Қарлығаштың ауруханада жатқанына біраз болды. Мұнда қара күзде түскен, қазір қыс қаһары қайтып, кейбір күндері ертелі-кеш ашық тұратын желдеткіштен палатаға келіп жететін жердің бусанған иісі танауды қытықтап, далаға шақыратындай. Кешелі бері терезе түбіндегі терек бұтақтарына ұшып-қонған торғайлардың да қарасы көбейіп, кейбіреуі шоқақтап, терезе алдына келіп, мұның сонааау бұрынғы кездердегідей өздеріне қосылып, секектей жөнелмейтініне таңырқағандай, әйнекті түртіп-түртіп қояды.
Ертеден қара кешке дейін төбеге қарап жатудан асқан азап жоқ екенін кім білген?.. Бұрын, жаттығулардан шаршап, ұйқысы қанбай жүргенде «шіркін-ай, есік-терезені жауып алып, он күн, тіпті, жиырма күн жатып ұйықтар ма едім» деп армандайтын. Адам ұйықтаудан шаршайтынын біліпті ме сонда? Міне, алты ай болды – бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ бір сарынды, таң атса күн батпай қажытатын, кеш түссе таң атпай зарықтыратын күндер үздік-создық өтуде.Қазір ол өз өмірін «ауруханаға дейін» және «ауруханадағы» деп бөліп ойлауды әдетке айналдырған.Бұл үшін өмірдің бар қызығы, қуанышы, сан алуан үні, қызылды-жасылды бояуы аурухана табалдырығының ар жағында қалғандай. Ал мұнда бір-ақ түс үстемдік құрған: әппақ қабырғалар, ақ төсек, кей жерінің сылағы қабыршықтанған әппақ төбе, ақ халатты дәрігерлер... Ақ түстен шаршады, жеріді. Тіпті өзін төсекке байлаған ауру да бұған ақ түстідей болып көрінеді. «Еркіндіктің түсі, сірә, көк түсті болар, - деп ойлады Қарлығаш ұйқысыз түндердің бірінде. – Биіктікті де әдетте көк түспен теңейді. Мен көк түсті сондықтан жақсы көретін шығармын».
Өзі сүйетін биіктіктің – зеңгір көк аспанның түсін сағынды.
Қарлығаш цирк артисі еді.
Бала кезінен бір орында тұрмайтын, қашан көрсең де ер балалармен бірге үй-үйдің шатырында тығылмақ ойнап, биік ағаштардың ұшар басында өрмелеп жүретін немере қызы цирк училищесіне оқуға түсем дегенде қарсылық білдірмек болған ұлы мен келінін әжесі: «Ішінде жайтасы қайнап бара жатқан бұл қыздың қолы – осы» деп басып тастаған. Сосын көзін алысқа тігіп, әлденені іштей қиялдай: «Тұра тұрыңдар, әлі бар балаңнан осы қыздарың озады» деген-ді.
Көпті көрген ана қателеспепті. Оқуға түскен бойда әрі нәзік, әрі ширақ қыз әуе акробаттарын дайындайтын жаттықтырушының көзіне түсіп, көп ұзамай-ақ оқу орнының концерттік бағдарламаларында өнер көрсете бастаған. «Манежге бір шыққан адамды цирк сиқырлап, өмір бойы өзіне байлап қояды» деген-ді ұстазы Қарлығашқа. Сол рас екен.
Қарлығаш өзінің өмірлік жолын қателеспей тапқанын, цирксіз өмір сүре алмайтынын тез-ақ ұқты. Атақты аккробат болуды армандады. Және, обалы не керек, ол үшін өнерін ұштай беру керектігін де түсінген. Содан кейін цирк оның екінші үйіне айналды: ұстазымен бір жаттықса, өз бетімен мың қайталап жүріп, небір трюктерді тез-ақ игеріп алатын болды. Өйткені... цирк күмбезінің астында қалықтап жүріп, көрерменді таң-тамаша қалдыратын нешетүрлі күрделі акробатикалық жаттығулар жасау өзін шексіз рахатқа бөлейтін.
Кейбір кезде орынсыз батылдықтар жасап, ұстазынан сөгіс естіп қалады. Ондайда бірер күн монтаны мінез көрсетіп жүреді де, жаттығу барысында балалығы ұстап кетеді ме, қайтадан шалдуарлыққа салынады.
Бірде күмбездің ұшар биігіне шығып алып, төмен қарай сорғалай аққан кезде көрермендер «аһ!» деп, тына қалды. Жүйкесі әлсіздеулері көздерін тарс жұмып, құлақтарын басты – әлдебір жағымсыз дыбысты естуден қорыққан болулары керек. Манеж табанына бір жарым-екі метрдей қалған кезде акробат қыз шыркөбелек айналып, екі аяғымен жерге дік ете түскенде цирк іші ду қолшапалақ пен «жарайсың!», «браво!» деген қошемет дауыстардан жаңғырығып кетті.
