Камал ӘЛПЕЙІСОВА. ПЕРІШТЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Жарық дүниеге шығар күн жақындаған сайын ана жатырындағы Ұрық-баланың бойын әлдебір тынышсыздық билеп, мазасы кете бастады. Өмір деген не екен? Онда бұл қалай тіршілік етпек? Алдынан не күтіп тұр? Жып-жылы, қалай аунап жатса да жап-жайлы орнын тастап, беймәлім ортаға барғысы жоқ-ақ. Бірақ періште келіп, енді бірер күннен кейін жаңа дүниеге жол шегетінін білдіріп кетті.

Шықпай-ақ қойса болмас па екен? Жайлы орнында ұзақ қалмайтынын білгелі бері өзін мазалаған осы сұрақты соңғы келгенінде періштеге де қойған. Болмайды екен.

Алғашында  Ұрық-бала жарық дүниеге шығуға ынталы еді. Өйткені өзі жаратылған соң періште келіп, мұның «адам» екенін, кезі келгенде жарық дүниеге шығып, өмір сүретінін санасына жеткізген. Алғашқы танысулары болғандықтан екеуара түсінісуі, «сұхбаты» ұзағырақ болған. «Мен сонда қалай өмір сүремін?». «Кәдімгі өзің тектес адамдар сияқты. Олар көп, әртүрлі, сен тек жақсыларынан үлгі алуға тырысуың керек». «Қорқамын, маған қиын болатын шығар...». «Оңай болмайды. Бірақ сенің қорғаушың бар». «Қорғаушы? Сондай күш-қайраты мол ма?». Періште мейірлене жымиды: «Сені қорғау қажет болса, бойында ғаламат күш пайда болады». «Мен оны қалай танимын?» «Оп-оңай, өйткені ол үнемі сенің қасыңда болады». «Сонда кім ол?» «Сенің анаң...»

«Анам...» деп қайталады Ұрық-бала. Ол қандай екен?

Ұрық-баланың бойында қызығушылық оянып, періште келесі бір келгенінде анасы туралы тағы «сұрастыра» бастады. Бірақ періште анасын қалай сипаттаса да, мұның көңіліндегі қызығушылық басылмай қойды. Сосын Ұрық-баланың анасына деген ынта-ықыласына мейірленген періште ғажайып қабілетінің күшімен оған анасын «көрсетті».

Ұрық-баланың мұндай ғажайып суретті бірінші рет көруі еді: ай дидарлы ару қыз иығына төгілген қолаң қара шашын біресе қолымен жиып алып, төбесіне түйіп, біресе жайып жібере салып, айна алдында сылаңдап тұр екен. Өз көркіне риза сияқты – айнадағы бейнесіне қарап жымиып күліп қояды. Енді Ұрық-бала анасының әдемі жымиысын қайта-қайта көре бергісі келді.

Сол-сол-ақ екен, жарық дүниеге шығар күн қашан туар екен, әдемі, мейірімді анасымен, оның қасында жиі болатын жан – періштенің «айтуы» бойынша – әкесімен қашан жолығысам екен деп асыққан. Бойына мұның біткенін әлі білмейтін кездерінде әкесі мен шешесі соншалық бақытты күн кешіп, күннің түнге, түннің күнге ауысқанын білмей де қалатын. Бұл құштарлана құшақтасып, емірене сүйісіп жатқан екеуінің ортасына барып жата қалсам, сосын екеуі мені де тап солай құшақтап сүйсе деп «армандайтын» болды.

Бір күні анасы көшеде келе жатып, киім сататын дүкеннің алдына тоқтады. Әйнектің арғы жағында тұрған манекеннің үстіндегі әдемі көйлекке қызығып, сол жерде айналсоқтап біраз жүрді. Оның тап осындай көйлек кигісі келіп жүргенін білетін Ұрық-бала да қуанып, анасын сол әдемі көйлекті киіп, қалықтап ұшып келе жатқандай елестетті. Иә, айтқандай, адамдар жүреді екен ғой. Анасы әдемі көйлегін киіп, етегі желбіреп келе жатады... Кенет, алдарынан ақсия күліп әкесі шыға келеді... анасының мұндай күтпеген кездесулерге ерекше мәз болатынын білетін бұл, қиялдап жатып, титімдей жүрегі «лүп-лүп» етіп қуанып кетті.

