1599

ИСАТАЙ ІЗБАСАРҰЛЫ. ОТАН-АНА

"Народ гуляет. Ещё бы - 67 лет

назад Сталин отстоял право у Гитлера

репрессировать население СССР"

Павел Дуров. Твиттер. 9 мамыр 2012 ж.

 

                Ол кезде мен он бірінші сынып оқитынмын. Ол уақыттары ауыл мектебінде оқушылар көп. Марқұм болған нағашы атам ол күні есік алдында жаймашуақтап отырушы еді. Ол күні жылдағыдай жеңіс күнін тойлайтынбыз.

         Жетекшілері әр сынып оқушыларын топтастырып, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткішке алып барады. Батырларға тағзым етілген соң көк-сары жалауларын желбіреткен оқушылар жеңіс маршын, соғыс тақырыбындағы әндерді орындап ауыл көшелерімен жүріп өтеді. Одан кейін ауылдағы соғыс ардагерлерінің, тылда болғандардың аулаларын жинастырып, қора-қопсысын реттеп, қолдан келген қамқорлықты аямайды. Ауыл бір жадырап қалатын осынау ұлы мейрам күні нағашы атама кіріп шығамын. Ол - соғыс ардагері. Майданда санитар болған. Көбіне қырғында жараланғандарды тасумен жүріпті. Талай сұмдықты көзімен көрген атамның әңгімелерін тыңдаған адам сұрапыл соғыс шындықтарын елестетсе, кемі бас шайқар еді.

         Жылдағы оқушылар шеруінен соң атамды құттықтауға бардым. Күмістей қақпаның есігін ыңыранта ашып кең аулаға ене бере екі қолын балдағына қойып жазғы үйдің далдасында отқан атамды көрдім. Жетіп барып: - Ассалаумағаликім, ата! - деп қос қолдап амандасқанымда "Әликіссәләм" деді де "Бұ кім?" дегендей бажайлай қарады.

         - Мен ғой, ата, Тайман, немереңіз!

         - Ә-ә, айналайын, амансың ба?

         - Шүкір, аманбыз ғой. Мейрамыңызбен құттықтай келдім. Жан алып жан беріскен сұрапылдың нүктесін қойдыңыздар. Сол үшін мың алғыс білдірдім сіздерге! Аура-сырқаттан сақтасын! Отанға қалқан, дұшпанға оқ болған сіздердей  батырлар жасай берсін!

         - Е-е, шырақ, айтқаның келсін, айтқаның келсін...- деп төмен қарап ойланып қалды. Мен жанына отырдым. Бірер минут үнсіз отырыстан соң тыныштықты толтыру үшін сөз бастадым:

         - Аула тап-тұйнақтай екен.

         - Иә-ә... Таңертең оқушылар келіп... Үйдің ішін де жинастырып кетті пысықайлар,- деп марқайып қалды.

         - Сіздерге деген құрмет қой. Сіздерге дән ризамыз.

         - Е-е... біз де ырзамыз, ырзамыз. Сендер соғыс көрмесеңдер екен дейміз. Қазір жақсы ғой, бейбітшілік! Ал майдан дегенің қиямет. Ол қияметтің қандай екенін білмейсіңдер. Білмей-ақ қойыңдар.

         - Біз жалпы ұлы жобасын фильмдерден көріп жүрміз ғой.

         - Ө-өй! Соғыс сенің анау телебезіріңнен көрсеткендей болса, қиылған бейбақтардың жартысына жуығы оралар еді-ау. Осы кезде шейттік жолдастары есіне түсті ме екен, әйтеуір, алыстағы бір нүктеге қадалып кідіріп қалды, - Мектепте не деп оқытады? Соғыс басталғалы сәвет әскері фәшістерді Берлінге шейін қасқыр қойды қуғандай тырқыратты дейді ме?

         - Жоға. Майдан ауыртпашылығы мен зардабын айтады. Адам тағдырлары.

         - Әй, сондада соғыс жайында аз білетін шығарсыңдар. Анау бір кино дегенің ысплашной өтірік. Мұғалімдер де ел білетін соғысты жыр қылып, соған сендіретін болар. Бірақ, естімеген елде көп қой. Есітмеген елде кө-өп...

         Осындан кейін атам майданда бастан кешкендерін баяндап берді.

 

***

         - "Отызда орда бұзып" тұрғанда соғыс басталды. Қол-аяғы бүтін еркек кіндіктің бәрін састаптармен жаппай аттандырып жатқан бір аласапыран шақ. Учепкіден өткесін кідіртпей, екі адамға, кейді тіпті үш адамға бір мылтық беріп жауға қарсы қойды. Қару ұстағаны оққа ұшқанша еріп жүргенің. Сөйтіп жүргенде өлген немістің автоматын алғаным бар. Жеп-жеңіл, ыңғайлы-ақ. Немістер шалғы орақпен шөп шапқандай қимылдайды. Біз қардай бораған оқтан тұруға мұрсат болмай, окопта жата береміз.

