МҰХТАР МАҒАУИН. МЕНІҢ ТҮРЛІ ТҮСТЕРІМ

Кейiнгi кезде бей-берекет, сұрықсыз түстер көрем. Сұрықсыз ғана емес, мән-мағнасыз, күлгін, күңгірт. Әлдебір бекетке, мекенге жете алмай жатам. Пойыздан, белгілі-белгісіз тағы бір көліктерден кешігем. Жылғалы сайдың, көшенің, жолдың көз көріп тұрған арғы бетіне өтуге қаншама бөгесін табылады. Көбіне-көп әлдебір жалаңаш қабырғаға жапсарлас, қиғаш, тар баспалдақпен жүре алмай, кейде ортан белінен үзілген тұсына тіреліп, абдыраймын. Немесе, барар жолымда біріне-бірі жалғас, көріксіз, иесіз бөлме, далан, дәліздерді адақтай келе, денем сыймас тар қуыспен өту керек болады. Дағдарып, тоқырап тұрам. Ақыры, қиналып барып оянғанда, осының бәрі түс екенін біліп, қуанбасам да жеңілейіп қалам. Содан соң ойлаймын. Бұл не пәле. Әрине, жайсыз ұйқы, сыр бере бастаған денсаулық. Тек сол ғана емес. Жете алмаған мақсат, орнына келмеген арман. Ең бастысы – көрешегің азайып, көкжиегің шектелгені. Олай дейтінім – бұрынғы түстер мүлде басқаша қиысатын. Күні кешеге дейін.

     "Балықшының түсіне балық кіреді" деген. Біздің балық – Жазу ғой. Алашағың да, берешегің де таңбалы қағаз бетінде. Менің түсіме жазылған, иә жазылмақ ала қағаз да емес, түптелген, жұқалы, қалыңды кітап та емес, балық кіретін. Кәдімгі, судағы балық. Үлкен дарияның құрақты қабағында отырам. Немесе жар жағалап жүрем. Таңырқап тұрам. Су іші жыпырлай жүзген балық. Үлкенді, кішілі емес, түгел ірі. Бір қар, жарым құлаш. Сұлу, сүйрік. Мен сол балықтың, мүмкін болса, ең тәуірін ұстау әрекетінде сияқтымын. Ұстап та жатам. Ұстамасам да, тамашалап қарағанның өзі қызық. Ұйықтап жатсам да білем. Оянғанда анық көзім жетеді. Бұл қаптаған балық – менің жазылмақ жаңа шығармаларым. Қалаулы күні шетінен қармаққа ілем де, кәдеге жаратам. Сөйтіп, тым өнімді болмаса да, іркіліс, тоқтаусыз күн кешіп жатқам. Ол кезде жас едім, отызға жаңа шыққан. Ақыры, қоғам дейсіз бе, заман дейсіз бе – төбеден тапап, тұрмыс тауқыметі дейсіз бе, тіршілік қамы дейсіз бе – іштен паршалап, төңірек түгел тұйықталып, төтенше, тың жол таба алмай, қалжаурап тұрған алмағайып шақта, өнімді іс, ұтымды әрекетсіз сансыраған қалыпта бір, екі, үш жыл өткенде… тағы да түсіме кірді. Балық. Сірә, үлкен дарияның қосалқы арнасы, сорғыған лай балшық, тайыз шалшықта, кемі жарым құлаш, қаншама балық, құйрықтары батқан, бастары шыққан, ауыздары ашылып, желбезектері көтеріліп, қабырғаласа, қатар-қатарымен жатыр, түгелдей өлген, сірә, бұзыла бастаған, қандай да іске жарамсыз. Бұл – менің уақыты өткен, осы опалаң үш жыл ішінде, одан бұрынғы, тағы да жайсыз күндерде жазылмай қалған талайсыз шығармаларым еді. Құлазып оянсам, түн ортасы, көзімде жас бар екен. Мен ғапыл, қайырылмас іс деп қана емес, қатерлі болашақ ескертпесі, болуы мүмкін, бірақ қайткенде де болмауға тиіс тағдыр тарабы, тәңірімнің қамшысы, пірімнің ескертпесі ретінде қабыл алдым. Дәрменім азайса да, арманым өлмеген. Өткендегі бар шаруаны буып-түйіп, әуелгі кезек, алмағайып бір кезең жемісі ретінде байыптап, келешектегі бар жұмысты басқаша құруға бекіндім. Ойландық, толғандық, ауыр еңбек астында, тынымсыз жазу үстінде ғана нәтиже бермек, заманнан амалымызды асырар, көкіректегі мұң мен зарды жарыққа жеткізер күре жол сұлбасы танылған. Түсіме қайтадан таза су, мол балықты шалқар дария кірді. Бар салмақты мойынға алып, риясыз ниетті ғұмырлық мұратқа жалғастырып, қайтадан қаламға бас қойдық. Жас аруағымызды жаңадан тапқандай едік. Елімнің ежелгі рухы қайта тірілді. Өзгеше серпін, тың қуат, соны сарындар құйылды. Көп ұзамай, тағы бір мамырлы, барақат түс кезінде тұрқы өзімнен де үлкен, тайдай тулаған, наһан балық ұстадым. Бұл кезде көптен көкейде тұрған әңгіме, хикаяттардың біразының басы қайырылған, бауырымыз жазылған, шеріміз тарқаған, енді, қаншама жылдардан бергі дайындық жұмыстарын біржола тиянақтап, бәйгелі бабыма келіп, аламан шабуылға түсуім қажет еді. Яғни, өмірлік мұрат – "Аласапыранның" күні туған. "Аласапыран" жазылған кеңшілік, кенішті жиырма жеті ай ішінде… өңімде көз алдымда тұрған Ораз-Мұхаммед те, Айшешек пен Ділшат та, Борис Годунов пен Петр Урусов та түсіме кірген жоқ. Бұлғақ пен бүлік, азап пен қаза да елес бермеді. Шалқар дала, жасыл өзен, сеңгір таулар көрдім. Бірде, жұмыс дендеген шақта ғой деймін, жартасты, құзар шың басында тұр екем. Жеткен биігіме балап, мерейім өсті.

