Қала сыртына жүретін соңғы автобусқа жұртпен бірге қыстырылып менде кірдім. Күздің қара суығы. Жұмыстан шығамын дегенше, аялдамаға жетемін дегенше әбден дірдектеп тоңып қалдым. Алдыңғы есіктен кіргенімді қайтейін ығы-жығы адамдардың арасында мені бір түсініксіз үрей мен ыңғайсыздық биледі. Автобус әлі орнынан қозғала қойған жоқ. «Түсіп кетсем бе? Сосын үйге немен жетемін? Такси қымбат, ал дала суық. Басқа амал жоқ. Елмен бірге жетермін». Осылай өз ойыммен іштей арпалысып тұрғанымда темір көлік орынынан қозғалып, жүргізуші микрафоннан: «Құрметті жолаушылар жол ақысын төлейміз, тезірек, картамызды басамыз»-, деді. Алаңғасарланып карточкамды не сөмкемнен іздерімді, не қалтамнан іздерімді білмей тыпырши бастағаным сол еді, автобус кенеттен алдыға қарай жүйтки жөнелді. Сол сәтте менің білегімді әлде бір күш өзіне қарай шақырған тартылыс күшін сезіндім. Жалт бұрылдым. Ер адамның қолы екен.
-Бәрі дұрыс па?
Бейтаныс адамның менің тарапыма айтылған алғашқы сөзі. Қамқорлыққа толы сондай жылы сөздер.
- Иә, рахмет, бәрі дұрыс. Мен оның үлкен қолдарынан білегімде босатпаққа ниет білдірдім.
-Әзірге сізді жібермей ұстап тұра тұрайын, алдымен картаңызды алып алыңыз.
Қамқорлық. Әлдебір тылсым күш мені оның айтқандарын еш қарсылықсыз істей бастауға итермелегендей болды. Автобустың іші абыр-сабыр. Барлығы жұмыстан шаршап шығып, мен сияқты осы соңғы автобусқа үлгергендер. Жол ақымды төлеп болған соң енді білегімді босатар деп күтіп тұрдым. Алайда ол мені жіберуге асықпады. Керісінше қолымды өзінің білегіне тақады.
-Енді сіз менен тас қылып ұстап алыңыз, жаңа жүргізуші бағдаршамға тоқтады, әлі талай бағдаршамнан өтеміз.
-Жоқ, рахмет, мен қазір ыңғайлы орын тауып аламын.
-Мықтап ұстанып тұрмасаңыз жаңағыдай жазым бола жаздауыңыз мүмкін.
-Маған осы жер ыңғайлы.
-Сізге ыңғайлы емес.
-Қайдан білесіз?
-Білемін! Қырсық екенсіз. Онда тым болмаса берірек тұрыңыз, қазір артыңыздағы адамдар келесі аялдамадан түскелі тұр. Қорықпаңыз, мен адам жемеймін.
Екеумізде жылы жымидық. Сол ер адамның қолы мені тағы өзіне қарай жақындатып жанына алды. Шынымен де мен адамдар өтетін жолда тұрып алыппын. Қазіргі орынымның ыңғайлы екенін енді сезінгендей болдым. Бір-бірімізге өте жақын тұрмыз. Енді менде бір ғана ой! Түрім дұрыс тұр ма? Көз алдыма жұмыстан шыққандағы түрімді елестете бастадым. Үстімде қызыл пальтом бар, жақсы, дұрыс киген екенмін. «Таңертең сызылып сән қумай қалың курткамды киіп шығуым керек еді»-, деген аялдамадағы сөзімді осы жерде қайтып алдым. Мойнымда ашық көк түсті шарф, аяғымда биік өкшелі қара күдері етігім бар. Шашым ше? Шашымды жұмыстан шығарда түбі ұшталып кетер деп жинап алған едім. Дұрыс тұр ма екен? Дұрыс шығар иә? Өзімді жұбатып тұрған түрім. Автобус жүйткіген сайын менің де жүрегім жүз сексенмен атқақтап басылар емес. Жүзіне анықтап қарайын деп басымды жоғарыға еппен созған боламын да, жанарымды тез тайдырып жіберемін. Содан бері көздерімді төмен салып тұрмын. Автобус тежегішін басып, әр аялдамаға тоқтаған сайын мен оның ыстық кеудесіне құлай жаздап, әрең кейін қайтамын. Біз сондай жақын тұрмыз. Менің кішкентай басым оның иығына да жетпейді. Осы кезде ішкі ойларым тағы да арпалысып бастады. Бойы ұзын екен, үстіне ұзын қара пальто киген. Пальтосының алды ашық. Тоңған адамға ұқсамайды. Оның ішінде қою қоңыр түсті костьюм. Ақ жейдесінің үстіңгі екі түймесін бос қойған. Демек, галстук таққанды ұната бермейтіндердің қатарынан. Парюмі... парфюмі маған сондай таныс. Бұл иіссуды мен қайдан танимын? Ол ақырын ғана тыныс алған сайын сол ауа маған қарай бағытталғандай арамызда белгісіз бір жылылық желі есе берді. Осы бір үлкен автобустың ішінде, қаншама жолаушылардың арасында бізді ессіз адамдардай жақындатып, жіпсіз байлап, байланыстырып тұрған жалғыз «дем» ғана еді...
Дәл осы мезетте, жүргізушінің тағы да шалт қимылмен автобус тежегішін басқан сәті менің санамдағы тәтті қиялымды жұлып алғандай болды. Бұл жолы ол бағдаршамға емес жаяу жүргіншілер жолына тоқтаған екен. Жүргізуші терезесін ашып: «Көзіңе қарамайсың ба, балам-ау, жазым бола жаздадың ғой, алдымнан атып шыққаның не?» -, деді үрейлі дауыспен. Сырттағы жас бала бұл сөзді керек еткен де жоқ. Өз жолымен кете берді. Біз алдыңғы есік жақта тұрғандықтан болып жатқан қақтығыстың барлығы анық көрініп, естіліп тұрған еді. Жүргізуші өз-өзімен күбірлесіп, жазық маңдайын екі қасының ортасына жиыстырып алды. Бағанадан қасында тұрсам да енді ғана байқаппын. Жүзін әлсін-әлсін әжім басқан, қой көзді, қара торы елулер шамасындағы аға екен. Қанша ашуланып дүниені қиратқысы келіп тұрса да жолаушыларға зілді дауыспен бақырып-шақырмады.
-Сабырлы екен.
Ұзақ үнсіздіктен кейінгі алғашқы сөз.
-Иә.
-Сіздің барлық сөздеріңіз «иә» деуден бастала ма?
-Неге?
-Бағанада «иә, бәрі дұрыс»-, дегенсіз.
-Ааа, байқамаппын. Шынымен де сабырлы екен.
-Кез келген жұмыста сабырлылық керек. Құдай да сабырлыны жақсы көреді ғой.
Осы сөздеріне жүрегім дір ете қалды. Құдайшыл екен. Бұл жақсы қасиет.
-Қай аялдамадан түсесіз?
-Келесіден.
-Түсінікті.
Ішімнен оның да келесі аялдаман түскенін қалағанымды жасырмаймын. Бірақ Құдай жақсы көретін сабырлықпен алғысымды білдірмек болдым.
-Бар жақсылығыңыз үшін рахмет.
-Жо-жоқ, әлі асықпаңыз. Мен де сол аялдамадан түсемін.
-Ааа, түсінікті.
