КОФЕХАНАДАҒЫ ЕКЕУДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Стюардессалар әрқашан да сүп-сүйкімді болады ғой... Эйр Астанада жұмыс істейтін бортсеріктердің біріне көз өтіпті. Оны маған кеше бір досым айтып берді. Келіншегі Ақтөбе-Астана бағытымен ұшып келген соң үйіне келіп ауырып қалыпты.

- Үйге әзер жетті – деп бастады досым әңгімесін, бір шынаяқ кофесін сораптай отырып, - келді де, киімін толық шешпестен төсекке құлады. Қызуы көтеріліп кеткен. Температурасын түсіретін дәрі беріп едім, көмектеспеді. Градусникпен өлшеп қарасам 39 градусты көрсетіп тұр. Күйіп-жанып жатыр. Дереу спирт сатып алу үшін дәріханаға жүгірдім. Алайда жақын маңайдағы дәріханалардың бәрі жабық болып шықты. Әдетте түн ортасына дейін ашық болатын дәріханаларды карантин кезінде ерте жабатын болғанға ұқсайды. Жедел жәрдем шақырсам қазір «коронавирус» деп оны да, мені де алып кетеді де, жатқызып тастайды карантинге бірнеше күнге...

- Содан не істедің? - дедім мен.

- Содан үйде өткенде келген қонақтан қалған қалдық жарты шыны арақ бар еді, сонымен үстін сылап қызуын түсірмек болдым. Сөйтіп бірінші көкірек жағына арақты құйып сыладым да, иек бетімен жатқызып арқасын сыламақ болып қарасам, жауырынының төменгі жағында пайда болған үлкен қара дақты көзім шалды...

- Қара дақ?

- Иә, алақанның көлеміндей үлкен қара дақ пайда болыпты. Бұрын ондай жоқ еді...

- Көз өткен ғой онда – дедім мен, тіл-көз өткенде адамның арқасында қара дақ пайда болатыны есіме түсіп.

- Дәл таптың. Көз өткен. Қанша дегенмен де келіншегім әдемі ғой, - деп бір мақтанып қойды да, маған сөз кезегін бергендей ыңғай танытып сәл кідірді. Мен де тыныштықты ұзаққа созған жоқпын:

- Содан соң не болды? – деп едім:

- Есіңде ме, кішкентай кезімізде ауылда жүргенде ауырып қалсақ әжелеріміз көз өткен деп есік-терезені сүртіп әкеліп ұшықтап жататын еді ғой? – деп өзіме қайыра сұрақ қойды.

- Иә, есімде. Ұшықтаған соң кәдімгідей жеңілдеп қалатын едік қой...

- Қайдан ойыма келгенін білмеймін, балалық шақтан қалған сол оқиғалар есіме түсті де, бір беторамалды сулап алып, көршілердің есіктерінің тұтқасын, содан соң подъездің есігінің тұтқасын сүріп әкеліп Айконың арқасын, маңдайын, қолдарын ұшақтап сүрттім. Содан соң бұл аз болар деп ойлап, сіріңкені тұтаттым да, отпен аластадым үш рет. Үйде адыраспан да болмай қалды – дей беріп еді, мен еріксіз күліп жібердім. Неге олай істегенімді өзім де түсінбей қалдым. Досым қабағын шытты:

- Неменеге күлесің?

- Жай.

- Мен сені түсінетін шығар деп айтып отсам саған...

- Сорри... Байқамай қалдым.

- Осыны кеше Бекаға айтып едім, «аллахқа серік қостың, сайтанның ісін істеп жүрсің» деп ит-терімді басыма қаптады...

- Оған несіне айтып жүрсің? Ол барып тұрған арабқұл. Арабқұлдар адам емес зомби ғой...

- Кім не десе о десін! Әйелім ұшықтағаннан кейін жарты сағаттың ішінде тәуір болып кетті.

- Әрине, қазақтың ырым-тыйымдарының бәрі дұрыс – деп оның сөзін қостадым мен.

            Астанада «төтенше жағдай» режимінің енді ғана алынып жатқан кезі болатын. Сондықтан да кофеханада адамдар өте аз еді. Әдетте мұнда бос орын таппай қиналатынбыз. Бүгін мұнда кофені рақаттанып ішіп, емін-еркін отырып әңгіме айтуға мүмкіндік бар. Досымның да іші пысып қалған.

- Старбакстың Астана қаласында ашылғаны қандай жақсы болды! - деп «көз өту туралы» көңілсіз әңгімені басқа жаққа бұрмақ болғанмын, бірақ досым ыңғай бермеді. Бір ай бұрын өтіп кеткен оқиғаға қайта орала берді.

- Айкомен бірге сол рейспен есігі бізге қарама-қарсы пәтерде тұратын көрші кемпір де ұшып келіпті.

- Ол кемпірге не болыпты?

- Сол кемпірдің көзі өтті деп ойлаймын.

