КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА. АРМАНЫМ, АРМАНЫМ, АРМАНЫМ-АЙ...

 

«Қарындас,  жұмақтан  түстіңіз  бе?  Хор  қызы  қандай  болады  десем,  ол  біздің университетте оқиды екен ғой!»

Университет жанындағы ұзынша орындықта емтиханға дайындалып отырған Құралай таныс дауыстан селк ете қалды. Сол! Соның даусы ғой мынау! Осыдан бір жыл бұрын ойда жоқта  кез болып, өзіне «махаббат» деген сұлу сезімнің бар екенін білдірген, сөйтіп, іле ізім-қайым жоқ болып кеткен жігіттің мұның құлағынан кетпей қойған қоңыр үні! Құралай сенер-сенбесін білмей, «Қанат, Қанат...» деп күбірлеп, дауыс шыққан жаққа жалт қарады.

Қанат,  қасында  тағы бір  жігіт  бар,  осылай  қарай  келе  жатқан  көк  көйлекті  әдеміше  қыздың соңынан ере түсіп,  күле сөйлеп тұр екен. Құралайдың  жүрегі тоқтап қалғандай болды.  Қанат! Бір жыл бойы күндіз ойынан, түнде түсінен кетпеген Қанаты қол созым жерде тұр!

Олар - оқуға түскен Құралай мен соңғы курстың студенті Қанат бірінші курстықтарды студент қатарына қабылдауға арналған дәстүрлі кеште танысқан. Алдына келіп, биге шақырған жігіт:  «Қарындас, жұмақтан келдіңіз бе? Хор қызы қандай болады десем, ол біздің университетке оқуға түскен екен ғой!» - деген-ді. Басын сәл ие, сыпайы күлімсіреп тұрған  жігітке  көз  салғанда  денесін  тоқ  ұрғандай  дір  ете  қалды:  үнді  киносының кейіпкеріндей ақ көйлек, ақ шалбар киген жігіттің өзінің құпия бала қиялындағы «өмірлік серігім болады» деген адамының ойдан құрастырылған бейнесіне соншалық ұқсастығы таң қалдырған. Жігіттің жүзінен көзін айыра алмай қалған қыз оның ұсынған қолына жүрегі лүпілдей қол созғанын өзі де байқамай қалды...

Бірнеше  биді  қатар  билеп  шаршаған  соң  Қанат  пен  Құралай  біраз  тыныстау  үшін университет  қасындағы  саябаққа  шықты.    Алматының  тып-тынық  түні  екі  жастың арасында кенеттен бүр жарған сезімге куә болып, қаракөк торғын шымылдығымен оларды жұрт көзінен көлегейлеп тұрды. Жаңа ғана көпшіліктің арасында жайраңдап күліп, жарқ-жұрқ етіп билеп жүрген Құралай оңаша шыққан кезде әлденеден үріккендей жан-жағына қарағыштап, үнсіз тұрып қалды. Тіпті Қанаттың бетіне тура қарауға да қысылғандай, көзін төмен сала берді.

- Қандай сұлусың өзің!

Қанат төмен қарап үндемей тұрған Құралайдың иегінен көтеріп, ақырын ғана ернінен өпті. Қыз қарсылық көрсеткен жоқ. Онысын «кет әрі» еместігіне жорып, иығынан орай құшақтап, өзіне қарай тартқан жігіт енді батылдау сүйді. Ал Құралай болса, бұрын бастан кешпеген беймәлім сезімнің жетегімен  сыртқа еріп шыққанына әрі ұялып, әрі өзіне де бір көргеннен ұнап қалған жігітті кеудесінен итерсе, ренжітіп алам ба деп қорқып, іштей өз-өзімен арпалысып тұрған.  Қанат бұдан бейхабар, құшағындағы жас арудың неден екендігі белгісіз, дір-дір етіп тұрғаны ерекше әсер етті - ол Құралайдың бұрын мұндайды бастан кешпегенін бүкіл болмысымен сезінді. Содан соң ду етіп бойын билеген қуаныш пен құмарлық араласқан сезімге ие бола алмай, қызды қапсыра құшақтап, тағы да ерніне жабысты. Құралай тұншығып, дем ала алмай, жанталаса бұлқынып, жігіттің құшағынан әзер босанды.

