ИГІЛІК ӘЙМЕН.БЕЙМЕЗГІЛ КҮЗ

…Бір Аллаға – бәрі аян

 

Ей, оқырман! Сенің, байқаусызыңа: менің көлемдері шап-шағын,

берерлері берекелі, мөп-мөлдір мөлтек әігімелерімнің қыры-сырларының,

ойы-шұқырларының – «айсбергтердің түбі, таулардың төбелері сияқты» –

сегізден бір бөлігі ғана көрініп тұрар ма екен?..

АВТОР

 

…1999дың майы сорғалаған саршатамызының қырмызы қызығы енді-енді қайтып, бал татыған жемісі әне-міне үзілер – сартап сөлі сарқылар мезгіл. Алайда, алдымызда түн түндігі түрік, күн райы жанға жұғымды, қыркүйектің мизамды – сағымды, қимастық сезімдеріңді қоздырар қоңырақай шақтары.

«Үкіаша ата әулиеде» он екі жасар ұлыммен қона жатқаныма үшінші тәулік. 1906ншы жылы әулиенің жанындағы – оншақты-ақ қадамдайдағы – қазіргі қамыға қараусызданған зиратқа қойылған атам Әйменнің үлкен бейіт-тамы мүжіле-мүжіле, әбден отырған-ды. Түнделете, қараңғылықта сау ете жетіп-жығылып, быт-бырақай бұта сағалап кететін байқамсыз да бейқам зияратшы ағайындардан аяқ-асты боп, өзінің уақыт-мезгілінсіз жойылып кетпегінен сақтана төрт бұрышты дуалдың нобайын қырнап тазалап, үстінен белбеулік шамасы тас өрдік.

Әулие жарықтықтың басының қарайғансыз кезі жоқ десе-дей. Күн-түн демей, зиярат жасаушылардың бірі келіп-бірі кетіп, сабылысып та жатқандары. Кеш түсіп, жуынып-шайынып, соңғы түнемелдің алдындағы бұйырған асқа ниеттенуде едік. Судай жаңа «уазигімен» зыр етіп, жақын арада қасиетті Меккеден оралған бір «мықты мырзаның» келе қалғаны. Қасында, әйелі деуге де, досы деуге де қисыны келіңкіремейтін, ақ қолғапты, сабан шләпілі сылқым біреусі  бар…

Түн. Бал татыған, мап-мамық, қам-қаперсіз түн. Моп-момақан жұмыртқа боз төбенің желкесінен бала ай қылтияды, – жымия, ерке-наздана, мап-мамық мейір‑құшағын жаярға құлшына ұмтылатындай. Күнгей Қаратаудың етек қойнауы маужырап, бір мезгіл сартап денесін мейлінше босатып, алаңсыз тұяқ серіпкендей. Аспан аясы тұп-тұнық, селтетпесіз. Жұлдыздар ғана жымыңдаса жұмбақ шертіседі. Көңіл күйің нақыштана сан бұралып, толағайлана тынымсыз тербетіліп, ежегейше елжіреп те, құйқылжырлық-ақ.

Меккеден оралған мықты мырза, сиықсыз сылаңдаған сылқымы, қараптан-қарап елпең-қалпаң қаққан шырақшы бар, кішкентай-кішкентай үш қызғалдағын ерткен бір бейбақ келіншек бар (ер баласы жоқ екен… ниеттеніп келіпті), әкелі-балалы біздер – бәрлеріміз ескі жайдың бастырмалы ашық сәкісінде шәйленіп отырмыз.

…бұл – «адам» дегеніңізді қойсаңызшы! Құйтақандай порымы торайша тыңқиып, көкбауыр бұжыр беттері ісіне тырсиған, қылшық шаштары әңгіленіп, шегір түймешіктері шегірткеше секірең қаға ежірейген «қажекең» – арбалып қалған торғайдай шырақшының ауызын аспанға ма әлде қайда асып қойып, «көрген-көсегендерін» жөн-жосықсыз ағыза-тамыза ытқытуда. О жақ-бұ жағын бажайлап жату қауашағына кірсейші, – «Құдай өзі кешірсін», – түр-тұрпаты тұппа: «жаһанды жарым аяғымен басып тұрғандай, я болмаса, Құдіреті күшті я Пайғамбарымыздың өзі Мекке жарықтықтан арнайы аманаттап, елші етіп, аузына үшкіріп те түшкіріп жібергендей де ме!?.» Әп-әжептәуір, ниет қып әкелген сап-сап-сары, егіз қозыдай баспалды қауындары терезенің тысқы текпішегінде бадырайып-бақырайып, сүйкімсізденіп те, балалардың көз құртын қоздыруда, «жегілеуде». Біраздан соң, қажының құрғақ әфсаналарынан қажып, қақалып, дандайси өрепкіген қу көңілі құрғыр да табан астында тайқақтап, қобалжып, жетімсіреп те:

– Дұға қып жіберсеңіздер, мен демалсам, – дедім...

