Камал ӘЛПЕЙІСОВА ТАЯҚТЫҢ ЕКІНШІ ҰШЫ

Мектепті үздік бітірген, кішкентайынан алғыр баланың өздері тұратын облыс орталығындағы оқу орнында қалмайтынын, түбі білім іздеп үлкен қалалардың біріне бәрібір кететінін іштей сезетін. Сезіп, сол күннің туатынын біліп жүрсе де, хабарды оқыс естіген кезде өкпесі кенет қысылғандай болып, тынысы тарылып кетті. Дереу әпкесіне телефон соғып, мән-жайды білгісі келген, бірақ, қашанғыдай батылы бармады. Ойы сан саққа жүгіріп, не істерін білмей, жан-дүниесі аласапыран күй кешті. Бір жағынан әпкесінің көңіліне де қарады. Екінші жағынан мәселенің анық-қанығын білмесе, жаны тыншымасы да өзіне аян.

Телефонды айналшықтап біраз жүрді. Бір-екі рет сөмкесін қарына іліп, есікке дейін барды да... кері қайтты. «Бүйткен күйді дұшпанымның да басына бермесін» деп ойлады бір сәт. Үстел басында отырғанымен, не жұмысына ден қоя алмай, не алаңдатқан ойдан арыла алмай, күннің батуын тықырши күтті. Күнұзаққа біресе әпке-жездесінің үйіне баратын сылтау іздеп, біресе өзін сабырға шақырып, әрі-сәрі күй кешкен ол бәрібір бір тоқтамға келе алмады.

 Осылайша ойы онға бөлініп, алып-ұшқан сезімін әзер тежеп отырғанда алдында тұрған телефоны шырылдап, бұл тұтқаны көтерер-көтерместен ар жағынан әпкесі Айнагүлдің жарқын даусы естілді:

- Алмаш, амансың ба? Күндіз жұмысыңнан алаңдатпайын деп әдейі кешке хабарласып отырмын. Біздікіне кел. Жездең Алматыдан оралған, жақсы жаңалығымыз бар. Еділжанды Лондонға оқуға жіберетін болдық...

Алмагүл телефонның тұтқасы қолынан түсіп кетердей қыса түсті. Терең тыныстап алып, «А-а, солай ма? Құтты болсын», - деді жайбарақат сөйлеуге тырысып. Көзінен домалап түскен моншақ жасты біреу көріп қоятындай тез-тез алақанымен сүртті де: «Мақұл, әпке. Қазір келем», - деді бұл хабар өзіне ерекше әсер етпегендей сабырлы дауыспен.

Әпкесінің үйі мұның жұмысынан бір аялдамадай ғана жерде еді. Жақындығын сылтауратып, кейде «Бүгін үйден тамақ алудың реті болмады», - деп, ара-тұра түскі ас ішуге осында келетін. Әпкесі ондайда қуана сөйлеп: «Құтыға құйып түскі ас тасығанша, күнде осында келіп тұрмайсың ба?», - деп қарсы алғанда, өзінің ішкі есебі үшін ұялып қалатын. Сосын бірнеше күн бойы әпке-жездесінің үйіне жоламай кететін.

Телефон тұтқасын қоя салған Алмагүл дереу жиналып, әпке-жездесінің үйін бетке алды. Құдды, бұл барғанша Еділ Лондонға кетіп қалатын сияқты асығып, аяғы-аяғына жуыспай, дедектеп келеді...

Есікті Еділ ашты.

«О, тоба, әкесінен қалай аумай қалған!» деп ойлады Алмагүл.

Есіне Жасынбек түсті. Алматыда өткен студенттік жылдар түсті.

Бұлар үшінші курста оқып жүргенде сырттай оқитын бөлімнен ауысып келген Жасынбек көп ұзамай-ақ жігіті аз, қыздары көп тарих факультетінің еркесіне айналған. Қай жерде жүрсе де қыздар шу-шу етіп қаумалап, «ән айтшы, гитара тартшы» деп қиылатын. Обалы нешік, Жасынбек көп бәлсінбейтін. Маңдайына түсіп тұрған шашын салалы саусақтарымен тарақтай, кері қарай қайырып тастап, бір әннен соң бір әнді төгілдіре орындайтын.  Гитараның шектерін сипай теріп, әдемі қоңыр даусымен «Келем деп, сәулем-ау, келе алмадың...» деп күрсіне жырлағанда, сол жерде тұрған қыз біткен  қоса күрсінетін. Мынау келбетті, өнерлі жігіттің қадіріне жетпей, екі қызын төрт қылып күткізіп қойған шөпжелкенің орнында мен болсам ғой деп іштей аһ ұратын. Және ол сезімдерін жасырмай: «Жаскен, сен шақырғанда келмеген қыздың құны көк тиын! Сен біздің кез келгенімізді шақыршы...» дейтіндерін қайтерсің?

«Иә, мені... мені шақыршы... сен шақырсаң, жердің түбіне де болса барар едім» деп ойлайтын Алмагүл де іштей. Шуылдасқан қыздардың тасасында тұрып, қасын біресе түйіп, біресе керіп ән шырқап отырған жігітті үнсіз ғана көзімен аймалайтын. Себебі, сезімін сөзбен жеткізбек түгіл жігіттің жанына тақап баруға жүрексінетін еді...

