Есей ЖЕҢІСҰЛЫ . ЖОЛДАР


Картасына «Тұғыр Т.» деген хабарлама келгенін көріп, денесі дір ете қалды. Қанша ақша екеніне қараған жоқ, әлгінде ғана сөйлескен адамның нөміріне ұзақ тесілді. Жоқ, ол әйел еді. Бірақ бәріне келісіп алған соң, «сізге күйеуім ақша жібереді, карточкаңыз осы нөміріңізде ме?» деп сұрағаны есінде. Сөйткенше болмай жасыл түйме қалқып шыға келіп, «Тұғыр Т. деп түсті ме сізге?» деген сөзді оқыды.

Мәссаған, Тұғыр дейді, ә... Мына жалғанда бұл білетін жалғыз Тұғыр бар еді. Оның тегі Жақсымбетов болатын. Мұнда Т. деп тұр. Қой, басқа адам шығар. Бірақ Тұғыр аттас басқа ешкімді жолықтырып көрмепті. Өте сирек есім. Тіпті жоқ есім. Арғы-бергі қазақта баласына осындай ат қойған біреу бар ма екен?

Данай дағдарып біраз тұрды. Сәлден кейін әйелдің хабарламасына жауап жазбағаны есіне түсіп, «иә» дегенді асығыс терді. Артынша «көп рақмет» деп қосты.

     Ендеше, ертең кешке сіздерді күтеміз.

     Мекенжай қандай?

     Үйге барған соң, картадан орнын жіберем.

     Келістік.

«Сауатты жазады екен» деді ішінен. Бірақ Тұғырдың келіншегі болса, басқаша жазбас та. Іштей айдаладағы біреумен бәсекелесе кеткенін аңдап, Данай бір жымиып қойды. Бұл әйелдің аты кім еді? Жәния деген. Тұғыр – Жәния. Жәния – Тұғыр... Үйлеспейтін сияқты ма? Қой, құрсын, не ойлап кетті? Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреулерге үйлесім үстейтін кім еді өзі сонша?

Әйел әуестігі дегенді қойсаңызшы. Тұғырды тануы мүмкін деген адамдарды ойша іздестіріп, телефонындағы нөмірлерді зымырата жөнелді. Ешқайсысына көзі тоқтайтын емес. Бір сәт көзін көтеріп, үйдің қабырғасына үнсіз телмірді. Мына клиенттің қайдағы-жайдағыны қозғап кеткенін қарашы...

Данай айна алдына барды. Жасы қырыққа келсе де сыны кете қоймаған сипатына бей-жай үңілді. Көзінің асты көлкілдеп тұратынына үйренген. Қашаннан бері барын білмейді. Әлде Жасұлан қайтқаннан кейін шықты ма?

Түнде қатып ұйықтапты. Түсіне де ешкім кірген жоқ. Күйеуі әлде анасы кіретіндей елегізіп көзі ілінгенін біледі.

Өзіңе жұмыс істеудің пайдасы ұшан-теңіз екен. Жасұлан барда, екеуінің айлық жалақысына емініп, өзін шектеп, барын қос перзентінің аузына тосып, ілгері-кейінді күн кешіп еді. Е-е, бұл өмір де адаммен ойнайды екен! Құдды серігінің мәңгілікке кетуін күтіп тұрғандай, Жасұланның жылы өтпей мұның қолы жүре бастағанын қара... Қазір басында үйі, астында көлігі бар.

Сағаттың тоғыздан асқанын күтті де, Ақнұрға телефон соқты. Қайынсіңлісі ұйқыны жақсы көреді. Мезгілсіз қоңыраулатса, тоңқылдап ренжитіні бар. Бірақ оны елейтін Данай ма, бірден шаруаға көшті.

     Әй, Еркеқыз, бірінші тапсырысқа сен бар! – деді.

     Е, сіз ше? – Ақнұрдың жаңа тұрып жатқанын аңғарды, дауысы да шашы сияқты ұйпа-тұйпа. Сонда да «сіз» дегеніне сүйсінді.

     Менің шаруам шығып қалды.

     Не шаруа ол?

     Құбылайдың мектебіне соғам.

     Не бүлдіріпті?

     Сенің бауырың бүлдірмейді, озады ғой.

     Бәсе!

