Әдемі қыздың күнделігі

 

     Шемішке алыңдар! Шемішке алыңдар!

     ?

– Бір-біреуі бармақтай!

– ?

Өткен-кеткен, құжынаған жұртқа бар даусыммен айқайлап, ышқынып тұрмын. Айқайлай-айқайлай өңешім де жыртылуға қалды. Өйтпесем, тағы болмайды. Мынау базарда мен құсап шемекі сатып тұрғандар көп.

Әнебір қартаң әйел де шелегін салдырлатып, осы жерден шықпайды. Не кереметінің барын білмеймін, менікінен гөрі соның шемекісі өткіш. Күні бойына қатқан қазықтай қақшиып тұрғанымда сататыным – он шақты тостаған ғана. Әй, зығырданым қайнады-ау, әбден! Осы қаптың түбін көрсетпей, үйге қайтпаспын бәлем!

– Шемішке! Шемішке алыңыз?!

Кенет біреу ту сыртымнан әлдене дегендей болды. Ауыл жақтан келіп қалған тамыр-таныс па? – деп, жан-жағыма жалт қарадым.

– Әдемі! Әдемі қарындас!

Жазбай таныдым. Үстінде жолақ-жолақ тоны бар Жалтырбас ағам.

– Әдеміш, амансың ба? Неғып тұрсың?

Жерден жеті қоян тапқандай, ол қасыма жетіп келді.

– Әдеміш, мені таныдың ба? Ұмытып қалған жоқсың ба?

– Аға, сізді танымағанда? Түк те өзгермепсіз.Тек толыққансыз-ау деймін?!

– Е, е, қарындасым-ай, ағаң қазір крупный бизнесмен ғой. Хе, хе, хе...!

Жалтырбас ағам кеңк-кеңк күлді де, сатып тұрған шемекінің екі-үш талын сұрамай-ақ, басын шалқайтып, насыбай атқандай аузына ытқытып-ытқытып жіберді.

– Ал, Әдеміш, бұл не тұрыс? Осыдан басқа жөнді жұмыс таппадың ба?

– Тапсам, өстіп тұрамын ба?

– Қалаға қашан келдің?

– Біраздан бері осындамын.

– Қайда тұрып жатырсың?

– Нина әжейдің пәтерін жалдап.

– Түсінікті, – деді Жалтырбас ағам жауабымнан қанағат таппағандай, ернін сылп еткізіп.

– Оқу бітіргелі саудамен айналысып жүрсің бе?

– Анда-санда, тиіп-қашып. Күнелтіс қой. Ал өзіңіз қалайсыз? Райса апай сау ма? Балаңыз өсті ме?

– Өскенде қандай?! Дырау жігіт! Апаң аман. Өзім «Жарнама» деген агенттіктің білдей директорымын.

– Мықтысыз ғой?! Сонда не істейсіз?

– Жарнама іздейміз. Оны анда-мында таратамыз. Шаруа шаш етектен. Теңгелер теңіздей төгіліп жатыр. Мына суықта базарда тұрғанша, бізге неге келмейсің? – деп Жалтырбас ағам шемішкемді уыстап алып, шаға бастады.

 Осыдан екі-үш жыл бұрын жатақханада көрші тұрғанымызда, қойдан да жуас, томаға-тұйық еді. Қазір бұрынғы Жалтырбас емес, әбден ашылып, ысылыпты. Сөйлегенде аузы-аузына жұқпайды. Көрінгеннің бәрімен қол алысып, әмпей-жәмпей. Шаруасының дөңгеленгені шиқандай бөрткен екі бетінен көрініп-ақ тұр.

– Жалтырбас ағайдың шын аты Жомарт екен. Әлгі сұраншақ баласынан естідік, – деп баяғыда бөлмедегі қыздар айтып отырушы еді. Әйтеуір мен оқыған құрылыс техникумының жатақханада тұрған студенттері Жалтырбасты ешуақыт Жомарт деп өз атымен атағанын естігенім жоқ. Бәрі «Жалтырбас ағай» дейтұғын. Түртсе, құлап қалуға шақ жүрген Райса деген әйелі еден жуды. Оның еден жуғанын сен сұрама, мен айтпайын. Күнде кешкісін еденге шелек-шелек суды шылп еткізіп шашып жіберіп, бір тұтам шүберекпен бетін қалқып өтетін. Райса апай еден жуған мезетте дәлізге шыққанымыз аяғымызды екі жаққа керіп отыра қалушы ек.

Содан айтайын дегенім, әлгі «сұраншақ» атанған баласы көрінген бөлменің есігін түрткілеп, бір картоп, екі-үш сәбіз, үш-төрт сарымсақ сұрап, кетпейтін. Ал Жалтырбас ағай болса, ұйқыдан басын алмаушы еді. Тап қазір оның бөтекедей бұлтиған бетіне, аласа бойын одан сайын отырғызып, доптай домаланған денесіне қарап, аң-таңмын.

– Қой, Әдеміш, осылай тұра береміз бе? Базар біткесін, осы маңнан шәй-мәй ішсек қайтеді? Жөндеп сөйлесейік екеуміз, – деді Жалтырбас ағай.

– Жарайды, бестен кейін, – дедім мен қол сағатыма қарап.

– Аяғым қатып қалды. Базардың ішіне кіріп, жылынып шығайын, – деп, шемішкемді әншейін шағып, тауыса жаздаған Жалтырбас ағам бүрсеңдей ала жөнелді.

– Бұл кім өзі? – деді, ол кеткен бойда қасымдағы Роза деген келіншек.

– Өзі тоңғақ екен. Бірақ қара жаяуға ұқсамайды. Анау сөмкесі де торсиып, іші толған доллар шығар?

– “Жарнама агенттігінің директорымын” – дейді. Студент кезден танысым еді.

– Мұндай таныстан кісі айырылар ма? Сұрашы, мүмкін, маған да агенттігінен жұмыс табылып қалар?

– Әуелі, өзім тауып алайын. Сосын, – деп мен мұрнымның астынан міңгір ете түстім.

Ішімді кездейсоқ қызғаныштың қызыл ала иті жалап өткендей болды.

– Сен далада қалмассың-ау, мына мен болмасам, елуге келгенде, сыпырғыш үстап қалған. Осы күні мен түгілі, мына сыпырғыш та өтуден қалды. Білмеймін, осы жұрт үй сыпырмай ма? – деп Роза күңкілдеді.

– Әй, мен құсап, әжетхананың қағазын неге сатпайсыңдар осы? Ендігі қыруар ақшаның астында қалатын едіңдер. Менікі өткіш, – деп, оң жағымдағы Лариса кекесін мысқылмен миығынан күлді.

