ЕРКІНГҮЛ СОЛТАНАЕВАНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

АҚ ЖОЛАҚ ЖОЛ

 

Бір айдың он бес күні қараңғы

 болса,он бес күні жарық болады.

Решад Нури Гюнтекин.

 

Мұнда да жоқ. Сананың әміріне бағынбай «табамын» деп бұлқынған есалаң жүрек жасып қалды. Тіл байғұс та күрмелейін деді. Үні дірілдеп имене шығады. «Бұйра шашты, тісі алтын, бетінде қалы бар, Арман деген аяқ киім сататын жігітті танымайсыздар ма? Арман деген жігітті танымайсыздар ма? – дейді жәудіреген жанарын сүзіп. Қаз-қатар тізілген саудагер жұрттан жарытып та жауап ала алмады. Біреулер безірейген күйі басын шайқайды. Екіншілері «кедергі жасамай, кері тұр» дейді орысшалап. Кең сахара төсінен келген мамыражай пейілдерді қаланың айналуға мүмкіндік бермейтін алақандай пәтерлері-ақ тарылтқан болар. Cонда да иненің жасуындай үміт шіркін өшпейді.

Әу-баста қисық қабырғадан жаралғандықтан болар, әйтеуір бүкіл өмір жолы иір-қиыр. Меңдуана жеп алғандай меңіреу, марғау, бойкүйезденіп жүргені. Шашу боп шашылған жаңғақ пен құрт басына торс-торс тигенде-ақ есін жоғалтқан. Араларында «шай іш, тамақ іштен» басқа ештеңе жоқ біреумен тұруға да көндіккен. Тек ақша ныспылы буын құрт үшін басталатын ұрыс-керістен жерігендігі сонша, екі қолын төбесіне қойып қалаға қашқан. Жарасым жоқ көңілден, тұзы татымайтын тіршіліктен қашқан.

Салпы етек жылауық күздің имене басталған жауыны үдей түсті. Жауынсыз күні суға малып алғандай болып жүрген кейпі енді тіптен аянышты. Айдаладағы Американың Анд тауларының ұзындығы үшін таласып, өкпелесіп қалатын қайран бейқам күндерін іздеп шыққан мұның есінде жауын көңіліне жылы талай естеліктерін тірілтті. Үп еткен жел соқса, ауаға тарап жоқ болатын түтін секілді зілсіз, назды реніштер еді ғой ол.

Кеудесін соншалықты бір лықсыған сағыныш кернеді. Алайда көні кеуіп қалған көңілден жас шықпады. Көзі қарауытып, құр сүлдерін сүйретіп лағып келеді.

Ақ жолақ жолға түсті. Қарқынмен келе жатқан машина мұның санын жанай әзер тоқтады. Өзі әлсіз бейшара, жеңіл соққыдан қалпақтай ұшты. «Мейлі құладым ғой, талып, өліп қалайыншы» деп көзін жұмды. Арғы беттен зу етіп ағып өткен машина бетіне былшитып балшық шашып кетті. Жата берді. Машинаның есігі ашылғанын, ішінен біреудің түскенін, жан-жағына біреулердің жиылғанын, біреулердің ақылын, біреулердің ойбайын естіп жатып күлкісі келді. Біреудің үңілгенін сезді. Біреудің жылы алақаны бетіндегі балшықты сүртті. Жұпар иіс. «Мен мынаны танимын» – деп түйді ол. Бірақ кім? Есіне түсіре алмай ыңырсыды. «Бейшара қиналды-ау» - деді біреу. «Көзімнің қиығымен қарап көрсем қайтеді?» - деген ой көмейін қытықтады. Анау шашынан сипады. «Әй, өтірік талып жатқанымды біліп қояр, тыныш жатайын» деп қорытты да, көзін ашты. Ғажап, жадында жатталып қалған асыл бейне: бұйра шаш, жарқыраған тістер, миығындағы оймақтай қал. Арман...

Жанын соншалықты сілкіген таңғажайып көріністің әсерінен өтірік талып жатқан ол шынымен-ақ талықсып кетті.

Ақ жолақ жоқ.  

 

ҒЫЛЫМИ ДИАЛОГ

«Бұтымда жыртық дамбал,

атым – Маржанбүбі»

халық  мақалы

 

- Алло, сәлеметсіз бе?

- Сәлеметпіз!

- Ағай, мен сізбен өткенде хабарласқан едім ғой, Гүлшатпын. Сіз маған оппонент ретінде тағайындалған едіңіз.

- Ие, білеміз ғой!

- Ағай, сізге диссертациялық жұмысымды апарып берсем бола ма?

- Ие, оны неменеге салып әкелесің?

- Қалай неменеге? Папкаға шығар ...

- Сен оны бір жақ-қ-сы сөмкеге салып әкел! Астанадан Алматыға келген соң, немерелеріме базарлық сатып алып едім, соны салып ала кетейін, ие.