Сырттай салқындық танытқаныммен іштей қуанғанымды сезіндім. Өмірімде бірінші рет алғаш көрген адамыма осылай тез бауыр басып қалғандаймын. Осылайша біз автобустан іле шала бірге түстік. Бірақ кімнің, қайда бағытқа кететіні белгісіз болатын. Сол сәтте қасымдағы бейтаныс жігіттің телефоны шырылдады.
-Қазір күте тұрыңыз. Алло, иә жұмыстарым бітті. Қай жердесің дейсің бе, тіпті білмеймін.
Күлді. Маған бұрылды.
-Бұл қай жер?
-Қосшы. Ішімнен «Бұл қай жер дегені несі?»-, деп тұрмын.
-Самат, мен Қосшыда екенмін. Сен қай жақта тұратын едің? Ааа, жарайды, түк етпес. Жоқ, әуре болмай-ақ қой, қазір такси ұстай салармын. Уайымдама бауыр! Аядай Астанаңда адасып кетпеспін. Мекен-жайыңды жазып жіберсең тамаша болар еді. Ал, жақсы онда. Хабарда боламыз ғой. Сізді шошытып алмадым ба?
-Астаналық емессіз бе?
-Жоқ, Алматылықпын. Астаналыққа ұқсаймын ба?
-Менің адамның түрі арқылы туған жерін табатын қасиетім жоқ.
Күлді.
-Аялдамадан шатасыпсыз ба?
-Жоқ, автобустан шатасыппын.
-Бірақ шатасқаным жақсы болған жоқ па?
-Жақсы болды ма?
-Иә. Менің ше өте жақсы болған сияқты. Негізі шынымды айтсам автобустан жаңылғанымды қаладан шыға берісте түсінгенмін. Бірақ егер сол мезетте түсіп кететін болсам, мүмкіндігімнен айырылып қалады екенмін.
-Қандай мүмкіндік?
-Сізбен тілдесу мүмкіндігі...
-Ммм, бірақ жат қалада бұлай адасып жүруіңізге болмайды. Баратын үйіңіздің мекен-жайын айтыңыз. Сізді таксиге салып жіберейін.
-Мен осыншама жолды босқа жүріп келген жоқ шығармын? Сізді үйіңізге жеткізіп салмай ешқайда қайтпаймын!
-Олай болмайды.
-Болады, болады. Мен сіздің жол бастағаныңызды күтіп тұрмын?
Оның айтқан сөздерін миып қорытып үлгеретін емес, сонда да түр бермей түсінген кейіп танытып ілгеріге жол бастап жүре кеттім.
-Күн суықта неге жұқа жүрсіз?
-Жоқ, жұқа емес, тоңған жоқпын.
-Әлгінде автобусқа дірдектеп қалай кіргеніңізді байқамадым десем өтірік болар.
-Байқампаз екенсіз.
-Астаналық емессіз, солай ма?
-Иә, оны қайдан білдіңіз?
-Астананың халқына бастысы жылы жүру маңызды. Олар күзде де қыстық киімдерімен жүреді.
-Оны қайдан білесіз? Сіз де Астаналық емессіз ғой.
-Білемін. Денсаулықпен ойнауға болмайды. Жылы киініп жүріңіз.
Мен үнсіз басымды изедім. Арада тағы да ұзақ үнсіздік басталғандай. Біз тыныс алған сайын қою будақтаған ауа тұман сияқты қарсы алдымыздан жиырыла жөнеледі. Жанарымыз түйісіп қалмас үшін барымды салып көзімді айналаға жүгірте бердім. Астанаға шыныменде күз келген екен. Жерге шашылған жасыл-сары жапырақтарды, қараңғылық ерте сіңіп үлгерген көшелермен, өзім күнде жүретін жолдармен жаңа танысқандай таңырқап қарап келе жаттым.
-Демек, тұрмыста емессіз?
-Ал мүмкін тұрмыста шығармын?
-Жоқ, сенбеймін. Кез келген ер адам өз әйелін жеті түнде бітетін жұмысқа жібермейтін еді.
-Иә, мүмкін...
-Айттым ғой, сіз "иә" деп жауап бергенді жақсы көресіз. Айтқаным айтқан енді бір рет «иә» дейтін болсаңыз үйленуге ұсыныс жасаймын.
-Менің не деп жауап беретінімді қайдан білесіз?
-Мен бәрін білемін. Әрі сіз «иә»-, деп айтқанды жақсы көресіз ғой.
Екеумізде ессіз адамдарша күліп келеміз. Күлкіміз будақтаған ауаға сіңісіп, тар көшенінің жаңғырығына ілесіп келе жатты.
Бір жолақты көшенің ортасына жете бергенде қолымды ары да бері де үйкеп жылытып келе жатқанымды байқады ма, қалтасынан өзінің былғары қолғабын ұсынды.
-Жоқ, керек емес. Тоңған жоқпын.
-Дәл осы жерде ұялу, сыпайылық деген этикеттерді қоя қойыңыз. Әйтпесе қазір пальтомның қалтасына сізді қолыңызбен қоса бүктеп салып аламын. Қане енді, киіңіз?!
-Барлық адамға осылай өз дегеніңізді ғана істетесіз бе?
-Барлығына емес. Жоғалтып алудан қорқатын адамдарыма ғана. Мен өте қызғаншақ адаммын. Ол мейлі зат, адам немесе басқа дүние болсын. Бөліскенді ұнатпаймын.
-Мені сіздікі кім айтты?
-Өзім солай деп шештім. Егер қазір сіз іштей «Үміт беріп қоймайын»-, деп салқындық танытып келе жатсаңыз бірден айтайын, босқа әуре болмаңыз. Мен сізді алғаш білегіңізден ұстап алған сәтте-ақ ұнатып қойғанмын.
-Хм, сене қалдым. Бұндай сөздерді қалай кідірместен, қызармастан айта бересіз? Тіліңіз күрмелмейді екен. Филолог шығарсыз?
-Сіздің ше филологтар ғана әдемі сөйлей ме?
-Ал, жақсы. Сонда кімсіз?
-Мен адвокатпын.
-Ааа, жақсы мамандық.
-Енді ше, болашақ күйеуіңіз анау-мынау адам емес.
Ол осы сөздерді айтқан бойда екі қолымен кезек-кезек иығын сілкіп, езу тартты. Бірақ мен де оңай беріле салғым келмеді.
-Пах, шіркін! Құдай не күйеуді автобусқа салып жіберетін болған ба?
-Босқа кекетесіз. Басқа біреуге емес сізге бұйырып тұрмын мен. Сондықтан беріп тұрғанда алып алу керек, не болмаса үйіне келін болып барып алу керек.
Төмен қарап одан сайын ұялып бара жатырмын. Ал оның болса қымсынатын түрі жоқ. Маған қарай бұрылып алған, ағынан жарылып тоқтамай сөйлеп келеді. Бір қарасам үйге жетуге шақ қалыппыз. Кілт кідірдім. Менің бұрыннан өз мекен-жайымды түрлеп-түстеп көрсете бермейтін әдетім бар болатын. Тіпті таксиден де өз үйіме екі-үш көше жетпей түсіп қалатынмын. Сол әдетімше кідірген жеріміздің ауласын көрсетіп: "Міне, менің үйім осы"-, деп әлдебір жарық жанып тұрған терезенің тұсын нұсқай салдым.
-Қалай тез жетіп қойдық?
-Тоңғаннан тез жүрген болармыз.
-Меніңше бар ғой, бұл сіздің үйіңіз емес.
-Неге екен?
