ҚОЙШЫБЕК МҮБАРАК. ЖЫРТЫҚ КӨЙЛЕК

 

 

Мен оны әмиянымның түбін ақтарып, әзер тапқан тиынымды автобустың ақша есептегішіне салып жіберіп, есіктен сүйретіле түсіп келе жатқанда көрдім.

Көзіміз қас-қағым сәтке ғана түйісіп барып тайып кетті. Қайта қарастық.

– Жолды босат! Біреу желкемнен нұқып қалды. Мен сүрініп барып оны соғып кете жаздадым.

– Кешір, – деп бетіне қараға­ным­да, ол үнсіз жымиып, автобустың есігінен ішке қарай еніп кетті де, терезеден маған қадала қарап тұрды.

– Айна, – дедім мен оған қолым­ды бұлғап. Ол басын изеді.

Автобусқа қайта мінбек боп ұмтылып барып тоқтап қалдым. Қалтамда қалған соңғы темір тиындармен үйге әзер жеткенім есіме түсті.

Автобус орнынан қозғалып кетті. Мен оның артынан бірнеше қадамға дейін жүгіре басып барып тұрып қал­дым.

– Айна! – деп бірнеше рет қайталағаннан соң барып ойландым.

Айна деген кім еді?.. Қанша ойлансам да таба алмадым. Атын ұмытып қалған шығармын деп жаңағы бейнені көз алдыма әкелдім.

Қасы жіп-жіңішке, бірақ көтеріңкі секілді. Көзі қара, иә, көк пе? Соның арасынша ұмытып қалдым. Ерні әлгінде ғана көз алдымда үлбіреп тұрған еді, енді ғайып болып кетті. Көзімді жұмып, түр әлпетін ұмытып қалмауға қанша тырыссам да оның орнына әйелім Әнияның бейнесі орнап алды.

Оның бейнесін еске түсіру үшін «не істеуім керек?» деп ұзақ ойланып тұрып, ақыры амалын таптым. Түс көру керек.

Үйге кіріп келгенде алдымнан ұлым мен әйелім шықты.

– Әке! – деп ұлым маған қарай томпаңдап жүгірді. Мен оны жерден көтеріп алдым да, шешесіне ұстата салып:

– Мені мазаламаңдар, ұйықтауым керек! – деп жатын бөлмеге қарай бара жатқанымда әйелім:

– Қалай жеттің? Әмияныңдағы барлық ақшаңды қалдырып кетіпсің, – деді.

Оған жауап қайтармастан жатын үйге кіріп, шешінбестен қолыма ілінген жамылғыны алып, сәкінің үстіне жатып қалдым.

Ескі автобус ырғатыла ілбіп үйдің қасына келгенде, әмиянымдағы соңғы тиынымды қолыма алып, енді есептегішке сала бергенде, автобусқа шығып келе жатқан Айнаны көрген соң кейін шегініп, арт жағымдағыларға жол бердім. Олар түсіп бола бере Айна кірді.

– Айна?!

– Асқар! – деді ол маған қолын ұсынып. Қолы жып-жылы екен, жібермей біраз тұрып қалдым.

– Биялайыңды неге кимедің?! Қолың мұздай ғой, – деді Айна.

Есік шиқ етіп ашылғанда мен оянып кеттім.

– Шешініп жатпайсың ба? – деп, Әния терезеге қарады.

– Мазалама мені! – Дауысым қатты шығып кетті, білем. Әния маған жалт қарады да, шыға жөнелді. Мен қайтадан жамылғыны басыма бүркеп, қайта ұйықтап кеттім.

– Кешіріңіз!.. Айна қолын өзіне қарай жұлқа тартты.

– Айна! – дедім мен оның қолын жібермей жабысып, жалынышты үнмен.

Ол маған қарап:

– Сізді мазалағым келмейді, алайда сіз менің қолымды ұстап алып, әлі жібермей тұрсыз.

– Кел, орындыққа отырайық… Мен Айнаның қолынан жібермеген қалпы, автобустың соңғы жағындағы орындыққа барып отырдық.

– Қайда барасың?

– Қаланың шетіндегі арзан базардан көйлек алғым келген. Менімен бірге жүресің бе? – деді ол бос қолының сұқ саусағын үстіндегі ескі көйлектің етегіндегі жыртығынан өткізіп.

– Ол жерде оңған киім жоқ қой, жаңа базардан алмайсың ба? – дедім мен.

