Бұл шығарманың жазылуына
бiр ауыз сөзiмен себепшi болған –
Әбдрахман Сауытбекке.
1.
Бұрын әкесiн сағынбайтын. Жарық дүниенiң әлдебiр алыс түкпiрiнде «соғыс» деген бiрдеңенiң жүрiп жатқанын бiлетiн. Сол «соғыс» деген бiрдеңеге өз әкесiнiң қатысып жүргенiн бiлетiн. Танкi деген темiр арбаға мiнiп, майданға шығады екен деп еститiн. Станса басындағы клубта үш-төрт рет кино көргенi бар. Танкi деген ұзын мойын құбыжық өңешiнен от шашып келе жатады.
Жарық дүниенiң әлдебiр алыс түкпiрiнде соғыс деген бiрдеңенiң жүрiп жатқанын Бураш қайтсiн. Бураштың Танкист деген iнiсi бар едi. Танкист бұған соғыстан гөрi жақын. Балпанақтай бала едi. Екi жаста. Ақкөңiл едi. Күлкiсi әдемi едi. Саусағыңды көрсетсең сықылықтап мәз болатын. Нан берсең – бiрден бас салмайтын. Жесем бе екен, жемесем бе екен дегендей ойланып бiраз отыратын. Содан кейiн бұған жалына, жағына қарайтын. Рұқсат па дегендей.
– Жей ғой, жей ғой, – дейтiн Бураш. Түсiнiксiз бiр сезiм бойын буып, көзiне жас үйiрiлетiн. Танкистiң қарны аш екенiн бiлетiн. Бiрақ қолына ұстатқан нанды бiрден бас салмағанын көргенде iшi елжiреп кететiн.
– Тектi жердiң баласы ғой! – дейтiн нағашы аға да. Нағашы аға да Танкистi ерекше жақсы көретiн.
Сол Танкист бiр-ақ күн ауырып, дүниеден өтiп кеттi.
Жарық дүниенiң әлдебiр алыс түкпiрiнде соғыс деген бiрдеңенiң жүрiп жатқанын Бураш кайтсiн. Ұзын кеңiрдек темiр арбаның өңешiнен от шашқанын Бураш қайтсiн. Бураш Танкистi iздейтiн. Қайтып келедi деп сенетiн. Бураш сол iнiсiн күтетiн.
Кейде ақырын есiк ашылады. Танкист кiрiп келе жатады. Шидей-шидей сандары сынып кете жаздап, үлкен де ауыр басын жiңiшке мойны көтере алмай, бiр жағына ауып кетiп, түсiп қалардай; азапты сұрақ толы үлкен көздерiмен жалбарына қарап тұрады. Бураш орнынан көтерiле бередi. Танкистке ұстата қоятын нан iздейдi. Нан табылса жақсы. Табылмаса, ендi оған не бетiмдi айтамын дегендей, терiс қарап, бұл да сүмiрейiп қалады. Есiн жинап, артына бұрылса – Танкист ғайып. Бiрақ, бiр ғажабы, Танкист ашып кеткен ағаш есiк iшiн тартып ықылық атып, өксiп жылап тұрады!
Бураш iнiсiн күтiп жүргенде әкесiнен хат келдi. Бұл үйде, тiптi бұл аулада әрiп танитын жалғыз «оқыған, молда бала» – Бураш. Ақбердi ауласының он бес шақты тұрғыны түгел жиналды. Ортаға шығып Бураш хатты мақамына келтiрiп оқып бердi. Мақам деген сөздi Бураш Ақбердi ақсақалдан үйренген.
– Әй, балақай, әй, Бураш, мақамына келтiрiп оқы, – дейтiн ол кiсi.
Ол кiсi де өтiп кеттi ғой дүниеден. Ол кiсi де Танкист құсап бiр-ақ күн ауырды. Бiрақ, ол кiсiнiң ендi қайтып келмейтiнiн Бураш бiледi.
Әкесiнiң бұл жолы жазған хатыңда оғаш бiр сөздер бар екен. Бураш жаттап үйренген. Бураш зырылдатып оқып шығатын белгiлi сөйлемдерден кейiн: «Саттар! – дептi әкесi, – Осы хатты алысымен маған бiр посылка қазы салып жiбер. Ұнға орап. Бұзылмасын. Жаңа келген командирiм казақстандық орыс. Қазы-қартаны сағыныпты».
Саттар нағашысы қазыны қайдан тапқанын, қалай салғанын Бураш бiлмейдi. Бiр айдан кейiн мамасы айтты:
– Буратай, ертең сексен екiншi пойызға шық, – дедi. – Папаң келе жатыр, – дедi.
Ол күндерi Саттар нағашысы рейске кеткен. Рейс дегенi – Арыс пен Құланның арасы. Төрт тәулiкте бiр-ақ оралады.
Ер жетер, ел қатарына қосылар, Бураш бала Бурахан Өртайұлы аталар. Бiрақ сол кезде де мамасының станса басына өзi шықпай, Бурашты ғана жұмсағанын, бәрiбiр, түсiнбес.
