МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВА. ҰЗАҚ АТҚАН ТАҢ

Биік жотадағы шоқ қарағай баурайынан ауылға құлай созылған соқпақ жолмен төмен аяңдаған Ұлдай билеп бара жатқан құйыннан бетін қалқалай ыққа бұрыла жүріп, өзіне қарсы жолыққандарды біден байқамады. Кешкі сауынға асыққан қыз–келіншектер қашан да бір қалпынан айнымайтын салқын қабақты әйелді танып, қаймыққандай ығыса жол берді.

– Балаңыз аман–есен келіп, көзайым болдыңыз ба, апа, қуанышыңызға ортақпыз!

– Бәрімізде сондай қуанып жатырмыз...

– Рахмет, шырақтарым, құрметтерің құдайдан қайтсын. Үйге келіңдер, қонақ болыңдар.

Жүзіне жадырай қарағандардың алыстай беріп, сыбырласқандары бұған ап–анық естіліп, орнында қалшиып тұрып қалды.

– Баласы әлгі Әнипаға үйленбекші көрінеді...

– Қойшы–ей, қайдағыны айтпай, қыз құрып қалып па?

– Е, түрмеден келген кісіге қатын не, қыз не...

– Ойбай–ау, алса, несі, сөкет, өзінің жеңгесі емес пе.

– Жетісер жеңгесін алса. Бәрінен де шешесін айтсаңдаршы. Баласы сотталып кеткенде де сыр бермеп еді, енді қайтер екен...

– Қайтсін, жалғызы ғой... бала, бала деп бар ғұмырын босқа өткізгенін де түсінбейтін шығар байғұс.

Үйіне қалай жеткенін сезген жоқ Ұлдай. Әл–дәрмені құрып, әрең дегенде өрістен қайтқан бірер тұяқ қой–ешкіні қораға қамап, ішке қу бұталарды алып кіргенде, төңіректі қою қараңғылық басқан–ды. Ешкім жоқ екенін сезсе де «Тіржан, қайдасың» деп дыбыс берді. Жауап болған жоқ.

Тып–тыныш. Тек қос бөлмені бөліп тұрған пеште маздаған от ұшқыны тіршілік нышанын сездіргендей. Күндізгі шудан із қалмаған, аракідік ауыл сыртындағы тас жолмен ерсілі–қарсылы зу еткен машина гүрілі естілді. – Құдай бергеніңе шүкір, – деп күбір етті ол. – Япырау, осы уақытқа дейін Тіржан қайда жүр, әлде Әлипәннің үйіне кетті ме екен? Аһ, Әлипан... бір кезде өз қолынан түсірген нәзік келіннің орнына алты–жеті жылдың ішінде дөңгеленіп шыға келген, ойнақшыған жанарымен талайды ухілетер сымбатты әйел көлденеңдей қалды. Жамағайын қайнысы қол–аяғынан жан кетіп, жыл жарым төсек тартып жатты да, өткен жылы дүниеден өтті, артында шикі өкпе де қалмады, шіркін. – Құдай–ау, құдай, көзің бар ма сенің, егер көзің көріп, құлағың естісе, неге мені азаптайсың, – деп анда–санда дауыс қылып жылап алатын Әлипәнға бұлар тіпті не дерін білмейтін. Ұлдай ғана сартөсек боп сарсылған сорлы қайнысының күніне мың өлген дәрменсіздігінен зардап шегіп өшіп бара жатқанына күйініп, қасынан шықпайтын. Ақыры Әлипәнді де өзін де құтқарды азаптан. Енді, міне...

Қараңғы үйде ұзақ отырды. Жападан–жалғыз. Оң жақтағы терезе әйнегі өңмеңінен өтіп, қорқыныш туғызады. Аяғын әрең басып, кереуетке келіп қисайды. Жастықты умаждап, қанша ұйықтайын десе де көзі ілінер емес, қайта ұйқысы шайдай ашылып, есіне қай–қайдағы түсіп, соншалықты ауыр ойдан басын көтере алар емес. Басы ауырған сайын өзегін өкініш өртеп, бүткіл тіршілігі түкке тұрғысыз мағынасыздықпен жалғасып, енді соның бәрін санасына сиғыза алмай қиналып дәл қазір алладан ақ өлім тіледі. Артынша ойынан өзі шошып кетті.

«Шынында да өткенімнен не қалыпты менің, қыздай қосылған қосағым соғыстан оралмады, содан қалған жалғыз Тіржанның бетін қақпай өсіремін деп, екінші рет ерге де шықпадым. Мен арсыз өзім ұнатқан еркектің алдында да кішірейе алмай жөн–жосықсыз өршелендім–ау? Сонда кімге сүйенгенмін, мәңгібақи жас, мәңгібақи қайратты боп жүремін дедім бе? Осы уақытқа шейін тірі пендеден бетім қайтпаған, тірі пендеге жалынышты боп көрмеген мен бейбақты қартайғанда ұлының ұятына күйіп өлсін деді ме жаратқан ием. Ұрғашы боп жаратылсам да намыс пен өрлікті серт етіп, тірлік кешсем, мұның несі айып еді, Әлде осы қырсыққа себеп боп отырған шектен шаққан намысқойлығым мен өрлігім бе? Қай кезде қандай әйел өрлігімен өрге озып еді, ендеше маған не жорық–ты. Ойлап отырсам, бәрі құрғақ қиял, жалған, әйтпесе мен бебақтың өрлікпен жеткізген, адалдықпен тәрбиелеген ұлым қайсы? Кеудесінде намыс болса, бүйтер ме еді ол, аржағында жетесіздік қой түбіне жетіп тұрған, жетесіздік...» – кеудесін кере күрсінген Ұлдайдың өнебойын өзінің өткеніне деген өкініш уыты кернеп кетті. – Ай, һай, шіркін, дүние–ай, сүйенер ұл боп тумаған соң сүйсіндірер қылықты қайдан іздесің? Тек, манағы естігенім өтірік бола гөр... о, жаратқан ием, жалғызымның қызығын тазалығынан бере гөр!...