      Аламан-асырдың түйінді тұсында, одан соң, бар шаруа мұрат тапқан кезеңде тағы бір ғажайып түстер келді. Ол заманда ертегілік мекен, қол жетпес, аяқ баспас ұжмақ ұйық есепті Стамбұлда жүрем. Күмбезі күңіренген, мұнаралары көкке баққан ғаламат мешіттер. Бірден таныдым. Мынау – қыр басында оқшырайған – айбарлы Сүлеймен-жәми. Анау – мен ешбір кітаптан суретін көрмеген тағы бір еңселі ғибадатханалар. Көбіне Айя-Софияның төңірегінен табылам. Бірде алты мұнаралы Сұлтан-Ахмет пен Айя-София аралығында тұр екем. Кейін талай бардық, мен ол кезде Стамбұлдағы ең атақты екі мешіт тым жақын, иектес тұрғанын, аралығында бөгде құрылыс жоғын білмеуші едім. Бірақ түсімде екі ортасында тұрамын. Сол жағымда – тарихпен бірге жасасқан, мың жарым жылдық, айдынды Айя-София, оң жағымда – әлемдік ұлы империяның бес ғасырлық ұйтқысы болған Сұлтан-Ахмет. Ең кереметі бұл емес. Айя-Софияның сыртқы қабырғалары қызғылтым еді. Нағыз жоса қызыл. Бұл кезде мен көпшілік жұртқа тән, әдепкі түс-елес – сұрғылт, күлгін болатынын, түрлі шырай, айшық бояулы түс – сирек кездесетінін оқымаған, естімеген едім. Бірақ айтайын дегенім – басқа. Айя-Софияның қызыл жосалы суретін еш жерден көрмегем. Түркия, Стамбұл, Ежелгі Рұмға қатысты әдебиеттен, әрине, талай рет ұшыраттым, бірақ ол рәсімнің бәрі – түсті емес, баспахананың кәдімгі, қаріппен астас қара бояуымен таңбаланған. Альбомдық, немесе жапсырма, бояулы суреттер жоқ, атымен ұшыраспаған. Мәңгілікке жалғас Айя-Софияның шынында да жоса түстес қызғылтым екенін жер аяғы кеңіген тәуелсіздіктен соң, Түркия, Стамбұлға алғаш барғанда көрдім. Көрдім де, өткендегі түстерімді ойға алып, мұншама сәйкестікке қайран қалған едім. Байыптап қарасам, баяғы асқар шың, одан соңғы күңіренген мешіттер де менің Жазуыма, жан дүниеме тікелей қатысты, бүгіннің суреті ғана емес, болашақтың сұлбасы екен.

