ЛИРА ҚОНЫС. СӘТСІЗ СЕГІЗ ҚАДАМ

Тобылғы жарғанның уағы болатын. Мерзімі жетсе де кетпеймін, кете алмаймын деп барын салып баққан суық наурыздың басындағы әлін танытпаса да, денені тоңазытуға жарайтын. Ымырт үйіріліп қалған мезетте бағытым белгісіз, әйтеуір қадам басып, қаудыраған жеңіл күртемен келе жаттым және жылы күндердің таяу қалғанына сенгендіктен құралайдың салқынын елемегем. Мыңжылқы көшесін түгестім де, онымен ең соңғы айқасатын даңғыл Ұлытаудың сүрлеміне түстім. Міне, бұл жігітті сол жолдың бойынан ұшыраттым.

Оған жетуіме он қадам қалыпты: Осы мырзамен киноға барса қалай болар еді деп күбірледім. Сол күндері киноорталықтарда Ст.Майердің қансорғыштар туралы романының желісімен түсірілген картинаның алғашқысы жүріп жатқан. Мұндай харрор жанрындағы кадрды тамашау үшін қасыңа ерген жігіттің сыртқы бітімі мен реңінің жақсырақ болуы тіпті де керек емес. Қағаздан жасалған бақырға уысты салып жіберіп, қуырылған жүгеріні әлсін-әлсін шайнап отырып, Роберт Паттисонның гуманизмге толы жүзіне қарап рахатқа бату үшін қайта жаныңдағы серің осындай бейтаныс біреу болса тіпті орынды.

Уақыт өз үстемдігін жасай берді, оған тоғыз қадам қалғанда былай пайымдадым: армандарыма Роберт Паттисонды жүктеп шаршамай-ақ, оны Кристен Стюардтың өзіне қалдырып, кинодан соң осы жігітпен бірге кетіп қалсам ше..? Мүмкін, біз енді ғана ашыла бастаған жазғы орталыққа барармыз. Өйткені, қабырғаларына темекі иісі сіңісті болған кафелерді әсте ұнатпаймын, ондағы ұдайы ойнап тұратын әуендер де көбіне талғамсыз қойылады. Бірақ, таңдау көбейген жерде оны ұмытып кетуім де мүмкін, айтпақшы, өткен жолы көрші үстелдегі жігіттің шарап бокалын сырбаз ұстайтын қалпынан көзімді аудара алмай қалғам.

Құлағымда зырлаған секөнттердің үні тұрды, оған қарай сегізінші қадам жасағанда ойымды былай жалғадым: Үстел басында үнемі серігімнің бетіне қарап, тіс жармай, үнсіз отырғанды жақсы көремін. Бұл маған ұнайды, қарсымдағы кісінің жүзінде көзім тоқтағанмен, ойым әлдебір жақтарға сапарға шығады. Манхеттендегі Колумбия университетінің алдында орнатылған арыстанның тас мүсіндерімен үнемі суретке түсуден шаршамайтын туристерге қарап денем тітіркенуші еді - Африканың қаңсыған өзендерін қанымен толтырып, қырылып жатқан тірі аландар мен қаншырлардың елесінен шошынып; Элизавета ханшайымның гауһар көзді тәжі мен әлемдегі тек еркектер тұратын жалғыз мемлекет – ақыретте тұтасымен тозақта шыжғырылатын Ватиканға қарап сақылдай күліп едім; садақ тартқанда кедергі келтірмесін деп бір емшегін қанын сорғалатып тұрып өзі кесіп тастаған түркінің жаужүрек мерген арулары - сыңар емшілектілерден жауған қарға қанат жебенің бір кездері еуропа аспанында қарша борағаны есіме түсіп... сосын әлдебір сұлу қыздың алқымындағы алтыннан айқасқан қос таяқшаға қарап тағы да ой шыңырауына құлар едім: Исаның көктен түскен күні жер бетіндегі бір-біріне ортан белінен матастырылған қос таяқ атаулыны маңдайына жапсырған ақ сарай, қоңыраулы алтын сарай атаулыны өртеп, жоярына бек сеніп..!

