НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ. КӨГІЛДІР КӨЙЛЕКТІ КЕЛІНШЕК

Ақ жамылғының астында жұмсақ, жас тәні күйіп-жанып жатқан келіншек көзін есік жаққа салды. Манадан бергі құшағындағы еркегі енді жарығы көмескі шағын дәлізде шалбарының ауымен алысып, құнжыңдап тұр. Сыдырғысы бұзылып қалған ба, онысы жоғары көтерілмей, анау қайта-қайта екі қолын одан ала алмай, ылди-төмен жұлқылап әуре.

Келіншек еденге салынған төсектің үстінде олай да, былай да аунады. Күллі тамырын қуалай, шымырлап аққан отты ағыс пен шиыршық атқан ширақ тән зар күйінде; жанын жайпап жіберердей жанталасқан еркектің қимылы өзі күткендей, өзі соны білсем деген көксеуге жетпей, діңкелеп қалды, енді… Сосын кешетін күйі; қашаннан бері жолығып жүрсе де, жаратылыстағы жалғыз жан алауы осы екен-ау, осы екен деп басталатын рақаттың айы неге тез батып, жұлдызы неге тез сөнетініне таң әрі өкпелі; мұның сонау тас төбесінен басталып, бірте-бірте екі жауырынының астымен өтіп, тамырларын қуалай жөңкілетіп ғажайып ыстық ағыс, күллі бөксесін күйдіріп-жандырып.., енді-енді дегенде... өліп-өшіп жатқан еркегі өмірем қауып, төстен түсіп бара жатады; қалың кірпіктің ар жағында кейде қылиып, іле сәл-сәл жұмыла беретін көздердің көретін ғажап әлемі – көгілдір таулардың үстімен көгілдір аспанға қарай ұшып келе жатқан.., келесі мезетте көгілдір айдынның бетімен көгілдір жиекке қарай жүзіп бара жатқан.., келесіде көгілдір алқапта төбесінен төмен қарай көк гүлдер жауып тұрған.., келесі бір сәтте алқынған ақ бұлақтар алма мойын, аршын төсін аймалап аққан… Ия, ия, осының бәрі лезде із-ғайым жоғалып, денесін әлдене түтіп жеп жатқандай, сұрапыл сұмдықпен азап шегеді. Мұнысы несі, неге бұлай? дейтін сұрақ жатса да, тұрса да өкшелеп қалса, қане. Келе-келе келіншек жарық дүниеге әйел болып келудің мәні − өлгеніңше бітпейтін күйкі тірліктің мың сан тауқыметі титықтатып, тығырыққа тірейтін қияметінен де қиямет, тағы не... тіпті күтпеген жерден сап етер дерт пен ажалдан да сұмдық әулетті әуен − әйел екенін сезінбеуде жатқанын пайымдай бастады.

Келіншек өзгелер секілді, абыройын сақтауды ардақ тұтатын қыздың бірі еді. Қауызы жарылмай жүріп мектеп бітірді. Солай жүріп арнайы орта білім алды. Сосын жан-тәні таза кезінде тұрмыс құрды. Жар төсегінің атар таң, батар күнінің табиғи қызық-шыжығын біліп, болмай жатып, күйеуін ажал алды. Жиырма беске енді толған байғұсты троллейбус қағып, өлтірген.

Уақыт жылдам ғой. Өлгеннің артынан өлмейсің. Тірінің тірлігі жазбайтын жара жоқ. Тек бірте-бірте түн жалғыздығы жанын мазалай бастады. Соның ішінде тайдай тулаған еркекпен тар төсекте тақым қағыстырып қалған ұрғашы дегенге бұл бір азап екен. Сағыныш, сарғаюмен, сананың сандалуы… Тамсандырып, таңдай құрғатып, талықсытып, тамыр өртеп басталған адами ләззат әрекеттің қалай аяқталуға тиіс екенін білмей қалып, кейін біреулерден ұқса қасірет. О баста еркекпен жақындасудың бары осы шығар дей тұғын. Жастары шамалас күйеуі табаны қызбай жатып талықсып кететін… Еркек пен ұрғашының төсек майданы – тұла бойды тулатқан ұрпақ күйінің ағыны екеуінен де бір мезгілде ағыл-тегіл болып кетуі сөзсіз қажет екенін, келіншек кейінірек естіді. Секс әуені жаулаған мына дүниеде оны ұқпау мүмкін де емес еді. Әлеміш газет-журналдар, теледидар, ондағы кинофильм мен арнайы хабарлар, яғни екі қара санының арасын қоздырудың мына жаркөлеш қасірет заманы бойдағы бұқпантай жүретін құтырынған сезімнің бас көтере беретніне әкелді. Нәпсі деген нәлет тиіп кетсең лау ететін шайы қурай сияқты лапылдағыш пәле екен, қоясы қотырдай қозып… Түн баласы ояу жатып та, ұйқы құшағында да еркек иісті аңсап жанталасар еді.