Сөйтіп, бір-бірімізді ала-қалжыңға айналдырып тұрғанда, ентігіп Жалтырбас ағам да қайтып келді.

Көп ұзамай біз асханаға бардық. Ыстық сорпа ішіп, қол-аяғыма қан жүгірген соң, Жалтырбас ағамның тоқтаусыз сауалына жауап бере бастадым.

– Сонымен, күніне қанша табасың?

– Шемішкеден не оңды пайда болсын?!

– Онда неге тұрсың тоңып, шаршап?

– Айттым ғой, тек күнелтіс үшін.

– Өстіп шемішке сата беремісің?

– Білмеймін.

– Ауылға неге бармайсың?

– Әке-шешеме масыл болғым келмейді. Ауылда да жұмыс жоқ қой.

– Тәк, мүмкін, бізге келерсің, Әдеміш?

– Кім болып?

– Кім болушы ең? Жарнама іздеуші боласың. Өзіңмен-өзің отырасың жылы жерде. Жарнама тапсаң, табыс шаш етектен, – деп Жалтырбас ағам семіз саусақтарымен маңдайын бір сипап өтті.

– Жарайды, ойланып көрейін.

– Несіне ойланасың? Шемекіден кем жұмыс істермін деп қорқып тұрсың ба? Саспа, жаман ағаң сені жерге тастамайды, Әдеміш. Айтпады деме, көзің шайдай ашылады. Жап-жас болып, шемішке сата ма кісі? Егер сенің орныңда болсам, мұндай нәрсені бір күн де істемес едім. Басқасы басқа, таныстарыңнан ұят емес пе? Базарда мөлиіп тұрады деген не?

Жалтырбас ағам осылай ақылын үйіп-төкті. Мен амалсыз келістім. Ойда жоқта сәтін салған жұмыстың құйрығынан ұстап қалуға тырыстым. Қалтамда техникум болса да, қатырма қағазым бар емес пе? Кеңседе, жылы жерде отырмайтындай кімнен кеммін?!

Есіктен кіре бере осы жаңалығымды Нина әжейге жеткіздім. Ол едәуір қуанып қалды. Оған да көбірек тиын-тебен тауып, пәтерімнің ақысын төлегенім тәуір емес пе?        

Сол күні түнімен дөңбекшідім. Ұйқым шайдай ашылды. Қиял шіркін мұнша тәтті болар ма? Екі иығыма құстың қанатын ілдім де, жер-жаһанды аппақ арманмен бірге шарлай бердім, шарлай бердім...

15.01.98 ж.

 

*  *  *

Ақыры базармен қош айтыстым. Құмырсқадай құжынаған жерден кеткенше асықтым білем, әйтеуір, шаққа құтылдым. Араға екі күн салып, «Булочка» дүкенінің маңындағы кеңсеге келдім. Ақ шатырлы, бір қабатты шағындау үйден Жалтырбас ағамның агенттігін әзер таптым. Қиқа-шиқа ағаш баспалдақтармен төмен қарай сырғып келе жатып, көзім «Жарнама агенттігі» деген ақ қағазға түсті. Етігімнің табанына жабысқан жұмсақ қарды қағып-сілкіп, есікті аштым. Мені көріп, Жалтырбас ағам орнынан ұшып тұрды.

– Әдеміш, аманбысың? Келдің бе? Бүгіннен қалсаң, базардың қожайынына өзім-ақ барайын деп отыр едім.

– Ол кісіні жақсы танисыз ба?

– Әрине. Жаман ағаң қаладағы шешкілердің бәрін біледі. Тәк что, ештеңеден қорықпа! Біреу тиіссе, маған айт, қалпағын қайырамын бәрінің! – деп Жалтырбас ағам әлсін-әлсін төсін соққылады.

Өзі тіптен көңілді жүр. Сөйтіп өзін көбірек мақтаған ол сәлден соң, маған төрден орын ұсынды.

– Кел, Әдеміш, мында отыр. Бүгіннен бастап, менің оң қолым боласың. Маған келген кісілердің атын, жұмысын жазып ал. Керек болады. Мүмкін, олардың жарнама беретін жақын-жанабы бар шығар? – деп Жалтырбас ағам сыры ұшқан ескілеу үстелдің үстіне сөмкесінен алып, блокнот, қалам тастады. Мен жалаңаш қабырғалардан басқа түк жоқ, жұпыны бөлмедегі екі-үш ќисық орындыққа таңдана қарадым. Әлгінде «керемет кеңседе отырмыз» деген Жалтырбас ағамның сөзі ойыма түсті. Кіреберісте тұрған ескі сұр шкаф пен үні ащы телефон ғана жұмыс бөлмесі екенін сәл де болса білдіртіп тұрғандай. Менің жан-жағыма таңдана қарағанымды сезген Жалтырбас ағам:

– Әдеміш, жуықта жарнамадан түскен қаражатқа жиһаз аламыз. Бөлмені жайнатамыз. Тек жақсы жұмыс істеуің керек, – деді.

– Бәрінен бұрын бөлмеңіз жылы екен, – дедім базарда тұра-тұра, денеме суық өтіп кеткенін енді білгендей.

– Жарайды, әзірге газет-жорнал оқи тұр. Кілтке мұқият бол. Телефонды біреу-міреу ұрлап кетпесін, – деп Жалтырбас ағам кетуге жиналды.

Отырып-отырып жалықтым. Тіпті газет оқуға да зауқым соқпады. Сағат тілі алға қарай жылжыса, қане?! Жалыққанда уақыт та өтпейді екен. Терезеден сыртқа көз салдым. Қарсы маңдағы «Булочка» дүкеніне кіріп-шыққан бір адам. Әне, жасы отыздар шамасындағы бір келіншек қақаған суықта баласына балмұздақ әперіп, енді содан құтыла алмай әлек. Бала байғұс тілімен түртіп, балмұздақты жей бергенде, шешесі қолынан оқыс жұлып алды да, қардың үстіне лақтырып жіберді. Бейкүнә бала көзінің жасын моншақтатып қоя берді. Баланы аяп кеттім.

Әне бір шашын алтын түске бояған сары қыз су жаңа шетелдік көлікпен жүйткіп барады. Шіркін-ай, оның арманы не екен?!

