НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ. ТІЛАЛШАҚ

Айнала төңірек көрдей қараңғы. Жаңбыр толастамай, бірқалыпты сілбіп тұр. Үсті-басы малмандай су Құлболды сүйретіліп келе жатқанына қанша уақыт өткенін білмейді. Тіпті, өзіне қай бағытқа, неге келе жатқаны да беймәлім. Оған тоқтамай жүре бергені ғана керек. Әйтеуір, бәрінен безсе болды. Қарасын батырса болды. Ешкімнің даусын естімесе болды.

Әттең, аяғы жерге тимей жүгіре алса ғой. Құйын-шыбынға айналып, ешкім жоқ қу медиеннен бір-ақ шығар еді. Өйту қайда, жүре-жүре жаңбыр суымен былқылдап қалған топыраққа батып, добалдай болып қалған ботинкасын әзер сүйретіп ілең-салаң.

Қай кез екенін, сүлдері мүлде құрыды. Бүк түсіп отыра кеткен. Со бойы біраз жантайып жатып, арқасына қарай аударылды. Көзі қара түнек аспанда. Не ай, не жұлдызы жоқ.

Кірпігі айқаса берді. Не ұйқы екенін, не елес екенін, жарық дүниенің бетімен тұлымшағы желбіреп, жүгіріп келе жатқан құйтақандай өзін көрді…

Ар жағында аяғы жерге тимей салбырап бір сұлба тұрған сияқты. Әкесі ме, жоқ ол емес пе, ажырата алмайды.

 – Қайда бара жатырсың? –  деп сұраған секілді.

–  Білмеймін.

–  Білмегені қалай?

– Сол, білмеймін.

– Онда неге шықтың иен далаға?

– Басқа барар жерім қалмады.

– Бүлдірдің бе, бірдеңе?

– Жо… жоқ.

– Енді не?

– Жұмсайтын ешкім қалмады.

– Қайда жұмсайтын?

– Қайда болса да.

– О қалай, сонда?

 – Солай…

–  Неге?

– Білмеймін…

 Сұлба жоқ болып кеткендей болып көрінді. Солай құлдырақтап жүгіріп бара жатқан бала… Әй, анау өзі ғой, өзі… 

 

***

Ес кіргеннен білгені – әкесі марқұм колхоз басқармасының кісі шақырғышы еді. «Ананы шақыр, мынаны тап», –  деп бастық жұмсайды, басбух жұмсайды, бас экономист жұмсайды, бас инженер жұмсайды, ең аяғы кассирге дейін соны істейді. Торшолақ атпен ертеңнен кешке дейін көшеден көшеге тепеңдейтін де жүретін, әкесі. Тіпті, ауылдағы той, асқа да жұртты шақыруға ел соны жұмсайтын. Ол енді колхоздың жұмысы емес, өз еркіңе байланысты. Тұра шабуға, Құдайдың құдіреті, әкесінің өзі елеңдеп елпілдеп тұратын. Жұрт та мұның әкесі шақырып бармаса, ешқайсысы келмей қалатындай, «Өзіңіз барып айтпасаңыз», –  десіп үзіліп тұратын. Өздері немесе қайсы біреуге шақыртса, әкесі кәдімгідей ренжіп, өкпелеп қалатын.

Неге екенін кім білсін, әкесі бұл ат басына ие болар күніне жеткенде жұрттың кісісін шақыруға осыны жіберетін болған. «Тілалшақ болған өзіңе жақсы» деген. Тұқым қуалағандікі ме, бұл жұмсаған жаққа қарай құйындай ұшатын еді. Сонда бүкіл ауыл азан шақырып қойған аты – Құлболдыны ұмытып, Тілалшақ атап кеткен.

Тілалшақтың «барып кел, шауып кел» өмірі мектепте одан ары қарай жалғасты. Әсіресе, төртінші-бесінші кластан бастап үдеді.

Бұларға жақын туыстығы бар дәу ақсары әйел – класс жетекшісі еді. Қалай соның сабағы болады, «Таңқиев, бері кел», – дейді. Оған дейін жазып қойған қағазын төрт бүктеп, бұған сыбырлайды:

– Складқа барасың.

– Аһа.

– Жанан ағаңды білесің ғой.

– Аһа.

– Соған мына қағазды көлденең көзге көрсетпей бер.

– Аһа.

Енді бір кезекте:

– Магазинге.

– Қайсысына?

– Промтоварьға.

– Пұшық қатын ұстайтын ба?

– Соған. Мына записканы ешкімге байқатпай ұстат.

