МАРЖАН БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ. АЙТЫЛМАҒАН СЫРЫМ ЕДІ ...

 

- Қадиша, ертең елу жасқа толасың. Осы уақытқа дейін бір жігіт қолыңнан ұстамады ма? Ешкім сөз салмады ма? Шыныңды айтшы? Көркің бар, мінезің көркем. Білімің мен өнерің де жоқ емес. Сен ән салғанда қоңыр дауысың тыңдаушыны баурап алады. «Жалғыздық Жаратушыға жарасқан» деген сөз бар ғой. Неге тұрмысқа шықпадың? Өзің үшін, ертеңгі күні серік болатын бір бала да туып алмадың ба? Бізден бір жыл кейін оқыған Самал жүр ғой, әне, баласын жетектеп. Ол өзі де білмейді кімнен туғанын. Сықылықтап жүріп, ұнатқан біреуді қармаққа түсірген дейді ғой бірге оқыған қыздар. Қане, ашшы көңіліңнің сыр сандығын, жеңілдеп қаласың. Өміріңде бір адам болған жоқ десең де, сенбеймін.

- Ол ұзақ әңгіме. Су берші. Еріні кеуіп, қабыршақтанып, жарылып-жарылып  кеткен Қадиша Жұпарға үстел үстіндегі суға қол созып, әперуін өтінді. -Ішімнің ыстығы қайтар емес, күйдіріп барады. Стакандағы суды сіміріп ішті де, шаршап қалған кейіп танытты. Терең күрсінді. - Әлім жоқ, ертең айтып берейінші. Қадиша теріс қарап аунап жатты.

- Демал. Ертең ыстық сорпа жасап алып келемін. Ал кеттім.

Еңкейіп Қадишаның бетінен сүймек болып еді, көзінің айналасы ыстық жасқа шыланған екен.

Ертеңіне Жұпар келе алмады. Аяқ астынан қан қысымы төмендеп, әлсізденіп жатып қалды. Орнынан тұрса, басы айналады.

Қадиша өткен жылдарға ой жүгіртіп жатып, көзі ілініп кетті. Оянғанда кеш түскенін байқады.

-Апай, сізді телефонға шақырады. Жұпар деген құрбыңыз. Қадиша аяғын ілби басып, палата жанындағы кезекші мейірбике отыратын үстел үстіндегі телефон тұтқасын құлағына тосты.

-Алло!

-Алло, Қадиша, қалайсың, бара алмай жатырмын. Аяқ астынан ауырып қалдым. Ертең барамын.

-Жақсы, иә, ертең келерсің. Жақсымын, жақсы ұйықтап шықтым.

Қадиша палатаға келіп, тағы да өткеніне ой жүгіртті. Жұпарға ешқашан айтылмаған ішкі құпия сырын жайып салуға бекінді. Өмірімде бір жанға айтуға болатын шығар. Жұпар сыр сақтай алатын құрбы. Оған айтпағанда кімге айтады басқа жанашыры, жақыны жоқ. Іздеушісі және жоқ. Балалар үйінде өсті. Тек жоғары білім алғаны қуантады. Өз нанын өзі тауып жүргені көңілге медеу. Табиғатында тұйық мінезді екі қыз болса, бірі Қадиша еді. Сан сұраққа бір жауап беріп, аз сөйлейтін. Бар сезім күйі, көңіл қошы, өмірге деген құштарлығы бәрі-бәрі ішінде. Сол ішкі құпия сандығын ашатын кілт болсайшы шіркін?!

Таң атар атпастан, ауруханаға кіруге рұқсат етпейтін кезде Жұпар ыстық тамақ, бәліш, қайнатылған ыстық сүт алып келді. Танитын қыздар кіргізіп жіберді.

-Ал, құрбым, келдім. Қалай ұйықтадың? Дәрігерлер не дейді? Әлде мен барып, бас дәрігерге жолығайын ба?

-Жо-жоқ. Бүгін өзім сұраймын. Шығаратын шығар. Әуре болмашы, Жұпар.

-Мына тамақты жақсылап ішіп ал, сосын дәрігердің не айтатын күтейік. Саған күш керек. Тіпті, бірге ішейік, мен де оразамды ашқан жоқпын.

 

***

Жұпар Қадишаны өз үйіне тұруға көндірді.

- Өмір бойы жатақханада тұрасың ба? Отбасылық орын болғанмен, жатақхананың аты жатақхана.

- Жұпар, сенің сұрақтарыңа жауабым әзір. Бүгін бірінші және соңғы рет сырымды ақтарып, 29 жыл бойы жанымды жегідей жеген  құпиядан арылайын. Арғы жағын өзің білесің. Мені танитындарға жан сырымды жаясың ба, жоқ, тіс жарып ешкімге айтпайсың ба? Өзің біл.