«Сүйісу де білмейді екен ғой!»  Жігіттің жүрегін шаттық  кернеді. Жас қызды үркітіп алмайын деп:

- Ішке кірейік,-деді. 

Құралай үнсіз басын изеді.

Би әбден қызған екен. Бағанағыдай емес, жастар да еліріп алған сияқты, әр  тұстан қиқулаған, шыңғырған дауыстар естіледі. Сондай бір қиқулаған топ есіктен кіре берген бұларға қарайлап қойып, екі қыз Қанатқа екі жағынан асыла кетті.

- А-а, қолға түстің бе?

- Қанатик, сен қайда  кетіп қалдың?

- Сен бізді кімге айырбастап кеттің?

Бір-біріне сөз бермей, қадала тергеуге алғандарына қарағанда Қанатпен бұрыннан таныс болулары керек. Жаңа ғана бұған сап-салмақты сөйлеп, бұған елжірей үн қатқан Қанат аяқасты құбылып, олармен бірге даурығып, «Сендерді ешкімге де айырбастамаймын» деп екі  қызды  кезек  сүйген  қалпы,  иірімге  түскен  жаңқадай  қалбалақтап,  улы-шулы  топ ортасында кете барды. Ұзай бере есіне бірдеңе түскендей артына қайрылып, состиып тұрып қалған Құралайға қол бұлғады, «қош» дегені, «бері кел» дегені белгісіз...

Құралайға кештің  тамашасы  таусылып  қалғандай  көрінді.  Қызық,  жаңа  ғана  жан-жағындағы  адамдардың бәрі сұлу, би кеші сондай көңілді сияқты еді. Енді бәрінің де бояуы  солғын  тартып,  бар  қызық  Қанатпен  бірге  кетіп  қалғандай  болды.  Сосын құрбыларына «басым ауырып тұр» дегенді  сылтауратып, асығыс жиналып үйіне кетіп қалды.

Келесі  күні  университетке  ертерек  келді.  Көңілінің  түпкірінде  «Қанатты  кездестіріп қаламын ба?» деген үміт бар. Сабақ басталғанша сыртта жүрді. Қанат көрінбеді. Қоңырау соғылғанда амалсыз аудиторияға беттеді. Үзіліс кезінде әр нәрсені сылтауратып сыртқа шығып біраз жүрді,  деканат жаққа да бір-екі рет барып келді. Қанат ұшты-күйлі жоқ.

«Кеше биден кейін кеш қайтқан шығар. Сосын ұйықтап қалуы мүмкін ғой... әлде бірінші пар сабағы  жоқ  па  екен?»  деп,  бір  себептен  кейін  бір  себепті  ойлап  тауып,  оқу корпусының маңында біраз айналшықтап жүрді. Келесі күні де сол ойдың жетелеуімен есіктің алдын біраз торуылдады, бірақ Қанатты кездестіре алмады. Өзінің есіл-дертін баурап алған жігіт жайлы оның атынан басқа ештеңе білмейтінін ойлап, мекен-жайын, телефонын  сұрап  алмағанына  қатты  өкінді.  Ол-ол  ма,  тіпті  толық  аты-жөнін,  қай факультетте оқитынын да білмейді екен. Енді қалай іздеп табады? Бір білетіні – оның да осында оқитыны,  мұны да  ол алғаш биге шақырған кезде «біздің  университетке түсіпті» дегеніне қарап ұққан. Ендеше іздей беру керек. Осындай ойға бекіген Құралай сабақ басталардың алдында басқа оқу корпустарына барып та жүрді,  жатақханалардың да біршамасын шарлап шықты, бірақ бәрі де нәтижесіз бос жүріс болды.

