ӘДІЛ БОТПАНОВ. БАСТАЛМАЙ ҚАЛҒАН МЕРЕКЕ

І

 

Ол барлық қыздар сияқты әдемі киімді, француз әтірін, тәтті шоколадтарды, сосын мейрамдарды сүйеді. Мерекелік фейерверк секілді көкке шапшитын шампан көбігіне де кетәрі емес. Ал ұлдар, ұлдар ол үшін жай ғана бір қызық нәрсе секілді. Басқа әлем, басқа дүние. Әрине, өзінің сұлу мүсініне олардың ауыздарынан су аққанша қарайтынын бұл сезбейді емес, сезеді. Тіпті сол сезімнен ләззат та алады. «Сұлулық — сұмдық қару», бұл — оның масаттанғандағы ойы. «Ой — дұшпан»: бұл — ол білмейтін қағида. Бірақ әңгіме ой туралы емес. Әңгіме — ол туралы. Ол дегеніміз — Жақұт. Жақұт барлық қыздар сияқты…

 

ІІ

 

Әлемде айнаға қарап, сыланып отырған бойжеткеннен асқан паң құбылыс жоқ. Ал егер ол сұлу болса, бұл паңдық әлденеше еселенеді деген сөз. Ондайда ол өзін жаһанға нұр таратып отырған құдайдан кем көрмейді. Оған кедергі жасау — күнә. Ал бүгінгі күнәһар — телефон. Жақұт айна алдынан қанша кеткісі келмесе де телефон шыр-шыр етіп, шабалаңдай берген соң амалсыз көтерді.

 

— Аллой.

— Алло, Жако, сен бе?

— И-и-ия.

— Ой, Жако, бұл мен ғой, Айка. Саған айтатын сюрпризім бар.

Мұны естігенде Жако (Жақұт) жоқ болып кетті. Яғни, ол алаңсыз жоғалған жоқ, ол телефонға жабысқан үлкен ҚҰЛАҚ пен асқан ҚҰМАРЛЫҚҚА айналды.

 

— Иә, иә, Айка, мен тыңдап тұрмын.

— 4-курстағы Тимоханы білесің ғой.

— Қайсы?

— Анау ше, крутой. Ну, «Мерс» мінетін ше?

— Иә, иә…

— Вот соның жанындағы Аликті де білесің ғой. Солар бізді бүгін, Жаңа жылды бірге қарсы алуға шақырып отыр.

— Да ты, что, Айка! Ал өзіміздің курс ше? Бүгін біздің жігіттер де бірдеңе ұйымдастырады ғой.

— Жако, сен екінші курс емес, екінші класс оқитын сияқтысың. Біздің жігіттерің не? Олардың бәрі ауылдан келген, ну, это, ауылбай ғой. Ал Тимоха мен Алик! Айтпақшы, Алик орталықтан кафе ашқалы жатыр.

— Қойшы…

— Рас, рас. Бізді презентацияға да шақырам деді. Короче, барасың ба?

— Барамын. Тек сен үшін.

— Онда кешкі сағат сегізде дайын отыр.

— Әрине…

Гук… гук… гук… Телефонды біразға дейін қоя алмай отырды. Төрт бөлмелі пәтерде бір ғана нәрсе бар еді. Ол — жүрек. Алабұртқан, алаңдаған, алқынған… Ал қалғаны… қалғаны соның жетегінде оп-оңай еріп кете барған…

 

ІІІ

 

Кешкі сағат сегізде Жақұттың үйі алдына БАҚЫТ келіп тоқтады. Әрине, бұл жолы ол ертегідегідей тоты құс күйінде емес, ысылдаған ақ түсті «Мерседес» қалпында келді. Келді де көңілі көктен түскісі келмей жүрген сұлу қызды жып-жылы құшағына алып, зуылдай жөнелді.

 

ІV

 

Ах, Алик басқа қалталы жігіттердей емес!

— Кешіріңіз, Жако, сіздің шын есіміңіз кім?

— Жақұт.

— Жақұт! Қандай әдемі! Мен сізді мынау шуылдаған ортадан алып кетсем қалай болады?

— Неге?

— Бақытты ету үшін.

  Ал мені бақытсыз деп кім айтты?

Жігіттің жанары төмен тайды да, қыз жымың етті. «Ұялды». Ал көздер ұялмаған еді. Олар бұның әдемі аяқтарын бір шолып шыққан. Қайта көтерілді.

— Кешіріңіз. Келіңіз, онда бақыт үшін ішейік.

— Мас болып қалам ғой.

— Жоқ. Сұлу қыздар мас болмайды ғой. Білмейсіз бе?

Сұлу қыздар ешқашан да «білмеймін» деп айтпайды.

— Білемін. Фужерлер сыңғыр етті.

—Түбіне дейін алыңыз. Әйтпесе, бақытыңыз толық болмайды.

— Ах, Алик.

— Жүріңіз, жүріңізші, Жақұт!

Алик мұны оңаша бөлмеге әкеліп аймалай бастады. Жақұт тағы да жоқ болып кетті. Бұл жолы ол СЕЗІМГЕ айналды. Ып-ыстық, жап-жалаңаш…

 

V

 

— Ал-л-ли-ик, жаным!

— Мен Алик емеспін. Мен — Хакиммін.

— Қойшы жаным, әзілдемеші.

— Дура!

Жақұт көзін ашқанда ғана есін жиды. Бірақ тұра алмады. Пыс-пыс еткен ауыр салмақ оған еш ерік берер емес. Пыс-пыс… қандай жиіркенішті… Ах!

 

 

— Алик қайда?

— Ол үйіне кетіп қалды.

— Қашан?

— Таң ата…

— Мені ала кетпеді ме?

— Неге?

— Бақытты ету үшін.

— Сені бақытсыз деп кім айтты?

— …?!

 

VІІ

 

Азанғы сағат сегізде Жақұт үйінің алдына БАҚЫТСЫЗДЫҚ келіп тоқтады. Ертегідегідей жеті басты айдаһар күйінде емес, қала көшелерінде қаптап жүретін такси қалпында.  Ол өзінің темір құшағынан үміттері үлбіремей жатып үгіліп қалған сұлу қызды қаңтардың бет қарыған суық аязына итеріп жіберді.

 

P.S. Жаңа жылыңызбен!