     Олимпиадаға қатысатын болыпты. Сынып жетекшісімен ақылдасу керек.

     Болды, бауырым, алаңдама!

Данайдың кеудесі шаншып кетті. Ақнұр құдды Жасұландай сөйледі осы жолы. Оның «бауырым» дегені нақ осылай естілетін еді. Данай Ақнұрдың әдейі Жасұлан дауысының ырғағына көше қойғанын түсінді. Қалай айнытпай салады, ә!

     Онда үш жарымда жолығамыз.

     Мекенжайын жіберіңіз.

     Міндетті түрде.

Қазір Ақнұр Жәниямен кездеседі де, туған күні келген қыздың сыйлығын алады. Оған дейін жуынып, реттеліп алғаны дұрыс. Екі баласы сабақтан бірдей келмейді, түскі ас пісіріп қоюы керек. Құбылайдың мұғалімі дүйсенбіге шақырған, асығыс ештеңе жоқ.

«Жеңше, мына кісі маған сенбей жатыр. Ескертпепсіз ғой» деген Ақнұрдың хабарламасын оқып, сасып қалды. Иә, Жәниямен кездесуге өзі емес, қайынсіңлісі баратынын айтпапты. Дереу нөмірін терді.

     Сіз әйтеуір алаяқ емессіз бе? – деп тұтқаны ренжи көтерді Жәния. – Мүлде басқа адам хабарласып тұр. Ақшаны ғой, алып алғансыз. Сонда да соңына дейін шыдайын деп сыр бермедім.

     Мен айыптымын, Жәния. Орныма екінші аниматорды жіберетінімді ескертпеппін. Ол менің қайынсіңлім ғой. Аты – Ақнұр...

     Иә, айтты. Бірақ оның қолына қызымның сыйлығын ұстата салуға қорқып тұрмын. Өзі де арзан дүние емес...

     Жәния, еш қорықпаңыз. Уайымдамаңыз. Ақнұр деген... дүниедегі ең адал жан!

     Байқаңыз, алдасаңыз полицияға жазам.

     Әрине, әрине! Біздің қызметімізге әлі ешкім шағым айтып көрген жоқ. Бәрі жақсы болады, Ақнұрға бере беріңіз.

Жәнияны әзер тыныштандырды. Тым пысық әйел екен өзі!

Кешкі төртке он минут қалғанда Данай мен Ақнұр қала шетіндегі ықшамауданның тарлау көшесінде, ашық шарбақты үйдің маңында тұрды. Айналасындағы көршілерінің бәрі дуал көтеріп тұмшаланып алғанда, Тұғырдың үйі бостандық аралы іспетті. «Иә, сол Тұғыр болса, ол еркіндікті ұнатады» деді ішінен өзіне-өзі. Ақнұр екеуі үйден шығарда-ақ киініп алған. Пысынап отырысы мынау енді...

     Не сыйлық екен? – деді жайбарақат.

     Соңғы Айфон.

     Ой, соны да әлдеқандай ғып... – дей берді де, тілін тістеді. Өзін қостай жөнелуге әзір отырған Ақнұрға күлімдей қарап бас шайқады. – «Аяз би, әліңді біл» дегенді ұмытып барады жеңшең, Еркеқыз. Кешір!

Ақнұр иығына басын сүйеді. Жасұлан қайтыс болып, қырқын өткізгеннен кейін ол Данайды осы іске тартқан. Данай әуелде көнбеді, күйеуінің аруағын қорлап, секектеп той іздеп жүргендей қысылған. Бірақ үйде қол қусырып және отыра алмас еді. Жаңа қосылғанда Жасұлан бұған жұмыс істеткісі келмеді. Данай үшінші сәбиін дұрыс көтере алмай пышаққа түскен соң, өзі істейтін шетелдік фирманың тауар есепшісі етіп кіргізген. Тыныш, жеңіл, ең бастысы, уақтылы жұмыс еді. Жасұлан қайтқан соң оның жүрген жерін көргісі келмейтін бір күйге ұшырады. Елес деген жаман екен. Әр бұрыштан жары шыға келетіндей елегізіп жүріп, ақыры өзі арыз жазып шығып кетті. Бастығы да, әріптестері де жік-жапар болып, қалуын өтінді-ақ. Тіпті айлығын да көтеруге мақұл еді.