Осылайша сарсылып іздеумен күндер, айлар өтіп жатты. Алматының сарыала жапырақты күзі ақұлпа қарлы қысқа ұласты - ол Қанатты ұмыта алмады. Ұмыту қайда, уақыт өткен сайын ынтығып, сағынуы өрши түсті. Бұлай да болады екен-ау! Бар болғаны бірер сағат бірге болды, би биледі, қоңыр күздің айлы түнінде алғаш рет жігітпен сүйісті. Есіне алса, қазір де денесі шымырлап кетеді. Сол кештегі сезімді енді ешқашан бастан кешпейтіндей. Тек Қанат қана сондай күй сыйлары анық, тек сонымен ғана бақытты болатынына сенеді. Бірақ оны қайдан таппақ? Мекен-тұрағы белгісіз. Қалай іздемек? Жыл бойы университетті шыр айналып, табанынан тозды -бірақ бәрі бос әуре... Енді таба  алмайтын  шығармын  деп,  кездесуден  күдерін  үзуге  шақ  қалған  кезде, о, құдірет, бүгін алдынан шығуын қарасайшы!

-Қанат!

Құралайдың даусы өзі ойлағаннан да оқыс шықты. Оқып отырған кітабын тастай салып, таңырқай қарап тұрған жігітке қарай құстай ұшқан қыз ол есін жиям дегенше мойнына асыла кетті:

- Қанат! Сен қайда жоғалып кеттің?

- Қашан?!

- Би кешінен кейін. Мен сені қаншама іздедім! Телефоныңды,  тұратын жеріңді сұрап алмаппын ғой. Қайдан іздерімді білмедім... Енді ешқашан жоғалтпаймын...

Құралай бар сөзін қазір айтып қалмаса, Қанат тағы да жоғалып кететіндей, апыл-ғұпыл сөйлеп  жатты,  сөйлеп  жатты.  Басын  сәл  қисайта  күлімсіреп  қарап  тұрған  Қанат Құралайды енді есіне түсірген сияқты. Көзінде әлдебір от ұшқындап, жас қызды қаусыра құшақтап, ұзақ сүйді. Тағы да дем ала алмай тұншығып қалғанымен, Құралай бұл жолы бұлқынбады.  Жігіттің  кеудесіне  басын  қойып:  «Мен  сені  қаншама  іздедім...»  деп күбірледі.

- Кешке кездесейік,- деді Қанат қыздың көзіне көзін қадай сөйлеп.

Құралай үнсіз басын изеді.

- Кешкі жетіде осы жерде күтемін. Қыз тағы да үнсіз басын изеді. Сосын жолдасымен күле сөйлесіп кетіп бара жатқан жігіттің соңынан  ұмсына беріп: «Сенің телефоның бар ма?» деп батылсыздау үн қатып еді, Қанат: «Кешке айтамын. Кел» - деп қолын бұлғады.

Құралай енді кешті батыра алсашы. Тіпті үйдегі сағаттар  тоқтап қалған шығар деп, көршілерінен барып уақытты сұрап келді. Әр көйлегін бір киіп, шала бүлінді. Жылға жуық  жоғалтып  алып,  әзер  тапқанда  енді  тағы  да  көз  жазып  қаламын  ба  деп дегбірсізденген ол, уақыт өткен сайын неше түрлі күдікті ойға бой алдырып, өз-өзінен шошынды. Бәрінен де ауыры - «Ол неге мені іздемеді?» деген ой еді. Онымен қоса қабаттасып «Басқа бір қызы болуы мүмкін-ау...»  деген  күдік  қылаң бергенде жүрек тұсы шаншып кетті.

Бірақ мұның бәрі бір ғана сәттік толқулар болатын. Қанатты кездестіру қуанышынан көңілі тасып-төгілген, барлық ақыл-ойын тек онымен бір болу тілегі билеген Құралай қазір ешқандай ақылды құлаққа ілер, ешқандай кедергіге тоқтар күйде емес еді.  «Жоқ, бүгін  қалайда  дұрыстап  сөйлесуіміз  керек.  Менің  өзін  қаншалықты  жақсы  көріп қалғанымды білмеген ғой. Әйтпесе ол да мені іздер еді. Мейлі, өткенді қазбалаудан не шығады, әйтеуір арманым орындалып, кезіктік қой, енді айрылмауым керек. Осы кеш - өмірімдегі шешуші кеш болмақ» деп ой түйді ол үйінен асығыс шығып бара жатып...