         Сәвет өкіметі дайындықсыз еді. Ол кезде біздің техника да нашар. Тигр дейтін сәветскей танкі болды. Тигр - мақтаныш. Бірақ құрығырдың оғы әрі кетсе 500 метірден дариды. Ал немістің танкісіне 1500 метір жеткілікті. 500 метірден атуға жақындаймын дегенше біздікілердің біршамасы жолшыбай қопарылып жататын. Жеткенімен ол танкінің атуы да бір шаруа. Бір кісі атады. Киіз қолғап киген екіншісі сінәрәтті салып, атылған соң ыссы гелзіні суырып терезеден лақтырады. Ал немістің танкісі атқаннан кейін гелзіні пистәлет секілді өзі лақтырып тастайды.

         Кейде ұзақтан-ұзақ атысқанда винтовкіміз де істен шығатын. Затворы қарысып қалады.

         - Затвор?

         - Иә, вентовкіде затвор деген болады. Затвордың саусақтай тұтқасы қарудың қапталынан шығып тұрады. Винтовкіге мәгізінін салған соң әр атқан сайын тұтқаны тартып-жіберіп қаласың.

         - Оқтағандай ма?

         - Иә, сонысы оқтағаны ғой. Сол затвордың тұтқасын тартып қалғанда, атылған оқтың бос гелзісін затвор сыртқа лақтырады да кезекте тұрған оқты винтовкінің ұңғысына салып береді. Мінеки, сол затворды біздің өкімет темірден құйды. Ал мылтықпен тоқтамастан ата берсең, жаңағы затворың қатты қызығасын көлемі ұлғайыңқырап, өлшеулі орнына сыймай, қарысып қалады. Сөйтіп пайдаға аспағасын тастайсың да өлместің күнін көресің. Ал анау фәшістер затворды тот баспайтын болаттан құяды екен. Орыстар оны "нержәвекі", "нержәвейішші істәл" дейді, білетін шығарсың. Ол нержәвекі - қанша қызыса да сол күйі сарт-сұрт етіп жұмыс жасай беретін болат. Солай жасауға біздің он бес мемлекеттен тұратын кемел өкіметіміздің басы жетпеген екен.

         Көп артта қалыппыз. Сәвет әскері қынадай қырылды ғой, қынадай! Жауға дайындықсыз шығу деген құр шығын. Таңертең біз секілді бейбақтарды ротасымен төгіп кеткенде кешке таман там-тұмдап 20-30 ғана қалады. Ал ротадағы солдаттар саны шамамен 45-тен 360-қа дейін. Таңертеңегісін тағы қатарымыз толады. Тағы қырыламыз. Ақыры аяғында немістер оқ таусылғандықтан шегінуге мәжбүр болады ғой. Кейбірі мәтцікілдің  лөлкесіне пүлемет қондырып ап, қоян атқандай қуып жүріп жайратты-ау.

         Біз тек көптігімізбен тосқауыл болдық. Оған қоса вызводты басқара алмайтын командирлер қанша еді. Ішінара соғыстың жөнін білетін айлакер, тәжірибелілері болды. Мен, бірақ, алға шапқылаудан өзгені білмейтін топастарын да көрдім.

         Бірде қырдағы ДОТ-ты алу керек болды. Бірақ пүліметшік жақын маңға жуытатын емес.

         - ДОТ?

         - Ие, ДОТ.

         - ДЗОТ емес пе еді?

         - Жоқ, ДОТ. Сенің айтып отқаның, жасырыну үшін төмпені қапталынан ішіне қарай қазып жасайтыны ғой. Ал ДОТ-ты бетоннан, я цементтен құйып тұрғызады. Қабырғалары қалың. Төбесінен сәмлөтпен бомбыласаң да мыңқ етпейді. Пүлеметшікке төңірек тұтас көрінетіндей көлденең терезесі бар. Ішіндегі адам өзіне қарай өрмелегендерді орындықта отырып-ақ сұлата береді. Ал оның өзіне оқ дарыту қиынның қиыны. Қырдың етегіндегі тал-дарақтан өзге жасырынатын жер болмағасын, ақыра беруден басқа түк бітіре алмайтын командирдің бұйрығымен алынуы керек болған ДОТқа жетеміз деп бірталай жауынгер босқа қырылды. Бір мезетте, әйтеуір, ебін тауып, қырда отқан жалғыз түйір немісті жер жастандырдық.

 

***

         Топсаларын тот баса бастаған темір есікті аңыратпай, ақырын, наздандыра ашып, көрші Болат аға аулаға кірді. Жасы елуден кеткен, арық, бұйығы кісі. Келіншегі де биязы болғасын балалары бірінен бірі өткен тұйық. Болат аға ұқыпты жүрісімен келді де бипаздап "Ассалаумағаликі-ім!"дей бере атама қолын созды.

         - Әликіссәләм, шырақ.

         - Жағдайыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма?

         - А?! - деп атам сәл еңкейе оң құлағын тосты.

         - Жағдайыңыз қалай деймін?! Амансыз ба?! Болаттың даусы әдеттегіден ашық шықты.

