КӨКБӨРІ МҮБАРАК. ҚЫЗ БЕЛДІ ҚЫЗЫЛ МҰНАРА

 

         Иүннан өлкесінің жерұйыққа айналған бір қойнауында ғұмыр кешкен 47 күнім жайлы айтпай кету мүмкін емес. Шығармамды жасыл түске бөлеген ол жердегі Сибсаңпанна тай автономиялы облысында Тай ұлты бар. Қытайша Дәйзу. Түпкі отандары - Тайланд. Кәрі әжесімен бірге тұратын Тай қызының өсірген жібек құртына көңіл байланатын. Ол құрттан алған жібегінен жіп есіп Тай пешпетін тоқитын. Қоңыраулы шатырларының дөдегесінен елітіп түскен жауын тамшылары жүрегіме бір мұздап, бір сусыл қаға беруші еді ғой. Тұп-тұнық жаңбырдың үнін ести беріп, ол маған терең нәзіктік қалыптастырып тынды. Бамбуктен жасаған су ағатын науашықтан иіліп қолын жуып тұрғанын көрдім, бүкіл әлем ол кезде сұйық жасыл түсте еді. Осы тұнық шағын аумақта әжесінің де бір өмірі өте шыққан. Әжесі кетсе оған әжесінің өмір естеліктеріндей болған сан қилы түстер, елес-бейнелер ойына жібек құртындай шырматылып қалады. Ғажап жасыл түстер қызды ұйқысынан дір еткізіп оятқанда, ол үнемі терезесі алдынан жылп етіп түскен тамшыға қарап бүгін көп уайым-мұң болмайтынын аңғаратын.

- Иүннанда қалып қойыңыз,- дейтін. Үнсіз қасқайып отырдым. Жұмақтан қалған сәулелер бар осы аймақта. "Сол сәулелер қасқайған қабағыма көбірек жақындаса екен"  деп тіледім.

- Сендердің жаңбырларың үйлеріңнің дөдегесінен аттың жалындай төгіліп түседі.

Естіді де, үндемей тұрды. Бұл сәтте таңғы жауыннан қалған бір тамшы үйдің бамбук сырғауылының үстінен көгерген күйі сырғып келіп,  мұнара белді жіңішке қыздың жұмсақ бетіне тамғанда, әлемнің жүзіне бір жылы жымиыс енді. Мен осы әлемнің қыз бетіне еніп көрінген сол арадағы жымиысын, жарқын естелігін жүрек қабыма салып алып, жасыл ормандардың арасымен жылжыған жасыл құрттай пойызға отырып Алтайға қайттым.

Бүгін ол сол жаңбырдың әлі де төгіліп тұрғаны жайлы хат жазыпты. "Жаңбырдың жылқы жалындай төгіліп тұратыны" жайлы айтқанымды ізденіп жүріп, жуық күндерде әрең түсініпті. Өйткені, ол өлкеде ат тұяғы шанда бір ұшырайды. Ол жерде піл бар. Қара батпақтан құйылғандай. Осы өңірдің адамдарында мұңлық жазушылар сирек, тек әсерлі жазушылар бар. Айтпақшы, ауылдың қақ ортасында қызыл мұнара бар. Осы қыз қамыққан сайын сол мұнараның ең биігіне шығып жылап-жылап алып, күліп түсетінін жеткізген. Бізде де сондай бір деректер бар еді ғой "мұнараға хан қызы жылап шығып, күліп түсті"  дейтұғын. Жаңбырдың қызындай болып кеткен сол бойжеткен бұл далаға келсе, ұлы шөлдің лебі қаңсытып тұрған далада айнамның қанаты талатын шығар. Оның діні - жаңбыр шуылы ішіндегі тыныштық, ауық-ауық соғылатын ғибадатхана қоңырауы. Сарғайып тозып кеткен ауыл ғибадатханасын ақ өрмекшідей оратылған жаңбыр әлемі жасырып тұратын. Біздің дініміз - жалпақ далаға айқара төгілген Тәңірінің нұры. Ғибадатхана толы жайылған алақан, алақан... Осы нұр бәріне жетеді.

Сол үшін біздің жазушылардың шығармасы нұрды күткен тағатсыздықпен шөлдеуік тілдермен жазылып, тым шөлдетіп тұрады. Біздің романдарда табиғат әлемі шындығын айтпаған. Жазушылардың түрлі саяси дәстүрлерге білінбей батқаны сонша , "шығарманың жаны - идеялогияда" деп ұғатын. Идеиялогияны кейде адамдар емес , табиғат та қалыптастырады. Тым ғажап табиғат - дайын дін.