Станса басында Бураш төрт күн жүрдi. Әкесiн төрт күн күттi. Бiрақ күнде өтетiн, күнде бiр мезгiлде өтетiн, «ИС» деп аталатын тұлпар паравоздың жетегiнде кететiн он сегiз көк вагонның бiрiнен түспей, әкесi қарапайым солдаттар мiнетiн қызыл вагоннан секiрiп түскенде Бураштың көңiлi құлазып қалды. Судай жаңа офицер киiмiн киген, оқалы пагон таққан, бұйрабас кiсi әкесi екенiн танып, ұмтыла берген Бураш кiлт тұрып қалды. Қолында гүлi бар бiр еркек, бiр әйел бұның әкесiне қарай ентiге келiп, жақындай бердi. Екеуiн де станса жұрты жақсы бiлетiн. Екеуiнен де станса жұрты ығысып, қорқып жүретiн. Бiр көзi шодырайып, шарасынан шығып кете жаздап тұратын, қарапайым жұрт «стансаның құдайы» деп атайтын қарасұр, сұсты кiсi мен қарапайым жұрт стансаның «екiншi кәттасы» деп атайтын арық сары орыс әйел әне-мiне дегенше бұның әкесiн кезек-кезек құшағына қысты. Қолына гүл ұстатты.
Екеуiнiң құшағынан әрең құтылғандай сытылып шыға берiп, әкесi ендi бұған қарай өзi жүгiрдi.
– Әй, Бураш, иттiң күшiгi, неғып тұрсың состиып!
Әке құшағының ғажайып ләззат екенiн бала Бураш сонда ғана алғаш рет сезген. Стансаның екi құдайы бұның әкесiн ат жеккен жайдақ арбамен Ақбердiнiң ауласына жеткiзiп салды. Тобықтан асып езiлiп жатқан ми балшықтан жезиық офицердi солай құтқару керек болған-ау, шамасы!
Жылдар өтер, Бураш ер жетер, ел iсiне араласар, сол кезде ғана түсiнер: ат жеккен жайдақ арба қазiргi мықтылар мiнетiн лимузиннен бiр де бiр кем болмағанын! Кезiнде.
Алыста жүрiп жатқан соғыс деген әлдененiң мән-мағынасын Бураш бәрiбiр түсiнген жоқ. Әкесi үйде бiр апта болды. Бiрiншi шаңқарақшы, Екiншi шаңқарақшы деп аталатын екi көшенiң қазақтары әкесi мен шешесiн күнде қонаққа шақырып, күнде емес-ау, күнiне екi-үш үй шақырып, бұлардың өзiне аз бұйыртты. Шырттай киiнiп келген алтын жағалы бұйрабас әке таңсәрiде ғана Бурашты оятып алып, бауырына басатын. Иiскейтiн.
Бураш бұрын әкесiн сағынбайтын. Ендi Бураш әкесiн күнде күтетiн болған. Мектепке барарда станса басына бiр соғып өтедi. Мектептен қайтарда станса басында айналып көп жүредi.
Мектептегi сабақ сегiзде басталады. Бураш перронға жетiде шығады. Көз үйренген көрiнiс. Перронның ұзына бойында, әсiресе шет жақтарында теңкиiп-теңкиiп, қу сирақтарын бауырына қысқан (Жалаңаяқ! Осы күнде ойлайды Бураш, Бурахан Өртайұлы, түнде «жүрiп кеткен» өлiктердiң үстiндегi лыпасын, әсiресе, аяқ киiмiн әлдекiмдер шешiп алып кетедi екен ғой!), кеше ғана адам аталған сойдиған сүйектердi стансаның форма киген екi қызметкерi жинап алып жүретiн. Базар жақтан үш арба келедi. Екеуiнде базардан жиналған «олжалар». Үшiншi арба станса басындағы «табысқа» лық толады. Бураштың бiр таңқалғаны өлiктердiң аяқ-қолдары ешкiмге, еш уақытта бағынбайды екен. Қолдар көкке көтерiлген қалпы, аяқтар иiлуге келмеген қалпы, сексеуiлдiң серейген бұтағындай жан-жаққа қашып бара жатқаны…
2.
Қара күз келiп, станса басын қара суық құрсай бастаған кезде олжа жинайтын (олжа деген сөздi орыс балалар «находка» дейтiн) үш арба алтау болды. Батыстан келгеп қызыл вагондардан киiмдерi қазақша, түрлерi қазаққа ұқсайтын, бiрақ тiлi бөлек әлдекiмдер көрiнетiн.
– Калмыки! – дедi бұл дүниеде бiлмейтiнi жоқ Колька деген ұзынтұра сары бала. Елуiншi мектепте 6-класта оқиды. Бураштың «айнымас досы». Екеуi күнде үш-төрт мәрте төбелеспесе, айыздары қанбайтын. Ол – жiп-жiңiшке, ұп-ұзын, бұл – аласа, жұп-жуан. Екеуi тiресiп тұра қалады.
– Сам ты калмык! – дейдi Бураш. – давай выходи!
– Давай! – деп Колька жетiп келедi. Екеуi кеуде тiресiп тұра қалды. Кеуде деген жай сөз, тiрелетiн Кольканың бөксесi, тiрелетiн Бураштың төсi. Әбден дағдыланған төбелес. Бiрiн-бiрi итерiп, ығыстырып, шегiне берiп, қайта түйiсiп, түйiсе берiп, қайта шегiнiп бiраз тұрады. Төбелестi бiрден бастау қызық емес. Қол мен аяқ запаста болу керек. Итергенде Колька Бураштың тегеурiнiне төтеп бере алмайды. Кольканың қолдары ұзын. Амал жоқ, қолдарын «iске қосады». Аяқтарын «iске қосады». Сол кезде ғана Бураштың «құдайы жарылқайды».
– Ендi өзiңе обал жоқ! – дейдi Бураш, дейдi де шегiне түсiп, қайта ұмтылып, Кольканы баспен соғады.
– Басың қатты-ей, сенiң! – деп, омыртқасына жабысқан аш құрсағын кос алақанымен басып, Колька жыламсырап тұрып қалады.
