ЕРКІНГҮЛ СОЛТАНАЕВА. ЕСЕЙ

 

 

Есейген қоғам бала тәрбиесіне

ұсақ-түйек деп қарамай,

дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеуді

 өз алдында бірінші міндет ретінде қояды

(М.Солтанаев)

 

Есіңді жи!

...бал мен уын ұсынғанда келер күн

(Ғ.Жайлыбай)

 

-         Анашым, мен келдім. Ана – деді Есей есікті аша сала. Сөмкесін лақтырып жіберіп, шалбарын шешіп, далаға алып шығып қағып еді, қою шаң бұрқ етті. Енді он күн шыдаса, осы шаңнан, жолсыздан, батпақтан, мектептен құтылады. Алақай, алда үш ай жазғы каникул. Жүзі жадырап сала берді.

-         Ана мен келдім – деді шаттана. Бөпетайды әлдилеп отырған болар деп жатын бөлмеге барды. Бөлмеден сүтсіңді ғажап иіс аңқыды. Бірақ анасы да, бөпетайы да жоқ екен. Қызық, есік ашық тұр, үйде ешкім жоқ.

Ас үйдегі жиналмай жатқан дастарханнан нан алып жеп, суып қалған шайдан құйып ішіп, сыртқа шықты. Ақтөс аяққа оратылып, еркелеп, қолын жалап алды.

Бұл маңға ел жаңа қоныс теуіп, үйлер жаңа салынып жатқандықтан ешбірі әлі қоршалмаған. Қоршау тұрмақ кейбірінің сырты сыланбаған, кейбірінің шатыры жабылмаған. Сондықтан кімнің ауласында, не болып жатқаны алақандағыдай көрінеді. Терезеден қарап тұрсаң, небір қызықты көруге болады. Тура қарама-қарсы үйдің адамдары жылдың  қай мезгілі болмасын, жарты сағатта бір рет кезек-кезек далаға шығып «Һііі» деп бір сіңбіреді де, кіріп кетеді. Есей оларды «Сіңбіргіштер отбасы» деп атап қойған іштей. Олардың жанындағы көршілері – Ербол аға мен Зүбәржат тәте. Зүбәржат тәтенің шапшаңдығына таң қалады. Терезеден қарап қалса болды,  қыдырмашыл тәте зыр жүгіріп біресе ана үйге, біресе мына үйге кіріп бара жатқанын көріп қалады. Оң жағындағы сондай ұқыпты салынған, сүйкімді үй, өз қызығы өзінде, өз шаруаларымен ғана айналысатын ғалым кісінің үйі. Тек ештеңе көрінбейтін, сол жақтағы бетон қоршауы бар жалғыз үй – кәрістің үйі. Екі метрлік тас қоршаудың артында, абалаған екі питбулі, екі этажды үйі, екі джипі бар екендігі бегілі.

Есей көшеде әрі қарап әңгіме айтып тұрған көрші тәтелерге беттеді.

-  ... мәәә, оңбаған! - деп есікті сарт етікізді ғой. Байқұс баланы көтеріп ап, халатпен безіп шықты. Маған амандасқанда түріне қарап шошып кеттім ...   

-         Сәлеметсіз бе! Зүбәржат тәте!

-         А, Есей қалың қалай? Сабақ қалай ?

-         Жақсы, рақмет, анамды көрмедіңіз бе ?

-         Жоқ, көрмедім. Күн керемет боп тұр екен. Қой, кірімді жуайын –деді ерні-ерніне жұқпай.

Есейдің іші қылп ете қалды, әйелдердің бұл шыққанда әңгімені кілт үзіп кетіп қалуынан жиналмай жатқан дастарханның мәнін ұққандай болды. Дегенмен, көкейінде жауаптан гөрі, қаптаған сұрақ көп.   

 Кеш әрең батты. Жұмыстан келген әкесінен сұрағаны:

- Әке, анам қайда ?

- Ауылға кетті.

- Қашан келеді ?

- Білмеймін.

- Мені неге алып кетпеді?

- Сенің сабағың бар ғой, балам. Сабақты кім оқиды ?!  