Жұмысқа көзінің алды көкшіл тартып келетін келіншектің жүзіне тесіле бір қарап қоятын жасамыс әйел: “Қарағым-ау, болмайды ғой” деген. Мұның көзі бадырайып, қасын кереді. “Болмайды – дейді анау тағы. – Солып қаласың”. “Түсінбедім ғой, апай”. “Түсінбейтін түгі жоқ. Саған нақсүйер керек”. “Қойыңызшы…” “Мен қойғанмен, өзің қоямысың. Өзін-өзі қойдыратын құдірет кімде бар. Тоят бәле, балаға жерік сияқты, аңсарына жетпей қанбайды, айналайын. “Сонда неғыл дейсіз?” “Неғыл дегенде, болса байға ти, болмаса бір азаматты тауып ал”. “Ой, апа-ай…” деген. Деуін дегенмен, күн ұзын елегізіп, еркектің исіне ойша елтіп, еміреніп, есі кете елжіреп, етегінің астынан жылы ылғал білініп, есалаң ба, есірек пе, әйтеуір, өзіне беймәлімдеу күймен, ара-тұра күлмең қағып, ара-тұра өзінен-өзі күрсініп қойып жүрді. Кешкісін ваннаға кіріп алып ұзақ жуынған. Үсті-басын сылап талайға дейін отырды. Бала ембегендіктен шығар, қос анары сәл-пәл босағаны болмаса, әлі тік, кіндігінің асты аздап білеуленіпті. Қимасының үстіне біткен қалың қара бұйра шудасына су жұқпайтын сияқты, жылт-жылт етеді. Алақаны тиіп еді көз алды тұманданып, тұла-бойынан төмен қарай бір жойқын ыстық ағып өткен. Сол-сол-ақ екен, уысында әуке тұрғандай, бір сұмдық әсермен оқыс сілкініп, басын жақтауға соғып алды.

Ваннадан көңілсіз шыққан. Содан жанарынан жас жаңбырдай бұршақтады. Әйел затының еркек сияқты кез келген кезде керегін тауып ала алмайтынына, олай етуге көкіректе көзі жұмылмайтын бір құдіреттің жібермейтіндігіне, ұрғашының еркі еркектікімен бірдей еместігіне налып, ботадай боздады-ау…

Неге, неліктен бұлай? Алмадай албырап тұрған шағында, әулетті қолдың алақанымен аунап-қунамауы неліктен? Тағдырдан ба? Тағдырдан, деп қоюы өзін-өзі жұбататын адамның әу бастан көнген көнбіс мінезі, сірә. Әйел жолы жіңішке… Ғұмырының оңға бұрылып от баспай, солға бұрылып су кешпей, жібектей есіліп өтуі ме, ол? Әлі еркекке кеуде бастырмаған, бастырса жұп болып, жұбы жазылмай ғұмыр кешіп жатқандардың мұрат-парызы десең, мейлі. Ал, некенің ақ төсегінде етегі ашылып, құдайдың құдіретімен қосағынан айрылып, есіл өмірдің еділ-жайық ерке ағысын бойлап жүзе алмай, күннен күнге күйтінің күйігінен күйректеніп, жалғыз аунап-қунаудан шаршап-шалдығуы шарықтау шегіне жетіп жүргендердің көңіліне оның қона ма? Сонда оған қалатыны не? Байға тию ме? Әукесі салақтаған еркек табылар-ау, ал бай ше? Бай ұғымның ар жағында, бас иең – асыраушың, қорғаның деген құдірет аңырап, атой салып тұрған жоқ па. Аңырау мен атой салуды қай жігіттен табасың, қазір. Үштің екісі дүбара, дүмбілез, білімсіз, танымсыз. Танысса: "Қайда істейсің? Айлығың қанша? Әкеңнің қызметі нендей, малды ма?" деп сұрай бастайтын сұмдығы не? Қазақ еркегі қашан сөйтіп еді? Қазақ еркегі қашан әйелге масыл болып еді. Исі еркек қой, бас ие болар деп байға тиген анау, өздерімен қызметтес қыздың жағдайы қалай? Екі ай өтпей, еңіреп қайтып келіп тұр. Айтса: өңі жылтырап, сыптай болып, өрге шапса, төске озған сияқтанып көрінгенмен, тіршілігі жоқ, е, соны ойламайтын да, түн жарымы ауғанша телевизор, одан түске дейін ұйқы, одан кешке дейін сырахана маңынан шықпайтын біреу екен. Ол аздай, күн сайын қылқылдап ақша сұрайды. Ол аздай өзі сияқтыларды сүйретіп үйге ертіп келеді; дастарқан жай, арақ қой… Ары қарай қолтығы қолаңса, аяғы шуаш, аузы сасық… "Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады” дегенді қазір ұрғашыдан алып, еркекке қаратып айту керек. Еркектен ес қашты, бүгін. Жігіт-мігіт кезең. Неге, неліктен? Қоғамның ер-азаматтығының азғындауынан ба? Солай, емей, не? Осы күні әйел мен еркек хайуанаттық жыныстық қатынасқа бейім − сату мен сатылу бар. Ұрғашы күні үшін сатылады, еркек қанағаты үшін сатып алады. Індет індеп келеді. Қоғам бәрін көріп-біліп отыр. Қоғам еркегі мен ұрғашысының сайқалдығына дым істей алмайды. Немқұрайды. Сұмдық-ай…

