Бүгін таңертең жұмысқа әдеттегіден сәл кешігіңкіреп келдім. Офисіме кірген бетім сол еді, алдымнан үстінен Шанель әтірі аңқыған хатшым құшағын жая жүгіріп шығып, «Ағай!» - деп мені мойнымнан қысып құшақтап алды.
- «Құттықтаймын, ағай! Құттықтаймын! Сізге Нобель сыйлығы берілетін болды. Нобель алған тұңғыш қазақ боласыз!» – деп қуынышы қойнына сыймай мені құшағына қаттырақ қысып жатыр. Шанельдің иісі мұрнымды жарып барады. Не болып жатқанын түсіне алар емеспін...
- Қайдағы Нобель? Не айтып тұрсың?
- Ағай маған сенбейсіз бе? Қазір көрсетемін, - деді де, мені құшағынан боста салып үстеліне қарай ұмтылды. Дереу бір жапырақ қағазды алды да, маған ұсынып «Қараңыз! Қараңыз!» деп безек қағып тұр. Қағазды алып қарасам өз көзіме өзім сене алмадым, Нобель комитетінен келген ресми шақырту.
Сөйтіп, межелеген уақытта Норвегия астанасына жол тарттық. Астана қаласынан Ослоға ұшатын тікелей рейс болмағандықтан ұшақ ауыстыруға тура келді. Боингпен Астанадан әуелі Лондонға ұшып келдім. B-757 деген керемет ұшақ қой. Сүп-сүйкімді бортсерік қыз Марс шоколадын әкеліп берді бізге. Липтон шайын ішіп, қасымда отырған Фулбрайт түлегімен әңгімелесіп бардым. Галифе шалбар киген орта жас шамасындағы әйел қолына Суаровски асыл тастарынан жасалған әшекейлер тағып алыпты.
Әуежайда 2 сағаттай аялдадық. Сол аралықта мұқабасында Эйфель мұнарасы бейнеленген ағылшын тіліндегі Форбс журналының бірнеше бетін оқып үлгердім. Екі сағаттан соң тағы да Боингке отырып Ослоға тарттық.
Ол жақта ұйымдастырушылар күтіп алып, бес жұлдызды Хилтон қонақ үйіне орналастырды. Маған джакуззиы бар номер бұйырыпты. Қонақ үйге қарама-қарсы бетте МэкДональдс бар екен.
Колгейтпен тізімді тазалап алдым да, Джакуззиге түсіп алып айнаға қарасам, бет-аузымды арам шөп басып кеткен. Дереу қолыма Жиллетті алдым да, қырып тастадым. Содан соң бірінші қабатқа түсіп, қолыма Паркер қаламын алдым да, Джек Дэниелстен ұрттап отырып салтанатты шарада сөйлейтін сөзімді жазуға кірістім.
Сыйлықты табыстау рәсімі келесі күні басталды. Норвегия королімен қол алысқанда қатты қобалжығаным рас. Жүрегім дүрсілдеп тұр. Қалай дегенмен де Нобель сыйлығы бұйырған бірінші қазақпын ғой... Осыдан соң трибунаға шығып, микрофонды ыңғайлап, салтанатты түрде сөз сөйлеуге ыңғайландым...
Залға бір көз тастасам лық толы адам, шыртылдаған фотоаппараттар мен бейнекамера ұстаған операторлар. Қысқасы, бірыңғай игі жақсылар жиналған екен. Бәрінің де назары менде...
Терең бір дем алдым да, «Good afternoon dear ladies and gentlemen!» – деп көтеріңкі дауыспен салтанатты сөзімді бастай беріп едім, біреу артқы жағымнан келіп сол жақ иығымнан артқа қарай жұлқылады. Шошып кеттім. «Әй, тұр! Тал түске дейін ұйықтайсың ба? Қой кетіп қалды. Әкең есегіңді ерттеп кетті. Мініп ал да, қуып жет! Әкең жалғыз өзі баға алмайды» - деген айғай араласқан ашулы дауыс естілді. Көзімді ашсам қой кезекке оятып жатқан шешем екен. Бағанағы көріп жатқанымның бәрі түс екен. Қап, әттеген-ай! Тып-тым жақсы түс көріп жатыр едім, оятып жібергенін қарашы!
- Туу, мама! Күшті түс көріп жатыр едім, бәрін құрттың!
- Солай жата бересің бе тал түске дейін? Жұрттың сендей балалары қой кезекті жалғыз өзі бағып келіп жүр. Сен болсаң жасың жиырма беске келсе де қасыңа әкең еріп жүруі керек. Ең болмаса қой кезек бағу да қолыңнан келмейді. Тұр болды! – деп үстімдегі көрпені жұлып алды да, есікті тарс жауып шығып кетті.
- Жұрттың балалары Нобель туралы түс көреді ме? – деп айғайладым мен ұйқылы-ояу, ызам келіп...
Әрине, шешем менің бұл сөздерімді естіген де жоқ. Естісе де түсінген жоқ...