Сол күнi ғой, өлiк таситып алты арбаның сегiз болғанын байқағаны Бураштың. Сол күнi ғой, калмақ шалды көргенi.
Жылдар өтер. Бураш ер жетер. Бала Бураш Бурахан Өртайұлы аталар. Мұхиттың арғы бетi мен бергi бетiн көршi ауылға барып келгендей «кезiп» жүрер. Бiрақ сол бiр қалмақ шал көз алдынан да, көкейiнен де кетпес Бураштың.
3.
Колька тегiн кетпейтiн, кiжiнiп кететiн. Стансаның Водакачка деп аталатын жағында сол кездiң стандартымен салынған ұзын екi ақ ғимарат болатып. Бiрi – нөмiрi 37-шi Каганович атындағы қазақ орта мектебi. Екiншiсi, нөмiрi 50-шi Калинин атындағы орыс орта мектебi. Екi сабақтан кейiн үлкен үзiлiс. Он бес минут. Екi мектептiң бесiншi-алтыншы класс оқушылары «нейтрал зонаға» лап қояды. Әр класта отыз бала бар десең, майданға – екi жүздей бала қатысады. Төбелесте «режим» қатты сақталады. «Iске қосылатын» тек қана жұдырық. «Соғыстың» таза болуы шарт. Тас, кесек, темiр, бәкi колданылмайды. Ол кездегi тас, кесек, бәкi, темiр таяқ қазiргi атом бомбасы сияқты – тыйым салынған! Қан майданның екiншi шарты – он бес минуттан аспау керек. Қоңырау соғылды – бiттi, бiреудiң жағасына жабысып қалған қолыңды босатып аласың да, мектебiңе қарай тұра жүгiресiң. Аяқталмай калған төбелес келесi күнi жалғасын табады.
Бураштың көздегенi Колька. Кольканың көздегенi Бураш. Екеуi де дағдыдан шықпайды. Бiреуi бөксесiн, бiреуi кеудесiн тiреп, ырғасып тұрғаны. Содан кейiн ғана екi қол ербеңдей бастайды. Екi аяқ көстеңдей бастайды. Ең соңында Бураштың басы «iске қосылады». Шегiншектеп келiп…
– Иттiң баласының басы қатты!.. – деп Колька «ойпаң» қарнын екi алақанымен басып, теңселiп кетiп бара жатады.
Бүгiн де солай болған едi. Бiрақ, бүгiн Бураш Кольканы өзi қуып жеттi.
– Тоқта, мен сенi ұрмаймын! – дедi. – Бүгiн екеумiз сабақтан кейiн стансаға бiрге барайық, ә?!
Колькаға да татулық қымбат. Мұрнын бiр тартып қояды да:
– Жарайды! – дейдi.
Бала кездiң төбелесiнде зiл болмайтын.
4.
Өңiнде күткен әкесi түсiнде келдi. Қызыл вагоннан секiрiп түсiптi. Сол баяғы бұйра шаш, сол баяғы судай жаңа френч, сол баяғы алтын оқалы алтын пагон. Күн көзiмеп шағылысып тұр.
– Әй, иттiң күшiгi, неғып тұрсың состиып! – дедi. Бурашқа ендi ғана «жан бiттi». Екi колын жайып жiберiп, «Папа!» – деп айқайлап, әкесiне қарай тұра жүгiрдi. Аралары оншақты-ақ кадам едi. Бiрақ жете алар емес. Әлi жүгiрiп келедi, әлi жүгiрiп келедi. Әкесi тұр, жымиып. Ол да екi қолын жайып жiберген. Бураш жүгiрiп әлi келедi, әлi келедi. Жетер емес. Ыза болды. Жылап жiбердi.
Оянса, алқынып жатыр екен. Екi бетi дымқыл.
Нағашы ағасы жақында ғана тағы бiр посылка жiберген. Әлдеқайдан таңдап жүрiп тапқан бiлеудей-бiлеудей қазы едi. Анасы бiлеудей-бiлеудей қазыны ұнға мұқият орап, ақ дорбаға әрең сыйғызған. Кетер қазы кеткен. Ендi әке келiп қалса керек едi. Кешiге бердi ғой.
Станса жақтан гудок естiлдi. Гудок дегенiңiз ол – сағат алты деген сөз. Арасын сәл ғана үзiп-үзiп, алты рет боздайды. Сағат жетi десе – жетi рет боздайды. Бүкiл станса сол бiр өкiрек сағатпен өмiр сүредi.
Әдетте Бураш әрең оянып, әрең есiн жинап, әрең киiнiп, үйден әрең шығатын едi. Бүгiн қимылы ширақ. Әлгiңде ғана көрген түстiң әсерi болар. Тез тұрып, тез жуынып, тез киiнiп, терезе алдында жатқан талон деп аталатын қағазды қойын қалтасына салды, шиқылдақ есiктi ақырын ғана итерiп ашып, аяғының ұшымен басып, сыртқа шықты. Кеше ғана езiлiп жатқап кара балшық қара тас болып қатып үлгерiптi.
Мұндай суықта жай жүре алмайсың. Бураш бүрсеңдеп желе жөнелдi. «Бұл жолы папам (Бураш әкесiн папа дейтiн) сексен екiншi пойызбен келедi», – дедi Бураш. Әлдекiммен ерегескендей, тоқтап тұрып, нығыздап айтты. Стансаның кәттасы мен оның орынбасары алдынан гүл алып шығатын адам қалайша қызыл вагонмен келмек. «Өткен жолы бiр оқыс болған ғой. Әйтпесе папам өткен жолы да Иосиф Сталин деп аталатын паравозға тiркелген он сегiз көк вагонның бiрiмен келсе керек едi. Көк вагонның бiрiнен түсiп жатса керек едi. Бұл жолы әбизәтiлнә сөйтедi!».