         - Аман, аман! - деді атам бас шұлғып жатып, - болады.

         - Денсаулығыңыз қалай?! Құлақ мүкіс тартайын деген ғой?

         - Е-е, енді, мүкіс тартпай? Талай сінәрәт тап жанымызға түсе жаздады ғой...

         - О, тоба-а! Әйтеуір, аман қалыпсыз, ата! Алла ғұмыр берсін!

         - Рақымет, рақымет.

         - Тойындық үйде ме?

         - Ау?

         - Тойындықты айтам, Тойындық! Үйде ме?!

         - Ә-ә, Тойындық... артқы жақта шығар. Сақман қарап жүрген мана.

         - А-а, жақсы. Қарап қайтайын ендіше.

         Болат аға ауланың артқы жағындағы биік, ауыл бойы созылған бөгетке таман кетті. Менің ойым атам айтқан снарядта.

         - Ата,- дедім үнсіз қалғанда,- соғыста жүргенде снарядтардан аман қалғаныңыз рас па?

         - О-ой, Құдайдың бір өзі сақтады ғой біздерді. Сінәрәт дегенің қайда түсетінін ешкім білмейтін бәле. Төбе құйқаңды шымырлата ысқырып төнгенде зәрең зәр түбіне кетіп жатып қалудан басқа шараң қалмайды. Талай солдаттың өмірі көз алдынан өте шығатын еді-ау. Бірақ аласапыранда жүрсең, үйреніп кетеді екенсің. Бірталай гүрсілден соң жата беруде мән жоғын ұқтық. Тұра шабамыз.

         Әлі есімде...- деп бір нүктеге қадала сәл іркілді де,- окопта вызводпен жатқанбыз. Командир қасымызда. Бір кезде окоптан әріректе бір редавой жатып алып автоматпен атып жатқан жерінен ажал құшты. Командир соны алып келуді бұйырды. Оқ - соққан борандай, бас көтеру мұң. "Бармаймын" дедім. "Ми свәйіх небрасәйім" деп ол болмады. Өмірімді қатерге тігіп өлі мүрдені алып келгеннен не пайда? Ақыры командир тапаншасын маған кезеп "Бар!" деді. Амалым қалмағасын окоптан ептеп етпеттеп жылжып шықтым. Тарс-тұрс винтовкалар, зуылдаған оқтар, дарылдаған пүлеметтер. Ақырын қара жермен жорғалап келемін. Әзер дегенде әлгі солдатқа жете бергенім сол еді, аспанды басқа көтере ысқырып келген бір сінәрәт гүрс етті. Қимылсыз қалдым. Артқы жағыма түскенін білемін. Артыма ақырын иығымнан қарасам, жаңағы мен шыққан окопқа түскен. Окоп жермен-жексен, жолдастарым командирмен бірге ұшты-күйді жоқ. Жігіттер үшін күрсініп, өзім үшін шүкірмді айтып жата беруден басқа шара қалмады.

         - Сұмдық-ай! Мықтап сақтаған екен сізді.

         - Айтатыны жоқ. Одан бетер сұмдықты Дінепірде көрдім. Дінепір дегенің өзі, бір жағасынан екінші шеті көрінбейтін ерекше ірі өзен екен. Бірде соның бір саласынан катермен өтпек болдық. Он-оннан тиіліп, бірнеше катермен келе жатқанбыз. Келесі жағаға жете бере жаудың сәмүліттері табан астын бомбардеропкіге кірісті. Ашық суда тығылып жан сақтау мүмкін емес. Ырғалып-тербеліп келе жатқанымызда бізге бұйырған бір сінәрәт тап қасымызға түсті. Онымыз он жаққа ұшқанымызбен аман қалдық. Жарылыс толқыны мені бәрінен әрірек ұшырып, суға терең сүңгітіп жіберді. Менің көзімде жасауратпас үшін киген жалғыз көзәйнек болатын. Жағаға жақын болғасын да су асты анық көрінді. Сонда көргеніме ұзақ уақыт сенген жоқпын. Судың астында солдаттардың өліктері тау болып үйіліп жатыр. Жаға жақын болғанмен бірталай терең ғой. Сол тереңді тау боп үйілген өліктер толтыра жаздапты. Өз көзіме өзім сенбедім. Негізінде мүрделер су бетінде қалқушы еді. Ал әлгілер құрлықта жатқандай үюлі. Бірақ оны ойлайтын мұрсат болмады. Көзім қарауытып, уақыт, әлем бір сәт тұрып қалғандай күй кештім. Жағаға аман жеткенде соғыстың кезекті тылсым, өте үрейлі бейнесі айқындалғандай еді. Біраз уақыт өзіме келе алмай меңіреу боп қалдым. Ойлағанымыздан да көп шығындалыппыз ғой. Сан-мыңдаған тағдырлар су астына кетті. Қайсысының кім екені беймәлім, олардың есебі жоқ. Сол солдаттармен бірге майданда Әзірейілден тығылып жүрген менің де тұңғиыққа кетуім қиын емес іс. Осындай жақтарда адам еріксіз ойға қалады. "Не үшін жүрмін?", "Неліктен үйге қайтып кетпеймін?" дегендей сансыз сұрақтар миыңды шабақтайды. Бірақ коммунистік сана бәрін ұмыттырып жібереді. Кейде қырғын тоқтағаннан кейін майдан алаңында жайрап жатқан солдаттардың ішін аралап, тірі қалғандарын көліктерге тиіп жүргенде ас келе қалса, миы шығып жатқан  жер суық, өліктердің үстіне іскәмикіге отқандай жайғасып ап, түк болмағандай әлденетінбіз. Үстіміздің биті - масқара! Шөпте жататын ит олай биттемейтін шығар. Үстімізде өріп жүреді енді, өріп! Сонда да өкіметке өкпелемейтіндер болды ғой. Коммунизмге сендік. Бірақ басым көпшілігінің соғысқысы келмеді. Оның - сәветтер одағын Отан деп мойындамағаннан шығар. Ал  мойындағандар алдымен кетті. Бәріміз нәцезімді жоямыз, Гитлердің көзін құртамыз деген мақсатта отқа да, суға да түстік. Бір жағынан, шегінерге жол жоқ. Мен басында Отан қорғап жүрміз деуші едім. Қазір ойласам, бекерге қан төгіп, заяға зәрезап болған екенбіз.

