Бір кемпір келе жатты...
- Көре-көре жаманды көз қарықты, іздей-іздей жалғызды табан тозды. Есегіне дейін егіз табар дәулеті тасқан ел едік. Қойшы-қолаң, құлы түгіл, салпы етек, сары қарын қатынына дейін ісіне мығым бек едік. Бір күні апақ-сапақта, мизамды шуақ шапақта басқа қара бұлт төнді. “Басқа салса баспақшыл” құдай салды, мен көндім. Аспаннан түскендей мың Қыдыру қол келді. Алай да дүлей, асыр да тұсыр күн болды. Күн емес-ау, жылт еткен жылуы бар шоқтар сөніп, қайқиған қара шаңырақтар табандарда тапталып күл болды. Кім екендерін білмедік, төрт арыстай ұлымды көз алдымда атып өлтірді. Жер бетіндегі тірі жанды түгел жұмаққа жеткіземіз деп, тең етеміз деп малды айдап, мүлікті арбаға артты. Бұл қорлыққа шыдамай, шал өз-өзіне қол салды.
Таңның шығынан мөлдір, күннің нұрынан мейірімді он үштен он төртке көшкен жалғыз құралайым бар еді. Ол беті ауған жақ, далаға қашты. Астан да кестен заманда аман қалғаныма таң, оны қуып мен кеттім. Жұртта жұрнақ, артта тұяқ қалмады. Елeрiп қашқан елiгiме жетсем деп із кесіп барам.
Жалғыз аяқ жол. Жаралы көкірек. Отқа кақталған өмір. Оны үміті өрге сүйресе, еріккен бұталар етегінен тартып, кимешегінің үшбу бұрышы жер сызып ұзап барады.
Жолың болсын, әже!
* * *
Бір кемпір келе жатты...
Қай жетіскеннен ел кезіп жүр дейсің?! Е-е, сұм тағдыр-ай, біз не көрмедік. Сонша зарлататындай не жазығым бар еді. Ес біліп, етегімді енді жабар шағымда елімізді жау шауып, ата-ана, бауырларымнан айырды бұ құдай! Далада қалып қарға-құзғынға жем болғалы жатқанда, перзент деп зарлаған бір бейбаққа кезіктім. Шүкір деп оң-солымды енді бағдарлай бастағанда жер бетін жұт басты. Бір үзім нан түгілі, шөже торғай, соқыр тышқан көзден бұлбұл ұшты. Босағаға сүйеніп, қылжиған күйі ол қалды, тасбақа теріп мен кеттім.
Кеудеден шыбын жан шықпаған соң, ілбіп жүре береді екенсің сол. Қолға түскен нәрсені қағажу ғып, күн артынан күн, жыл артынан жыл өтті. Қабысқан қарын, қатқан ішекке ел қонып, демімізді енді алар шақта “аузың асқа тигенде, мұрның қанасын” деп, тағы да дүрбелең басталды. Шаңырақ көтергенмен, сынық уық та шанша алмай, сол топалаңға күйеуімді шығарып салып, ошақ түбінде опырылып мен қалдым. Дүниеге соры қалың бір желбір шаш келді шырылдап. Бықсыған отты үргiлеп, ілбіп мен келем, ал иесі оралмады. Оны іздеймін деп жүріп, жалғыздан тірі айрылдым. Сол жалғызды іздеп, бармаған жер, баспаған тауым жоқ, енді қалған ана-ау “жылы” беткейден іздеп барамын.
Ақ шыт орамалын шекесіне шандап байлаған шешейдің орамал ернеуінен қос құлағы ербиеді. Ақ жаулықты басы мәңгі қар жатқан алып тау іспетті де, қос құлағы оның мызғымайтын қалқиған қос қарауылы іспеттес. Бүрме көйлегінің етегі күрзі етігінің қонышын сүрте жалп-жалп етіп қызмет көрсететіндей, ал етігі сол күніне риза Көңілмен күрп-күрп етеді. Күрп-күрп еткен сайын ақ шаңдақ машина жол бұрқ-бұрқ етеді. Ол ұзай берді.
Іздегеніңізді табыңыз, апа!
* * *
Бір кемпір келе жатты...
- Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін, әйтеуір демалсам деймін. Шаршадым. Бала-шағаң дейсіз бе? Болған. Б...... да болған.
Жап-жақсы-ақ едік, тек жасы жер ортаға жеткенде “бақытымды жаңа таптым” деді. Айналдық-толғандық, жыладық-сықтадық, ойландық. Ақыры “қош!” дестік. Құшағымдағы қос қоңырымды қанат етіп мен қалдым. “Жол" үзақ екен, біз де жорғалап жеткендей едік мәреге. Дүниеге шыр етіп түскен сәттен бастап өз балаң өзіңе бұйырған ба, он сегізге толған күні екі жыл ел қорғайды деп алды да кетті иелері. Кімді кімнен қорғағанын қайдам, екі көктем ғасырдай боп өтіп, келер күнін саусақпен санап жүргенде тақтайдай төрт-бес адам кіріп келді үйге. Өздері ғана емес, баламның тас қорғанда тапталған денесін де ала келді. Жер бауырлап қалдым, қайтейін! "Шыда!" - деді әлгі тақтайдай төртеу де, "көн!” – деді. Шыдадық! Көндiк! Басқа не келеді қолдан. Елін қорғап қайтты ғой...
Есіме алғым да келмеп еді, жанымнан бір қалмай қойдың-ау. Сонан жыл жарым уақыттан соң емін ешбір дәрігер білмеген кіші ұлымның денесінде түймедей жара болушы еді, ай жаңарса жаңарып, ескірсе төгіліп отыра- тын. Сол аяқ астынан көбейіп, үш-төрт ай іріп-шіріп жатып, ол тағы кетті ағасының соңын ала. Қазір не көп, аты жоқ ауру, емі жоқ кесел көп. Ең болмаса қос қозым- ның неден кеткендерін білмей есеңгіреп мен барам. Оның не көкіректі қарс айыра қайғырғаны белгісіз, не жәй күрсінгені белгісіз, артына бұрыла мағынасыз аз кідіріп, ұзақ қарады да, қайта өз аяңына басты. Иығынан сәл ғана төмен толқын шашын саусақтары - мен тарай қайырып, кішкене қол дорбасын қолтығына қыса, егделеу әйел кетіп барады. Аяғын басқан сайын асфальт үстінде тағалы аттай өкшесі тық-тық етеді.
Тық-тық еткен өкшесі ме? Иә!
Ал, жүрегі ше? Білмеймін.
- Ей, ей, бейтаныс әйел, тоқтаңызшы. Сіз кім-c-i-з?
- Мен бе? Өзіңмін ғой!
- Өзі-ім! Ой, қандай қорқынышты. Ө-з-і-ім!!!