Екiншi шаңқарақшы көшесi мен стансаның арасы – алыстың алысы. Жүре бересiң, жүре бересiң, жете алмайсың. Тәттi тәнiңдi мынау қара суық қарып барады. Қойны-қонышың толған ұры жел.
«Бүгiн маған не болған» деп ойлады Бураш. Таңсәрiде қызыл вагоннан қарғып түскен әкесiне жете алмай, өлiп-талып жүгiргенi есiне түстi. Екеуiнiң арасы он-ақ қадам едi. Соған он сағат жүгiрген шығар. Ендi, мiне, стансаға да жетер емес. Әлi келедi, әлi келедi.
Жылдар өтер. Бураш ер жетер. Ел азаматы атанар. Сол кезде станса мен Екiншi шаңқарақты көшесiнiң арасын жеңiл машинамен жарты-ақ минутта өтiп шығар. Ол кез – алда. Ал бүгiн Бураш әлi келедi, әлi келедi. Шұлғауын жөндеп орамаған ба, екi етiктiң iшiн де ұры жел, сүмелек қаншық, кеулеп алыпты. Тас боп қатып қалған қара балшықтың үстiне отыра қалғысы келдi. Жылап жiберсе ғой, шiркiн. Жылап-жылап алса ғой, шiркiн. Өйтуге болмайды. Иосиф Сталин деп аталатын сұлу қара тұлпардың жетегiндегi он сегiз көк вагон жүйткiп келiп перронға тұра қалады, тұра калады да екi минутта қайта қозғалады. Қозғала сала ағыза жөнеледi. Арындай жөнеледi. Бұны күтiп тұрар деймiсiң. Қойны-қонышы ұры желге толып кеткен қара баланы күтiп тұрар деймiсiң. Тас қауашақтай дүңгiрлеп тұрған қара жерге отыра кетер ме едi. Жылап-жылап алар ма едi. Өйтуге болмайды. «ИС» ешкiмдi күтпейдi.
Бураш та жеттi, «ИС» те жүйткiп келiп тоқтай бердi. Бүкiл перронда жан жоқ. Вагондардың есiгiнде қылтиған бiр-бiр бас. Қолдарында шошайған ала таяқ. Қара фурашка киген, қара шинель киген ақсары шаш қатындар. Терезелерге ақ перде ұсталған. Ақ перденiң ар жағында кiмдер кетiп бара жатқаны жұмбақ. Папам бүгiн де келмедi-ау деп ойлады Бураш.
Ентiгiп келiп, демiгiп тоқтаған «ИС» кеудесiн ауаға толтырып алғандай ахілеп-ухiлеп, арсылдап-гүрсiлдеп бiраз тұрды да, көкке бiр-ақ қарғымақ болғандай, кенет, доңғалақтарын қатты-қатты айналдырып жiбердi, доңғалақ пен рельстiң арасынан от шашырады. Орнынан қозғала алмағанына ыза болғандай, ышқынып-ышқынып, паровоз қатты өкiрiп қалды. Сүйретiлiп, әрең қозғала бердi.
Басқа паравоздардай емес, «ИС» бiр қозғалмайды, бiр қозғалса ұша жөнеледi. Бұл Кольканың сөзi. Ол да, иттiң баласы, айтқыш-ақ. Бураш сәл жымиды. Өз ойына жымиды. Дәл сол сәтте арт жағынан Кольканың үнi естiлдi.
– Ей, ты, Квадрат, жүр, мен саған калбиттердi көрсетейiн.
Тағы да төбелес басталып кету керек едi. Таң әлi атпаған шақ. Күткен әке бүгiн де келмедi. Қалай ғана төбелесерсiң.
Кольканың әкесi осы перронды жинайтын, қол арба сүйретiп жүретiн қара фурашкалы, қара шинельдi екi «өкiмет адамының» бiрi. Бурашты жақсы таниды. Бураш та ол кiсiмен жылыұшырап амандасып жүредi.
Кеше кешке өткен ұзын қызыл составтан «түсiп қалған» қалмақтар сегiз арбаға да сыймаса керек. Солардың жиырма шақтысы перронның шығыс жақ шетiндегi темiр тормен қоршалған алаңқайға үйiлiптi. Сыртынан құлып салыныпты.
Колька қызық бала, үлкендерден не естiсе, соны қайталай бередi.
– Калбиттердi түн ортасында әкелдi, – дедi ол темiр тордың аржағында үйiлiп жатқан, ешкiмге бағынбайтын, сексеуiлдiң бұтағындай ербиiп кеткен жiңiшке сирақтар мен жiңiшке қолдарды көрсетiп.
Өлiктердiң бәрi жалаңаяқ. Бiрақ үстерiнде бүрме етек көйлек, ою жиектi камзолдар аман.
– Калбиттердi ұрылар тонап кетпесiн деп папам менi осы жерде калдырған, – дедi Колька, – ұрылар үш рет шабуылға келдi. Мен айқайлап жолатпадым. Менi бiлесiң ғой. Менiң даусымнан адам түгiлi ит қорқады!
Жауығып жүрген екi бала қатар тұра қалып, темiр тордың аржағына үңiлдi. Үнсiз үңiлдi.
