Оның үйі қаланың ең шетінде орналасқан еді. Екі бөлмелі, шағын ғана жер үй. Кішкентай ауласы бар. Бұл үй елеусіздеу болғандықтан ауладан ешкім басын сұғып қараған емес. Көршілері де бұл үйге әлдебіреудің келгенін ешқашан байқамапты. Өзінің ешкіммен аралас-құраластығы да жоқ. Тек оған анда-санда келіп аман-саулығын біліп тұратын досы бар. Досының қашан келіп, қашан кететіні оның өзіне ғана аян. Мұны бір білсе, қай уақытта ұйықтайтыны белгісіз, қашан көрсең есігінің алдында белгісіз жаққа телміріп отыратын көрші орыс кемпір білуі мүмкін. Басқалар ештеңеден хабарсыз. Керек десеңіз осы үйде тірі жан тұрады-ау деп елемепті. Біздің кейіпкеріміз бұған бас ауыртпайды. Енді оның күнделікті тіршілігінен ақпар берсем деймін.
Үйінің бір бөлмесі ас үй, сонда тамақ ішіп, сонда ұйықтайды. Екінші бөлмесі тау-тау болып үйілген кітаптарға толы. Аяғыңды алып жүрудің өзі қиын. Осы бөлменің ішінен өмір бойы атын естіп көрмеген авторлардың кітаптарын, сондай-ақ қолға тие бермейтін сирек қолжазбаларды кезіктіресің. Оның бар ермегі кітап толы бөлменің бір шетіндегі кішкентай үстел үстінде отырып, үнемі шұқшиып қағазға әлденелерді жазу, одан қалса кітаптарды ақтарыстыру, қайта жазу. Ол жазуды қашан бастады, не үшін жазды, өзге түгіл өзі де білмейді-ау шамасы. Шаршай бастаса қолына темекісін алып, оны тұтатқаннан кейін құшырлана сорғыштап, түтінді ауыр деммен сыртқа лықыта шығарғаннан кейін бөлмеге кіре берістегі сол жақ қабырғаға жанарын қадап, ұзақ қарайтын. Бұлай қараудың да өзіндік сиқыры бар, қабырғада бір қолын көтере сөйлеп тұрған Гитлердің бейнесі салынған үлкен картина ілулі тұратын. Майлы бояумен салынған осы картинаны үйге алып келген өзі болатын. Бұл картинаны қаланың орталығындағы бақта қызығушылық танытқандардың портретін аз ғана ақшаға салып беріп, сонымен күнелтіп жүрген бір суретшіге салғызғаны есінде. Әуелі уақытым жоқ деген суретші, оның тарапынан қомақты қаржы төленетіндігін естігеннен кейін келісім бергені бар. Межелі күні келген оған суретші картинаны ұстатып тұрып, төленетін ақшадан бас тартты. «Басында бұл сурет ақшаға келісілген еді. Бірақ сіздің осы картинаны салғызуыңыз маған ерекше әсер еткендей. Сондықтан маған ақшаның қажеті жоқ. Енді аштан өлсем де көшеге шығып сурет салмаспын. Тек уақытыңыз табылса, менімен бірер сағат әңгіме дүкен құруға қарсы болмассыз» деп өтінген еді. Картинаның сәтті шыққанына қуанған ол келісім берді. Екеуі аздап күрең қызыл коньяк ішті. Арғы-бергіні қозғап бір-біріне әңгіме айтқан болды. Қайтар кезде суретші бұдан не үшін Гитлердің портретін салуды өтінгенін сұрағанмен, мардымды жауап бермей, қоштасып шығып кеткен. Одан кейін қанша уақыт өткені есінде жоқ. Тек сол күні үйіне келген досы Гитлердің үлкен портретін көріп, жағасын ұстап шошынған. «Бұл зұлымдық портреті. Оған ешқашанда төрден орын жоқ» деп қысқа қайырған досы, одан кейін бұл портреттен тезірек құтылудың жолдарын талай айтқан болатын. Досының айтқандарымен еш келіспеген ол: «Сен қалай айтсаң да өз еркің, бірақ ендігәрі бұл суретті «Зұлымдық портреті» деп атамауыңды өтінемін» деген. Адамның санасында дүниеге келіп үлгерген ой қайтадан қылаң бермей қоя ма, екеуі кездескен сайын әңгіменің басы осы портреттен басталатын немесе аяғы солай аяқталатын. Бір қуанарлығы «Зұлымдық портреті» деген атау аталмайтын. Бәрібір жоғарыдағы әңгімелер оның әбден қитығына тиіп біткені рас. Соңғы кездері досының үйіне келгенін де жақтырмайтын. Жек көре бастады. Досы мұны іштей түсінбейтін. Қателеспесе бүгін досының келетін күні. Портретке қадала қараған ол бір сәтке есін жиып орнынан тұрды да, ас үйге беттеді. Шкафтың ішінен ауызы ашылған бір бөтелке арақты және екі қырлы стаканды алып шықты. Қайтадан жұмыс бөлмесіне келіп арақ пен стаканды үстел үстіне қоя бергені сол, есік сықыр етіп ашылды. Бірден таныды.