Не керек, мұның дәу ақсары әйелдің сабағында «оқитыны» колхоздың завскладына, дүкенге, қой фермасының бригадиріне записка тасу болатын. Қайсыбірде класс жетекшісінің завфермаға жазған запискасын оқып қалғаны бар. Оқиын деп оқыған жоқ. Ананың колхоз кеңесінен шығар кезін күтіп ұзақ тұрып қалған. Содан әуестік биледі. Қағаздың орауын жазса, он-он бес-ақ жол. «Бедел қайнаға, көрген жерде «Келін шырақ, келіссек қайтеді?» – деп қоймайсыз… Біздің үй біраз болды, етсіреп қалды. Ініңіздің дімкестігін білесіз. Келген, кеткеннің кім көрінгені өңгеріп әкетіп бара жатқан колхоздың көп қойының біреуін келініңізге де қиярсыз…»

Тәтейінің запискалары жәкелеріне негізінен бір мәтінмен, тек өтініші әрқилы жазылатын. Бірінен ет, бірінен май, бірінен көкөніс сұрап, дегендей. Әйтеуір, кімге жазылса да, мәтіннен «Келін шырақ, келіссек қайтеді? – деп қоймайсыз» дегені түспейтін. Оның не емеурін екенін о кезде бұл әрине, түсінген жоқ. Таңырқағаны – мұғалім де анадан да, мынадан да оны-мұны сұрай береді екен ғой деген ой. Ал жанына жаққаны – тәтейінің бұдан сабақ сұрамайтыны, тоқсан сайын төрт шығатыны. Сонда мұның балғын жан-дүниесінде «жұмысын істеп берсең, жаның қиналмайды екен, ә» деген беймәлім де, бейбақ бір сезім лүп еткен. «Ал» десең  оның не шаруа екенімен ісі жоқ, тұра шабатынын бірінен-бірі естіген мұғалімдер ендігі жерде кезек-кезек жұмсайтын болды… «Таңқиев, әй, аулада алақандай жоңышқа бар еді, соны келіп шауып тастай салшы». «Таңқиев, қарағым, біздің үйдің оншақты қой-ешкісінің оймақтай қорасының көңін аударып беріп кетші, осы қазір келіп, айналайын…» Осылай кете береді. Тілалшақтікі не… Жазған құлда шаршау жоқтың кері. Әйтеуір, қай сабақтан да бірыңғай төрт. «Не себепті бес қоймайды екен?» деп те ойлайды. Әлде, жұмыстарын жақсы жасай алмай жүр ме. Не десе де, бұл сабаққа қатыспаса да, жөндеп оқымай-ақ, мұғалімдердің «анда бар, мұнда кел, ананы шап, мынаны ор»-ымен он жылдықты бесі болмаса да, екі мен үші жоқ бағамен аяқтап шықты. Сонда қаперіне алып, қатып-семіп қалған байламы – институтта да өстеді. Олар да адам. Олардың да шаруасы шаш етектен. Оларға да жұмсайтын, жұмсаған жақтарына аяқ-қолы жерге тимей баратын біреу тегі керек. Сөйтіп институтқа де­йін-ақ, оның денінде біреудің өзін жұмсағанын асыға тосатын әлдебір елеңдеп, елегізу мінез пайда болған. Сонысын медет тұтатын. Демеуі, сенері сол ғана болып қалып еді. «Ал кеттім, Алматыға» дегенде, көшеге үстіне жақсы киім киіп шығуға ұялатын әкесінің мұны қимай көзі мөлтең-мөлтең етіп… Ал көрші-қолаңның өзгедей дері бар екен. Сондағылары, бұлар енді мұны жұмсағандай жұмсайтын, жұмсағанда бұл ұқсап жүгіре жөнелетін кім қалды?.. Соны естігенде төбесі көкке сәл тимей… Өзіне өзінің жүрегі елжіреп, бауыры езіліп, көңілі босады. «Кеп тұрам», –  деп кемсеңдемесін бе.

Айтпақшы, сол Алматыға оқуға барамын, деп бірақ ненің оқуына баратынын білмей, біреу сұраса «Көрем ғой»-дан әрі аса алмай, әрі-сәрілеу жүргенде, бұларға жамағайын болып келетін, осы ауылдан шыққан тұңғыш замдеканның келе қалмасы бар ма. Әкесі мұны бас салып соған қарай сүйрелей жөнелді. «Құдай өзі айдап келді, – деп елпілдеді. – Ананың да, мынаның да бетін қайтармай шапқылап жүргеніміздің өтеуі».

Замдекан төрде көп қабаттап төселген көкқұрақ көрпенің үстінде көкала жастықты қолтығына тығып алып көлденең жатыр екен. Әкесі барған бойда сөзбен бас салды:

– Мына жалғызды не Алматыңа алып кет, не мені көміп кет. Сүйегі менікі, еті сенікі. Ұр, соқ, әйтеуір үністүтіңе кіргіз мұны. Әтістәті мынау – өріп жүрген өң төрт. Бұл неге екенін, Замдекан көз салғанда ыржиған. «Ынжық емес пе?» деп қалды анау. – Ылғи емес, – деді әкесі. – Қазір ұялып тұрса, онысын қазір ұмытып кетіп, неғылатыны да бар… Ал енді бар ма, менен де асқан тілалшақ, сұра мына елден. Жер түбіне жұмса, керек болса. Барып та келеді, алып та келеді. Тап дегеніңді табады. Түбіміз бір – Тұрағұлмыз.

– Келсін. Көрелік, –  деген замдекан тілдей қағазға телефонын жазып беріп жатып.

– Бір сауғанда қара қазанды толтыратын қарала сиырды сатып, қалтасына салып беремін, қарағымның, – деп әкесінің қуан­ғанынан әптер-тәптері шыққан.