– Әне-мiне папамдар қайтып оралады, – дедi Колька. – Мыналарды алып кетуге келедi. Бүгiн Алматыдан Москваға қарай үлке-е-е-е-н бастық өтедi. Қазақстанның главасы. Ол пойыз келгенше калбиттардың бәрiн қаланың сыртына апарып тастау керек. Түсiндiң бе? Ал папам болса… Үлгермей жатыр.
Соңғы екi сөздiң мағынасын Бураш түсiнбей қалды. Ондайда басын кегжең еткiзетiн әдетi бар едi.
Басы кегжең еткенде аспанға көзi түстi. Әлдебiр құбыжықпен аянбай соғысып, алып қанаттары алба-жұлба, жырым-жырым болған алып қара құс станса үстiне төнiп келедi екен. Төнiп келедi, әлсiреп келедi, екi жағына кезек-кезек ауып кетiп, әне құлаймын, мiне құлаймын деп келедi.
Алып қара бұлттың бауырынан қара суық жел жеттi. Бала бойын тiтiркентiп, қойны-қонышын тағы да тiнтiп өттi.
Әлгiнде ғана бiр сұмдық көрiп едi ғой.
Бураш темiр тор iшiне үрейлене қарады. Қараған жоқ-ау, қарап қоям ба деп қорықты.
Түсiнiксiз әлдебiр өктем күш: «Берi қара! Берi қара!» – деп талап етiп тұрғандай.
Амал жоқ, қайтадан мойнын бұрды. Дәл сол! Өлiктердiң арасында екi көзi жәудiреп, кiрпiктерi сәл ғана қимылдап, тiрi шал жатыр! Бұған қарап жатыр. Ендi Бураш өзiн-өзi жеңдi. Үрейдi жеңдi. Ендi Бураш кiрпiгi қимылдап жаткан шалға тiк қарады. Шалдың солғын көздерiнен жылт еткен от көрiндi. Үмiт оты. Маған қарағаныңа ризамын дегендей. Бураштың дәтi шыдамады. Басы қайтадан кегжең еттi. Алатау мен Қаратаудың Шақпақ деп аталатын қойнауынан әлгi алып қара құс әлi төнiп келедi екен. Әлi төнiп келедi екен. Әлгi әзiрде ғана майданнан шыққандай. Әлгi әзiрде ғана қанқұйлы дұшпанмен аянбай арпалысып, жеңiлiп шыққандай. Қанаттары жұлма-жұлма. Салбырап кеткен. Әне құлайды, мiне құлайды. Екi жағына кезек теңселiп, жантәсiлiм етiп келедi. Ызғарлы қара жел қайта соқты. Баланың қойны-қонышын үскiрiк ызғар қайта тiнтiп өттi. Сүйегiне жабысқан терiлер кенет iсiнiп, бөртiп бара жатқанын сездi.
Шалға қайта қарады бала. Үнсiз жалынып жатыр. Менiң тiрi екенiмдi көрдiң ғой дейтiндей. Үлкендерге айт дейтiндей. Менi мынау арадан құтқарып ал дейтiндей. Ернi кемсеңдедi. Көзi жәутеңдедi. Жақсы бала сияқтысың, маған көмектес деп жағына бастаған сияқты.
– Қара, қара! – дедi Бураш Колькаға, – Анау тiрi ғой…
Екi бала бiр-бiрiне телмiрдi.
– Ие, тiрi сияқты… – дедi Колька.
– Оттапсыңдар! – деген дауыс гүж еттi екi баланың көк желкесiнен.
Кольканың әкесi мен оның серiгi – тапал қара кiсi келiп қалғанын балалар байқамапты. Жалт бұрылған қас-қағым сәтте Бураш көз қиығымен ғана тапалтақ қара ұстап тұрған қол арбаны аңғарды, қол арбаның үстiнде көлденең жатқан темiр сап темiр күректi көрдi. Бұл күректiң сабы неге темiр? – деп ойлап та үлгердi.
– Ағай! – дедi Бураш, – Анау бiр кiсi тiрi жатыр!
Сергей ағаның: – Қойшы-ей? – деген үнi күмiлжiп естiлдi.
– Оттапсыңдар! – дедi тағы да тапал қара. – Ондай болмайды!
– Шын айтамын! Өзiңiз де көрiп тұрсыз ғой! – Бураш екi үлкен адамға жалбарына қарады. – Тiрi ол, тiрi!
Бураштың көзi қалмақ шалдың көзiмен қайта ұшырасты. Бұл жолы қалмақ шалдың көзi бала көзiн арбап алды. Жiберер емес. Ернi кемсең-кемсең етедi. Көздерi сайрап қоя бердi. Мен тiрiмiн деп жатыр. Менi құтқар деп жатыр. Сөз ұғатын бала сияқтысың ғой. Түсiндiр аналарға деп жатыр.
Бураш күйiнiп кеттi.
– Жөндеп, дiт қойсаңыздаршы! – дедi.
Екi үлкен безерiп үндемедi. Ендi Бураш Колькаға бұрылды.
– Колька, сен айтшы ендеше!
– Иә! – дедi Колька. – Ол тiрi! – дедi Колька. – Көзi тiрi! – дедi Колька. Осы сөздерi ол ықылық атып тұрып айтты. Өз түкiрiгiне өзi шашалып тұрып айтты. Әкесiнен қорқып тұрып айтты. – Шындық қой, тiрi екенi, папа! – деп аяқтады ол соншама ұзаққа созылған «монологiн».
Папасы ендi ғана қарады. Мойындап қарады.