      Тағы да түстер. Он, жиырма, отыз мәрте қайталанған, осы, жаңа ғасырда ғана тоқталған. Азап, қасірет таңбасы. Жусанды далада жапырлай жығылған өліктер. Кей тұста ретсіз үйілген, кей тұста іркесе-тіркесе шашылған сансыз мүрде. Кейде тозған, мүжілген ескі зират, әлдебір көне құлпытастар аралығында қатар-қатар, ашық-шашық қабірге сирағы шыға, салбырай, бірінің үстіне бірі құлаған, немесе оңды-солды, репетейсіз қаланған және қабір аралығында бастасып, аяқтасып, қиғаш, қырын, көлденеңдей жатқан, қайткенде де көмусіз, жүз сан мәйіт. Саудыраған қу сүйек емес, бүтін дене. Жарақат жоқ, майып, кетік емес, барлық мүшесі орнында. Тек арыған, тозған, зорлық, ғазап астында көз жұмған, дәрменсіз, шарасыз мәйіттер. Бұл – менің бар Жазуымды түнектен жарыққа алып шыққан, үнемі көкейімде тұратын, қасірет-қайғысы менің қайран жұртымның өр кеудесін жермен-жексен қылған, қысас, қазасы ғазиз басын біржола жалмай жаздаған 1932 жылғы сұмдық ашаршылық – қазақты үлкен халық қатарынан шығарған, келешек құлдық заманның ірге тасын ғана емес, төрт қабырғасы мен төбесін қоса, берік орнатқан, жүз елу, екі жүз жылсыз, бәлкім, ешқашан оңалмас зағип, кемшін жағдайға жеткізген советтік геноцид. Егер ұлы даланы байырғы жұртынан біржола тазарту үшін мұқият, арнайы жоспарланған осындай ғаламат апат болмаса, қазіргі Қазақстанның кесімді шегін лықа толтырып отырар едік, ұлысың – ұлағатты, ер-азаматың – еңселі болар еді, өзің де мүлде басқаша күн кешер едің деген ой... өзекті өртеп қана қоймайды, үмітсіздікке, түпсіз қайғыға жетелейді. Десе де, болашақтан әлденендей сәуле күтесің, жебірлер мен жалмауыздар жаныштаған, сатқындар мен санасыздар жетегіндегі сорлы жұртыңа өткен тарихын ұғындырып, бағзыдағы кісілігін танытуға талап етесің, ең негізгісі – жазықсыз ғана емес, панасыз, дәрменсіз кейінгі ұрпағыңа күш бергің келеді. Менің бар Жазуым – сол бір, орны толмас апаттан бастау алды дейтінім – анық ақиқат. Ал кең далада көмусіз жусап қалған мың сан өлік – өткен күннің бейнелі болса да нақты суреті екен, менің көкірегіме тұнған, арылмас қайғының айғақты бір көрінісі екен.