         - Қойыңызшы, ата, - дедім шыдай алмай, - сіз тізеден қан кешіп жүріп миллиондаған адамды жалмаған тажалдан аман қалдыңыз ғой. Қалайша оның бәрі бостан бос болды?

         Атам ұмытқанын есіне түсіре алмаған адамша төмен қарап, бірауық сөзден тосылды да:

         - Мен сол... "Отан" дегенмен келіспеймін, - деді. Бұл бір күтпеген жауап еді.

         - "Отан" дегенмен???

         - Ие, солай.

         - Не үшін?

         - Келісуім қиын. Сендерге оқытатын кітаптар, көрсететін филімдер тек сәвет өкіметінің өрлігін, солдаттардың ерлігін көрсетеді. Фәшістердің опасыз нәцес екенін айтады. Олардан өткен жауыз жоқ дейді.

         - Рас қой.

         - Иә, олар ұлтшыл еді. Бірақта біз күресіп жүрген нағыз нәцезім өзімізде болған екен. Оны сендерге айтпайтын шығар. Әйтеуір, менің көргенім мен анау телебезірдің айтатыны үйлеспейтін сияқты.

         Атамның бұлай дегені жаңа жұмбақтың шешімін күттіргендей болды.  Әңгіменің соңы қайда ойыспақ екен?

         - Папым, шәй қояйын?!- деген дауыс атам екеуімізді де елең еткізді. Бұл, тауық қора жақтан келе жатқан Тойындық апам. Бүкірейіңкіреп жүретін, аласа бойлы, бидай реңді, дөңгелек сұр көзді, жасы елуге келіп қалған нағашы апам Нұрқасым атамның қызы, шешемнің сіңілісі. Мені үйдегі сервантта тұрған бір банк тарыны алып келуге жіберіп, өзі әкесін қолтығынан ақырын демеп жазғы үйге алып кетті.

 

***

         Аласа болса да кең жазғы үйдің тең жартысын тізеден келетін сәкі алып жатыр. Төбеге қағылған әртүрлі қалыптағы ағаштар шалқасынан жатқан адамның ермегі. Ата-әжемнің жастық шағындағы сүреңсіз суреттері әктелген қабырғада ілулі тұр. Сәкідегі дөңігелек үстелдің басында атам, апам және мен. Салқын, шыбынсыз, мұнтаздай жазғы үйдің ішінде тоңазытқыштың болмашы ыңылы мен тоқ шәйнектің сатырлаған дауысы шығады. Оларға шайды былғаған сайын кесеге соққан қасықтың тыңқылы мен атамның бірауық жөткірінгені қосылды.

         - Тарыны қайдан алдың?

         - Ғалиядан.

         - А?!- деп атам шай құйып отқан апама еңкейіңкіреді.

         - Ғалиядан, Ғалия!- деп дауысын қаттырақ шығарды қызы,- Ғалидің қатыны бар емес пе? Содан.

         - Ә-ә, иә!.. Соның баласы не қылды?

         - Қайсысы? Нұрболы ма?

         - Өткенде аттан құлағаны. Бәлнесіде ме еді?

         - Аяғын сындыра жаздапты.

         - Аттан құлап қалайша аяғын сындырып жүр?

         - О - о, ол шауып келе жатып құлады ғой!...

         Осылайша бірді айтып бірге кететін қиырсыз әңгіме басталып кетті. Ал мен атам аяқсыз қалдырған соғыс жайындағы әңгіменің жалғасын дәметіп әлі отырмын. Үстел басындағы әңгіменің көші ауылдағы атамнан бөлек ардагерлерге соқса, майдан жайын енді қозғайды-ау деп қаламын. Сұраудың орайы келгенде кідірмедім:

         - Ата, біз білетін соғыс пен сіз кешкен майданның тағы не айырмашылығы бар? Не үшін Отан дегенмен келіспейсіз? Нацизм өздеріңізде болғаны қалай?