– Иә, солай сияқты… – деп мұрын астынан мiңгiрледi.
– Қорыққанға кос көрiнер! – деп гүж еттi тапал қара. – Ал, жарайды, былай кетiндер, боқмұрындар! Сендермен тәжiкелесiп тұруға уақыт жоқ!
Тапал қара шалбарының терең қалтасына қол салды, терең калтаның түбiне колы жетпегендей, еңкейе түсiп, кiлт алды. Кiлт алды да қара құлыпты ашты. Содан кейiн өзi барып жайдақ арбаға жегiлген көтерем атты тор қақпаның алдына жетектеп келдi.
Бураштың намысына шоқ басылды. Мынау арба осыдан екi ай бұрын… Стансаның екi құдайы гүл алып шығып… Бұның папасын отырғызып… Екiншi шаңқарақты көшесiне… жеткiзiп салған арба ғой… Сол арба ғой! Сол арба ендi өлiк тасып жүр ме! Сұмдық қой бұл. Бұның папасын, бұның алтын жағалы папасын құрметпен үйге жеткiзген арба! Ендi өлiк тасып жүр ме!
Бураш буынып өлердей халге келдi. Даусы шаңқ ете қалды.
– Имансыздар!
– Папа! – дедi Колька да.
Тапал қара екi баланы темiр тор қақпаның алдынан итерiп барады.
– Тайыңдар! Тайыңдар бұл арадан! От винта!
Бураш шыңғырып жiбердi. Шыңғырып жiбердiм деп ойлады. Бiрақ даусы шықпай қалған. Көзi бақырайып, әлденеге тұншығып қалған.
– От винта! – деп тапал қара Бураштың желкесiнен түйiп жiбердi.
Жылдар өтер. Бураш ер жетер. Сол кезде, күндердiң бiр күнiнде «от винта!» деп кiжiнiп келiп, көкжелкесiнен түйiп қалған тапал караны есiне алар. «От винта» деген екi сөздiң мағынасын сол кезде түсiнер. Тапал қараның ұшқыш болғанын, әлдебiр себептермен майданнан қуылғанын жобалап қана ұғар.
Ал, қазiр аяққа оралған екi баланы итерiп тастап, тапал қара ең бергi шетте жатқан әйел мәйiтiн бiр аяғынан сүйреп, сүйреген қалпы арбаның қасына апарып, үстiндегi оқалы камзолын шешiп алып, мұқият бүктеп, жерге қойып, үстiндегi бүрме етек шайы көйлегiн шешiп алып, мұқият бүктеп, камзолдың үстiне қойып, қу сүйегi қалған мәйiттi сексеуiлдiң томарындай жайдақ арбаның үстiне тарс еткiзiп лақтыра салды.
Темiржолшының формасын киген, екi жағасының ұшында ағараңдап жылтыраған орақ пен балғасы бар екi ресми қызметкер өлiктердi мұқият шешiндiрiп, киiмдерiн бүктеп жинап, шидиген сирақтары мен шидиген бiлектерiнен алып, сексеуiлдiң қу бұтағындай, жайдақ арбаның үстiне аспай-саспай лақтырып жатқан.
Кольканың әкесi Сергей аға тiрi шалды аман алып қалсам ба дегендей бiр сәт толғанып тұрды да, оның денесiн темiр тордың сыртына шығарып, анадай жерге бөлек қалдырды.
Бураш қуанып кеттi.
«Рахмет» деп айтқысы келген, бiрақ өңешiнен үн шықпады. Кемсеңдеп тұра бердi. Коляның бiлегiнен ұстады. «Әкең сенiң жақсы адам» деп айтқысы келген. Сол ойын алақанымен жеткiзген. Колька түсiндi. Колька ұзын мойнын иiп, қауақтай басын шұлғыды. «Менiң әкем сондай!» – дегенiн Бураш та ұқты.
Мәйiттердiң бiразын шешiндiрiп, киiмдерiн мұқият бүктеп, әлдекiмнiң шапанына орап, ыңғайлап алған тапал кара киiмдердi арқасына салып, әлдеқайда алып кеттi де, бiраздан кейiн екiншi ат арбаны жетектеп қайта оралды.
Бураш пен Колька әлi қалшиып тұрған. Үлкендер бұларды ұмытып кеткен тәрiздi. Жұмыстары қауырт. Екi қол, екi аяқтан алып мәйiттi перронға шығарады, шешiндiредi, киiмдерiн мұқият бүктейдi, Тапал қара әлдебiр қағазға әбден мүжiлген қаламмен әлдененi түртiп жазады. Бiр-бiрiне күңк етiп сөйлейдi, сөйлейдi де, келесi өлiктiң денесiн арбаға тарс еткiзiп лақтырып тастайды.
Ендi ең соңғы өлiк қалды. Үмiт пен күдiк жанталасып, арпалыса бастады. Қайтер екен? Бураш Колькаға қарады. Колька күмiлжiп тұр. Екеуi бiрiн-бiрi түсiндi. Екеуiнiң бар сенгенi ендi Кольканың әкесi. Анау Тапал қарадан қайыр жоқ. Бiр ғажабы, Кольканың әкесi, ұзын бойын тiк ұстайтын, кезiнде зиялы болған-ау, шамасы, үркек көз кiсi, өзiнiң қарауындағы Тапал қарадан қорқа ма, қалай, соған жалтақтап қарай бередi.
– Мынаны қайтемiз? – үнi күмiлжiп естiлдi.
Бураш қалмақ шалдың қасына барып қалыпты. Өзi де байқамаған. Сәл бүгiлiп, басын тұқыртып, қалмақ шалдың өңiне үңiлiп тұр екен.