Тұңғиық ойға батқан сайын, көңілі құлази береді. Бір сәт бұл азаптан – бұл дүниеден мәңгіге құтылатыны есіне түскенде, бәрібір–бәрібір жарық тіршілікке деген қимастықтан әлгі әзірдегі жаман ойынан жүрегіне әлдекім ине сұғып алғандай өз–өзінен тітіркеніп, соншалықты қиналғанын сезді.

Асыққанымен, үлкен адамның сөзін бұзып кете алмай әжептәуір уақытын өткізіп алды Үміт. – Әйел қартайғанда қызық екен–ау, өз–өзінен ақыл айтқыш, тіпті менің асыққанымда шаруасы болсай–шы, – деп ойлайды Жағыпардың үйінен шығып бара жатып.

– Жағыпарды енді қайдан іздеймін? – Үміт біраз тұрды да, Әлипәннің үйіне қарай аяңдады. Бірақ ойынан лезде шошып, «уақыт оздырмай, тезірек басқа біреуді іздеймін» деп қайтадан кері оралды. «Тіржанның анасы ғой, Тіржанның анасы, – деп іштей күбірлеп барады. – Құдай–ау, Тіржанға не болды екен? Шіркін, ол өзінің отты жанарымен қыздардың жүрегін дір еткізетінінен, өзін әлде кім ұнататындығынан мүлдем бейхабар ғой. Әттең, намысым бастырмады, әрі ұят дедім, әйтпесе осы қысықтық бәрінен алдын–ала аралашалап алатындай жағыдайым бар еді. Бірақ өзінің тарапынан еш емеуірін байқай алмағандықтан, өзімді еңкейтпедім... дегенмен де іштей сенуші едім... әсіресе қадала қарайтын көзқарасы көп нәрсені аңғартушы еді. Үнсіз сендіріп, үміттендірген жанарын қайтып ұмытармын. Ұдайы тіл қатыспасам да соңғы рет кездескенде, бір–бірімізді ұғынысқандай едік. ол менің өзі үшін бәріне дайын екендігімді, тіпті қыңыр–қисықтығымен, кемшілігімен ақыл–ойымды жаулап алғанын әсте сезер ме? Сынағаны ма, сыр тартқаны ма, лып етпе жәй ғана қызыққандығы ма, бірде тесіле ұза–ааа–а–ақ қарап, «қыдырайықшы» деген. Сонда деймін–ау, өзімше бәлсіне қалғаным не десеңші, қайта айналып соқсын, қадірімді артқызайын дедім бе? Неден қаймығып, несіне сырт айналып, қуанышымды білдірмеуге тырыстым? Бәлки, сонда сырласып бетімізді ашып үлгерсек, басқаша болар ма еді, қайтер еді! ...Әттең соңынан өкінгеннен не пайда? Енді Ұлпанның бетін бері қаратып, көңіліне титтей демеу бола алсам, соған да шүкіршілік»

Жағыпарды іздеп таппаған соң, басқа шоферді қолынан жетектеп, Жағыпардың үйіне алып келді. Ықта тұрған машинаны әрі қарап, бері қарап, әр жерін шұқылап біраз түрған жігіт Үміттің өтінішін жерге тастай алмай, аудан орталығына апаруғу келісімін берді. Алдында «Жағыпардың өзін тауып әкелейін» деп тұр еді, кейін қыздың әп–әдемі түріне сүйсіне көз тастап, үн–түнсіз соңынан ере бергенін аңғарған жоқ. Аяқастынан көңіл–күйінің көтеріліп жүре бергеніне де мән беріп жатпады.

Екеуі машинамен Ұлдайдың үйнің жанына келіп тоқтады да Үміт жүгіре басып ішке кіріп кетті. Үй ішіндегілердің жайбарақат отырғандарынан секемденіп, состиып қалған қыз Батан шалға бұрылды сұраулы кейіппен.

– Апаң сені іздеп жатыр, – деді қарт, – әлсін–әлсін есіміңді атап, шақырды соған қарағанда, есін жиған сияқты... тезірек жақындашы жанына...

– Келдің бе, жарығым, кел бе–рі... Сөздері бөлініп–бөлініп шыққанымен, Ұлдайдың дауысы ап–анық естілді.

– Келдім, Ұлапа, жаныңыздамын, Ұлапа... машина алып келдім, қалаға барамыз, емделесіз, өзім емдетемін... бірге боламын...

– Айналайын... құдай бағыңды ашсын... ризамын саған... бірақ мені сүйреп қайтесің, онсыз да саған масыл болғаным жетер...

– О не дегеніңіз, Ұлапа... о не дегеніңіз... мен ештеңе де тындырғаным жоқ сіз үшін... бұл менің парызым ғой, Ұлапа... мен сізді жақсы көремін... өзіңіз білесіз, мен ананың ықыласын ешқашан көрген емен... неге екенін білмеймін, сізді білгеннен бері анам туралы жиі ойлайтынды шығардым... сіз...сіз менің анам сияқтысыз...

– Қарғам–ай, қарғам–ай, – деді Ұлдайдың иегі кемсеңдеп, – екеуіміздің тілегімізді құдай біліп қосқан–ау, не айтайын... тәуірмін... қартайғанда жан сауғалап қайда барамын? Көптің тілеуі, сенің тілеуің шын болса, әлі көретін жарығым бар шығар... Жалғызбасты әйел үшін өкініштен өртеніп өлгеннен жаман не бар десем де... ретімен келген ажал болса, кімнің жанын кім алып қалар дейсің? Дегенмен аздап жеңілдік бар бойымда... менің дертім белгілі ғой өзіңе... дәрі қонбайтын дерт қой менікі... – Ұзақ ойланып барып, қайтадан Үмітке қарады, ыммен « келші бері» дегендей емеурін танытты. Ойындағысын айтуға батылы жетпегендей, қыздың қолынан сипап, «құдай бағыңды көтерсін, айналайын...» деп күбірлеп жатты.

