ЕСТАЙ МЫРЗАХМЕТОВ. ХОККЕЙ

 

Жамбыл атындағы колхозда жет іжылдық мектеп бар. Онда оқитын оқушылар да басқа балалар  сияқты хоккей ойынын өте  жақсы  көреді.  Бірақ олардың ойындары өзгеден басқашарақ еді.Командадағы ойыншылардың санына қойылған шек жоқ, қанша бала жиналса да  екіге  бөлініп,  команда  құрыла  беретін.  Кейде  әр  командада  жиырма-отыз шабуылшыдан болатын күндері де кездесуші еді. Ал бұлардан қақпаны қорғау үшін кемі екі-үш кісіден қақпашы қойылатын.Ойын басталып кеткеннен кейін келген балалар да өзінің қалаған командасына қосылакетеді, тек  қолында  жаман  да  болса  таяғы,  аяғында  өйтіп-бүйтіп сырғанауға жарайтын конькиі болса болды, айғай-шуды молайта түсуді ешкімнен сұрамайды, бар жандарын салып бағады. Олардың кейбіреулері бір ойын бойы бір рет те доп соқпай, құр дүрмекпен көпкеілесіп жүре берсе де, әйтеуір, «ойынға қатысып жүр» деген атағына мәз болатын...Міне, «ешқандай міні жоқ» деп келген осы ойындарының бір күні кенеттен шырқы бұзылып, бірден ұнамай қалды.«Жоқ,  біз  бұдан  былай  бүйтіп  ойнамаймыз»  десті  олар  гуілдесіп.  Бұған себепші Сейілбек болды.Ол каникулда Көкшетау қаласында тұратын бір туысының үйіне барып, төрт-бес күн демалып жатып қайтты. Көрші үйде тұратын өзіндей бір сары, талпақ мұрынбаламен алғашқы күні-ақ достасып алған. Соған еріп, ол Көкшетауды армансыз аралап, талай қызықтар көрді. Солардың ішінде оған әсіресе ұнаған хоккей ойыны болды.Бұл ойын Сейілбектердікінен мүлде басқаша еді. Әуелі көк шұғадан тігілген спорттық костюмі барбір адам ортаға шықты. Ол қолындағы сағатқа үңіле қарап тұрып ысқырып қалғанда, екі жақтан сап түзеп ойыншылар алаңға шығып, өзара сәлемдесті. Кішкене капитандар ілгері бөлініп шығып, төрешініңқолыналып, бірдеңе  десіп  жатыр.  Бірақ  олардың  не  дегенін қаншамақұлағын  тіккенімен Сейілбек ести алмады. Кілең өзіндей бала ойыншылар оған қатты ұнады. Бәрі де жап-жақсы. Келісті-ақ...Сейілбек: «Жоқ, біздікі құр ермек екен, шын хоккей мынау екен» деген оймен қайттыауылға.

***

Сейілбек сабаққа алғаш келген күні-ақ «А» және «Б» класындағы жолдастарына Көкшетаудағы өзінің көрген-білгенін баяндай бастады.

–Бізге де солай ойнауға болмай ма? –деп түйді ол сөзін.

–Дәл солай ойнауымыз керек, –деп балалар шулап қоя берді.

Жалғыз-ақ Рамазан деген көк көз сары бала:

–Команда құруын құрармыз-ау, бірақ ойын тәртібін бізге кім үйретеді, ешкім білмейді ғой, –деген шүбәсін айтты.

–Сол да сөз болып па? –деді Сейілбек.

–Мен Көкшетаудан не бітіріп қайтты дейсің? Өзім үйретем.

 

 ***

Түс ауа сабақтан шыққан балалар мектеп кітапханасының алдына жиналды.