— Кел, кір, әдеттегідей жалғызбын, – деді ол.
Досы үйреншікті қалыппен дәлізге аяқ киімін шешіп, ол отырған бөлмеге келді. Екеуі амандасты.
— Кел, отыр, – деді ол, өзі отырған жерден қарсы беттегі орындықты нұсқап. Сосын үстел үстіндегі шашылып жатқан қағаздар мен кітаптарды қолымен ысырып, еденге лақтырып тастады. Екі стаканға тең қылып арақ құйды. Бір-біріне ыммен белгі беріп, стакандағы арақты қағып салды. «Ух» деп ауыр күрсінген ол жеңін мұрнына апарып иіскеді де, темекісін тұтатты. Досы жай ғана қабағын тыржитып, одан кейін түк болмағандай кейіп танытты. Бөлме ішіне көз тоқтата қарап еді, баяғы қалпы. Шашылған кітаптар. Жазылған парақтар. Қабырғада ілулі Гитлердің портреті. Тіксініп қалды. Басқа ештеңе өзгермеген. Осы сәтте көмескіленген шоғы бар темекі тұқылын күлсалғышқа салып сөндіріп жатқан ол:
— Ал, жаңалығыңды айта отыр, – деді.
Досы болса қойнына салып әкелген бір газетті үстел үстіне тастады. Ол газетке бір қарап алып:
— Мұны не үшін әкелдің, менің газет-журналды көптен бері оқымайтындығымды білесің ғой, – деді.
— Иә, бірақ бұл газетке сенің бір мақалаң шыққан еді, бәлкім қарап шығарсың.
— Қайдағы мақала, не айтып тұрсың? Мен еш жерге жарияла деп мақала тапсырған емеспін. Тіптен осы үйден аттап баспағаныма қанша уақыт болғанын да білмеймін. Мен үшін ең ұзақ жол сырттағы әжетханаға бару, одан қалса анда-санда түнде дүкенге барып қайту.
— Өткенде өзіңнен оқып шығайын деп алып кеткен едім, жақсы дүние болғаннан кейін газетке апарып берген едім, кезек күттірмей жариялапты. Бәлкім бұл дүниенің не екенін өзің де ұмытып қалған шығарсың, «Ақырзаман» деп аталады.
— Ақыр заман дейсің бе? – деп сәл уақыт төмен қарап отырды да, — Жә, бәрін қойшы, мына газетті енді маған көрсетуші болма, өзіңмен бірге ала кетерсің. Одан да жалғанда не жаңалық болып жатыр?
— Жаңалық дейсің бе, жаңалық көп қой... Джордж Буш әлі күнге дейін Бен Ладенді таппай сандалып жүр.
— Соны қойшы, әлемді қайтеміз, өз айналамызда не жаңалық?
— Бізде ме, осы бөлме ішіндегідей бір қалып. Қазір есіңде ме, жоқ па, ана бір ескі таныс Таласбайдың баласы базарда әлі арба сүйреп күнелтіп жүр.
— Ім, солай де... менің өз басымда ғана емес, сыртта да ештеңе өзгермепті ғой. Ештеңе етпес.., – деп әлденені жұмбақ күйінде ішіне түйіп, — Кел, одан да тағы бір алып қоялық.
Стаканға толтырып арақ құйылды. Екеуі түбіне дейін төңкеріп тастады. Алпыс екі тамырды қуалаған қан толқи бастады. Досы бір жұтынып алып, сөз бастады.
— Мен осы уақытқа дейін сенің әрекетіңе шыдап келген едім. Бұдан әрі мүмкін емес. Мына сурет, яғни «Зұлымдық портреті» сенің төріңе ілінген күнен бастап менің санамда пайда болған сансыз ойлар маза берер емес.
Ол досының сөзін бөліп жіберді:
— Біз екеуміз келіскен едік қой, бұдан былай «Зұлымдық портреті» деген сөз қозғалмайды деп.
Досы да қарап қалмады, ашулана түсті.
— Енді маған бәрібір. Бұл айна-қатесіз — «Зұлымдық портреті». Сен оны төріңе іліп әспеттейсің.
— Ал мен зұлымдықты құрметтеймін.
— Алла сақтасын, не деп тұрсың?
— Менің айтарым осы.
— Қырсықпашы, Гитлердің зұлым, қанқұйлы болғанын, миллиондаған адамдардың қанын мойнына жүктегенін айдай әлем біледі ғой. Керек десең сенің әкең де сол соғыста мерт болды емес пе? Мұны қалай түсінбейсің.
— Әке дейсің бе, — қарқылдап күліп жіберді, — енді мен баяғыда қурап қалған әкемнің сүйегін жоқтай алмаймын. Менің әкем тек отан алдындағы парызы жолында шейіт болды.
Досы түңіліп кетті. Ол сөзін жалғастырды:
— Сенің оқыстан осы әңгімені не үшін бастағаныңды түсіне алмай отырмын. Бәлкім біреулер азғырды ма?