-Сіз оңай беріле салатын қамалға ұқсамайсыз. Демек, өзіңіз жайлы мәліметтерді де оңай айтып көрсете салмауыңыз керек. Бір жағынан бұл ісіңізді қолдаймын. Сақтықта қорлық жоқ. Адам тіпті өз көлеңкесінен де қорғануы керек.
-Сізді шынымен Құдайдың өзі жіберді ме?
-Дәл солай, «Астанада осындай бір қыз жалғыз жүр екен, соған бар!»-, деді.
-Солай ма? Мен жайлы тағы не айтты?
-Киім үлгіңізге қарасам, не балалармен жұмыс істейсіз не банкте істейсіз.
-Киіміме не болыпты?
-Классикалық үлгі. Сізге классика жарасады екен.
-Тәрбиешімін...
-Айттым ғой, мен бәрін білемін.
-Олай болса Құдай сізге менің атымды да айтқан болар?
-Міне осыны айтуды ұмытыпты. Әлде болашақ әйелінің өзі айтсын деді ме екен, білмедім?
-Ендеше, жаттап алыңыз, болашақ әйеліңіздің есімі – Жазира.
-Ендеше, сіз де жаттап алыңыз, болашақ күйеуіңіздің аты – Нариман!
Екеуміздің езуіміз жиылар емес. Әлгіндегі үнсіз жымиған жүзіміз жайына қалып, ауланы басымызға көтеріп күліп жатырмыз.
-Ал ары қарай үйіңізге жүреміз бе, әлде мені осы жерден кері қайтарасыз ба?
-Күйеуімнен жасырар түгім жоқ, жүріңіз!
-Тәуекел ме?
-Тәуекел!
-Бұл жақта кіммен тұрасыз?
-Әпкеммен.
-Екеуіңіз ғана ма?
-Жоқ, әпкемнің кішкентай ұлы бар.
-Ал бажам ше? Үйде емес пе?
-Өкінішке орай жездем екі жыл бұрын жол апатынан қайтты.
-Кешірім өтінемін. Орынсыз әзіл болды.
-Түк етпес, білмедіңіз ғой.
-Шынымен ыңғайсыз болды. Ыыы, ертең жұмысыңыз нешеде бітеді?
-Ертең жұмысқа бармаймын. Күні бойы курста боламын.
-Қандай курс?
-Логопед-дефектология.
-Мықты екенсіз. Оқып жүргеніңізге көп болды ма?
-Үшінші айға кетіп барады. Негізі кем дегенде алты-жеті ай оқу керек.
-Дұрыс екен. Сонда бұл өзіңіз үшін бе?
-Сізге былай түсіндірейін. Қазіргі балалардың тілі өте кеш шығады, біздің балабақшаға келетін балалардың жетпіс-сексен пайызы жөнді сөйлемейді, ал өзіне керек затын не жылап не болмаса ыммен түсіндіреді. Осы курсты оқып біткен соң балабақшамыздағы әр баламен осы бағытта қосымша жұмыс жүргізгім келеді. Және бұл үшін ата-аналарынан бір тиын да алмаймын. Тек балалары дұрыс сөйлеп үйренсе маған сол да үлкен жетістік болар еді. Әзірге менің алдыма қойған мақсатым осы.
-Жазира, үйленейік?
Осы бір күтпеген сөздерді естігенде аяқтарым қимылын кілт тоқтатып, оның жүзіне жалт қарадым.
-Бұлай әзілдей бермеңіз!
-Бұл әзіл емес. Имандай шыным! Биылдан қалмай үйленейік. Қазір осы жерде жауабын алмай сізді үйіңізге жібере алмаймын.
-Мен неге келісуім керек? Сізді мүлде танымаймын, жарты сағат бұрын ғана танысқан жігітке қалай тұрмысқа шыға салмақпын?
-Қалайша мені танымайсыз? Атым – Нариман, адвокатпын, Алматылықпын дедім. Әлде жеке куәлігімді көрсетейін бе?
-Жоға, керек емес. Сонда да бір түрлі адам екенсіз. Ертең ел бар, жұрт бар «Қызым-ау ойда-жоқта қайда таныстыңдар?» десе, «Автобустан таптым»-, деймін бе?
-Дәл солай деңіз! Бізге не кедергі? Мен де сіз жайлы өзіме керек аз-кем ақпаратты біліп алдым. Сіздің басыңыз бос, мен бойдақ. Бастысы осы, ал өзгесі уақыт өте шешілетін мәселелер.
-Білмеймін. Адам осылай да ұсыныс жасай ма?
-Бағана айттым ғой, мен қызғаншақ адаммын. Бөліскенді ұнатпаймын. Сонымен?
-Не сонымен?
-Үйленейік?
-Мен тоңып кеттім. Ішке кірейін. Әпкем де уайымдап жатқан шығар.
-Қорқытып алдым ба?
-Жоқ, қорыққан жоқпын, расымен де тоңып тұрмын.
-Жақсы... Ендеше үйге кіріңіз.
-Сөйтейін.
Жүрегім атқақтап, кілт іздеген болып сөмкемді олай да бұлай да ақтарып жатырмын. Кілтімнің табылатын түрі жоқ. Көзімді сөмкемнен ала алар емеспін. Шалт қимыл жасасам қадалған жанарына ұсталып қалармын деп бір орынымда тыпырши бердім. Сөмкемнің түбінен саусағыма бірдеңе ілінгендей болды. Таптым. Басымды жоғары көтеріп ішімнен ешқашан аяқталмауын тілеп тұрған осы диалогтың нүктесін өзім қоймақ болдым.
-Жақсы онда, тағы да рахмет. Қайырлы түн. Аман-есен жетіңіз.
-Ертеңгі күніңізді маған арнай аласыз ба? Маған бір ғана мүмкіндік беріп көріңіз.
-Түсінбедім?
-Ертең мен сізге маған міндетті түрде тұрмысқа шығуыңыз керектігін, келісім берсеңіз, өмір бойы өкінбейтініңізді дәлелдеп беремін. Өзімнің сізге дұрыс күйеу бола алатынымды дәлелдеймін. Менің арғы күні Алматыға қайтуым керек. Астанаға бір сот процесі үшін ғана келдім. Еркек басыммен ешкімнің алдында мұншалық иіліп көрмеген едім. Жалындырмаңыз...
Маған қадалған отты жанарының ішінде бір үміт шоғы «мені өшіріп алма»-, деп тұрғандай еді. Мен де сол көздерге әлгіндегі жасқаншақ жанармен емес жалынға толы жанармен қадала қарап тұрдым.
-Ендеше, мен бұл үнсіздікті келісім деп қабылдаймын. Ертең сағат тұп-тура таңғы он да осы жерде сізді күтетін боламын. Қайырлы түн, Жазира!
-Тұра тұрыңыз, қолғабыңыз...
-Ол сізде қала берсін. Мені ұмыттырмайтын болады.
-Ал сізде мені ұмыттырмайтын зат жоқ қой?
-Неге жоқ? Мен онсызда сізді жүрегіме салып өзіммен алып кетіп барамын.
Ол менен ұзаған сайын біресе маған қарап, біресе аспанға қарап әлдебір сөздерді қайталап айтып бара жатты. Мен де қою қара әдемілік басқан аспанға қарап: «Тәңірім, оны маған шынымен сен жібердің бе?»-, деп сұрадым.