Ертесі күні көрші Ербол аға: «Есей, жүре ғой, біз үйді әйтеуір бітіріп қалдық қой,  көршілерге бір шәугім құдайы шай берейін деп жатырмыз. Жүре ғой, шай ішеміз» деп кетті. Дауысынан аяугершіліктің сарыны сезіледі. Бұл мектеп киімін ауыстырып көршінің үйіне барды. Кіріп келе жатып тағы да Зүбәржат тәтенің саңқылдаған дауысын естіді. Есіктен кірмей, әңгімені тыңдап, сәл бөгелді.  «... оңбаған! - деп есікті сарт етікізді ғой. Байқұс баланы көтеріп ап, халатпен безіп шықты. Маған амандасқан ишарат жасады, байғұс,  көзі көкпеңбек, тісі сынған ба екен, ерні жырылған ба, қан әйтеуір, бетінен тәрәм-тәрәм боп жас ағып, жылап кетіп барады екен. Бейшараны аяп кеттім ғой. Есім шығып, не болды ? – деп жармасып ем. Жауап бермеді. Былай қарай ...» деп жолды нұсқай беріп Есейді  көрді де, тағы да әңгімесін кілт үзді. Бала амандасып, дастархан басына отырды. Барлығы бәйек болып, дәмді, тәттіні алдына тосты. Бірақ оның асқа зауқы соқпады. Зүбәржат тәтенің зуылдатып айтып жатқан әңгімесін ойша кері айналдырып отыр. Әрине, өз анасы туралы айтылғанын сезді. «көзі көгеріп, еріні қанап, бетінен тарам-тарам жас ағып, бөпетайды көтеріп жылап кетіп бара жатқан анасын ойлағанда тамағынан қалай ас өтсін ? Үлкендер де қызық? Анаңды көрмедім деп неге өтірік айтты маған ? Әлде кішкентай деп аяды ма, мені ? Осы Ербол ағаға, Зүбәржат тәтеге қолғабыс еткенде: «Ер жетті деген осы! Азамат  болды деген осы! - деп мақтамайтын ба еді? Енді неге шындықты айтудан қорықты? Бала деп аяған болса мені, неге барлық көршілерге зуылдатып айтқанда, мені аямайды ? » - деген ойлармен арпалысты. Бір шыны шай ішіп, рақметін айтып сыртқа беттеді. Шығып бара жатып: «Неге дәл мен кетіп бара жатқан кезде, немесе дәл мен шығып қалғанда, немесе мен кіріп қалғанда осы сөздер айтылып жатады. Мен естіп қалсын деп пе? Әлде елдің барлығы мен жоқ жерде тоқтап тұра ма екен ? Тек мен келе жатқанда ғана қозғала қалады ма ? Мен сол жерге келгенге дейін ешнәрсе болмайды, тек мен пайда болған кезде ғана қимылдайды ма ?» – деп ойлап, аяғын киіп алып, үй ішіне есіктің жақтауынан сығалады. Әрине, олай болмай шықты. Әркім өз шаруасын айтып, жайбарақат шайларын ішіп отыр екен. «Әй, бұлар менің бақылап тұрғанымды сезіп қалған болар, мейлі бұл әңгіменің де соңы болуы тиіс қой»  деп қолын бір сілтеп кетіп қалды.  

Онсыз да тар жолды тарылта түсіп екі жиегін қаулай қурай өскен шаңдауыт жолға зарыға қарады. Мүмкін «анашым келіп қалар деген үміт бар» жетімсіреген көңілінде. Қара джип өтті жанынан. Кәріс ағаның балалары. Бірі би үйренуге, бірі конькимен сырғанап үйренуге оқушылар сарайына кетіп бара жатқанын білді. «Қандай бақытты!» деп сұқтанды. Сыпайы амандасып ғалым аға кетіп бара жатыр. «Шіркін, әлемде әркім өз ісімен ғана айналысса, адамдардың барлығы ғалым болатын шығар» деп ойлады. Ұзақ күтті. Күте-күте көзі талды. Қанша күтсе де, анасының келмесін ұқты.

Әкем келген соң, сұрайыншы. Бағанағы кісілердің айтып жатқанын. Шынымен де солай болды ма? – деп ойлады. Алайда, сұрай алмады. Әкесі бұл ұйықтап қалған кезде өте кеш келді.    

Ертесі сабақтан кейін ешкім жоқ, суық, жүдеу үйге қайтуға зауқы болмады. Балалармен компьютерлік клубқа барды. Әкесінің бірдеңе алып жерсің деп берген ақшасына бірнеше сағат ойын ойнады. Сыртқа шығып еді басы айналды. Үйге әрең жетті.