Жасынбектің ән айтқан кезде қыздарға қыдырта көз салып, шумақтың әр жолын нақты соған арнап отырғандай, бір сәт назарын кідіртіп айтатыны бар-ды. Бірде сол әдетімен тыңдаушыларын жағалай шолып келе жатып, өзіне елжірей қарап тұрған Алмагүлдің көзімен көзі түйісіп қалғаны... Екеуі де селт етті. Қыз жүзі оттай қызарып төмен қараған. Көпшілік назарына үйренген жігіт сыр бермеді – әдетімен әр жолын әр қызға арнағандай болып, өлеңін айта берді: «Мен сені ұнатамын, бірақ, бірақ; Сезіміңді қайтемін жылап сұрап?!.»

Араларынан ток жүріп өткендей бір сезім екеуін де оқыс селт еткізгенімен жігіт өзіне ауған назардың көптігінен бе, қыз тым момын, қорғаншақтығынан ба, әйтеуір жуықтаса алмады. Сөйтіп, қыз жігітпен ара-тұра көз түйістіргендеріне мәз болып, жүрегі алып-ұшып жүргенде, бұл үшін аса қиын мәселені ауылдасы, өзінен бір курс жоғары оқитын Ғайша оп-оңай шеше салды. Екеуінің етене танысып, жақындасуына себепші болған да сол.

Кезінде осы Ғайшаның анасы мен мұның анасы бірі құйқылжытып ән айтса, бірі мың бұрала билеп, ауылдың көркі болған дегенді Алмагүл талай рет  естіген. Бірақ бұл бір-екі рет сол кездері туралы айтып беруін сұрағанда, анасы жауаптан сырғақсып, әңгіме бағытын басқаға бұрып жіберген.

Көпшілік жиналатын жерлерде ауылдың өсекшілері бастарын түйістіре қалып, бүгінде бір-бір үйдің  отанасы болып отырған екі әйелді көздерімен баға отырып,  ертеде болған бір оқиғаны естеріне ала бастайтын. Алмагүл қызық көріп тыңдап та көрген. Жылдар өте шыны қайсы, қоспасы қайсы екенін ажырата алмастай болып кеткен әңгіме ұшы бұлардың аналары – екі  қыз бен олардың достығының бұзылуына себепші болған бір жігітке барып тірелетін.

Ғайша екеуінің бір мектептің маңдайалды оқушылары болғаны сол әңгімелерді өршіте түсті. Жарыса оқып, үйірмелерге жарыса қатысып жүрген қыздар шешелерінің де іштей бәсекеге түскендей, екеуін бірінен бірі асыра киіндіретіндеріне алғашында мән берген жоқ-ты. «Бәрін білетін» және білгенін  іште сақтай алмайтын жандар «көздерін ашты». Екеуіне екі түрлі мазмұнмен жеткен жиырма жыл бұрынғы оқиға қыздардың балғын жүректерін ауыртып, әрқайсысы өз анасын аяп, өзіндік ой түйдірген.

Ғайша университеттің тарих факультетіне түскен соң Алмагүлдің анасы қамдана бастады. Қызы жаратылыстану пәндеріне бейім екенін біле тұра, мамандық таңдау туралы ой толғай отырып, мұның тарихшы болғанын қалайтынын білдірген. Әрі оқуға түсуге қол ұшын береміз деген адамдардың сол маңда жұмыс істейтінін де айтқан. Анасын емеурінінен түсінетін қыз қарсы болған жоқ.

Оқуға түскен Алмагүлді тауып алған Ғайша оны кітапханаға, оқу залына, асханаға ертіп апарып көрсетіп, кәдімгідей-ақ қамқорлық танытты. Тіпті кейбір сабақтарда жазған дәріс дәптерлерін беріп, «бас қатырып жазбай-ақ қой» дегенін естігенде курстастары қатты қуанды...

Бірақ кішкентайынан оқуға ынтасы зор Алмагүл курстас қыздарды таң қалдырып, ондай көмектен бірден бас тартты. Курстастары өкініп, Ғайша болса кәдімгідей-ақ өкпелеп, аралары салқын тартқан еді. Арада біраз уақыт өткенде бұларға сырттай оқудан ауысып келген өнерпаз жігіттің даңқы олардың курсына да жетті.  Қашаннан әр нәрсеге қызыққыш, кішкентайынан жаңаның бәрін көріп, жақсының бәрін алып үйренген Ғайша өкпесін ұмытып, әнші жігітпен танысу үшін бір күні Алмагүлді өзі іздеп келді.

- Курстасың ғой, мені таныстыршы, - деді ол әнге беріле, тербетіліп отырған Жасынбектен көз алмай тұрып.

Алмагүлдің Жасынбекті ешкіммен таныстырғысы жоқ еді. Естімеген сыңай танытты. Қыздарға жағалай қарап: «Сағындым ғой дедің ғой, жаным, маған; бұлт көрдің бе тауларда мамырлаған? Сол менің ақ жанымның ақ жалыны – аулақта ауылыңнан дамылдаған...» - деп, үзілдіре ән айтып отырған Жасынбекті бұның да көзімен ішіп-жеп тұрғанын көрген Ғайша бәрін айтпай-ақ түсінді. Түсінді де оқыс шешім қабылдады.

- Браво! – деді ол әнін аяқтаған кезде Жасынбекке таяп барып, - жарайсың, жігіт! Бәсе-бәсе! Бұл курстың шуылдақ қыздары неғып тып-тыныш бола қалды десем, әдемі әніңмен ұйытып тастаған екенсің ғой!