Қанат бұл ойлағандай жоғалып кеткен жоқ болатын. Университетті сол жылы бітірген ол, шетелге барып магистратурада оқитындардың тізіміне іліккен. Әрине, үздік оқығанының арқасында емес, оның бәрін ұйымдастырып жүрген  Гүлназ екені белгілі ғой. Гүлназ - Гүлназик - Гуля. Қанаттың суға кетіп бара жатқанда қармайтын талы. Мұны өлердей жақсы  көреді,  сондықтан  әкесі  шетелге  жіберем  дегенде  «Қанат  екеумізді  бірге жібермесең бармаймын» деп табандап отырып алған. Айтқанын істетіп үйренген ерке қыз әке-шешесін бұл жолы да көндірген.

Құралайға кездесетін күні Гүлназ екеуі курстастарына «жолаяқ» жасап, содан кейін төрт жыл оқыған ордаларына келіп, аудиторияларды аралап, студенттік өмірмен қоштасып шықпақ  беттері  еді.  Студенттер  залында  бірінші  курстықтарды  студенттер  қатарына қабылдау кеші өтіп жатыр екен. Әуестік билеп, Қанат өз тобынан жырылып қалып қойып, есіктен қараған. Қараған да ай мен күндей аруға көзі түскен. Бұл - Құралай болатын...

Енді, міне, арада жыл өткенде қайта кездесті. Қандай сұлу, қандай нәзік еді өзі! Қалайша есінде сақталмаған! Аққұба жүзі бал-бұл жанып, сағынғанын, іздегенін, күткенін... айтып тауыса алар емес. Қазіргі қыздарға мүлде ұқсамайды - ішіндегісін ақтарып, бар сырын жайып салғаны-ақ әккі есептен, айла-шарғыдан хабарсыз жан екендігін байқатқандай. Өзімен қатарадымдап келе жатып: «Түу,  кездескеніміз қандай жақсы болды!» деп қояды қайта-қайта. Құралайдың шаттыққа толы дауысын тыңдап, өзінің ішкі ойымен әлек болып келе жатқан Қанаттың  бойын кенет әлдебір сезім билеп, көңілі әлем-тапырық болды - осындай әдемі, нәзік, таң шығындай мөлдір қыздың өзіне емес басқа біреуге бұйыратыны, ал өзінің қызмет сатысымен өсуі үшін дөй бастықтың шолжың қызына үйленіп, өмір бойы соның айтқанына жүріп, айдағанына көнуі керектігі  ішін алай-дүлей етті... Әттең, әттең...

Құралайды жолдасының үйіне ертіп әкелген ол есіктен кіре салысымен бойжеткенге бас салды. Қыз шошып кетті. Ыршынып төр алдына бір-ақ шықты да «Не болды?» деді шошына сыбырлап.

- Не болушы еді? Мені сағындым, күттім деген жоқсың ба? Сол рас па, жоқ па, тексерейін дегенім ғой.

- Нені  тексересің?  Мен  өтірік  айтқаным  жоқ... - Құралай  қырындап  балконға  қарай жылжыды.

- Жә, қорықпа. Сені өтірік айтты деп тұрғаным жоқ. - Қызды шошытып алмайын деп Қанат енді алдаусыратуға көшті.

- Менің де  сағынғаным ғой сені, шыдамай кеткенім. Кел, қасыма отыршы. Құралайды қолынан  жетектеп  әкеліп,  қасына  отырғызды.  Сосын  бауырына  тартып, маңдайынан өпті. Иығына төгілген шашына бетін көміп, мойнынан, тамағынан сүйді. Мұның жаңағы оқыс қимылынан тіксініп қалған қыз алғашында ырыққа көне қоймаса да, бірте-бірте буын-буыны босап, майдай еріп бара жатты... Мұндайды  бұрын  бастан  кешпеген... Жігіттің  үздіге  айтқан  сөздері  жүрегін  алып ұштырып, әрбір қимылы бойын шым-шым еткізіп, бұрын-соңды сезініп көрмеген рахат күйге бірте-бірте көміліп бара жатты. «Енді ешқашан айрылыспаймыз ба?» деді бұл бір ретте күбірлей сөйлеп. Алқына дем алған жігіт басын шайқап қойды.