      Бұдан берідегі, өз басымнан өткен өмірлік жағдаяттардың да әрқилы кепте қайталанатыны бар. Шыңғыстаудың күнгей беті, Бақанас өзенінің шатқалға түсер қысаң тұсындағы Ескі-Жұрт. Менің баба мекен жерім, соңғы екі ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы біздің әулетке ұйтқы болған, кейінгі бес атам табан аудармай қоныстанған құт мекен. Қалың тоғайлы мөлдір өзенге төне біткен жартасты қабақ басында тұрған бағзы қыстау. Ақ қашқан жылы менің үлкен әкем Мағауия салғызған, өз заманында еңселі, әдемі, кең көрінетін, алты бөлме, қосымша тошала, үйшіктері, бес жүз қойлық қорасы бар іргелі қоныстың ортаңғы үйінде мен туыппын. Ес білгеннен, оқу бітіріп, алыс қалаға кеткен, керек десеңіз, отау тігіп, дербес шаңырақ тіккенге дейінгі бар өмірім осы Ескі-Жұрт, көне қыстаумен тікелей байланысты болды. Сәбилік, балалық шақ, қаншама қызық, қуаныш және соншама қасырет, қайғы – мәзкүр Ескі-Жұрт, көне қыстауға қатысты. Қазір құлаған, тозған, топырақ басқан іргесі ғана жатыр. Осы, қаңыраған, төмпешік тұлдырды емес, қаз-қалпында тұрған тірі қыстауды көрем түсімде. Шұбалған ұзын дәліздің сыртқы дарбазасы екі тарап – өзен беттен және таулы қырат жақтан шығатын еді. Қысқы демалыста, басқадай әртүрлі жағдайда оқудан оралғанда – қара жолға жалғас, дөңес жақ, шығыс қақпа, ал өзенге, тоғайға шығарда – батыс қақпа. Мен түсімде үнемі келіс бет – оң жақ қақпа алдында тұрам. Кіре алмай дағдарам. Кіре қалсам, алакөлеңке, ұзын дәлізде қармаланып жүрем, есік табылмайды, табылса, біз тұрған ортаңғы үй емес, кәмпескемен колхозға өткеннен соң, мен көргенде осы қыстауға бөлінген қойшы тұратын үшінші, шеткі үй болып шығады, оның өзі иен. Бірде босағасына көгілдір жарық төгіліп тұрған ортаңғы есіктен кіргенім бар. Қазір әжемді көрем деп қуанам. Бірақ үй қаңырап тұр екен. Ешкім де, ештеңе де жоқ. Әжем жоқ. Сол кезде ғана, мені тәрбиелеп, әлпештеп өсірген ғазиз әжемнің қайғыда, қапада өлгені, одан беріде... талай заман өткені есіме түсті. Әжемнен жаңа ғана айрылғандай, мұңданып ояндым. Арада қырық жыл өткен, мен елудің үстіне шыққам, өзім – ата, бәйбішем – әже болған, сонда да көкірегім қарс айрылды, қайтадан ұйықтай алмадым, таң атқанда талығып, әрең көз іліппін.

     Көне қыстауды бұдан соң да әлденеше рет түсімде көрдім. Кейде әуелгідей, дәлізде жүрем, басқа бір бөлмелерге кірем; көбіне сырттан қараймын, қабырғалары мүжілген, төбесі тозған, терезелері үңірейіп тұр. Екі-үш рет опырыла кеңейген, топырағы сусыған терезеден түскенім бар. Әдеттегідей, әжемді іздедім. Жоқ. Сол кезде ғана есіме түседі. Әжем өліп қалған... Тағы да жүрегім өртеніп, өзегім суиды. Сол сәтінде оянып, бүгінгі күн, қазіргі кебіме оралам... Міне, осындай қайталақ, жалғамалы түс. Жай ғана түс емес, озған өмір суреті. Балалық шаққа қиялда емес, болмыста тағы бір оралу, өткенді жоқтау. Қуаныш, қызығың – желге ұшқан, қимас сағынышпен астас қасырет-қайғың көкіректе тұнған, тарқамай, сол қалпында, әлі тұр екен. Күнделікті еске алмасаң да, оқтын-оқтын, сананың терең түкпірінен көтеріліп, түс ретінде оралғаны. Ақыры, арылмас мұң тұңғиыққа батты. Алпыс жасқа толған қошаметті, мерейлі жылы ата қыстаудың орны тұрған Ескі-Жұртты, ежелден меншікті өзен, тоғай, өлке, аңғарымен қоса, түгел өз атыма көшірдім. Әжемнің басына ықшам, көрікті, жеке, бабаларым мен үлкен әжелерімнің басына аумақты, айдынды ақшаңқан зираттар тұрғыздым. Өткендегі барлық көлеңке ғайыпқа айналды, сағыныш сыздатқан мұңды түстер де жоғалды. Тіленсем де қайтып көре алмаспын деймін. Қайталап көрсем де басқаша болмақ.