«Қайдағы ұйқы?» Өз ой-кәкірлеріммен күңкілдесіп пе, күндесіп те ме – едәуір уақыт өте шығыпты. Үміттерін үкілеп, дастарханды анталаған балалар – «сап-сап-сары қауындардан әлі де дәмелі», – ұядағы мойындарын созғылаған сарыауыз балапандардай. Тоқкөңіл екеу – кеу-кеулеріне ұйыған. Қажы, жиі-жиі: – Қауыннан тілейін-де?.. – деп қояды, «сыйға-сый» дегендейін, шырақшының «шексіз қошеметіне» өзінің «кіршіксіз ыстық ілтипатын» дұғайлап, – «тоқалдың баласына ойда‑жоқта мейірлене қалған байдың бедеу де бетқақпай бәйбішесіне айнымай ұқсап та қалып па». Ол «әулиеңіз» болса, қайта-қайта: – Жо-жоқ, қажеке… рахмет-рахмет! – дейді шиқ-шиқ ете, қанатсыз-ақ қалқып кетердей, бұрынғысынан бетер қалбалаңдап. Онысы, өйтері, «кейін... көре жатармыз қатын-бала-шағамыздың алдында» деген бар білгені – іш есебі-дә. Ауық-ауық қайталанып қояр кезекті әрбір «дұғай-ілтипаттардан» кейін – ұйқы қысып, қалғып-мүлгіп, еріндерін сылпылдата елеңдесіп отырған періште-пейіл балалардың быламық көздері шырақша жанып барып басылады. Шыдамым үзіліп, теріс төңкеріліп түстім.

...Табан астында жексұрын  желкемік желіп, таз құйын үйіріп, көп ұзамай мамырақан қойнауды ысылдай ұйтқыған долы жын шалғаны. Кәрі ағаштардың бастары күңіренісе сақырласып-сықырласып, жастауларының науда шыбықтары үрейленісе сабаланып-сыбаланып, солбыр тартқан жапырақтары жанұшырыса жапырласты. Аспан да түнеріп салғандай, – жұлдыздар жым-жылас жоғалған. Тыныш қана, өздігінше сылдырлап‑сыңғырлап ағып жататын кішкене бал-бұлақ та – салдырлап‑күлдірлеп, сыңсып‑ұлитындай да ма. Қай қиырлардан… «шақұр-шұқыр!» осқыланған үрейлі үннің дүлей иесі әне-міне сайлана жетіп, бас салатындай! Баудың түкпірінен – «я санаңның соқыр саңылауынан, бәлкім құлағыңның түбінен, әлде қайдан-қайдан?» – байғыз байғұстың үзіле үздіккен тынымсыз байбаламы естіледі. Қуықтай терезенің қырық жамау әйнегінен іштегі желп-желп еткен білте шамның жарығы өлімсірей сығырайып, алакөлеңкеде шоқиған балалардың қимылсыз бейнелері таудың төбе-төбелеріндегі обаларша томарып көрінеді. Шәйнектің құлағына тарс жабысып, мыжғыланып, біруыстана бүктетілген бейбақ келіншек – жансыз тұлыптай. Бүкжие бұғып жатқан диюлардай – жамбастаған екеу кеу-кеудің көрігін үрлей қыздыруда: «жан-жағында шаруалары шамалы, «үй артында кісі барың» – пішту!..» Ал, изеңдеп, басын тынымсыз шұлғыған «сылқым-сұлу я сиқыр-сұлу» болса – диюлардың уағызына қалтқысыз ұйыған тәртіпті тыңдарман, ұқыпты шәкірт, я болмаса, «тарпа бассалмақшы мыстан кемпірдей» де көрініп кетер ме екен. Қол созым жердегі әулие баба кесенесінің жез түңкелі күмбезі оқта-текте от ойнаған түнек тұңғиығынан «жалт!» ете жоғалып, ұйтқыған бос кеңістікте сұлбалана қалқып, шәңгекке ілініп те тұрғандай, – «елестей…»

Тірі жанға ертеңгілік күн де туған. «Жолай, көлігіңізбен жуық елді мекенге дейін жеткізіп салмас па екенсіз?» деген өтініш-тілегімізге қажекеңнен жөн-мән мезірет бола қоймаған соң, біздер – әлгі бейбақ келіншек, пұшайман мен пақыр, байғұс балалар – барлығымыз жаяулап, төте де тура, Алла сүйген «ескі де қара жолға» шықтық...

Бір күннің ішінде – қас пен көздің арасында қақаяқ қаракүз орнағандай; қай шама екені белгісіздеу – аспан аясы тарс жабыңқы, қабағы қатыңқы, сұрықсыз. Түйдек-түйдек ала-қотан шайпау бұлттар ерсілі-қарсылы тіміскілене жортады. Азынаған шайтан желкемік – «жылан жорғалағандай» – қойын-қонышыңды сумаңдай адақтайды, тітіркенте қариды. Шикі ауа – ашқылтым, таңдай-танауыңды шаянша шағады. Жолсеріктерім үнсіз… Арқама жалтақтай, – иі қашқан кроссовкам аяғымды ақжемдеп, дымқыл сыз бетке шапаттай бүркіп, – өз-өзімнен секемдене, қуыстана ілбіп, отты ой-орманына шырмалып та, шыжғырылып та, омығып-опарылып та келемін: «Балалардың бірі: «түнде сап-сап-сары қауындардан жегіміз кеп кетіп еді» деп айтып қалар ма екен?!» деп.

Шынымен-ақ, сұрқайы қара күздің жымысқылана жеткені ме?  

Беймезгіл, сайтан алғыр – қай күз еді бұл?!

Лайым, өткінші өліара болғайшы. Көк аспан – естимісің!?.

Тамыз, 2003 ж. Кентау