Сосын қыздарға жағалай қарап, жоғары курстан екендігін білдіре және өзінікі жөн екендігіне дау туғызбайтын дауыспен тіл қатты:

- «Өнер көпке ортақ» деген емес пе? Мұндай талантты өз курстарыңның меншігі сияқты сыртқа шығармайтындарың жарамайды, қыздар! Мен жоғары курстықтардың атынан келдім. Жасынбектің әнін тыңдаймыз деп бір қауым ел күтіп отыр. Жүр, жігітім, кеттік!

Солай деді де, Жасынбекке ойнақылана қолын созды:

- Ғайша!

Оқыс пайда болған әрі сұлу, әрі батыл қызға Жасынбек таңдана да елти  қарап, созылған қолын кібіртіктей алып, саусақтарына ернінің ұшын тигізді.

«У-у-у» десті курстастары кетіп бара жатқан Ғайша мен Жасынбекті көздерімен ұзатып салып. Ғашық болып іштерінен тынып жүрген талай қыз жүректері тыпырлап, Жасынбектің артынан жүгіргілері келді. Бір жыл бойы әнін тыңдаған жігітті бұлардың ешқайсысы осылай ертіп әкете алған жоқ-ты. Солардың ішінде Алмагүл да бар еді.

Оқшаулау тұрған оны қасынан өтіп бара жатқан Ғайша қолтықтап алды да, артына бұрыла қарап:

- Курстарыңнан бір байқаушы ертіп алайын – әншіні аман-есен қайтаруға кепілдік болсын, - деп саңқылдай сөйледі.

Сол күннен бастап Ғайша қайтадан Алмагүлмен араласа бастады. Бір ауылдан шыққанын, ел жақта болып жатқан жаңалықтарды жеткізуді желеу етіп, басқа да себептер тауып, әйтеуір, Жасынбекпен бір жүздесіп қалуды көздеген ол мұның бөлмесіне, кейде тіпті аудиторияға келуді жиілетті. Көшеде, кітапханада кездесіп қалса да бар әңгімесі Жасынбектен басталып, сонымен аяқталатын. Сондай сәттерде, арагідік Жасынбек жолыға қалса, «Жаскен!» деп еркелей сөйлеп, бетін тосып, өзі де сүйіп, мәз-мейрам болатын.

Бір қызығы, Ғайша еркелей күліп, қолын созып, «жүр» десе, жігіт еріп жүре беретін. Тіпті бір-екі рет екеуі мұны жалғыз қалдырып кеткені де бар.  Сонда қорланып, жатақханасына ебіл-дебілі шығып, жылап қайтқан Алмагүл ендігәрі Жасынбекке қарамаспын деп іштей ант-су ішкен, бірақ... Бірақ анадайдан қарасы көрінгенде-ақ іші-бауыры елжіреп қоя беретін...

Сол күні де Ғайшаның соңынан бұйдаланған тайлақтай еріп бара жатып, Жасынбек бұған жалтақтай қараған... Жігіттің сонысын қайта-қайта  көз алдынан өткізіп, денесі бір ысып, бір суып, түнжарымға дейін дөңбекшіп жатқанда бөлмесінің есігі тық-тық қағылды. Ұйықтай алмай жатқан Алмагүл барып есікті ашқанда... ар жағында Жасынбек тұрды.

Аңтарыла қараған мұны үнсіз құшақтай алып, бауырына басқан жігіт тұншыға тіл қатты:

- Момақаным, момыным-ау... Сонша нәзік, дәрменсіз боларсың ба? Қолыңдағыны тартып алып бара жатса да қарсыласпайтының не, жаным-ау?!

Қаншама уақыт бойы тілсіз сүйіп, ынтыға күткен жанының өзі іздеп келгеніне сенер-сенбесін білмей есі шығып, басы бақыттан шыр айналған Алмагүл жігіттің құшағына құлап түсті...

Таңертең екеуі құшақтары айқасып оянды.

Екеуінің түн жамылып кездесіп жүргенін жан адам білген жоқ. Содан бері Алмагүл үшін қызылды-жасылды гүлі бар, шуақты күні бар, түрлі оқиғаға, қызыққа толы күндізгі уақыт – тәуліктің ең сүйкімсіз, сұрықсыз мезгіліне айналды. Ол түнді тағатсыздана күтетін. Сағат тілі бір орында тұрып қалғандай аласұрып, кеш түсіп, ымырт үйірілгенде өңі кіре бастайтын. Қараңғы түнде басқан ізін білдірмей келген жігіт есігін тық-тық қаққанда жанының қоңыраулары сыңғырлап, бүкіл дүние ән салып, айналасы шұғылаға бөленгендей нұрланып сала беретін еді.

Студенттік кештерде, мәдени іс-шараларда Жасынбек пен Ғайша жарқ-жұрқ етіп билеп, дүйім жұрттың ортасында жүретін. Біраздан бері ол екеуінің арасында тым жақын байланыс бар екендігі туралы сыпсың сөз Алмагүлдің құлағына жеткенмен, Жаскенімен оңаша құратын жоспарларына сенген, әрі тәтті түндерінің ләззатына мас қыз оған мән бермеді.