Алып-ұшып Алматыға жеткенде, замдеканның алғашқы сұрағаны:

– Қалтаң қалай, бала?

– Қарала сиырды сатқанбыз, – деді бұл.

–  Онда, әуелі пәтер іздейік.

Бақса, замдекан қатын-баласымен баяғыда ажырасқан. Одан кейін де екі-үш әйелмен дәмдес-тұздас болыпты. Болғанда, пәтері бар балалы әйелдермен. Біреудің қатыны болған саған да қатын болғанымен, баласы – бала болмайды екен. Содан ке­йінгі жерде бұрын да бала тумаған, енді де тумайтын, бірақ пәтері бар қатын іздестіріп жүрген жайын айтты.

– Ол табылғанша екеуміз пәтер жалдап тұра береміз, –  деді. Сосын мұның қандай мамандық алғысы келетінін сұраған.

– Білмеймін, –  деп бұл шынын айтты.

– Түсінікті, – деді ол. – Онда өзім қызмет істейтін тіл, әдебиет факультетіне тапсырамыз документтеріңді.

– Мейлі.

Қайсыбірде білім деңгейін сынап көргісі келді ме, сұрады:

– Қобыланды батыр эпосын білетін шығарсың?

– Тайбурыл деген аты бар ғой, оның.

– Құртқаны ше?

– Қатыны ма?

–  Өй, – деп қалды анау, сосын ары қарай сұрады. – Соның образын айтшы.

– Кімнің?

–  Құртқаның.

– Жаңағы ғой ол.

– Жаңағың не?

 – Қатыны.

Замдекан күліп жіберді.

– Сен өзің мектепте… Өріп жүрген өң төртті өзің алдың ба? Шыныңды айт», – деді. Бұл ыржиған. «Түсінікті…» деп замдекан күрсінді. Екі-үш күн өткеннен кейін: «Документтеріңді сырттай оқытатын бөлімге тапсырамыз. Өйтпесек, сенің жағдайың қиын екен, – деген. – Әзірше, екеуміз екі жақтап, пәтері бар, бала тумайтын қатын қарастыра берейік». «Қатырамыз»,  –  деген бұл. Артынан ойласа, бала тумайтын, пәтері бар қатын табу барып кел, алып келге тән қатыра салатын шаруа емес екен. Пәтерінің бар-жоғын білуді қойшы, бала тумайтынын қалай білуге болады. Қайтіп, не деп сұрайсың. Қарастырып жүрген болып, қаңғып-қаңғып қайтып келетін. «Басқасына жұмсаса» деп тіледі. Бара алатын мен ала алатынға жұмсаса ғой, шіркін. Соған қарай екі етегі делеңдеп кердең-кердең, табаны қызып, қолтығы жіпсіп, танауы шуылдап, жағасы жайлау жарқ-жұрқ келе жатса…

Зары Құдайдың құлағына жеткен шығар, қайсыбір күні замдекан:

– Бала, сапарға жинал, –  деді.

– Қатырамыз, –  деді бұл, қайда барып, не қоятынын сұрап-біліп жатпай-ақ.

Замдекан айтса, сапардың мән-жайы мынандай: Декан биыл алпыс жасқа толмақ. Соның алдында туған өңірін аралап қайтпақ. Қасына үш-төрт дөкей достары ілеспек. Соларға қосшы бала болып барады бұл. «Қатырамыз», – деді бұл, тағы да.

Содан ілескен дөкейлерге. Дөкейлердің жол бұйымдары, киімдері салынған екі қара чемодан қолында, арқасында рюкзак, бүкшең-бүкшең бүлкілдің қызығын енді көрді. Қолым ойылды, қолтығым сөгілді дейтін емес, қайта жадырап, жаны кірді. Шәйін тасыды, арақ-шарап құйды, костьюмін кигізіп, галстугын тақты. Олар демалып қалған соң түннің бір уағына дейін киімдерін үтіктеп, бет орамалдары мен носкилерін жуып, бір тыным тапқан жоқ. Және осының барлығын жан-тәнімен істеді.

Не көп, малы көп өлке екен. Бітпейтін сойыс. Жиылмайтын көл-көсір дастархан. Деканға ілесе шыққан дөйдің біреуі ішсе –  араққа, жесе –  тамаққа тоймайтын пәле екен. Көргенде қызықты содан көрді. Қорылы сұмдық болған соң, жеке бөлмеге жататын. Арақ пен тамаққа мелдектеп алған соң, шешіндірудің өзі қиямет-қайым. «Бала, шалбарымның ауын ағытып жібер», –  дейді. «Носкиімді шешіп жібер», – дейді. «Жейдемнің жеңін тартып жібер», –  дейді. «Жастығымды биіктет»,  – дейді. Соның бәрін бітіргенде, «қалтаң-селтең жүрген қыз-келіншек болса, қарастыр», –  дейді. Мұның жауабы дайын: «Қатырамыз!»

