ОЛЖАБАЙ САБЫРБЕК. АСПАЛЫ КӨПІР

Аспалы көпірге аяқ артқаны сол Айгүлдің басы айналды. Төмен қарап еді асау толқынды өзен мұны әлдеқайда ала қашатындай буырқанып ағып жатыр екен. Осы кезде аспалы көпір шайқатылып кеткендей болды. Айгүл қорқып көпірдің сымдарынан ұстап кері жүрді.
       Сол сәтте көпірдің арғы бетінен біреу бері өтіп келе жатты. Жақындағанда байқады, жігіттің үстінде жауынгер киімі бар екен. “Әскерден оралған болды ғой” деп ойлады Айгүл. Өзінің көпірден өтуге қорқып тұрғанын сездіргісі келмей күлімсіреген болды. Арғы беттегі ауылда үлкендердің үйретуі бойынша жас келіншек ер адамның алдын кесіп өтпеуі тиіс. Оның үстіне мына қыл көпірде өзге біреумен жанасыңқырап кайтып өтпек? Ішіндегі бөпесімен тар жолда қысылыңқырап қалса ұят-ты. Осыны ойлағанда Айгүл жігіттің өтіп кеткенін мақұл көрді.
       Жігіт жақындай беріп кілт тоқтады.
       – Айгүл! Сенсің бе, жаным-ау?!
       Айгүл жалт қарады. Самат! Иә, өзінің Саматы! Жоқ, енді басқа Самат! Айгүл ұмсына беріп кібіртіктеп қалды. Самат жүгіріп келіп мұны құшақтап бетінен сүйді. Оның аузына кермек дәм келді. Айгүл жылап тұр еді.
       – Мен сені осы ауылда деген соң іздеп келдім! Табамын деп едім, жүрегім алдамапты. Әйтеуір, жолықтырдым-ау.
       – Самат, мен сенің алдында кінәлімін. Сені күте алмадым! Кешіре алсаң, кешірші мені. Енді мені ұмыт.
       – Айгүл, мен сені қалай ғана ұмыта аламын. Есіңде ме, мен әскерге кетер аддындағы түн. Сол күні саябақта таң атқанша қыдырып едік қой.
       – Иә, қыдырғанбыз. Армансыз сырласқанбыз да. Сонда мен сенің жан сырыңа бойлағанмын. “Сенсіз өмір жоқ” деп шешім қабылдаған да едім.Амал қанша, тағдыр бізге бір болуды жазбапты.
       – Неге олай дейсің, Айгүл! Мен бәрін де білемін. Кешірдім сені. Жүр, қазір сені үйге алып кетемін.
       Айгүл күлді.
       – Неге күлесің, жаным?
       – Самат-ау, қарны қампайып тұрған келіншекті алып қашып барғанды ата-анаң қалай көреді?
       – Сен немене?.. Бөпелі боласың ба?
       – Көрмей тұрсың ба? Мен – екіқабатпын. Жуырда бөпелі боламын.
       – Құттықтаймын!
       – Рахмет!
       – Айгүл, мен бәрібір сенсіз өмір сүре алмаймын. Мейлі, бөпелі бола ғой. Екеуміз қосылған соң бәрібір бөпелі боласың. Мен сені кінәламаймын. Іштегі баланы менен дейсің.
       – Кім сенеді оған? Самат, мені бөгеме. Арғы беттегі кісілер қарап тұр. Осы кездесуімізді Мырзабай естісе мені аямайды.
       – Неге ол сені аямайды?
       – Өйткені, ол қызғаншақ. Сен түгілі кейде үйге ертіп келген достарынан да қызғанып, мені талай сабаған.
       – Сен оған қалай төзіп жүрсің?
       – Төзбегенде ше? Әйелін сабаған жалғыз Мырзабай ғана ма?
       – Е, сен оған сүйіп қосылған екенсің ғой. Енді ұрғанын да елегің келмейді.