     Баба жұрт, көне қыстау төңірегіндегі естелік-арман түстер – нақты өз басыма қатысты жағдаяттан туындаған. Қалай аударса да, мән-мағнасы, шығу тегі анық. Мен үшін дәл сондай айқын, бірақ өзімнен емес, өткеннен бастау алатын, мұңға емес, сырға жетелейтін, сағынышқа толы болса да, салдарлы, салауатты, көтеріңкі, асқақ бір түстер де көруім керек қой. Бар тіршілігім, үйқыдағы түсіме дейін Қаламға қатысты деп танысақ, сол Қаламның ұшынан өндіп, өрістемек Жазуға күш, қуат беретін. Яғни, өткен ерлік заман, бабаларымның неше мың жылдық даңқты тарихы. Болашақ ұрпақ, еркін елдік жолындағы қиян-кескі ұрыстар. Үстем мерей, сән мен салтанат... Ешқашан елес беріп, түсіме кірген емес. Өйткені... бар суреті өзіммен қоса жаралған, қаз-қалпында жадымда. Тірі, нақты, шынайы, табиғи кескін-реңімен көз алдымда тұр. Көздегі көрініс, көңілдегі кейіп, санадағы байлам – таныммен ғана емес, табиғатпен, тума түйсікпен бірге қалыптасқан ой мен суретті – баянсыз елес емес, бір сәттік, бір түндік естелік емес, ешқашан өшпес, тозбас, жанды һәм жарақты, өміршең әрі өскелең, мәңгілік таңбаға түсірдім. Бәрі болмаса да біразын. Уақыт жеткен, шама келген мүмкіндік қадарымша. Өзім үшін ғана емес, бүгінгі ұрпағым, келешек әулет, зәузатым үшін. Мені дүниеге келтірген қайран халқыммен бірге жасасын деп. Еңсесін көтерсін, елдігіне сүйеніш тапсын деп. Түс көріп қажеті жоқ еді. Айттым, өзіңмен, яғни туған жұртыңмен бірге қалыптанған нақты болмыс. Әлбетте, өзіңнен бұрын өткен әлдебір күндердің де түске оралатыны бар. Байтақ шежіре, үлкен тауарих емес, тағы да жеке басыма, бүгінгі маған тікелей жалғас өз аталарыма қатысты, яғни даралық сыпаттағы үзік-үзік суреттер. Соның бірі. Ең ескісі болмаса да, көрнектісі. Және ерекшесі.

      Биік, қарлы таудың ұзын қарағайлы, жасыл шыршалы, оңаша, қиын шатқалы. Салқын күз, ағаш басын тербеген ызғырық жел. Аспан түнеріңкі, қаракөк, алабажақ бұлттар тым төмен үйірілген. Қаһарлы қыс келе жатыр. Мен елден кеткем, жалғыз өзім, қасымда сұлу, жас келіншегім бар, аяғы ауыр, күні тақау екен деймін, қыстан аман шығу қамында, балаң, келте қарағайдан тігілген итарқа үстіне қалың, жасыл жапырақты шырша бұтақтарын молынан, қабаттастыра жауып, баспана күрке жасап жатырмын. Жүрегім күпті, бірақ үрей, қорқыныш жоқ, көңілім орнықты, қайратым қабындап тұрғандай... Сондай ерекше түс.

 

Әлбетте, жорығам жоқ, тап басып, бірден шештім. Мен дегенім – дәл өзім емес, бұдан мың жыл бұрын жасаған ержүрек бабаларымның бірі. Әлде ел тозған, жаугершілік заман, әлде жұрт аманда сүйген қызын алып қашып, уақытша бой тасалаған, қайткенде де аталмыш суреттің өткен өмірде, қаз-қалпында болуы анық. Елден жырақтағы екі жас – менің алған бетінен қайтпас, жанкешті бабам, ақ, адал, шешімтал әжем әлде Алтай, әлде Қанғай, мүмкін Кентей – Бұрқан-Қалдұнның қиян шатқалында, алмағайып заман, аязды күн, боранды түнде жарық дүниеге ұмтылған сәбиін, ол де менің келесі бір атам, сәтімен туғызып алды, қылышын білеген қыстан аман шықты, келер жазда, немесе тағы бірер қыстан соң, әйтеуір көп ұзамай, үйіріне қосылды, ұрпағын ұрпаққа жалғап, бүгінгі маған жетіп, кейінгі балаларыма өтті. Сірә, қан майдан емес, қазалы ұрыстар емес, сырттай бейбіт көрінген, қауібі мен қатері еселі сол бір шырғалаң – тілсіз, дүлей табиғат шеңгеліндегі өзгеше ахуал – біздің әулеттің ғұмыр шежіресіндегі, тізбекті жалғастық үзіле жаздаған, ең бір қиын әрі шешуші оқиға болса керек, мың жыл, бәлкім, мың жарым, екі мың жыл мұғдарында, отыз-қырық ата, елу, жетпіс ата бойы, ұрпақтан ұрпақтың санасына өтіп, ақыры маған – түсімде болса да, нақты суретімен көрініс беріпті.