Бірақ, серігім сөзшең болса ше, мүмкін Харуки Мураками дүниелеріне тәнті шығар, жазушы әңгімелерінің көбінде бір бұрыштан басын қылтитып көрініп, сосын ғайып боп кететін елестер туралы айтсақ немесе Токионың тыныш жатқан бір аймағынан Питер Кэт деп аталатын джаз-бар ашқанын есімізге алып, сосын... Құдай екеумізді бірге сакура ағашы гүлдеген бір керемет күні солай қарай жол түсіруге жазсын деген жылы әңгімемен үстелден көтерілсек... Сакураның алқызыл гүлі көмкерген көктемді жапон аралдарын арқа тастап, жетінші қадамды басқанымда оны қалай сөзге тартамын деп ойладым.

- Амансыз ба, гүл сататын дүңгершек іздеп жүр едім, жол сілтеп жібермейсіз бе?

Бұл әдіс емес, ақымақтықтың көрсеткіші болып шықпақ. Жалғызсырап, ұнжығам салбыраған сыртқы көрінісім – әлдекімнің туған күніне асыққан немесе өзіне гүл сатып алғысы келетін көңілді бойжеткеннің бейнесіне ұқсаса құдай ұрсын..!

- Есенсіз бе, екі минөтіңізді бөле алмас па екенсіз?

Өзімді әлдекімнің жұрттан ақша жинап алу үшін ойлап тапқан дінін жан-тәнімен насихаттап жүрген ашықауыз миссионер сезінгенде бұл тәсілден де бас тарттым. Ақылмен ғашық болған жөн, орыс ертегісінде ханзадамен некелескен Күлбикенің махаббаты тек кітапта ғана ұшырасады, ал, өмірде махаббаттың қарапайым және өзіңе ыңғайлысы жақсы

Жасым жиырманың төртеуіне келді, ханзаданың балына барып, шыр үйіріліп билейтін шақ өтті, ханзаданы армандамаймын, маған лайығы – патша шығар деп күлімсіредім.

Уақыт арындап алға тарта берді. Алтыншы қадамды аттағанымда тағы да болашақ жайлы болжамдармен алыстым: Мен өте нашар аспазбын, мүмкін, менің быламықтарыма қарап аспаз деген тәп-тауір атауды қорламау да керек шығар. Бірақ, бұл кемшілігімді жылдам ақтадым, еркектің жүрегін асқазаны арқылы жаулап алуға болады деген сөз өтірік, егер шын болса, күллі еркектер аспаздарға үйленбеуші ме еді деп күбірледім. Мен әрқашан өзіме сенемін, оң қолым қалам ұстап, прозамды жазуға көмектесуден танбасыншы, ал, пендеуи тіршілікке қатысты қалған нәрселерді ойнап жүріп түгендеймін!

Желең жел толқып еді, көктегі кілегей бұлт қалқыды. Бесінші қадамды бастым: Біз әлгі жазғы орталықтан шыққан соң қайда барсақ екен деп күбірледім. Тек қана гүл сыйлағанын қаламаймын. Әлдекімге гүл ұсыну мен сыйлыққа гүл алу салтымда жоқ. Осы дәстүрдің романтикасы мен эстетикасына да түкіргенім бар. Жасылдар қоғамының белсендісі де емеспін, дағды сірә, әжемнен көшті, әлдекімнің бір қуанышы (мүмкін шаттанбайтын да шығар) үшін бір құшақ әсемдікті сабағынан айыру қиянат емес пе? Тағдыр сенімдерді алдамасын деп тілеймін, сөйтсе-дағы, бір бума әдеміліктің өміріне татымайтын можантопай біреу екенін байқасаң қайтер екенсің?

- Бір бума шөбіңді алып тағы да жеткенбісің?