Келіншекке қылмаңдаушылар жоқ емес; автобуста, аялдамада, асханада тұла бойын тінте қарап, көзбен шешіндіріп, оймен аунатып өзегі өртенетіндер, бірі жуа жұлатындай тапырақтап келіп, бірі жылы-жұмсақты қазір көріп тұрғандай, жымиып келіп, "қарындас” дейтіндер күн сайын көлеңкедей көлбеңдейді. Алдамшы, арамза қылық. Ол еркек атаулының барлығы аусар, әңгі, алаяқ емесін, небір нарқасқаның бар екенін біледі. Бірақ, жақсы мен жаманды қалай ажыратасың? Жақсы мен жаманды мидай араластырып жіберген мына қу дүниеде, оның адалдығы мен арамзалығын танып, ажыратып көрші. Тектінің тереңдігі, тексіздің текірегі менмұндалай қоя ма.

Осылай, сандаған сұрақтан сансырап, өзімен-өзі алысып жүрген келіншек өзімен бір бөлмеде, бір столда қарама-қарсы отыратын кәрі қыздың тірлігіне ден қоя бастады. Қыздың жасы бұдан үлкен болғанымен, өңі алмадай уылжып тұратын еді. Қаз кеуде, қиылған бел, тұсақ бөксе, тоқ, түзу балтыр, жүзінде алқызыл рең лүп-лүп етіп тұрады. Күніне үш мезгіл әлдебіреумен міндетті түрде сөйлеседі. Сондай кезде даусы мүлде ұяңданып, сөздері жан тебірентер әуезбен ән салып тұрғандай естіледі; еркіндігі, еркелігі қатар. Трубканың ар жағынан еміс-еміс естілетін қоңыр дауыс қоңыр желдей есіле ме… Қыз әткеншекте отырғандай тербетіледі. Әуелде келіншек бұған онша мән бермеуші еді, бірте-бірте қызығатын болды. Әйел нәсілінің ең осал тұсы − әуестік ұршықтай үйіре бастаған. Содан бір күні әлгі еркек туралы қыздан сұрады.

− Жігітің бе?

− Нақсүйерім, − деп күлді анау.

− О, не тағы?

− Ол ма?.. Ол менің тағдырым…

Қыздың айтқанынан ұққаны: Нақсүйері үйелменді. Егер, ерлі-зайыптылардың ерлі-зайыптылығын барша мойындап, Заң бекітіп берсе, бұлар бірінің-біріне керектігін өздері ұйғарып, тағдырлары қосақтап қойған. Адамның тағдыры – бостандығы. Ол бостандық ешбір заңға түкірмейді. Бостандығын түсінбеген, білмеген адам – құл!

− Біреудің күйеуі ғой, ол, − деді келіншек қызға таңдана қарап.

− Болса ше… Неге ондай ерен еркек бір ғана әйелдікі… Ондай ерен еркек жалғыз сәт болса да, мені де бақытты етсін. Ал мен өз бақытымды сезінейін одан. Мен оны сүйемін… Ол да… Сүйгендігім үшін де, мен оны отбасынан бөліп әкетуді ойламаймын. Жалғыз сәт даусын естігенім де, жалғыз түн жанымда болғаны да жетеді. Оның жанымдағы жалғыз сәт – мені басқа ешкім шығара алмайтын ұшпақ. Сол бақыттың жанында кімнің де мені жер табандатып жазғырғаны, мазақтағаны, күлгені түкке тұрмайды. Мені сүйетін, менің жанымды түсінетін, маған қамқор, қорған болатын әлгі жер табалаушылар емес, − Ол!

Келіншек қызға уәж айта алмады. Рас-ау, деп те мойындай қойған жоқ. Осы екі арадағы әрі-сәрі ойлардың ортасында омырауы ошақтай өртеніп жүргенде, әлгі қыз мұны қонаққа шақырды.

− Мен сізді нақсүйеріммен таныстырайын, − деді ол. – Жанында қызметтес бір азамат болады.

− Болса ше? – деген бұл, оны маған несіне айтып тұрсың дегендей. Әйтсе де әңгіменің ар жағындағы ауанын байқап қойды.

