НҰРБЕК НҰРЖАНҰЛЫ. ЖАЗҒЫ КЕШ

Самсун қаласына ұшақ қонды. Ескендір жалғыз сөмкесін асына, уатсаптан үй адресі жолданған хабарламаға зер салып, аялдамаға қарай аяңдады. Күздің қара суығы өне-бойын шымшылап, жайсыз күйге түсірді. Былғары күпісінің жағасын көтеріп, барынша қорғанғанымен суық ызғар суық жыландай мойнына жорғалап барып, арқа-жонын аралап шықты. Автобус та көп күттірмеді.

 Түркияға жұмысқа келген Ескендір, бүгінде, Анталия қаласындағы 3 жұлдызды қонақ үйдің уақытша әкімгері боп қызметке орналасқан. Өзінің жеткіншек шақтағы жақын бір танысы осы елде докторлық оқып жатқанын естіп, хат алмасып, хабар-ошар біліскен соң жүздесуді ұйғарады. Елдерінде көріссе амандасулары екіталай жандар, міне, жат елде бас қоспақшы. «Роза», иә, осы есімді атаған сайын оның көз алдына жаздың мамыражай кеші, ой-қамсыз жастық шағы есіне түседі. Одан бері қаншама жыл өтсе де сол бір жазғы демалыс есінде анық сақталыпты. Ол автобус терезесінен өткен өміріне қарап бара жатты. Сәлден соң жолығатын Розаның бойжеткен шағы, бейнесі көз алдына бейнелене қалды.

Ескендір тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, мінез-құлқы күрт өзгеріп, өзін ересек адамдарша ұстайтын. Жүрісінен, даусынан өзімшілдік пен тәкәппарлықтың нышаны білініп тұратын. Одан қалды иықты, жұмыр денесі оны әлдақайда ересек көрсететін. Кейбір басқосуларда бөгде кісілер танысып жатып, бұның жасын естіп қалса, рас па, өтірік пе дегендей бастан-аяқ бір шолып шығатын. Сенгені таңдай қақса, сенбегені, қалжыңы шығар деп илана қоймайтын. Ол аздай жазғы демалыста жұмысқа да орналасып алған-ды. Мұнысын тіптен мақтан көреді. Әрине, іштей ата-анасына масыл болмай, өз киімі мен тамағын тауып жатсам деген ойы да. Бірақ, сыныптастары бұның жұмыс істейтінін естіп, бірі, ақшадан қысылып жүр деп мүсіркеп қараса, енді бірі, қандай батыл азамат жұмыс істейді екен деп қызыға қарағандары да бар. «Дельфин» деп аталатын аквапаркте балаларды қайықтарға отырғызып, қадағалап тұрады. Содан тапқан күндік пұлдың он пайызы  қалтасына түседі. Қауызда жұмыс істеу оңайға соқпағаны рас. Қайда қарамасын жалаң бұт жүзіп жүрген қыз-келіншектерден көзін қорғауға тырысатын.  Нәпсісін қытқытаған қу сезім жанын жегідей жеп, кеміріп жатады. Ондайда от боп өртенген тәні бой бермеген соң шыныдай мөлдіреп тұрған мұздай бассейнге қойып кетеді. Бір сергіп, демде есін жинап алады. Күннің шағылысы – лимон тілімдеріндей су бетінде жататын. Айнадай бассейнге шағылысқан күн шуағы өткен-кеткеннің көзін қарықтыра түсті.  Ескендір таңнан бері тапқан таянғанынан өзіне тиесілі тиынын есептеп, түскі асқа «Гиппо» бургер дүкенінен екі чизбургерге тапсырыс береді. Онысы он-он бес минут күттіріп келген соң, шизлонгқа жайғасып түскі асқа отырады. Бүгін өзіне не болғанын өзі де нақты түсінбейді. Бұл тұратын ғимараттағы көрші пәтерге кеше сұлу бір бикеш қыдырып келген. Иә, аулада сол арумен танысқалы бері ұйқысы бұзылып, бүгін, міне, түскі асын тәбетсіз ішіп отырған жайы бар. Көкейінде – екі ой, кеудесінде – екі түрлі сезім. Бірі бақыттан басы айналдырса, енді бірі қол жетпес арман боп перделеніп тұр. Әрі ол бұны менсіне қояр ма екен деген қорқыныш та жоқ емес.