Сондай күндердің бірінде бұл кешке Жаскеніне жаңалық айтам деп, күннің тезірек батуын тағы да тықырши күтіп отырғанда Ғайша іздеп келді. Жүзі сынық екен. Бұрынғы ашық-жарқын қалпынан жұрнақ та жоқ. Келген бойда шаруасының тоқ етерін айтты: аяғы ауыр екен. Осы уақытқа дейін Жасынбекті үйленуге үгіттеп көндіре алмай-ақ қойыпты. Себебі... қалауы басқа – Алмагүл екеуі бірін-бірі сүйетін көрінеді!

- Егер ол маған үйленуден бас тартса, өмір сүріп жүргеніне өкінетін болады. Сот арқылы әкелігін мойындатамын, өзін оқудан шығартып, қаңғытып жіберемін, - деді Ғайша. - Сүйетінің шын болса, одан бастартасың. Әйтпесе мен өмір бойы оның қыр соңынан қалмаймын. Барған жеріне қуып барып, масқарасын шығарам да отырам. Саған керегі сол ма?

Алмагүлдің шекесі солқ-солқ етіп, басы айналып кетті. Жүкті екенін айтып, Жасынбекті қуантамын деп отырса, ол... тек мұны ғана емес, басқаны да «жарылқап» жүр екен ғой... Ғайшаның сұп-сұр жүзін көрмеу үшін көзін тарс жұмып алды. Құлағы шың-шың етіп, жүрегі лоблыды. Не істерін білмей бір тұрып, бір отырды. Шайқатылып тұрған мұны төсегіне итере салып, Ғайшаның есікті тарс жауып қалай шығып кеткені есінде жоқ.

Түнде есік тық-тық қағылғанда, көрмесін бүркеніп, жылап жата берді.

Ертесімен буынып-түйініп вокзалға барып, өзінен үлкен әпкесі тұратын қалаға қарай жүретін поезға мініп кетті.

Сол кеткеннен Алматыға оралған жоқ. Айы-күні жеткенде дүниеге келген ұлды жүрегінің дімкәстігінен бір перзентке зар болып жүрген әпкесі бауырына салып алды. Жасы қырыққа келгенде әке атанған жездесі ұлына Еділ деп ат қойып, ұлан-асыр той жасады.

Алмагүл ол тойға барған жоқ. Жападан-жалғыз бүк түсіп жата берді. Жүрегін өртеген өкініш бүкіл бойына у боп тарап, жаны да, тәні де өліп қалғандай күй кешті. Сол сезіммен ғұмыр кешті, көз салып, сөз айтушылар болса да тұрмысқа шықпады. Еліне де бармады, Еділді сырттай да болса көріп жүргісі келді. Сол үшін анасын қолына көшіріп әкеп, жұмысы мен үйінің арасында өткен қоңырқай тіршілігіне риза-тын.

 

Еділді Лондонға шығарып салу үшін Алматыға барғысы келген. Бірақ сонысын қалай айтарын білмей қипақтап тұрғанда әпкесі көмекке келді:

- Алмаш, Еділге біраз киім-кешек алуымыз керек. Менің базарда жүре алмайтынымды білесің ғой, жұмысыңнан демалыс алып, бізбен бірге барсаң қайтеді? – деді.

Қайран бауыр! Алмагүл әпкесін құшақтай алды.

... Алматы әуежайында шүпірлеген балалар бұған  қаланың бүкіл баласы көшіп бара жатқандай әсер етті. Және бір таң қалғаны ол балалардың қазақша тұрмақ орысша да аз сөйлеп, негізінен өзара ағылшынша тілдескендері еді. Алмагүлге мына балалар бүгін өз тілдерін ұмытса, ертең шыққан тектерін, тарихын, ұлтын ұмытатын сияқты көрінді.

«Ал күн сайын ұшақтарға лық толып кетіп жатқан балалар қаншама! Олардың кейбіреуінің әке-шешелері ұл-қыздарын қалайда сонда қалдырудың жолдарын қазірден-ақ жоспарлап қойған шығар» деген оймен Алмагүл шүпірлеген бала толы әуежай залына мұңая көз салды.

Ең қиыны Еділмен қоштасу болды. Қашанда баласын орталарына алып, өбектеп жүретін апа-жездесінің көңілдеріне келіп қалмасын деп оған тым жақындай бермейтін Алмагүл бұл жолы да сол әдетінен танбады. Бірақ баласын ешқашан бауырына басып, емірене сүйіп көрмеген мұның жылдар бойы тұмшаланып келген аналық махаббаты бүгін лық-лық етіп, алқымына тығылып, кеудесін жарып шығардай алқынтты. Жүректегі жалыны шығып кетердей тістеніп, сыр бермеуге тырысқан ол түрлі әшекей бұйымдар, кітаптар сататын дүңгіршіктерді  қызықтағандай сыңай танытып, апа-жездесінің ортасында отырған Еділге алыстан қараумен болған.

Қалың қасы мен тұнжырай қараған көздері, маңдайына түскен шашын салалы саусақтарымен әлсін-әлсін кері қарай қайыратыны... сонау алыста қалған шағының жанды елесіндей болып,  жүрегін әлденеше рет шым-шым еткізді. Шанши ауырған жүрек тұсын алақанымен басып тұрып, өзегін жарып шыққан баласына осылай алыстан қаратып қойған тағдырына налыған. Күрсіне дем алып, жанарына оралған жасты ешкім көріп қалмасын деп, қайта-қайта құрғатумен болды.