Әккі саусақтар денесінің бөгде адам қолы тимеген жерлерін аралап, ақ төсін умаждағаны сезімге мас қызды шошытпады, керісінше, жігіт құшағында  оттай балқыған тәні бұған дейін өзіне беймәлім бір жақындықты тіледі. Тап осы сәтте ол үшін өмірдің ең басты мәні де, ең ұлы ләззаты да, ең биік мұраты да - сүйген адамымен  бір болу болатын, сондықтан оның қолын қақпады...

-Сен мені шын сүйесіңбе? - деп сұрады Қанат көзін қадай...

Бұрын айтпаған сөзін бірден айта салу да қиын екен. «Сүйемін» деген сөз алқымына тығылып тұрса да қыз дауыстап айта алмады, бар болғаны көзін жұмып, басын изеді.

- Оны дәлелдей аласың ба?

«Оны қалай дәлелдеу керек? Іздегенім, күткенім, шақырғанда келгенім - дәлел емес пе?» Бұлай деп іштей ойлады. Дауыстап сұраса, мазақтап күлер, одан да жаманы - ашуланып қалар деп жүрексінді. Осы уақытқа дейін шын сүйетініңді дәлелдеу керек деп ойламапты. Бірақ бұл да - әзірше өзінебеймәлім ересектер өмірінің бір шарты шығар деп топшылады. Сондықтан тағы да басын изеді.

Жігіттің күткені де осы еді. Аймалап-сүйгенін үдете түскен ол, қыздың әппақ төсіне бетін көміп,  беймәлім  сезімнен  тітіркеніп,  шүртиіп  шығып  тұрған  қоңырқай  ұшын  тілімен қытықтап қойды. Сол - сол-ақ екен, Құралай бойынан лап етіп жүгіріп өткен жалынның екпінімен аспанға ұшып кеткендей болды... Ғажайып бір толқын лықсып келіп-қайтып, әлдебір тілек бүкіл бойын ұйытып бара жатты... Тап осы сәтте ол жігіт не істесе қарсыласа алардай  жағдайы  жоқ  еді,  қарсыласқысы  келген  де  жоқ...  Өзі  сүйген,  аңсап  күткен Қанаты... сонау бала кезінен жан серігі тап осындай болатынын білген-ді... енді кездесіп, құшақтары енді айқасқанда несіне қарсыласпақ?

Бөлмеге  алғаш  кіргендегі  үркектеген  әлсіз  ғана  сақтығы  бойын  билеген  соншама бейтаныс, бірақ соншама ғажайып тілектің астында көміліп қалды. Енді бірер минуттан кейін оның денесі құмарлық оты шарпыған жігіт қалай икемдесе солай майысып, өн бойында тынымсыз жорғалаған  әккі саусақтардың билігіне рахаттана берілгенін байқаған да жоқ. 

Кенет... өн бойын өткір қанжар осып өткендей болды... Жанына батқаны сонша, жігіттің жалаңаш  иығын  қыршып  тістеп  алған.  Содан  бар  салмағымен  жаншыған  жігітті  не аударып тастай алмай, не оның аласұрған қимылын  тоқтата алмай амалы құрыған... Бір кезде  өзі-ақ  тына  қалып,  ышқына  дауыстап,  гүрс  етіп  төсектен  ауып  кеткенде, Құралайдың зәре-құты қалмады.  «Өліп қалған жоқ па?» Сұлық жатқан жігітке қарап, бірінші ойлағаны осы болды. Оның ауыр тыныстап жатқанын көріп, көңілі орнықты.

Өлмепті. Орнынан баяу көтеріліп, терезенің алдына барып үнсіз сыртқа қарап біраз тұрды. Құралай пәктігінің белгісі жайрап жатқан ақжайманы асығыс жинастырып алса да, одан кейін не істерін білмей состиып тұрып қалды. Апыл-ғұпыл бүктеп, қолтығына қысты, сосын төсектің шетіне қойды. Еденде жатқан төсек жапқышты үстіне тастады. Бойы дел-сал болып, әлі құрып бара жатқан соң төсектің шетіне тізесін бүкті. Жаңа қазірде ғана басынан  кешкен  рахат  сезімнің  барлығы  бір  сәтте  жоқ  болып,  бұлдыр  елесі  ғана қалғандай...