− Ертең нақсүйерімнің туған күні. Оны біз бүгін тойлаймыз. Бірге отырайық. Серпілсеңіз, аздап…

Мына еркекпен сонда танысқан. Көп сөйлемейтін, түр-тұлғасы әжептәуір еркекпен қатар отырды. Қыздың нақсүйері тік мінезді, өткір сөзді адам екен, салған жерден дәл бір бұрыннан таныс адамдай үйіріп әкетіп, бөтенсу, жатырқау, қысылып-қымтырылуды қылпып жіберген. Сосын да отырыс көңілді болған. Кенет, сағат тура он бірде жанындағы еркек орнынан тұрды. Қайтпақ екен.

− Тәртіптің аты тәртіп, − деді. – Амал жоқ…

Қыз асықпасаңызбен безек қағып, қиылып еді, ол қыңа қоймады. Бұған күлімсіреп қарап:

− Біз кездесеміз ғой, − деп есікке беттеген.

− Сөйтеді, − деді қыздың нақсүйері. – Түнгі сағат он бірге дейін бәріне көнеді, сосын қырық құлаш зынданнан да шығып үйіне кете барады. Қызық. Үйелмендік бұлжымайтын тәртіп пе, не пәле. Өзі де, әйелі де қандай болған жағдайда сағат он бірде үйлерінде болу керек екен.

− Әйелі де он бірге дейін жүре ме? – деп қалды бұл.

− Білмеймін, − деді қыздың нақсүйері. – Бірақ, тәртіп әлгіндей.

Сол күні… Тым кеш болып кеткен соң келіншек қыздың үйіне қонып қалған. Есіктері жоқ екі бөлме бірінен кейін бірі екен. Бұл төр жақтағысында жатқан. Бірден ұйықтап кетпек еді, өйте алмады. Әжептәуір ішкен шараптың әсерінен бе, әлде әйелдік әуестігі ме, бәлкім, екеуі әл бермеген шығар, әйтеуір, бұл тас қараңғы әлемге көзін тігіп, жатты да қойды.

Келіншек еркек пен ұрғашының емін-еркін есі кете еміренгендерін екі аттам жерден бұрын естіп көрген емес еді. Еркектік-ұрғашылық еміренген әуеннен тас төбесінен ойнаған от қара табанына жетіп, одан қайта тас төбесіне қарай лаулап, қолдары о жақ, бұ жағына кезіп кетті. Тамырлары жарылып кететін сияқты; қатты лыпылдап, тарс айырылардай тарқатылып, сіңірлері тартылып қала берді. Қас қылғанда, көрші бөлмедегілер көндері кеуіп қалғандай, сол көндері кеуіп қалғанын бір-біріне сөзсіз дәлелдегілері келгендей, олай етпесе мұраттарына жетпейтіндей ұзақ, сондай бір ынтық, ынтызар, іңкәр сыбыр-күбірмен, үздіге аласұрды. Келіншек ойымен ана еркектің бауырына өзін алып барды. Аймалап, аялап жатып, аяусыз езген әулетті салмақты аңырап аңсаған. Енді соған ертерек жетпесе, арман-мақсатының, қуаныш-шаттығының ақтық демін сезінген… Сөйтіп жатып аналардың сөздерін естіп қалды.

− Маған біткен сияқты, − деді қыз, демігіп.

− Туасың ба?

− Туам. Жаныма серік болады.

− Күйеуге тисең ше?

− Күйеуге… Қайсы күйеу?.. Жоқ, жаным, мен тек сенен туамын. Бір тексізге тағдырымды қор еткенше, өзіңнен туамын да, өлгенше соның тілеуін тілеймін. Сол аман болса, жалғыздық көрмеймін. Басы бүтін өзімдікі ол… Ол – Сіз. Ендеше, мен бақыттымын. Болатыным, ол бар да, біз мейлі екі қиырда жүрсек те, өмірде қайта кездеспесек те, бәрібір біргеміз.

Қыз бен нақсүйерінің осы түніне куә болған сәттен кейін келіншек бір тәуекелге бел буған. Буған белді босататын еркек қыздың нақсүйерінің қызметтесі болсын деп шешті…

Күйеуі өлгеннен кейін төркініне оралған келіншекке бертінде ата-анасы қаладан осы бір бөлмелі пәтерді сатып алып берген. Кім білсін, өмір көрген кемпір-шал жас әйелдің жағдайын түсінгені де. Тесік моншақ теңін тапсын дер. Тіпті, төсек көріп қалған әйелдің тұла-бойын тулатып тұратын табиғи толқынның кей-кейде арнасынан асып та, тасып та кететіндігін, онсыз жан-дүниесі азап шегетінін, ендеше өз бетімен, өз қажетімен ғұмыр кешу табиғилығын да ойлаған шығар. Қалай дегенде де өзінше өмір сүруге жағдай жасап берген.