Бірақ Ұрық-баланың қуанышты, жарық дүниеге шығуға асығулы күндері  кенет аяқталып, өзін пайда еткен екеудің арасында бұл түсінбейтін жайлар өте бастады. Бәрі де анасының өз бойында күтпеген тіршілік иесінің пайда болғанын білген күні басталды. Ұрық-бала анасының сол кездегі жай-күйіне түсінбеді – әшейінде қуанған кезіндегідей алақанын шапалақтап, секіріп-секіріп алар деп еді, ол болса... шошып кетті. Әлдебір қорқынышты мақұлықты көргендей көзі шарасынан шығып, жүрек тұсын басып біраз отырды. Сосын жылады-ай келіп... Төсегіне келіп құлап, өз басын өзі ұрғыштап, ішегін тарта жылағанда Ұрық-баланың қорыққаны-ай!.. Бұрынғыдай емін-еркін жүзуін қойып, бір қуыстау жерге барып, бұл да бүк түсіп жата кетті.

Кешке әкесі келген кезде әлдебір жақсылықтан үміттеніп, Ұрық-бала ана жатырындағы тығылған қуысынан бері шықты. Әкесі мен шешесінің арасында болар әңгіменің тек өзіне қатысты болатынын білетіндіктен, оның басталуын тағатсыздана күтіп, ерсілі-қарсылы жүзе бастады. Үміті ақталмады. Әкесі де қуанбады. Ол-ол ма, «сен әдейі істедің» деп шешесіне жекіп сөйлеп, ебіл-дебілі шығып, еңкілдеп жылап отырған жанды екі иығынан ұстап, жұлқылай бастады. Зәресі ұшқан бұл тағы да қараңғы қуысына барып тығылмаққа ұмтылды.

Сол жерде әлдекіммен соқтығысып қалды. «Сен кімсің?» «Сенің сыңарыңмын» «Мұнда неғып жатырсың? Ана жақта кең, еркін жүзуге болады» «Мен сенен кішімін, сондықтан әзір еркін жүзуге әлім келмейді» «Ә-ә-ә...»

Ұрық-бала сыңары бар екендігіне, мына қорқынышты жағдайда жалғыз болмайтынына қуанып кетті. Бауырына соны айтпақшы болып бұрыла берген, «дүңк» ете қалған соққының екпінінен шайқатылып, оның ар жағына шолп ете қалды. «Не болды?»

Күтпеген жерден сыңарын кездестіру жарық дүниеде болып жатқан жайлардан назарын бір сәт ауытқытып жіберген. Сөйтсе... әкесі... анасын жұдырығымен бір қойып... ұшырып түсірген екен. Ауыр соққыдан есеңгіреп қалған анасын жағынан салып-салып жіберіп, ол көзін ашқанда, тағы да жұдырығын кіжіне көтере берген... Ұрық-бала түкке түсінбеген сыңар-бауырын қалқалап, итермелей бағанағы қуысқа қарай жанұшыра зыта жөнелді...

Осыдан кейін-ақ бұлардың өмірінде көңілсіз күндер басталды. Анасы күні-түні жылаудан көз ашпайды. Әкесі күнара келіп, «құтыл, көзін құрт» деп айқайлап, жер тепкілеп кетеді. Ондайда бұлар үйреншікті қуысқа барып тығылады. Бірақ күн өткен сайын ол жер екеуіне тарлық жасап, біреуі сыртта қалуға мәжбүр болатын. Ана дүниедегі айқай-шу басылған соң сыртта қалғаны қуыстағыға келіп, болған жайды «баяндайды».

«Құрт деуге қайтып аузың барады? Өз баламызға қалай қол жұмсаймыз?» деді бірде анасы еңіреп жылап. «Қайдағы бала? – деді әкесі. - Әрі-беріден соң ол әлі адам емес, бар болғаны ұйыған қан ғана. Менімен болғың келсе – құтыласың.»

«Қалайша бала емеспіз? Біз – адамбыз!» деп шырқырады іштегі екеу. Бірақ оларды ешкім естіген жоқ.

Ақыры анасы көнді. Бір үлкен үйге барып, ақ киімді әйелге жылап мұңын шақты. Әйел жұрттың жылағанына үйреніп кеткен болуы керек, анасын селқос тыңдап, әлдебір қағаздарды жазып, өзімен өзі әбігер болып отыра берді. Жұбатқан да жоқ, ұрысқан да жоқ, анасын әлдебір суық төсекке жатқызып, түрткілеп көрді де, иректете жазу жазылған бір қағазды қолына ұстата салды. Анасы ілби басып, басқа бір үлкен үйдегі аппақ сырмен сырланған, сап-салқын бөлмеге кірді. Бұл жердегілер де көп сөйлеген жоқ. Шешінген анасын  биік төсекке жатқызып, жылтыраған суық темірлерін ішіне, бұлар жатқан жаққа қарай сүңгітіп, айналдыра бастады.