–Ойын тәртібі былай, –деді Сейілбек қолындағы қара сумкасын сарт еткізіп алақанымен бір ұрып қойып, –хоккей де футбол ойыны сияқты. Айырмашылығы сол ғана: футбол добы қарбыз сияқты үлкен, оны аяқпен тебесің, баспен соғасың. Ал хоккей добы қаздың жұмыртқасындай ғана, бірақ ондай сопақ екен деп түсініп қалмаңдар... доп-домалақ... оны арнап істеген таяқпен ғана соғасың.Оның сөзін таңқы мұрындау келген Есет деген бала бөліп жіберді.

–Сейілбек, сен бар ғой, ия деші... Ия болса, сен бізге оның бәрін айтпай-ақ қой. Оны өзіміз де білеміз. Сен бізге тек ойынды қалай ойнайтынын айтсаң болады...

Сейілбек ұнатпай қалғандай, оған адырая бір қарап қойды да, онан әрі сөйлей берді.

–Иә, добы кіп-кішкентай, оны бізге ұқсап кім болса сол бет алды қуалай бермейді, кәдімгі  футбол сияқты бір-біріне қақпақылдап береді. Бірақ менің бір таңғалған жерім: адам саны өте аз. Үш шабуылшы, екі қорғаушы, бір қақпашы, сонда бәрі алты-ақ адам.

–Ойбай, –деді Есет, –онысы шатақ екен. Аз кісімен ойынның қызығы бола ма?

–Ә-ә, мен енді оған түсіндім, –деді Рамазан көк көзін жыпылықтатып. –Ойынды білетін балалар аз шығар да, команданы солай құруға тура келген болар. Әйтпесе үлкендер командасы он бір адамнан ғой.Мына сөздің жаны бар сияқты көрініп кетті. Сейілбектің өзі де: «Солай шығар, бірақ ол арасын айырып сұрамадым» деді.Олар команданы ақыр аяғында алты адамнан емес, он бір адамнан құрды. «А» класының командашысы Сейілбек, «Б» класының командашысы Рамазан болып белгіленді. Хоккейді жақсы ойнайтын Асан қақпашы болды. Екінші қақпашыға келгенде балалар ойланып қалды.

–Басқа  кластың балаларынан біреуді  аламыз  ба?–деді  жолдастарына Сейілбек.

6Осы  кезде  манадан  бері  сөзге  араласпай  тұрған  Айжан  деген  бала  алға шығып:–Сейілбек, осы мен қақпашы болсам қайтеді, ә?-деді.Ол  он  үш  жаста  деп  ешкім  айтпайтындай,Сейілбектің иегінен  сәл  ғана асатын тапал бойлы келген, етжеңді қара домалақ бала. Өзі жүгірсе болды, ентігіп шаршап қалушы еді. –Қой, сен доп ұстай алушы маедің?!–Оһо, ұстағанда қандай! Былтыр бір рет қақпашы болғаным бар. Жақсы ұстаймын, өзің сонда бірге болып едің ғой...Оның қай уақытта қақпашы  болып жүргенін Сейілбек те, басқалары да ойлап-ойлап естеріне түсіре алмай қойды. Дегенмен, ақылдаса келгенде, Рамазан командасының қақпашысына сол белгіленді.

 

***

Ашық аспанда алтын табаққа ұқсап күн тұр. Күн сәулесіне шағылысқан қардыңұсақ ұлпалары  жұлдыздардың  сәулесіндей  жылтылдаса,  ауылдың алдыңғы жағында жатқан «Былқылдақтың» мұзы шыныдай жалтырайды. Көл беті конькилері сатырлап сырғанақ тепкен балаларға сыймайды...Үстіндеқалың пальто, басына қара лақтың терісінен істелген, құлағы есектің құлағындай салпиған малақай киіп доп-домалақ болып қақпаның алдында тұрған Айжанға Рамазан:

–Сен байқа, қақпадан ұзап кетуші болма. Бір доп өткізіп жіберсең болды, дереу ойыннан қуып шығарамын, -деп ескертті.