Бірнеше тәулік есін білмей, нәр татпай қиналған адамның өзіне осынша жылы сөздер айтып, аналық мейіріммен еміренгендігі Үміттің сай–сүйегін сырқыратты. Жанарынан үзіліп түскен жасты көрсетпей, аурудың тер иісі сіңген көрпесінің шетімен көзін сүртіп алды ешкімге байқатпай.

– Қарағым, – деді Ұлдай әлден уақытта, – осы жасымның ішінде ешкімге жөн–жосықсыз еміреніп көрмеген пендемін. Жастайымнан жесір қалдым да адуындау боп кеткенім рас... несін жасырайын, Тіржанның мына масқарасынан бері өткеніме қапаланып, құса боп жатырмын... мүмкін біреудің етегінен ұстағанымда, Тіржаным бұл күйге ұшырамас па еді деп те далбасаланамын... қалайда балаға әкеге ұқсас әлдекім керек екен. Айтайын дегенім тіпті де бұл емес... – Айтайын дегенім – егер қарсы болмасаң, осы үйде тұра бер... құдайға шүкір бөлме жетеді. Өзіңе деген өзгеше мейірім бар бойымда, бөтен пиғыл жоқ, айналайын Тауым шағылып, жермен–жексен боп жатқанымда, жақсылықты өзіңнен көрдім. Қуатымды қайтарған әуелі құдай, сосын өзің....

Үміт толқып кетті. Басқа сәтте «жо–жоқ, келіп тұрамын жиі–жиі» дер еді, қазір мұны айта алмады. Абдырап біраз тұрды да «ендеше мен машинаны қайтарайынба... со–сонымен, әлде, нәрселерімді әкеліп алсам ба екен...иә....иә... машина күтіп тұр ғой... әкеліп алайын. » деп шығып кетті.

– Ұзақ бөгелдің ғой, қарындас... қашан жүреміз? – Шофер кабинада тыпыршып отыр екен.

– Бармайтын болдық... қазір менің нәрселерімді алып келеміз... мен Ұлапамен бірге тұратын болдым...

– Қызық екен, – деді жігіт басын шайқай, – еркіңіз білсін.

***

Сырттан машина дауысын естіген Жағыпар жылы төсектен атып тұрып, терезеге жабыса қалды.

– Ой, мынау менің машинам ғой... Қызық екен... қап, не боп қалды екен.. ұят болды–ау...

Жігіт асығып–аптығып киіне бастады.

Сыртқа шыққанда машина Ұлдайдың үйінің жанына тоқтай қалды. Жағыпар не істерін білмей, біраз тұрды да өзінің үйіне қарай бұрылды. Артына қарап еді, Әлипән үйінде жаңа жанып тұрған шырақ өшіп қалыпты. Алға адымдағанымен, еркінен тыс күш жігітті лезде Әлипәннің үйіна алып келді.

Есіктің кілті ілінбей, ашық жатыр. Қараңғы үйге кірген Жағыпардың көзі ештеңе көрмей тамағын кенеді. Әлипән селт етіп жауап қатпады. Әлгі әзірде өзі жатқан ортаңғы бөлмеге жақындаған Жағыпар солқ–солқ жылаған үнді естіп, есікке сүйене состиып қалды қимылсыз. Бұдан жарты сағат бұрын жарасымдылықтың, назды қылықтың думаны болып еді деп кім айтты мынау төрт қабырғаны? Ештеңеге түсінбеген Жағыпар әлгінде Әлипән екеуі қатар жатқан кереуетке қарап еді, ешкімді көрмеді. Сөйтсе Әлипән диванға етпетінен түсіп, жылап жатыр. Иығы селк–селк еткен келіншекке батылсыз жақындады. Ақырын ғана оның білегіне қолын тигізіп, қасына отырды. Әлипән мұны кім деп білгісі келмегендей көңіл аударар емес. Ешкімнен тайынбайтын, тайсалмайтын, өркөкірек, өзімшіл әйелді Жағыпар танымай тұр.

– Саған не болды..., – деп әлсін–әлсін қайталай, басын кеудесіне қарай икемдеп, екі иығын көмкерген қолаң шашын иіскей беремін деп еңкейгенде, анау жігіттің қолын жұлқып тастады. Орнынан ұшып тұрып, бет–аузын жауып кеткен қап–қара қалың шашын екі жаққа сілкіп–сілкіп қалды да терезенің алдына сүйеніп, жңгңтке тесіле қарады. Қолдарын айқастыра салған.

– Сен жалтақ жігітсің, – деді әлден уақытта, – егер жалтақ болмасаң, «машинамды біреу айдап барады» деп шыға жөнелер ме едің, артыңа бұрылып, тым болмаса бір ауыз сөз айтуға мұршаң келмей сасқалақтағаның не... тек сен емес, бәрің де сондайсыңдар – жалтақсыңдар ... сендер еркек сымақтардың бәрі... сондықтан да шын сүйіп – шын күюдің не екенінен де мақұрымсыңдар...

«Қай еркек көңіліңді қалдырып, жүрегіңді суытып еді» деген сөз тілінің үшіне үйірілсе де Жағыпар үндемеді. – Бұдан былай маңыма жолама.

– Неге?

– Сен де жақсы көргеннен емес, қызыққаныңнан ғана келесің. Ешқайсыларың да шын ұнатқан емессіңдер мені... кезінде күйеуім ғана шын сүйген мені, әттең опасыз жалған оны да бұйыртпады маған. Сонда не істеуім керек... ал, сендер... білем неге айналсоқтап шықпайтындарыңды... бірақ маған бәрібір... ха–ха–ха–а–а–а.. сен байғұстардың мыстарыңды құртатын мынау ғой... – Әлипән қолымен мықынын таянып, жұп–жұмыр аяғын жігіттің тізесіне салды.