       – Босқа олай дейсің. Мен сені сүйгем. Әлі де сүйемін. Бірақ... Мен Мырзабайды сүйгенім жоқ. Қазір де ішім жылымайды. Барлық кінә менен, Самат. Қыздарға ілесіп кафегенегебардым?Олменісонда жолықтырды.«Теңгесін аямайтын тентекті біраз пайдаланып қалайық» деген Назираның сөзіне неге сендім екен. Сол кездесулерден соң Мырзабай соңымнан калмайтын болды. Ақыры алдап алып қашты ғой.
       – Бәрібір калмаймын десең, ол не істей алатынеді. Заңорыңдарыбар. “Шағымданамын” демедің бе?
       – Дедім. Касыма жолатпай, үш күн тамақ ішпей тырысып жаттым. Бәрі де әке-шешемнен болды. “Қайтып келген қыз жаман. Сол үйдің босағасында қалсын. Барған жері жаман емес қой. Күйеудің ата-анасы құрметті кісілер. Соларды сыйласын” деп жеңгемнен сәлем айтып жіберіпті. Қуғыншылар келгенде “калмаймын” деп көз жасымды көл қылдым. “Асылып өлемін” деп қорқытып та көрдім. Жеңгем көкбеттеніп тұрып алды. “Өлсең де қаласың” деді. Олар кеткен соң асханаға кіріп, өзімді өзім пышақпен жарып тастамақ едім. Мына жалған дүниені тастап кете алмадым. Мен сияқты сүйгені үшін күресе алмайтын қызға үйленбегенің де жақсы болды. Мына өмірде қыздар аз ба, біреуіне таңдап жүріп үйленесің.Бірақ,менсияқтықызға кезікпегейсің деп тілеймін.
       – Сені түсінемін, жаным. Иә, сен оған өз еркіңмен барған жоқсың. Сондықтан менің алдымда өзіңді кінәлі санама. Әлі де кеш емес. Кеттік, жаным.
       – Жоқ, болмайды. Самат.
       – Неге?
       – Мен біреудің некелі әйелімін. Ал, некелі әйелдің басқамен кетіп қалуға құқы жоқ.
       – Сонда мен басқамын ба?
       – Еңді солай десе де болады.
       Саматтың ұнжырғасы түсіп кетті. Айгүлге не дерін білмеді. Тек жанары жаутаңдап келіншекке карай берді. Іші удай ашыды. Айгүл келіншек болып түскен соң тотыдай таранып, толысып, онсыз да ажарлы жүзі жайнай түсіпті. Тіпті оған ішінің сәл томпайып тұрғаны да әдемі жарасады екен-ау. Самат іштегі болашақ жарық дүние иесінің өзінікі емес екенін білгенде тағы да жүрегін әлдене тіліп өткендей болды. Егер осы кезде тосыннан Мырзабай келе қалса, оны аямайтынын ойлады.
       Айгүл асықты. Әншейінде автомобильге арналған үлкен көпірден өтуші еді. Жаңа жол қысқарсын деп аспалы көпір арқылы өте шықпақ болған. Алдымнан Самат шыға келеді деп ойлады дейсіз бе?
       Расында ол Мырзабай алып қашып, жеңгесі жекіріп тастап кеткенде Саматты ойлап қатты қамықты. Молданы әкеліп неке қидырғанша сазарып отырып алған. Үлкен кісі ұрысқан соң басын изей салған. Иә, оған енді бәрібір еді. “Бәрібір Мырзабаймен тұрмаймын” деп өзіне-өзі ант берген. Бірақ, күндер өте келе ол бойына шарана біткенін сезінді. Ал, сәбидің әкесі әрине Мырзабай екеніне талас жоқ. Ол енді “сәбиімнің әкесі ғой” деп Мырзабайға басқаша қарай бастады. Мұны күйеуі басқаша түсінді. “Көнбегенде қайда барасың?” дегендей, Айгүлге астамси қарайтын болды. Кейде жұмысынан ішіңкіреп келсе, Айгүлге себепсізден себепсіз тиіседі.
       – Әлгі әскерге кеткен жігітіңді ұмыта алмай жүрсің бе? – дейді.
       – Бәрібір сен Саматтай бола алмайсың, – деген Айгүл қырсығып.
       Сол-ақ екен Мырзабай мұны салып қалды. Ауыр соққыдан Айгүл отырып калған.