Қалмақ шал оң қолын көтермек болды. Қолы бағынбады. Сәл қыбыр еттi де сұлық қалды.
Шал басын шайқамақ болды. Аштықтан мүжiлген мойын терiсi қатпар-қатпар екен. Қылғынып барамын, жағамды ағытшы дегендей белгi жасады. Бураш сана түкпiрiндегi әлдебiр құпия сезiммен шалдың ниетiн ұқты.
Кеңiрдегiне тақап түймеленген жағасыз қалмақ шапанның түймесiн ағыта берген. Ағыта берiп таңқалып тұрып қалды. Қалмақ шапанының ашық қалған өңiрiнен кара китель көрiндi. Қара кителдiң жағасынан күмiстей жылтыраған орақ пен балға көрiндi. Ақ көйлек көрiндi. Қара галстук көрiндi. Ендi аналараға менiң мына формамды көрсет дегендей ишарат жасады қалмақ шал. Осы бұйрықтың бәрiн, осы өтiнiштiң бәрiн қалмақ шал көзiмен жеткiздi. Көзi үлкен екен. Көзi ұялы екен. Бас киiмдi шеш дегендей сигнал бердi көздерi. Бураш жапырайған қалмақ бөрiктi шештi. «Ар жағынан» толқындаған қара шаш көрiндi. Зиялы адамның шашы. Өзiнiң папасының шашы. Бураштың жүрегi дiр еттi. Әрине, ол емес. Бала басын кегжең еткiзiп аспанға бiр қарады да, шалдың өңiне кайта үңiлдi. Басқа. Бұл – басқа! Бұл – қалмақ! Бұл – шал!
Кольканың әкесi шалдың қасына келдi. Үнсiз қарап тұр. Ендi Колька да жақындады. Ол да үнсiз қарап тұр. Ең соңынан Тапал қара келдi. Ол да үнсiз қарап тұр. Қалмақ шал бiрдеңе айтпақшы болды. Ерiндерi жыбырлады. Көздерiмен «сигнал» жiбердi. Сигналды Бураш қабылдады. Бураш түсiндi. Бураш Сергей ағаға қарады. Сергей аға да ұққан сияқты. Бураш Колькаға қараған. Колька да ұққан сияқты. Бураш Тапал қараға қарады. Тапал қара мiз бағар емес.
Бураш сана түкпiрiнен Тапал қараның есiмiн iздей бастады. Бiлушi едi. Ап-анық бiлетiн. Есiне түсiре алмады. Иннокентий ма едi, қалай едi? «Бұл кiсi де қалмақ екен-ау!» деген ой келдi. Бүйрек бет, бiтiк көз… Кенет соққан ойдан тағы да есеңгiреп бiраз тұрды.
– Дядя Инок, – дедi Бураш, – Мынау тiрi адам ғой!
– Тiрi… – дедi Сергей аға, – Бұны осында қалдырайық!
Тапал қара күңк еттi.
– Не положено! Болмайды!
– Қалдырыңызшы, ағатай, – дедi Колька. – Бiз мектепке алып кетейiк!
– Болмайды! Не положено! – дедi Тапал кара.
– Қалдырып кетейiк балаларға… – деп жалынып қарады Сергей аға Тапал қараға. – Кешке дейiн өзi де бiтедi…
Түтiгiп, түнерiп тұрған Тапал қара күлiп жiбердi.
– Заң жоқ! – дедi ол. – Осы бiр тiрi өлiкке бола қайта оралып жүремiз бе?! Әне-мiне СЕКСЕН БIРIНШI де келiп қалады. Бiлесiң ғой, ол пойызбен бүгiн кiм өтетiнiн…
Сергей ағаның басындағы ресми фуражкасы қисайып кетiптi. Шұңғыл көздерiне үрей ұялапты.
– Иә… – дедi ол күрсiнiп қалып. – ӨЗI келе жатыр! Рас. Заң жоқ!
Сергей аға Тапал қараға жағымпаздана қарады.
Бураштың жүрегi мұздап сала бердi. Ендi бiр сұмдықтың басталатынын сездi. Үлкендер асықпай қимылдап, қалмақ шалды шешiндiре бастады. Қалмақ шапан жерге төселдi. Шапанның үстiне екi етiк пен екi шұлғау қойылды. Шалдың бұтындағы қара галифе екен. Шалдың үстiнде қара китель екен. Белiнде жалпақ офицер белдiгi бар екен. Сол жақ иығына түскен портупея көрiндi.
Қалмақ шал: менiң кiм екенiмдi ендi түсiндiңдер ме дегендей екi үлкенге карады. Екi үлкенге екi бала да қарады. Жалынып-жалбарынып қарады.
– Тiрi ғой, тiрi! Офицер ғой! – дедi Бураш қазақша сөйлеп тұрғанын аңғармай.
– Тiрi! – дедi Колька да.
– Былай кетiңдер, – деп Тапал қара екi баланы екi итердi, өзi бүгiлiп тұрып, қалмақ шалдың кителiнiң түймелерiп ағыта бастады.
Сол сәтте Бураш не iстеп, не қойғанын байқамай қалды. Қатты өкiрiп, қатты айқайлап, оншақты қадам шегiнiп барып, қайта ұмтылып келiп, еңкейiп тұрған Тапал караның дүмiнен баспен сүздi. Тапал қара қалмақ шалдың үстiне құлады.