     Еркеқыз!

     Әу?

     Осы деймін дағы... атам неге Жасұланның атын солай қойды екен?

     Неғылды?

     Жап-жас күйінде кете салды ғой...

Ақнұр басын кілт көтеріп, жеңгесінің жүзіне үңілді. Көзіне тұнған жасты ірікпей, мөлдірете төгіп-төгіп жіберді. Ағасын қатты сағыныпты-ау...

     Дәкем-ау, мен шынында да мұны мүлде ойламаппын ғой, – деп егілді ол. – Иә, жап-жас, өмірді ғажап сүйетін ұлан еді ғой ағатайым...

Қос мұңлық біраз отырар еді, хабарлама бәрін бүлдірді. «Келе берсеңіздер болады» деп жазыпты Жәния. Екеуі дереу тіршілікке оралып, көздерін сүрткіштеп әуре болды да қалды. Әй, Ақнұр жақсы адам ғой, өзін ұмытып, Данайдың маңдайынан сүйіп, жасын құрғатып қояды. Жеңгесі мен қайынсіңлісі ұрлық жасағандай қуыстанып, көліктің артында жатқан екі тышқанның басын зорға киді. Келісім бойынша, Жәния қазір музыканы қаттырақ шығаруға тиіс.

     Бауырым, дайынсың ба? – деді Ақнұр тағы ағасының дауысына салып.

     Жүз пайыз!

Ашық шарбақтан даңғырлай жеткен таныс әуен екеуін тез серпілтті. Көлік тасасынан шыға келіп, қол ұстаса билей ұмтылды. Ақнұр әдемі гүл шоғын әуелете көтеріп қояды. Қимылы әбден үйлесімді. Кіші есіктен томпайған қарындары әзер сыйды, сонысының өзі күлкілі болғандай. Аулада бұларға таңдана қарап қалған өспірім қыз Данайды одан әрі сергітіп жіберді: әкесіне де, шешесіне де ұқсапты. Данай енді бұл Тұғырдың нақ сол Тұғыр екеніне күмәнданған жоқ. Көз алдына баяғы ұяң Тұғырдың балаң бейнесі тұра қалды.

Неге олай істегенін өзі де білмейді, сансырап тұрған қызды құшақтай алыпты. Қалыптасқан сценарий бойынша қара тышқан, яки Данай әуелі қыздың алақанына алақанын тигізіп, билеп өте шығуға тиіс еді. Содан кейін ақ тышқан – Ақнұр гүлін беруі керек. Жамбасына әлдене сарт ете қалғанда ғана ес жиып, қара тышқан секіріп кетті. Жиыла қалған төрт-бес адам ду күлді. Әй, Ақнұр-ай, жол табасың ғой сен! Соққыны ауырсынғансып белін ұстап, қиқаңдай билеген Данай тесіктен баспалдақ жаққа көз тастады.

Тұғыр сонда тұр екен. Қартайыпты дейтін емес, бірақ мына сақа түрі өте жарасымды. Самайына ақ кіріпті, көзі де шүңірейе түскендей ме? Бет-жүзінде әдемі байсалдылық бар, тіпті шынайы зиялының тұрысы м ынау. Қол шапалақтап билеп қояды.

Данай барын салды. Тұғырдың көзінен перзентіне деген ғажап махаббатын көріп тұрып, ықылассыз қиқаңдау мүмкін емес. Әлгінде ғана хореографтан зорға үйренген би қимылын салып жіберіп, ақ тышқанды күтті. Ақнұр шпагатқа отыра қалып қайта тұрды. Қосыла билеп жүрген мектеп жасындағы екі ұлдың есі кетті, «класс! класс!» деп бармақ шошайтып, айналсоқтап шықпай қалды.

Денесін түгел аралай құйылған терге қараған жоқ, Данай сәт сайын жаңа қимылға көшті де отырды. Бір ойнақы әуенді екіншісі алмастырғанын кеш аңғарса да тез үйлесім тауып, біресе екі ұлдың, біресе Жәнияның алдына барып үйірілді. Ақнұр қызды билетіп жүр.