Өмірде де думанды орталардан оқшауланып, осылай саяқсып жүретін Алмагүлдің дүңгіршіктерді аралап кеткеніне апа-жездесі мән берген жоқ-ты. Алладан бір, адамнан екі сұрап жүріп көрген ұлдарының алыс жолға шығатынын, бір жыл бойы көрмейтіндерін енді түсінгендей, Еділдің ыңғайсызданып, өздері сияқты ұшақ күтіп отырған көпшіліктен қысылып-қымтырылғанына қарамастан, кезек-кезек айналып-толғанған олардың қазір басқа нәрсені ойлауға құлқы да, мұршалары да жоқ еді.

Тіркеуден өткендерді ұшаққа отырғызу басталғаны хабарланғанда ғана әке-шеше құшағынан босап, өзі қатарлы қыз-жігіттермен бірге қоршаулы залға өткен Еділ бұларға қол бұлғап, сәлден кейін-ақ көзден таса болды. Алмагүл апа-жездесіне еріп, эскалатормен сырғып түсіп келе жатқанда әлденеге дауласып, дабырласып көтеріліп бара жатқан бір топ адамның ішінен Жасынбекке ұқсас біреуді көзі шалып қалды. «Мүмкін емес, - деді іштей, - бір-біріне ұқсас адамдар бола береді».

Ол шынымен де Жасынбек болатын. Лондонға тіл үйренуге баратын жоғары сынып оқушыларымен бірге оның қызы Дана да кетіп бара жатқан. Үлкен ұлдары сонда оқып жүрген кезде Дананы Оксфорд университетінің жанындағы  тіл үйрету мектебіне жіберіп алу туралы ойларын іске асырудың сәті биыл түскен. Жасынбек әдетінше таранып-сыланып, тез шыға қоймаған Ғайшаға: «Сенің кесіріңнен қайда барсақ та кешігумен жүреміз» деп сөйлеп, әйелі оған: «Машинаны тез айдамаған өзіңнен көрмейсің, ә?» деп қарсы дау айтып, ұрсысып келе жатқан. Әрқайсысы өзінікі жөн екендігін дәлелдеумен әлек олар өткен-кеткен ешкімді байқаған да жоқ.

 

Ұшақта Дана мен Еділге қатар орын тиіпті.  Ата-ана бауырынан алысқа ұзап көрмеген Дана отырғалы бері бетін иллюминаторға бұрып алып, жылаумен болды. Оның жай-күйін іштей түсінсе де, алғашында не істерін білмей үнсіз отырған Еділ бортсерік қыздар сусын таратқан кезде бір стакан суды алып, қасындағы қызға ұсынды:

- Қарындасым, су іше ғой...

Қыз басын шайқап, одан әрі өксіді.

- Қоя ғой енді... Көп жыласаң басың ауырады...

Бағаналы бері сәл бұрылыңқырап, бұған сыртын беріп отырған қыз көзін сүртіп, бір сәт үнсіздіктен кейін бері қарады. Стаканға қол соза беріп, су ұсынған жігітке таңдана қарады. Аузы ашылып, одан көз айыра алмай қалған қыз  сәлден соң барып есін жиып, ыңғайсыздана күлімсіреп, судан бір жұтты.

«Әңгіме жол қысқартады» деген рас екен. Сегіз сағаттық жол лезде өте шықты.  Лондонға жеткенше бір-бірі туралы біраз нәрсеге қаныққан екеуін әсіресе бұл жақта кездесіп тұру мүмкіндіктері бар болатыны қатты қуантқан сыңайлы. Еділдің қай оқу орнына бара жатқанын естігенде Дана алақанын шапалақтап жіберді: қыздың ағасы сонда оқып жүр екен. Қарсы алуға келеді.

Бұларды қарсы алған әдеміше жас жігіт Дананың қол жүгін көтеріп, жайдары жымиып келе жатқан Еділге жақтырмай қарағанда, қарындасы қысылып қалды. Бірақ ерке өскен қыз ағасының суық қабағынан ыға қойған жоқ. Басын әнтек көтеріп, ағасына тік қарады.

- Танысып қой: бұл – Еділ, сен оқитын университетке келе жатыр, - деді оның көзқарасын елемегенін білдіре. Сосын Еділге бұрылып: бұл – менің ағам Дулат, - деді жайбарақат үнмен.

Екі жігіт салқын ғана қол алысып, есімдерін айтты.

Сосын Дулат қарындасының қол жүгін алды да кілт бұрылып кете барды. Қыз қабағын түйіп, бұртиып соңынан ерді. Бес-алты қадам аттап барып, артына қайырылып қол бұлғаған қыздың көзіндегі қимастық жасын көріп, Еділдің жүрегі лүпілдеп кетті.

Арада екі-үш апта өткенде Дана Еділді өзі іздеп тауып алды. Күн демалыс болатын. Екеуі күні бойы Гайд-паркте қыдырып, британдықтар мақтан ететін Виктория патшайым мен Альберттің махаббатын паш ететін ескерткішті тамашалады. Қатты әсерленген олар бұл тақырыпты әрі қарай жалғап, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды, Қыз Жібек пен Төлегенді, Ромео мен Джульеттаны, олардың аңызға айналған махаббаттары туралы айтып келе жатып, бір-біріне ұрлана көз тастасты.