Көрерменге ілтипат көрсетіп, қайта-қайта бас июдің қандай бақыт екенін сонда алғаш сезінген. Сезіне тұрып, оларды өнерімен қуанта беруге іштей өзіне сөз берген. Санасында ұстазының «Өнер адамының таңның атысы, күннің батысына қарамай, талмай жаттығып, шеберлігін шыңдай түсуінің бір ғана өлшемі – көрерменнің қол шапалақтауы» деген сөзі жаңғырыққан-ды.
Содан кейін циркке Қарлығаштың өнерін көруге әдейі келетіндер оның бұл өнерін талай рет тамашалады. Бас айналдырар биіктіктен төмен қарай сорғалай ағып келе жатып, нешетүрлі трюктер жасайтын қыздың болашағы туралы цирк мамандары тарапынан батыл болжамдар жасала бастады. Ол болжамдардың өмір шындығына айналарына жанкүйерлері де, туыстары да, Қарлығаштың өзі де сенімді еді. Әттең...
Әттең, кезекті бір ойын көрсету сәтінде цирк толы көрерменнің көз алдында сақтандырғыш жіп үзіліп кетпегенде...
...Есін ауруханада жиды, басы таңулы, аяқ-қолы гипстеулі, орнынан тұрмақ түгілі қозғалудың өзі мұң. Десе де Қарлығаш бұған аса көп қайғыра қойған жоқ. Училищедегі ұстаздары цирк әртісінің мамандығы қауіп-қатерге толы екендігін талай айтқан. Жазатайым зақым алған жағдайда рухы мықтылар ғана жеңіске жететінін шәкірттердің құлақтарына құюдай-ақ құйғанның арқасы болар, Қарлығаш қабырғасының, аяқ-қолының сынып, миының шайқалғанына жаси қойған жоқ. Көңілге қорқыныш ұялатқаны – өзін айналшықтап жүрген дәрігерлердің күбір-сыбыр әңгімесінің көбейіп кеткені. Айтуларынша – жұлынына зақым келген, ем қонбаса, аяғын баса алмай қалу қаупі бар.
Жеті тәулік бойы жан сақтау бөлімінде жатып, сегізінші күні үздіксіз ем жасалатын бөлімге ауыстырылған. Төрт-бес ай бойы жасалмаған ем қалмаған шығар, бірақ аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын жас бала қайдан ұқсын, уақыт өткен сайын көңілдегі үміт сәулесі әлсіреп бара жатты. Басын оңға-солға бұрып, сәл көтергені болмаса, аяғына тұрғыза алмағандықтан нәтижесіз сияқты көрінген емшаралардан жазылуға, өмірге құштар Қарлығаштың өзі де қажи бастағандай еді. Сондықтан кеше дәрігерлер келіп, өзіне қатысты емдеудің бағытын өзгертуге шешім қабылданғанын, енді эксперименттік режимдегі палатаға ауыстырылатыны туралы айтқанда жақсылықтан тағы да дәмеленіп қалды.
... Мұнда да өзі сияқты айлап төсекке таңылғандар жатады екен. Дәстүрлі ем жүргізетін басқа бөлімдерден бір ерекшелігі бұл жерде әлемнің басқа елдерінде қолданылғанымен, өзіміздің елде әлі орныға қоймаған жаңа әдістер басшылыққа алынатын көрінеді. Біреуге жағады, біреуге жақпайды, бірақ төбеге тесіліп жатудан шаршағандар бұл бөлімге келуге құштар екені анық. Себебі, күні кеше ашылса да, басқа жаққа қарағанда тап осы палатаға сырғымалы төсекпен не арбамен келіп, бұл жерден өз аяғымен кететіндер көбірек. Міне, осы палатаға каталкамен әкелінген бір науқас кеше балдаққа сүйеніп, өз отбасына оралған соң оның орны Қарлығашқа бұйырды.
Бұл да палатаға каталкамен кірді. Өз жайлары да мәз еместігіне қарамастан, өздігінен жүрмек түгілі, аяғын қозғалта алмайтын жап-жас қыздың жағдайы палатадағыларға қатты әсер еткен сыңайлы. Ішкі сезімдерін жасыра алмаған палата тұрғындары кіп-кішкентай, нәп-нәзік қызға біреуі аяй, біреуі мүсіркей қарайды. Қарлығаш сол көзқарастарды көрмеу үшін ұйықтағансып, біраз уақыт жұмған көзін ашпай қойған.