–Өткізбейміндопты, қысылсам көлденең түсіп жатып аламын.Балалар ду күлісті. Өзі де сақылдап күліп жіберді. Ойын төрешісі Кеңес аузына қаңылтыр ысқырықты салып «фюп-фюп-п» деп екі рет соза ысқыртты. Ойын басталып кетті. Сейілбек допты алдына салып қуа жөнелді. Қарсы ұмтылған Рамазаннан мысыққа ұқсап жалт бұрылған ол қарсы келіп қалған Жақыптыбар екпінімен соғып кеп кетті. Екеуі де аяқтарын көкке көтере екі жаққа қарай ұшып түсті. Допты өзгеден бұрын жеткен Есет іліп әкетті. Ол жұлдыздай ағып допты қуалап барады. Кәнігі хоккейші сияқты таяқты оң қолына ұстап ілгері созып, екі жаққа кезек қырындатып қояды. Бірақ Рамазанның қорғаушылары қақпаға жеткізбей кейін қайтарды. Бастапқы кезде ойын әжептәуір басталып еді,  бірақ қыза келе Сейілбек үйреткен тәртіптің түгі де қалмады. Ойын басталмай тұрғанда «ойбай, тәртіпті ойнаймыз» деп күпілдеген ойыншылар қыза келе баяғы қалыптарына түсіп кетті. Сейілбекпен  Рамазанның  оларды  тәртіпке  саламыз  дегенінен  түк  шықпады. Ешқайсысы да тыңдамады. Допты біріне-бірі қақпақылдап беру жоқ, қайсысының алдына түссе, сол қуалай жөнеледі. Әйтпесе бет алды соғып жібереді.  Реті келсе бірін-бірі әдейілеп қағып қалып, ұшырып түсіруге тырысады. Әсіресе Рамазанның командасында ойнайтын Жақыптың қимылы өте өрескел. Ол көлденеңнен салып қалып талайдың қолындағы таяғын ұшырып жіберді.  Мұнысы үшін айып тартқызамын деген Кеңеске:

–Мен иығыммен қағып жүрмін ғой. Оған әркімнің еркі бар. Сейілбек солай үйреткен, –деп жеңістік бермеді.Кеңес тағыбір-екі рет келіп ескерту жасап еді, қолын бірақ сермеп, сөзіне құлақ аспады... Жеке-жеке айтқанға  ешқайсысы көнбеген  соң,  Сейілбек  ызаланып, жыларманға келіп жүр. Кішкентай мұрнын дамылсыз тартып, кып-қызыл болған, самайдан тер сорғалайды. Ол дұрыстап ойнатсаңшы деп, қайта-қайта Кеңестің тынышын ала береді.  Ал Кеңес болса ілгері-кейінді ұшқан доптың соңынан қалмай еремін деп өкпесі өшіп, ырсылдап жүгірді де жүрді.Маңайында  ешкім  қалмай,  қамыс  қақпасының  алдында  тұра-тұра  әбден жалыққан  және  тоңазуға  айналған Айжан бір кезде зерігіп,  қақпасын  тастап, әжептеуір жерге ілгерілеп шығып,  ойыншыларға қарап тұр еді. Бір сәт Есеттің зымырап келе жатқанын көрді. Оны өкшелей он шақты бала келе жатыр. Оған жете алмай дымы құрыған Рамазан шаңқылдаған ащы дауыспен:

–Қорбалаңдапқайда ғана келе жатырсың, ашық ауыз. Тез қақпаға бар, –деп жаны шығып кетердей ышқына айғай салды. Айжан кейін қарай жалт бұрылып, алды-артына қарамай жүгіре жөнелді. Бірақ жүйрік Есет  қояр  емес.  Әрі-беріден соң қуып жетуге  айналды. Ол Айжанның сасқалақтап жүгіргенін қызық көріп, сылқылдап күліп келеді.