– Ой, иттiң баласы, мен саған көрсетейiн, – дедi Тапал қара тап-таза қазақ тiлiнде. Орнынан көтерiлiп келедi. Бурашқа қарай төнiп келедi. Бураш шегiншектеп барып, темiр арбаға артымен сүрiнiп құлады. Темiр арбаның үстiнде жатқан темiр сап темiр күрекке қолы тидi. Темiр сап темiр күрек қолына қалай iлiнгенiн байқамады. Жан даусымен айқайлап, Тапал қараға қайта ұмтылды. Қолындағы күрекпен басқа соқпақ едi. Сергей аға темiр саптан қағып алды.
– Не болды саған, балақай?!
– Екеуiңдi де өлтiремiн! – дедi бала. – Осыдан шалға тиiп көрiңдер!
Бураш қайта ұмтылған. Сергей оны құшақтай алды.
– Қарағым, атың кiм едi? Бұл болмайды, – дедi ол. – Заң жоқ дедi ғой Иннокентий ағаларың. Жарты сағаттан кейiн СЕКСЕН БIРIНШI пойыз келедi. Жүрдек пойыз. Оның iшiнде кiм бар екенiн бiлесiң бе? Жанашуға қақымыз жоқ, ешкiмге жанашуға қақымыз жоқ. Это нелогично… Атыламыз өйтсек!
Бураштың көзi қарауытып кетгi. Ендi ол, шегiнiп барып, жан даусымен айқайлап келiп, Сергей ағаның өзiн сүздi.
– Өлтiремiн бәрiңдi!
Сол сәтте түсiнiксiз және бiр оқиға болды. Егiн шетiне қойған ұзынсирақ құбыжықтай қалшиып тұрған Колька, кенет, ол да айқайлап, әкесiне қарай, өз әкесiне қарай тұра ұмтылды.
– Қатын екенсiң ғой, папа! Қатын екенсiң!
Колька мен әкесiнiң арасы бес-алты-ақ қадам жер едi. Колька қалбалақтап жүгiрiп келедi. Әлi жүгiрiп келедi. Әлi жүгiрiп келедi. Таң алдында көрген Бураштың түсi тәрiздi. Жетер емес. Екi алақаны жайылып кеткен. Саусақтары темiр көсеу дерсiң. Әлi ұмтылып келедi. Әлi ұмтылып келедi.
Түсiнiксiз оқиғадан түсiнiксiз оқиға туды. Сергей аға, қолындағы темiр сап темiр күректi тiк көтерген қалпы, өз баласына қарай ұмтыла бердi. Темiр сап темiр күрек Кольканың сол иығына сарт еттi.
Сәл ғана лып еткен желдiң екпiнiне шыдай алмай құлап түскен қарауыл құбыжықтай, аяқ-қолы ербеңдеп барып, Колька тас перронға тiзерлей бердi.
Сол сәтте, сол бiр қас-қағым сәтте, Бураштың санасы басын көтерiп тұра берген қалмақ шалдың бейнесiн көрiп үлгердi. Қабылдап үлгердi. Қалмақ шал Бурашка ежiрейе қарап, ап-анық, өте сабырлы үнмен, тап-таза орыс тiлiнде:
– Да, логика – железная! У них всегда была железная логика! – дедi. Дедi де шалқалай берiп тас перронға шүйдесiмен соғылды. Тұла бойы бiр-екi рет дiр-дiр еттi де, тез тынды. Қимылсыз қалды. Бураш қалмаққа қарай тұра ұмтылған. Көздерi әлi тiрi едi. Тапал қара бiр сирағынан ғана сүйретiп барып, шалажансар дененi арба үстiне былқ еткiзiп лақтыра салды.
Содан кейiн Тапал қараның өзi де мелшиiп тұрып қалды.
Әлгi түсiнiксiз сұмдықтан және бiр түсiнiксiз сұмдық туды. Ештеңенi көрмегендей, ештеңенi сезбегендей, дарынсыз мүсiншi қашаған қолапайсыз тас мүсiндей безерiп тұрған Тапал қара, кенет:
– Ах ты, подлец! Иттiң ғана баласы, осының бәрi сенiң кесiрiң! – деп кiжiнiп келiп қысқа бұтын ыңғайсыз ербең еткiзiп, баланы iштен тептi. Екi бүктетiлген Бураш тас қараңғы түпсiз құзға құлап бара жатты.
Бес-алты күннен кейiн Бураш ауыр соққыдан айығып, тұрып кеттi. Мектепке баруға жарады. Мектепке барған соң естiдi, Колька сол күнi, сол сағатта, есiн жимаған қалпы, о дүниеге өтiп кетiптi.
Жылдар өтер. Бураш ер жетер. Бiрақ сол бiр қалмақ шал, сол бiр отыздардағы қалмақ «шал», үкiмет адамының кителiн киген қалмақ шал, орысша таза сөйлейтiн қалмақ шал Бураштың есiнен кетпес. Мен туралы жаз, менi ұмытпа деп зерде шалғайына талай жармасар. Менi ұмытуға қақың жоқ деп жалбарынар. Басын көтере берер. Алқынып, кителiнiң жағасын ағыта берер. Орақ пен балға айқасқан оқалы жағасын аша берер.
Алатау мен Қаратаудың қолтықтасқан тұсында әлдебiр жаудан жеңiлiп, қанаттары алба-жұлба, тоз-тоз, жырым-жырым болған алып қара құс, әне құлаймын, мiне құлаймын деп теңселiп келе жатар. Төнiп келе жатар. Қара бұлттың сауырынан ызғар есер. Үрей желi уiлдер.
Үрей желi есiп тұр әлi де.