…Мына еркектің пәтеріне алғаш келген күні… Ұялу мен қуанудан бір мезгілде өліп-өшіп, еркінен айрылып елпеңдеп кеткен еді. Ежірейген екі көзі омырауына қадала берген еркекті қай бөлмеге кіргізерін білмей, қарадан-қарап сасқалақтасын, кеп. Сөйтіп тұрғанда еркек ас бөлмеге өзі кіріп кетті. “Телевизор көрмейсіз бе?” − деген бұл басқа уәж таппай.

− Сериал әлі басталған жоқ қой, − деді анау.

− Қай сериал?

Еркек ыржиды: − Атын білмеймін, соның.

Өзін көзімен ішіп-жеп отырған еркектен қысылып-қымтырылып жүріп келіншек дастарқан жайды. Танысқаннан бергі жерде осының сөзсіз келерін біліп, дайындық жасап жүргені шығар, барын үйіп тастады.

Еркек ауылдан келген қарынның сүр майын нанға қалыңдап жағып алды.

− Уылдырықтан қоспайсыз ба, үстіне? − деген келіншек.

− Ой, оны… Дәмі жаман…

“Вот тебе, колхозбай, − келіншек іштей мырс етті. − Онда салқын тауық етінен алыңыз”.

− О жағын қатырамыз, − деді анау. Сөйтті де сан етті көмейлете асады. Асап жатып рюмкаларға қарады.

Келіншек коньякты өзі ашты.

− Мен… Сол, үлкен стаканмен ішейін, − деді еркек.

− Мейліңіз, – деп келіншек оның қалауын жасап, рюмка көтерді.

− Бірдеңе айтасыз ба?

− Өзің нетші.

− Сөзді еркек бастамай ма.

− Разницасы қайсы…

Келіншек ұрттап татып, еркек қылғып ішіп дегендей, біріне-бірі қабыса қоймайтын қоңылтақ құрғақ сөздермен отырып екеуі бір шөлмекті тауысты. Қонақтың араны жаман емес екен, уылдырықтан өзге тағамдарды жайпап жеді. Тіпті, торттың өзін жылан жұтқандай қылып жіберді. Кімнің де, соның ішінде еркектің дастарқанға жаудай тиюін келіншек ұната қоймайтын. Әкесі кісінің ас-суына сұғанақтарды тексіздік, құлдың құлқыны, деп отыратын. Жалпы еркектің, тамақты тартынып жеуін сұңқар мінезділік дер еді. Осының барлығын құлағымен естіп өскен келіншек, бірер ұрттам коньяктың әсерінен бе екен, әлде еркекке зар күйі, сол зар күйінің аңсарынан ба, әдеттегі кәділігін ұмытып, дәнеңеге назар аударған жоқ, осы жолы.

Ымырт қоюлай бастаған. “Демалайық, ә…” деді еркек. Келіншек екі адамдық жұмсақ кереуетке судай жаңа ақжаймалар төседі. Жамылғы, жастықтың тысына дейін көгілдір гүлді. “Егер тәніме перзент бітсе, төбесінен көгілдір гүлдер жауып тұрсын” − деп күбірледі, өзінен-өзі.

Келіншек еркекті жалғыз ғана табиғи күйтін қандырып, одан ұрпақ көру үшін ғана іздеген жоқ, еді. Оның ар жағында анау қыз айтқандай, құдайға қараған, құбыласынан кісілігі мен түсінігі қатар сәуле шашып тұратын, алдыңнан соққан боранға, артыңнан соққан ызғарға қалқан болар азамат кездесе қойса жақсы, оның кездесер күнін тоса-тоса жас өмірім өтіп кетіп қор болмайын, ол үшін жөні дұрыстау біреуден ертеңіме серік болар өлгенде топырақ салып, басыма белгі қояр ұрпақ тусам, туып алайын деген ой қаттырақ атойлаған ғой. “Адуынды, асау еркектен жуасы дұрыс, − дейтін қызметтес жасамыс қатын. – Мінезді пәлекеттер қаққанда қаныңды, соққанда сөліңді алады. Одан туған ұл да жаугер болып жаныңды жейді.”

− Әйелдің бәрібір еркектен ығып тұрғаны дұрыс емес пе, − деген бұл, анасы айтқан сөзді қайталап.

− Әй, айналайын, жалғыз қарағанда жанарымен-ақ жапырып жіберетін жаугер жоқ, қазір. Болса түгел астымен асық иіретіндердің қойнында… − деп елбіретіп жіберген.

− Мұнда кіріп дем ала беріңіз, − деді келіншек ас үйдегі еркекке.

− Өзің…

− Қазір келем.

Келіншек ваннада біраз бөгелді. Екі жыл еркекпен қойындаспағандікі ме, біртүрлі жүрексінеді. Бірақ, қайтеді, Ай батпайын десе де, Күн қоймайды ғой.

Төсектің бергі ернеуіне таяп шалқасынан жатқан еркек бұл кіргенде темекісін сөндіріп, жамылғы көтерді.

− Іргеге өтші.