Еліктің лағындай сүйкімді қызға қараған сайын оның кейбір қимыл-қозғалысынан, сөйлеу мәнерінен не бет құбылысынан өзіне ұқсастықтар табуы жігітті оған тарта түсті. Елден алыста, тірлігі қым-қуыт сапырылысқан алып қалада, бөтен ортада өзің сияқты күлетін, тіпті кейде өзің сияқты адымдап жүретін жанды кездестіру қандай жақсы. Еділ өзінің әке-шешеден жалғыз екендігіне ылғи өкінетін. Сол сезімі осында келгелі күшейе түсті. Шіркін, Дана сияқты, ойнақтаған ботадай сүйкімді қарындасы болса ғой! Ал болашақ жары ше? Әрине, оның да осындай ақжарқын, бауырмал болуын қалар еді...

Дананы қанша көргісі келіп тұрса да, елде алған білімі халықаралық деңгейдегі университетте оқуы үшін аздық етіп, гранттан айрылып қалмауы үшін Еділдің күні-түні бас көтермей оқуына тура келді.  Сабақтан алаңдатар жайларды ойламауға тырысқан ол кітапханадан шықпайтын: ертесімен университетіне барады түс қайта қайтадан кітапханаға жол тартады. Демалыс күндердегі күн тәртібі де сондай:  алғашқылардың бірі болып келіп, қас қарая шаршап-шалдығып шығады.  

Сондай күндердің бірінде университет алдында бұған Дана ұшыраса кетті. Ағасына келіпті. Өзімсініп, еркелей сөйлеп, мұның көрінбей кеткенін айтып, аузын бұртитты. Іле, өзінің еркін сөйлегеніне қысылып қалған әдепті қыз артық кеттім бе деп ойлап, әңгіме арнасын басқа жаққа бұрған. Лондонның ұнамағанын, Алматыны сағынып жүргенін, әке-шешесіне күнде телефон шалып: «Ағылшын тілін елде де үйренуге болады» деп жылап жүргенін айтып және өз ойын бұл құптаса екен дегендей, бастырмалата сөйлеп жатыр.

- Әрине, болады, - деді Еділ, - бірақ ата-анаң мүмкіндік жасап, сонша үміт артып, Лондонға жібергенде, басыңа оқу қонбаған адамдай болып қайтып барғаның ұят шығар. Әлі-ақ үйреніп кетесің...

- Үйренбейтін шығармын... Қасымдағылармен де тіл табыса алмадым... шеттерінен бір еркетотайлар... жұмсап, түртпектеп, маза бермейді. Ағама айтып, қысып алсам ба деймін кейде... Бірақ, Дулаттың мінезі қызба ғой...

Бөлмелестерінің әлімжеттіктері есіне түсіп кетті ме, Дананың көзі жасқа толып шыға келді.

- Қой, жылама... Қаласаң, олармен барып мен сөйлесейін...

Еділдің сөзін аяқтатпай, сырт жағынан мысқылдаған дауыс естілді:

- О-о, қандай батырмыз біз... Бірақ батырлығыңды көрсететін жер бұл емес! Білдің бе? Біз қорғаушыға зәру емеспіз! Қорғау керек болса, ағасы бар...

- Дулат! Не деп тұрсың? – Дана ағасының сөзін жаратпай қалды.

Еділдің ашуы алқымына келіп тығылса да, мәселені шиеленістірмейін деп сабырлы сөйлеуге тырысты.

- Бұлай сөйлейтіндей еш себеп жоқ.

- Себеп жоқтығына қуан... Себеп болса, басыңды қағып алар едім!

- Әліңе қара! Басымызды қақтырып қойып, қарап тұрады екенбіз ғой!

- Байқамай да қаларсың... Аман тұрғаныңда жалтырат табаныңды! Дананың қасынан көрмейтін болайын!

- Мықты болсаң, бостан-бос қоқиланбай, қарындасыңды әркімдердің түртпегінен арашаламайсың ба?

- Не дедің? Қыз қорғағышын мұның... боқмұрын!

- Не естісең – сол! Соқтығуға қара таба алмай жүрген есерсоқ!

Осылай деп бір-бірін жағадан ала кеткен екі жігіт жол жиегіне ұмар-жұмар құлап түсті. Мұндайды бұрын көрмеген Дана есі шығып, шыңғыра жылап жіберді.

Арғы жағы көрген түстей: егескен екі жігіт бір тұрып, бір құлап жүріп, бір-бірін басқа, көзге қарамай жұдырықтай бастады. Еш аяр емес.  Еділ құлаштай ұрғанда Дулат анадайға ұшып кетіп еді, аунап тұрып, қарғи секіріп, қарсыласын қос аяқпен тепкенде, Еділ шалқасынан түсіп, жол жиегін көмкерген тасқа басымен құлады...

 У-шуға жиналып қалғандар қимыл-қозғалыссыз жатқан жігітке үрейлене қарап, бір сәт үн-түнсіз қалды. Келесі бір сәтте көшені ию-қию үнімен басына көтеріп, жедел жәрдем мен полиция машиналары қатар келгенде барып, ес жиып, полиция қызметкерлеріне көрген-білгендерін тәптіштеп айта бастады...