***

... Алматы саябағы жастардың жиналатын орны болатын. Би алаңы күн сайын топ-топ жастардан босаған емес. Екі қыз болып сонда бардық. Оқудың соңғы курсы болатын.

 Төрт жыл өміріміз оқумен өтті. Басқа қыздар сияқты кино, театрға да  бара бермейтін едік. Олар кеш түссе бітті, екеу-екеу қол ұстасып, жарасып алысқа ұзайтын. Біз болсақ, Ленин мен Маркстің шығармаларын қараумен болатынбыз. Кенеттен бөлмеде бірге тұратын Сабира деген қыз:

- Қане, Қадиша, кеттік, бір сейіліп қайтайықшы.

- Қайда барамыз. Сен таңда, Сабира.

- Екі кеш арасында кітапханаға бармаймыз ғой енді, Жастар алаңына барайық, қалай қарайсың?

 Екі құрбы айнаға ұзақ қарап, опа-далабын жағып сыртқа шықты. Қадиша қысқалау келген гүлді көйлектерін киіп, Сабира белдемше мен сарғыш кофтасын бір киіп, бір шешіп, әлекке түсті.

 Көп ұзамай би алаңына келді.   Алаңда  жастардың тобыры қалың. Бұлар барып, шет жақта тұрғаны сол еді, екі жігіт биге шақырды.

-Қарындас, көп күттірдің ғой. Қане, иығыма асыл да, ырғала жөнел.

- Сіз мені танисыз ба? Күткені қалай?

- Әрине, танимын. Қазақтың ең сұлу, көрікті қызы Меңсұлу емессің бе?

-Қойыңызшы, сіз шатастырдыңыз, мен Қадишамын.

-Қадиша болсаң Қадиша бол. Мен үшін Меңсұлусың. Алма бетіңнің ұшындағы меңің қандай жігітті болсын өзіне шақырып тұрады екен. Бейтаныс жігіт шыр көбелек айналдырып, топтың шетіне шығарды. Қадишаның басы айналғандай болды. Бұрын бұлай вальске түспеген ол, қолымен жігітті қапсыра ұстап, құлап кетпейін деген оймен әуен ырғағына еліте қозғалды. Жігіттің сепкен иіссуының иісі де баурап барады.

-Демалайықшы.

-Немене, шаршап қалдың ба, жаңа ғана келдіңдер ғой.

-Ал кеттік – деп, өзіне тартып, жігіт Қадишаны  қапсыра құшақтай тағы би алаңына қарай бейімдеді.

-Екі беті алаулап, жүрегі кеудесіне сыймай Қадиша жігіттің иығына жабыса түсті. Арасында Сабира қайда екен, кіммен билеп жүр екен деп, жан жағына қараған болады. Алайда ала көлеңкеден кімнің кім екен ажырата алу қиын. Би аяқталған соң тауып аламын ғой деген ой келді.

-Меңсұлу, енді демалуға болады. Қане, сусын ішіп, біраз мына шудан алыстау жерге барып отырып танысайық. Қадиша басын изеген болып, ишарат білдірді. Қарсылық танытпады.

-Менің атым – Баймұрат. Сендей қызды бірінші  рет кездестіріп тұрмын. Жақсы билейді екенсің.

-Жоға, қайдағы, мен би алаңына бірінше рет келіп тұрмын.

-Ата-анаң кімдер, қайда оқисың? Болашақ мамандығыңды айтамын.

-Мен балалар үйінде өскенмін. Қалаған мамандығым, яғни оқып жүрген оқуым – инженерлік.

- Қадиша, менің жүрегімнің инженері болшы. Мен сені қатты ұнатып қалдым. Ешқашан бір қызға сөз салып көрмегем. Көзің қандай мойылдай, меңің де жарасып тұр. Күлгенде тіпті сұлуланып кетеді екенсің. Баймұрат Қадишаны бауырына басып біраз тұрды. Әке мен ағаның жан жылуына зәру болып өскен Қадиша өмірде бір жақын адамын кездестіргендей болды. Екеуі би алаңынан ұзап кеткендерін Қадиша сезбей де қалды.

-Мынау мен тұратын үй. Біраз тамақтанып әл жинап алайық. Билеу үшін де күш керек. Түн ұзақ, би таңға дейін созылады.

-Баймұрат, менің құрбымды ала келу керек еді. Ол да шөлдеген шығар.