«Қаштық!»

Ұрық-бала түк түсінбеген сыңарын қуысқа қарай сүйрелей қашты. Оның әуесқойлығы ұстап кетті ме, дәл қастарынан лып-лып етіп өтіп жатқан жылтылдаған аспаптарға аңтарыла қарап, асығар емес. Қуысқа кірген бойда артына бұрылып, сыңарын жанұшыра шақырды. «Тез! Тез бол!». Бірақ сыңары үлгірмеді. Жылтылдаған пышақ жүзі оның үлбіреген сыртқы орауын жарып жіберіп, бауырын бұлқынып та үлгірмеген күйінде, ысырып алып кетті...  «А-а-а...» Сыңарының шыңғырған даусынан мұның құлағы тұнып кетті. Содан соң дүние жым-жырт тыныштыққа айналды.

Анасы үйіне келіп, күні бойы сұлқ түсіп ұзақ жатты. Бұдан кейінгі күндері де бұрынғыдай әдемі киімін киіп, таранып-сыланып көшеге шықпады. Тіпті жарытып тамақ та ішпеді.

Бұл да қуысынан ешқайда шыққысы келмеді. Әдетінше анда-мұнда жүзген де жоқ. Дене мүшелері дамып, сана-сезімі артқан сайын бұған дейін жұмбақ боп келген көптеген жайлардың сырын түсіне бастаған-тын. Бірақ сыңарынан айрылғалы бері сыртқы дүниеге деген қызығушылығы да сап тыйылып, әлденеден алданғандай, әлдекім зәбірлегендей тоң-торыс күн кешіп жата берді.

Арада үш-төрт ай өткенде анасы тағы да ақ киімді әйелге келіп, жылап-жылап қайтты. Ұрық-баланың бойында өзінің аман қалғанына анасы қуанады ма деген мардымсыз ғана үміт болған. Адамдарды түсініп болмайды екен – анасы бұл күткендей қуанған жоқ. Бірақ бұл жолы өткендегідей қатты қайғырған жоқ, сондағыдай – дүниеден түңіліп кетердей жылаған жоқ.  Ақ киімді әйелдің «Көрер жарығы бар екен, енді күпірлік қылма» дегені өзіне қатысты айтылғанын түсініп, анасы не дер екен деп, тына қалған. Ол үндеген жоқ. Терең күрсінді. Онысына Ұрық-бала мұңайып қалды.

Бұдан кейінгі өмірінің бәрі анасының сүрген күндерінен айнымайтын: ол айналасындағы қызылды-жасылды, шулы-думанды өмірге немқұрайлы қарап, сылбыр күн кешсе, бұл да алдынан күтіп тұрған беймәлім тіршілікке барғысы келмей, бұрынғыдай ештеңе қызықтырмай, ештеңеге ұмтылмай селқос күй кешті. Анда-санда бір аунап түсіп, бүк түсіп жата беретін...

Солай жата берер ме еді, мұның жарық дүниеге шығар уақыты өтіп бара жатқанын білген періште келіп, «Бар жарық дүниеңе!» деп құйрығынан сарт еткізіп салып қалмағанында. Оқыс тиген шапалақ тәніне батып, бұл шар ете қалған...

 

*  *  *

- О-о, ұл! Ұл болғанда да қандай! Нағыз батыр! – деді Әсемді босандырып алған акушерка әйел дабырлай сөйлеп. – Қане, өлшейікші... айттым ғой, төрт келі бес жүз грамм!

Ағыл-тегіл жылап жатқан Әсемнің кеудесіне тырбаңдаған нәрестені жатқызып, үстінен жөргекпен жаба салған акушерка әйел: «Жылама, қызым, бәрі де жақсы болады. Айбарың, қорғаушың осы болады әлі, маған салса мұндай балпанақтай баланың атын Айбар қояр едім, қалай қарайсың?», - деді мейірлене сөйлеп. Әсем жылап жатып, басын изеді.

 

Сәбиін құшақтап перзентханадан жалғыз шықты. Жаманат жерде жата ма? Қызы туралы естіген қаңқу сөзге сенбей, алыс ауылда тұратын шешесі іздеп келген. «Желден басқа тимеген, күннен басқа сүймеген» деп жүрген қызының бала емізіп отырғанын көргенде өз көзіне өзі сенбей, сілейді де қалды. Әуелі ойбайлап, жерді тоқпақтап ұрып, қарғап-сіледі. Одан кейін «қырам да жоям, әкесі кім?» деп сұрақтың астына алды. Сосын барып, ештеңеге селт етпей, не қуанбай, не ренжімей, тек көлеңке сияқты боп жүрген қызына ана көзімен қарап,  ағыл-тегіл жылады. Алданған, жаны қан-жоса боп жараланған, намысы жер болып тапталған балапанын аяп, іші-бауыры езілді. «Ішіме сыйған балам сыртыма да сияды!» деп, босаған көңілін күрт бекіткен ана құндақтаулы баланы көтеріп, қызын ауылына алды да кетті.