– Шыныңды айтшы, менен қаймығасың, ә... сенің орныңда болсам, жақтан тартып–тартып жібере едім, бірақ сенің қолыңнан келмейді ғой... дегенмен ешқандай әйелді дәл мендей сүйгендей, сүймегенің, мені құшқандай құшпағаның анық қой, ха–ха–ха... өйткені сен бұрын әйел көрмегенсің, яғни енді сен мені ешқашан, ешқашан... естисің бе... ешқашан ұмыта алмайсың... – Әлгінде жігіт қолын қағып тастаған Әлипән оқыстан Жағыпарды құшақтай алды, – бәрібір, бәрібір мені ұмыта алмайсың деймін... өзің айтшы, рас емес пе!

– Рас... рас... – Кеудесін намыс буып, жаңағы сөздерге ызасы келген жігіттің өнебойын ашу кернеп, соншалықты жабайылықпен Әлипәнді есі кеткенше аймалады.

Осы сәт жігіт көп жәйтті үнсіз ұққан. Жанды жеріне тиген жаңағы сөздерден жүрегң дік етіп , алдында мың түрлі құбылып ирлеңдеген әйелге өз бойынан бұрын–соңды байқамаған дүлей күшпен тиісті. Бұған дейін көңілі түкпірінде жалпы әйел қауымына деген ізгілік, сыпайылықтан із де қалмай, қомағайлыққа салынғанымен, еміреніп–елжіреудің бәрін ысырып тастап тыраштанғанымен, Әлипәннің болмысында өзінің өресі жетпес құдіреттілік барын лажсыз мойындады. Әйел қылығының қайталанбас тәттілігі мен өзінің дәрменсіздігін мойындаған сайын құшағында күйіп–жанып, жанып–күйген Әлипәнді жек көре бастады. Жек көрген сайын жабайы ашқарақтықпен оны өзіне икемдей берді.

– Құдай–ау, кім ескерген, өзің енді–енді еркек санатына қосылайын дегенсің бе... – Әйел жөн–жосықсыз ұзақ күлді.

Жағыпар бойын дереу жиып алды. Даңғарадай бөлмеде есінен танғанша сықылықтаған әйел күлкісі оны мазақтап, жермен–жексен еткендей–ді. Жігіттің ызасы келді: «мен мұны мазақ етем десем, бұл мені мазақ қылып жатыр, мені...мені мазақ қылғысы келеді...» Әлипәннің алдында күштілік көрсетем деу күпірлік екенін іштей түсінді де әл–дәрменінен айрылған денесін көтере алмай сылқ етіп отыра кетті. Анау әлі күліп жатыр, әлі күліп жатыр, шыны ма, өтірігі ме, белгісіз. Әлден уақытта тиылды–ау, бырақ орнынан қозғалған жоқ. Манадан бергі күлкіден әлде шаршағандай, әлде жалыққандай кеудесін кере тыныс алды да, аһ ұрып күрсінді ме, жігіт түсінбеді мұнысын.

Терезеден ұрланып түскен ай сәулесінен бөлме іші бозамықтанып, жігіт көзіне әр нәрсе енді–енді шалынды. Шашының дода–додасы шығып, еденде жатса да жарық дүниеге шалқалай асқақтаған әйел үн–түнсіз. Үнсіздікті тағы да өзі бұзды.

–Кейде мен жалғыздықтан жарылып кете жаздаймын, балам болса, бәлкім мұндай күйге ұшырамас па едім, әй, бұдан да емес, баласы барлардың да кешкен күйбіңін көріп жүрміз... бір ғана қорқынышым бар, ол Тіржан... ал сендер...

– Тіржанды ақтап алуыңа болады ғой.

– Әттең, ол маған қайтып оралмайды, бірақ мен оны ақтап аламын... Сондықтан да ертеңнен бастап Тіржанды ақтап алуға аттанамын. Қашан босатқанша жанынан шықпаймын... Осы ауылда неге екенін білмеймін, тұрғым келмейді. Келін боп түскелі көзім ашылған емес. Босағаны аттағаннан күйеуім дертке шалдықты. Жап–жас басыңмен ауру бағып, қайраты қайтқан еркектің қас–қабағын аңду оңай дейсің бе? Мен не көрмедім, бәріне шыдадым. Ендігі шақта көңілімнің қалағанымен жүрейін десем, жұртқа жексұрынмын, ешкімге керек емеспін, ең аяғы саған да... Бәрің де артық ауыз сөзден қорқасыңдар, ешкімнің көзіне түскілерің келмей, пәк боп көрінсек дейсіңдер... Бір үрейім және бар, ол – Ұлдай. Түптің–түбінде сол кемпірдің қарғысы жібермей ме деп қорқамын. Тек қорыққандығымнан Тіржанды соттатып жіберуге дәтім бармас. Сол кемпірдің өміріне қарасаң, азапқа жақын тұратын жан ба дерсің. Есін жиып етегін жапқалы жападан–жалғыз бір тауқыметін арқалап арпалысқанындағы ұтқаны қайсы? Жалғыздықтың азабына өз басым шыдай алмаспын, отқа да түсермі, суға да батармын, бірақ жалғыз қала алмаспын! Ұлдай сияқтыларды аяймын, өмірбақи етегіне намаз оқып, күйеуінің шаңырағын құлатпағанда, кімге–несіне жақсы атанғысы келді екен! Жұрты қадірлеп, ағайыны силайды делік, бұдан оның бағы жанып дәулеті тасыды ма? Ендеше аяғың жеткенше жүріп, құлашың жеткенше қарманып қал. Онсыз да қысқа ғұмырыңды кім–көрінгеннің қас–қабағына жаутаңдатып өткізгеннің несі сән? Мен жұрттың сөзіне түкірмеймін де, мейлі ауыздарымен орақ орып, орға құлатсын... ағайынның алдарқаттандырғанына және алаңдар жәйім жоқ.