Бүкіл денесін біреу соққылап тастағандай ауырсынып отырса да, ішін жегідей жеп, жанын сыздатып бара жатқан мәселенің басын ашып алмақ оймен,  екі қолын желкесіне қойып, басын шалқайта, терезеден сыртқа қарап тұрған жігітке:

- Енді ше, енді менің өзіңді шексіз сүйетініме сенесің бе? - деп жасқана үн қатты.

Қанат бұған  таңдана  қарады.  Құралайдың  шынымен  жауап  күтіп  отырғанын  түсініп, жүзінде жылт ете қалған күлкіні жасыруға тырысты. Бірақ онысынан түк шықпаған соң, бұған көзін сығырайта қарап үнсіз қалды. Түрінде тоқмейілсу бар.

- Неге үндемейсің?  Құралайдың даусы қаттырақ шықты.

- Сен өзі шынымен аңқау екенсің ғой. Мен олай деп, әшейін, сені сынау үшін айта салғанмын. Әйтпесе сүйгендігін кім бұлай дәлелдейді?

- Қалайша? Менің саған жан-тәніммен берілгеніме көзің жеткен жоқ па? Бұдан артық қандай дәлел керек?

- Түу, сен де жоқ нәрседен трагедия жасайды екенсің. Жер бетінде қанша мың қыз жігітпен жатып-тұрады... Сенің ше не, соған бола оған үйлену керек пе екен?

- Не?! Сонда не, біз үйленбейміз бе?

Жігіт басын шайқады.

- Неге?

- Біз Гуля екеуміз шетелде оқып жүргенімізде үйленіп қойғанбыз, тойымыз енді болады. Қыздың әкесі үлкен қызметкер, менің өсуім үшін керек адам.  Ал сен рас, әдемісің. Әрі жап-жассың. Ертең-ақ біреуді кездестіресің... Біреуі несі? Сен сияқты сұлу қыз шақырса, бірнешеуі... Оның бұдан кейінгі сөздерін естуге Құралайдың төзімі жетпеді, құлағы шың-шың етіп, кеудесі қысылып, ауа жетпей бара жатқан соң жанұшыра сыртқа ұмтылды.

«Алдады! Алдандым! Масқара болдым! М-а-с-қ-а-р-а-а-а!»

Көңіл түкпірінде «Қанат артымнан қуып жетер, қалжыңдап айттым деп, кешірім сұрар» деген әлсіз үміті те бар еді. Олай болған күнде қатыгез қалжыңын да кешірмек-тін. Бірақ артынан қуып жеткен ешкім болған жоқ. Сатымен төмен жүгіріп түсіп келе жатып, бір-екі жерде  шалынысып  құлап  қала  жаздады.  Бұл  не  деген  бітпейтін  баспалдақ  еді! Қабырғалары шалт қадамына куә болған мына үйден құтылғанша асығып, аяғы сатының әр жеріне бір тиіп, төмен қарай безектеп ұшып келеді. Ештеңе ойлай алмады. Бар болғаны санасында: «Ұят-ай! Өлім-ай! Масқара болдым ғой!» - деген ой тоқтап қалған пластинкаша қайталана берді, қайталана берді...

Енді қалай өмір сүрмек? Анасына не бетін айтпақ? Не істеу керек? Не істеу керек? Аяғы  сатының  әр  тепкішегіне  бір  тиіп,  төмен  қарай  құлдилап  жүгіріп  келе  жатып, жанталаса ойластырғанымен мына масқарадан, арына жағылған қара күйеден арылудың амалын таба алмады. Бір сәт қысылғандағы, әлдебір зәбір көргендегі әдетімен анасының бауырына барып тығылғысы келген. Бетін анасының көкірегіне басып, балаша ағыл-тегіл жылайтыны, анасы мұны жас сәбидей тербетіп, көз жасын алақанымен сүртіп отырып, «құлыншағым,  ботақаным!»  деп  жұбатыны  есіне  түсті.