 

Арада бірнеше жыл өтіп, Айбар мектепке баратын жылы бұларды ауылға бір кісі іздеп келді. Аулада ойнап жүрген бала ол кісіні көргенде аң-таң қалып тұрып қалды. «Қайдан көріп едім?» деп ойлады ол. Бірақ қанша ойласа да есіне түсіре алмай қойды. Апасының ол кісіге неге айқайлап ұрысқанын, анасының түпкі бөлмеге кіріп кетіп, неге шықпай қойғанын түсіне алмады. Ауладан шығып кетіп бара жатқан адамның өзіне тесіле қарағанынан денесі дір ете қалды. «Осылайша кім қараушы еді?»

Содан кейін де сырғып көп жыл өтті.

Апасы қайтыс болған соң бұлар қалаға көшіп келді. Мұнда келгенде бұларды баяғы ауылға іздеп келетін кісі тауып алып, өз қамқорлығына алған. Айбар оны мойындамай, анасы екеуінің жып-жылы ұясына бөтен «ағайдың» кіріп, билік жүргізгеніне көнгісі келмеген, бірақ анасы «әкең осы кісі» деп амалын туысты.  Анасының көңілін жыққысы келмегендіктен ғана қанша тырысса да бауыр баса алмаған осы бір бөтен жанға жылы шырай танытқан болады.

Бірақ, шынымен әкесі екеніне әлі де сенгісі жоқ...

 

Кішкентайынан мінезі ашық, бауырмал боп өскен, кемтар, қауқарсыз кісілерді аяғыш, ауылдан бұл жоқта үйге келген қонақтарды өзі күтіп ала беретін қонақжай баласының әкесі келсе күрт өзгеріп, тұнжырап, қабағы ашылмайтынына Әсем іштей таң қалады. Алғашында «балалық қызғанышы ғой» деп ойлайтын. Келе-келе көңіліне баласының өзін бұлай ұстауының басқа бір себебі бар-ау деген күдік ұялады. Ұлымен сөйлесіп көрген. Баласы оқыс сұрақ қойып, шешесін таң қалдырды. «Осы кісі бұрын, кішкентай кезімде, мені қатты зәбірлеп, ұрған жоқ па?» «Қайдағы ұрған, балам-ау? Сендер тіпті кездескен емессіңдер! Екеуің сен мектеп бітіретін жылы танысқан жоқсыңдар ма? «Оны неге сұрадың?» Айбар «білмедім» дегендей күрсініп, иығын қомдады.

Әсем сол әңгімеден кейін баласының мінез-құлқына зер салып қарай бастады: оның өзін ұстауы екі түрлі болатын. Әшейінде жайдары, мейірімді де, әкесі барда ойлы, тұнжыр, онымен бұл білмейтін басқа бір жерде  шекісіп қалған, бірақ айналасындағыларға ол жайды білдірмеуге тырысатын адамның мінезін елестететін. Шыдамай баласынан тағы да сыр тартып көріп еді, ол «ештеңе емес», «білмедім», «саған солай көрінген шығар» дегеннен аспай, әңгімеден басын ала қашты. Ал баланың әкесі өзіне бәле жапты: «Басқа біреумен байланысың бар да! Соны қалап, мені қаламайды да! Сосын ғой жаратпайтыны!»

Әсем шошып кетті. Қайдағы басқа біреу? Қайдағы байланыс? Қаны басына шапшып, бойын ашу кернеген ол еркек атаулыға деген сезімін де, сенімін де сонау жиырмаға толар-толмас жасында өзі жойғанын айтып салған.

Көңіліне түскен күдік құрты жанын жегідей жеп, бұлан-талан боп отырған еркек өзіне қарап тепсіне сөйлеген әйелді бар күшімен ызалана итеріп жіберді. Үстел үстіндегі кесе-шәйнектерді қағып, құлап түскен Әсем орнынан тұра бергенде, бөлмеге салдыр-гүлдір дыбысты естіген Айбар жүгіріп кірді. Анасына қарай жұдырығын көтеріп төніп келе жатқан әкесін көргенде көз алды жарқ ете қалғандай болды: санасының түкпірінен зымырай жеткен, сонау алыста қалған көрініс сол қалпына  қайталанды: бойына біткен баласын алдыртпаймын деп жылаған анасына ашуланған осы адам тап осылай  жұдырығын кіжіне көтерген...