Әркімге бір қарап, көзімді саттым. Сағат тілі түскі он екіден асты. Әйтеуір уақытты өткізіп келемін. Түк бітірмей отыра беруден де шаршадым. Бұдан да шемішке сатқаным әлдеқайда артық екен. Қараптан-қарап мінездері жүз құбылатын Лариса мен Розаны да жоқтадым. Кәңгүр-күңгір әңгімемізді айтып тұрушы ек. Тіпті бір-бірімізге әбден бауыр басып қалып ек.

Бұл екеуінің де күйеулері ішкіш. Әсіресе, Ларисаның екі көзі сия жағып қойғандай, көгереді де жүреді. Ішкенімен қоймай, күйеуі өлердей қызғаншақ.

– Сен қатыныма неге қарадың? Оған қарап неге күлдің? – деп базардағы көрінген кісінің жағасынан алады. Ол өзі арба сүйреткен жігіттерге өш.

– Әй, сен бала, бері келші?! Кеше Ларисадан не сұрадың? Сен оған неге жолайсың?  Әйелімде шаруаң болмасын! Арбаңды ортасынан қақ бөліп түсірейін бе? – деп әркімге байланады.

– Қатыныңды қызғансаң, бар, тұр сол жерге өзің?! Бізде   ешкімге қарайтын уақыт жоқ! – деп ызаға булыққан өңкей жігіттер Ларисаның маскүнем байын арбаға өңгеріп, зуылдата жөнеледі.

Міне, мен дәл қазір шыжығы мен быжығы көп базарымды сағынып тұрмын. Бүйтіп төрт қабырғаға қарап сарсылғаннан, сыртта тоңып-шашырап тұрғаным әлдеқайда артық еді. Сонымен бір күнім босқа өтті.

                                                                                                                                 19.01.98.

 

                                                                                      *  *  *

Бүгін кешегідей емес, күн суық. Қар жауған жоқ. Өз басым ұшқындап болса да, қар жауғанды ұнатамын. Сақылдаған сары шұнақ аязға бетімді шымшытып, жұмысқа бардым. Жәй әншейін бөлменің есігін күзеткенім болмаса, түк бітіргенім жоқ. Алғашында Жалтырбас ағам уәдені үйіп-төгіп еді. Расы қайсы, өтірігі қайсы, оны өзім де білмеймін.

– Аға, не істейін? Кімнен жарнама сұрайын? Қайда барайын? – десем , ол менен тышқандай кіртиген көздерін алып қашады.

Нағыз алаяқтың өзі болмаса жарар еді? Бірақ көптен таныс адамыңнан қайтіп жамандық күтесің?

Өз ойыммен өзім осылайша арпаласып отырғанымда, кенет сыртқы есікті біреу қаттырақ ашып-жапты.

– Бұл кім? – деп мойнымды соза бергенімде, орта жастағы бөтен ер адам алқынып-жұлқынып ішке кіріп келді.

– Қыз қайда? Әлгі қыз? – деді ол әй-шайға қарамастан даусын көтеріп.

– ?

– Шығар бері?! Көрсетейін оған алдағанды?

Тықырайған малақайды басына бастырып киген, көзі сүзеген бұқадай қанталаған оған тосырқай қарадым.

– Қыз қайда? Тап жылдам! – деді ол маған шүйлігіп.

– Қайдағы қызды айтасыз? Мұнда менен басқа ешкім жоқ, – дедім екі көзім тостаєандай болып.

– Апырмай, тап қазір ғана кірді ғой осында ол? Жын ұшырып кетті ме? Шайтан ба, әлде пері ме? Неғылған қыз өзі? Көзіммен көрдім осында кіргенін, – деп ол енді қисық үстелдердің астын бір сүзіп шықты. Дәліз бойында қатарласып тұрған төрт-бес есікті тұтқасымен жұлып ала жаздады. Бірақ ұрыны іздеген иттей қанша тіміскілегенімен, керек адамын таппай әуре.

– Қайда ұшып кетті әлгі қыз?!

– Сіз кім боласыз? Іздеген қызыңыздың аты кім? Осында кіргені рас па?

– Мен таксистпін. Оның атын сұрады дейсің бе? Көлігімді осы тұстан тоқтатты да, «аға, ақшам іште қалып қойыпты, қазір алып шығайын» деп тұра жүгірді. Содан күтіп отырмын, күтіп отырмын. Қыз да жоқ! Ақша да жоқ! Иттен жарағанның қай тесікке кіріп кеткенін!

– Мүмкін, қарсы беттегі дүкенге бұрылған шығар?

– Жоқ, өз көзіммен көрдім ғой. Осында кірді, осында. Неде болса, бір жерде тығылып тұр ол оңбаған!

– Білмеймін. Мұнда сізден басқа ешкім кірмеген секілді.

– Көрсең, айт, оны бәрібір таппай қоймаймын. Үстіндегі киімін де жаттап алдым.

– Киімі қандай еді?

– Түлкінің терісінен тігілген сары тоны бар. Бойы аласа келген қара қыз. Қолыма түсерсің бәлем, көрсетермін сонда алдағанды?!

Бұрқ-сарқ қайнаған таксист есікті қаттырақ жауып, бөлмеден шығып кетті. «Түсім бе, әлде өңім бе?» деп орындығыма сылқ еттім. Маңдайымнан шып-шып етіп, мұздай тер шыққандай болды.

Сәлден соң әлдене тықырлады. Оқыс дыбысқа қорқақ қояндай үрке қарадым. Шамасы, «ескі орын ғой, еденнің астында тышқан бар-ау» деп те ойладым. Тықыр-тықыр, тықыр-тықыр...

Бір уақытта кіре берістегі қабырғаға қазықтай қатқан ескі сұр шкафтың аузы өз-өзінен сықырлап ашылып, сықырлап жабылды. Зәрем қалпақтай ұшты.

– Т......с...с! – деді әлдекім көп кешікпей шкафтың ішінен жыландай ысылдап.

– Біттім! Құрыдым! Базарда тұра бермей, өзіме де сол керек! Әлгі таксисттің іздеп келгені осының ішінде тұрмасын! – деп жанымды шүберекке түйе түстім.

– Т....с...с!

– ?

– Т....с...с!

Кенет шкафтың ішінен бір қыз атып шықты.

Сілейіп үнсіз қалдым. Үстіндегі сары тонынан оны жазбай таныдым.

– Қарашы, әлгі таксист кетті ме екен? Қатырдым, ә?! Сол керек өзіне!

Түлкідей бұлаңдаған оған не айтарымды білмей, өлген бақадай сазарып ќалыппын.

– «Түбі таппай қоймаймын дейді!» Пішту! Ұстатармын оған!