Ағаштардың бұтақтары қауғалап, самала жарықтың бағаналары төніп  тұрған аулаға тұмса табиғаттың нақ өзіндей болған ару үй подьезінен шыққан бетте Ескендір есінен тана жаздап сүйсіне қарап қалатын. Расында ол қобалжығаннан не істеп, не қойғанын анық білмейтін. Бұрыннан араласатын көрші тәтейдің бөлесі екен. Жақыннан танысып-білісе бастаған соң, араларындағы әңгіме-дүкен өрби берді.

Ескендір, сен сонда турникке бұлайша шебер тартылуды қайдан үйрендің? – дейді Роза бұның намысқа тырысып тартылып жатқанына таңдана қарап. Ол білеудей бұлшық еттерім көрініп, одан бетер таңғалса екен дегендей әдеттен тыс көп тартылып,  жерге құры түспей, турниктің асты-үстінде  айналып, түрлі тәсілдер көрсетіп барып қана түсетін. Роза таңданған сайын бұл масаттанып, тағы не істеп қайран қалдырсам екен деп ойланатын. Бірақ, қол-аяғы құрысып ауырып қалған соң, қызға білдіртпей, демалып алайын дегендей дамылдай тұратын.

Бала күннен спортқа жақынмын. Саулық – спортта, – деп сәл тыныққан соң қайта турникке секіріп, тартыла жөнеледі. Осылайша, қыз көзіне жақсы көріну үшін қолдан келген бар өнерін салып бағады. Бұндайда адам өзгеге жақсы көрінемін деп шын болмысын ұмытып қалатын болса керек. Қыз да кетары емес екенін білген соң, тіптен өз-өзіне деген сенімі арта түсті.

Ескендір, жұлдыздар осы неге алыста?

Қарашығыңдағы жұлдыздарды айтасың ба?

Қумашы... – дейді бұның иығынан итере сықылықтап күліп.

Жалпы сұлулық атаулы алыста болғаны дұрыс шығар. Ол сонысымен сұлу, сонысымен бағалы. Ал жуықтап кетсе адам атаулы қадірін қашырып, кірлетіп алатын болса керек.

 

*** 

Ескендір автобус аялдамасынан солтүстікке қарай ылдилай түсті. Самсун қаласының қысы қарашаның қоңырлау салқынын еске түсіреді. Алыстан теңіз шуылы құлаққа талып жетеді. Үй-үйлердің, тратруарлар мен жол ортасында әскер секілді тізіле өскен пальма, мандарин және лимон ағашатрында есеп жоқ. Қалтафонын алып, картаға көз салса межелі жеріне де жетіпті. Тек, Роза телефон тұтқасын көтеретін емес. Ескендір Розаны ұйықтап жатырға балап, әлдебір кафеде күте тұруға бел байлады. Кафеде жылынып әрі жүрек жалғап алса қатып кетер еді деген оймен көше бойлап жүре берді. Алдынан, көшенің арғы бетінен шыққан қонақүйді көрді де қалтасы көтеріп жатса осында қонақтармын деп ойша миының бір шетіне түртіп қойды да жолын жалғастыра берді. Қонақүйден көп емес шылым шегім уақыт жүргенде кішігірім кафенің қарасы көрінді. Енді ашылып жатқан көрінеді. Бүгінгі, алғашқы клиент боп қадам басқан бұл іштегі кассирден бастап даяшыға шейін амандасып шықты. Терезеге жақын орналасқан орындыққа барып үстіндегі былғары күпісін шеше бергені сол, терезе жақтауынан соғып тұрған суықты байқады. «Жоқ, бұл жер жарамайды. Тағы ауырып қап жүрсем» деген шешіммен әлгі ызғар қанша тыраштанса да жете қоймайды-ау деген ортаңғы орынға барып жайғасты. Асықпай қолғабын, күпісін, бөкебайын, ол аздай жол бойы арқалап келген ауыр ойларын шешіп киім ілгішке іліп қойды. Қамсыз ғана, ас мәзірін ашты. Шұрылдаған асқазаны теңіз тағамдарын қалап тұр. Бұл тапсырыс берем дегенше даяшы шәй алып келді.