Жағыпар Әлипәнға таңырқай қарады. Екілене ынтығып сөйлеген сайын көздерінің ақ–қарасы айқындала жарқ–жұрқ етіп, сәніне енген әйелдің жүзі алаулап тұр. Өнбойындағы қайсарлықты қазіргі әр қимыл–қозғалысы нақтылай шегелеп жатқанымен, ашынғаннан гөрі ағынан жарылып ашылғанға ұқсайды. Сөздері кесек шыққанымен, даусы ақырын естіліп, бұған дейін жөн–жосықсыз өктемдеп, өткір өзеусіреп келгеніне титтей нышан қалмаған. Тепсініп сөйлеп емес, тебірене мұң тарқатып отыр.

«Ызаланғаны, ашынғаны да өзгеше, тіпті сұлу боп көріне ме, қалай өзі», – Іштей тамсанған Жағыпар «Сонда не істемекшісің», – деді. – Саған күйеуге шығамын алмасаң басқа біреуге .... бәрібір маған...

Жағыпар үндеген жоқ. Ауыр күрсініп, көзін жұмып алды. – «Несі бар, мұндай қатынмен қол ұстасып, ғұмыр кешсем, тақияма тар келмес... көрік десең көрікке, қылық десең қылыққа бай. Қыз айттырып, той жасайтын әкем отыр ма. Сол тойдың сынын көтеретін кім шығар дейсің ертең? Бірақ шешесі қалай қарайды...»

Көзін ашқанда, таң қылаң беріп, үйдің ішіне сәуле шашып үлгерген екен.

Тұлабойы тоңазып, таңғы ызғардың бөлмені суытып жібергенін сезді.

– Тұр, – деді Әлипән – әкең үйінің төрінде жатқан жоқсың... Қорадан отын алып кел. Пеш жақпасақ, құдайдың қу күні кісі өлтірер.

– Тіліңе тас байланып қалды ма, әй, неге үндемейсің – деді және Әлипән.

...Қорықпа, аламын десең де тимеймін, қорықпа...

***

Адымын қанша қарыштатқанымен, өзіне ежелден таныс сүрлеу жол көзұшында шектей шұбатылып созыла берді. Онсыз да екі иығын езгілеген ауыр ойдың салмағы алға жылжыған сайын еселеніп–еселене түсе бойын еңкіш тартқызғанымен, сүйретіліп келе жатыр. Тамағы құрғап, демі тұншыққан сияқтанды. Бірақ аялдап тізе бүгуге хошы болмай, қайтсе де жүре бергісі келеді. Тынысын тарылтқан әлде күйініш, әлде өкініш пе, әлде үрей, әлде күдік пе, әйтеуір соның бірін де сыртқа шығаруға халі жетпей күрсінейін десе күрсіне, жылайын десе жылай алмай, қиналып барып қос қолымен кеуде тұсын басыңқырай «уһ» деді. Бұдан жеңілдеген жоқ, көкірегін түйнеген әлде күйініш, әлде үрей... іште қалды. Өткеннен қалған өкінішті емес, ертеңнен елес берген қорқынышы басым сүреңсіз келешегін ойлады.

Күннің жарық сәулесінен бақ тайып, түн әмірі күшіне енген сайын соқпақтың шеткей шұбатылғаны көзге ұрмай, айналаны қараңғылық жайлап бара жатты. Сонда ғана Тіржан өзінің жалғыз емес, Әлипәннің де бірге келе жатқанын есіне алды. Артына қарағысы келгенімен мойнын бұрған жоқ: « Қара бояудың да өзіндік жарығы болады екен–ау, – деп ойлады қою қараңғылыққа көзі үйренген Тіржан, – сірә қараң тірліктің де өзінше сәулесі бар шығар... Яғни менің тірлігімнің де...»

Жанарына әр нәрсе әрең шалынып, бүткіл тірлік түнге тұтқындалғанда Тіржан манадан бергі көңілсіз ойларынан серпілейін деді. Қара түн оған бұған дейін ұрланып келген еркіндігін өзіне қайтарғандай. Еңсесін басып, келген әлде өкініш, әлде үрейдің азабынан құтылғандай аяғын алшаң–алшаң аттап, артта жоғалған әр адымының ізі ауыр ойдың жүгін жаншып жатыр. Айнала кеңістіктің ақ жарығын буып тастаған тып–типыл тыныштық жігітке жақын да жайлы көріне бастады. Көптен аңсап, талайдан күткен бостандығының қадір–қасиетін осы сәтте ғана ұғынғандай. «Ешкімнің қас–қабағын аңдымай, ешкімге көз алартпай, ешкімге көз алартқызбай, тіпті сол көзбен атысып, – шабысқаныңды байқатпайтын қою түннің ығында жүрудің өзі бір ғанибет екен–ау – деп ойлады Тіржан. – Шіркін–ай, мынау айсыз түн созыла берсе ғой...мен де жүре бере едім. Жүре берсем, өткен–кеткеннің бәрін ұмытар ма едім, қайтер едім. өткен–кеткен деген мен үшін өтелмеген борыш, орны толмайтын өкінш емес пе. Ендеше сол парыздың төлемін сезінбеу үшін, сол өкініштің отына өртенбеу үшін, өзгелердің жер–жебіріне жетпеу үшін, толып жатқан бәрі–бәрі үшін неге мен мынау қап–қара түннің құшағында тұншықпаймын? Өткенімді былай ысырып, ертең, тіпті ешқашанда аңғармайтын келешегім үшін неге мен мынау қара түндей қатып қалмаймын? Келер күнге артатын үмітіңнен айырылсаң, өмір сүріп керегі не? Не...не десем де дәл қазіргі жағдайға, дәл қазіргі еркіндікке аңсағаным және рас еді ғой. Сонда мен өлуге емес, әйтеуір жер басып жүруге, әйтеуір тірі пендеге жаутаңдамауға, әйтеуір өмір сүруге асығып едім ғой. Сонда мен бәрібір жаутаңдауға асыққан екенсің ғой».