Екі кештің арасында Ақтөстің қаңқылдап жатқанын естіп далаға атып шықты. Көрші кәрістің босанып кеткен питбуль иттері Ақтөсті талап жатыр екен. Бұл бұрышта тұрған таяқты ала сап жүгірді, арғы жағынан күрек алып жүгіріп келе жатқан Ербол ағаны көрді. Адамдардан ығып, бұғып қалған иттер жоқ. Керісінше, өршелене түсіп, азу тістері ақсиып, ырылдап жұлқылай түсті. Көрші Ербол аға «Әкеңнің! Кет! Жеті атаңның құны қалды ме, ей?! Кет!» - деп күрекпен ұрып жатыр. Оған былқ еткен қара ит көрінбейді, терісі қалың, майы сыртына шығып, жүні жылтырап тұр. Ақтөстің құлақ шекесінен тістеген күйі жағы қарысып қатып қалғандай. Қара ит бір тербелді де Ақтөсті тістелей жұлқып әкетуге әрекеттенді. Екінші қара Ақтөстің санынан қарпыған екен. Ығы-жығы арпалысып жатқан иттерді ажыратпақ болып, Есей «Кет! Кет!» деп бақырып, таяғымен сабалап, қара иттің арқасынан түйіп-түйіп қалды. Бірақ екі қара ит бейшара Ақтөсті екі жаққа дүлей қимылмен кергілеп, жерге дірдектеп аққан қан ізін қалдырып көшенің басына қарай сүйреп барады. Иттердің сойқан азулары Ерболдың есін бірден жиғызды. Артынан бажылдап жүгірген Есейді Ербол әрең тоқтатып алды. «Болды! Кір үйге! Өзімізді талап кетпегеніне шүкір. Сұмдық мынау! Қыста менің де итімді талап өлтірген, әкеңнің! Мұндай жауыз иттерді далаға шығармай, қамап ұстау керек қой. Төбелестің иттері ғой бұл! Сұмдық, балаларға тисе, адамды таласа қайтеді?! Сұмдық! Әкеңе айт, болмайды мынау!» - деді басын шайқап.

Үйге кіргеннен кейін де Есей денесінің дірілін баса алмай біраз тұрды.  Итін құтқара алмағанына, қашып өзінен пана іздеген кішкентай жан иесіне қорған бола алмағанына налыды. Оның жалынышты қаңқылы құлағынан кетпеді. Көзіне жас үйрілді.

Ертесі күні сабаққа бара жатқан бұған Кіші Сіңбіргіш келіп «Сенің жәмән итіңді Сашканың пітбүлдері айырып тастапты. Төртінші көшенің басында жатыр. Кеше кешке машинамен келе жатқанда көргенбіз» - деді. Есей сабақты қойып, Ақтөсін іздеп кетті. Көп іздеді. Жол жиегіндегі бөрте жусан арасынан итінің денесін тапты. Бейшараның құлағы жұмарланған, бір көзін қан жапқан, тірсегі қиылып кеткен екен. Ұйыған қанға быжылдаған шыбындар үймелеп жатыр. Денесі қатып үлгерсе де, самал желпіген құйрық жүні удар-дудар. Есей алқынып, жолда бірнеше рет отырып демалып, итін әрең көтеріп өз ауласына әкелді.  

Төңірек тегіс жап-жасыл: алабота, бақ-бақ, қурай. Екі метрлік дуалдың көлеңкелі саясындағы топырақ дымқыл, жұмсақ екен. Есей күрек алып жер қазды. Ақтөстің басын құбылаға қаратып, баладай мәпелеп жатқызды. Жұлым-жұлым тұмсығынан, ырсиған қабырғаларынан, ұйпаланған арқа жүнінен, әппақ төсінен сипады да бетіне топырақты қолымен септі. Енді күнделікті сабаққа шығарып салатын Ақтөс жоқ. Енді сабақтан келгенде құйрығын бұлғаңдатып, қуанып, әудем жерден қарсы алатын Ақтөс жоқ. Енді бәтеңкенің бауына байланған жүнді шыр көбелек айналып, қуалап ойнайтын Ақтөсін ешқашан көрмейді. Осыны ойлағанда, иегі дірілдеп, көзіне жас іркілді. Жасын жеңімен сүртіп, күрекпен топырақ алып үйіп, дөмпешік қылып көмді. Көңілі торығып, аспанға қарады. Есейдің өмірден осыншалық торығуы алғаш рет.

Рас, өткен жазда екі аптаға лагерьге барған кезінде де анасын осылай зарыға күтіп, сағынып, торыққан сәті болған, бірақ онда мейірімді тәрбиешілер, қызықты ойындар мен шуылдаған балалар бар еді. Лагерьден үйге келгенде, Бальзак жоғалып кетіпті. Бальзак – осы үйдің мысығы. Ең алғаш әкелгенде бір уыс болып, бүрісіп, кітаптың үстіне жатып ұйықтап қалыпты. Есей кітаптың сыртын оқып еді «Оноре де Бальзак» деп тұр екен. Сондықтан мысықты Бальзак атап кеткен. Анасы мұңайып жүр екен. Ертесі күні Бальзак табылып, анасы «Шүкір! Шүкір! Аман екен. Иттер талап кетті ма ? - деп қорқып едім» деп қуанып, жүгіріп жүріп сүт құйып, мысыққа тамағын берген еді. Бұл болса, анасына «Мәә, мен лагерьден келгенде дәл осылай қуанбадың!» деп бұртиып, өкпелеген.