Рақмет!

Бейефенді, тағы бірдеме қажет пе?

Иә, осыған ұқсас бір дауысты бұрын естіген.

 

***

Мырзам, тағы бірдеме қажет пе?

Маған жоқ. Ал саған ше, Роза?

Маған бір тілім торт, бірақ, сосын, тамақтан соң, шәймен әкелсеңіз.

Яссауи көшесінің бойындағы «Ифтар» кафесіне бұлар жиі келгіштеп кетті. Мұндағы даяршылар бұларды танып та алған. Жұмыстан оралған Ескендір тапқан-таянғанын Розаның көңілін табу үшін шашатын.

Жазғы демалысың қалай өтіп жатыр, ханым?

Мені олай атамаңызшы Ескендір М-Ы-Р-З-А! – деді даусын соза еркелей.

Не? Ұнамай ма?

Жо-о-о-қ.

Сонымен?

Ау? А, иә, өте қатты ұнап жатыр, – дейді көзі ішінде жаны күлімсіреп. «Сені кездесітіргелі демалысым сондай тамаша өтіп жатыр» деп жатқандай жанары. - Болашақта қандай арманың бар?

Президент болу.

Шын ба? – деді қабағын шыта таңырқап. - Менің інім де президент болғысы келеді.

Әзіл ғой баяғы. Әзірге нақты басып айта алмаймын. Бірақ, шетелге шықсам деймін.

Рас па? Менің де бала күннен бергі арманым сол шетел көру. Әсіресе Еуропаны араласам, шіркін.

Несі бар, ол күнге де жетеміз. Ал мен Түркияны көргім келеді.

О-о-о, Түркия десе ішкен асымды жерге қоятындай халдемін. Олардың атмосферасы, романтикасын айтсаңшы, ал теңізі ше?! Қаратеңізге дәм айдап барып қап жатсам өмір бақи қарап тұра беретін едім... Еш жалықпастан, шаршамастан. Теңізге қарап тұру дегенің – өзіңе қарап тұру ғой...

Пәлсапашысын қара, пәлі!

Не-е-е?

Дұрыс айтасың, теңізге қарап тұру дегенің – саған қарап тұру, Роза.

 

***

 

Бейефенди, тағы бірдеме қажет пе?

Ау?

Тағы бірдеме қажет пе деймін?

Рақмет!

Терезеге сүйеніп тұрған лимон ағашының жапырақтарына қонған шық тартылған тәспінің тастарындай кезек-кезекпен үзіліп жатты. Есік алдында, шатыр астын торуылдап жүрген қарауыл мысықтар аяқтарын маң маң басып барады. Даяшыны көре сап, «бізге таңғы ас беруді ұмытпа» дегендей мияулап қойды. Даяшы да тілін түсінсе керек «қазір» деп басын изеп өте шықты. Қарама-қарсы үстелге бір қария кеп отырды. Өз ойыммен әуре боп отырған Ескендір оның қалай ішке кіргенін аңғармаса керек. Суы тамшылаған қолшатырын дастарханның бір бұрышына қойды да бұған қарап бас изеді. Бұл да ептеп ернін жыбырлатып амандасқан болды. Ол адам көрсе сөйлейтін әдетіне салған болса керек:

Қыстың қаһары қатты. Жылынып алмасақ тоңып қалдық, – деді өзін зорлап жымиып. Даяшы оның үстеліне не ішетінін алдын ала білгендей кофе әкелді. – Күнде, апта сайын, қысқасы жылдар болды осы кафеге келіп жүргеніме. Менен бұрын келген клиентті бірінші рет көріп тұрғаным. Атым – Месут. Месут Чакыроғлу.

Ескендір Ысқырық, танысқаныма қуаныштымын, мырзам.

Жалпы, адам жалғыз қалған сайын ойы тереңдей түседі екен. Ал сол терең ойдың тұңғиығына батсаң – шығуың тағы қиын. Жалғыздықты жақсы көретін қара басым осы жерге келуді әдетке айналдырдым. Біздер – қарттар осындаймыз, жас бала. Бірнәрсеге етіміз үйренсе болды соған үйірсек боп қалатын жаман әдетіміз бар.