- Жақсы, ағай.

- Ендеше, 2 сағаттан кейін «Қазақстан» қонақ үйінің алдына кел. Ие.

- Жақсы, ағай.  

 

*  *  *

-         «Қазақстан» қонақ үйі, 400 теңге.

-         500 теңге

-         Ағай, барым осы, апарып тастаңызшы.

-         Жарайды, отыр.

-         Немене, ақшасы жоқ студентсің бе?

-         Жоқ, ақшасы жоқ оқытушымын.

-         Ақша жоқ, ақша жоқ деп қоясың, керемет дүние көтеріп алыпсың ғой?

-         Иә, бар ақшамды қосып, тағы қарыз алып осы сөмкені және ішіндегісін алдым ғой. Алло, иә ағай, міне келе жатырмын... жетіп қалдым...

кешіріңіз ағай ...

-         Аға кешігіп барамын, көлігіңізді жылдамырақ жүргізе аласыз ба?

-         Көріп тұрсың ғой, көше тығындалып тұр ғой!

-         Аға басқа кішкентай көшелермен жүріп, тезірек жеткізіңізші?

-         Жақсы, көрейік.

 

*  *  *

-         Алло, ағай міне келіп қалдым...

-         Сіз өзі қызық екенсіз! Ғылым докторы болайын деген ойыңыз жоқ секілді ғой сіздің?

-         Кешіріңіз ағай...

-         Жоқ егер, ондай ойыңыз болса айтыңыз, ие, жасаймыз! Қолдан келеді! Ие.

-         Кешіріңіз ағай... , міне жетіп қалдым...

-         Керегі жоқ, маған ештеңенің! Әкелмеңіз! Ие.

-         Алло, ағай кешіріңізші ... ағай кешіріңізші ... 

-         Мен кетіп қалдым! Қорғағыңыз келмесе, өзіңізден көріңіз!

-         Алло, ағай кешіріңізші ... ағай кешіріңізші ... 

-         Астына «профессорға» деп тастай салыңыз, үлгерсек алармыз, ие, әйтпесе керегі жоқ!!!

-         Жарайды, ағай... ағай кешіріңізші ..

 

*  *  *

-   Ай! Уһ, уһ, уһ!

-         Қарындас, сізге не болды? Қарындас, өңіңіз қашып кетті ғой ... Қарындас... қарындас ...

-         Жүрегім қысылып кетті...

-         Жігіттер орын берсеңіздерші! Қалтаңызда дәріңіз бар ма еді?

-         Жоқ, жоқ қажеті жоқ, қатты уайымдап кеткендіктен болар, қазір қоятын шығар ...

-         Мына түріңізбен үйіңізге жете аласыз ба, автобуспен емес, такси ұстап кетпедіңіз бе ?

-         Уһ...  уһ...  уһ... жетіп қалармын, рахмет.

 

ЕЛУ ЕЛ

Біресе жолдың оң жақ бетіне, біресе сол жақ бетіне өтеді. Біресе ортасымен келеді. Енді қақпаның іргесіне жабысып, мұрнымен қара шаңды сызып өтті. Өкшесінің ұшымен басып адымдай бастады. Киімін былғап алмайын деп кеудесін артқа жіберіп еді, шалқалай құлап барады. Тырнағымен ағашқа жабысып әрең құламай қалды. Кеше тезек илеп отырып, тырнағының көбесіне тікен кіргізіп алып еді, енді қас қылғандай жанды жеріне қайта тиіп, шыңғырып жіберді. Еңбегінің еш кеткенін ойлады. Түнімен шелектеп жаңбыр жауып, көшедегі көлшіктерді бұлай айналып өтіп әуреленетінін білгенде, кеше тезек илеп азапқа түспес еді ғой. Балағын түріп жерге секіріп түсіп еді, қақпаның о басында қабырғаға жабысып іргесіндегі таспен келе жатқан кішкентай балақайды көрді. Бастауыш сыныптың баласы болса да, арқасындағы сөмкесі өзінен екі есе үлкен. Бұл күте тұрды.

-         Қай сыныпта оқисың, балақай? – деді қолын беріп, түсіріп алып жатып.

-         Төртінші – деді бала мұрнын бір тартып.

-         Ерте кетіп бара жатқан жоқсың ба, сендер түстен кейін оқымаушы ма едіңдер? – деді таңдана.

-         Иә, апай бүгін жиналыс болады, ерте келіңдер деді.

-         Е-е

*  *  *

...Осы жылдар арасында жеткен жетістіктеріміз қыруар. Еліміздің алдындағы ендігі мақсат дамыған елу елдің қатарына кіру! –деп баяндамасын оқып тұрып, көзі терезе жақта отырған бағанағы кішкентай баланы шалып қалды. Қалғып отырған секілді. Мына жауын да қоймады ғой, тауық қораның шатырының үстіндегі тезекті түгел ағызып кеткен болар – деген ойлар басынан шықпады.