Тағы да артына бұрылып қарағысы келді, тағы да бұрылып қараған жоқ. – «Дүниеге ешкім мойын бұрып, жалтақтамаған біреу болса, ол менің шешем еді,ал мен оған есімді жиғаннан жаутаңдайтынмын. Шешемнің өзгелерден гөрі мықты, өзгелерден гөрі нық екендігін сезінгендіктен де мен үнемі оныңөзіне ғана, өзіне ғана арқа сүйейтінмін. Сөйткен шешемнің, жан дегенде жалғыз пана–анашымның осынша өзгеретінін кім болжаған? Отыз жасқа жеткенше еміреніп, елжіреп келгенде, Әлипәнға, бөтені емес, өз қанының жесірінен соншалықты безініп, соншалықты бүлінер деп кім ойлаған? Аяқ астынан морт кетіп, кездейсоқ ашуланса, теріс бата бере ме еді. Баяғыда қазақтар мұндайды қуана құптап, әмеңгерлік жолы деп, жесірінен оңайлықпен айырылмайды деп жатпаушы ма еді. Сол заманның – сол жағдайдың шет жағасын көріп өскен шешем неден шошынды, неге қаймықты, кімге қырсықты?

Тағы да артына бұрылып қарағысы келді, тағы да бұрылып қараған жоқ. – «Менің де өліп–өшкен ештеңем жоқ еді осы Әлипанға, бәрі де мағынасыз кездейсоқтықтан басталып, масқарашылықпен аяқталған. Енді ше? Бәрі де қайтадан басталатын сияқты, тіпті басталған да сияқты. Өз қолымен түрмеге жаптырған Әлипан өз еркімен күні–түні тыным таппай, екі ай, бес ай жүгіріп, соттың алды–артын торуылдай, өзіме де, өзгеге де жалынып жүріп, басымды арашалап алды. Міне, енді не істесемде ерік өзімдікі... Жо–жоқ. Бас еркіндігім мені әлде неге міндеттейді. Әлденеге міндеттемесе екі иығымнан жеп келе жатқан не: ана алдындағы ақталмаған борышым ба, балғын бойжеткен Үмітке жеткізе алмаған, жетімсіреген сезімім бе? Құдай–ау, бұл борыш ешқашан өтелмеді екен ғой екі иығымдағы зілбатпан Әлипан кеше ғана «Жағыпар Үмітке үйленгелі жүр, шешең саған Үмітті алып беремін деп қанша тырысқанымен мұнысынан түк шықпайды. Өздері де пәлен ай бір сен деп тыным таппай жүргенімнің тектен–тек емес екенін ұққан шығар. Жоқ, мен сені бәрібір ешкімге бермеймін», деп еді–ау.

«Сені ешкімге бермеймін» деген сөзді бұрын–соңды естімегендіктен бе, біртүрлі жүрегім жылып қалғандай болып еді».

Тағы да артынан бұрылып қарағасы келеді, тағы да бұрылып қараған жоқ. –«Шынында да әйелі құрғыр құрақ ұшып, құлап жатса, қалай шыдарсың? Бұл әйелі құрғырдың қолынан келмейтін жоқ–ау; төрдегі басымды есікке сүйреп барады. Міне, қайда жатыр әйелі құрғырдың, Әлипәні құрғырдың құдіреті. Бірақ көңілі қалса өзі құлап, көңілі қалса, өзіңді құлатса қайтерсің? Тағы да құздан құлатса, сосын тағы да, тағы құлатса... Қайтып тұра алармын ба? Тұра алмасам–шы...»

Тіржанның басы айналып, жүрегі көкірегіне симай, дүрс–дүрс соғып, демін алқына алды. Пәлен пұт жүкті өзі сүйреп, әрі тартып–бері тартып, орнынан қозғауға әл–дәрмені жетпегендей қары талып, тізесі дірілдеді. Дәл осы сәтте ол меңіреулік пен еркіндіктің арасында таңғажайып ұқсастық барын сезді. Не істеп – не қоюы, не тындыруы өз ықтиярында болғанымен, тіпті басқа кездегі басқаша жағдайы еске алмағанда, мына тұрысының мағынасыздығы сарғая күткен жеке басының бостандығындай боп көрінді оған. Біраз уақыттан бері тағатсыздана аңсағаны еркіндік емес пе еді! Қол жеткен еркіндігі ауылына жақындаған сайын тұлабойын езгілеп, өзін әлдеқандай ессіздікке итермелейтін сияқты.

Әрі–сәрі хал кешіп, шарасыздықтан басы қазандай болған Тіржан әлден уақытта беті ауған жаққа тұра жөнелді. Асығып–аптығып, өне бойы салқын сұстылыққа оранып, жүрегі өрекпіп, денесіне ие бола алмай сайтан жел екпінмен ентелеп келеді. Өзін–өзі тоқтатуға шамасы жетер емес. Санасына симайтын жұмбақ күштің қамшылауымен ұшып кете жаздап, ұшып түсе жаздап, тастай түннің қай бағытында лағып бара жатқаны өзіне де беймәлім, жанталаса жүгіре берді, жүгіре берді. Қайда, неге? Ұққан жоқ, ұққысы да келген жоқ.

Омақаса құлап түскенін білді. Құлағының дәл түбінен шыңғырған дауыстан есін жиды: Әлипан да мұны құшақтай сүрінген екен.

– Не көрінді саған, не болды саған – Әлипан еңкілдеп қоя берді – бір қайғымды бір жамау үшін жүр екенмін ғой сенің соңыңда. Сорлы басым алдыңда азабын жалғыз өзің емес, мен де де арқалап келе жатқан жоқпын ба? Қателесіп қалт бассам, мұның да ауыртпалығы өзімде ғой. Жолдан тайдырып сүріндірсем де қолтығыңнан демеп сүйемелдеген өзім едім ғой. Басыңа іс түскенде, артыңнан кім іздеп барып, қай ағайының араша тұрып еді? Мына маңдай қорлыққа жаратылған ғой... тар маңдай, сор маңдай...