–Жүгір, Айжан,  жүгір.  Мүмкін, жеткізбей  кетерсің, –дейді  мазақтап. Рамазанның «бір доп өткізіп жіберсең, ойыннан қуып шығамын» дегені есіне түсіп қатты сасқан Айжан Есеттің мазақтағанын естігенде ызаланып кетті. Оны қалай да қақпаға жібермей қалудың ақылын ойлады. Есет қатарласа бергенде, бұл оған қарай жалт бұрылып дүрсе қоя берді. Шап беріп сол жақ қолынан ала түсіп, бар күшін салып кейін тартып қалды. Мұндайды күтпеген Есет алғашқыда сасып қалғанымен, оның не істегісі келетінін сезген  соң,  босанып  кетпек  болып жұлқынып-жұлқынып қалғанда Айжан жалп ете түсті. Бірақ жай жығылған жоқ, оның өзін де ала жығылды.  Етпетінен түскен Есет қолындағы таяғынан да айрылып қалды. Доп бастапқы келе жатқан жөнімен қамыс қақпаға қарай домалап кете барды...

Бұл оқиғаның қас қаққандай шапшаң болғандығы сонша, зыр етіп келіп қалғанРамазан, тағы екі-үш бала бұрылып кетуге мұршалары келместен тура осыларға килігіп, ойпаң-тойпаңы шықты. Ойын тас тоқтап қалды.

–Бір ұпай салдық, –деді Сейілбек ентіге сөйлеп. Оған Рамазандар көнбеді. Тіпті болмаған соң Сейілбек:

–Ұпайсалмады деп талассаңдар, алты адым жерден айып ретінде доп соғамыз,–деп еді, Рамазан оған да көнбеді.

–Сен барған Көкшетауға мен де барғанмын. Мен сендей балалардан емес, кәдімгі «Искра», «Динамо» командаларының ойынын көргенмін. Онда оларда ешқандай «айып доп» жоқ болатын.Қанша дауласса да, екі  жақ ешбір келісімге келе алмады.  Ақыры екі команда бір-біріне ренжісіп тарқасты...

Ертеңіне Сейілбек мектепке көңілсіз келді. Сабақ үстінде де ол жадырай қоймады. Оның күндегіден көңілсіз екенін байқап қалған аға вожатый Сейілбекті шақырып алды.

 –Иә, Сейілбек, хал қалай?! Неге көңілсіз жүрсің, ә?Сейілбек кеше болған оқиғаны баян етті.

–Оған  несін  ренжисің? Хоккей үйренгілерің келеді екен, физкультура мұғалімі сендерге көмектеседі ғой. Сол кісіні ала отырып сөйлесейік, жарай ма?...

–Жарайды,–деп бас изеді Сейілбек.

–Ал әзірше сен «Черемыш» батырдың інісі» деген кітапты оқып шықшы...

–Лев Кассильдің  бе? –деді  Сейілбек көп  нәрседен хабары барлығын білдірмек болып.–Мен ол кітапты әлдеқашан оқыдым ғой.  Тамаша қызық кітап.  Әсіресе Гешка қызық. Өзін батырдың інісімін деп жолдастарына таныстырады. Тамаша хоккейші. Хоккей ойнап жүріп ойыққа түсіп кетеді. Өте қызық.

 Вожатый езу тартып күлімсіреді.

–Сейілбек, сол кітапты тағы да бір рет оқып шықшы. Оқығанда судыратып оқыма, зейін қоя, түсініп оқы. Сонсоң не ұққаныңды маған айтып беретін бол. Жарай ма?

–Жарайды.Вожатыйдың бұл кітапты неге оқы дегенін Сейілбек кейін білді. Хоккей ойнаудағы өз қателерін бұл оның көз алдына елестетті. «Біз команда да құрамыз, жақсылап жаттығамыз да» деп қуанды ол. Оның көз алдына өздерінің болашақ командасының хоккей ойнап жүргені елестеп кетті....Бұлардың ойынын көруге көп кісі жиналыпты. Ішінде вожатый да бар, күле қарап тұр. Кеудесін қуаныш кернеген Сейілбек тұра жүгіріп барып, оны құшақтай алғысы келді...