...Екеуі де биге олақ еді. Тұғыр алғаш ескі алаңдағы би кешіне ертіп барғанда, жанын жұлып жеген жастарға аңқайып қараумен-ақ уақыт өткізген. Екеуі бір-біріне қарсы тұрып алып, сазға ілесе алмайтынын түсініп күлімсірей берген. Содан кейін нән ғимаратты сырттай жүріп, шаһардың сұлу түнін тамашалап ұзай бергендері есте.

Тұғырды алғаш қайдан жолықтырып еді? Қазір бар-жоғынан хабарсыз, бірақ тоқсаныншы жылдары «алтын арқау» делінетін дәстүр керемет еді. Үшінші курсқа көшкен студенттер басқа жоғары оқу орындарындағы тұрғыластарымен келісіп, желтоқсан айының басында ортақ кеш ұйымдастыратын. Тұғырды сонда көрді. Кісікиік, одағай, саяқ жүретін жан екені бірден байқалған. Құрбылары тез көңіл жарастырып, бірнеше жұп бірігіп үлгерсе де, Данай соның бәрін сырттай тамашалаушы болып қала берді. Тұғырға тіпті көз тоқтатып қараған да жоқ.

Данайдың университеті қаланың қақ ортасында. Таң бозынан басталған дәріс ымырт үйіріле бір-ақ аяқталатын. Ортада бос сағаттар көп-ақ. Деканат әдейі солай түзе ме, төрт жыл бойы осылай бір дәрісті екіншісіне ұластыру үшін босқа уақыт өлтіріп, әйтеуір тәмәмдап шыққан. Сондай күндердің бірінде төменгі қабаттағы буфетте шай ішіп отырған Данайға Құралай құрбысы жүгіре келіп: «Ғашығың сені іздеп жүр», – десін.

     Ғашығы несі? Ол кім?

     Өтірік қуланбашы. «Алтын арқауда» екеуің екі жақта жүрген сияқты едіңдер, қабақпен-ақ ұғысып алған болдыңдар ғой.

Сөйтсе... Тұғыр мұны сабағына іздеп келіпті. Дәл өзіне келгені айтпаса да түсінікті еді. Ең жақын төрт жігітке мұндағы төрт құрбы телінгелі қашан! Екі жақтан да бесіншілер – екеуі.

Өзіне де қызық көрінді ме, Данай Құралайға езу тарта салып, жоғарыға асықты. Мұрнының үстіне саусағын қойып, «үндемеңдер» дегенді ұқтырды. Бес қыз тығыла күліп жоғарыға шыққанда дәл үзіліс уақыты екен, кампус фойесі базар болып кетіпті. Студенттер ығы-жығы. Құралай қыздардың алдына түсіп жорғалап отырып, тағы бір қабат биіктегі алаңқайға әкелді. Бұл тұстан төменгі қабат алақандағыдай көрінеді.

     Әні ғашығың! – деді Құралай.

Тұғыр қалың студент ортасында тұр екен. Жан-жағына тым байсалды қарайды. Мына тұрысы шынында да сыр алдырмайды. Бес құрбы үнсіз бақылады. Тұғыр әр қыздың бетіне мұқият телміреді. Сәл тұрып, сабақ кестесі ілінген тұсқа барды. Тауып алды ма, сағатына бір қарады. Қазір «ғашығының» дәрісте емес екенін шамалағандай. Сәл аялдап, сыртқа беттеді.

     Барсаңшы енді!

Бүйірінен түрте қалған Құралайға қабақ шытқансып, Данай кітапханаға беттеді.

Бұдан кейін де Тұғыр бірнеше рет іздеп келді. Бірнеше рет бес құрбы сырттай тамашалап, кейін Тұғырдың қимылын салып, анық әжуаға айналдырған. Тұғыр тағы бірде тура дәріс үстінде келгенде, қас қылғандай Данай сол күні сабақта болмай қалған-ды.

Бәрібір жолықты. Бес құрбы бес жігітпен кештерге жиі баратын болды. Төрт жұп жарасып, екі-екіден оңашаланғанда, Алматының ғажайып түндерінде Тұғыр мен Данай не қол ұстаспай, не бір-бірінен алшақтап кетпей, қатарласып жүретін де қоятын. Кейін Тұғыр үнемі дәрістен кейін күтіп алатын болды. Оқу ғимараты мен жатақхана арасындағы бірер көшені үнсіз артқа тастап, олар жымиып қана қоштасатын. Киноға, концертке бара қалса да сол, артық қимылыңыз не, артық сөз айтылмайтын.