Тайлар тұратын, күміс әшекейге толы ауылдың тұрған жері тропикалық нән жапырақтарға толы нудың іші. Сол нудың ішінен ағашты шапқан балтаның дыбысын, өзенге жақындап келсең биіктен төменгі сарқыраған суға шолп етіп құлаған қара бауыр балықтардың дыбысын судың сарылынан ажыратып естуге болатын еді. Осы ауылда бір биік қыз белді қызыл мұнара болды. Осы мұнараны кім салғанын, қашаннан бар екені ару қызға белгісіз. Неге екенін қайдам, әйтеуір алғаш рет қыз балиғат жасына толғанда болашақ жұбайының бейнесін қиялмен елестетіп, құдайдан бақытты қылуын өтініп осы мұнараның үстіне шығып жылады. Көз жасын көл етіп, жеңімен көзінің шетін ғана сүртіп, сарғайып шыққан күннің нұры көзінің алдын кептіргенде бұл аса бір нәзіктікпен күннің нұрына жауап қатып күлміңдеп, қайғысынан толықтай тазарып алды. Ол ауылдағы зергерлердің күміс әшекейлердің сыңғырлаған үні мен жарқылынан қуат алып, сол жіңішке ақшыл сәуленің көзге тарайтын ұланғайыр мейірімі үшін өмір сүретінін байқайтын, өзі де осы тайдың күміс әшекейлерін толықтай тамашалап, жүрегіне нұры мен сыңғырын әбден өткізіп, бұл дүниені осы жарқылдар мен сыңғырлар үшін ғана қиғысы келмей, өмірден аттанарда сол үшін қиналатынын тайдың талай қыздары алдын-ала сезетін.  Осы ару қыз мен кеткеннен кейінгі өз хаттарында айтуынша, жігітпен көңіл қосты, қиылып тұрмысқа шыққан, иіліп бала сүйген. Көңіл қосқан күні осы мұнараға шығып, сәттілік тіледі. Бұл кезде күп-күрең алақандай жапыраққа жазған, конверт ішіне салынған хатын мен сөзсіз түрде қызыл мұнараның жанында иіліп салбырап тұрған ағаштардан жұлғанын аңғардым.

Алтайға салбырап күз келді. Бір күндері кітап арасына қыстырып қойған сол хатын қайта алып көргенімде, қурап кеуіп қалыпты. Осы кепкен күрең хатты ұстап отырып, көз алдымда дүние бір рет күреңітіп айналып, әлдеқашан мұнара белді қыздың уақыттың келесі өткеліне өткенін түйсігім сезді. Жапырақты сабағынан ұстап, бір шыр айналдырып көріп, жапырақты бетіме төсеп, терезеден тыстағы далаға емес,  даладан ашыла жөнелген қызыл мұнараның санамда жаңғырып көрініп тұрған әлеміне қарадым. Меніңше, ол тұрмысқа шығарда осы мұнараға келіп 5 минут аялдап, суды жап-жасыл қылып түсіп тұрған орманның жасыл сағымына көз тоқтатып өмірін жасыл түспен көргісі келді. Ол осы сәтте маған хат жазғанда пайдаланған күрең жапырақтарына бір рет көз суарып, күреңге көз шарасын балқытып толтырған шығар?! Бала сүйгенде баласын басқаларға қаратып, өзі жападан-жалғыз осы қыз белді қызыл мұнараны өзінің жеке меншікті ғибадат үйіндей мінәжаттық жүрекпен қыбырсыз түрде тамашалап, іштей алқынған. Оның осы мұнараға келгенін, үйіне қайтқанын мен толық сезіп тұрдым. Өйткені, ол екеміздің арамыздағы таңғажайып сезімдерге байланысты менің бойымда ашылған жаңа бір түйсік соншама күрделі, өткір болатын. Мен ол жердің басқа бір жағында жүргенде оған хабарласып:

- Сен түс әлетінде ұйықтайын деп жатырсың ғой, - дегенімде, ол жастықтан басын жұлып алып:

- Оны қалай білдің?

- Білмеймін, сезіп тұратын болдым, сені жақсы көргелі осындай қасиет пайда болды.

- Түсіндім.

Оның түсінгені ақ жаңбырдың құлатқан тыныштығын орманды ауылдың табиғатының ың-жыңсыз түсініп қабылдағанындай.

Оның сұңғыла жүзінен бір нәрсені қалт жібермей түсінген сәтінде ашылатын аққұба сәулесін көруге асықтым.

- Микуам сук каң тай(тайдың бақытты қызы), сен көшеде кетіп бара жатырсың. Жарайды, бет алған бағытыңмен түзу жүре бер. Оң жағыңдағы ер адам кім?

- Пучай казак микуам сук(қазақтың бақытты  жігіті), қызыл мұнарамның бейбіт сәтіне, ауылдың тыныш көліне, үлкен жапырақты орманының тыныштығы мен сенің осы орманнан да сезімтал қасиетіңе құлаған, сенің бәрін біліп, сезіп тұратын қасиетіңе арқа сүйеп алаңсыз болған менде артық ой болған ба? Иә, дұрыс айтасың, оң жағымда немере ағам бар. Біз күріш майсасын қадауға бара жатқан едік. Арқамда асып алған арқалығым бар. Ішінде көптеген майсалар тұр.

Қыз арқалығын қайтадан жақсылап көтеріп қойып, жүруін жалғастырды.

***

- Сен тәңертең қатты қиналып, ауыр дауыс шығардың ғой? Ол кезде хабарласу қолайсыз болды. Әкемдер ұйықтап жатқан.