Енді бұлар, бұлардан естіген тағы бір дөкейлер қит етсе, Тілалшақты іздейтін заман келді. Әрине замдекан ағасы арқылы. «Құдайың берді, бала, – дейді ол. – Сырттай оқуға үйде жатып түсетін жағдайдасың, енді». Онысы рас болды. Алайда мектептегі сияқты институтта да оқуда береке болмады. Біресе ана оқытушы, біресе мына оқытушы: «Каменкада біреудің берешегі бар еді, алып келсең…», «Калинин колхозына барып, бәлен деген зауочникті тауып, бір қой сойып берсін десең…», «Жеңгеңді Ұзынағаштағы төркініне жүгін көтерісіп, жеткізіп салсаң…». Өйтсең-бүйтсең… Мұнікі баяғы: «Құп, ағай, қатырамыз». Бұл оқыған жоқ, сабақты сол «Қатырамыз» оқыды.

Осылай үш-төрт жыл өтті. Осы үш-төрт жылда оқуды өз басымен қатырмағанымен, өз аяғымен жүріп қаланың есік-тесігін, қонақ үйлерін, дүкендерін түгел біліп алды. «Барып кел, алып кел, тауып кел»-дің арқасында. Ары қарай да осылай бола береріне еш күмәні жоқ еді, алшаң-алшаң басқан ай мен күннің аманында институттың ректоры орнынан кетіп, басқасы келіп, оқу орнының астаң-кестеңі шыққан. Декан орнын босатып, онымен бірге орынбасары – мұның ағасы кетті, оқытушылардың талайы солардың жолын құшты. Негізінен олар мұны ары-бері жұмсайтындары еді. Ендігі жерде жұмсайтын оқытушы қалмаған соң, қайтеді, келесі семестрде емтиханның бәрінен екі алған Тілалшақ институтпен қош айтысқан…

Оу, ары қарай қайтпек керек?

 

***

…Кірпігі қимылдады. Есі сол кіреcілі-шығасылы. Лай сумен ағып бара жатқандай болды. Жанталасып жағалау іздемек еді, қолын ағыс создырмайды. Айғайласа, сұмдық-ай, өз аузын өзі көрді. Ыржиып қалыпты. Үні шықпайды. Әуе жақтан еңкіл естіледі. Аспан жылап тұрған сияқты. Аспан жылаушы ма еді… Денесі қозғалып кетті. Сәл-пәл өзіне келгендей болды. Ағып келе жатқан лай су жоқ. Жер. Иә, жерде жатыр. Сілбіп тұрған жаңбырмен жер де, бұл да әбден лай болған. «Адам топырақтан жаралған…» Санасында осы ой қылт етті. «Топыраққа айналады…» Өзі өстіп күбірледі ме, жоқ басқаның сыбыры ма, айыра алмады… Жоқ, айырды. Анау… Сол… Баяғы өзі жейдесінің жеңін шешкен, ауын ағытқан, шұлығын сыпырып алатын әйел құйрық, әңгелек бас, әтеш тұмсық… Бұ, неғып жүр?.. Қазір ғана… Қайда кетті?.. «Әй, әй, қайдасың?» Өз дауысын өзі де естіген жоқ…

 

***

Оқудан шығып қалған соң, Тілалшақ қайда барарын білмей сенделіп біраз жүрген. Ақыр соңында баяғы замдекан ағасына жолығуды ойлады. Ол қызметінен кеткелі арада едәуір уақыт өткен. Екеуі бір жылдан астам бір пәтерде тұрды ғой. Со кезде ажырасып кеткен әйелі автокөлік апатынан қайтыс болып, екі қызына енді  өзі бас-көз болуды ойлады ма, жоқ пәтері бар, бала тумайтын қатын табылмады ма, әйтеуір көп ұзамай отбасына оралған. Бір мектепке жұмысқа тұрыпты. Айтқан ақылы:

– Ана жылы деканның алпыс жылдығына байланысты туған өңіріне барған сапарында қасына ілескеннің бірі мықты бір мекеменің бастығы. Соған барып көр. Мекен-жайы, мынау…

–  Ол әлгі әйелқұйрық?..

 – Иә, сол.

Келді. Ұзақты күн тосып жүріп, кірді-ау, кабинетіне. Ол бұған ұзақ үңілді. Сосын барып: «Осы сені қайдан көрдім, айт», –  деді. Бұл айтты. «А…а… Ия, ия, – деп жүзі жылыды. – Солсың. Рас. Енді ана дос… Қызмет… Болады ондай, болады. Но жалко…»

Тілалшақ оның декан туралы айтып тұрға­нын түсінді.

– Аға, мен жұмыс іздеп келіп едім, – деп Тілалшақтың көзі жыпылық қағып, жылтың-жылтың етті. Анау ай-шай жоқ сұрағаны:

– Қатының бар ма? 

– Әлі… –  деп бұл міңгірлеп қалған.

– Онда дұрыс, – беторамалының бүктеуін жазып, бырқ еткізіп сіңбіріп, қайта бүктеп қалтасына салып қойды. – Қатынсыз… Қу бас адамға лайық бірдеңе бар, менде. Ылдым-жылдымдық. Анау кезде, әлгі ана жаққа бірге барғанда, көзіммен көргем. Сонда… – Ол кеңкілдеп кеп күлді. – Бір санынан бір саны жіңішке қыз ба, келіншек пе, қайдан тауып келдің, түн ортасында?