Ойымды, бойымды түзеп домофонды басуға ұмтылмақпын. Жоооқ, тұра тұр, әпкем қазір неге ұзақ кідірдің деп сұрақтың астына алса не демекпін? Мына қолғап кімдікі десе ше? Тауып алдым деймін. Жеті қараңғыда көшеден белгісіз бір ер адамның қолғабын тауып алып оны үйіңе алып кіру? Қисынсыз өтірік. Одан да сөзді көбейтпей сөмкеме салып алайын, ертең иесіне міндетті түрде қайтарып беремін. Сонымен домофонды аштым да бес қабатты үйдің үшінші қабатына ештеңе болмағандай, автобусқа алқынып кірмегендей, бейтаныс ер адамның құшағына ене жаздап ес жиып үлгермегендей, жаңбырдан кейінгі беті жылтыраған асфальтты екеулеп жүріп өтпегендей, ешкіммен күбірлесіп, ешкіммен күлмегендей көтеріліп келе жатырмын. Үйге кірдім. Үйде танадай тыныштық. Бұл екі бөлмелі үйді жездем көзі тірі кезінде үш жерде жанталасып жұмыс істеп кепіл несиеге (ипотека) алған еді. Екі жыл бұрын қыркүйектің сегізінде үйдің де қарызы өтеліп бітті, жездем де сол күннің ертесінде жан тапсырды. Кейде осы оқиға есіме түссе көңілім құлазып кетеді. Жездем осылай боларын сезгендей бел жазбаушы еді. Сондағы арманы жары мен ұлының пәтерден пәтерге көшіп күйістерінің кетпеуі болған екен ғой. Жездем қайтқанда Мансұртай үште ғана болатын. Әпкем қатты қиналды. Әкем де оның бұндай күйін көруге жүрегі шыдамай «Үйге келіп бізбен тұр, ұлыңды анаң екеуіміз бағып қағамыз»-, деген. Әпкем көнбеді. «Бұл менің Жомартымның қара шаңырағы. Оны тастап ешқайда кете алмаймын. Біздің мекеніміз осы жер»-, деді. Сөзі таусылған соң әкем маған «Қызым, кішкене жағдай оңалып өз-өзіне келгенше әпкеңнің қолында тұрсаң...»-, деп қолқа салған. Мен бұл сөзді бұйрық деп түсіндім. Міне, содан бері бірге тұрып келеміз. Әпкем қатты өзгерген. Өте ақкөңіл елгезек еді. Бұрындары әпкемнің аузынан «Кеше дүкенге кірсем...»-, деп басталатын сөзді естігенде қазір күлкіден жарыламыз деп дайын отыратынбыз. Жездем де «Мен оның алдымен күлкісіне ғашық болғанмын»-, дейтін. Ал қазір солғын тартқан жүзінде сол күлкінің ізі де қалмаған. Әпкем әдеттегідей ас үйде жүр екен. Менің есіктен кіргенімді байқап, алдымнан қарсы алды.
-Ааа, келдің бе? Пальтоңмен кеткен екенсің ғой. Кеше «Ертең қалың курткамды кимесем бе»-, деп дайындап жатыр едің?
Мен ақырын аяқ киімімді шешіп жеңілдене бастадым.
-Жүр, ыстық шәй беремін.
-Қазір, киімімді ауыстырып келейін. Мансұр ұйықтап қалған ба?
-Иә, жаңа ғана ұйықтаттым. Сен оған бояу әкеліп беремін деп уәде берген бе едің?
-Мхм, сұрады ма?
-Жәзөк әпкемді күтемін деп қырсығып әрең ұйықтады.
-Қошақаным сол. Бояуларын алып келдім. Біздің жұмыстағы бір қыз үйінен әкеліп сатады.
-Тездетіп келе қал. Тамақ дайын.
Ас үйден қуырдақтың иісі аңқып тұр. Қарынымның ашқанын енді байқадым. Тез киімімді ауыстырып реттеліп үстел басына жайғастым.
-Салаттан салып же.
-Бүгін дүкенге бардың ба?
-Жоқ, онша мазам болмады. Енем хабарласты. «Мансұрды бір аптаға ауылға әкеліп таста»-, деді.
-Жібересің бе?
-Жіберуім керек. Үлкендердің қателігінен балалар жапа шекпеуі керек.
Қателік дегені енесінің «ұлымды жұтқан сенсің»-, деген ауыр сөзі. Тас тиген жеріне ауыр. Ары қарай үнсіз тамақ іштік.
Көзім ілінер емес. Таң атпай-ақ қойса екен деп тілегендеймін, жоқ әлде сағат тезірек он болса екен дедім бе? Дөңбекшіп жатырмын. Ертең кездесуге не киемін? Осы оймен ағаш шкафқа қарай ұмтылдым. Әпкем оянып кетер деп еппен ғана көз жүгіртіп шықтым. Сол сәтте ішімдегі тәкәппарлық оянып, «Бұл деген барып тұрған сорақылық! Шала таныс адамға ұнау үшін сәнденбексің бе? Жиіркенішті! Алло, жерге түс, қалқам, мен кімге айтып тұрмын? Нені армандап кеттің? Сен осындай аңқау ма едің? Қайдан білесің ол бір жүрген маньяк шығар, ал альфонс болса ше? Вот дура! Мен сені ақылы бар қыз деп жүрсем...» Тап бір ормандағы тұзаққа түсіп қалғандай шекемді алақаныммен ұрғылап іштей өзімді жазғырып ұрсып жатырмын. Болды, ертең ешқайда бармайсың! Босқа қиялдамай ұйықта.
Оң жаққа қарай аунай бергенімде әлдебір үлпек қар күмп етіп бетіме қонғандай болды. Көзімді тырнап ашып қарасам алдымда қолында түрлі түсті бояулары бар қошақаным тұр екен.
-Рахмет Жәзөк әпке деп үстіме секіріп бетімнен сүйе бастады.
«Әлгіндегі үлпек қар сен екенсің ғой»-, деп мен де оны құшақтап сүйіп жатырмын.
-Балам-ау, әпкеңді неге ояттың? «Қасына барма, ұйықтап алсын»-, дедім ғой.
-Түк етпейді. Сағат неше?
-Тоғыздан енді асты.
-Неееешшшееее?
-Тоғыз болды деймін. Қайда асығасың? Сен бүгін жұмысқа бармайсың ғой. Курсың түскен кейін басталмай ма?
Мен атып тұрып жуынатын бөлмеге қарай ұштым. Әпкем есік қақты.
-Жәзөк? Бір жерге барушы ма едің?
-Иә, негізі солай болған.
-Ойбууу, түк етпес енді. Мен онда тез шәй қайнатып жіберейін.
Асығыс-үсігіс жуынып шықтым да сағатыма қарадым. Тоғыздан отыз екі минут кетіпті. «Уффф»-, деп жүрек тұсымды ұстадым. Енді не істеу керек? Киініп дайындалғаным дұрыс па әлде түнде өзіме берген сөзімде тұрып бармағаным жөн бола ма? Ол бірақ үнсіздікті келісім деп түсінді ғой... Ақымақсың!
Үшеуміз де үстел басында отырмыз. Мен Мансұрдың тамағын бергендей болып әпкеме бір қарап қабырғадағы сағатқа бір қарап үркіп отырмын.
-Болдым, жемеймін.
-Ал онда бара ғой құлыншақ. Беті-қолыңды сабындап жу.
-Әпкесі, бауырың үлкен жігіт болды емес пе? Ендігіде тамағын өзі ішсін де.
-Қойшы, ол мен үшін бәрібір кішкентай. Әпке? Не ғой?
-Не ғой?
-Сенің уәдеңде тұрмаған кезің болды ма?
-Болды.