Келіншек іргеге өтіп бара жатып, көтерілген жамылғының астындағы еркектің жалаңаш денесін көзімен еріксіз бір шолып өтті. Сол кезде-ақ ол еркінен айрылып қалған; ойында не бар еді; азабы ма, қайғысы ма, қуанышы ма, реніші ме, арман-қиялы ма, мұрат-мақсаты ма, ар-ұяты ма, абыройы ма… бәрі түгел әлдеқайда шым батып кетті. Санасында тек мына денесіне денесі тиіп, әулетті қолдары бірте-бірте тұла бойын сипалап, екі қара санының арасын айқара ашып, бар салмағымен кеудесіне қарай келе жатқан еркек қана қалды…

Еркек қалай тез икемдесе, солай тез әрі аунап кетті. Келіншек сонау жылғы, күйеуімен болып жүргендегідей, мына әрекеттен дәнеңе түсінбей қалды. Не болып, не қойды? Ел айтатын қызықтырған, соншалық дүние көріп күткен, сенген, үздіккен рақаты, қане? Е, содан іңкәрлікпен дәметкен жан-тәні, балқудың күнін енді-енді көре бастағанда…

Төсек ернеуінде шылымын шегіп отырған еркек сағатына қараған.

− Уақыт жылдам өтеді, ә? − деп қойды. − Страшно, бежит.

− Асығыс па едіңіз?

− Он бір де үйде болуым керек.

− Себеп?..

− Тәртіп.

− О, құдай… − келіншек ауыр дем алды.

− При чем, құдай?

Келіншектің әлдене айтқысы келсе де, үндемеді. Үндесе, әңгімелерінің қолайсыз болатынын білді. Жаны бір түрлі жаман жүдеген. Жүдеді деп кімге өкпелейді, бірақ. Үйлі-баранды адам, үйіне баруы керек. Десе де бір түнін, алғашқы түнін бүтіндей бұған неге қимасқа, деген ой-сауал да ішін тесіп барады. Сүймеген соң ба? Өзі ше? Өзі сүйе ме мына еркекті? Ұнайды. Ал сүю… Келіншек кімді, қашан сүйіп еді? Күйеуі де ұнаған. Болғаны сол. Өліп, өшкен жоқ. Рас, өткен қыста ма екен, бір ер адамға қатты қызықты бұл. Ойда жоқ жерден. Бастығы үлкен мекеменің бастығына әлдебір қағаз апарып беруге жұмсады. “Жеке шаруа еді, өз қолыңмен өзіне тапсыр” деді. Хатшысы, көзі ботадай, көркем қыз қадалып қалған пәле екен, шешініп, таранып кіріңіз деп тықшыңдап қоймады. “Фигурамды көрсетем бе?” деген бұл да қитығып. “Мемлекет мекемесінің этика дегені бар, тәтей”. “Солай ма”…

Хатшы қыз бастығының кабинетіне мұны ертіп кіріп, өзі шығып кетті. Төрде отырған сұсты, бұған жалғыз сәт қана басын көтеріп, одан әрі өз шаруасымен болып кеткен еркекті көргенде жүрегінің неге шым дей түскенін келіншектің өзі де түсінбей, бір түрлі абдырап қалған. “Тыңдап отырмын” деді анау жазып отырған қағазынан басын көтермей. Даусы да суық екен. Сөйте тұра, жағымды. Сөйте тұра, әсерлі. Әуезді де, әулетті. Жалғыз қарасы да әулетті еді. Өңменіңнен өткенімен, өзегіңе өзгеше шоқ тастайды. “Бастығым бір қағаз беріп жіберіп еді” деді бұл тілін кәлимаға әзер келтіріп. “Беріп жіберсе, бермейсің бе”. Берді. Енді шығып кетер жерде аяғын еденнен ала алмай қойғаны. “Тыныштық па? – деді анау бастығы беріп жіберген қағазға көзін жүгіртіп отырып. – Айтарың бар ма, тағы?”. “Жоқ”. “Онда, сау бол”…

Осы ғана. Осы ғана сәт оны талай күндер мазалады. Сол еркек түсіне де кірген, сосын. Қазір де жүрегінің терең түкпірінде сол отыр. Бірақ оны тек армандай ғана алады. Бір-екі рет телефон шалып та көрмек болды. Батпады. Тәуекелі жетпеді. Ұяты жібермеді. Қорықты.

Ойлады: адамның бір көргенге ғашық болып қалуы шын болғаны ма? Не ол, ғашықтық? Өзің мүлде білмейтін, еш уақытта кескін-келбеті қаперіңде болмаған жанға… Жо, жоқ… Әлдебір кескін-келбеттің, тұлабойдың елесі мұның қиялында қылаң беретін. Тіпті, бір дауыс та… Бәлкім, ана… иә ол ой-қиялындағы елес-кейіпке ұқсай ма екен… Сол ғой, сол… Бәсе…

Еркек қайта икемдеді. Бұ жолы да жаңағы қайталанған. Жылуы бар, жырғатуы жоқ.