         - Е - е,- деп бос кесесін жантайтып жатқызып қойды. "Болдым" дегені. "Аулақпыр" деп бетін сипады да терең дем алды. Қалтасынан бет орамал шығарып тершіген маңдайын сүртті де жанындағы тақиясын қайта киді.

         - Отан деген... іһ-һ... Отан деген ана секілді ғой. Сені жаратады, өсіріп-өндіреді. Сонысы үшін сен оған ғұмыр бойы қарыздарсың. Отанда жүрсең өлмейсің. КСРО не істеді? Ұлт көсемдерін айдауға салғаннан бастап көрген қорлық пен қиянатымыздың бәрін кеңес өкіметі көрсетті. Ал?.. Сол ма Отан? Тең қыламыз деп кем қылды...

         Сенің анау әкең біледі. Кезінде К-700-пен жер жыртты әкең. Содан сұра өкіметтің байлығы қандай болғанын. Бір Жарық сапқозының еккен егінін қырманға сыйғыза алмады. Таңнан таңға тәулік бойы тоқтамастан ГАЗ-53-лермен тасығанда бітіре алмады ғой, не басыңды ауыртайын. Сонда халықты жарыта алған жоқ. Есепсіз мал мен астықты састаптармен Мәскеуге жібереді. Бітті сосын. Біздің кезде де солай болды. Бай-батшаны қырып-жойып, тұяқ біткенді талан-тараж қылды. Соның бәрін орыс өз ордасына тасыды. Біз қырылдық, аштан қаттық. Мен он екі ағайынды едім. Әке-шешем, он бір бауырым аштық, шешектен бірі қалмай көз жұмды. Әп-сәтте-ақ тұлдырсыз жетім болдым. О-ой, жетімнің күнін басқа салмасын! Қиын, қиын... Енді аяққа тұра бергенде желкелеп апарып соғысқа салды.

         Қорлықты соғыста да көрдік. Онсыз да аштық пен ірепрессиә тұралатқан, сығарға биті жоқ халық 41-ден бастап тегін жұмыс жасады. Қатын, бала-шағаны соғысқа жарамай елде қалған нашарлар қинады. Бізді, енді, екі бастан...- деп қолын бір сілтеп қойды,- өкіметіміз жауынгерлерге жағдай жасай алмады.

         - Енді, соғыста жайлы өмір деген болмайды ғой.

         - Қо-ой! Немістердің условесін көрсең... Бір ретінде қарқын шабуылдап келе жатқанымызда немістің бір танкісі жарылды. Талғажау қыларлық азық бар шығар деп мен секілді аштықтан әбден есі ауыса жаздағандармен бірге өртеніп жатқан танкіге кіріп кеттік. Фәшістерді өлтірдік те қойын-қонышын, танкінің қуыстарын ақтара бастадық. Танкінің ішінде кәниәк, ішкалат, кәнсерві, тағы ұсқа-түйек заттар бар екен. Жігіттер жармаса кетті. Менің қолыма тіс жуатын шөткі түсті. Оның не екенін білмегесін, оның үстіне, тамақ іздегесін лақтырып тастап, тапқан олжаға жанымдағылармен таласып жаттым. Қазір ойласам, сол кезде-ақ немісің мәдениетті, ұқыпты болған екен. Гитлер қанша жауыз болса да солдат жағдайын бүге-шігесіне шейін жақсылап жасаған ғой. Біз тамаққа жарымай жүрсек, олар таза танкінің ішінде-е, ішкалатпен кәниәк іше-е-еп соғысып жүр,- деп атам кеңк-кеңк күлді. Тойындық апам екеуіміз жымиып қалдық.

         - Во-от, Отан деген қайда! Біздікі әншейін сөз ғана. Осы Қазақстаннан басқа отанымыз ол кезде де жоқ.

         - М-м, - дедім іштей бір тұжырым жасағандай болып, - Ал ұлтшылдық ше, ата?

         - А?!

         - Ұлтшылдық! Ол қалай жүзеге асты?

         - Ә-ә! Оның бір жиіркенішті қасиет. Әрине кейде сәл ұлтшылдау болу керек шығар. Бірақ ывмеру. Жер жүзіндегі әр аймақ белгілі бір ұлтқа тиесілі. Және сол ұлт ол жерді қан төгіп, жан қиып қорғады. Туған жер десе, одан айырылмас үшін, ұлт жойылмас үшін кішкене ұлтшыл болу керек. Бірақ "менің ұлтым жер бетіндегі барлық ұлттардан артық" деуге болмайды. Ол - асқынған нәцезім. Сол нәцезімді өз жолдастарымыздан, өз одағымыздан көрдік қой.