Бұл қызарақтап қалды. «Істеймін десең, саған беретін қызметімнің характері: «Анда жүгір, олай шап… Бол ұмтыл, дереу жет… Апар, әкел, күтіп ал, шығарып сал болып келеді…» «Қатырамыз!» деп қақшиып қатып қалды. Қақшиып қатып қалған қаншырдай қатқан арық денесінің өн-бойын ыстық кезіп кеткендей, бусанып, қатты тершіді.

Бұл мекемеде кезінде, небір марқасқалар қызмет істеп, құрметті демалысқа шыққан екен. Марқасқа болғанда, атақтан, абыройдан кенде болмаған. Кеуделері толған орден, медаль. Шетінен зиялы, құрметті, ғұлама… Зейнетке шығып кеткен дейтін емес, қай-қайсының да жүрген-тұрғаны барып тұрған міндет. Төбесі көрінгеннен алдынан құрақ ұшып шықпасаң, қолтығынан сүйемелдеп кіргізбесең, «Ал, көке» деп отырғызбасаң, айтқанын екі еткізсең, бәлеге қалатының оп-оңай екен. Өздері құрметті демалысқа кеткенімен біреуінің баласы, біреуінің нағашысы немесе жиені, біреуінің қайын жұрты дегендей, дәурендерінің жүріп тұрған кездерінде билікке жетелеп, итеріп, кіргізіп кеткен жағдайлары бар боп шықты. Оларын айтпайды, ал мұның бастығына: «Мына креслоға өзіміз жабылып отырғызған баласың» дегенді, сөз жоқ келген сайын бір әуендетіп өтеді. Мұның ар жағы қилы-қилы бұйымтай. Жаз бойы, мәселен, кезегімен елге шығып, аунап-қунап, қысқы соғымдарының мәселесін шешіп қайтатындары әдетке айналған. Тілалшақтың негізгі қызметі соларға қосшы ретінде ілесіп барып, қайту болып шықты. Марқасқалардың барып-келіс шығыны мекеменің мойнында. «Дымың ішіңде болсын» деп бастығы Тілалшақтың қалтасына бір буда ақша салып береді. Сондағысы: «Шатақ шал ашығып қалмасын, шатақ шал шөлдеп қалмасын…»

Сөйтіп, Тілалшақтың бұдан былайғы өмірі абыройлы, атақтылардың киімдерін көтереді, жүктерін арқалайды, жатқызады, тұрғызады. Ананы әкел, мынаны әпер…

Кезінде абырой, атағы болғанды қазақтың хан көтеріп алатын дәстүрі бар ғой. Обалы не керек, қайсысына қай жерге еріп барса да Тілалшақтың көретіні – анаған деген ыстық ықылас, кең пейіл, «кезінде өйткен де, бүйткен ағамыз ғой, мәртебеміз, мерейіміз», –  дескен қазақ. Біреу сөйтіп жалбақтап жатса, анау жүрсе –  талтақтамай, отырса –  шалқақтамай қайтеді. Сөйтіп қана қойса жақсы, сапары – киген аса бағалы костьюм-шалбар, шапан-шақыт және күзге жеткізілетін соғыммен біте қоймайды. «Осы сендер, менің есімімді мектепке, көшеге неге бермейсіңдер?» –  деп үдейді. Енді біреуінің салатын салмағы – «Туған ауылдан бір зәулім үй салып берсеңдерші, жастың келген шағында жатайын да жамбастап, туған топырақтың төсінде…» Шай-пайын алып беріп, терін сүртіп, жастығын түзеп жаныңнан жарты елі шықпайтын бұл жайына отырмай: «Айтары жоқ», «Міне, міне сөз», «Дөп түстіңіз», «Е, бәсе, осы ғой, әңгіме» деп қосарлана кететін өнер шығарды. «Сөй деп отыр» деп үйреткен аналардың өздері. Сөзі салмақты болсын дей ме, олар мұның өзін  «үлкен мекеменің жауапты қызметкері, болашағы зор, қазірдің өзінде аты мәлім» деп қолдан ісіріп-кептіріп таныстырып қояды. Бірте-бірте бұған мұның өзі кәдімгідей сене бастады. Даусы қоюланып, ара-кідік ыңыранып шығатын болды. Басының екі қапталындағы шашы артына қанша сулап қайырса да жатпай, екі құлағына сусып түсе беруші еді, сонысын әлсін-әлсін сілкіп, дәл бір тана бұқа сияқты үстіңгі ебедейсіздеу ернін танауының астына қарай қайта-қайта жиырып алып, басын изеңдеткенде абыройлы, атақты мұны не шынтағымен, не аяғымен нұқып қоятын. Бұл «әй, бала, артыңды қыс енді, абайла» деген ескерту еді.