Бірақ көзін қашанғы жұмып жатсын? Оның үстіне терезеден қиялай түскен күн сәулесі де қытықтап, «көзіңді аш, мына әсем әлемге қарашы» дегендей. Көзін ашқанда қыс бойы сонша сағындырған зеңгір көк аспанды көрді. Бір үмітпен, бір күдікпен басқа бөлімге келгенінде аспанның шайдай ашық боп, күннің мейірлі шуағын төгіп тұрғаны қандай жақсы!.. Медбике келіп, белгіленген ем-домды алу тәртібін түсіндіріп жатқанда да, санитар апай зілсіз күңкілдей сөйлеп, төсек жаймасын жөндеп бергенде де әлденеге елеңдеп, өзін тап бүгін бір қуаныш күтіп тұрғандай сезімнен арыла алмады. «Ол қандай қуаныш екен?» деп ойлады Қарлығаш.
Жүрегін алып ұштырған қуанышты көзбен көре қоятындай мойнын созып, жан-жағына қарап қояды. Дәлізбен әрі-бері өтіп жатқан адамдардың қараңдаған сұлбаларынан басқа ештеңе көзіне іліне қоймаған соң жаңа ғана қиялдана күлімсіреп отырған Қарлығаш терең күрсініп, бұрынғы бұйығы қалпына түсті. Бірақ, жүрегі лүпілдеуін қойған жоқ.
Әлден соң дәретханаға барғысы келіп, өзі сияқты науқастарға көмектесетін санитар әйелді шақыртып еді, ол жуық арада келе қоймады. «Апай!» деді Қарлығаш шыдамсыздана дауыстап, дәлізбен кетіп бара жатқан бір адамның қарасын байқап қалып.
- Кім шақырды? – деді есіктен қараған көк халатты жас жігіт.
Палатадағылар Қарлығашты нұсқады.
- Жо-жоқ, шақырған жоқпын, - деді Қарлығаш безектеп.
Жас жігіт бұған жақындап келді де: «Сіз қысылмаңыз, маған айта беріңіз, көмектесемін», - деді күлімсірей сөйлеп.
- Жоқ, ештеңенің қажеті жоқ, - деді Қарлығаш тағы да.
Жігіт палатадан шығып кеткен соң ол ұзап кетсін деп, шамалы уақыт тосты да, Қарлығаш тағы да «Апай!» деп дауыстады. Бірер минуттан кейін есік ашылып, бағанағы жігіт басын сұқты:
- Сізге көмек керек пе?
- Маған апай керек еді, - деді Қарлығаш бұдан әрі шыдай алмайтынын сезініп.
- Апай бір жағдай болып сұранып кеткен, орнында мен қалдым. Айта беріңіз, көмектесемін.
- Жоқ, маған апай керек, - деді Қарлығаш жыламсырап.
Жігіт бір сәт үндемей қарап тұрды да, жедел басып шығып кетті. Бірер минуттан кейін палатаға кезекші медбике кіріп, Қарлығашқа таяды да:
- Сізге көмек керек пе? – деп сұрады.
- Дәретханаға... – деді көзінен тарам-тарам жас парлаған Қарлығаш сыбырлай сөйлеп.
Медбике бір қолын оның жамбас тұсынан салып, денесін сәл көтерді де, екінші қолымен төсек астында тұрған жайпақ медициналық шылапшынды бөксесінің астына қоя қойды. Әбден қыстыққан Қарлығашты асықтырмай жанында күтіп отырып, болған соң шылапшынды еппен шығарып алып, палата бұрышындағы дәретханаға алып кетті.
Қанша уақыт ауруханада жатса да Қарлығаш тап осылай қиналып, қорланып, намыстанбаған шығар. «Сұмдық-ай, келесіде далаға шығу үшін шақырғанымда, тағы да ана жігіт келсе қайтем? Медбике екінші рет келмейтін шығар. Иә, келмейді, науқастарға шылапшын тосу медбикенің міндетіне кірмейді ғой», - деп ойлады Қарлығаш есіктен шығып бара жатқан медбикені көзімен ұзатып жатып.
Ол жігіт шақыртпай-ақ келді. Қыз білдіртпей көзінің астымен қарап қойды: сымбатты келбетіне көкшіл түсті халаты жарасып-ақ тұр. Ақ халатты ұнатпайтын Қарлығашқа оның халатының түсінің өзгеше болуының өзі қыс кезінде көктем туғандай әсер етті. Көк халатты жігіт науқастардың сырғып кеткен төсектерін жөндеп, дәрілерін ішкен-ішпегенін тексеріп, әлдебір жаттығуларды жасатып, бір кезде мұның қасына таяды.
- Мен сені танимын, - деді бұған күлімдей қарап, - циркке талай рет барып, өнеріңді көргенмін. Сен – нағыз жұлдызсың ғой!
Қарлығаш елең ете қалды. Бірақ бағана неге шақыртқанымды біледі ғой деп оған қараудан ұялып, көзін терезе жаққа аударды.
- Менің атым Абзал, - деді жас жігіт ештеңе болмағандай, - медицина институтында оқимын. Ортопедия, хирургия мамандықтарынан тәжірибе жинақтау үшін осында жұмыс істеп жүрмін.