         Мен санитар болдым. Қақтығыстар тоқтағасын тірі қалғандарын жинаймыз. Сөйтіп, өліктердің арасын кезіп жүргенбіз. Біздерді екіге бөлді: бірі - мүрделерді аралап, тірі қалғанының жанынан жалау тағылған кішкене таяқтарды қадап, әрі қарай кете береді; екінші топ - тасушы санитарлар. Тасушылар сенделіп жүрмес үшін тапқан айламыз ғой. Енді, мен қолыма жалауларды алып, жаны барларды іздей бастадым. Келе жатып ыңырсыған жаралы солдатқа кезіктім. Көздері мойыл қара, қалың қабақтары қосыла жаздаған. Өзбек пе дедім. Жалауы бар таяқтың бірін жанына қададым да өте бердім. Келесі жолыққан солдаттың жанында жалау қадаулы. Ол орыс па, украин ба, әйтеуір, тегі ыславан. Осылайша бірнешеуінен өткенде ыславан ұлттарының қасында жалау бар да, одан басқа жаралыларында жоқ екенін байқадым. Сөйтсем, жалау қадайтын орыстардың кейбірі украин, орыс, беларыс сияқты ыславан ұлттарының, көбіне орыстардың жанына жалау қадайды екен де, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз сияқты әзиаттарды аттап өте беретін көрінеді. Бұны көріп қаным басыма шапты. Барлығын бірдей құтқара аламыз. Көліктерге сияды. Соны біле тұра жаңағыдай қылған адамның әрекеті иттік емей не енді? Жатқан мылтықтың бірімен атып салғым келді сатқындарды. Расыменде, бақыласам, түр-түсіне қарап таяқ қадап жүр. Содан не керек, кей жаралы орыстардың жанындағы таяқтарды суырып, анау сұмырайлар елемей өткен қазақ, қырғыздардың қасына қадап кетіп жүрдім. Сөйтіп, талай орыс та, талай қазақ та қан сасыған далада арам қатып, қарға-сауысқанға жем болды ғой, не басыңды ауыртайын.

         Атам кінәлі адамдай төмен қарап қалды.

         - Қайтейін енді?.. Соғыс дейтін насихат, я жалоб жасайтын кез бе? Кейде қазағың түгілі қара басыңды шаққа арашалайсың.

         Мен үнсіз қалдым. Апам күйкі тірлігіне кірісіп кетіпті. Атам төмен қарап отырып әңгімесін жалғады:

         - Орыстар өте ұлтшыл болды. Бетпе-бет ұрыста қаз-қатар бірнеше шеп құрып шабуылдайтынбыз. Командирдің көбі орыс. Әзірбайжан, қарақалпақ, қазақтарды, әйтеуір орыс еместің бәрін ең алдыңғы қатарға қояды. Сонан соң артқы шепке орыстарды... Сондағысы - орыс өлмесін дегені. Ау, өзге ұлттардың өмірі қия салатын тегін дүния ма? Әлде аттыра салуға аямайтын ит пе екен? Сол ма нәцезіммен күрес? Сол ма Отан?

         Біраз жайтқа куә болғасын ойлана бастадым. Талай сатқындық, иттікті көріп көзім ашылды ғой. Хас батырды да көрдік, екіжүзді мұнапықтарды да көрдік. Ұлттардың арасында да өзіндік бір астыртын саясаттар жүріп жатты.

         Мысалы, мына Қобда ауданы бойынша Кеңес Одағы Батыры атағын қанша адам алғанын білесің бе?

         - Иә, білемін. Сегіз адам. Қазақстан Республикасындағы басқа ешбір ауданнан ондай көп адам алмаған.

         - Е-е, сегіз батыр... Әй, одан да көп! Бірталай қазақтың ерлігі мойындалмады. Батыр атағын алған қазақтар - тамұқтың түбінен әзер деп шыққандар. Айтса нанғысыз, көзсіз ерлік қылғандар ғана, оның өзінде, шаққа мойындалғандар атақ алды. Көбінің жанкештілігі майдан даласында дүние салды... Обал-ай!..

         - Шынымен де обал екен. Атам екеуіміз күрсініп қалдық. Сәлден кейін ата сөзін жалғады:

         - Ал анау... орыс түшкірсе - герой тек. Түшкірсе - герой! Атақ, абырой соларда. Сондай ұлтшылдығына көз жеткізгенім бар.

         Бірде... Ол өзі бір жағынан күлкілі әңгіме, - деп атам жымиды, - соғыста азық тапшы болса да арақ жетерлік еді. Солдаттар тоңады, оған қоса аш қарынға ішкесін тез масайрайды. Ал мас адам фәшіс түгілі Құдайдан қорықпайды, ыһе-һеһ!

         Мәз боп күлістік.

         - "Пьяному море по колено, да лужи по уши" дейді ғой.