-Қазір-ақ барамыз. Оны мазаламай-ақ қояйық. Үй есігін бір бұрап, кілтпен ашты да Баймұрат  кең бөлменің төр жағындағы керуеттің үстіне шалқасынан құлай кетті.

- Инженерім менің, жүрегімді емдеші. Келші, екі қолын екі жаққа айқара ашып құшағын жайды. Бұл кезде келгенім дұрыс па, бұрыс болды ма деген ойда тұрған Қадиша Баймұратқа жақындап, керуерт шетіне қиғаштай отырды.

-Су ішіп, би алаңына барайық. Салима іздеп қалар. Оған ескертіп кетпедім.

-Қазір, қазір. Қадиша, жақындашы, жаныма. Бері отырсаңшы, өзің. Қорқақ қояндай үрікпеші менен.

Баймұрат орнынан тұрып, төмен қарап үндемей отырған Қадишаның  иегін  көтеріп, ақырын ғана ернінен сүйді. Қадиша қарсылық көрсеткен жоқ. Тіпті, болған қимылды сезініп үлгермей қалғандай. Онысын жігіт «кет әрі» еместігіне жорып, иығынан қапсыра құшақтап, өзіне қарай тартты. Баймұрат:

-Меңді сұлуым, жігітің бар ма? Атастырып қойған ешкімің жоқ па?

Бұл сөздер Қадишаның жанына майдай жақты. Баймұраттың сөздеріне сенді, иланды. «Адам бір көргенде ғашық болады деген рас екен-ау» деп қойды ішінен. Бұрын ондай жігіттің жылы сөзін естімеген бойжеткен Баймұраттың қылығынан жылу тапқандай болды. Өзі де ұнатып қалған жігітті кеудесінен итерсе, орнынан тұрып кетіп қалардай көрді. Баймұрат жас арудың дір-дір еткенінен бұрын бұндай күй кешпегенін білді. Әккі жігіт тағы да аймалай түсті. Содан  ду етіп бойын билеген құмарлық сезімге ие бола алмай, жігіт қызды қапсыра құшақтап тағы да ерніне жабысты. Қадиша тұншығып дем ала алмай, жанталаса бұлқынып, жігіттің құшағынан әзер босанды.

Осындай таң шығындай таза қыздар да болады екен-ау. Қадишаның иығынан төгілген қара шаштарын сипады. Мойнынан иіскеп, тамағынан сүйді. Тал бойы еріп бара жатқан бойжеткен бұл жолы бұлқынбады. Жігіттің үздіге айтқан сөздері қыздың бойына шым-шым етіп тоқ ұрғандай  әсер қалдырды.

-Ту-у, шөлдеп кеттім-ау. Сен ше, сүйіктім? Су ішесің бе? Үстел үстінде тұрған екі стаканға аузы ашылған бөтелкеден су құйды. Өзі тартып салды. Қадиша да жартылай ішіп, қоя бергенде:

-Меңсұлуым ішіп қой, шөлдейсің. Әлі таң атқанша билейміз.

-Барайық та енді. Салима іздеп қалады.

-Иә, барайық. Барамыз, барамыз қазір. Қадиша бұрын-соңды болмаған күйге бірте бірте көміліп бара жатты.

 - Тек сен айтшы, мен ұнадым ба? Мен бұрын еш қызға қарамағам. Сені бірден көріп... Қызды тағы да сүйе бастаған жігіт Қадишаны балаша көтеріп, бір-екі айналдырып,  керуертке жатқызды. Қадиша бір түрлі өз денесіне ие бола алмай, ұйқысы келгендей болды. Басын изеді.

- Менің де жігітпен бірінші рет сүйісуім.

- Асылым, қымбаттым, сен әлі мені сүйген жоқсың. Қане, дәлелдеші. Сүйші мені.

 Баймұрат қыздың ернінен, тілінен ұзақ сүйді. Бұл кезде Қадиша жігіттің қандай қимылы болса да ырқына көнуге дайын еді. Жігіттің күткені де осы болатын. Қадишаның жұқа гүлді көйлегінің алдыңғы түймелерін баяу ағытып,  тырсиып, мен мұндалап тұрған қос алмасының шүртиіп тұрған екі ұшын  тілімен алма кезек қытықтады. Сол-ақ екен қыздың өне бойын жалын шарпығандай, күйіп-жанып жігіттің ерніне өзі жабысты. Баймұраттың күткені де осы болатын. Ол қыздың жұп-жұмыр сұлу денесін аймалай түсіп бірдеме жоғалтқандай, аймалай түсіп, сұқтана іздеп жатты. Бойжеткеннің мойын тұсын, біресе ернін, біресе тілін сорғылап өз еркінен тыс асығыс қимылға кірісті.