- Мен көп жатамын ба? Қарлығаштың оқыс қойылған сұрағы оны таңдандырған жоқ. Бұл – ауруханаға түскендердің бәрі дерлік қоятын сұрақ, бірақ олардың бәріне бірдей жауап берілмейтіні және белгілі. Ол «айтсам ба, айтпасам ба?» дегендей көзін сәл қысыңқырай қарап тұрды да:
- Ол өзіңе байланысты, - деді бұған тіке қарап. – «Науқас дәрігерге көмектессе – дәрігер жеңеді, ауруға көмектессе – ауру жеңеді». Мұндай сөзді естіп пе едің?
Қарлығаш басын шайқады.
Абзалдың: «Қазір мен ауысымымды тапсырып кетемін, саған ешқандай көмек керек жоқ па?» дегеніне де басын шайқады.
Ойынан оның жаңа ғана айтқан сөздері шықпай, «Сонда мен дәрігерге қалай көмектесуім керек? Не істеуім керек екен?», деп бас қатырып отырған. Кенет ұстазының «Жарақат ала қалсаңдар құр жылай бермеңдер, әрекет етіңдер. Көз жасы көмектесті дегенді естіп пе едіңдер?» деген сөздері ойына сап ете қалды. Қалайша есінен шығып кеткен?!
«Тұруым керек! Қалайда тұруым керек!»
Келесі күні санитар апайдың жұмысқа шыққанын естіп, Қарлығаш «уһ» деді. «Жарылып кетсем де ол жігітке шылапшын қойдырмас едім» деп ойлады кешегі жай есіне түсіп кеткенде. Бірақ, неге екені белгісіз, дәлізбен өтіп бара жатқан көк халатты адамдарға елеңдеп, «палатаға кіріп келер ме екен?» деп, еркінен тыс мойнын созып, қайта-қайта есікке қарап жатты. Ақыры шаршап, ұйықтап кетіпті.
Оның келіп кеткенін оянғанда бір-ақ білді. Палатадағылар өзара жымыңдасып, «біздің үміткер» деп сөйлеп, тумбочканың үстіне Абзалдың бір бөтелке шырын мен кішкентай кітапша қойып кеткенін айтқанда, Қарлығаш екі кештің арасында ұйықтай қойғанына өкініп қалды. Кітапшаны алып, айналдыра қарады: интернеттен шығарылған материалдарды тігіп, қолдан жасалған кітапша екен. Бірінші бетіне үлкен әріптермен «Дикульдің әдісімен жаттығу» деп жазылыпты. Жалма-жан ашып, оқи бастады. Кітапқа беріліп кеткені сонша, палатаға Абзалдың кіргенін байқамай да қалды.
- Ал, жұлдыз қыз, қал қалай?
- Ой! Сіз бе? Шырыныңызға рахмет!
- Кітабыма ше?
- Кітабыңызға да... Мен оқи бастадым, бірақ мұнда жазылғандарды орындау қиын сияқты...
- Оңай болмайды. Бірақ сен бұрыннан жаттығулар жасап, денең әбден шыныққан ғой. Сондықтан дене шынықтырулар кешенін орындау түк те қиынға түспейтіні анық. Саған ең бастысы миды шынықтыру керек...
- Миды?
- Иә! Барлық нәрсе миымыздан бастау алады... Жүріп-тұру да, тамақ ішу де, шешім қабылдау да... Сен аяғыңа тұруың үшін ең алдымен өзіңді сендір! Сосын алдымен башпайларыңның қалай қозғалғанын есіңе түсір. Миыңмен олардың қимылдағанын ойлап, көз алдыңа елестет. Қане, қане, елестетіп көрші...
Қарлығаш оған таңдана қарап алды да көзің жұмып, башпайлары қимылдағанын елестетуге тырысты. Қыздың бет-жүзін жіті қадағалап тұрған жігіт сәл үнсіз тұрды да әңгімесін жалғастырды.
- Қалай, елестеттің бе? О-ой, кіп-кішкентай башпайлар, қандай әдемі өздері!
Мына сөздерден кейін палатадағы бір әйел мырс ете түсті. Абзал қызарып кетті, бірақ жаттығуға берілген Қарлығаштың естімегенін байқап, әрі қарай сөйлей берді.
- Біздің башпайларымыз да тентек балалар сияқты... бірден тыңдамауы мүмкін. Сен оларға ұрыспа, алдап-сулап жұмса, айтқаныңа көнгендерін мақтап қой... Басқаларын да сондай болуға үгітте...
Палатада тым-тырыс тыныштық орнады. Тек Абзалдың баяу қоңыр үні естіліп тұрды.
- Иә, солай! Өз башпайың болса да, алты ай бойы өз беттерінше «өмір сүрді» ғой. Сені ұмытып та кеткен шығар... Енді иесі өзің екеніңді білдір. Әдемі музыкамен үйіріліп, башпайларың сыртылдап, аяғыңның ұшымен билеген кездерді естеріне түсір... Сонда олар қалай-қалай қимылдайды десеңші!