Данайға Тұғыр ерекше болып та, өзгеден кем болып та көрінген жоқ. Өз мінезі тым салмақты болған соң, Тұғырдың бойынан ерекше қайрат, тіпті адуын күткен сияқты ма, қалай.... Бірақ жігіт өзгерген жоқ. Екеуі соңғы курсты үнсіз кездесулермен өткерді де... екі жаққа кетті. Сонда Тұғыр қыздан әлдене күтті ме, болмаса, өзінің одан артық еш тәуекелге бара алмайтынын түсінді ме, «шегініп-шегініп, алыстай берді».

Курстас достарына да ашылып ештеңе айтпапты. Бәрін естіп, біліп, болжап, қиыстырып, қиюластырып жүретін Құралай да орайын таба алған жоқ. Оқу бітіретін жылы төрт жұптың екеуі отау құрды, магистратураны бітірерде тағы екі жұп одақтасты. Төрт тойда да бірге жүргенмен, Тұғыр мен Данай бөтенсіген қалпынан айныған емес.

     Маған Тұғыр тым саяқ... тым өмірге қырсыз... бұл сөз де дұрыс емес... тым жұқа болып көрінеді. Иә, тым жұқа. Сәл қиындықтан-ақ сынып кететін сияқты. Қарманатын тал таппай, толқынға жұтылып, біреуді көмекке шақырудан ұялып, жоқ болып кете беретін бала ғой...

Данайдың осы сөзін Құралай біраз уақыт аузынан тастамай айтып жүрді. Әсіресе «ол өмірге дайындалып үлгермеген ғой» дегені Данайдың тым қаталдығы емес-ті, қатар жүрген бірер жылда әбден көз жеткізіп, ақиқатты танығандай ойы еді.

Сыртқы түрі ішіндегісін еш жасырмайтын, сөйте тұрса да ашуын ақылына бағындыра алатын Жасұланға жолыққанда, бірден үйірілгені де содан шығар. Оқу бітіріп, екі-үш жыл ақша тауып, еркіндікке әбден бой үйреткен шағында жолдары түйіссе де, Данай Жасұланға құлай берілді, құлай сүйді. Күткені келді, оған сөз жоқ!

Енді ойлап отырса, адам өз адамына жолыққанша басын тауға да, тасқа да ұрады екен-ау... Жолда ұшырасқандарды уақыт өзі жағаға шығарып, серік болуға жарамайтынын ұқтырып, қалауынша сынап бағады екен. Данай Жасұланмен бірге кешкен он бес жылға жуық ғұмырының әр сәтіне тәубе айтады осы күні. Жасұлан жар да, әке де, аға да, бала да бола алды.

Адамның бүкіл жаратылысы қызық. Бұл арадан баяғыда алыстап кетсе де, миының әлдебір талшықтары музыканың әр иірімін қалт жібермепті. Данай ендігі бір сәтте екі ұлды кезек айналдырып, өзі де ұршықша үйіріліп жүргенін бір-ақ сезді. Иығынан ақ тышқанның сәл қағып өткенін аңдап, ортаны аша берді. Саздың сәл бәсеңси қалған сәтінде Ақнұр нән қалтасын қармана қалды да, өспірім қызды шыр айналдырып, дәл ортаға әкелді. Дауыс зорайтқыштан аса салтанатты марш төгілді. Ақ тышқан тізерлеп отыра қалып, қалтасындағы су жаңа телефонды қызға ұсынды.

Иә, бұл бидің шырқау шегі еді. Қыз тіпті күтпепті, сыйлықты аларға, я алмасқа дағдарып, аузын баса берді.

Талай үйге барып жүр ғой, сыйлықтың да неше атасын көріп жүр, қыздың әрбір қимылынан Данай Тұғыр отбасының тірлігі қарапайым екенін тағы аңдады. Әйтпесе, осы жастағы қыздарға ата-аналары Айфон былай тұрсын, көліктің кілтін де еркін сыйлайды осы күні. Тіпті бір шүлдір қыз: «Мен сендерге Королла емес, Камри деп едім ғой!» – деп жұлынып, кілтті жерге атып ұрғанын да көрген.