Қазір ойласа, анасына ренжитіндей түк те жоқ екен. Анасының жүрегіндегі түйткілді енді түсінгендей. «Ешқашан, ешқайдан, оны көрмейсін» деген ауыр азапты ойдың салмағын енді парықтағандай. Былтырғы әрекеті өзіне балалық болып көрінді. Тас дуалға арқасын сүйеп біраз отырды. Дуалдың ар жағынан оңбаған питбульдердің сүйек кеміріп жатқаны естіледі. «Ақтөстің кегін қайтарып, оларды улау керек пе ?  Не істесе екен ? Уды қайдан алуға болады ? Әлде етке ине шаншып, тастаса ма ? Өз ойынан шошынды. Есей Ақтөсімен бірге кіршіксіз тап-таза жүректі балалығын да көміп тастағандай күй кешті.

Қас қарайып қалыпты. Беті-қолын жуып, үйге беттеді. Үй іші салқын екен. Сүт иісі аңқыған анасы мен бөпетай жататын бөлмеге кірді. Анасының орамалын мұрынына басып, құшырлана иіскеді. Анашының иісі – мәпелі мейірімнің иісі, шапағаттың иісі. Сағыныштың жылы лебі бүркеді. Анасының ыстық құшағын, аялы алақанын аңсап, бүрісіп төсекке жата кетті. Бөлменің бұрыш-бұрышы қарауыта бастады. «Анашым, қайдасың? Анашым, неге мені тастап кеттің ? Неге? «Бөпе туған соң, енді боқ сасисың» деуші еді көршілері. Жоқ әлде шынымен боқ сасып қалдым ба? - деп үстін бір иіскеп қойды. Ой тербеп, маужырап кетіпті. Түсінде анасы үйде ас дайындап жүр, әкесі жанында ақырын тыңқылдатып қана домбыра шертіп отыр екен. Оянып кетті. Ас үйден дәмді тамақтың иісі келеді. Біреулер күбірлеп сөйлеп жүр.

Әкесі мен бейтаныс бір әйел екен. Әкесі:

-         Келе ғой, Есей. Мынау менің курстасым – Айда, бірге жұмыс істеміз – деді таныстырып. 

-         Есей, бірнеше күннен бері ыстық тамақ ішпеді деген соң, бойдақтарға тамақ жасап берейін деп келдім – деп күлді Аида. Оның жымиған күлкісін, қиғаш қасын, қиық көзін, қайырылған кірпіктерін, үшбұрышты болып көрінген қияпатсыз бет-әлпетін ертегі-мульфильмдердегі түлкіге ұқсатты. Үстінен тәтті әтірдің иісі бұрқырайды екен.      

 Дастархан басына отырды.

Әке, көрші кәрістің питбульдері біздің Ақтөсті өлтіріп тастады – деді Есей.

Мммм, бәсе, Ақтөс қайда кеткен деп қоям – деді әкесі. Есей әкесінің мұндай сұрқия хабарды соншалықты жайбарақат қабылдағанына таң қалды.

Біздің есіктің алдында талап, кет деп, таяқпен ұрып ем, жібермеді. Көрші Ербол аға шығып, күрекпен ұрды, иттер сонда да жібермей. Көрші маған ұрсып, «сені де талап тастайды, кір!» - деп. Мен оны құтқара алмадым. Екі ит, байқұс Ақтөсті екі жаққа тартып, сүйреп алып кетті. Ербол аға кәріске айтпаса болмайды деді.

Кәріс деген прокуратурада істейтін көршілерің ғой ? – деп сөзге араласты Аида.

Иә.

Меніңше, қайдағы бір итке бола адамдармен қарым-қатынасыңды бұзуға болмайды. Ит болған соң таласады да – деді Аида.

Ол қайдағы бір ит емес! Ол біздің Ақтөс ! Оны біз қорғамағанда кім қорғайды? – деп кіжініп, ренжіді Есей. Ішінен мына Аида тәте шынымен де бір түлкі екен өзі деп ойлады.

– Үлкен адамға дауыс көтере ме екен? ! – деп зекіді әкесі. Есей әкесінің суық назарынан еш сескенген жоқ, керісінше «ойдың көрінбейтінін-ай, әйтпесе нағыз түлкі екеніңді әкем де естір еді» – деп ойлады ішінен. Баласының қаралы көңілін жұбатудың орнына Аидаға жақтасқанына ренжіп дастархан басынан тұрып кетті.