Бәлкім, сол кездері есіне түскен болар, көзін жұмып отырған Қарлығаш жымиып қойды.
-Міне, осылайша башпайларыңды өзіңе қаратып алып, сосын батыл түрде «қимылдаңдар» деп бұйрық беруің керек. Дикульдің өзі солай істепті дейді кезінде. Біз де сөйтетін боламыз...
Палатадағылар да жас жігіттің әңгімесіне құлақ түріп, әрқайсысы әрқалай баға беріп отырды. «Қызға қырындаудың жақсы амалын тауып алғанын қарашы» деп іштей күліп отырды біреуі. «Өздерінің қолынан түк келмеген соң нешетүрлі ертегі айтып, жұрттың басын қатыруға құмар бұлар» деп налып отырды екіншісі. «Көмектесетін болса, тек жатпай мен де жаттығу жасап көрсем бе екен?» деп елеңдеді үшіншісі.
Жігіттің ешкімде шаруасы жоқ, Қарлығаштың аяғындағы шұлығын шешіп, башпайларын кезек-кезек шымши ұстады да «міне, былай-былай қимылдағанын есіңе түсір» деп әрі-бері қозғап-қозғап қойды.
Палатадағылар қалай жорамалдаса да жігіттің негізгі ойы – дәрігерлік парызын адал орындау, науқасқа қалайда көмектесу еді. Бірақ, кәсіби біліктілігіңе сеніп, көмек күтіп жатқан науқас күні кеше өзіңді өнеріне тәнті еткен жан болса... әрі ол үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді қыз болса, қандай жігіт те бар өнерін салар еді... Мұндағылар ғана емес, қолы қалт етсе Абзалдың осы палатаға бет алатынын әріптестері де байқаған-ды.Келесі келгенінде Абзал қыздың екі балтырын кезек-кезек уқалап жатып Қарлығашқа қарап: «Бұлшық еттердің де жады болады, соны оятуымыз керек. Жансызданған аяқты қозғалысқа келтірудің де дәстүрлі және дәстүрлі емес амалдары бар екен. Ол басқа кітапта жазылған, оны да әкеп берем», – деді.
Қарлығаш басын изеді. Бір қызығы палатаға Абзалдың келуін қанша күтсе де, ол есіктен кіргеннен өзінің тілі байланып қалғандай күй кешеді екен. Әдемі жігіттің өзін танитынына және басқаларға қарағанда бұған ерекше назар аударғанына іштей қуанды. Жастардың «Бәрі маған болсын, не ештеңе керек емес» дейтін максимализмінің әсерімен тіпті оны өзіне ғана жіберілген, алты ай бойғы азабынан құтқаратын жандай қабылдады. Содан да болар барлық айтқандарына құлай сеніп, көрсеткен жаттығулары аяғына тік тұрғызатындай күй кешті. Міне, қазір де дәрігер жігіттің «Алдымен осы жаттығуларды бекітіп алайық. Әзірше башпайларыңның жыбырлағанын көз алдыңа елестететін жаттығуларды қайталап істей бер. Бірте-бірте басқа жаттығуларға да жетеміз» деген сөзіне де басын шұлғыды.
Есіктен кіре салып, емен-жарқын сөйлеуімен, ешкімнен, ештеңеден қысылмай өзін еркін ұстауымен палатадағылардың бәрін баурап алған жігіттің бүгінгі сеансы науқас әйелдерді ерекше сүйсіндірді. Ал ол не айтса да басын шұлғып, ауырсынса да, айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысатын талдырмаш қызға жанарынан шуақ төге қарап, ертеңге дейін қоштасып шығып кетті.
Қарлығаш Абзал үйреткен жаттығулардың әсері болатынына шүбәсіз сенді. Циркте жүргенде ешқашан жаттығу жасаудан қашпайтын еді, тіпті үнемі белгіленген уақыттан көбірек жаттығатын. Сол еңбекқорлығының көмегі тиді. Дәрі-дәрмегін ішіп, емдік уқалау, физио-емдеу ем-домдарын алып болғаннан кейін Абзал үйретіп кеткен «психологиялық жаттығуларына» кірісетін болды. «Башпайларым, айналайындар, қанеки, қозғалыңдаршы, - дейді іштей. – Сендер қозғалсаңдар, жер басып жүрмейсіңдер. Бұрынғыдай, цирк күмбезінің астында ұшып жүресіңдер. Әжем сендердің аттарыңды үйретіп еді ғой маған, қалай еді?
А-а-а, есіме түсті!
Басқы бақай,
Опай-сопай,
Атсыз апай,
Еркетотай,
Құйттай шоқай...