– Сенің мұнда кіргеніңді қалай байқамадым?

Ол езу тартты.

– Талайдың аузын аштырғанмын өстіп. Егер осы шкаф болмағанда, баяғыда құритын едім ғой.

– Таксистке төлейтінің болмады ма?

– Өй, жоқ! Ақшам бар. Міне!

Ол қалың тонының ішкі қалтасынан екі жүз, бес жүз теңгелерін көрсетті.

– Онда неге төлемедің?

– Мұндай таксисттерді Жалтырбас екеуміз ылғи да алдаймыз.

– Осыдан ұстап алса, қайтесің?

– Саспа! Жалтырбас тұрғанда маған ешкім тиіспейді.

– Ол ағайды жақсы танисың ба?

– Ой, соған да «ағай» дейтін біреу бар екен-ау?! Сені мұнда алып келген Жалтырбас шығар?!

– Иә. Осында жұмыс бар деген соң...

– І, түсінікті. Жалтырбастың шақыруымен талайлар келіп-кетті ғой мұнда.

– Олар жарнамадан қанша тапты?

– О жағын Жалтекеңнің өзінен сұрамасаң, мен білмеймін. Шегелеп қойған табыс жоқ бұл жерде. Өзің иненің көзінен өтіп тұр екенсің, саспа, бір жөні шығар. Атың кім айтпақшы?

– Әдемі.

– Әдемі?! Өзің де, атың да әдемі екен. Ал мені Анка десең, жетіп жатыр. Ауылдан келгенде, шын атым Айымгүл еді. Жалтекең біздің ат қойғыш қой. Қолына түскен соң, Анка болып шыға келдім. Байқа, саған да басқа ат қойып жүрмесін? – деп ол ашық-жарқын сөйледі.

– Қай жерден едің? Жүзің таныс секілді, – дедім Анканың кісі жатырқамайтын мінезін іштей ұнатып.

– Басқа облыстанмын. Әкем жоқ. Шешем бар. Қазір аға-жеңгемнің қолында тұрады. Өзім баяғыдан әртіс болуды армандап едім. Бірақ оқуға түсе алмай, сосын осында қалып қойдым, – деп Анка әлденеден қапы қалғандай қабағын шытты.

– Жассың ғой. Әлі түсерсің, – дедім оның қабағындағы кірбіңге түсінбей.

– Үйдегілер де мені «әртіс болады» деуші еді. Қайдам? Көрмейсің бе, таксисттерді алдап, өмірдің әртісі болып жүргенімді?

– Бағыңды тағы бір сынап көрсеңші? Мүмкін, осы жазда жолың болып қалар?

– Енді маған оқу қ ..а ..й....да...а?! Арманымның бәрі топырақтың астында қалды ғой көміліп, – деп Анка ауыр күрсінді.

Мен де техникумды бітіргенімді, жұмыс таппай біраз сенделгенімді, көңілімдегі шерімді айттым. Анка екеуміз біраз әңгімелестік.

– Жарайды, мен қайтайын. Бір жерге соғуым керек еді, – деді Анка тізесінен төмен қарай сүйретілген тонын иығына іліп жатып. Егер Жалтекең келсе, айтарсың, оны кешке жатақханадан күтемін.

Анка шығып кеткен соң, «бұл екеуі дос болып тұр-ау?» деп ойладым. Одан басқа әйел-баласы бар еркекті жап-жас басымен не істейді Анка. Жалтырбас ағайдың кісі қызығатындай ұсқыны да онша емес. Қыртыс маңдай, тышқан көз, кәртөшкідей қоңқиған жалпақ мұрын, салпық ерін. Оның үстіне сөзшең, уәдеге бай. Арасына өтірікті де қосып-қосып жібереді. Сонда өзінен бәлен жас үлкен кісіге Анка не дейді? Неге қарайды? Неге күтеді оны?

Кенет көзім терезеге түсті. Екі қолын былай-былай сермелеген Анкам жолды кесіп өтіп, көшенің қарсы бетінде тізіліп тұрған таксисттердің біріне жолықты.

Иығына түскен жібектей сүмбіл шашы бетінің оң жағын тегістей жапты. Қарақаттай көздерін аударып-төңкеріп, шашын әрлі-берлі сипалаған Анка таксистті көндірді білем, қызыл күрең «Жигулимен» жүйткіп ала жөнелді. Оның ептілігіне еріксіз таңғалдым. Сонымен, бүгінгі күнім Анканы қызықтаумен өтті.

      

                                                                                                                                22.01.98 ж.

                                                                                     *  *  *

Биылғы қыс қатты болады деп еді. Сол расқа айналғандай. Сыртта айқай боран. Көз аштырмайды. Осы аптада ауылға бармақшы болып жиналғанмын. Сүндет «жол жаман, қар қалың» деп айтып келді. Үйдегілердің амандығын кластасым Сүндеттен ғана естіп, біліп тұрамын. Әскерден келгелі мені сағалап, маған келгіштеп жүрген жігіт қой. Не боларын түбі уақыт көрсететін шығар? Ал менің көңілімді басқа адам жаулап алған... Жарайды, махаббат туралы хикаямды кейін айтармын, қазіргі таңда бар уайым-қайғым – жұмыс.

Жалтырбас көкем «түбінде бір жарылқар» деген сығыр үміт көңілімнен сығалайды. Әй, қайдам?!..

Соңғы уақытта пәтерімнің иесі Нина әжейдің де қабағы ашылудан қалды. Үлкен кісіге өкпелеуге де болмайды. Базарда істегенімде ай сайын есептесіп жүруші едім. Ал қазір? Жалтырбас ағамның қолына қарағалы ол күндер көзімнен бұл-бұл ұшты.

Нина әжей жалғызбасты. Қарты ертеректе о дүниелік болыпты. Бір-ақ түйір қызы ғана бар. Ол да түу алыста. Байғұс кейуана күнде ертеңмен төрде ілулі тұрған қызының суретіне теміріп қарайды. Шерлі ана жүрегі іштен шыққан шұбар жыланын сағынады білем, шыр айналып, суреттің маңынан ұзай алмайды.

Әлгінде Жалтырбасқа (енді оны «аға» десем, аузымдағы отыз тісім түсіп қалсын!) пәтерге төлейтінім көбейіп бара жатқанын айтып едім, ол мыңқ еткен жоқ.

– Келісімшартқа қашан отырасыз? Маған еңбекақымды төлемейсіз бе? – дедім.

– Қайдағы келісімшарт? Бұл үкіметтің жұмысы емес қой. Мына менің жеке меншік агенттігім. Сен табыс әкелесің, мен саған соның жартысын беремін, – деді  ол міз бақпай.