 

... Суыт хабарды естігенде жүрегі дімкәс Айнагүл талып қалды. Есін жиғанда бірден Алмагүлді шақыртып, жездесіне еріп, Лондонға баруы керектігін айтты. «Менен пайда жоқ. Ауырып, масыл болам. Сен бар, өзің қара құлыныма», - деді солқылдай жылап. Жүрек қағысы мөлшерден тыс көбейіп, қан қысымы атқақтап тұрса да, дереу ес жиып, баласын аман алып қалудың жолдарын ойластырғанда тапқан амалы еді бұл. Ақылды әйел «қан құю керек болса...» деп Лондонға өзі бармай, Алмагүлді жіберу керектігін түсінген.

Әуежайдан Дана күтіп алды. Бұларды көргенде солқылдап жылап қоя берген кішкентай қыз әзірше еш жаңалық жоқ екенін, Еділдің әлі ес-түссіз жатқанын хабарлады. Онымен төбелескен жігіттің өз ағасы екендігі туралы тіс жарған жоқ бірақ.

Еділдің ақ дәкемен көмкерілген боп-боз жүзін көріп, Алмагүл  буын-буыны босап, керуетке жетпей отыра кетті. Еңкілдей жылап, баласының аяғын құшақтай жығылған жездесінің «Қандай жауызға кезіктің, балам? Кім де болса... өлтірем...» дегенін естігенде, баласын мынадай күйге ұшыратқан адам қарсы кезіксе өзінің де еш аямайтынын сезінді Алмагүл. Бағаналы бері босағаға сүйеніп, өксіп жылап тұрған Дананың бұл сөздерді естігенде ботадай боздап қоя бергеніне екеуі де мән берген жоқ.

Бұлардан бұрынырақ келіп жеткен Дулаттың әке-шешесі ертесіне жәбірленушінің ата-анасымен жолығып, кешірім сұрауды ойластырған. Мұндай ой салған баласына белгіленген қорғаушы еді. Оның «екеуі де бір елдің азаматы, істі өз елдеріңіздің сот жүйесінде қарауға әрекет етіңіздер. Ең бастысы, жәбірленуші тараптың кешірімін алуға тырысыңыздар» деген кеңесі көкейлеріне қона кеткен. Бірақ Еділдің әкесі кездесуден үзілді-кесілді  бас тартты. Амалы құрыған бұлар әлденеден дәмеленіп, емдеуші дәрігерден палатаға кіріп, соққыға жығылған жігітті көруге рұқсат алып еді.

Ақ төсекте ес-түссіз жатқан жігіттің түрі Жасынбектің жас кезіндегі бейнесін елестеткеніне таң қалған Ғайша оның қасында теңселіп, кіріп-шыққан адамдарды елең-құлаң қылмай, әлденелерді күбірлеп отырған әйелге көзі түскенде... бәрін айтпай-ақ түсінді. Күйеуіне жалт бұрылып еді, ізінен қалмай екпіндей басып келе жатқан оның біресе төсектегі жігітке, біресе керуетке тақай қойылған орындықта дүниеден баз кешіп отырған әйелге кезек қарап, аңтарылып тұрғанын көрді. Көрді де бір сәтте бүкіл өмірі көз алдынан тізбектеліп өткен Ғайшаның қаны басына шапшыды.

Ашуға булыққан ол мең-зең болып тұрған Жасынбектің қолына шап беріп, сүйрелей палатадан шығып бара жатқанда ештеңені түсінбей аң-таң болып тұрған Дананы да жетелей жөнелді. Шешесінің әлдебір қорқынышты жайтты көргендей шошына тұра қашқанын түсінбеген қыз оның әкесі екеуін алды-артына қаратпай, аяғы әр жерге бір тиіп, адымдағанына ілесе алар емес. Қолын шешесінің уысынан шығара алмай, дедектеп келе жатқан Дана бір кезде кілт тоқтап, қолын жұлқи тартып алды да ышқына дауыстап:

- Не болды? Неге кешірім сұрамадыңыздар? – деді.

Әкесі мен шешесі ауыздарына су құйып алғандай... тіл қатпады. Түрлері адам шошырлық. Өздері әлденеден қашып келе жатқандай... ауруханадан әлдеқашан алыстап кетсе де жүрістерін баяулатар емес... Бір кезде өкпелері өшкен болуы керек, тоқтады-ау.  Самайларынан тер сорғалап, ентігіп, екі иықтарынан дем алады. Бала да болса, Дана өзі білмейтін әлдебір сұмдық  жайдың болғанын түсінді. Бірақ еститін шындығы осы жасына дейін естіп, көрген қорқынышты жайлардың барлығынан да асып түседі деп ойламағаны анық. Сондықтан да қыз сол жерде бұрынғы қиқар мінезіне салып, табан тіреп тұрып алды.

- Айтпасаңдар, енді аттап баспаймын!

Ғайша «Ал, айт... әуселеңді көрейін!» дегендей күйеуіне мысқылдай әрі жиіркене қарады.

Кезінде өзі Алмагүлмен ерегескендей, қыр соңынан қалмай жүріп оған күйеуге тигенін ұмытып, осы уақытқа дейін желігі басылмаған Жасынбекті бір тұқыртып алатын сәт түскеніне масайрап тұрған сияқты. Ашу-ызаға булыққаны соншалық, тіпті қиын жағдайға тап болған баласын құтқаруға келгендері де есінен шығып кеткендей. Мықынын таянып, көзі шатынай, танауы делдие қараған әйелінің тап мұндай кейпін ешқашан көрмеген Жасынбек бұрынғы тәкаппарлығынан әп-сәтте жұрдай болды.