Ескендір, алдындағы шәйдан бір ұрттап, симиттен тістей отырып оны тыңдап отыр. «Қарт жалғыздықты жақсы көргеннем емес, жалғыздықтан қашып бұл кафеге келетін болар» деп топшылады.

Ас болсын, мырзам!

Саған да, жас өмір! – деді де ол тұңғиық жанарын терезенің ар жағындағы қаланың жаурауық көшелеріне қадап ұзақ отырды. Оған қарап отырып адамның жасы ұлғайған сайын терең ойға құмар бола түседі екен-ау деп топшылағандайсың. Сөмкесін ашып Кафканың «Миленаға жазған хаты» кітабын алып үстел үстіне қойды. Біршама уақыт кітапты ашар-ашпасын білмей, қою қып-қызыл шәй ішіндегі жүзіп жүрген, айналып жатқан самаға қарап, ойланыңқырап қалды.

 

***

Тоғыз қабаттық шатырда екеу отыр. Іңірді бойлап ұшып бара жатқан құстар легіне «мені де ала кетіңдер» дегендей Роза кірпігін қауырсындай әнтек қана қағады.       

Мына жерге мені не үшін ертіп келдің, Ескендір?

Саған бейуақтың қандай сұлу болатынын көрсетейін деген ем.

Сен одан да мен тұратын ауданға келсеңші. Бізде мұндай биік ғимараттар жоқ, сол себепті күннің батқан сұлулығын күнде көреміз.

Мырзам?

Роза, мұнда біреу жүр ме?

Мырзам? - деген жуан дауыс тағы да алыстан естілді. Есін жиып жан-жағына қараса әлгі қарама-қарсы орындықтағы егде кісі бұған сөйлеп тұр екен. – Ұйықтап қалдыңыз ба? Қандай кітап оқып отырсыз деймін? – Бұл алдындағы суып қалған шәйін ұрттап, кітаптың мұқабасын қарияға көрсетті.

Ойбай-ау, оны маған несіне көрсетесің. Біздің көз құрығалы қай заман?

Бұл Кафканың хаттары, мырзам!

Е-е-е, әлгі әкесіне өкпелеп өткен қаламгер ме? Сол жазушыны сол бойы түсіне алмадым, шынында! Одан да, Асафты оқысаңшы.

Оқитын не көп – кітап көп. Саяхаттап жүріп, әйтеу парақтап қоятын арасында.

Ә, жөн-жөн.

Әсіресе жеткіншек  шақта қыз баласына бауыр басып қалған қиын болса керек. Роза өз ауданына қайтарда Ескендір онымен қимай-қимай қоштасты. Ол кезде қарағаш бұтағы, жапырақтары иіліп бұларды түр-түрлі ойлардан қалқалап-қорғап тұрғандай болатын. Ол кезде жастықтың буы бүткіл өне-бойды кернеп тұрса керек; ғашық көзбен әсем табиғатқа көз салсаң аспап секілді сезілетін; жанарыңда жалт ете қалған тіршілік, яки саусағың тиіп кеткен әр болмыс - кеудеңде сайрап, жан сарайыңда ән-күй боп төгіле кететін.

Жоқ болып кетпей хабарласып тұрғайсың!

Жолыққанша, жаздың жұпарлы Розасы, – деп соңғы рет сонда көрісіп-қоштасқан. «Көзден кеткен – көңілден де кетеді» деген сөз рас болса керек, кейін екеуі де студент атанды, ер жетіп, бірі бой жетті. Хабар-ошарсыз кеткен екеу сонау жазғы күйді көңілінен еш өшірген жоқ. Енді, міне, соншама жылдардан соң Түркияда жолығу нәсіп болмақ. Қалай болар екен деген алаңдаушылық жоқ та емес. Одан бері бәрі өзгерді. Тіпті, келгені үшін өкіне жаздаған Ескендір, өз-өзін сабасына әзер түсіре бастаған-ды.

Әлгіннен бері бұртиып тұрған бұлт енді еңкілдеп жылағандай жауын шелектеп жауды. Кафе терезесінен қарап отырған қос клиент көшеден олай бір, бұлай бір жүгірген жүргіншілерге қызықтап қарап отыр.