– Сонда да келісімшартқа отыруыңыз керек қой. Ертең тапқанымның жартысын бермесеңіз қайтемін? – деп мен де айтқанымнан қайтпадым.

– Сені алдап, сақалды басыммен не көрініпті?! Райса апаң саған сәлем айтып жатыр. Сені ол да ұмытпапты. Тәк что, жаман ағаңа сен, бәрі жақсы болады, – деді ол құрғақ уәдемен ішімді кептіріп.

– Бұдан шемішкем тәуірлеу екен. Тоңбақ түгілі, үсіп өлсем де! Базарыма кейін бармасам! – деп қыстыға түстім.

– Осындай жылы орыннан кісі безе ме екен? Ақылың қайда, Әдеміш? Саған жарнама іздеп керек емес, сенің өзің жарнамасың! – деп Жалтырбас мені алдап-сулады.

– “Жарнама сұрайтын жерге өзім жіберемін” деп едіңіз әлгінде. Бірақ ол да жоқ. Бостан-бос жүре беруден шаршадым.

Сәл шыдай тұр, Әдеміш. Бәрі жақсы болады. Айтпақшы, сені Қуатбек Тұрашевичке жұмсайыншы. Сендей сұлу қызды көргенде, ол жарнамадан бұрын қолындағы барын да берер, – деп кеңк-кеңк күлген Жалтырбас сол бойда жылтыраған тілдей қағазды ұстата салды.

– Бұл кісі мені қабылдай ма? – дедім қағазға жазылған қызметінен шошып кетіп.

     Неге қабылдамасын?! Қабылдайды! Жарнама сұрауға келдім десең, ар жағын өзі-ақ түсінеді, – деп сөзінің соңын сиырқұйымшақтатқан ол тышқан көздерін сығырайта түсті.

Осылайша азғантай ақылын тарыдай шашқан Жалтырбас шаруасы қалып бара жатқандай тез-тез жиналып, сыртқа жөнелді. Оның анда-санда жылт етіп көрінгені болмаса, қасына Анканы ертеді де, шу қарақұйрық, ұшты-күйлі жоғалады. Қайда барады? Не істейді? Бұ жағы маған беймәлім. Тек өткенде мына бір жәйттен соң көңілім әлденеден секем алғандай...

Анка мен Жалтырбас қастарына балтыры жарқыраған, ұзын сирақ үш қызды ілестіріп келіп, бөлмеде біраз даурықты.

– Алажағымды әкел! Неге бермейсің?! – деп бас салды шегірткедей шіңкілдеген біреуі.

– Саған бережағым жоқ! Бар да, Аспандияровпен есептес! – деді Жалтырбас.

– Аспандияров сенімен де саунаға түсті ме? Ол өткенде мені де шақырып еді. Подлец нағыз! Сары шошқа! – деді даусы қарлыққан біреуі.

– Аспандияровтан ала-алмаған өштеріңді Жалтекеңнен алғыларың келе ме?! Қане, доғарыңдар ұрыс–керісті! Әуелі есептесіп алмай, оған неге жоладыңдар? Сендерді тісқаққан деп жүрсек? – деп Анка қыздарды тойтарып тастады.

– Төлемесең, төлеме! Бізге қызығатындар көп! Соларға барамыз, – деп, әлгі үшеуі іштен жұлқынып шықты.

«Үй сыртында кісі бар» деген, бөлмеге кіре алмай, қараңғылау дәлізде тұрған мені бірі де байқаған жоқ. Шаштары жалбырап, бөкселері бұлтылдаған үшеуі осы суықта ашық-шашық жүр.

– Қайда барсаңдар, онда барыңдар! Сендерсіз де қыз жетеді! Бұттарың бір тиын! – деп әлгілердің соңынан айқайлаған Жалтырбас үстелді жұдырығымен бір соқты.

– Босқа ашуланып қайтесің? Бізден басқа олар кімге керек? Ақшасы біткенде-ақ өздері келеді, – деп Анка өңі түтіккен Жалтекесіне басу айтты.

– Менің арқамда ішіп-жеп жүргендерін ұмытайын деген екен? Көрермін, мына менсіз еркек баптап, мырғамға батқандарын! – деп Жалтырбас ызаға булыға түсті.

– Мейлі, Аспандияровтың арқасын ысып, отыра берсін моншада, буға тұншығып! – деп Анка досының қай жағына жығыларын білмеді.

Екеуінің әңгімесін естігенде, төбе шашым тік тұрды. Осы Жалтырбас пен Анка беттеріне маска киіп алғаннан сау ма? – деп іштей тон піштім... Бәрінен бұрын Райса апайды айтсаңшы? Күйеуіне ие бола алмай, неғып жүр екен байғұс?! Әуелден де мармелад кәмпиттей былжыраған бос еді. Сол баяғысы шығар-ау?

Басқа, басқа, дәу жігіт болған баласы неғып жүр екен? Әкесінің мына ақымақтығын біле ме, әлде білмей ме? Бірақ білгенде не істейді? Осы Жалтырбас пен Анканың арасында бір шикілік бар секілді.

                                                                                                                               1.02.98 ж.

 

                                                                              *  *  *

Ұшқындап қар жауып тұр. Мақтадай мамық қар біресе үстіме, біресе кірпігіме қонып, еріп түседі. Мұның бәрін жақсы ырымға жорып, Қуатбек Тұрашевичке келе жатырмын.

Әуелі хан сарайындай жан-жағы жылтыр ақ темірмен қоршалған зәулім ғимараттың алдынан жауырыны қақпақтай екі жігіт күтіп алды.

– Кімге келдіңіз? – деп қыр мұрынды, ат жақты келгені бетіме тесірейе қарады.

Бұл екеуінен әзер өтіп, ішке ендім.

– Не шаруамен жүрсің? Айта бер, – деп қырықтың о жақ, бұ жағындағы толықша келген апай менімен қабылдау бөлмесінде күлімсірей амандасты. Сосын қалың бұйра шашын бір сипап, бастығына зыр етіп кіріп шықты. Одан соң хатшы апай мені көп ұстаған жоқ.

– Тыңдап отырмын, – деді Қуатбек Тұрашевич сабырлы қалыппен.

– Жарнама сұрай келіп едім. Жалтырбас Жөнкиевич сізге жіберді, – дедім мұрнымның астынан міңгірлеп қана.

Дәу қара креслоға арқасын тірей түскен бастық басын көтеріп:

– Кім дедің? Жалтырбасы несі? Немене, шашы жоқ па? – деп бетіме баќырайып ќарады.