-Қашан? Кімнің көңілі қалған еді?
-Менің мектеп кезінде Елдос деген жігітім болған. Олар біздің ауылда мола жақтағы көшеде тұратын. Сенен екі-үш жасқа кіші Айзат деген қарындасы бар.
-Ааа, иә. Енді есіме түсті. Айзатты сырттай танимын.
-Танысаң сол. Ағасы мені қатты жақсы көрді. Ал мен оның сезімімен ойнадым.
-Қалай сонда?
-Атырауға оқуға түскен жылы қатты өзгердім. Ауылда малдың соңында қалып қойған қара жігіт маған тең емес сияқты көрінді. Содан бірден арамыз суып кетті. Ол жатақаханаға екі аптада бір келіп жүретін. Мен кейде кездесіп кейде түрлі сылтау айтып алшақтауға тырыстым. Оқуыңды тәмәмдаған соң үйленеміз, екі-үш жыл ауылда ата-ененің қолында тұрамыз деген уәдеміз болды. Мен өзімнің ауылға қайтып барғым келмейтінін түсіндім. Соңғы рет кездескенімізде басқа жігіттен аяғым ауыр деп өтірік айттым. Ол кезде жездеңмен таныспаған да едік. Кейіннен бір жылдан соң мені айттыруға ауылға құдалар келгенде оны үй жағынан көрдім. Маған халық жауына қарағандай ұзақ қараған болатын. Елдосты сол күннен кейін көрген емеспін.
-Аяғым ауыр деп неге өтірік айттың?
-Қайдан білейін? Соған өзімнің де миым жетпейді. Солай деп айтсам жайыма қалдырар деп ойлағам ғой. Жездең тәп-тәуір экономиканы бітірді. Болашағымыз жарқын болып көрінді. Сөйтіп, сертімді бұзып ауылдағы қара жігітті менсінбей қаланың қара жігітіне тұрмысқа шығып кеттім.
Оқиғаға беріліп кеткенім сонша алдымдағы шайым да ішілмей суып қалыпты. Бірдеңені ұмыт қалдырғандаймын.
-Сағат! Сағат неше болды?
-Құдай-ау, шошыттың ғой, не болды?
-Сағат оннан жеті минут кетті.
Жан ұшыра терезеге қарай жүгірдім. Төменде қолына үлкен ақ раушан гүлдерін ұстаған бір ұзын бойлы жігіт тұр екен.
-Әпке? Әпке деймін! Тез мұнда келші.
-Ау-ау, не?
-Маған көмектес. Саған бірдеңе айтуым керек, тек артық ештеңе сұрамаймын деп уәде бер.
-Не көрінді? Ал, жақсы, алдымен айтып көр.
-Төмендегі жігітті көріп тұрсың ба? Сол маған келіп тұр.
-Мәссаған. Не дейді а? Гүлін қара. Еее, енді түсінікті болды. Бағанадан алақ-жұлақ етіп отырғаның осы екен ғой. Сәби. (әпкем бірдеңе бүлдіріп қойғанымды білгенде мені ылғи осылай атайды). Свидание ма?
-Иә, сондай бірдеңе. Енді не істеймін?
-Бұл жігіт те қызық екен, свиданиеге таң атпай келгені несі? Тоқтай тұр, сен бала біреуім бар деп айтпаған едің ғой?
-Артық ештеңе сұрамауға уәде еткенсің. Не істеймін айтсаңшы тезірек?
-Не істегені несі, киініп астыға түс.
-Шашым су.
-Онда орыныңа мен шыға салайын ба? Бір баласы бар демесең былайша жас көрінемін.
Езу тартып мені мазақ қылған түрі. Ал менің өңім қашып кеткен.
-Барып не деп айтасың?
-Сәл күте тұр, қазір шығады деп айтамын. Сен оғанға дейін шашыңды кептіріп, киініп үлгер.
Әпкем көк пальтосын киіп сыртқа шығып кетті.
Есік жабыла сала бірден қара терге түстім. Түнде неге киімдерімді дайындап қоймадым екен. Сауап болды, қойшының қызы қой келгенде іс тігеді. Міне саған керек болса. Шашымды астынан, үстінен бір-екі бүркіп кептіре салдым да бетімді бояуға кірістім. Барынша тез-тез боянуға тырысып жатырмын. Бірінен соң бірін шала-пұла жаға салдым. Енді жөні түзу киім іздеу керек. Өткенде ғана Гүлназдың туған күніне алған қара бұршақты көйлегім бар еді ғой. Бұның енді белдігі қайда? Осындай өзді-өзіммен арпалысып жатып көйлекті мен де үстіме іліп үлгердім, әпкем де есіктен кірді. Менің қожанасырлығымды көріп, еріксіз қыстығып одан бетер күлкісі келіп тұрғандай. Қолында манағы ақ раушан гүлдер. «Гүлді саған емес маған алыпты»-, деп көзін қысты.
-Дайынсың ба?
-Дайын сияқтымын. Қалай боп тұрмын? Көйлегім дұрыс тұр ма?
-Жап-жақсы. Бар енді ұш тезірек. Байқұстың қолы әбден тоңып қалыпты. Жомарттың қолғабынан біреуін берейін десем ыңғайсыз шығар.
-Курткамды киейін бе?
-Өзің біл енді. Кешке қарай күн суытады. Қалың киінгенің дұрыс-ау.
-Мхм, кеттім онда.
-Тоқта. Сәл кідіре тұр. Қазір.
-Не болды?
-Мә, мына ақ орамалды сөмкеңе салып ал.
-Бұны қайтемін?
-Қайтеміні несі? Мейрамханаға ма әйтеуір бір жерге кірсеңдер мойыныңа орап аларсың. Салып ал деген соң салып алсаңшы, қақсатпай.
-Мейлі. Қошақан, мен кетіп барамын.
-Оны қайтесің, сурет салып жатқан болар. Бар енді, тез шық. Үййй, сәби-ай!
Есік ашылды. Күнәсіз кірпіктердің ар жағында кешегі жасқаншақ көздер тұр екен.
-Сәлем!
-Сәлеметсіз.
-Сізден қорқу керек екен. Алдымен разветкаға әпкеңізді жібереді екенсіз ғой әәә?
Жымиғанда оның көздері сондай әдемі болып кетті. Менің алдымда – кең маңдайлы, кірпіктері күннің сәулелі талшықтарына шағылысқан, қоңырқай қой көзді, толқын шашы артқа еппен қайырылған, ерінінің оң жақ бұрышында кішкентай ғана сүйкімді меңі бар аққұба жігіт тұр. Кеше алакөлеңкеде байқамаған, көзім жетіп көре алмаған мүсінге қимылсыз қарап тұрдым.
-Қарсы болмасаң «сен» - ге көшсек қалай?
-Сіз «сен» деп айта беріңіз, маған осылай ыңғайлы.
-Рахмет. Ендеше жүреміз бе?
-Мхм, жүрейік.
-Қалың киініп шыққаның дұрыс болыпты. Өзім де кешегі пальтоңмен атып шықсаң ұрсайын деп тұрғам. Әпкең ештеңе демеді ме?
-Жоқ. Айтпақшы қолыңыздың тоңып қалғанын айтты. Міне, қолғабыңыз.
-Рахмет! Іші жып-жылы екен. Құшақтап ұйықтағансың ғой?
-Жоға, сөмкемде болды.
-Әзіл еді ғой, неге сонша үркесің?
-Жәй.
Ашылып сөйлесе кетсем менің түні бойы өзі жайлы ойлап шыққанымды біліп қоятын сияқты көрінді.