Өз бөлмесіне барып бұртиып жатып қалды. Әкесі артынан келіп, кешірім сұрап, қайта ертіп кетер деп үміттенді. Алайда әкесі келген жоқ, келмегенінен қорықты. Олар не істеп жатыр екен деген ой көмейін қытықтады. Ақырын басып барып, сығалап көрді. Әкесі Аиданың жүзіне құмарта қарап, арбалып отыр екен. Бала бойында тоңы жібімеген реніш еселеніп, қызғаныш бой көрсетті. Ойларымен арпалысып жатып ұйықтап кетіпті.

Таң ертең тұрғанда үйде ешкім жоқ екен.  Сүт сіңді иіс аңқыған бөлмеден, енді жүрек айнытар тәтті әтірдің иісі бұрқырады. Әкесі оятпай кеткен екен, сабаққа кешігіп барды. Бірінші сабақ аяқталайын деп қапты. Мұғалім үй тапсырмасын беріп болды да, айтатын бір жаңалығым бар деді: 

-  Өкінішке орай, біздің сыныптағы балалардың сөмкесінен ақша жоғалып кетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Жау алыстан келмейді деп айтады қазақ. Енді ...- деп сөзін жалғағанша есік тықылдады да:

-  Ләйлә апай, сізді директор тез келсін дейді. Ауданға бағанағы шаруа бойынша барып келуі керек. Көлік күтіп тұр деді.

-  Кешіріңіздер, әңгімемізді келген соң жалғастырамыз, - деп мұғалім асығыс шығып кетті.  

Сыныптағылар шулап-шұрқырап дәлізге атылды. Сыныпта тек Кіші Сіңбіргіш қалды. Бұл да сыртқа беттеді. Неге қалды екен деген күдікті ой басына сап ете қалды. Есей кері бұрылып, сығалап көрмекші болды. Соңғы кезде сығалап көру, кетіп қалғандай әрекет жасап, қайта айналып келіп, тың тыңдау әдетке айнала бастағандай. Жөн қылық емес екенін ұғады. Дегенмен, бұ қалай деп сұрайтын сырлас, ақылдас жоқ.

Сіңбіргіш жан-жағына жалтақтап біраз отырды да, тұрып үшінші қатардағы Айжанның сумкасын ақтарып, бірдеңкені алып қалтасына салды. Екінші қатардағы Жәнібектің сумкасынан да бірдеңке тауып қалтасына сүңгіте бергенде бұл кіріп барды.

-   Әәәп, бәәәлем, ұры – сен екенсің ғой ! – деп айқай салды. – Мен сені айтамын ! – дегені сол, Сіңбіргіш еш қорықпастан:

-  Айтып көр, мұрныңды бет қылайын – деп кіжініп, жұдырығын түйді.   Бірақ сен бері келші, бері. Кімге айтасың, ееей ? Кімге айтасың ? - деп жағадан алып тақтаға арқасымен бір соқты. Жағаны босатып жіберіп «Һііі...» -деп бір сіңбірді де, маңқасын мұның бетіне жаға салды, бұл  қолын қағып үлгермеді - Кімге айтасың, ей ? Әкеңе ме ? Тоқалына ма ? – деп жалғастырды жақындап.

-         Қайдағы тоқал ?

-         Әкеңнің тоқал әкеп жүргенін білмейді дейсің бе ?

-         Жоқ, ей ол әкемнің курстасы, Аида тәте ғой.

-         Аха-ха-ха –деді күлген кейіп жасап - Аида тәте. Аида тәтең папаңның мойнына асылып, есік алдында папаңмен сүйісіп қоштасатынын білмейді дейсің бе ?

-         Жоқ, олай емес.

-         Сорлы, анаңның не үшін кетіп қалғанын білмейді дейсің бе ?

-         Анашым сорлы емес!

-         Иә, анашың сорлы емес, бейшара...

-         Анашым сорлы емес! Анашым бейшара емес! Ұқтың ба ! ? – деп айқайлап, намысы қозып бар пәрменімен Кіші Сіңбіргішті итеріп жіберді. Анау қалпақтай ұштып түсіп, жерге отырып қалды. Есейдің бойын адуынды күш билеп, Кіші Сіңбіргішті жерден жұлып алып шықшытынан жұдырығымен бар пәрменмен періп қалды. Әрине, жұп-жуас Есей аяқ атынан осындай өнер шығарады деп күтпегендіктен болар, Сіңбіргіш құлаған жерінде жағын ұстап жатыр. Есей ызаға булығып, ашуына ерік беріп, басы-көзіне қарамай тепкілей бастады. Сіңбіргіш басын қолымен қалқалап қорғады. Есей «анашым бейшара емес, анашым сорлы емес» – деп долылықтан тұтыға қайталап, тебе берді. 