– Бар. Шашы бар. Шын аты Жомарт, – дедім аузыма басқа сөз түспей.

– Қызық екен? – деп Қуатбек Тұрашевич миығынан мырс етті.

– Баяғыда біздің ауылда Тақырбас деген біреу болып еді, күндіз өтірік сақауланып, түнде сөйлейтін. Сөйтсек, ол бәрін жорта істеп жүр екен. Кейін ұсталып кетті. Сенің Жалтырбас ағаң соның інісі болып жүрмесін?! Ондай адамға жарнама бере алмаймыз.

Екі бетім бір қызарып, бір бозарды.

Жарнама бермесе бермесін, дегенмен өзі дұрыс ағай екен дедім ішімнен.

Жалтырбас десе, Жалтырбас қой нағыз! Оны кім сыйласын? Қит етсе, аузының суы құрып айтатыны әйел мен еркектің әңгімесі. Түрлі-түсті жорналдардағы жалаңаш әйелдердің суретін қызықтайды да отырады. Жансыз денелерді май басқан семіз саусақтарымен жұмырлай ұстайды. Өмірінде әйел затын көрмеген аш еркек секілді. Бір қарыс бойындай тыртиған сөмкесінің іші де өңкей жалаңаш қыздардың суреті.

Сонымен, Қуатбек Тұрашевичтің жүзінен жылылық сезгендей болдым. Көңілім толқындай тулап қоя берді... Өзімнен бәлен жас үлкен кісіге ғашық болып қалғаннан саумын ба? Студенттік күндердің талай қызық думанын бірге өткізген Баубегім қайда?! Ол қай жақта, қай сағымның арасында қалды?! Баубекті ойлап, кластасым Сүндетке қарамай жүргенімде, Қуатбек Тұрашевичті көріп, неге сонша бүліндім? Әлде, Жалтырбастың кіріп-шыққан сайын: «Сені Қуатбек ағай адам етуі мүмкін. Ол кісінің қолында бәрі бар. Керек десең, табысы көп жұмыс та тауып береді», – деген сөзі миымның бір жеріне сағыздай жабысты ма? Әйтеуір, Қуатбек ағаны көрген бойда кілт ете қалған жүрегіме түсінсем бұйырмасын?!

Баубек! Сен қазір қайда жүр екенсің? Әттең, хат соңынан хат жазсам да, бір хабарыңды бермедің-ау?...

     Оқуды бітірдік қой, енді үйленейікші? – дегенде, суға сүңгіген балықтай шошаң ете қалып едім.

     Ауылда жұмыс істеп, әке-шешеме қараса тұрайын, күйеуге шығу қайда қашар дейсің деп, өз жолымды өзім кестім.

     Арамыз суып кетпей ме? Мен осыдан келгенше қа...ша...а..н? – деп Баубек ойымды құптамады.

     Неге суып кетеді? Егер сүйетінің рас болса, келмейсің бе? – дедім алдағы күндерге үмітпен қарап.

Сөйтіп, біздер келер жаз қосылатын болып, қимай қоштастық. Алғашында одан жарты парақ қана қысқа қайырылған хаттар келіп тұрды. Бара-бара үшбу хаттардың қатары сирей бастады. Содан бері жылжып жылдар, сырғып сағаттар өтіп жатыр.

Бірақ Баубектен әлі жылт жоқ. Үмітімді үкілеп, күтумен жүргенде, мынау жүрек шіркіннің күтпеген жерден тулай жөнелгенін қарашы? Әлде, тоңғыш жүрек, сыршыл жүрек, нәзік жүрек күте-күте күдерінен айырылып, шайлықты ма? Күтуден жалықты ма? Үрікті ме? Әлде, біреу оны үркітті ме?

«Баубек сүйген жарын тапты. Оны сарғайып күтпе. Күндеріңді тұманға орап, сағымның соңынан қуалай беріп қайтесің? Одан да біреуге қайтадан ғашық бол! Ғашықтық адамды өмір сүруге, сезімді қадірлеуге жетелейді.

Кімге болса да ғашық болып, көңіліңді алдарқата тұрсаңшы? Тәтті сезім, шынайы махаббат, мүмкін, сонда қайта басталар?.. Мүмкін, сонда бақыттан басың да айналар?.. Тек сол күнге жету үшін ғашық бол, қайта ғашық бол. Сонда тұмандай қалың ойдан адаспай, өз-өзіңді, іңкәр сезіміңді тауып аларсың...» – деп әлдекім ту сыртымнан ақыл қосқандай болады.

– Жоқ, мен Баубекті ғана сүйемін. Баубекке ғана ғашықпын. Ол мені түбі бір іздеп келеді.

– Әй, Әдемі, өзің ақымақ екенсің ғой? Әдемішім кіммен жүр, қайда жүр, – деп соңынан іздеу салмаған жігіттен «күдеріңді үз» деген жоқпын ба? Қайырылмай кеткен Баубекті күтуден шаршамайды екенсің?!

Осылайша оңашада ойым екеуміз таласамыз, тартысамыз келіп. Ойым мені сарсылып, зарығып, торығып жүруге қимайды. Мен Баубекті басқа жанның құшағына қимаймын. Сөйте тұра, мына жүрек түскірі, күн көзіндей құбылған көңілім Қуатбек ағаны ойлап, бұлқына түседі. Бұл сонда сезім бе, әлде арбалу мен алдану ма? Махаббат па, жоқ, әлде азап па? Ғашықтық пен іңкәрлік пе? Кесапат па, әлде қасірет пе?

Бі...л..м..е.. й..м...і...н?             

                                                                                                                              10.02.98 ж.

 

                                                                                         *  *  *

Бүгін түсте Қуатбек ағам туралы Анкаға айтып отыр едім, Фарида келді де, әңгімемді бөліп жіберді. Көбелектей ұшып-қонған оны ішім жақтыртпайды. Тек Анканың құрбысы болған соң ғана амалым жоқ. Мінезі де, өзі де сүйкімсіздеу Фариданың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Баққаны өсек-аяң.

– Анка, ты знаешь, анау «Жасмина» кафесіндегі Ақсұлу бар ғой, ыдыс жуатын?

– Иә, оған не болыпты?

– Сол Ақсұлу тағы біреуге күйеуге тиіпті. Өз байынан шақ құтылғанда екіншісін қайтеді екен?

– Қайдан білейін.