- Сенімдісің бе?

- Иә. Өткенде машинама таң қалған. Сатып алып келген күні. Сол күні түнде машинамның төрт дөңгелегін бірдей шешіп алып кетті әлдекімдер.

- Әлі табылған жоқ па ұрылар?

- Жоға. Қайдағы? Төрт ай өтті. Арызымды жазғызып алды да, жоғалды ғой. Әлі хабар жоқ. Полиция қылмыспен емес саяси активтистермен күресетін болып кетті ғой...

- Мда... Оның рас енді. Көршің жаман болса ол да қиын...

Кішкентай күнімізде көзі өткентін көрші шал болды. Бәріміз соны көрсек зыр-зыр қашатынбыз. Бүкіл ауыл қорқатын ол кісіден. Ақыры ағама көз тиіп өлген соң ол үйден көшіп кеттік. Жиырма жыл бұрын өтіп кеткен осы жай есіме түсті.

Кей-кейде жалғыздықтан шаршағанда шер тарқатар досыңның болғанына не жетсін? Екеуіміз Старбаксте төрт сағат отырып біраз әңгіменің басын қайырып тастаппыз. Әлі де біраз отыра беретін түріміз бар еді, қызу әңгіменің қызығын даяршы қыздың: «Через 10 минут мы закрываемся» деген бір ауыз орысшасы бұзды.

Сөйтіп досыммен қоштасып үйге жиналдым. Индрайвермен такси шақырып, келген көліктің артық есігін ашып отыра беріп едім, таксист жігіт музыканың орнына әлдебір арабқұлдың уағызын қосып қойыпты. Қаным басыма тепті. «Өшір анаудың» - деп едім, рөлде отырған, бет-аузын арамшөп басқа қазақ жігіт ала көзімен алара қарады маған сүзеген бұқадай. Ала көзімен қарады да, өшіруге қолы бармай даусын жайлатып қойды.

- Мен саған өшір дедім ғой!

- Не болды брат? Тұра берсін де? Шетелдің даңғылдаған музыкасынан жақсы ғой – деп қояды даусын көтеріп. Тіпті, маған қол көтеретін түрі бар.

- Араб сенің екі туып бір қалғаның ба еді? – дедім де, жүрейін деп тұрған көліктен түсіп кетіп қалдым. Сәл болмағанда көлігенен түсіп, мені бас салып соққының астына алуы да мүмкін еді, бірақ оған мүмкіндігі болмады. Артында тұрған көлік сингалын басып, амал жоқ жүріп кетті әрі қарай.

Жол бойы ойланып келемін. Досымның айтқан сөздерінің жаны бар: «Қазір жастардың бәрі дүниеге қазақы көзбен емес, шариғат көзімен қарайды. Бойтұмар тағып өскен соңғы ұрпақ біз шығармыз...?» - дегені қайта-қайта ойыма орала берді. Бойтұмар демекші, шешем бала күнімде «Тіл-көзден қорғайды» деп ауылдағы емшіге оқытып әкеліп тағып қойған бойтұмарын 2 курста оқып жүрген кезімде «Бойтұмар тағуға болмайды екен» деп өзі шешкізіп алды, отқа салып жіберді. Сол сәтте бүкіл өткен шағымды отқа жағып жібергендей болды. Көрші ауылға қонаққа барғанда әлдекімнен естіп келіпті. Енді қазір ойлаймын, бойтұмар тағатын адам қалды ма екен бұл заманда...?

Астананың асығыс салынған көшелерімен үйіме қарай тартып келемін, тартып келемін. Досымның айтқан сөздері ойымнан кетер емес: «Үнділер пұт құдайларына әдемі шүберектер жауып, алдына табақ тартып, үстіне дәндер сеуіп, әспеттеп киноларында көрсетіп жатады. Біреулер үшін пұтқа табынушылық болса да, бұл олардың салт-дәстүрлері. Орыстар болса босаған бөтелкені үстелдің үстіне қойсаң жандары шығып кете жаздайды. Түріктер болса маңызды шаруамен сыртқа шығып бара жатқан адамның артынан су шашады. Мұның бәрін киноларында нақты көрсетіп жатады. Ал біз ше? «Қыз Жібектен» басқа қай фильмде қазақтың ырым-тыйымдарын көрсеттік? Кинода көрсетпек тұрмақ, өзіміз күнделікті өмірде ұстануға ұялатын жағдайға жеттік. Ескіліктің сарқыншағы болса да, бұл біздің фольклорымыз емес пе...?»

Иә, расымен де досым дұрыс айтады. Менің өзім де қазақтықтан біраз алшақтап кетіппін. Студент кезімде жаңа төсекке жатар алдында сіріңке тұтатып аластайтынмын. Оқу бітіргелі де біраз болыпты. Соңғы рет төсегімді қашан аластап ұйықтағаным де есімде жоқ екен...

 

Оралбек Ж. Өтеғұлов