Бүгін күн жауатынын білгем. Қолшатыр алғаным қандай жақсы болған, - дейді қарт отырған орындығына іліп қойған қолшатырына назар аударып. Ал терезе жақтауына тырс-тырс тамып жатқан жаңбыр тамшылары бұлардың кеудесіндегі жүрек соғысымен үйлесіп тұрғандай ақ.

Шәй ішіңіз, құрметтім! – деді даяшы бұның алдына тағы бір стақан шәй ұсынып жатып. Ескендір басын изеп, ып-ыстық шәйді абайлап алды. Шәйдің буы ауаға жорғалай көтеріле басып жоғалып кетіп жатты. Кенет, телефон шыр-р ете қалды. Экраннан «Роза» есімін көргенде Ескендірдің әлгі жаңбыр үнімен үйлескен жүрегі бір сәтке тоқтап қалғандай болды.

 

***

 

Келешек туралы көп айтасың, Ескендір! Дұрысы, бүгінмен өмір сүру керек.

Жоқ, сен сұрағыма жауап қатсаңшы, енді. Келешекте бейтаныстарша жолығып қалып жатсақ, яғни жат өлкеде, басқа қалада өзіңді қалай ұстар едің?

... – осылайша бұлар сонау жаздың мимырт кешінде үнсіз ғана тіледескен-ді. Міне, енді сол келешектері аянға аналып отырған жәйі бар. Ескендір өзін маңызды екенін аңғартқысы келді ме телефонды аз-кем күттіріп барып көтерді.

Ало...

Ескендір, мені кешіре көріңіз, сізді күттіріп қойдым.

Ұйқыңыз қанды ма? Айтқандай «Сіз» демеуші едіңіз ғой...

Сіз де «сіз» демейтінсіз... Қош келдіңіз... терезеге қараңызшы...

Ескендір ойында ештеме жоқ терезеге басын бұрғаны сол, қолына шатыр ұстаған бәз-баяғы Роза бұған қарап тұр. Тек киім киісі мен қабағында кірбің  бар демесең, сол баяғы жаздың жұпарлы Розасы. 

Сіз өзгермепсіз...

Қайдан білесіз... Арамызда терезе тұр ғой...

Енді, ішке кірсеңізші...

Жүр, жаным, телефонмен сөйлесіп болдың ба? – деп терезенің оң жақ қабырға бұрышындағы көзге көрінбей тұрған әлдекімге қолын созып жатты. – Саған айтқан жерлесім осында отыр, таныстырайын...

Ол телефонын қалтасына сап, Розаның белінен ұстап ішке беттеп келе жатты. Есік ашылып екеуі ішке енген соң Ескендір Розаны шын мәнінде қатты өзгерген деп ойлады. Ескендір келешекпен өмір сүруге болмайтыны секілді өткенмен де өмір сүруге болмайтынын енді аңғарғандай-ақ еді. Жаздың жайлы да жұпарлы кеші сол жылда, сол қалада, сол жазда қалып қойған екен. Сондағы сезім басқа ешбір уақытқа, мезгілге, мекенге тиесілі емес екен. Ол кезді басқа шақтарға тасимын деп әурелену – бекершілік.

***

 

Алматы. Ифтар дәмханасына Роза мен Ескендір әдеттегідей келген.

–Ағасы, бізге екі шәй әкеліп беріңізші, - деді терезеден түскен жұп-жұмсақ, мақтадай мамық жаздың жайдарлы күн шуағына көзін қарықтыра көз тастап отырған Ескендір. – Роза сәл пердені ысырасың-ау, көзге күн түсіп кетті.

–Сонымен, келешекте қай мемлекетке баратын болдыңыз?

 

***

 

Даяшы бізге үш стақан шәй, - деді Ескендір жайғасып жатқан Роза мен оның сүйіктісіне назар аудармастан. Терезеден түскен алагөбе, жаңбырдың үздіксіз жақтауды қаққан тырсылы мен әлгі Месут қарияның кетіп бара жатқаны  Ескендірді көңілсіз күйге түсірді. Ып-ыстық үш стақан арасында өзін жаурап тұрғандай сезінді...