Бұл  әбден  жылап,  мауқы басылғасын «не болды?» деп сұрайтын. «Не болды?»  десе не демек сонда? Әлпештеп өсіргенде көрем дегені осы ма еді? «Жерге қараттым-ау! Жерге қараттым-ау!» Жоқ, анасына көрінуге де жол жоқ енді. Көзге шыққан сүйелдей болмай, мүлде құруы керек.

Миы солқ-солқ етіп, «құру керек! құру керек!» деп тұрғандай...

Қарсы кездескен адамдарды қаға-маға далаға атып шыққанында шақырайған күн көзін қарықтырып, алғашында  түк көрмей қалды.  Көзін қалқалап, әлгіндегі екпінін игере алмай теңселіп, сәл іркілді. Содан соң төтелеп, машиналар ағылып жатқан көшеге қарай тұра жүгірді.  Ең соңғы есінде қалған жай: асфальт жол мен оқыс тежелген машина доңғалағының  үйкелісінен  шар  етіп  шыққан  дыбыс,  әлдекімнің  шошына  шыңғырып жібергені. Одан әрі дүние шыр көбелек айналып, қара түнекке батып бара жатты...

Есін ауруханада жиды. Дәл сол кезде көрші палатадағылар телевизор көріп отырды ма екен, әлде радиодан концерті беріліп жатты ма,  аурухананы Гүлмира Ақүрпекованың гитарамен қосылған әдемі үні тербеп тұр еді:

«Мынау байтақ әлемде тек екеуміз,

Тек екеуміз

Жүргендейміз айналып ғарышты мың...»

Мүмкін Құралайдың санасына әсер етіп, ес жиғызған да өзі сүйіп тыңдайтын осы ән болар. Сөздерін ажырата алмаса да әуенін анық естіді. Кірпігіне мың батпан жүк ілініп тұрғандай, көзін әзер ашып, жан-жағына көз қиығын тастады. Қасында анасы отыр екен.

«Ма-ма...»

Қызының  даусы  естілмесе  де, ернінің  қимылына  қарап  өзін  шақырып жатқанын түсінген Рахима ана шалт қимылдап үстіне төнді:

- Құлыным, есіңді жидың ба? Тәубе, мың тәубе. Енді бәрі де жақсы болады, құлыншағым. Ертең-ақ жазылып кетесің... Тәубе, мың тәубе. Туыстарың, достарың бәрі-бәрі осында, сенің сауығып кетуіңді тілеп жатыр. Курстастарың келіп қан тапсырды...

Құлағы күңгірлеп, анасының бір сөзін естісе, бір сөзін естімеді. Не жақсы болады сонда? Бұл ауырып қалып па еді? Мұнда неге жатыр? Көрші палатада айтылып жатқан ән енді анық естілді:

«Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,

бұл өмірдің,

Әр күніне тоймадым құнығып та...»

А-а, енді есіне түсті.

Қанат! Алдамшы! Алдамшы! Мұның ақ сезімін қорлаған... адалдыққа деген сенімін таптаған алаяқ! Алдап қолға түсірген айлакер!Енді  қалай  өмір  сүрмек?  Алақанына  салып  өсірген  анасының  бетіне  қалай  қарамақ? Берген тәрбиесін аттап кетті ғой...

Кеудесін өксік қысты. Жұмулы көзінің қиығынан мөлдір тамшы сырғып, тырс-тырс етіп жастығына тамды.

- Жыламашы,  құлыншағым, - деді  анасы  алақанымен  бетін  сүртіп  жатып, шаршап қаласың. Көр де тұр - бәрі де жақсы болады...  Дәрігерлер операция сәтті өтті деді.  Кінәлі адам жазасын тартады. Машинаның рөлі қолдарына тисе құдайын ұмытып кетеді ғой кейбіреулер.  Кешірім  сұрап  қанша  келді,  кешпедім...  Сені  мынадай  күйге  түсірген оңбағанды қалай кешпекпін? Сазайын тартсын...