Өз маңдайын өзі пергілеген әйелдің қолынан төмен тартқан Тіржан «құдай үшін тоқтай тұршы, – деді әлсіз үн қатып – басым айналып кеткені... басым айналып барады...»

Әлипан әрең дегенде тиылды, солығын баса алмай аракідік өксіп қойып, етпетінен сұлап түскен Тіржанның басын көтеріп кеудесіне сүйеді.

– Басым айналып кеткені – деді Тіржан – мынау тастай түннен ажырағым келмейді... таң атпай тұра тұрса екен... Қорқамын... жарықтан қорқамын... таң атпаса екен...

***

– Апа, бір ауыз сөз айтсаңыз–шы, тым болмаса бір ауыз сөз. Ұлдайдың қатарына ілесер–ілеспесін білмей, біресе оң, біресе сол жағынан шығып, берекесі қашқан Үміттің бұдан басқа айтары да қалмаған тәрізді, – бір ауыз сөз...

Шоққарағай баурайына өрлей сызылған соқпақтың сорабы жазықпен жалғасқанда ғана Ұлдай артына бұрылды: дөңестің үстінен қарағанда бұйығып жатқан ауылы оймақтай боп ойда қалып барады екен. Жүрегі шымырлап қоя берді. Жүйке–жүйесі босап қимастықтан тұлабойы әлсіреп, әлде запыран, әлде зар тамағына тірелді де түнектеле кептетілді. Салмағын игере алмай әлі құрып, екі қолымен екі бүйірін таянып алғанда ғана өзін–өзі ұстап қалды.

Жанарына іркілген жасты тиған жоқ. Биік жотаның баурайында дөңгеленген ауылы көзден балбұл үшып бара жатты. Бірер қадам төмен аттаса оймақтай ауылының көзден ғана емес, көңілден де қалыс қалатынын ойлағанда, шыңғырып жіберді. Тумысында дауыс қылып «ойбайламағандығынан» ба, үні шықпады. Мұнысын өзі байқаған жоқ, бірақ ішінің удай ашып, өзегі өртенгенін, тамағын тіреген түйнектен құтылмағанын сезді.

– Түріңіз бұзылып барады, – деді Үміт жыламсырап. «Бетіңіз қисайып кетті» дегенге дәті жетпеді.

Жүзін жуып, өңешін айғыздаған ашқылтым тамшылардан әр нәрсе әрең шалынып, анадайда бұлдыраған ауылы көзінің алдында бір аударылып, бір төңкерілді.

– Айналайын, сен осы жерден қал, ештеңеге алаңдама. – Ұлдайдың үні жарықшақтанып шықты. – Қайтып келемін дедім ғой... Үйге өзің ие бол, өзің...

– Қайтып келесіз ғой, – деп күмәндана тіл қатты Үміт, – тезірек оралыңыз апа. – Оралмағанда қайда барамын... Отыз жыл түтінін түтетіп қабырғасын күзеткен шаңырағымды сірә де қиып кете алмаспын, – соңғы сөздерін сыбырлап айтты.

Әлі де өзінен бір елі қалмай келе жатқан Үмітке әлсін–әлсін қара йқатарласа берді де «тоқташы, – деді, – сәл аялдайықшы... Сен енді қайта ғой үйге. Жүрші, өзім шығарып салайын. Таң да атып келеді, әне... Тезірек үйге жетіп ал. Сырт адамның көзі түссе, суыт жүрісіңнен секем алар. Сұрағандарға «Көксеңгірдегі ағайындарына кетті» дерсің. Сұрамаса, ешкімге ештеңе айтпа».

Ылдимен жүру жеңіл болғанымен, әр адымын санап бара жатқандай басы төмен салбырап, ықылассыз аяңдаған Үмітті көзімен біраз жерге ұзатып салды. Ауылы енді–енді атқалы тұрған таңның бозарып–бозармаған құшағында қысылып–қымтырыла қыр астында тұншықты. Үмітке сездіруге дауалатпаған жарасы аяқасты жарылып, көзден парлаған жасымен жұтынып–жұтынып, қыстыға жылады. Көмейіне кептетілген түйнектен бәрібір құтыла алған жоқ. Көз жасына булығып екі иығы селк–селк етекен Ұлдай жанын жегідей жеп келе жатқан ащы зарын айғайлап айғақтауға айдалада жалғыз қалса да, дауысы жетпей іштен құсаланып келеді. Әйел пендесі боп әлдекімге екілене жылап салмақ салып көрмегендігінен бе, әлсіз боп еркек кіндіктінің алдында ашылып–шашылып үйренбегендігінен бе, өзіне ғана сеніп, тәккапбар тірлік кешкен қайран Ұлдай дәл қазірге жетімек жағыдайын басқаны былай қойғанда, мынау жапан түзге жария етуден аулақ. Сыңсымай жылағанда, бір басының қуанышы мен ренішін үнсіз көтеріп, бәріне үнсіз көнгенде, түптің–түбі бетім ауған жаққа кетем деп сірә да ойлады ма? Құдай қосты деп, көңіл жарасқан қосағының шаңырағын құлатпаймын деп шалқайғанда, боздақтан қалған тұяқты жеткіземін деп жетектегенде, көргені осы болса, бұған дейінгісі өзін–өзі алдарқаттау, ар, асқақтық дегені де өзін–өзі үміттендіріп, азап шегу екен ғой. Бүткіл тірлігі жесірлігінің жалғыздықпен шайқасқан қасіреті боп жалғасқаны мен, соның бірін дабыраламай тұмшалап, баяғыдан бері іште тұнып – іште қыстыққан бітеу қайғы міне, енді тамағын тасқып тіреп алған.