- Сыпыртқыңды әрі тартшы,-деген жауаптар гүл шоқтарына қатысты менің аузымнан жиі шығушы еді. Мүмкін, кітап дүкеніне барармыз. Ден Браунның соңғы шыққан романын көрсетіп, ондағы өзім байқаған кемшіліктер жайлы айтармын. Бастысы, есімі жүрегімді дүрсілдететін адаммен бірге ғұмыр кешпеуге, тіпті оны мәңгілік көрмей кетуге келісермін, бірақ, прозадан тыс өмір сүруге ешқашан шыдай алмаймын деген көзқарастамын деп ашық айтармын..? Егер сен шын биші болсаң еденді сындырғанша биле. Егер сен шын жезөкше болсаң будда мұрагерінің өзімен әуейі бол. Егер сен жазушы болмақты мақсат етсең Шекспирдің өзін мойындамаймын деп барып қолыңа қалам ал, сөйт.

Көз байланды, ақшам жамырады. Жоқшымын, іздегенімді табуыма төрт қадам қалды: Танысқаныма қуаныштымын деген жаттанды тіркестен жүрегім айниды. Кейбіреумен танысқаным үшін өкініп тұратын кезім жетерлік, кейбіреумен болған таныстықты өткінші кездесу ретінде қабылдаймын. Ал, келесі жасайтын үш қадамнан кейінгі көрісу қалай болмақ?Үшінші адымды басқанымда өзім туралы айтып бергенім жөн деп түйдім.

Өз басым адамдарды жақсы не жаман деген екі сорттан ғана тұрады деген ойдан аулақпын. Бірде мен саррацения деген аты бар хош иісті өсімдікті көрдім. Гүлдері де көз жауын алып жайқалып тұрды. Кенет, оның маңына бір байқұс ара ұшып бара қалып еді, әлгі гүлдің қауашағы оны көз ілеспес жылдамдықпен қақшып, жеп қойды. Көрдіңіз бе, біздің жұмақтан түскен періштеге балап жүрген кісімізден бір уақыттар болғанда мына жыртқыш өсімдіктің ажалды әрекетіндей сұмдық шығуы бек мүмкін.

Жалпы, суккулентті гүлдерді жаратпаймын. Олардың етжеңді жапырақтары, денесін тұтас жауып тұрған тікендері маған сұрықсыз көрінетін. Сондай кактустың бірі жазу үстелімді мекен етті. Оны мұнда қашан келгені, кімнің жеткізгені мүлдем есімнен шығыпты, суды кім құятынын да білмеймін, оған өзін жақсы көрмейтін адаммен бірнеше жыл және күн сайын кездесу қиын болған да шығар. Бірақ, ол бір күні гүл жарып мені таң-тамаша қалдырды. Оның құж-құж, ұсақ тікен басқан батпақ сұр түсті денесінде әлемге орасан ғашықтықпен қарап алқызыл гүл жайнап тұрды. Мен сол кезде мынау оңбаған тозақта мәңгілік жанады деп бағалаған адамның да бойында жақсылықтың самалы болады деп күбірлеп едім...

Оған екі қадам қалған кезде, қараңдаған түр-тұлғасына бір секөнт назар салдым да, қыялдың күміс қанатынан түсуім керектігін, оның жоғарыдағы сегіз қадам бойы жасаған жоспарларыма мүлдем татымайтынын ұғып қойдым. Есіңізде бар ма, мен оны сонадайдан байқаған кезде уақыт апақ-сапақпен тұстас еді ғой, жөпелдемеде және небәрі бір секөнттік бақылау барысында мұндай адамға менің әлемімде орын жоғын түсініп тұрдым. Несі ұнамады дейсіз бе? Сіздің басыңызда жазу арқылы хатқа түсіре де алмайтын, сөз арқылы баян етуге де қауқарсыз бір сезімдер болып па еді, міне, мен тап осы күйде едім. Оған деген соңғы қадамды алғанда жасанды «adidas» бәтеңкесін киген аяқтарым бөгелместен алға қарыш жасап кете барған.

***

Ал, Сіз бұл оқиғаның қалай аяқталғанын қалап едіңіз..?