Кіріп келген сыныптастары мұны әрең ажыратып алды. Ар жағы көмескі тартып кетті. Жедел жәрдем шақыртып жатыр, мұның әкесіне телефон шалып шақыртып жатыр, мұны дедектетіп бір жаққа ертіп бара жатыр. Директордың кабинеті болса керек. Бірінен кейін бірі келіп мұны ұрсады. Пән мұғалімі, психолог, завуч, директор, Сіңбіргіш мама, инспектор. Сіңбіргіш мама мұның отбасындағы жайды барлығына жайып салып, мұны балағаттағаны жанына батса да, мейірімнен жұрдай көң көңілді жандардың алдында көз жасын көрсеткісі келмей қасарысып отырды. Барлығы өңінде емес, түсінде болып жатқандай.  

Өзгелер кетіп, өзімен-өзі қалды. Сынып жетекшісі Ләйлә апай келіп, мұны құшақтап басынан сипаған кезде ғана көз жасына ерік берді. Апайы беті қолын жуғызып, асханадан тамақ, шай әперді. Шай ішіп болған соң, Ләйлә апай әңгімесін бастады.

-  Бағана сөзімді аяқтауға мұрша бермей, ауданға шақырып әкетті ғой. Сыныпқа кеше дәліздегідей бейнебақылау орнатқанбыз. Соны айтайын деп ем, үлгермедім. Соның арасында соғысып та үлгеріпсіңдер. Жаңа ауданнан келген соң, жазбасын көрдім. Болған жайды, не үшін төбелескендеріңді білемін. Сонша уақыттан бері балалардың ақшасын ұрлап жүрген ұры да анықталды. Оның да, сенің де сөздерің ап-анық естіліп тұр видеодан. Бейнебақылауды барлығы көреді ғой. Ұлының да жазықсыз емес екенін білген соң, әрине Сәбиттің анасы да саған кешірім береді деп ойлаймын. Сенікі де жөн болмаған. Сығалағаның да,  ашуыңа ерік беріп оңдырмай сабағаның да. Қандай жағдайда да сөздеріңді салмақтап, әрқашан сабыр сақтау керек. ... жарайды шаршадың ғой, үйіңе бара ғой. Өзің бара аласың ба? Жоқ апарып тастайын ба?

-  Рақмет, апай, өзім бара аламын. Апай, әкеме, анама хабарластыңыздар ма?

-  Иә, анаңның телефоны сөндірулі екен. Әкең бүгін жұмыстан шыға алмайтынын айтты. Ертең өзі келіп директорға жолығады. Сен уайымдама. Әкеңе де барлығын түсіндіріп айттым. Сәбиттің әкесі мен шешесіне де хабарласып, барлығын түсіндіріп айтамын. Мектеп инспекторына да, директорға да видеоны көрсетемін. Әрине, жиналыстарға сен екеумізді салып, біраз әурелейді. Бірақ сен уайымдама. Барлығы жақсы болады. Мен сені қатты жақсы көремін. Білесің ғой – деді арқасынан қағып. Есейдің көзіне тағы да жас үйірілді.   

Дала бүк, демалатын ауа жоқ секілді боп тұр екен. Есей мектептен шыққан соң, үйге жеткенше бір ысып, бір суып әлекке түсті. Кіші Сіңбіргіштен естіген сұрқия, уытты сөздер көңілінде түрлі сезімдер тасқынын лықсытты. Тәсілқой түлкілер мен сіңбіргіштерге, шындықты бетке айта алмайтын қорқақтарға, зуылдатып сөз таситын өсекшілерге, өзгенің ісіне араласқыштарға деген жек көрінішін  өршітті. Қиянатшыл әлемге жиренішін жандырды. Әкесіне деген ренішті үдетіп, анасына деген алапат сағынышын асқындырып кеудесін шымырлатты. Әкесінің бетіне қалай қарайды? Жиіркенішті тәтті әтір иісі бүкіл үй ішін жайлап алған болар ? Бүгінгі оқиғаны Сіңбіргіш мама Зүбәржат тәтеге айтып, Зүбаржат тәте бүкіл көршілерге айтып шыққан шығар ? Көршілерді де көргісі келмеді.  Енді бұл жерде қалудың өзі жаза секілді. Нағашы атасының ауылына кету керек деген байлам жасады. Есіне Бальзак түсті. Оны алып кету керек деп кері бұрылды. Әйтпесе оны да иттер талап, өлтіріп кетуі мүмкін деген оймен өзін күштеп үйге сүйреді. Рюкзакқа мысығын салып, жинап жүрген теңгелерін алып, автобус тоқтайтын аялдамаға келді.