- Төсектен құлап кете жаздағам тәңертең. Ол кезде сіз айтқандай қатты дауыс шығардым.

-Бәсе...

***

- Суади тан шао(қайырлы таң)!

- Суади(сәлем)! Ау?

- Тез, тез, үйлеріңнің арт жағына шығып қарашы. Қатар тұрған екі сырғауылдың біреуі сынып, жартысы әрең ілініп тұрған сияқты. Қасынан өткен біреудің басына түсетін құсап тұр.

- Ұқтым, қазір-ақ ұқыптап реттеп қоямын.

Жаңбырдан қорғайтын кебенек киіп алдым, қалпағымды да.

Оның сутырлатып үйден шығып бара жатқан дыбысын естіп барып, ұялы телефонымды өшірдім. Жауып алсын.

Оның ұқыптылығы, құрттан алған жібегінен жіп есіп Тай пешпетін тоқитынын, бамбуктен жасаған су ағатын науашықтан иіліп қолын жуып тұрғанын қайталап көрдім. Бүкіл әлем сұйық жасыл түсте еді де, сол жасыл сұйық жаңбыр орманның ішіндегі бүкіл үй-жайдың сырғауылынан, ернеулерінен сарқырап ағып, аса құрметті табиғат бүкіл ауылды сұйық жасыл түспен қошаметтейтін.

***

Бұл ауылда төбе, жота жоқ еді. Ауылдың ең биігі осы мұнара ғана болатын. Мүмкін тай қызының бабалары осы мұнараны алыс-жақынды көздеу үшін салған болар. Өйткені, бұл мұнарада ешқандай діни рәсімдер өткізілмейтін, көп адам келмейтін. Ауылдастары мұнараны алыстан көріп, көз алдынан бір өткізіп өз тірлігімен, құстар үнінің әлдиінде ағаш бұтап, сырық сүйреп, күріш егіп жүре беретін. Қыз болса қызыл мұнараны өз жан әлемінің мұнарасы етіп алды. Бұл мен келуден бұрын әлдеқашан басталған ұстаным. Қыз тұңғыш рет Гүйиаң, Нанниң секілді алыс қалаларға барып қайтқанда, жат жерде көрген түсіне де осы мұнараның айналасы сахна болып, сол күннен бері мұнарамен қатыссыз түстерінде де, осы мұнара түсінің бір шетінде сопиып көрініп тұратын. Күнмиңде оқып жүрген кезінде, алдағы уақытта болатын істер түсінде көрінсе, әр жолғы түсіндегі оқиғалар көбелек құсап үнемі осы қызыл мұнараны төңіректеп жүретін болған. Адамның энергиясы әбден сіңіп қалған, талығып, шаршап өз аяғымен жеткен жерлері осылай өз түсінің сахнасына айналып бекіп қалып  отырады. Тұнық экранда көрінетін түстерінің желісі өмірінде орындалғаны сондай, көп кірпиәз түстерінің үстінде андағайлап тұрған ең сұсты бір түсі өмірінде орындалып, ең соңында ару қыздың әкесі қайтыс болып кетті. Ару қыз мұнараға шығып "аһ, хах!..." деп тай сарынымен, құлағын бас салып, қатты бір шыңғырмақ болды. Айналадағы тыныштықтан ұялып бәсең шыңғырып, өз дауысына өз көңілі толмай, қайғысы осы жарқышақтанған үнінің әсерімен паршаланып өз ішінің үңгірінде қалды да, ұтқып шыға алмады сыртқа. Өзі өмірге келгелі тұңғыш рет қатты айхайлауға әрекет еткенін білді, онысынан түк шықпады. Ақыры, айхайы көмейінің ішіне булығып барып  құйылып, оқтын-оқтын өксіп жылап алды. Өзінің көзінен аққан күмістей тамшылар мен тайдың күміс әшекейлеріндегі тамшыдай мөлтек жарық қыпықтарын салыстырып қарап, өз көз жасының күмістен бетер әшекейлілігіне аңырып назар салып тұрып қалды да, қайғысын ұмытты. Қызыл мұнара оның жан дүниесінен тіп-тік болып бой көтеріп, жан дүниесінен мызғымастай орын алды. Ол құдайдан жалғыз тілек тіледі:

- О, жасаған ием, мына мұнараны құлата көрмеші. Кімде-кім осы мұнараны құлатса, мен сол күні өлім құшатыныма толықтай сенемін...

Қыз осы мінәжатын айтты да, бала күннен бергі әдеті бойынша мұнараның ішін сыйпалап жүріп, өзінен бұрынғы бір арудың мұнараның ағаш қуысына жазып кеткен сөздерін тауып оқыды. Ол жерде былай деп жазылған:

- Менің жаным осы мұнараның ұшында ілініп тұр. Мен оны жақыннан сезем. Бұл мұнара менің жұбанышым да, адал серігім. Ол тыныштықпен бақылаушы, тыңдаушым. Кімде-кім осы мұнараны құлатса...

Қыздың көзі қарауытып кетті, соңын оқи алмады. Талықсып жығылып кетті...