         - Иә, иә! - деп атам бұл айтқаныма тағы күлді. Кейін орамалымен көзін сүртіп:

         - Сола-ай мас адам, - деді орамалын бүктеп қалтасына сала, - оған екі сомың бір тиын. Ішкендер "За Родина! За Ысталина!" деп ұрандай шабады. Бейшаралардың біразы босқа өлді... Содан жаңағы... бір ретінде, бертін келе ғой деймін, немістердің жеріне барып қалған кезіміз. Бір күні кеш батқанда біздер вызводымызбен оңтайлы жерде аялдайық дедік. Сол кеште арақ мол болды. Біздер ішпедік. Орыстар бас тартатын ба еді? Естері танғанша ішіп, таңертең бастары ауырып қатты қиналды. Ауырғаны шыдатпағасын бір орыс жақын маңдағы неміс деревнесінен ышнапс алып келуге бел буды. Сонымен, әскер мазасызданып жатқанда әлгі орыс мінетін көлік таппай танкіге отырады ғой. Танкімен немістің деревнесіне кіріп, арақ іздеп араласын. Оны біздікілер көріп, анаусы немістің деревнесіне жалғыз өзі танкімен кірген ержүрек екен, отан үшін шыбын жанын шүберекке түйіп басын қатерге тіккен нағыз батыр екен деп көлгірсіді. Көрген-білгендер мән-жайдың олай болмағанын айтып әлек. Басқалары даурығып тыңдайтын емес. Ал "батырымыз" олай емес дейтін бе еді. Сөйтіп, жаңағы орысқа Кеңес Одағының батыры атағын берді ғой.  Сондағы қылған "ерлігі" - арақ іздеп фәшістің ауылына танкімен кіргені. Сол үшін бүкіл одақтың геройы болды. Ал нағыз геройлар братскей мәгелге көмілді. Қалғаны қан сасыған далада, не ормандағы бір қарағайдың түбінде қалды. Е-ех! Вот тебе и соғыс, бала! Вот тебе и Отан...

 

*** 

         Біраз отырып қалған атам  далада бой жазып қайтуды жөн санады. Менің де кететін уақытым боп қалды. Ауылдағы тағы бір ардагер Аманкелді атаға кіріп шығуым керек.

         Аулада өсіп тұрған кең саялы үйеңкінің түбіне жинастырылған ышпал ағаштарының жанына келдік.

         Атам алысқа қарап тұрып:

         - Бұрын көзім тәуір көретін кездері соғыс туралы филімдер қарайтынмын. Сонда байқасам, соғысып жүрген кілең орыс сияқты. Арасында бір өзге ұлт өкілі көрінбейді. Болса да Қожанасыр қылады. Сонысы қорлық секілді ме қалай?

         - Солай сияқты.

         - Сол филімдердің бірінен де Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін көргем жоқ. Көрсетпейді де. Орыс тіксе әлдеқандай қылар еді-ау.

         - Ата, сіз оны көрдіңіз бе?

         - Кімді? Рақымжан Қошқарбаевты ма?

         - Иә.

         - Көрген жоқпын. Мен жараланғасын 44-те қайтып келдім. Оң тіземнің ішкі жағынан оқ тиіп, ол асқынып... Кесіп тастай жаздады. Гангрені дейтін ауру бар. Қан жүрмей қалған мүше өліп қалады, сол гангрені. Оң аяғымды кеспесе, гангрені болады деді. Бірақ бір еврей дәрігер май же деді. Кәдімгі қойдың құйрық майын. Өмірімде май жемейтінмін. Содан бүтін қалу үшін жеп-жеп үйрендік қой.

          Расында атамның май жегені бөлек еді. Әкем оның майды шайға салып ерітіп жегенін айтатын.

 

***

         - Мен сізді соғысқа өз еркімен барған деп жүрдім.

         - Жо-оқ, мен партизан емес едім. Және партизандарды түсінбедім. Қазақ партизандарды айтамын да.

         - ???

         - Олар кешег патшаның уақытында туғандар. Соғыс, төңкерістерді көріп өсті. Бай-мырза аталарының түбіне қызылдар жеткенін, асыл аталарын тентіріп жібергенін көрді. Әке-шеше, ағайын, бауыр, одан қалды күллі қазақты аштан қырған сол кеңес өкіметі екенін де біледі. Қалған-құтқан баскөтерерлерін ірепрессиә қылды. Тұтас ұлт тағдырын шешкен нәубеттерді әкелген, ата-бабаларын да, өздерін де сорлатқан өкіметті қорғауға өз еркімен бару дегенді түсінбеймін. Орыс пен казактың көрсетпеген қорлығы бар ма? Қанымызды судай ағызды, абыройымызды айрандай төкті, қабырғамызды қайыстырды, шаңырақты ортаға түсірді, болмысымыздан айырып құртып та жібергісі келді. Өйткен өкіметті қорғап қан төгуге тұра ма?

         - Бірақта сіздерде амал болған жоқ қой?

         - Шарасыздарға дауым жоқ. Мен де солардың бірімін. Анау партизандарды айтамын да. Өзінің, халқының түбіне жеткендерге саналы түрде, ерікті түрде қалқан болу дегенің, енді, аруақтары кешсін, ақылға сыймайтын әрекет.