-Бері қарай жүр. Бүгін саған арнайы көлікпен келдім. Досымның көлігі.
-Автобуспен жүрген ұнамады ма?
-Ұнады, ұнағанда қандай. Бірақ бүгін сенің аяғыңды жерге тигізбей алып жүргім келеді.
-Жолды білесіз бе?
-Алаңдама, адасып кетпеспіз.
Көлік ішінде ақырын ғана бір әуен ойнап жатты. Ол еппен ғана әуеннің дауысын шығарды. Мен оған көзімнің қиығымен байқатпай қарап отырмын. Бәлкім байқап отыр, мүмкін әдеп сақтап байқамаған кейіп танытты. Әйтеуір үнсіз үндесіп келеміз.
-Отбасың жайлы айтып берші?
Осы кезде өз-өзімді шындап қолға алып, бағанадан бері ұялшақ мінезімді шетке ысырдым да не болса да ол адаммен ашылып сөйлеуді жөн санадым.
-Батыстың қызымын. Махамбет ауданында туып өстім. Ата-анам қазір сол жақта тұрады. Әкем – тарихшы. Аудандағы мұражайда қызмет ақтарады. Анам – үй шаруасында. Үш ағайындымыз. Әпкем екеумізден кейін бір ұл бар. Биыл жетінші сыныпқа көшті. Өзіңіз?
-Мен Талдықорғанның өзіненмін. Әкем-зейнеттегі офицер. Анам – мектепте химиядан сабақ береді. Біз негізі төрт ағайындымыз. Бірақ менен үлкен ағам сегіз жыл бұрын өмірден өтті. Қазір үшеу қалдық. Екі қарындасым бар. Бірі биыл Алматыдағы консерваторияға оқуға түсті. Екіншісі он бір оқиды.
-Иманды болсын. Өмірден ерте кетіпті.
-Иә, жиырма үш жасында кетті. Туысқан ағамыздың тойында төбелесті арашалаймын деп пышаққа түсті. Бірақ пышақтаған адам екі жылға ғана сотталды. Мен осы бір әділетсіздік үшін де заңгер болуға қатты талпындым.
Ағасы жайлы айтқанда оның көзінен үлкен өкініш пен жарасы әлі жазылып бітпеген қайғыны көрдім.
-Қайда бара жатырмыз?
-Кеше ғаламторды түнімен ақтарып әдемі жер іздедім. Қазір жеткенде көресің.
Ыммен ғана түсінген ишара таныттым. Бір түрлі, мен оны бұрыннан танитын сияқтымын. Біраз жыл бұрын көз жазып, қайтадан іздеп тауып алған адамымдай сондай бір жылы сезім. Осы кезде ол көлікті шетте қарап бұрып «Міне, келдік»-, деді. Айнала бұрын көрген жерлеріме ұқсамайды. Бірақ Есілдің жағасы екені анық. Төңіректе бізден басқа ешкім жоқ. Ол көліктің артқы жағынан бір заттарды түсіріп жатыр. Дәл жағалаудың жанындағы жерге ояулы құрақ көрпе жайды.
-Кел, осында жайғас. Қазір ыстық шай ішеміз.
-Шайды мен құяын.
-Сөйтесің бе? Ақылдым...
Мен толқынның ағысына, ол болса маған қарап отыр.
-Сен өте сүйкімдісің.
Бұл сөздер маған «Сені ессіз сүйемін»-, деп естілгендей құлағымды қытықтап жіберді.
-Рахмет.
-Жеке өмірің жайлы айтқың келмей ме?
-Ол жайлы әңгіме айтуымыз міндетті ме?
-Сенің мен жайлы бәрін білгеніңді қалаймын. Ендеше өзім бастайын, университетте оқып жүргенде өзімнен екі жасқа үлкен Толқын деген қызға ғашық болдым. Бір жылдай қыз-жігіт болып жүрдік. Талғамы өте биік болатын, мінезі де баршылық еді, көп ренжістік. Бірақ мен сонда да одан бас тартқан жоқпын. Үйленген соң ебін тауып мінезін дұрыстап алармын деп ойладым. Олай бола қойған жоқ. Айрылысып тындық. Кейін қасындағы қыздардан оның жеңіл жүріске салынып кеткенін білдім. Артынан іздеп барғанымда Дима деген орыс жігітпен бірге тұрып жатыр екен. Толқынды теріс жолға салып жіберген де сол еркек болып шықты.
Алып кетуге қанша көндірсем де көнбеді, ақыры орыс жігітімен төбелесіп тындым. Өзін сол лас жерден құтқарғым келгенін түсінбеген Толқыным менің үстімнен арыз жазды. Айтуынша, тату-тәтті отбасының шырқын бұзыппын. Ол кезде жиырма екіде едім. Содан бері мен махаббатпен дос емеспін.
-Сонда қазір қаншадасыз?
-Биыл жиырма алтыға келдім. Енді сенің кезегің?
-Менде айтарлықтай махаббат хикаясы болған жоқ. Бірінші курста оқып жүргенде алғаш бір жігітті ұнаттым. Есімі – Аян болатын. Ол менен екі курс жоғары оқыды. Біз тек телефон арқылы тілдесетінбіз.Мен өте ұяң болдым. Сезімімді жасырмай ашық айтуға, көшеде бірге қол ұстасып жүруге, өзіме жақындатып құшақтап сүюіне ешқашан жол берген емеспін. Сондықтан да оқудан тыс кезде жолықпайтынбыз. Кейіннен сөйлеспей де кеттік. Былтыр туған күнімде қоңырау шалып құттықтады. Үйленіп ажырасқан екен. Бір жасар қызым бар деді. Сенімен айырылысып кеткеніме өкінемін, уақытты кері айналдыра алсақ деп жауабымды күтті. Мен оған: «қызыңды тірі жетім етпе, отбасыңмен қайта қосыл» -, дедім. Осылай...
-Кеше түнімен көз ілмей шықтым. Өзімді судьяның алдында өмір бойы бас бостандығынан айырылғалы тұрған айыпталушыдай сезіндім. Жеке өмірің жайлы білгім келді, бәлкім сенен "Ешкімге ғашық болып көрмедім" -, деген жауапты күттім бе екен? Бірақ бұрынғы жігітің жайлы айтып отырғаныңда ішімде сан мыңдаған бомбалар кезек-кезек жарылып жатты. Еріндерің "Мен сол жігітті әлі сүйемін"-, деп айтып қоя ма деп жаным шыға жаздады.
-Кірпік қақпай тыңдағаныңыз содан екен ғой...
-Кеше саған лайық екенімді бір күннің ішінде дәлелдеймін дедім. Шынына келсек мен саған лайықпын ба? Жол бойы осы ой маза бермеді. Сені жылтырауық әлемнің барлығынан тасада ұстағым келетіндей. Киноға, театрға, басқа да көңілді жерлерге алып баруыма болушы еді. Бірақ көңіліңнің өзгелерге ауғанын қаламадым. Мені ғана тыңдап, менімен ғана тілдессе екен дедім. Жауабыңның маған қаншалықты қымбат екенін сезінгеніңді қаладым.
Оның аузынан шыққан әр сөзді санам өзіне сіңірген сайын менің тілім де, жанарым да, ақыл-есім де оған еріксіз байланып бара жатқандай еді. Осылайша өзімнің сол адамға қатты бауыр басып бара жатқанымды сезіндім.