А-а, қайдан көрдім, осы адам бір зорлық көрсетті деген ой маза бермеуші еді, сонда, сонда көрген екен ғой!

Сол-сол-ақ екен, Айбардың көз алдынан кино таспасындағыдай көріністер: таныс-бейтаныс екі адамның арасындағы ұрыс-жанжалдар, лыпылдаған темір аспаптар зуылдай өтіп,  әлдекімнің шыңғырған дауысынан құлағы тұнып кеткендей болды. Қаны басына шапшыған ашулы жігіт бір-ақ ырғып анасын жәбірлеушінің қасына жетіп, бар ашу-ызасы құйылып, қорғасындай ауыр тартқан жұдырығын құлаштай сермеді... Анасының шырылдап ара түскеніне бой бермей, мұның бір ұрғанынан-ақ сұлап түскен еркекті  басы-көзі демей төмпештей берді, төмпештей берді...

 

Сот болатын күні жаймашуақ жаз күні күрт суытып, аспанды сұп-сұр қорғасын бұлттар басты. Кеше ғана тамылжып тұрған ауа-райының бұлайша құбылғанына аң-таң қалған жұртшылық, жылы киімдерін іздеп, әбігерленді де қалды. Сот процесіне куә ретінде шақырылғандар мезгілсіз келген суықтан денелері тітіркеніп, етек-жеңдерін қымтанып, үрпиісіп тұр. Көбісі талай жылғы таныстар, туыстар мен көршілер. Күбірлесе сөйлесіп, бір-біріне Айбардың жұмсақ мінезін, қайырымдылығын айтып тауыса алар емес. Өздері кішкентайынан білетін, төбелеспек түгіл, ешқашан біреуге дауыс көтеріп көрмеген биязы жігіттің оқыс ісіне сенбей, жағаларын ұстаған көпшілік сот залының табалдырығын әрі-сәрі күйде аттады.

Сөздерінің шындығына айыптаушы жақты да, судьяны да сендіруге тырысып, шыр-пыр болғандарға темір тордың ар жағынан мұңая қараған Айбар ішіндегі лық-лық еткен сезімін кімге, қалай айтарын білмей, үнсіз отыра берді. Өйткені... адам баласына қатысты осыншалық қатыгездік жасағаны оның өзі үшін де түсініксіз болатын... Мына тор бөлмеде отырған да өзі емес, басқа адам сияқты. Өткендегі... анасына қол көтеріп, жәбірлеген, ал қазір өмірдегі ең қорғансыз, әлжуаз жандай, қорғаушының қасында бүрісіп қана отырған адамды ұрып жыққан басқа біреу сияқты.

- Ау, ағайындар-ау, сіздер кімді қорғаштап отырсыздар? Біз қарап отырған қылмыс – сіздер айтқандай қайырымды, мейірімді адамның қолынан келетін іс пе? Өзіне соншалық жақсылық жасап, анасы екеуіне қиналғанда қолұшын беріп жүрген адамды аяусыз соққыға жығу – ақылға сыймайтын қылмыс, - деді жәбірленушінің қорғаушысы. – Екеуі де бұрыннан бас араздықтары жоқ екендігін растап отыр. Бұрын-соңды өзіне жәбір көрсетпеген адамды соншалық қатыгездікпен ұрып-соғудың себебін мен түсіне алмадым. 

Шынында оның себебін қорғаушы ғана емес, басқалар да, тіпті ең жақын жан – анасы да түсінбеген болатын.

Тек сол жерде шарқ ұрып ұшып жүрген періште ғана түсінді.

Себебі адам баласы тарыдай ғана түйін боп жаратылған кезден бастап көрген жақсылығы – жарық дүниеге келгенінде жақсылық болып, ал зорлығы – зорлық болып қайта айналып соғатынын нақты білетін сол ғана еді. Бірақ амалы қанша, адамдар өмірінің өз заңы бар екенін, қанша құдіреті күшті болса да оған араласа алмайтынын біліп күйінген періште сот залында шыркөбелек айналып-айналып, лажсыздан өз ғаламына ұшып кетті.

Сот мәжілісі аяқталып, жұрт сыртқа шыққанда нөсер жаңбыр құйып тұр екен.

Бұл – ағыл-тегіл жылап бара жатқан періштенің көз жасы екенін ешкім білген жоқ.