– Екінші рет тигені жап-жас жігіт көрінеді. Ол екі баласы бар әйелді ұнатады деймісің? Меніңше, Ақсұлудың үйіне қызығатын секілді, – деп Фарида өсектің түр-түрін аңқытты.

Қолсөмкесінен темекісін алып тұтатып, біреуін Анкаға берді.

– Бәлем, күйеуімді тырп еткізбей ұстаймын. Ақсұлу құсап, бір байдан бір байға тигенше?... – деп Фарида темекісін шиыра тартты.

– Кезінде мен де осылай дегенмін. Ал қазір? деп Анка сөзінің соңын кілт үзіп жіберді.

Оның неден теперіш көріп жүргенін түсінбедім. Су құйылмай, солып бара жатқан гүлдей беймаза жүзінен мұң сездім. Фаридаға ілесіп, қит етсе, шылым шегеді. Анканың темекіге әуестігін бұрын-соңды байқамаған едім.

Көк түтін бөлме ішінде сағымның соңынан қуғандай, Қуатбек ағамды ойлай бердім... Оның езу тартып күлгені, сабырлы қалпы өзіне жақын тарта түсті.

– Анка, осы мен Қуатбек Тұрашевичке ғашық болып қалған секілдімін. Ойымнан шықпайды, – дедім Фарида кеткен бойда манағы әңгімемді қайтадан жалғап.

– Қойшы, сен де қайдағыны айтады екенсің? Оны қайтесің, Сүндет тұрғанда? – деді Анка мұрнын тыржитып.

– Сүндетті ұнатпаймын.

– Сонда ұнатқан адамың Қуатбек Тұрашевич пе? Баубек, Баубек деп жүріп, ақыры шалға ғашық болғаның ба? Мен сен болсам, Сүндетке күйеуге шығып, баламды туып отырар едім үйде. Әттең, маған тап болмайды ғой Сүндеттей жігіттер. Әйтпесе? – деп Анка күрсініп қоя берді.

– Қартайып тұрғандай бұ не дегенің?

– Егер Зәуреш апам тірі болса ғой, ауылға тартып тұрып, өзіммен түйедей құрдас біреуге  шығар едім.

– Ол кім Зәуреш деген? Апаң ба?

– Жоқ, көршім ғой. Саған басынан бастап айтайыншы,– деп Анка қасыма жақындады. Мен оны тыңдай түстім.

– Біздің ауылда Зәуреш деген апай болды. Өзі өте әдемі еді. Осындай қысты күні аяғына қып-қызыл етік киіп, күйеуін қолтықтап, қонаққа баратын. Зәуреш апа мені бала кезімнен жақсы көрді. Шешем одан мені қызғанып:

– Зәурештің етегі қанамаған. Ол сені қыз етіп алайын деп жүр. Ол үйге бара берме, – деп жиі ұрсатын.

Үйдегілердің айқайын елемей, қайта Зәуреш апайға бауыр басып кеттім. Ол да қолына түскен тәттісін менің аузыма тосатын. Сол үйдегі дәу қара мысық та менің сыңарымдай еді. Жүні қоянның терісіндей үлпілдеген мысығын Зәуреш апа қайда барса да, қасынан тастамайтын. Содан күндердің бір күнінде күйеуі Хисмет ағай қайтыс болды. Бәленбай бөлмелі үйде Зәуреш апа мысығын құшақтап, жалғыз қалды. Ес көріп, түнде мысықпен ұйықтайтынды шығарды.

Мысық асырағанша, біреуден бала асырап алсаңшы? – деп көршілер талай айтты. Бірақ Зәуреш апай ешкімге құлақ тоспады.

Бір күні кеште шәй ішіп отырғанымызда, күтпеген жерден Зәуреш апа сылқ етіп, жастыққа қисая кетті. Қорыққанымнан апамды шақырып келдім. Бес-алты әйел қастарына дәрігерді алып, жүгіре жетті.

– Аздап қан қысымы көтеріліпті, – деп дәрігер оның жамбасына ине салды.

– Түнде жалғыз өзің қорқарсың. Біз осында бола тұрайық, – деді әйелдер жағы басын сүйеп.

– Мысығым ес болды ғой. Жаным Хисметтен артық па? Өлсем, қасына апарып көме саларсыңдар! – деп Зәуреш апа тістене қалды.

Оның құрбақадай көгерген өңінен әлдекімге деген ашу-ыза байқалды. Мүмкін, бір сәбиге зар еткен тағдырына ызаланған шығар? Арада үш-төрт күн өтті. Көршілер қорадағы қой-ешкісін қарасып тұрды. Зәуреш апа тасбүркеніп жатқан күйі, жата түсті.

– Бүгін ернің ағарып, өңің қашып тұр ғой. Қасыңа қонсақ қайтеді? – деді апам бір кесе шәйді әзер ұрттатып.

– Тәуір болсам, басымды көтеріп, малға өзім шығармын, маған алаң болмаңдар, – деп  баяғы мысығын құшақтап қала берді.

Ертеңіне ол малға тұрмады. Түс болды. Күн де ысыды. Мен Зәуреш апаның үйін бір айналып өттім. Тым-тырыс. Есікті тырнап, мысық та мияуламайды. Әншейінде көзі көкшиіп, терезенің алдына шығып алушы еді.

– Зәуреш, әй, Зәуреш, тұрсаңшы? Күн талтүс болды. Қашанға дейін ұйықтайсың? – деп жұрт терезені қаққылады.

– Ине салатын уақыт болды. Қалайда ояту керек! Есікті бұзып ашайық, сірә, сау болмас, – деді дәрігер әлденеден күдіктеніп.

Есік бұзылды. Жұрттың бәрі үрке ішке кірді.

– Зәуреш, шырағым, тірімісің? Басыңды көтерсеңші? – деп молда атай қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан оның көздерін айналдырып қарады.

Сол-ақ екен, көрпенің астынан мұрты қан-қан болып, қара мысық атып шықты.

– Мынаған не болған? Қайдағы қан? – деп бәрі шулап қоя берді.

Бір пәленің болғанын сезген молда өліктің үстіндегі көрпені ашып қалды.

– Құдай-ау, бәшпәйін кеміріп тастапты ғой?!

– Не дейді, байғұс-ау?! Қай уақытта үлгерді екен, жалмауыз?!

– Мысыққа өлген адамның етінен тәтті ет жоқ! Тез көзін жойыңдар! – деп молда күйіп-пісті.

– Иесіз үйде мысыққа таланып?.. Өзі жемей, астың бәрін соған беруші еді,  – деп әйелдер мырс-мырс жылады.