       Осы ұрыстың үстінен енесі түсті. Ол Мырзабайға алара қарап келінін сүйемелдеп басқа бөлмеге әкеткен.
       Енесі Айткүл – түсінігі мол адам. Бірнеше жыл мектеп басқарған енесінің өзгенің жанын түсінуге келгенде орны бөлек. Ол келініне оңашалап шәй берді.
       – Мұны атаң естімей-ақ қойсын. Естісе жүрегі ауырады. Атаң сені аузынан тастамай мақтап отырады. “Айгүлім келгелі үйге береке келді” деп достарына мақтанып отырғанын талай естідім. Атаңды ренжітпе, жарығым, – деген енесі.
       Аудандық, облыстық деңгейде ірі қызметтерде болған атасы Жұмабайдың да жүрегі жылы. Келінім екен демейді, реті келгенде Айгүлді де еркелетіп қояды. Енді міне келінінің аяғы ауыр екенін білгелі атасы келіні үшін жанын беруге бар. “Айгүлім жесін” деп күн сайын базардан түрлі тамақ әкеліп жүргені. Әу баста Айгүлдің осы үйде қалып кетуіне ата-енесінің осы ықыласы да себеп болған шығар-ау. Осындай адамдардан туған Мырзабайдың неге сонша қаныпезер болғанына Айгүл түсінбей-ақ қойды.
       – Самат, мені арғы бетке өткізіп тасташы, – деп қиылды Айгүл.
       Бұл Саматқа “Мені Мырзабайға ертерек жіберші” дегендей болып естілді. Ол сүйгенінің жанарына қарап еді, расында қиыла өтініп тұр екен.
       – Сен немене, аспалы көпірден өтіп көрмеп пе едің?
       – Иә, өтуге жүрексініп тұрмын. Расында аспалы көпірдің бел ортасына барғанда қатты қорықса, кім білсін не боларын деп ойлап үлгерді Самат. Іле Айгүлдің ішіне қарады.
       – Мына батырың қалай, тыныш жата ма? – деп Самат келіншекке карады.
       – Әкесі сияқты тентек. Бүйрегімді теуіп ойнайды, – деп күлді Айгүл.
       Айгүл күлгенде жүзінен болашақ сәбиіне деген ерекше бір мейірім байқалды. Ол “Мен ана боламын” деген қуанышы болатын. Ал, келіншекке бұдан басқа бақыт бар ма?
       – Жүр, мен сені арғы бетке жеткізіп тастайын, – деп Самат келіншектің қолынан ұстады.
       Аспалы көпірдің ортасына келгеңде Айгүлдің денесі дірілдеді. Осыны сезген жігіт оны қолтығынан ептеп демеді.
       – Қорықпа, Айгүл. Қазір арғы бетке өтеміз.
       – Мына асау толқындар мені ағызып кететін сияқты.
       – Мен оған сені жібере қоймаспын.
       Келіншек сүйсініп, жігіттің қолын қыса түсті.
       – Самат, а Самат!
       – Әу.
       – Мені ылғи осылай жағаға өткізіп жүресің бе?
       – Сен мақұл десең қандай толқыннан болсын аман алып өтемін ғой, жаным.
       Бұл жолы Айгүл жігітті өзіне тартып бетінен сүйді. Келіншектің өн бойы жанып тұрғандай сезілді жігітке.
       Жағаға жеткен соң Айгүл:
       – Сен енді қайт. Бұл – біздің ауыл. Үлкен кісілер көрсе ұят болады, – деді.
       – Мен сені қимаймын, – деді жігіт.
       – Қимағанда қайтеміз енді. Тағдыр бізді мына өзендей екі арнаға бөліп тастады. Хош бол енді...
       Осы кезде көшенің басынан “Мерседес” автомашинасы көрінді.
       – Мынау Мырзабай ғой. Бізді көрсе оңдырмайды,–депАйгүлжігіт алақанындағы саусақтарын ептеп суырды да, Саматтың бетінен бір сүйіп асыға адымдап кете барды.
       Аспалы көпір үстінде жігіттің еңсесін ауыр ойлар жаншып өтті. Оған Айгүлдің ғұмыры мына аспалы көпір сияқты шайқалып тұрғандай көрінді.