Ол маған жабырқай қарап:

– Ақшам жетпейді, – деді. Мен қалтамдағы бос әмиянымның сыртынан умаждай ұстап тұрып, ойыма әлдене түсіп:

– Айна, сен күте тұр, мен қазір келем, – деп басымды алдыңғы орындықтың арқалығына аямай періп кеп қалдым.

Әйелім мана келгенде терезенің пердесін тартып кетіпті. Жатын бөлменің іші ала көлеңке болып тұр екен.

– Әния! – деп айқайладым. Есікті еппен ашқан әйелім басын ғана сұғып:

– Ұйықтамадың ба? Мазалама деп едің ғой… – деді бұртиып.

– Тез менің ақшамды әкеліп берші… – дедім.

– Бір жаққа барасың ба?

– Ешқайда, тез әкел! Ұйықтаймын, бол енді! Ашуланып айқайлап жібердім.

Басын есіктен ары жұлып алған Әния ағаш еденді тарп-тарп басып, кітап бөлмедегі ақшаны әкеліп түйіншегімен маған қарай лақтырып жіберді де, есікті сарт еткізіп жаба салды.

Мен ақшаны ала салып, жамылғымды қайта бүркендім.

Автохабарлағыштың «Жаңа базар аялдамасы» деген ащы дауысынан есімді жидым.

– Асқар, сізге не болды?

Айна мені жұлқылап отыр.

– Жүр, тез автобустан түсеміз, мен оның қолынан сүйрелеп, есікке қарай тартқыладым.

– Базарға әлі жетпедім.

Айна маған таңдана қарап қалыпты.

– Жоқ, осы базардан аласың! – деп мен сүйрелеп келемін.

– Ақшам жетпейді, – дейді ол.

– Саған деген іңкәр жүрегімнің сыйы ретінде мен алып беремін, – деп мен оны ертіп, автобустан түсіп қалдым.

Біз базар аралап ұзақ жүрдік. Етегіне шетен гүлі бедерленген көйлекті көргенде, Айна айналсоқтап шыға алмай қалды. Мен ақшасын төлеп, алып бердім.

Үстіне киіп алған ақшулаң көй­лек­ті алақанымен қайта-қайта сипалаған Айна:

– Мені жеткізіп саласыз ба? – деп сұрады.

Мен бірден келісе кеттім. Айна­ның үйіне жеткен соң ауладағы қарт еменнің түбіндегі орындықта отырып, екеуміз біраз әңгімелестік. Жұмыстан соң осында кездесіп тұратын болып уағдаластық.

Мен көше бойлап келе жатып, байқамай кәріз құдығына құлап кеттім. Шығайын деп қанша тырбансам да, жаңа құлағанда мертіккен болуым керек, денем қимылдай алмайды.

– Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! – деп айқайлай-айқайлай дауысым әбден қарлыққан кезде есік салдыр етіп ашылып ұлымның шырылдап:

– Әке, әке! – деген дауысынан оянып кетіп, басымды жастықтан жұлып алдым. Қара сүмек болып терлеп кетіппін. Ұлым есіктен кірді де, босағадағы айырып-қосқышты жарқ еткізіп қосып қалды. Үйдің іші жарқырап кетті.

– Ерік, барма онда, әкең ұрсады, – деп айқай салған әйелім есікке жетіп келгенде мен селк ете түсіп, көр­пеммен басымды қайта бүркемелей бердім. Әния бағана Айнаға алып берген шетен гүлді бедерлі көйлекті киіп алыпты.

– Барыңдар тез… Бөлмеден шығып кетіңдер! Мен жамылғының астында жатып айқайладым. Әния ашулы.

– Түн ортасы ауды, тұрып тамақ іш. Еріктің ұйқысы келді. Мен дастарқан даярлай беремін, – деп ұлымды ертіп, ас үйге шығып кетті.

Мен Айнаға барып жағдайды білмек болып тағы ұйқыға бас қойдым.

Үйден шыға сала алып-ұшып, Айнаның үйіне жетіп барып, қоңырауды бастым.

– Қазір, – деген таныс үн естілді. Менің жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдей жөнелді. Есік ашылғанда ар жағында ұлым Ерік пен әйелім Әния тұр. Әния Айнаның жыртық көйлегін киіп алыпты.

Мен басымды босағаға соқылап ұра бердім.