       Бұдан кейініректегі, ол да ескі, берісі сегіз, тоғыз ғасыр бұрынғы тағы бір оқшау сурет, бір емес, тіркес, жалғас әлденеше көрініс, үздіксіз қайталанып, түсімнен шықпайтын еді. Қарсыз, ағаш, бұта, өсімдіксіз, жалаңаш қызыл таулардың арасында жүрем. Иә, төңірек түгел жатаған қызыл төбе, мінгесе, іргелесе жазылған қызыл қырқалар, ал менің қайта-қайта, қаз-қалпында түсіме енетіні – оң қанаты қожыр жартасты, сол қанаты түйетайлы, төбесі шоқысыз, деңгейлес, ұзынынан созылған, біршама биік қызыл тау; маған көрініс беретін алдыңғы етегі жазаң. Осы бедерсіз қызыл жазаңда, қызыл таудан бірер шақырым ғана қашықта, қабырғаласа, солдан оңға қарай кетіп бара жатам. Бірде – қасымда, сірә, атам тәрізді, үлкен кісі бар, екеуіміз екі түйеге мінген екенбіз, қызыл тауға тамашалай қарап, аяңдай желіп, қалай өткеніміз тура өңімдегідей. Енді бірде жалғыз өзім, сірә, аттымын. Тағы бірде екі кісіміз. Манағы жағдай. Тоқтап қарап тұрғаным және бар. Әр кезде, осылайша, бес-алты, бәлкім, әлденеше рет жұмбақты қызыл тауды жанасалап, атты, түйелі, салт жүргенім есімде. Тек бір-ақ бағытта – солдан оңға қарай және әуелгіден алыс та, жақын да емес. Ақыры тау басына да шығыппын. Жаяу, жалғыз өзім. Кіріс – түйтайлы бет – екі айыр, сайлауыт екен. Еркін өрмелеп, биікке жеттім. Өкпек емес, самалды, қатқыл жел. Тым тегіс емес, құламалы қыр арқаны бойлап, оң жақ басы – еңселірек тұсына дейін бардым. Тағы бірде, қалай шыққаным жадымда жоқ, қызыл таудың ұшар үстінде жүр екем. Келесіде сол жақ қабағында отырмын. Күнгей бет тәрізді. Тауды төңіректеп жүрсем де, басына шықсам да, көкжиекті, бөтен бір қырды көрмеппін және бойымды не қуаныш, не қатер, ешқандай сезім құрсамаған екен. Қимас сағыныш қана бар сияқты. Өңімде қанша ойлансам да, өзгеше ештеңе таппадым. Бірақ бал ашпай-ақ бәрін түсінген едім. Менің әлдебір аталарым, аз ба, көп пе, сірә, бірталай заман бейбіт күн, берекелі тіршілік кешкен, ұрпақ өсірген, шаруа баққан өзгеше құт мекен болса керек. Әйткенмен... тау неге қызыл? Арқада, оның ішінде мен туған Шыңғыстың Сыртында қызыл-күрең беткейлер ұшырасады, қызғылтым, қошқыл реңді, жеке-дара төбешіктер де бар, бірақ басынан етегіне дейін, аймақ, төңірегімен қып-қызыл, тас, топырағы түгел бір түсті, жүлгелі таулар болуы мүмкін бе? Мүмкін екен. Бірде, кездейсоқ альбомнан, әлде журнал жапсырмасынан қызыл тауларға ұшырастым. Бүгінгі моңғол суретшісінің тумасы. Қатар-қатар, ерекше бітімді шоқылар. Мен көргендей жоса қызыл, қан-қызыл емес, қызылынан күреңі басым, өзге, күлгін, көгілдір бояулар да араласқан, екшеуден өткен, қолдан салынған көркем суреттер. Әлбетте, кәдімгі, деректі фото емес, бірақ негізі дүниеде бар натурадан алынды ғой. Десе де түйткілде қалдым. Көп ұзамай арғы бет – Моңғол ұлысынан келген, танымал ғалым, ескілікке бейім бір бауырымнан сұрап едім. Иә, деді, қып-қызыл таулар бар, беткейі ғана емес, түгел тұрқымен, кейде іркесіп-тіркесіп жатады. Енді бәрі де айқын болды. Қайта-қайта түсіме кіріп, жүрегімді сыздата аңсатқан қызыл таулар – менің баба жұртымның нақты бір айғағы екен. Далалық әуелгі өркениет пен ең көне тауарих ұйтқысы, көшпенді қауымның неше мың жылдық құтты, даңқты мекені – менің жай ғана туыс, қандас емес, тікелей асыл сүйегім – өркеуде, жауынгер аталарым Шығыс Дәштідегі түрік-қыпшақ жұртын сартауыл басқыншылығынан құтқару, одан арыдағы бауырлас, бытыраңқы қауымды ұйыстыру, нәтижесінде қуатты, біртұтас ұлы мемлекет орнату мақсатында, шапақ нұрдан жаралған сайыпқыран Шыңғыс ханның алтын туының астында, берік жұмылып, түп көтеріле аттанған дүбірлі жорыққа дейін, бұдан сегіз жүз жыл бұрын, одан арғы және мың, екі мың жыл бойы, әлмисақтан бері ұйықты мекен еткен, орда тіккен түпкі жұрт – ежелгі қоныстың бірден аңдалар, таңбалы көрінісі болып шықты. Басқадай елес берсе, күмәнсіз, құлай танымас едім.