— Біреудің жетегінде жүретін ит қой дейсің бе.
— Онда бұл әрекетіңе жол болсын?!.
— Мен қайталудан жалықпаймын: бұдан әрі шыдай алар емеспін. Өзімнің төрімде ілулі тұрған сияқты, көңілім тыншыталар емес.
— Ә, соңғы кесімің осы болса, бүгіннен бастап жолымыз екіге айырылады.
— Онда жалғыз қаласың.
— Жанымда «Зұлымдық портреті» бар екендігін ұмытпағайсың.
Ауыр кекесін. Өтірік жымиған болды.
— Онда кетемін, — досы орнынан тұра бастады, — Енді осы үйдің табалдырығын аттаудың өзі мен үшін қиямет.
— Отыр.
Дауысы зілді шықты.
— Сен менің соңғы сөзімді тыңдап кет. Бұдан кейін мәңгілікке естімейсің де.
Досы міз бақпады. Қалшиып тұра берді үстелдің жанында.
— Білесің бе, зұлымдық — әлемді қозғаушы күш.
— ...
— Тарихты жасайтын зұлымдық. Егер зұлымдық болмаса тарих бір ізбен ғана аяңдап, сүреңсіз болар еді. Егер жер бетінде зұлымдық болмаса әлдеқашан ақыр заман орнап қояр еді. Ақыл мен ойдың небір дүмпулері зұлымдық әсерінен кейінге шегеріле береді. Егер оның дегендері өз уақытында орындалса, адамзат ақырзаманға қарай адымдап емес, жүгіре түскен болар еді.
— ...
— Бәлкім сен мені ішіңнен садизммен ауырған деп жорамалдап отырған шығарсың. Оған шүбәм жоқ. Біле білсең, садизм бізге әлемді тағы бір қырынан қабылдауды ашып берген жоқ па. Бәрің де әлемді екі лагерге бөліп қарастырасыңдар. Және екінші жағын өлердей жек көресіңдер.
— ...
— Үндемейсің е, ал енді қарсылық танытсаңшы маған.
— ...
— Тарих айта береді, ойына келгенін. Біздің тарих та солай... Әрине, мен әлемдегі небір қанқұйлы тирандардың іс-қимылын ақтап алатын адвокат емеспін. Дәрменім де жетпейді және қажеті шамалы. Дегенмен адамдардың ақыл-ойды өздері алмағандығын, оны өзгеше тылсым күштің бергендігін ескерсек, сенің де, менің де, тіптен барлық адамзаттың саналы түрде жасаған қадамдарының өзін, оның өзі емес, өзгенің бұйрықтары деп түсіну керек. Жақсылыққа шақыратын Жаратушы, зұлымдықтың орын алатындығын күні бұрын біліп отырады. Біліп қой...
— Тфә — тфә...
— Түкірдім сенің қорғансыз қимылыңа. Саған керегі мына портреттің жойылғаны ғой. Ал жоямын, егер ұшпаққа шығар болсаң. Егер осымен жер дүниедегі барлық зұлымдықтың тамырына балта шабылатын болса. Өлілерден емес, тірілерден қорық дегендей, өткен күндегі зұлымдықтан емес, қорықсаң қай қуыстан шыға келетіндігін білмейтін алдыңда күтіп тұрған зұлымдықтан қорық.
— ...
— Бар ендеше, зұлымдыққа жаны қас досым, есік ашық. Сенің өміріңдегі алғашқы бір жеңісін болсын, соның құрметіне мен бүгін «Зұлымдық портретінен» құтылармын...
«Тфә — тфә» — дан өзге бір ауыз тілге келмеген досы, үйден шығып бара жатты. Ауладан көшеге қарай өткенімен, ұзап кете алмады. Кішкентай қараша үйге үнсіз қарап тұрды. Үй ішіндегі ол болса, ала-сүргінге түскен. Ауыз үйден керосин әкелді де, екі бөлмеге оңды-солды шаша бастады. Сосын жұмыс бөлмесіндегі портретті алып, шашылып жатқан кітаптардың ортасына лақтырып жіберді. Қалтасынан темекісін алып тұтатты да, әлі сөніп үлгермеген сіріңкені лақтырып жіберді. Портрет лезде лап ете түсті. Үй іші өртке оранды. Лапылдаған қызыл жалын, үйдің сыртын да орады. Ол оттың ортасында тұра берді. Қыңқ деген дауыс шығармады. Өрт өршеленді. Арандай аузымен бәрін жұта берді. Зұлымдық портреті өртеніп жатты. Ол да жанып кетті. Сыртта бақылап тұрған досы бір орыннан қозғалған жоқ. Бір көзінен жас парласа, бір көзінен қып-қызыл қан ағып тұр. Бірақ өзі білген емес. Ақырын аяңдап, қараңғылыққа сіңіп бара жатты. Маңайдан жиналған жұрт, өртенген үйді сөндіріп әлекке түсті.
Досы сол кеткеннен бұл маңайға ат ізін салмады. Өртенген үйдің орнынан ешкімнің өлі денесі табылмағандығын да естімеді.