Ал Тұғырдың қызы шын ырза. Данай еріксіз Тұғырға да көз тастады. Көзіне тұнған жасты көрсеткісі келмей, Тұғыр өзін күштеп жымиып тұрғандай. Қыз жүгіріп барып әуелі әкесін, сосын анасын құшақтай алды. Тұғырға ұқсайтын бір жігіт, сірә, інісі, ол да ағасына ырзалықпен қарап, қол шапалақтап тұр екен.

Данай өзінің неге қатты қуанып жүргенін әуелде түсінбегенмен, қазір бәріне жауап тапқандай. Ол бір кезде өзінің қателескеніне қуанып жүрген сияқты. Жастық шақ деген бір ғажайып кезең болса керек, бәрі осы сәтте бола қалу керек, бақыт кеп қона қалуға тиіс, қалағаның орындала қалмаса болмайды. Данай осыдан жиырма жыл бұрын Тұғырды неге өмірге қырсыз деді екен? Біртоға, орнықты, айналып келгенде, өте табанды Тұғыр мақсат жолында асып-саспай, ернеуінен асып-төгілмей, жетер жеріне сабырмен, ең бастысы, біраз шаруа тындырып жеткенін көзі көріп тұр. Неге екенін кім білсін, адам баласы бір кездері өзіне жақын болған, тіпті қимасына айналған адамдарды кейін асқақ, мықты күйінде жолықтырғысы келмейді. Өзін қор санағысы келмегеннен болу керек, басқа қандай сылтау бар? Өзінің жағдайы сәл жақсы болса, сонысын көз қылып, іші тынышталып, табалау ма, менсінбеу ме, әлдебір сорлы сезімге бәрібір ерік беріп қояды. Тұғыр мына үйді де үлкен еңбекпен салған, балалары да әдепті, көжетоқ тіршілігі бар адамға айналыпты. Оны күндеп неғылсын? Данай осыған қуанып жүр.

Енді қуанышты топтың өздерінде шаруасы бола қоймайтынын біліп, екі тышқан ақырын жылыстай берді. Данай елеусіз ғана сытылып кетуді ойлаған, бірақ Тұғыр байқап қалыпты. Жылдам басып келіп, қас қылғандай Данайдың қолынан ұстады.

     Үйге жүріңіздер, дәм татыңыздар. Дастарқан дайын тұр, – деді өтініп.

Данай Ақнұрды шымшып алды. Ақнұр тышқанның басын шешті де:

     Көп рақмет, көп рақмет, біз тағы бір тапсырысқа баруымыз керек, – деді алқынған күйі. – Ол үй қаланың екінші басында, үлгермей қаламыз.

     Жәния, онда тәттілеріңді әкел, қуыс үйден құр шықпасын.

Абырой болғанда телефоны шырылдай қалып, Данай көлік жаққа зымырады. Жүксалғышты ашып тұрып, тұтқаны құлағына тоспақ еді, тышқанның басын шешпепті. Добалдай макет те тез ыңғайына көне қоймады. Бәрібір көз қиығымен «Құбылайым» деген жазуды оқып үлгеріп, алақан сыятын тесіктен құлағын тапты. Күйіп тұрған дүние жоқ екен, ұлы досының туған күніне ақша сұрайды.

Қолында жарты бума тәтті-дәмдісі бар Ақнұрдың екі езуі құлағында, тышқанның басын артқы есіктен тоғыта салып, кабинаға самбырлай кірді.

     Жеңге, үйдің қожайыны Данай деген есімді өмірінде тұңғыш рет естіді ғой деймін, көзі бақырайып кетті.

Данай тұла бойы дір ете қалғанын сездірмеуге тырысып, әдейі Ақнұрдың көзіне тік қарады.

     Е, не болды?

     Әйелі «Данайға рақмет айтыңыз, асығып кетті ғой» деп еді, ол кісі «Данай дейді!» деді аң-таң болып.

     Онысы несі? –  деді Данай жорта ашуланып. – Өзінің аты керемет пе екен сонша? Тұғыр емес пе, ә? Иә, Тұғыр...

Қайынсіңлісі көлікті шалт қозғағанда басын орындық жастықшасына соғып алды. Ауырсынғансып отырып, ашық шарбаққа бір қарап алды. Ешкім көрінген жоқ.