Содан бері талай-талай күндер өтті ғой. Талай күндердің екі-үш күнінде табыстыратын тар төсектің алғашқыдан еш айырмасы болмады. Келіншек өзгелер айтып отыратын, өзі көксеген таңғажайып дегенге жеткен жоқ. Есесіне мына еркектің көнбіс көңілдесіне айнала бастады. Қызметінен шалдығып келеді. Ананың төбесі көрінгеннен дүкенге жүгіреді. Әуелде бергенді жейтін еркек, келе-келе “біздің үйдегінің борщ-супынан зәрезеп болдым, тауық етін пісірші, балық қуыршы, тұздап қарынға салған сүр май болса” дейтінді шығарды. Ішімдікке де кет әрі емес. Дастарқан ортасында әр келісінде міндетті түрде бір шөлмек тұрады. Өз қанағатын алысымен, қорылға басып дәл он бірде атып тұрады. Атып тұрады да әй-шай жоқ, “Қой, біз қайтайық” дейді.

Қыста ғой, далада қарлы боран алай-түлей болып тұрған.

− Қона салмайсыз ба,− деген.

− Тәртіп…

Тағы бірде:

− Сіз осы мені сүйесіз бе? − деп сұраған.

− Келіп жүрміз ғой.

− Мен оны айтып тұрған жоқпын.

− Енді нені?

− Сүюді?

− Проблема ма ол? − деген еркек жайбарақат қана.

− Жоқ, сіз айтыңызшы?

− Нені?..

Келіншек боздап жібере жаздаған. Мына еркектің жүрегінде жалпы шынайы сезім дейтін қасиет, сағынып сарғаю қасіреті, сүйгенге тән азап-шер бар ма, жоқ па? Адамның солай болуы керек екенін біле ме, білмей ме. Білсе мейірім, шапағаты, еркектің ұрғашыны көңіл-күйіне, оның бірде бүк, бірде шік түсіп жататын, қабырға қайыстыруы жетерлік тіршілігіне ден қоюы, сөйтіп “Осы сенің жағдайың қалай болып жүр?” дейтін қамкөңіл-қамқор сауалы, кез келген шаруаңның оңтайын мен келтіріп берейін, сен осы кез келген қиын мәселелеріңді міндетті түрде маған айтып тұр дейтін үстем, кісілік мінезі, қайда. Не ана жағыңның, не мына жағыңның рақатын көрсете алмаса, мұның несі еркек? Керегі не? Керегі..

Құдай-ау, бұл өз әйелімен қалай екен? Оған да көрсететін опасы осы ма? Әлде?..

− Сұрасам айтасыз ба? − деген бірде.

− Проблема жоқ, − деді ол өзінің әдеттегі сөзімен.

− Әйеліңізді сүйесіз бе, сіз?

− Енді, нетеміз…

− Неткені, қалай?

− Тұрып жатырмыз, нетіп...

− Сүйесіз бе, деп сұрап жатқан жоқпын ба?

− Болған ондай.

− Қандай?

− Ну…

− Қазір ше?

− Қазір… Оны қайтеміз. Надо ли, − деген еркек. – У каждого есть свои интересы, менің де... Но, живем.

− Ол қандай интерес, сонда?

Еркек үндемеді. Бұл да ары қарай індетіп сұрамаған. Ұрғашының ұлы түйсігі, бір ошақтың отын бірге көсегендердің қырық бұрым ахуалын түгел тарқатып жатпай-ақ, жалғыз талын-ақ аңдай қоятын. Келіншек талай-талай ерлі-зайыптының жандары жымдасқан жарасымды сезімдерсіз-ақ төсектес ғұмыр кеше беретінін, сондықтан да олардың бірі еркек екенін, бірі әйел екенін бір-бірі арқылы сезінбей өмірден бары осы шығар деп, тойған қарынға тоба деп өте беретіндерінде білмейтін еді. Жұптасудың ең асқар шыңы – еркек пен ұрғашының екі жүректің бір лүпілімен, екі тілектің бір аңсарымен ғана күн батырып, таң атыруы сиректеу кездесетінін ұға қоймаған. Ерлі-зайыптылардың көбінің өздерінде көп жағдайда адамилықтан гөрі хайуани түйсік қалыңыр-ақ екенін түйсіне, сезіне, байқай алмайтынынан тіпті, қаперлеріне болмайтынынан хабарсыз еді.

Екі айдан бері келіншектің аяғы ауырлап қалған еді. Байсыз бала туудың қазақ үшін қаншалық қасірет екенін біле тұра, өз жалғыздығын қандай жолмен болса да өзі ғана жеңетінін, қандай жолмен де жеңіске жеткенді ешкім де кінәлай алмайтынын өзіне-өзі мойындатып қойған ол, бойындағы ұрпақтың жарық дүниеге ертерек келуін армандаумен жүрген-тұғын.