Басқы бақай, саған қашанда салмақ көбірек түсетін. Бірақ, сенің күштілігіңнің арқасында мен кез келген биіктікке ырғып көтерілетінмін. Басқы бақайдың қасында оған тіреу болып Опай-сопай тұрады, ал оған Атсыз апай арқа сүйейді. Менің өнер көрсетуімде, Еркетотай мен Құйттай шоқай, сендердің де орындарың ерекше. Бәріміз қайтадан көкте ұшып жүруіміз үшін, қимылдаңдаршы тезірек?...»
Арада бірнеше күн өткенде Абзал палатаға жіп алып келді. Кәдімгі кір жаятын жіп.
- Немене, асылып өлсін деп бізге кәсіподақ беріп жіберді ме? - деп мысқылдай сұрады есік жақтағы төсекте жатқан, палатаға жаңадан түскен орта жастардағы әйел.
Палатадағылар оған жақтырмай қарады. Абзал да ол әйелдің сөзіне мән берген жоқ, керісінше бір жақсы сөз естігендей күлімсірей қарап: «Осындай адам ойына келмейтін сөздерді тауып ала қоятыныңызға таң қаламын. Бұл да үлкен өнер ғой»,- деп еді, енді ол кісінің өзі ыңғайсызданып қалды.
- Мына жіпті аяғыңның басына орап, қолыңмен тартатын боласың, - деді ол Қарлығашқа тақап келіп. – Мен саған ыңғайлы болуы үшін бір жақ ұшын құрық сияқтандырып байлап әкелдім. Міне, былай лақтырып кигізіп, мына ұшынан былай тартасың. Әуелі оң аяғыңды бүгуге тырысасың, сосын сол аяғыңмен тап сондай жаттығулар жасайсың. Аз-аздан бастап, бірте-бірте көбейте береміз...
Жігіттің жіпті қайта-қайта лақтырып, жансыз аяқты тартып көтеруді бар ықылас-пейілімен көрсеткеніне палатадағылар елеңдеп, сүйсіне қарап отырды. «Осы еңбегің жанып, қызымыз жүгіріп кетсе ғой, шіркін», - деді төр жақта жатқан апай.
- Жүгіргеніңіз не, апай? Қарлығаш бұрынғыдай цирк күмбезінің астында қалықтап ұшатын болады әлі! Мен сіздердің бәріңізді премьерасына ертіп апарамын сонда, - деді Абзал жайраңдай сөйлеп.
Қарлығаш оған көзі мөлдіреп, елжірей қарады.Періште әумин деген шығар, тынымсыз жаттығулармен біраз уақыт өткенде Қарлығаштың башпайларына жан бітіп, тағы біршама уақыттан кейін тізесін сәл-пәл бүгетін халге жетті. Бөлімде тәжірибеден өтіп жүрген бес минутсыз дәрігер Абзалдың, жұлынына зақым келген қызды емдеуде ғажайып нәтижеге қол жеткізгені туралы аңыз-әңгіме бүкіл ауруханаға тарап, оны көргісі, онымен танысып, сөйлескісі келгендер көбейді.
Олардың ішінде әрнәрсені сылтау етіп келуші қыздар да көп-ақ еді. Әсіресе, өзімен бірге оқитын Гүлсім есімді қыз айналып-үйіріліп, Абзалдың қасынан шықпайды. Қарлығашқа бұл жай ұнамайды-ақ, бірақ қолынан не келеді? Дәлізде сыңғырлай күліп, әрлі-берлі өтіп жатқан қай-қай қыздың да өзіне қарағанда мүмкіндіктері мол екенін мойындамасқа шарасы жоқ.
Бұл жай жас қыздың жанына маза бермей, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Міне, бүгін де «Мен сияқты мүгедекті қайтсін?» деп, түні бойы дөңбекшіп шықты. Бұрын көз алдына палатаға күлімдей кіріп келе жатқан Абзалды елестетіп, түнемелікке нешетүрлі қиялға берілуші еді. Қиялы ғажайып түстерге ұласатын. Көбінесе Абзал екеуі қанаттарын жайып, күмбез астында ұшып жүретін... Қарлығаш ол түстерінің өңіне айналарына титтей де күмән келтірмейтін еді. Аяқ астынан Абзалға қызығушы соншама көп қыздың пайда боларын кім білген?
Әне, қазір де ол топ қыздың ортасында тұр. Қарлығаш арбасымен сырғып, емдік уқалау жасайтын кабинеттен келе жатқан. Ұзын дәліздің алғашқы бұрылысында топ қыздың ортасында әлденені айтып, күле сөйлеп тұрған Абзал көзіне оттай басылды. Қызғаныштан дем жетпей қалған қыз арбасын кілт тоқтатып, кері бұрылуға әрекет жасады. Бірақ, бағытты өзгертетін тетікті тым қатты бұрап жіберген болуы керек, арба тепе-теңдігінен ауытқып, шайқалақтап кетті де, салдыр-гүлдір етіп бір жағына қарай құлап түсті. Топ қыз шу ете қалды.