Қалаға жүретін автобуспен күре жолдан түсіп қалды. Қол көтеріп біраз тұрды. Ақыры жүк таситын көлік тоқтап, алып кетті.  

Көктем аспаны көкпеңбек, айдынында шөкімдей де бұлт жоқ. Машинаның ашық терезесінен соққан самал жел маңдайдан жылы сипайды. Кәусар ауаны сімірген сайын, ауыр ойлар серпіліп, жаны сауықты. Даланың еркін құсындай сергек сезінді өзін. Жол жиегіндегі еңісте өскен тобылғы бұталарының басы күп-күлгін боп жайқала гүлдеп тұр. Ұзаққа созылған күлгін түс аяқталып, ақ түсті гүлдер зулады, жасыл желекке оранған елді мекендер қайта шықты алдынан. Енді бірде түрлі-түске оранған ашық дала көрінді. Алуан түрлі реңді ұзақ қызықтады. Құлпырған жерлер бірте-бірте жылыстай-жылыстай қалып-қалып, дым болмағандай енді жып-жылмағай сарғыш реңді жазық басталды. Көз тоқтатарлық нәрсе азайып, баланың іші пыса бастады.

Астынғы иегі алға шығып тұратын, сағызын шалпылдатып шайнап,  дөрекі сөйлейтін жүргізуші Есейдің өзі, үй іші туралы сұрап, мазаны ала бастады.     

Бір уақытта машинаны тоқатып: «Сен отыр, мен төлетке барам!» деді зекіп. Есейге оның бұйрығы ұнамады. Сәл кідіріп, артынан бұл да барды әжетханаға. Бірақ, әдеті бойынша ішке кірмей, ақырын сығалап, тың тыңдады. Жүргізуші біреуге телефон шалып жатыр екен. «Е, қатыш, тамағыңды дайындай бер. Көкөң геле жатыр. Мен бір күштүүүө биш таптым ғо! Алқаш емес, бала. 14 жасар. Рақат, ұрмай-соқпай, қорқытып-үркітіп, бесплатна жұмыс жасатамыз. Дайын құл. Қатын, қорқпаш, көкөң айтса болды ғо, ешкімі жоқ. Кім? Қайдан табады оны? Дабай, көп сөйлемей тамағыңды дайында! Барған соң көрөмүүүз» - деді ақырып.

Бала барлығын түсінді. Жүрегі дүрсілдеп, машинаға қарай жүгіріп жетті. Түк естімеген, ештеңе білмеген секілді кейіп танытқанымен, арам пиғылды мына кісіден қалай құтылсам екен деп ойлана бастады. Ақыры жол тапқан секілді болды.    

-         Бәйсейіттен тоқтаңызшы, қарным ашып кетті, тамақтанып алайық – деді. Ел арасына кірген соң қашып кетермін немесе біреуден көмек сұрармын деп ойлады. 

-  Өй, Бәйсейіттің тамағы жәмән. Көкпекте күштүүүө жер бар. Сонда тоқтаймын - деді зекіп анау.

Бала көңілі ширығып, ойы сан тарапқа сандалды. Әкесіне айтпай үйден кетіп қалғанына өкіне бастады. Көкпек асуынан асқан жерде жүргізуші тоқтады. «Мен төлетке барып келем!» - деді тағы зекіп.   

Бұл сыртқа шықты. Қашып кете қоятын жер бар ма деп айналасын шолды. Рюкзактан басы қылтиып шығып тұрған мысықты ала беріп еді, ол секіріп  жерге түсті де, қаша жөнелді. Жол жиегінде тұрған машинадан Есейдің өзі қатарлас, он төрт-он бес жас шамасындағы қыз жүгіріп түсті де қарсы жүгіріп келе жатқан мысықты шап беріп ұстап алды. Елеңдеп тұрған мысықты, еркелетіп, сипап жатыр.       

-         Қандай сүйкімді мысық ! Аты кім ? – деді емірене.

-         Оның аты Бальзак.

-         Бальзак, Бальзак! Қайда қашып бара жатырсың Бальзак ? Біз апама Жалаңашқа бара жатырмыз – деді қыз мысықты беріп жатып.  

-         О, шынымен бе ? Мені де ала кетіңдерші, мен де Жалаңашқа атам мен әжеме бара жатыр едім – деп қуанып, жабыса кетті Есей.

-         Жүр, әкеме айтайын, машинада орын бар ғой, ала кететін шығар ? – деді қыз.