Еркек мұның жүкті екенін білмейтін. Сен осы көтеріп қалмаймысың, деп сұраған да емес…

…Ауының бұзылған сыдырмасын орнына әзер келтіріп, дәлізде сағатына қарай отырып, бір тал шылымды асықпай отырып шегіп алатын еркек, дәл он жарымды соққан сағат тіліне көзін тігіп:

− Ал мен кетейін, − деді.

− Әйтеуір, қайта келмейтін болыңыз, айналайын!

Еркек әңірейді.

− Ау…

− Сол! Жылдам шығыңызшы!

− Проблема нет. Но…

− Не, но?.. – орнынан атып тұрған келіншектің даусы өзімен бірге жұлқынып шықты. − Кет!

Есік жабылған соң, келіншек шифонерді ашты. Аяғы ауырлаған күннен өзіне кең көгілдір көйлек тіктіріп алған еді, соны алып айна алдына барды. Жартылай жалаңаш денесіне киіп, тобығына келе төгіліп тұрған нәзік, жұқа көгілдір матаның ішінде теңселіп ұзағырақ тұрған. Неге екенін іші білінгеннен осы көгілдір көйлекті киіп жүруді ниет еткен. Ұрпағын көгілдір әлеммен көмкеріп жүрейін, көгілдір әлемдей көкорай көңіл, көкмайса ғұмыр кешер ме екен деген әуел бастағы үмітте еді. Енді, сол ойынан ай асты ма… әйтеуір, айнып тұр. Шешім оқыс келді. Бұл әлгіндей жан-дүниесі мылқау, меңіреу адамның ұрпағын жарық дүниеге әкеле алмайды. Түбі, соның солай туғанына өзі кінәлі болып шықпай ма? Келетін ұрпақтың кім болатын жауапкершілігін әркім өзіне алатын ой қашан туады? Мәселе, басты кісілік − жауапкершілік – ұрпақтың дүниеге келгендігінде емес, қалай және кімнің ұрығы болып келетіндікте шығар. Жан-дүниелері мылқау, меңіреулер жер бетінде онсыз да аз емес. Жан-дүниелері мылқау, меңіреулер көп болғандықтан да, көз жас көл, бақытсыздық мол, прогресс жоқ. Жан-дүниесі мылқау, меңіреудің ұрпағы да соның өзі болып бітеді, сол болып жасайды, сол болып өтеді. Одан жаратылғандар да… Ендеше, бұл неге оны тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатып, тууы керек. Жатырыңа біткен меңіреудің ұрпағының өмірін қиған қылмыс па, жоқ мылқау мен меңіреудің санын көбейткен қылмыс па?

Қылмыс деген не осы? Қылық па, қимыл ма, құйтырқылық па, құмарлық па, құтыру ма?..

Келіншек өзін соның қайсысына жатқызады..? Қылмыс – адамның еркі емес-ау, сірә. Ортасының азғындығы, ортаның азғындығы − әйелдік о бастан жәркөлештікті былай қой, ер-азаматтың тініне енген сайқалдық, сатқындық… құрсын…

Әйелдің жатыры – қасірет-кесепаттың да ұясы болса, Ана дейтін ұлы құдіреттің мәні қайсы? Түсініксіз. Бойыңа біткенді адам ғой дейді. Адам – жалпы ұғым. Адам кейпіндегінің бәрі ол емес. Құры нөпір, құры тобыр. Бекер жер таптайды, бекер су ішеді, бекер нан тауысады...

Балконға шықса дүние сұмдық алай-түлей. Сұрапыл бір дауылды боран тұрыпты. Үлкен-үлкен ағаштардың басы ауа сабалап, шатұр-шұтыр сынған бұталары қу далаға лағып кеткелі тұр. Байқоңырдан тағы ұшырылған ғой, деп ойлады келіншек. Бүгінгі дүние осы, аяқ асты астаң-кестең. Саған, сенің сұраным-арманыңа тәуелді емес. Бұл ше? Тәуелді ме? Ия.., ия… Бірақ, өз бойы, қол-аяғы сүйек-саяғы өзінікі емес пе. Пейіл, ниет, ой-мақсаты да… Кімнің шаруасы бар. Өз ар-ұяты, намысы, сенімнің болмысы емес пе. Бәрі өзінікі ғой. Өзі… Өзгелердің өкпесі, өзеурегені, өктемдігіне түкірмейді де. “Алдырам ертең, − деді сосын зар еңіреп – Отаймын, жатырымнан!” Сөйтіп тұрып сұмдық аһ ұрды. Сұрапыл найзағайдың жарқылынан қақ айырылатын қара аспаннан тамып-тамып түсетін қара жаңбырдың ірі тамшысындай ыстық жас қара көздерден алма бетке ағып өтіп, аршын төске қарай домалап түсіп жатты…