Ышқынып барып «ой–һой...» деді. Сонда ғана тынысын тарылтқан түйнек сыртқа лықсып, сарайы кеңіп сала берді де бар даусымен өкіре жылады. Еңіреген сайын еңкілдеп, еңкілдеген сайын шемен боп қатқан шері тарқап, қайда, неге бара жатқанын сараламастан ұзақ жұрді. Еркінен тыс күштің әсері өзін «Құлабие» төбесіндегі ескі бейіттердің жанына алып келгенін байқады. Қалш–қалш етіп, етпетінен түсті. Денесімен жер құшып, саусақтарын топыраққа сүңгітіп жіберді де, жұдырығын түйіп алды. Жиі–жиі соққан жүрек, құсқанат көңілдің аптыққан демі біразға дейін тыншымай ентігіп жатты. Басымен жер нұқып, топырақты емірене иіскеді. Дір–дір еткен денесі енді–енді сая тапқандай. Тұрғысы келгенмен қимылдауға дәрмені жетпеді. «Құдай–ау, бар салмағымды мына қара жерге артсамда екі иығымды тескен не ауырлық? О бастан пешенеме жазылған зілбатпан жазымыштан құтылу мүмкін емес екен–ау, әйтпесе жермен–жексен боп, дөңгеленген дүниенің ортасында домалатқан бұ ненің зауалы?...» – Ұлдай қос қолымен топырақты тағы да салалай түсті, беті қатпарланып қалса да, топырақ дымқылдау екен. Мойнын созып жоғары қарап еді: жақын маңның бәрі қап–қара боп, одан әрі қара бояу сұйықтала түсіп, көзден алыстаған сайын бозамықтана берді. Тарамыстан тартылып қалған денесі босаңси бастады. Алыстан оттары жылтырап, құлағына еміс–еміс үн естілді.

Тіршілік үні Ұлдай ұшін артта қалыа бара жатқан сияқтанды. Кеудесін кек кернеп кетті. Кімге кектенгенін неге ызаланғанын өзі де ұққан жоқ. Жалғанда жалғыз жақынынан титей жақсылық көре алмай қаңғырып кетіп бара жатқанына ма? Ел басына ауыр сын туғанда, бұдан жаман күінде де азабына шыдаған алтын ауылынан, босағасынан енді заман тыныш, жұрт аманда қашып бара жатқанына ма? Болмысында жалқы рет мауқын басарлықтай ешкімге еркелей алмағандығына ма? «Ата–бабам аруағы, кінәлама мені, менің сүйенер де, сенер де ешкімім жоқ. Күйеуден қызық көрмедім, жалғыздан опа таппадым. Талай жыл үздігіп күтіп асыққанда жеткен жерім... Ақталуға асығыппын. Жермен жексен болуға асығыппын» – деп күбірледі Ұлдай.

Қалып кетіп, қайтадан көзін ашты. – О, ғажап, барша дүниені жұтып жіберген түн қараңғылығы қайда қалған? Арқасынан езгілеген ауырлықтан енді–енді сейілді. Бозаңданып барып, жарық тартқан әлем аясы көгілдір түске малынып тұрып алды. Қауыз жарған таң шапағынан нұрлана түскен жер беті бір көгілдір түстің ғана сан мың түрінен жалт–жұлт етті. Таңғажайып сұлулықтың өзіне тән сиқыры есінен танып жатқан әйелдің бойына қуат жарытқандай болды ма, еңсесін езіп келген ауырлықтан бірте–бірте сейілген Ұлдай айналасына аңтарыла қарап, өзін сергек сезіне бастады. Есі кіріп, ақылына келген сайын жаңа туған жас таңның салқын да сұлу сұсынан әрі именіп, әрі таңғалып, өзі үшін әлде қашан семген, әлде қашан үміттің болар болмас ұшқыны жүрегін маздатып, кәрі денесіне күш біткендей жатқан жерінен көтеріле берді. «Ата–бабам аруағы, қуат бере гөр» – деп орнынан тұрып барып, қайтадан құлап түсті. Қаусап қалған денеге қуат дарыды дегені қарапайым ғана тілегінің тәнін мазақтай қытықтаған алдамшы кескіні екен. Жас таңның қайталанбас келбеті көзінің жәуін алып, көңілін масайтқанымен, Ұлдайдың сырылдаған кеудесі мен мұқалған жігеріне ешқандай құдіреті жүрген жоқ.

Алыста жылтыраған оттар таңның аясында көмескілене жоғалып, түнгі қадыр–қасиетінен жұрдай боп, Ұлдайдың жанарына шалынудан да қалды. Еміс–еміс талып жеткен әуен үздіктері барған сайын күшейіп, мазасыз ызыңға жалғасты. Шыркөбелек айналған жер ме, көк пе, басы ма, Ұлдайдың екі шекесі зіркілдеп, соншалықты тынымсыз ызыңнан құлағы шыңылдады.

Ұлдай үшінші рет тұруға әрекет жасады. Тәңірі тілеуін беріп әйтеуір құлаған жоқ. Тәлтіректеген аяғын әрең басып, сүйретіле түрегелді.

***

– Естідіңдер ме Ұлдай бір аяқ, бір қолы жоқ шалға тиіп кетіпті ғой...

– Қалайша... қартайғанда күйеусіреп не қара басыпты оны... – Әй, қойыңдаршы, күйеусіреп шықса да дұрыс істеген. Баяғыда сөйтуі керек еді, баяғыда... – Қора–қопсының, үйін баласына да ағайынына да емес, алыстан алашына тастап кеткені қалай. – Жағыпар енді Үмітке үйленеді дейді... – Несі бар үйленсін. – Енді Тіржан не істер екен? Үйін дауалайтын шығар? – Не істеуші еді, ол баяғыда үйі бар қатынның қолына келіп кірген жоқ па еді! – Ал, Жағыпардың шешесінде қуаныштан ес жоқ дейді...

Ұлдайдың мүгедек шалға шыққанын естіген жұрттың біреуі күліп, біреуі күрсінді, біреулері таңдайларын қағып, енді біреулері көздеріне жас алысты.

1967