Оңаша қалғанда зекіп те қояды, өздері.  «Әй, сенің әңгімеге әр жерден әліңе қарамай қыстырылатының көргенсіздік қой», –  дейді. Мұның жауабы дайын: «Рас  айтасыз». Анау одан әрі зілденсе –  «Дәл айт­­тыңыз». Ары қарай да жер-жебіріне жетіп жатса, мұныкі: «Турасы осы», «Именно, солай!» деп өзін қорлауды, өзі қолдап кететін. Қайсыбірде дәудің бірі: «Біздің қазақ ең ақылды», –  деп еді, бұл «Рас, айтасыз», –  деген. «Жоқ, олай емес, әлі! – деген анау жұлып алғандай, – Ешқандай да ақылды емес!» Бұл қолма-қол: «Өте тура айттыңыз», –   дегені. Сонда ардагер аға ұрысқан жоқ, мұның бетіне ұзақ қарап отырды, сосын кімнен сұрағаны белгісіз: «О, Құдай-ай, бұ қалай, мұнысы несі?» деп жаман күрсінген. Одан әрі жұмсауды көбейтті. Анаған ұш, мынаған қон… Арқамды ез, аяғымның тырнағын ал… Қолымды, белімді уқала… Көзіме дәрі тамыз… Құлағыма тыққан мақтаны ауыстыр…

Ол жұмсауды көбейткен сайын мұның қимылы үдеп, тынысы кеңи түскен. Көңілі шалқып, жаны жадырады. Сондай бір не жерде, не көкте емес, көңілімен ұшып жүргенде ардагер ағасы күтпеген жерден:

– Сен осы Моисейді білемісің? – деп сұрағаны.

– Орыс па? –  деді бұл сасқалақтап.

–  Пайғамбар! – деген анау зәрленіп, – Не, естімеп пе ең?

– Біздің ауылда білмейді оны, ешкім.

– Сен өзің неге білмейсің?

–  Ешкім айтқан жоқ о кісіні.

– О кісіні деші… – шал мырс етті. – Құдай ұрған ғой, сендерді.

– Аға, сонда о кісіні неге сұрадыңыз?

– Еврей деген жұрттың барын естіген шығарсың?

–  Иә, білем оларды.

– Енді солар, ұзақ-ұзақ жылдар Египеттің құлақкесті құлы болған. Ақырында Моисей сол жұртты алып шықты. Құмға. Ары да,бері де кездіріп, көрмеген көресіні көрсетіп, сол құмнан қырық жыл шығармай қойған.

– О несі?

– Себебі бүтіндей жұрттың денін құлдық жайлап алған. Солардың түгел өліп біткенін күтті, Моисей. Сөйтті де, олардың дені таза туған ұрпағын алып шықты, құмнан. Құлдықты құмға көміп кетті. Сөйтіп, бала, еврей сияқты аса ақыл-ойы терең, рухы мықты, шексіз білімді ұлтты алып келді, дүниеге…

Тілалшаққа әңгіменің анау, мынаусы зәредей әсер еткен жоқ. Бір ғана құмда қырық жыл қаңғып жүріп, өлгендерді біртүрлі аяды. «Солай еткен, онда Мойсейдің несі жақсы?» деп ойлады.

– Сендер осы құрттай құжынап барасыңдар, – деді шал. – Ақыры қайырын берсін… Қайдам, бірақ… Ал, енді жүгір…

–  Қайда барайын? –  деп, сол бұйрықты асыға күтіп отырған Тілалшақ есі кете ел­пең­деген…

– Қайда барғанда… – шал ойланып қалды. – Бүгін бәріне барып, бәрін істеп бітпедің бе, өзі…

– Тағы да айта беріңіз.

 Тілалшақ дәл мынау қазір бір жаққа жұмсамаса, жүрегі жарылып кететіндей, кеуде сүйегінің сол жағын қатып-семген қара саусақтарымен сығымдап, сұрының сиқы кетіп қалды.

– Жә, қоя қой, –  деді шал.

– Барып келейін, аға.

– «Барып кел, алып кел» дейтін дым қалмай тұр, қазір…

Мұндайда Тілалшақтың «Ұнамай қалдым ба?» деп қарадай қипақтайтыны бар. Жан-жағына жаман жалтақтап, «жазатайым жаңылып-жазып қалмадым ба» деп жәудірейді. Түнде ұйқысы бұзылады. 

Сонымен қатар бірте-бірте абыройлы, атақты адамдардың, мейлі, олардың жол жүгін арқалап, аяғынан тік тұрып, отымен кіріп, күлімен шығып жүрсін, әйтеуір, кейде жолдың даңғыл, таза жеріне бастап, алдарына жүгіріп шығып кетіп, кейде соңдарынан сүмеңдесін, бәрібір, кеудесіне нан пісіп қоятын болған. Аналардың қасында келе жатқанда оларға байқатпай, былай жұртқа байқатып, екі қолын артына қайырып ұстап, сырт киімінің түймесін ағытып жіберіп, маңғаз басып келе жататын. Сондайда мұ­ның түрін де, сырын да жақсы білетін таныстың бірі кездесе қалса, артына қарай айқасқан екі қолын жұлып әкеліп, екі қалтасына тыға қоятын.

Қатарларының ортасына түсіп қалғанда, «Түгеншекеңмен… Бәленшекеңмен өйтіп жібергенбіз, бүйтіп жібергенбіз…» деп қара­дай күмпілдейтіні, несін айтасың, бір дәурен еді.