Кенет қыздың денесін өткір бірдеме осып өткендей болды. Шала ұйқыдағы арудың жанына батқаны сондай Баймұраттың иығын қалай осып тістеп алғанын білмей қалды. Есін тез арада жинап, төсек үстіндегі қыз абыройының белгісі пәктігінің қанын көріп состиып тұрып қалды. Төгілген ал қызыл қан жағылған көйлегінің етегі мен керуерт үстіндегі ақжайманы көріп еңіреп қоя берді. Көз жасына ерік берді. Бұл кезде түн ортадан асып кеткенді. Денесі дел-сал. Ауыр тартқан өне бойын икемге келтіре алмай біраз отырды. Иығын оң қолымен қыса ұстаған жігіт оқыс үн шығарып аунап түсті. Бойжеткен жаңа ғана басынан кешкен рахат сезімнің бір сәтте ғайып болып, елесі қалғанын енді сезінді.

-Баймұрат, бұл не? Енді не болады?

-Не болғаны несі? Елде тек сен дейсің бе, осылай алданған? Ой, иығым-ай! Талай қызды көргенбіз. Не болушы еді, за то рахатқа бөлендің. Осы жасқа келгенше сүйісуді де білмейді екенсің, аруым. Бұл сөздер Қадишаның жанына оқтай қадалды.

- Сонда сүйем дегенің, бір көргенде ғашық болдым деген сөзің жалған болғаны ма?

- Ой, Қадиша, басымды қатырмашы, и так та басым, иығым аурып тұр. Қадиша қолындағы умаждай ұстаған ақжайманы бөлме ортасына лақтырып жіберіп, тағы да дауыстап еңіріп жылады. Бетін басып өксіп жылады.

- Ана көйлегіңнің етегін салқын сумен жу да, Салимаңа бар. Мен жатып демаламын. Баймұрат қатар тұрған басқа керуертке сұлқ құлап ұйықтап кетті. Қадиша бұлаудай болып ісініп кеткен бетін көрмекші болып, қабырғаға ілінген шеті сынған айнаға қарап өзін танымастай өзгергенін көріп тағы жылады. Бір сәт көзін сүртіп қайта қарап еді, мойнына түскен бірнеше қызыл дақты көрді, әрі бері сүртіп көріп еді кетпеді. Бір сәттік ләззат рақат сезімнің  құны қаншалықты қымбатқа түсетінін енді ұққандай болды жас ару. Ызадан булыққан ол жақындап келі, Баймұратты қос қолымен соққылай бастады. Соққылай берді, соққылай берді. Қалың ұйқыға кеткен жігітке қыздың нәзік саусақтары мен жұдырығының әсері де білінбеді.

Далаға атып шыққан Қадиша қап қараңғы түннің құпияларын енді сезінді. Қайран қыз ғұмыр осылай аяқ асты болады екен ғой.

 Сол керуертте қанша аңғал ару қыздардың пәктігі қалды екен?

- Міне, құрбым. Бұл менің ешқашан айтылмаған сырым еді.

Қадиша терең күрсінді. Бар айтылмас сырын құрбысына жайып салғанына өкінгендей сыңай танытты.

- Өзіммен бірге о дүниеге кетеді ғой деп жүр едім...

 Ол орнынан тұрып, бөлме терезесін айқара ашты. Сырттан соққан  саф ауаны сіміре жұтып, ұзақ тыныстады.

Салима не дерін білмей, тілі таңдайына жабысып қалғандай, бір-екі рет тамсанып:

-Оңбаған, Баймұрат сияқты жігіттерге лағнет!–деді орнынан ұшып тұрып,  екі қолының жұдырығын түйіп алыпты.

-Қадиша Оспанқызы, сізді бүгін үйге жібереміз. Өзіңізді күтіңіз. Тіпті өзіңізді сүйіңіз. Кино, театр, би клубтарына жиі барып тұрыңыз. Дәрі-дәрмекке қарағанда көңілді уақыттың шипасы мол болады. Ән, би терапиясы деген бар ғылыми медицинада.

Дәрігердің сөзі Қадишаны бейнебір қамшымен салып жібергендей болды. Миы зың етіп, керуертке отыра қалды.

- Ал, шығуға дайындала беруге болады. Жасалған ем-дом туралы қағаз сәлден кейін дайын болады.

Салима жүгіріп барып, Қадишаны құшақтай алды.

-Құрбым, дәрігердің әлгі «би» деген сөзі шамыңа тиіп кетті-ау?! Сонша уақыт өтсе де жан жарасы  әлі жазылмаған екен ғой, Қадиша! Ұмыт, бәрін ұмыт.