Жасыратын несі бар, жасы ұлғая, бойындағы күш-қайраты азая келе, кейбір ұйқысыз түндерде немесе оңаша қалған сәттерінде Жасынбек жастық шағында шалқып кешкен күндерін езуіне күлкі үйіріліп еске алатын. Қыздарға қадірлі еді-ау, шіркін! Талай қалқатайды құшырлана сүйіп, ләззат теңізіне шым батып еді... Сол шырын шақтарын аңсап, бір сәтке болса да қайта оралса етті деп ұрлана тілейтін...

Құмарлықтың құлы болып, арзан қызықтарға елтумен кешкен күндерін шынайы сүйіспеншілікпен шатастырған бейбақ дүниені  нұрландырып тұрған киелі сезімнің сатқындықты кешпейтінінен хабарсыз еді. Ғашық болған жанды өз нәпсісін қанағаттандыру үшін пайдаланып, махаббатты қорлағандарды ерте ме, кеш пе бір зауал тосатыны бұларға мүлде беймәлім. Балалары тап болған бақытсыздықтың бірнеше қырдың астында қалған көрсеқызарлықтан, жастық кездегі  бақталастықтан бастау алатынын, сол тірліктерінде қолданған таяқтың екінші ұшы екенін Жасынбек те, Ғайша да ұқпаған еді. Сондықтан да оқыс істерін әшкерелесіп, бірін-бірі Дананың алдында масқаралап әлекке түсті.

- Тілің байланып қалды ма? Қатыннан қатын қоймаушы едің... Міне, бір арам ұрығың балаңның түбіне жетіп отыр... Ал, айт кім екенін...

Жасынбек мұрнының астынан міңгір-міңгір етіп:

- Бұл – сен... сенің аға... ағаң, -деді тұтыға.

- Қандай ағам? – Дана түкке түсінбей анасына қарады.

- Ағаң! Ағаң! – деді Ғайша мысқылдай сөйлеп. – Біле жүр, әлі талайын кездестіруің мүмкін... Әкеңнің... шаппаған байталы жоқ...

- Немене? Әке! Түсіндірші!

Бүкіл өміріндегі күнәларының салмағы мың батпан боп құйылып, иығынан жаншып жібергендей, бүкшиіп, жол бойына отыра кеткен Жасынбек ләм деп тіл қатуға жарамады. Тіпті қызының бетіне қарауға да дәті жетпей, тұқшиып, басын көтермеді.

Қалада өскен қыз шешесінің айтқан сөздерінің мағынасын оншалықты  түсіне қоймаған. Бірақ Еділдің палатасынан шыққалы бергі үзік-үзік әңгіме, әкесінің мына отырысы, шешесінің оған әлсін-әлсін жиіркене көз тастауы көп жайды аңғартқандай. Сонда ғана құлағында әкесінің тұтыға айтқан «ағаң...» деген сөзі жаңғырығып, жас жүрегі ыршып түсті. Жоқ! Жоқ! Еділдің, құйтақандай жүрегінің төрінен орын беріп, құпия сырына айналған жігіттің, өзіне аға болғанын қаламайды!

- Жоқ! Жоқ! Жоқ! – Мән-жайды енді түсінген Дана шыңғыра жылап, өз басын өзі ұрғылап, сенделіп кетті. Кенет есіне бірдеңе түскендей қалт тұра қалды да, беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнелді.

Жүрегін сыға ауыртып, жанын шырқыратқан сұмдық жайдан қашып құтылатындай тоқтамай жүгірген қыз әке-шешесі ес жиғанша тым ұзап кеткен. Келесі бір сәтте сапырылысқан мың сан адамның ішіне сіңіп, жоқ болды.

...Полиция оны бір айдан кейін іздеп тапты. Қаңғыбастарға еріп, көше кезіп жүрген қыздың түрінен адам шошырлықтай, екі білегінің сау тамтығы жоқ. Әлдененің шалығы тигендей  сықылықтап күлген Дана өзін бас салып, кезек-кезек құшағына алған әкесі мен шешесін қайдан көргенін есіне түсіре алмаған сияқты. Біресе салы суға кеткен Жасынбекке, біресе ебіл-дебілі шығып жылаған Ғайшаға маңдайын кіржите қарап, үнсіз тұра берді.

Арада алты ай өткен соң, Еділ әбден тәуір болып, өз бетімен жүріп-тұра алатын халге жеткенде сот отырысы өтті. Адам өміріне қауіп төндіретін әрекет жасап, ауыр жарақат салғаны үшін Дулатты жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Қорғаушысы жазаны тым қатаң деп санап, аппеляцияға беру туралы ұсыныс айтқанда Дулаттың өзі бас тартты.

Сотқа дейінгі қамауда отырған кезеңде ол үшін өмірлік құндылықтар мүлде өзгерген-ді. Барша мән-жайға қаныққан соң өзі пір тұтқан жандарды басқа қырынан танып, ішкі дүниесінің ойраны шыққан жігіттің жүрегі қазір шемен боп қатып қалған сияқты. Сот процесі кезінде де безерген қалпынан айнымады. Сұрақ қойған қорғаушы мен судьяға кірпік қақпай қарап, нақпа-нақ жауап берумен болған ол туыстары отырған жаққа көз қырын да салған жоқ.

Сот залынан шығарып әкетіп бара жатқанда өзіне ұмтыла берген әке-шешесін де көрмегендей сыңай танытып, теріс бұрылып кетті...