***

Денесінің дірілін сезді. Еңсесін тіктемекке жер сипалаған. Уысы шылқылдап, су жусанның сабағынан сусып шығып кетті. Жауын со сілбіген қалпы. Жылы, май­да тамшылар бетінде жыбыр-жыбыр етеді. Тас қараңғы дүние бұрынғысынан да қоюлана түскендей… Соның түкпірінен қалы көп, қан-сөлсіз қағаздай бет-әлпет бері қарай қылаң етті. «Аға… Аға…» дегісі келіп… Деуге әл-дәрмені құрып, қайтадан әлсірей берген…

 

***

Кеңес өкіметі келмеске кетер күн туып, керегі жоқ мекемелердің есігі енді ашыл­майтындай болып, тарс жабылғанда Тілалшақ далада қалды. Өйткені бұл істеп жүрген мекеме ірілеуіне барып қосылып, көп бөлімнің бірі ретінде судай сіңіп кеткен. Жұмыстың жайын қарастырып анда барды, мұнда барды. Дипломын сұрайды. Мамандығын сұрайды. Екеуінен де жұрдай. Қай жерде қандай қызмет еткенін сұрайды. Еңбек кітапшасында мөр басылған жалғыз бұйрық бар. «Мекеме күзетшісі». Сөйтіп қабылдаған, бастық. Рас, бұл мекеме күзеткен жоқ, абыройлы, атақты ағаларға қосшы бала болып жүрді. Одан қалса, ұзынды-кеш өзге қызметкерлер жұмсады: базарға, дүкенге баруға, пойызға, автобусқа  билет тауып келуге, асханадан кезек, кафеден орын алып қоюға… Сонда қырып ақша тауып жат­са. Байынан жастай жесір қалған жас әйелдің қолына кіріп алған еді, бетті пәле екен: «Сығарға биті, үрерге иті жоқ» – біз боламыз, – дейтін екі күннің бірінде Құдайдың зарын айтып. – Екеуара бір дамбал киіп жүрміз». Бұрынғы күйеуінен бір бала, бұдан екі қыз, не болса соны жегісі келіп, қосыла қыңқылдайды. Япыр-ай, енді не, «қай терінің пұшпағын қай жерден табамын? деп ақылынан адасыңқырап жүргенде, төркініне кеткен қатыны, суға батып бара жатқан жерінен суырып алғандай болды. Пәтерлерін сатып, төркіні тұратын аймақтың орталығына көшетіндерін шешіп келіпті. Бұған жұмыс та тауып қойған. Нағашы жұртындағы бір ағасы мемлекеттік-коммуналдық шағын мекеме ашып жатыр екен. Соған алатын болған…

Қатынының нағашы жұртындағы ағасы қалы көп, қағаздай жұқа жүзі жылмиған қағылез кісі екен. Мұның өткен-кеткенін дымын қоймай сұрап алған соң:

– Тілалшақтығың жақсы екен, ма­ған соның керек. Жер-жерден ма­ған аса қат мәлімет жинайсың, қажет десең, Қазақстанның шекарасынан да шығып кетесің, – деді.

Мұның айтары баяғы үйреншікті жауап:

– Қатырамыз, аға!

 Сонда төрт-бес жылдың төңіре­гінде бармаған, баспаған жері қалмады. «Ал, жөнел!» дейді. «Ізде, қо­пар, қаз, тап» дейді. Одан қалса, кот­тедж салып жатыр екен. Соның басы-қасында болады, кірпіш санайды, топырақ, цемент түсіреді, сылақшыларға көмектеседі. Демалыс дегенді ұмытты. Оны ойлаған да жоқ. Қатынды да… Қайта «Бар, қалма, сөйт» деп дігерледі.

Шағын қаланың шеткері базар жағынан сатып кеткен пәтерлерінің ақшасына ескі екі бөлмелі үй алған. Көршісі жесір шал. Жалғыз тұрады. Елу-алпыс қойы, сауын сиыры бар. Балалары соның қой-қозысын қа­йырысады, әйелі сиырын сауып беріп, қолғабыс жасап қояды. Шалдың да азды-көпті жәрдемі бар. «Өлмегенге өлі балық жолығадының» кебі шығар, деп бұл тәубе етеді.

Сөй­тіп, қиырдан да, шиырдан да бас­тығына керекті, бағалы мәліметтерді жинап, ақ тер, көк тер болып жүргенде, кенет…

Ертеңгісін елпеңдеп жұмысқа кел­гені сол еді, жаман хабардың үстінен түсті.

– Біз жабылатын болдық, – деді бастық жайбарақат, жылмиып.

– Жабылғаны қалай?

– Солай. Екі жыл қатарынан шы­ғын­мен жұмыс істептік.

Тілалшақтың есі екеу,  түсі төртеу болды.

– Енді, қайттік?

– Қайда барсам да, менің жұ­мысым дайын ғой.

– Біз ше, аға?

– Көресіңдер де.

– Ілестіре кетпейсіз бе, мені?

– Ілестіргенде, біреуді жұмсайтын орын емес, баратын жерім… Болған күннің өзінде тілалшақтар о жақта да жетіп жатыр, айналайын.