         - Ие-е, - дедім басымды қасып. Шынымен не дерімді білмедім.

         - Бірақ олардың ішінде қазақ жері үшін алаңдағандары да болды ғой? Мәселен, нацистік Германия совет үкіметін тізе бүктірсе, ары қарай ұлттарды жоюы мүмкін еді. Немесе құлдықта ұстайды?

         - Жоймаса ше?

         - Ондай мақсат болмаса, соғысты бастамас та еді.

         -  Соғыс жаулау үшін басталды, жою үшін емес. Мынау Латвияның Рига дейтін астанасын Гитлер бір оқ атпай бағындырған ғой. Біліп пе ең?

         - Жоқ.

         - Неміс әскері қалаға тақалған соң қолбасшы Риганың басшысына ұсыныс жасапты. -"Өз еріктеріңмен беріліңдер. Бізді тек азық және жанармаймен қамтамасыз етсеңдер жетеді, тиіспейміз"- депі фәшістер. Рига басшысы зиялы қауым өкілдерімен кеңесе келе қаланы немістердің қоластына беру шешімін қабылдайды. Ол бүкіл Рига көрінетін терезенің пердесін ашып: -"Оларды тоқтатуға біздің қауқарымыз жетпейді. Егер қарсылассақ, бәленбай ғасырлық тарихы бар әсем сәулет өнеріне тұнып тұрған мынау керемет қаланың күл-талқаны шығады. Бізді құртуды мақсат еткен болса, келіссөз жасамас еді.

         - Ал ұрпаққа қай бетімізбен қараймыз? Оларға не айтамыз?

         - Соғыс кімнің пайдасына шешілері әлі белгісіз, мырзам. Бізге ең бастысы - құндылықтарымызды, халқымызды сақтап қалу. Ал бақ дегенің балақтан басқа қонатын нәрсе"- деп фәшістерге беріліпті. Немістер уағдасын орындап, Риганың бір кірпішін құлатпай, Мәскеуге қарай өтіп кетіпті. Сөйткен Ригаң әлі тұр ғой.

         - Иә, бірақ... Дұрыс айтасыз, ата. Орта ғасырлық шіркеулері, басқа да тарихи маңызды ғимараттарының себебінен қазіргі Рига - туристтер көп баратын қала.

         - Во-от! Сондықтан немістің бізге не істейтінін бір Құдай білген. Күйініштісі, түп-тұқиянымызға дейін құрта жаздаған өкіметке қарсы атылған оққа кеудемізді тосқанымыз ғой. Миллиондаған тағдырдың осылай қиылғаны өкіншіті.

         - Өкінішті-і.

         - Сондықтан соғыс болмасын деп тіле, балам. Отанды сүй және оған адал бол. Өз жерің... өз елің... Бұрынғы біздің өтірік отан емес. Ол келмеске кеткен өкіметті отан деп мойындамаймын. Жалпы, меніңше, "Ұлы Отан" соғысы дегенді қою керек. Қоятын уақыт келді. "Екінші дүниежүзілік соғыс" деген дұрыс.

         - Бізге "Ұлы Отан соғысы" деп оқытады.

         - Бұл сәветше ойлау сияқты ғой. Қазақша ойлау керек. Көшеде парад жасау, ескерткішке гүл қою, кеудеге лента тағудың не қажеті бар? О дүниеліктерді жылына бір ұлықтағаннан гөрі сол күні жаппай қазақ елі болып Құран бағыштап, қатым түсіріп, садақа берген артық. Еңбегін елеп-ескеріп ардақтасақ, құрметтесек те жеткілікті.

         - 9-мамыр мейрамы ше?

         - А?!

         - 9-мамыр күнгі мейрам ше?!

         - Ол күн сайқал саясаттың, идиалогиелердің, сәвет пен герман нәцезімінің құрбандарын еске алып, көппен бірге сауап бағыштайтын аза тұту күні болсын.

         - Бірақ ол жеңіске жеткен күн емес пе?

         - Кім жеңіске жеткен? Біз бе? Жеңіске жеткен - өкімет. Біз аман қалғанымызға шүкіршілік қылдық. Осы күні мәре-сәре болатын - жас ұрпақ. Мен, өз басым жеңіс күніне аса бір қуаныштымын деп айтпас едім. "Жеткізгеніңе шүкір" дегенім болмаса...

 

***

         Күн бесінге таяғанда атам, апам үшеуіміз ауқаттанып алдық. Кешкісін нағашы апаларым атамды құттықтауға келгенде мен де қалмайтыныма уәде беріп, ардагер Аманкелді атаға кеттім. Алайда оның айтқандары Нұрқасым атамдікіне ұқсамады. Аманкелді атаның айтқаны - теледидардың сайрағаны. Аманкелді атаның айтқаны - Ғабит Мүсіреповтың жазғаны. Оның үйінде ұзақ отпадым. Бескі шайға үйге барып үлгердім. Жолшыбай ардагерлердің әңгімелерін таразыладым. "Қазақша ойлау керек..."