Құстай ұшып жеткен Абзал жерде жылап жатқан Қарлығашты көтеріп алып, арбасына қайта отырғызбақ болған. «Кет! Кет! Тиіспе маған!» деп айқайлады Қарлығаш оның құшағынан жұлқынып шығуға әрекеттеніп.
- Тиыш, тиыш, тиыш... Тыныштал енді, - деді Абзал дір-дір еткен қызды бауырына басып.
- Жібер! Бара бер ана қыздарыңа! Олар мүгедек емес қой!
Абзал ештеңе деместен арбаны тұрғызып, көтеріп алған қызды отырғызды. Ол жерден біршама ұзаған кезде ғана:
- Қайдағыны айтпа. Ем қабылдау кезінде сен эмоциялық шектеулерді де сақтауың керек, - деді арбасын палатаға қарай итеріп келе жатып.
- Эмоцияңмен қоса құры! Қайдан тап болдың менің өмірімде?!
Абзал арбаның қасына тізерлей отырып, қыздың қолын сипады. Оның дудырап кеткен шашын жөндеп, көзінің жасын сүрткісі келген – батылы бармады. Бар болғаны «Айналайын, қоя қойшы... Жыламашы, жұлдызым... Бәрі жақсы болады. Маған сенші», - деп сыбырлады.
Сезіміне ие бола алмай еңіреп жылаған жас қыз ештеңені еститін халде емес еді. Қарсы кездескендердің өзіне таңдана қарап өтіп жатқандарын көзіне де ілмей, алқымына тығылған ашулы сөздерін ақтара салды: «Неменеге маған жаны аши қалды десем! Бәсе! Мен саған тәжірибе жасау үшін керек болған екенмін ғой! Атақты болғың келген ғой!.. Ал мен болсам... Ақымақ басым!..»
Долдана жылаған қыздың соңғы сөздері жанына тиіп кетсе де Абзал ештеңе деген жоқ. Арбаны палатаға кіргізіп, Қарлығашты төсегіне көтеріп жатқызды да, үндеместен шығып кетті. Іле-шала барлық оқиғаны көзімен көрген санитар апай кіріп, өксіп жылап жатқан қыздың қасына келіп отырды. Жүзінде абыржу бар. Әлденені айтқысы келіп оқталса да, ретін таба алмай тұрған сияқты. Қыздың өксігі басылып, тынышталған кезде тамағын кенеп қойып, баяу ғана тіл қатты.
- Сен ол баладан бекер күмәнданасың, қызым,- деді ол Қарлығаштың иығынан сипап қойып.
Қыздың тына қалғанынан өзін тыңдап жатқанын сезген ана сөзін жалғастырды.
- Абзал сенің қасыңда жиірек болу үшін біздің кезекшілігімізді сұрап алып жүр. Сен оны білмейсің ғой... Ұйықтап жатқаныңда сағаттап қасыңда отыратынын көріп, сондай қызығамыз... Ол үшін сенің әр қимыл-қозғалысың үлкен қуаныш екенін білесің бе? Медициналық тәжірибе тұрғысынан емес, өзіңді жақсы көргендігінен...
- Өтірік! Өтірік! – деді осы кезде Қарлығаш жыламсырай сөйлеп. – Жақсы көретінін маған ешқашан айтқан емес. Тіпті сездірген де емес...
- Шын асыл сезім даңғазасыз, ұяң болады, балам... Батылы жетпеуі де мүмкін. Сенің қалай қабылдайтыныңды білмейді ғой... Онсыз да сезімін жеткізе алмай жүргенде сен «кет» десең не болады?
Қарлығаш үндемеді. Санитар апай әңгімесін әрі қарай сабақтады.
-Ал қыздар... қыздар неге қызықпасын мұндай жігітке? Қашанда «жігітті ел мақтаған қыз жақтаған». Мұндай білімді, әдепті жігіттің жары болуға қай қыз да ынтық болары сөзсіз. Анау Гүлсім өзінің жігіті бола тұра Абзалдың қыр соңынан қалмай жүр. Тіпті өткенде маған қарамаса өзіме қол жұмсаймын деп зәремізді ұшырды... Ал Абзалдың есіл дерті сен жақта. Соны да байқамағансың ба? Әй, баламысың деген...
Өксігі басылып, үнсіз жатқан қызды шашынан сипап:
-Тұр, жылап-жылап, басың ауырған шығар. Арбаңа отырғызып, далаға шығарайын. Бүгін күн сондай тамаша, - деді.
Күн шындығында да тамаша екен. Сәуір айының жанға жайлы самалы аймалап, жаңа ғана дыңылдап тұрған басы бір сәтте жазылып кеткендей болды. Зеңгір көкте көз қарықтыра жарқыраған күннің сәулелері әлі қоюланып үлгірмеген жапырақтардың арасынан сыналап өтіп, Қарлығаштың жүзін өпті. Мына ғажапты қараңыз: еркелей соққан самал жел, ана мейіріміндей күн шуағы бірде Абзалдың бұл отырған арбаны итеріп келе жатып оқыған өлеңін есіне түсірді. Жалпы Қарлығаш өлең оқуға құлықсыз болатын, бірақ неге екені белгісіз, сол өлеңді ұнатып қалды. Тіпті ұзақтау көрінген өлеңнің бір шумағы жатталып қалыпты:
Бір ауыз сөз айтайыншы сізге мен
Сіз секілді бір адамды іздеп ем!
