге болмаса біреуге ойсалар деген ниетпен. Солардың ішінде осы досым ғана пікір білдірді. Басқалары үнсіз...

         Сол бір кездейсоқ табылған интернет жазбасын өзімнің қойын дәптеріме де көшіріп қойғанмын. Досымның айтқан әңгімесі соны есіме түсіріп жіберді.

Африканың қиян бір шетінде Оңтүстік Африка Республикасы деген мемлекет бар. Сол елде Стелленбосс деген университет бар екен. Сол университеттің кіреберісіне келесідей сөздерді жазып, іліп қойыпты: «Кез-келген ұлтты жойып жіберу үшін атом бомбасының немесе алыс қашықтыққа ұшатын зымыранның қажеті жоқ. Бар болғаны білім сапасын төмендетіп, емтиханда студенттердің көзбояушылыққа баруына мүмкіндік берсе болғаны. Науқастар осындай дәрігерлердің қолынан өледі. Сондай инженерлердің қолынан шыққан ғимараттар құлайды. Ақша осындай (сапасыз) экономистер мен бухгалтерлердің қолынан сусиды. Әділдік осындай заңгерлер мен соттардың қолынан жоғалады. Білімнің күйреуі – бұл ұлттың күйреуі». Осы жазбаны еліміздің барлық университеттерінің кіреберістеріне іліп қою керек деген өз ойымды жазғанмын. Осыдан соң әлгі досым осы жазбаны өзі жұмыс жасайтын университеттің ректорына көрсетіп: «Біздің де университеттің корридорына осы сөздерді жазып іліп қояйық?» деп ұсыныс айтқан екен. Ректор сонда: «Біз Африка емеспіз» деп әлгі идеядан бас тартыпты. Осыдан соң көп ұзамай басшылық тарапынан қудалау басталып, досымды ақыры сол университеттен кетіріп тыныпты. Бұл екі жыл бұрын болған оқиға еді...

Досым сырасын тағы бір-екі рет сораптады да, әңгімесін әрі қалай жалғастыра жөнелді:

- Кейбіреулері баға сұрауға басқа кафедралардағы оқытушыларды жібереді. Амал жоқ үш қойып бересің. Қойып бермейін десең заведущийге барады, деканға барады, про-ректорларды жағалайды, адам салады, бәрібір қойдырмай тынбайды.

- Не деген өлермендік десеңші...?

- Онымен қоймай үшке риза болма йтындарын қайтесің? Төрт сұрайды, кейбіреулері тіпті бес сұрайды, ұялмай-қызармай. Өткенде біреуі маған «Ағай маған 100 балл қойып бере салыңызшы? Қазақтың санын көбейтіп жатырмыз ғой» деп қояды. «Санын көбейтеді екенсіздер. Ал сапасын кім көбейтеді дедім». Студент үнсіз қалды жауап таба алмай...

Досым сырасын тағы бір ұрттап қойды. Сіміріп іше салуға екеуімізге де батпайды. Амалсыздан сораптап отырмыз.

- Білімнің сапасы төмен болса ұлттың сапасы қайдан жоғары болсын? – дедім мен, пікірлесімнің ойын ұштау үшін. Досым әңгімені тереңнен орғытты:

- Әлемде Тәуелсіздігі жоқ 80 миллионға жуық тамил, 50 миллионға жуық күрд, 25 миллионға жуық ұйғыр бар. Қанша жерден көп болса да әлі күнге бір Тәуелсіз мемлекетке қол жеткізе алмай келе жатыр. Оның қасында бар болғаны 1 миллион эстон халқы 150 миллион орыстың іргесінде еуропалық стандарттарға сәйкес шалқып-тасып өмір сүріп отыр. Эстония қандай, Ресей қандай? Арасы жер мен көктей.

- Немесе арабтар мен еврейлер дейсің ғой?

