Көзіне қалайша қу ағаш, қураған түбір, тандыр арна түсе береді?!
Гүл көмкерген қыр көркін, әсем дала ажарын, тың даланың көктемін, маусым портретін кескіндеуге қай-қашанда соншама жаны құмар еді ғой?! Сыңсыған жасыл орманның қақ ортасында тұрса да аппарат көзделгесі неге ғана қайта-қайта жалғыз қу ағашқа қарай қашып тоқтамайды, соны ғана қараға ала береді?!
Мұндағы гәптің төркіні қайда? Ол жағын әзірге өзі де бағамдап үлгермеген…
Әйтеуір, кеудесіне ұялаған аякөз сезімнің ақ балапаны жараланып, талықсып жатқаны анық. Сол балапан ұясынан үркіп шығып, қорғалар ағаш, паналар бұтақ таппай мекенсіз қаңғып, жадап-жүдейтіндей!?
- Білмейімін, - деген мұның түйткіліне қарата қарсы жақ, - Неге қураған ағашқа көп қарағаныңызды… Ал менің жаным бір нәрседен қатты шошынғаны шындық...
- Мүмкін үнсіз жүріп емделермін...
Өткен жексенбіде екеуі у-шудан аулақ кетіп… Иә, кеудедегі көгілдір құстың шошынған тұсы сол…
Махаббаттың егіз балапаны бір ұяда жатпайды, екеуі екі кеудені мекендейді. Іңкәрлық деген әне сол! Ынтық жүрек лүпілі осы… Алда-жалда бір балапан жараланса, оның сыңары да мерт болмай тұрмайды…
Сол ақ үрпек абайсызда мұның қолынан жазым болды… Ұясын тастап үркіп ұшты… Ыстық ұя суыды, іргеден жел аңырады… Көзіне қу ағаш, қураған түбір түсті… Енді келіп әсілгі ойы бұл еместей өкініп, қасірет шегеді…
Кім кінәлі?! Көкірегін кере кең тыныстамақ еді, қолқасын әлдененің шірік иісі қауып кетті.
Кінәлі кім?!... Басын көтеріп, төңірекке көз салып еді, мұның сырын менен сұра деген кісіше әр жерде шашылып жатқан ұяттың жалаңаш мүрдесі мазақтап күлді...
23 маусым, 2020ж.
Ойын
Астындағы сұр көлік ағып келіп, алабажақ келдектермен жиектелген тар соқпаққа тұмсығын сұға берді, өксіп келіп жеткені - тексеру пунктінің қысаң өткелі.
"Жылғадан" өтудің жалғыз шарты сыпайылық… Күлімсіреу...
Ешкім бұған: маскаңды ал, терезеңді түсір, кебежеңді аш! - деп әмір етпесе де соның бәрін күні бұрын өздігінен орындап қойған... Машықты қимыл мұнда жолхатпен тең.
Міне де, тексеруден өткен соң үй қайдасың деп сұр күлікті өрге қайқайта салған… Қаладан шеттеу болып сәл кешігіп жөнделді демесең, бұрынғы жаман жол жоқ, жуықта ғана қотыр көшеге асфальт төселіп, кешегі тастақ жолдың тарих күресініне тасталғаны бар.
Жаңа жолда көлігің көк мұз үстіндегі көңкидей сырғанайды-ау!
Әйнек бетіндей бұдырсыз жол ән шақырады…
Сүргіленген тақтайдай жол сақтық-сезігіңді әлсіретер болар…
Құйындай ұшып келе жатып кенет қайдан сап ете қалды кесе-көлденең түсіп сұлап жатқан әлдененің сұлбасын көзі шалды. Тосын болғаны сондай өңі ме, түсі ме екі арасын айырып үлгірмеді. Тормоздап та болды, манағы "кесірлі керсен" шарқ етіп көліктің астына кептеліп те болды…
Елес емес, рас еді: шәугімдей қара тас жолдың дәл ортасына қойылыпты да, одан ары әр екі бағытқа жалғанып тұрқы бірінен-бірі аласа тастар қатарланыпты: құмандай, шәйнектей, кеседей, шыныдай... Осы тәртіппен жол шетіне дейін тізіліпті.
Сайрап жатқан тегіс жолға әдейілеп кедергі, бөгет қойылғаны әйгілі болды!
Қатты тормоздаудан қасындағы кісінің оңбай соққы жегені анық - басын шеңбектеп мықшиып орындықтан ауып жатыр!
Есін тез жиып, терезені түсіріп сыртқа қарағаны сол, мойны қылдырықтай, ши борбай қара домалақ баланың:
- Тексеруді қабылда, куәлігіңді шығар! -
деген әмірлі шаңқылы естілді. Құрмет білдіріп қаздия қалыпты, бейнесі тым қатал-ақ!
- Апыр-ау!… Бүгінгі баланың ойыны осы болғаны ма!? - деп әбден діңкесі құрыған кісіше, орындыққа шалқалай берді.
6 тамыз, 2020ж.