Сәуірдегі сәулелердің саусағы
Сияқтысыз – сиқыры бар жүздеген!...
Шумақты іштей әлденеше рет қайталаған Қарлығаш санитар апайдың жаңағы айтқан сөздерін енді қуана еске алып, жүрегі лүпілдей жөнелді. Көпті көрген ананың өзіне айтқан сөздерінің шындығына иланды. Жаны тынышталды. Көктен аймалай төгілген шуақтан тұла бойы балқығандай күй кешіп, көзін жұмды. Қандай рахат! Осылай маужырап отыра берер ме еді...
Анадайда үйіріліп тұрған бір топ қыз-жігіттердің арасынан кенет шыққан шу селк еткізбесе... Анықтап қарап еді – арасында осында жұмыс істейтіндер бар сияқты, көкшіл, ақ халат киген жігіттер әлденеге таласқандай, әлдене ашу-ызасын келтіргендей бір-біріне тепсіне сөйлеп жатты. Не болды екен?
-Не болып қалды ана жерде? – деді мұның ойын оқығандай санитар апай да мойнын созып. - Өй, анау ұзынтұра... әлгі Гүлсімнің жігіті ғой... Кімге қоқаңдап тұр өзі?Қолымен көзін көлегейлеп, тәжікелескендерге тесіле қарап тұрған апай «ұзынтұра» басу айтқандарды сыпыра боқтап, өзіне әлденені түсіндірмекші болған көк халатты бойшаң жігітті құлаштай ұрғанда ышқына дауыстады:
-Өй, қайтеді мынау?!
Топ ішінде тұрған бір қыздың жыламсыраған даусы қоса естілді:
- Абза-ал!
Қарлығаш селк ете түсті. «Абзал?» деді күбірлеп түкке түсінбей.
Бұл кезде апай топқа қарай жүгіріп бара жатқан.
- Қойыңдар қане! Полиция шақырам! Полиция! Полиция!
Сол кезде ғана «ұзынтұраның» жұдырығы тиген жігітті танып, Қарлығаштың жаны ышқынып, шыңғырып жіберді:
-Абза-а-а-ал!!!
Екі қолын алға созып, жүгіріп бара жатқан апайдың артынан ұмтылды. Тәлтіректеп екі-үш басқан кезде ғана өзінің жүре алмайтыны есіне түсіп, тізелері дір-дір етіп тұрып қалды. Енді қайтті? Отырайын десе, арбасы қол созым жерде қалып қойды, алға жүрейін десе буын-буыны босап кеткендей, аяғын қозғалта алар емес. Әлі құрып, енді болмаса құлайтын сияқты көрініп, көз алдындағының бәрі дөңгеленіп бара жатты...Осы сәтте өзін сүйеп қалар, буынын бекітіп, аяғын нық бастырар адамның кім екенін анық ұққандай. Оған тиген жұдырық өз тәнін осып еткендей тұла бойы аши ауырып, ауырсына ыңырсыды. Бірақ тәнінің ауырғанына емес, сүйген адамы құлап жатқанда жанына жете алмағанына, оны жерден тұрғызып алмағанына күйінген қыз «Аб-за-а-ал,... сүйіктім... жа-а-ным...» деді сыбырлай жылап.Бейқам тұрған Абзал «ұзынтұраның» соққысынан жерге жалп етіп құлап түскен. Әлдекімдер сүйемелдеп тұрғызып, үсті-басын қағып жатқанда Қарлығаштың шыңғырған даусы естіліп, аң-таң қалған ол жан-жағына алақтап қарады. «Терезесінен қарап тұр ма екен?» деген ой келіп, әуелі жоғарыға көз салды. Көзіне ешкім ілікпеген соң, аула ішін көзбен сүзіп, анадайда бұған қарай қолын созып, үп еткен желдің лебінен де құлап кетердей болып, шайқатылып тұрған Қарлығашты көрді. Көрді де, жүрегі аузына тығылғандай дем ала алмай қалды. Нәп-нәзік денесі талшыбықтай бұралып, көктемнің самал желінен де құлап кетердей болып тұрған Қарлығаштың өз аяғына тұрғанына таң-тамаша болып, өз көзіне өзі сенбеді. Сосын барып ол ғажайыптың себебін түсініп, жүрегі атқақтай жөнелді. Қарлығашты аяғына тұрғызған оның бұған араша түсем, жанына жетем деген сезімі екенін ұқты... Ұқты да көкірегін қуаныш кернеп, құшағын жайып тұра жүгірді...