- Бар болғаны 12 миллион еврей 230 миллионға жуық арабтың ортасында гүлденіп отыр. Қанша жерден соғыс жағдайында тұрса да, өмір сапасын әлдеқайда жақсартып алған. Норвегтер мен финдер 5 миллионнан, шведтер 10 миллионнан сәл-ақ асады. Әлемдегі ең бақуатты елдердің бірі ғой. Дамуы жағынан миллиардтаған Қытай мен Үндістанды әлдеқайда басып озады. Сондықтан да, мәселе санда емес сапада, - деп досым асқан сенімділікпен шегелеп тұрып айтты осы сөздерін. Расымен де, кез-келген ұлттың сапасы білім-ғылым және мәдениет арқылы көтеріледі. Білім-ғылымы жоқ халықтар тобырға айналады Ауғанстандағы тәліптер тәрізді. Досымның сөздерінен соң мен де біраз ойланып қалдым әлбетте.

- Эстония демекші, Эстонияға сапарың қалай болды? Қанша уақыт болдың ол жақта?

- Эстонияда пандемия басталардан сәл ғана уақыт бұрын 1 ай болдым. Университеттен жіберген Таллин университетіне стажировкадан өтуге. Кеше ғана кеңес заманында бір одақта болған ел едік, Қазақстан түгіл Ресейді басып озған. Заңдар жақсы жұмыс жасайды. Біздегідей жемқорлық жоқ. Бар болса бар шығар. Бірақ білінер-білінбес деңгейде болар. Ал жағымпаздық деген атымен жоқ...

- Енді Еуро Одаққа мүше ел ғой.

- Еуро Одаққа мүше болу үшін де соған лайықты болу керек қой. Білесің бе, ол жақта эстон тілін білмеген адам азаматтық ала алмайды. Эстон тілін үйренген орыстарда азаматтық бар да, білмейтіндері арнайы рұқсат қағазымен жүр. Сонда да Ресейге көшкісі келмейді. Ал біздің жағдайымыз мынау. Өз елімізде өз тілімізде де еркін сөйлесе алмаймыз, - дей беріп еді, барда сыра құйып тұрған орыс әйелдің ащы дауысы шықты. Ұялы телефонына үңіліп, өзімен-өзі отырған бармен әйел кенет, бізге қарай дүрсе қоя бермесі бар ма! Бағанадан бері біздің айтқан әңгімелерімізді түсініп отырды ма, әлде әңгіменің қызығына түсіп, дауысымыз қатты шығып кетті ме кім білсін, әйтеуір орыс сатушының берекесін қашырыппыз:

- Вы что двоем? Почти целый час болтаете на своем языке. Разве ваши родители не воспитали что в общественном месте надо разговаривать в нормальном языке?!

- В Нормальном языке?! – екеуіміз де бір-бірімізге қарап орнымыздан ұшып түрегелдік.  Досым маған қарағанда сабырлы екен, үстелдің үстінде тұрған ұялы телефонын дереу қолына алды да, асығыс есікке қарай беттеді. Менің қаным басыма тепті. Дереу қолымда тұрған орта бокал сыраны орыс әйелдің бетін шашып кеп жібердім. Ол бізден мұндай реакция күтпеген болуы керек, қорғанып та үлгермеді. Қолымдағы босаған бокалды сындырып кетуге қанша ашуланып тұрсам да қолым бармады. Менің орнымда басқа біреу болса бокалды бұлғап кафельге бір ұрып шағып кетер еді. Ыдысты сындыруға обалсынып үстелдің үстіне қоя салдым.

Өшіңді мықты болсаң адамдардан ал! Заттардың жазығы жоқ! Қолына түскенін қиратып, бар ашуын заттардан алатын адамдарды ешқашан да түсінбеймін. Түсінген де емеспін.

- «Я щась милицию вызову» - деп неше түрлі былапыт сөздерді қосқан орыс әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Біз екеуіміз ештеңені елеместен өз жөнімізбен әрі қарай кете бердік. Әдемі отырыстың шырқы осылай бұзылады деп кім ойлаған...?