Мысықты дырылдатып сүйреп ала жүгірді машинаға, «ала кетіңізші!» деді қиылып. Машина руліндегі егде тартқан кісі «Отыра ғой, отыр жерлес» -  деп жымиды. Отырғызып ап, жүріп кетті. Ішкі қауіптің күрмеуі оңай шешілгеніне мәз еді бұл.

Сапарластары ашық адамдар болып шықты. Танысып, жөн сұрасқан соң небір әңгімелер татаусыз ағытылды. «Мынау жазық – Көкпектің жазығы деп аталады. Анау төбе, ол – Ойран төбе. Осы жерден өткенде беттеріңді сипап өту керек. Бұрын осы жерде жоңғарлар мен қазақтар қырылысқан екен. Атам, марқұм, айтатын, қазақ пен жоңғардың аққан қанынан осы  Көкпектің жазығы баланың еңбегіндей былқылдапты деп. Сонда, қандай жойқын соғыс болған жер ғой бұл!? » - деді әкесі.

        Әке, еңбек деген не ? -  деді қызы басын әнтек көтеріп.

Кішкентай сәбидің бас сүйегі қатпаған болады. Төбесі былқылдап тұрады. Соны қазақ еңбегі дейді – деді түсіндіріп. 

Ойрантөбе, Шарын, Көртоғай туралы көптеген қызықты әңгімелер айтылды. Әкесіннің ел-жер туралы айтқан әңгімелері қандай мағыналы? Елдананың әрекеті қандай ойлы, қылықтары қандай тәтті? Бір күннің ішінде түрлі адамдарды жолықтырып, қаншама оқиғаны, сезімдерді бастан кешіп, ішкі түйсігімен ақ пен қараны ажырата алғандай, көп-көп нәрсені түсінгендей жүрегі елжіреді. Елдана әлі жаз бойы Жалаңашта апасы мен атасының жанында болатынын айтып, хабарласатынын батыл жеткізді.

Машина қақпа алдына келіп тоқтаған кезде жолдың қысқалығына налығандай, жолсеріктерімен қимай қоштасты. Тұнық аспанда жарық жұлдыздар жымыңдайды. Терезеден себезгілеп төгілген жарықтан үй іргесіндегі бозқараған гүлдері сыбырласып, билеп тұрғандай. Көктем иісімен тыныстап кеудесін кере дем алып, ішке енді. Қарсы алдынан анасы шыққанда, екеуі де жүрегі жарылардай қуанды. Сүт сіңді таныс иіс...  

        Есей? Есей! Есей...

– Ана, анашым...

– Жаным, ботам, елгезек көгершінім менің – анасы бас салып құшағына қысып, егіліп жылап тұр. Анасын көргенде «Неге мені алып кетпедің ? А?» деп жер тепкілеп жылайтын шығармын деп ойлап жүрген. Бірақ анашының мынадай көз жасын көрген соң, олай деу мүмкін емес еді. Керісінше, бұл анасын жұбатып әлекке түсті. 

–Жаным-оу, қу сүйегің қалыпты ғой. Қалай келдің ? Ертең сабақ аяқталғанда атаң барып алып келеді деп отыр едік. Мені ертпей кетті деп ренжіген шығарсың ?

–Жоқ – деді Есей. Анасының зарыға күтіп, сағынғаны жанарынан көрініп тұр. Баласын оншалықты еркелетіп, бар жақсысын алдына тосып бәйек болатын, әр сөзін мұқият тыңдап, ықыласпен құптап, ақылын айтып, бала жанын түсінетін ана ғой. Балаға анасынан асқан кім бар өмірде? Сөйткен анасына қалай ғана ренжісін ол ?      

– Е, жаным. Есейіп қалыпты ғой менің балам! Ер жетті деген осы! Ақылыңнан айналайын, Бальзакты да ала келіпті, жүре ғой.   

Келгелі бері іше ғой, жей ғой, келе ғой, жата ғой деп айналып-толғанып жүгіріп жүрген анасының қадір-қасиетін сезіне бастады. Енді Есейдің көкейінде қаптаған сұрақтың бірі де жоқ. Барлығын түсініп, барлығын ұққан сияқты. Ненің жақсы, ненің жаман екенін іштей аңғарған. Шынымен ержетіп, оңы мен солын танығандай, естиярлық бар бойында.

Екі этажды кәрістің үйін, оның өнер үйреніп жүрген балаларын, айналадағы жұлым-жұлым қазақтардың үйін, байқұс Ақтөсін, көршілерін, бірде балшық, бірде шаң жолдарын, мектебін, ауылын, Ойрантөбені, Шарынды, Көртоғайды, елін, жерін, бәрін-бәрін қыран құсы шолатын биіктен қарап көргендей болды.

«Есею керек! Есею керек, бізге! Бәріне!» – деп топшылады.