Анасының сөздерін де енді ап-анық естіді. Қалайша кешпейді? Оның ешқандай жазығы жоқ қой! Бұл өзі өлгісі келіп, жолдың ортасына жүгіріп шыққан жоқ па?  Әттең, сол жерде неге өліп қалмады екен! Көз алдына тағы да Қанаттың мысқылдай күліп тұрған бейнесі елестеп, денесі түршігіп кетті.  Тәңірісіндей  табынған  адамы  алдаған  соң  енді  мына  өмірде  жақсылық  қалды дегенге  қалай сенер? Енді бұл...

- Ма-ма, - деді әлсіз үнмен.

- Әу, құлыным, айта ғой.

- Ол кі-сіні ша-қыртыңыз-шы?

- Қай кісіні?

- Ме-ні... (басқан дей алмады),  ава-рия жаса-ған...

- Оны қайтесің? Жүрегіңді бекер ауыртып? Ол өзі де осында жүр: қан берейін бе, дәрі әкелейін бе деп әбден ығыр қылды... Бетін көргім келмейді оңбағанның...

- Кел-сінші, ма-ма... «Авария жасаған»

Тоқтар есіктен жасқана кірді. Қанша жалынса да, бір илікпеген, неше күн бойы бір ауыз сөзге келмеген Рахима оны жаратпағанын бұл жолы да жасырмай, ала көзімен ата қарады. Өзін кінәлі сезінгендіктен де Тоқтар көз тайталастырып қарауға дәті шыдамай, жүзін төсекте жатқан Құралайға бұрып әкетті. Қандай әдемі еді өзі! Қасы-көзі қиылып, мөлдіреп қарап жатыр... Анасына қарағанда мұның ашуы жоқ сияқты, әйтеуір көзінде ашу байқалмайды... Жақындауға бата алмай тұрған бұған ұзақ қарап, саусағының ұшын қимылдатты. «Жақында»  деп жатқанын ұғып, тағы бір-екі адым алға жылжыды. Бағаналы бері бұдан көзін алмай қадалып жатқан қыздың жанары бірте-бірте жасаурап бара жатты.

- Рах-мет, сіз-ге...

Тоқтар қате естідім бе деп, жан-жағына алақтай қарады. Сосын басынан аяғына дейін ақ дәкемен таңылған қызға аяушылықпен қарап, батылсыздау тіл қатты:

- Қалқам, кешір...

Палатаға қабаттаса кірген дәрігер мен медбикені таңқалдырып, Құралай тағы да сол сөздерін қайталады.

- Рах-мет, сіз-ге...

Тоқтар  енді  шынымен  састы.  Біресе  қыздың  анасына,  біресе  дәрігер  мен  медбикеге жалтақтап қарап, ақталғандай болып:

- Машинамды бұрып үлгіре алмадым,- деп күмілжіді.

- Сіз кінә-лі емес-сіз...

Бұдан кейін дем жетпей, тынысы тарыла бастады. Оның қасында көз жасын төгіп отырған анасына қарай ұмсынып, бірдеңе айтпақшы болғанын байқаған Тоқтар шынымен-ақ жаны ашып:

- Сөйлемей жата тұршы, қалқам... Шаршап қалдың ғой,- деді даусы дірілдеп.

Тап осы кезде Құралайға өлердей сүйген жігіті емес, соның масқарасынан құтқарған мына бейтаныс адам әлдеқайда жақын көрініп кетті.

- Ма-ма, - деп анасын қайта шақырды ол. - Ма-ма, бұл кісі... кінәлі емес. Мен... өзім... өлгім келіп, маши-наның астына түстім. Бұл кісіні сот-татпаңыз, мама. Өті-нем...

Палатадағы  дәрігер,  медбике  бәрі  тым-тырыс тына қалды.  Бәрі  аңтарылып  Рахимаға қарады. Тоқтар жылап жіберді.

- Қалқам, рахмет, тек сауығып кетші...

Құралай оның сөздерін естіген де жоқ. Терең бір күрсіне дем алды да үзіліп жүре берді. Аңырай  жылап  қызының  үстіне  құлаған  Рахиманың  даусының  арасынан  гитарамен қосылып айтқан әншінің үні еміс-еміс естіліп жатты:

«Арманым-ай,

арманым-ай,

ардағым боп неге қалмадың-ай?»

 

22.12.2004