Бастығының қалы көп, қағаздай жұқа жылмиған жүзінен келеке-мазақ сезілгендей болды. Аяуы жоқ суық өң. Қайсыбір жолы оның бір досының келгені есінде. Екеуіне әдеттегідей кабинетке дастархан жасап, өздерін оңаша қалдырып, ара-кідік кіріп-шығып шайларын құйып, қызыл күрең конъяктарын тымызып беріп жүргенде бірлі-жарым әңгімелерін естіп қалған. 

– Осы жігіт қашан келсем, құрдай жорғалап, құлдырақтайды да жүреді. Қандай қызмет істейді? – деп сұраған қонақ.

– Атқа жеңіл, тайға шақ, –  деді бастығы жымиып.

– Ол не?

–  Бар деген жағыңа ұшады, ал дегеніңді алады, тап дегеніңді табады. Шаршауды білмейді. Ештеңе сұрамайды. Жұмсамасаң, жаман болып жүреді.        

– Онысы несі? Неліктен олай?

–  Бүгінгі поколениенің дені сол. Не на что не способный. Только – тілалшақ. Тек айтқаныңды орындауға ғана жарайды. Онда да бар бітірері – жаңағы. Все. Соны қанағат тұтады, сонысына мәз. Жалко, шынымды айтсам.   

– Бұлар сонда қайдан шығып жатыр?

–  Черт его знает.

– Меніңше, – деп конъктан бір ұрттап алған. – Тілалшақтықтан өзге қолынан түк келмейтіндерді көбейтіп жатқан мына сендер. Солай болғандары өздеріңе пайдалы. Өздеріңе керекті жұмыстарыңды істетіп аласыңдар. Сонда ертеңіміз қалай болады? Ертеңнің обал-сауабын қайтеміз?    – Сенің өстіп, көктен түскендей болатының не? – деп бастығы шиқ-шиқ күлген. – Көзімізді ашқалы көріп келе жатқанымыздың көбі осы тілалшақтар емес пе? Сен сұрайсың: «бұлар қайдан шығып жатыр?» деп. Қалтаң-селтең жүрістен. Оқитын кезінде оқымайды, ойланатын кезде ойланбайды, саналары сазға отырып, намыстары оянбай қалған, а потом, дорогой друг, біздің өз балаларымыз сияқты, бұлардың іздеп, сұрарлары жоқ қой.

– Сонда бұл байқұстар осылай болып жүре бере ме?

–  Оны сен менен сұрама. Оны… – бастығы төбеге қарады. – Өзің білесің, бұл сұрақты ана жақта сұра… Әрине, егер батылың жетсе. Жете ме, батылың?!

Осыны айтқанда бастығының қалы көп, қағаздай жүзі біртүрлі бедірейді де қалды. Бірақ бұл естіген-көргенінің бәрін сол сәтте-ақ ұмытып кетіп еді…

 

***

Құлболды үшін тағы да бір сенделістің кезеңі басталған. Бір ай, екі ай… Жүрегі ұстап ауруханаға түскен. Он күн жатты. Артынан ешкім келген жоқ. Он бірінші күні үйіне келсе, есіктің алдында ескі «жигули» тұр. Үйге кіріп-шығып жүргендер бөтен біреулер.

– Сендер кімсіңдер? – деді бұл ештеңе түсінбей.

–  Біз осы үйдің жаңа иесіміз. Қарақалпақстаннан келген оралманбыз. Сатып алдық. Өзің кімсің?

– Мен… Мен… Осы үйдің…

–  Ә… ә. түсінікті. Міне, мына қағазды беріп кеткен, «келгенде берерсіңдер» деп.  

Ашса, әйелінің қолы: «Сенің жаныңда екеуара бір дамбал киіп жүре беруге енді шыдамым жетпейді. Бізді іздеме. Іздегенде қайдан табасың?!» – деп жазыпты.

Дағдарып тұрып-тұрып, басқа барар жері жоқ болған соң ба, көрші шалдың баспанасына қарай бет алып еді, үйінің жаңа қожайыны:

– Әй, жігіт, ол шал да әйеліңмен бірге көшкен. Оның үйін де мен сатып алғанмын, малымен қосып, – деді.

Сол кезде, алай-дүлей қарауытып келе жатқан аспанынан тырс-тырс тамшылар тама бастаған еді. Тілалшақ беті ауған құладүзге қарай кете барған…

 

***

Таң құланиектенгенде есін жи­ған. Шоқайып ұзақ отырды. Үсті-басы малмандай, лай-батпақ. Жауын әлі басылмапты. Әңірейіп аспанға қарады. Тұтасқан қара бұлт бозғылт тартқан ба… «А, Құдай! – деп бақырып көрді. Тарғыл-тарғыл даусы талып-талып шықты. – А, Құдай, ешқайда алып бармайтын жолың, қане? Бар ма? Бар болса, мені соған сал. Сөйте көрші, Құдай!»

Со мезет көз алдына шетсіз-шексіз қу медиен құмды шыр айна­лып жүрген, әбден арыған, алқам-салқам қалың топ елестеп қоя беріп, топ алдында бара жатқан ерекше бітімді біреу «бері кел, мына топқа қосыл» деп ымдап шақыратын секілденді.