ДУМАН РАМАЗАН. «СЕН ӘЛІ ЖАССЫҢ, БАУЫРЫМ!..»

Алматыда тұратын жазушы ағамдiкiне қонаққа келгенiме бүгiн бiр апта болған. Обалы нешiк, қарапайым, кiшiпейiл, ақкөңiл жан ғой, менiң ағайым. Жұмыстан қолы қалт етiп босай қалса, менi бiресе сыраханаға, бiресе кинотеатрларға ертiп апарып, көңiлiмдi көтерiп қояды. Әйтеуiр, менiң көңіліме көлеңке түсірмеудің қамын ойлап жүргенiн сеземiн. Дән ризамын. Менiң бар бiтiретiнiм, құлағым қалқиып соңынан сөлпеңдеп ере беру.
Бүгiн ағамыз жұмыстан еретерек келдi де: – Жiгiтiм жинал, қазiр жазушы Жолбарыс Арыстанбаевтың шығармашылық кешi болады, соған барамыз, – дедi.
Мен жуынып-шайынып, ақ костюм, ақ көйлегiмдi киiп, қара галстугiмдi тағып, ыздиып ағамның қасына iлестiм.
Орта жолға келгенде: – Аға, Жолбарыс қандай жазушы, – дедiм той иесi туралы бiлгiм келiп.Ағамыз жаратпаған кейіппен тұнжырай қалды да:
– Қайсыбiр талантты жазушы дейсiң, әйтеуiр жазушы деген атты жамылып жүрген бiреу ғой. Тiптi жазғандарын ешкiм де оқымайды. Дүмбiлездеу жазатындықтан кiтаптары өтпей, дүкен сөрелерiнде шаң қауып тұрады, – дедi немкеттi түрде.
Әңгiме қызуымен кеш өтетiн драма театрының кең залына келiп кiрдiк. Адам аз. Еппен басып, жұмсақ қызыл орындықтардың бiрiне келiп жайғастық. Сахна төрiнде шалқая түсiп, Жолбарыс ағамыз отыр. Бiр уақытта ортаға ұзын бойлы, қараторы жiгiт шығып:
– Бiз қазақ халқының аяулы ұлдарының бiрi – аса көрнекті жазушы Жолбарыс Арыстанбаевтың шығармашылық кешiне жиналып отырмыз. Бұл кiсiнi танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Жолбарыс аға қазiргi кездегі ең мықты саңлақ қаламгерлерiмiздiң бiрi... – деп желдiртiп бердi дейсiз. Одан кейiн де сөз сөйлеген ақын-жазушылар Арыстанбаевтың аяғын жерге тигiзбей мақтады-ай келiп. Кезек ағамызға да келдi. Ол:
– Мен бұл кiсiнi көптен бiлемiн, шығармаларын да үзбей оқып тұрамын. Оқыған сайын оқи бергiм келедi. Жәкеңнiң шынайы талант иесi екендiгiне кiтаптарын оқыған сайын көзiм анық жетедi, – деп небiр асыл сөздердi айтып-айтып келдi де, жазушы ағамызға ақ жол тiлеп, шығармашылығының бұдан былайғы уақытта да жемiстi бола беруiне тiлектестiк бiлдiрдi.
Сонымен не керек, небiр ақын-жазушылар бiрiнен кейiн бiрi мiнбеге сөйледi-ай келiп, сол баяғы жаттанды сөздер: «Жәкең тарлан жазушы... Жәкең талантты жазушы... Жәкең заңғар жазушы... Жәкең ғой, Жәкең асқан өнер иесi...»
Кеш аяқталып бәрiмiз далаға шықтық. Топтан бөлiнiп, оңаша қалғанда:
– Аға, бағана келе жатқандағы айтқан пiкiрiңiз бен кеште сөйлеген сөзiңiз мүлдем қабыспай кеттi ғой. Сонда сiздi қалай түсiнуге болады? – деп сұрадым.
– Сен әлi жассың ғой, бауырым. Түкке де түсiнбейсiң, – дедi ағам маған бұрыла қарап. – Оның қайда iстейтiнiн бiлесiң бе?
– Оның қайда iстейтiнi сiзге не керек? – дедiм түкке түсінбей.
Ағам қуақы жымиды да:
– Мiне, мәселе осында, – дедi.
– Ол қандай мәселе?
– Ендеше тыңда, бауырым! Ол қазiр бiлдей бiр мемлекеттік баспаның бас редакторы болып iстейдi. Ал, ол баспада менiң бақандай екi кiтабым шаң басып әлi шықпай жатыр. Жәкеңнiң қарауында... Ендi түсiнiктi ме?..
Мен үнсіз басымды изедім. Мұнан кейін де ағам маған өмір сүру жайлы сала-құлаш лекция оқыды. «...Солай бауырым, сен әлi жассың. Өмiрде кейде тұлпарды да сынап, есектi де мақтауға тура келеді", - деген ағамның сөзі көпке дейін көкейімнен кетпей қойды.