Мен оған бұрыннан ғашық сияқтымын. Шынымен, осы уақытқа дейін дәл қазір қарсы алдымда отырған адамды күтіп жүрдім бе? Дәл осы шексіз ойдың жетегіндегі тыныштық он минутқа созылды.
-Жаурамадың ба?
-Жоқ. Өзіңіз?
-Ал мен осылай ыстықтап көрмеппін. Бұрындары махаббаттың ыстық отына лаулап жанып барамын деген сөздерді тек кітаптан ғана оқушы едік. Кешір...
-Не үшін?
-Сені ыңғайсыз жағдайда қалдыра беретінім үшін.
-Сізге бір өтініш айтсам...
-Айта ғой?
-Ешқашан менің алдымда кішірейіп кешірім сұрамаңыз. Мен өз ер азаматымның бір сөзді, қандай жағдай болса да сертіне берік болғанын қалаймын. Менің әкем ешқашанда анамның алдында ақталып, кешірім сұрап көрмеген. Себебі әкем кейін өзін кешірім сұрауға итермелейтін іске бармайды. Отбасында рұқсат сұрап, керек жағдайда ақталатын жалғыз адам ол-әйел болуы керек. Отағасы тек келісіп, кешірім беруші. Анамның сөздері...
-Сен - тектісің! Бұны мен кеше аңғарғанмын. Жарыңның бойында тағы қандай қасиеттер болғанын қалайсың?
-Жарымның сіз болғанын қалаймын.
Оның әдемі көздері одан сайын үлкейіп кетті. Ал мен бұл сөздерді қалай айтып жібергенімді түсініп үлгере алмай көзімді салдым.
-Сонда бұл "Иә" -, деп жауап бергенің бе? Жазира, маған қарашы, тағы да айтшы.
-Сізге тұрмысқа шығуға дайынмын.
Ол орнынан атып тұрды да, мені өзінің үлкен құшағына қатты қысып алды.
-Сен мені қандай ғажап бақытқа бөлегеніңді білсең ғой. Рахмет саған, Жазирам. Менің Жазирам!
Мен оның құшағында желдің екпінінен әбден қалтырап тоңып, өз қанатының астынан пана тапқан кішкентай дәрменсіз құстай тығылып тұрдым.
-Таңертең үйдегілерге хабарласқанмын. Үйленетінімді айттым. Тойдың дайындығына кіріспекші.
-Қалайша? Мен келісімімді жаңа ғана бердім ғой?
-Ал мен қалай да сенің келісіміңді алатынымды білдім.
-Сіз кеше биылдан қалмай үйленейік демедіңіз бе?
-Дедім. Бірақ менің бүгіннен қалмай үйленгім келеді. Бас бостандығымнан бүгіннен қалмай айырылсам деймін.
-Сонда?
-Әуелі Алланың разылығын алайық. Қазір мешітке барып некемізді қидырамыз. Ал тойды екі жақ өзара құдаласып, құйрық-бауыр жеген соң ақылдаса жатармыз. Менің бұдан артық күткім келмейді. Ертең Алматыға көңілім тыныш болып қайтсам деймін.
-Бірақ сіздің жақ білгенімен менің үй-ішім бұдан хабарсыз ғой. Ата-анама не деймін?
-Уайымдама. Мен бағана әпкеңнің алдынан өткенмін.
-Қалай сонда? Әпкем де бұл жайлы біле ме?
-Иә. «Сендер алаңдамай бара беріңдер үйдегілерге өзім айтамын»-, деді.
-Бәсе, бағана есіктен шығарда қолыма ақ орамал ұстатқаны содан екен ғой.
-Ақ орамал берді ме?
-Иә, қояр да қоймай "сөмкеңе салып ал керек болады"-, деген болатын...
Еріндерімді тістелеп жағалауға қарап отырмын. Жан-дүнием қаусап бос қалғандай. Көз алдымнан әпкемнің көзқарасы кетер емес. Есіктен кірген бойда маған қарап жымиған жүзі, ол көптен бұлай күлмеген еді ғой. Мен неге соны байқамадым екен? Сол кезде менің үлкен өмірге қадам басуға кетіп бара жатқанымды білген екен ғой, маған ішінен бақыт тілеп шығарып салған екен...
-Жазира? Маған сен. Мен тұрғанда сен мүлде жыламайтын боласың. Бұл шешіміңе ешқашан өкінбейсің.
-Сенемін! Мен сізге өзімнен артық сенемін...
Нариман ыстық алақанын бетіме тақап маңдайымнан сүйді. Сол сәттен бастап өзімнің енді оған ғана тиесілі екенімді түсіндім.
Бұдан ары уақыт созғымыз келмеді. Бірден көлікті от алдырып Әзірет Сұлтан мешітіне бет алдық. Бір-бірімізге қарап күлімдей береміз. Мен әлі де болсын оның көзқарасынан ұяламын. Біз өзіміз өмір бойы күткен үлкен өмірге аттанып бара жатырмыз. Қатты қобалжығаннан ба жол жетіп болмайтындай ұзақ болып көрінді. Шамамен жарты сағаттан соң аппақ мәрмәр тасты, айналасын алтын түсті жазулармен көмкерген төрт құбыласына биік мұнаралар тұрғызылған үлкен мешіттің алдына келіп тоқтадық. Ол көліктен түсер алдында «Жазирам, сен асықпай дайындалып ал, мен сыртта күте тұрамын»-, деді де, мені ұялтып алмау үшін әрірек жүріп кетті. Ал мен әйнектің ар жағындағы күмбезі күнге шағылысқан мешітке қарап отырмын. Көзімнен тамшы жастар сырғып түсіп жатты. «Алла Тағалам, маған осындай адал жар нәсіп еткеніңе рахмет. Мың да бір шүкір Тәңірім! Шүкір... Шүкір...» Осы сөздерді қаншама рет қайталап айтқаным есімде жоқ. Көз жасым да тоқтады, мен де жеңілдендім. Әпкем Атырауға алғаш келін болып түскенде екі аптада бір телефон арқылы сөйлесіп тұратынбыз. Сол кездері: "Жәзөк, егер жақсы көретін адамың кездессе тезірек күйеуге шыққаның дұрыс. Келін болған деген күшті сезім екен, орамал тағасың, иіліп сәлем салып үлкендердің батасын аласың"-, деп дауысы жарқын-жарқын шығушы еді. Міне, сол сезімді енді менде басымнан кешірмекпін. Сөмкемдегі ақ орамалды алып, басыма тақтым. Көліктің айнасынан өзімді емес өзге бір жас келінді көргендеймін. Нариманды көп күттіріп қоймадым ба деп көліктен түсіп оны айналамнан іздей бастадым. Қарасы көрінбейді. Қайда кетті? Ештеңе деместен қайда кетіп қалды екен?
Осылай жан-жағыма қарап тұрғанымда мешіттің шет жағынан қасына екі бейтаныс адамды ертіп келе жатыр екен. Мен олармен сыбырлап қана амандастым.
-Жазирам, мені жоғалтып алдың ба? Бізге неке қиюға куәгерлер ертіп келдім. Жаңа көліктен түскенде есіме түсті. Қазір мешітке кіргенде бізге кем дегенде екі адам куәлік етуі керек.
Дәл осы кезде мен оған одан сайын ғашық бола түскен едім. Оның ұқыптылығы мен жауапкершілігіне тағы бір рет тәнті болдым. Ал қасымызда тұрған бейтаныс ер кісі мен әйел адам бізге қарап қайран қалып тұрғандай көрінді.