     Түп тамыр – Ежелгі Ғұн, оған жалғас Көне Түрік ұлыстарының құтты ұясы баба жұрт, арада екі, екі жарым мың жыл өткеннен соң мұндағы менің түсіме кірсе – аян ба, естелік пе, алқау, бата ма – қайткенде де ғажайып құбылыс. Әуелгі түстен соң қаншама заман – жиырма-отыз, кейінгі танымнан соң соншама ұзақ көрінген бес-он жылдан соң, жаңа дәуір, жаңа ғасырдың басында қызыл тауларды өңімде, өз көзіммен көрдім. Байырғы түрік жұртының бүгінгі Моңғолия иелігінде қалған бергі беті – Алтайдың шеткі қабағынан, арғы бет – Керөлеңнің сағасына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікті ирек сызып, оңға, солға ойқастап, жер бетімен жүріп өткен салқар жол үстінде көз сұқтанар қаншама қызыл тау ұшырасқан. Сұлу ғана емес, сұсты. Бірақ түсімде таныған тау сол қалпында көрінбеді. Тек түстікпен барып, терістікпен қайтқан орамда, керей-қазақ пен дүрбіт-қалмақ шекарасы, Ащы-көлдің арғы пұшпағында кесе-көлденең тұрған тағы бір тау тым ұқсас көрінген еді. Бірақ біз жақындап келе жатқан шығыс беткейі ойпаң жазық емес, дөңес қырат бітімді. Және жалаңаш, қызыл топырақтан ада, боз жусанды сұрғылт. Сонда да ерекше ыстық көрінген қызыл таудың жоғарғы, оң жақ тұмсығынан айналып өтіп, алдымыздан айқара ашылған көлге – бергі қабақта – бытырай қонған, жапырайған, шағын-шағын моңғол киіз үйлері, арғы бетте – жапырлай тігілген, еңсесі биік, ақшаңқан қазақ киіз үйлері тізілген ойпаңға шыққан соң, екінші, терістік тұсынан тағы бір үңіле қарағанда көңілдегі суреттен мүлде алыстап кетті. Бірақ Ащы-көлді жанап өтіп, екі ауылдың да шегінен ұзап, алысырақ белестен көз салғанда, біз өткен тарабына қарама-қайшы, қырындай тартылған түстік беті – қиялдағы суретке тағы да жақындай түскендей көрінді. Бұл – алдамшы үміт еді. Менің бабаларым төңіректей қоныстанған қызыл тауды көлденеңінен емес, ұзынынан көрдім ғой. Демек, басқа жердегі басқа тау.

     Баба жұртқа бұдан соң да жол айналып түсер. Әйтсе де, көкірегіме ақиқат, нақты суреті қонақтаған қызыл тауды көрер-көрмесім неғайбыл. Бірақ уақа емес. Басқа тауларды, іргелес, туыстас аймақ – қаншама атамның неше мың жылдық мүбәрак сүйегі тыныстаған, әуелгі айбынды ұлысымыз ірге тепкен, кейінгі әулетке күш-қуат берген ордалы қонысымды табиғи қалпында танып-білгендей болдым. Берідегі Шыңғыс хан, арыдағы Естеми, Елтеріс, аралықтағы Білге-қаған, Күл-тегін, менің өзімнің, атаулы таңбасы сақталмаса да, заман тарихын қалыптаған мың сан бабамның табаны тиген топырағын бастым, солар көзімен көрген өзен-суды, бауырына қоныстанған заңғар тау, еркін жайлаған жасыл жазықты тамашаладым. Торыға тұрып сүйіндім, толқына тұрып мерейім өсті. Өзімнің өткенімді қайыра танығандай едім. Ең маңыздысы болмаса да, мән, мағнасы бар, отыз-қырық жыл бойы, он, жиырма, отыз мәрте түсіме кірген, үнемі көкейде тұрған, санамның терең бір түкпіріне орныққан қызыл таулар жұмбағы шешілді.

      Бірақ барлық жұмбақ емес. Соның ең оңайы әрі ең күрделісі – мен кіммін, қайдан келдім деген, тым жұпыны және тарқамас шытырман сауал. Бұдан да қиыны – менің өзімнің ұрпағым кім болады, қайда барады деген күпті, дүдәмал сұрақ. Ертеңің не болмақ, еліңді не күтіп тұр? Осыдан қырық жыл бұрын тақаудағы жетпіс жылдан соң тәуелсіздік келеді, жұртымыз дербестікке жетіп, қайтадан ежелгі ұлыс туын көтереді деп сенетін едің. Жетпіс емес, жиырма бес жылда отарлық кептен құтылғандай көріндік. Енді... тағы бір жетпіс тұрыпты, әуелгі жетпістің ақыры, тақаудағы отыз жылдан соң жұқанасы қала ма? Жерің талапай талауға түсіп, бар байлығың жатқа көшіп, жұртың осыншама азып-тозғанда... ендігі баланың көрешегі не болмақ? Мың, екі мың жыл емес, сегіз жүз жыл емес, енді сексен, жүз жылдан соңғы әулетің ең бейкүнә, бейбіт түсінің өзінде сені көре ала ма? Міне, қасыреттің ең үлкені.

Ал біз... мына мен... жасарымызды жасадық, көрешегімізді көрдік, қалай айтсаңыз да, заманымыз озды. Өткен өмір – қуаныш, мерейі ғана емес, қайғы-зар, қиындық-зобалаңымен қоса көрген түске айналған. Кейде ойлаймын. Мүмкін мына мен – Мұхтар Мағауин деген кісі – мүлде жоқ шығармын – дүниеге келмегем, жер басып жүрмегем. Мен – ғұмыр емес, тіршілік емес, түспін. Бағзы бір заманда, бұдан бес, он, жиырма ғасыр бұрын жасап өткен, кеудесі көтеріңкі, мерейі үстем болған, еркін ғұмыр кешіп, бар мұратына жеткен әлдебір бабамның жойқын жорықтан соң ұзағынан ұйықтап кеткен әлденендей сәтінде көрген түсі шығармын деп.

    Иә. Мен – түспін. Бүгін түс болмасам, ертең, ақыр түбі түске айналарым анық. Менің қазіргі аты-жөнім – шартты белгі. Артыңда қалдырам деген бар ісің – өзіңдікі емес. Атың да өшеді, еңбегің де ұмытылады. Өшпесе де, ұмытылмаса да – күмәнсіз, Өзің емессің. Сен небәрі қураған сүйексің. Мың жасасаң – болашақ ұрпағыңмен ғана. Әйтпесе, мәңгілік түнекке батқаның. Заманнан заман озғанда, пәлен ғасыр, неше жүз, әлденеше мың жылдан соң, ата жұртта, шын еркіндікте күн кешіп жатқан жаңа бір әулет, тың тұяғымның түсіне кірем, яғни ешқашан өлмеймін, ұрпақтан ұрпақтың санасына өтіп, қанша мәрте, бәлкім, мәңгіге қайта тірілуге мүмкіндігім бар деген жіптік сәуле ғана көңілге медеу.

 

2007, Прага.