-Ал, бақыт тілейміз келінжан. Күйеу жігітің нағыз азамат екен. Ойламаған жерден жолдан өтіп бара жатқан біздің өзімізді сауапқа кенелтіп жіберді.
-Жоға, аға қайта жеңгем екеуіңізге рахмет. Ал онда ішке кіреміз бе?
-Алдымен жастар жүрсін!
Ортада Нариман екеуміз, артымызда екі қадамдай жерде куәгерлеріміз бар, мешіттің ішіне ендік.
Нариман барлығын өзі атқарып шықты. Сыртқы киімімді алып киім өткізетін жерге алып кетті де сәлден соң имамға жолығып бәріміз неке қиюға арналған бөлмеге кірдік. Имам некенің шарттары мен тәртібін қысқаша түсіндіріп болған соң аты-жөнімізді сұрап куәлікке тіркей бастады.
-Қасиетті неке рәсімін бастамас бұрын сұралатын тәртібі бар. Сіздер осы некеге екі жақтың ата-анасының разылығын бірдей алдыңыздар ма?
-Иә.
-Иә. Разылықтарын алдық.
-Өте жақсы. Ендеше Алланың қалауымен неке қию рәсімін бастайық. Ең алдымен күйеу жігіт сіз үш рет кәлима айтасыз, содан кейін қалыңдық сіз айтасыз. Куәгерлерде солай.
-«Лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммадур-расулуллаһ» (3)
-«Лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммадур-расулуллаһ» (3)
-Сіз Жанұзақов Нариман Талғатұлы, Саттарова Жазира Нұрбекқызын жар етіп алуға ризасыз ба?
-Ризамын.
-Сіз Саттарова Жазира Нұрбекқызы, Жанұзақов Нариман Талғатұлына жар болуға ризасыз ба?
-Ризамын.
Құрметті куәгерлер сіздер осы мұсылмандық некеге куәгерлік етесіздер ме?
-Куәлік етеміз.
-Куәміз.
-Олай болса куәлікке қол қоюларыңыз сұралады.
-Ал қалыңдық күйеуіңізден мәһірге не сұрайсыз? Шариғатта мәһір сұраудың өзіндік игі-шарттары мен уақыты болады. Неке қиғанда мәһір міндетті түрде сұралу керек және күйеу жігіттің әйелінің тілегін орындағаны абзалырақ болады.
-Күміс білезік.
Ойыма келген жалғыз зат осы болды.
-Жақсы. Мәһір сұралды. Енді зәмзәм суын ішулеріңіз сұралады.
Осымен екі жастың қасиетті мұсылман некелері қиылды. Неке куәліктеріңізді табыстайын. Ниеттеріңіз қабыл болсын!
Осылайша, Алла алдында ақ некеміз қиылып, мешіттен ерлі-зайыпты жас отбасы деген мәртебе алып шықтық. Нариман куәлік еткен аға мен тәтеге алғысын айтып ризалығын білдірмек болып ақша ұстатып еді олар бастарын шайқап Нариманның қолын қайтарды.
-Тойларыңа жасаған сыйымыз осы болсын. Өз қажеттеріңе жаратыңдар. Ең бастысы бақыттарың баянды болсын-, деп бұрылып кете беріп еді Нариман арттарынан ілесе жүріп: «Аға тым болмаса телефон нөміріңізді қалдырыңыз. Міндетті түрде тойымызға шақырамыз»-, деді. Олар алыстау жерде мәлімет алмасып тұрғанда мен қолымдағы неке куәлігінің ішін ашып оқи бастадым. Оның ішінде Нариман мен Жазира енді ерлі-зайыпты деп жазылған. Сәлден соң Нариман да қасыма жақындап келіп, иығымнан құшақтай алды.
-Менде көрейінші. Әдемі екен иә?
Екеуміз қол ұстасып асықпай төмен түсіп келеміз.
-Саған орамал таққан сондай жарасады екен. бұл сөздерді көліктен түскен сәтте-ақ айтқым келіп өзімді әрең ұстадым.
-Рахмет.
-Айтпақшы жаңа мәһірге неге күміс білезік ғана сұрадың? Басқа қымбаттау зат сұрамадың ба?
-Оның несі жаман? Маған күміс білезік ұнайды. Әрі мен сыйлықты құнына қарап бағаламаймын.
-Онда мен дұрыс әйел таңдаппын ғой. Недеген мықты жігітпін!
-Мен де керемет жар таңдадым.
-Жазирам, қазір бір жерге барып, жақсылап атап өтсек қалай қарайсың?
-Қарсы емеспін. Бұл не дыбыс? Ааа, сөмкемнің ішінде телефоным шырылдап жатқан сияқты. Қазір. Енді не істеймін? Әпкем хабарласып жатыр.
-Неге шошисың? Жауап берсеңші.
-Жауап берейін бе?
-Әрине.
-Алло, әпке?
-Әй, сәби телефонды ұзынтұраға берші?
-Кімге? Ааа, қазір. Сізді сұрайды.
-Алло?
-Әй, не қылдыңдар? Біздің қыз не дейді?
-Жаңа ғана мешіттен шықтық. Некемізді қидырдық.
-Ооо, құтты болсын! Сөйтіп маған күйеу бала болдым де.
-Иә-иә. Мен де қайын апайлы болдым.
-Сен шынымен мықты жігіт екенсің. Азамат! Мен үйдегілермен сөйлестім. Аздап таңырқап қалды. Бірақ баталарын берді. Алаңдамаңдар.
-Рахмет сізге. Көп-көп рахмет.
-Мендік тілек сіңілімнің бақыты ғой. Енді қайда жол тартпақ ойларың бар?
-Білмейміз. Бір жерге барып тамақтанатын шығармыз.
-Бір жері несі? Тұп-тура үйге келіңдер. Тамақ деген дайын тұр. Мен сенің әлі құлағыңды бұрауым керек.
-Құп болады әпке! Қазір дереу жолға шығамыз. Нариман тұтқаны қойған бетте менің шошыған түрімді көріп жымиып жіберді. Ал мен болсам сабақтан қашқан оқушы құсап көздерім жыпылықтап әрең тұрмын.
-Не деді?
-Үйге келіңдер деп жатыр.
-Д-д-дауысы қалай? Өкпелі емес пе?
-Жоға жаным, қайта қуанып жатыр. Сенің ата-анаң да разылықтарын беріпті. Уайымдама.
-Уффф, жүрегім дүрсілдеп кетті ғой. Енді әпкемнің көзіне қалай қараймын?
-Қорықпа, біз жаман ештеңе жасаған жоқпыз. Ол кісі тезірек келіңдер тамақ дайын тұр деді. Әрі менің құлағымнан бұрамақшы екен.
-Шынымен солай әзілдеді ме? Демек көңіл-күйі жақсы болғаны ғой.
Нариман менің аптыққан көңілімді басып, қалай болса да біздің дұрыс шешім қабылдағанымызға мені шынайы сендіре білді. Жолдан үйге тәттілер мен Мансұрға ойыншық алдық. Даланы баяу қараңғылық басып бара жатыр. Сағат кешкі жетілер шамасы болыпты. Көлік жүретін асфальттың келесі жолағында күнде кешкісін мен үйге қайтып жүрген 320 сыншы жасыл автобус кетіп бара жатыр екен. Қызық. Кеше ғана біз сол автобустың ішінде алғаш танысқан едік. Кеше ғана жолымыз алғаш түйіскен, кеше ғана көздеріміз алғаш тілдескен...
Ал бүгін мен сол адамның өмірлік жарына айналып, бақыт құшағында кетіп барамын.
СОҢЫ.