Содан бір топ бала мысықты ұстап, қапшығымен сүйреп апарып, шұңқырға тастады. Үстінен тұншықтырып, топырақ жапты. Әйтеуір мысықты біраз әуреледі.

Марқұм Зәуреш апа жерге түскен күні-ақ мен өзімді айдалада жалғыз қалғандай сезіндім. Басым ауған жаққа біржолата кеткім келді. Ақыры кетіп тындым ғой. Осы күнге дейін Зәуреш апаны жоқтаймын. Ауылға барғым келеді-ау, бірақ мені Зәуреш апамдай түсінетін ешкім жоқ қой.

Анка әңгімесін тәмамдады. Екеуміз біразға дейін тұнжырап, үнсіз отырдық.  Бір уақытта оған Жалтырбас телефон соқты.

– Қазір барамын. Сол жерден күт, –  деді Анка асығыс жиналып.

Күннен-күнге мен Анканың жансарайына қаныға түскендеймін...

11.02.98 ж.

 

*  *  *

Соңғы уақытта Жалтырбас әлсін-әлсін жоғалып кетіп жүр. Оны телефонмен сұраушылар да, аяқтай іздеп келушілер де көбейді.

– Әләу, Жалтырбас керек еді. Онымен қалай жолықсам екен? Неғылған адам өзі, орнында отырмайтын?! – деп бір қария күніне жүз қайтара телефон шалады.

– Атай, оған не айтасыз? Бүгін де келу-келмесі белгісіз, – деймін мен телефонның құлағынан шырылдап.

– Әләу, шырағым, келсе, айтшы, қарызымды әкеліп тастасын. Дәрі-дәрмегімді ала алмай отырмын. Жарай ма?! – деп айтудан үлкен кісі де жалықпайды.

– Осы Жалтырбас қайда ұшып кетті? Неге көрінбейді, – деп Анкадан сұрасам, ол екі иығын көтереді де қояды. Үндемейді. Біртүрлі көңілінің хошы жоқ. Бота көздері кіртиіп, суланады да тұрады. Қан ойнаған жүзі де соп-солғын. Бояу жағылмаған ернін тістелеп, әлсін-әлсін жалай береді, жалай береді...

– Бір жерің ауырып жүр ме? Неге көңілсізсің? – десем, көзін терезеге салып:

– Қарашы, анау өткенде мені іздеп келген таксист емес пе? Ұсқыны сол секілді, – деп қарадан-қарап зәресі ұшады.

     Қане, кімді айтасың?

     Масқара-ай, анау сол ғой?! Бізге қарай келе жатыр. Мен тығыла тұрайын, – деп Анка үйреншікті шкафына зып береді.

Шынымен де өткенде бейтаныс біреулер ішке кіріп келді.

– Жалтырбас қайда? Жұмыста ма? – деп екі ер адам мені қыспаққа алды.

– ?

Қайда екенін білесің бе?

– Жоқ.

– Оның үйі қай жақта?

– Білмеймін.

– Енді қайдан іздесек екен? Қайткенде табу керек! Осыдан ұстатпай қойса қайтеміз? – деп бір-біріне сұраулы жүзбен қараған екеуі қайтадан маған шүйлікті.

– Сен қыз неге жөніңді айтпайсың?! Шамасы, Жалтырбастың бірдемесі шығарсың?! Оның бәлен қатыны бар деп естіп ек?!...

Көзімді бақырайтып қойып, кекетіп-мұқатқан әлгі екеуі менен жөнді жауап ала алмағанына ызаланып, есікті тарс жапты.

– Анка, мыналар кімдер?! «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген осы болды ғой. Мені Жалтырбасқа қосқандары несі?! Ұялмай, қызармай?! – деп қаным қайнады.

– Айтса, айта берсін! Кімнің аузына қақпақ боласың! Танымайтын даладағы біреуге қайғырып! – деп Анка басу айтты.

– Сонда олар мына мені кім деп ойлап тұр?! Жалтырбастың «бірдемесі» дегендері не сөз?! Соған қайдан жолағанымды?! – деп одан сайын ашуландым.

Бойымды намыс оты шарпып өтті.

– «Сүндетке күйеуге шық» деп қақсап жүргенім сол емес пе? Осылай состиып жүре берсең, олар сені Жалтырбасқа тигізіп те қояр!

Анканың бір жақсы мінезі бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтады.

– Мына мен құсап жіпсіз байланғың келмесе, Сүндеттен айырылма. Көр де тұр, Жалтырбас саған көк тиын да татырмайды. Енді ол келе ме, келмей ме? – деді де, Анка ернін тістей қойды. Әрі қарай қазбалап одан ештеңе сұрамадым. Өз ойыммен әурелене түстім...

Кеше Сүндет тағы келді. Нина әжейдің баласы болуға айналды әбден. Екеуі әңгімелесіп шәй ішеді. Келген сайын Сүндет те құр келмейді. Баяғы тиын-тебенсіз жүрген мені аяп, сорпалық ет әкеледі. Нина әжейдің көңілі жібіп сала береді. Ал мен болсам, айналамнан Қуатбек ағаны іздеймін. Миымның құртын жеп, сөлін сорған құр ойдан қайтіп арыларымды білмеймін. Талай-талай асау арманның биігіне жетелеп шығарған Баубектен де мүлдем хабар жоқ. Сірә, оның көңілі менен әбден суыған шығар?! Әйтпесе, бір сыбыс берер уақыты баяғыда болған жоқ па?

Қасымнан шыр айналып, шықпай жүрген Сүндеттің сезіміне басымды иейін десем, беймәлім күш кейін қарай тартады да тұрады, тартады да тұрады. Екеуміздің арамызды үлкен бөгет әлі күнге бөліп жатқандай.

Біздің ауылда терең бір бөгет бар. Суы тұп-тұнық. Кеш болса, бәріміз сол бөгеттің маңына жиналушы ек. Тіпті кішкентай күнімізде бөгеттің арғы беті мен бергі беті болып бөлініп ойнаушы ек. Өйткені бөгеттің бергі жағында кіл кеңседе істейтіндер тұрған-ды. Сүндеттің әкесі ол кезде кеңседе білдей есепші болатын. Марқұм ауырмай-сырқамай ерте қайтыс болды. Ал бөгеттің бергі бетінде кіл трактор, мәшина айдайтындар тұрды. Біздерді кейде кеңсе жақта тұратын балалар «қара май шелек» деп те келемеш ететін.

Содан күнде кешкісін бөгет жаққа совхоз директорының қызы Жанар мен Сүндет велосипед теуіп бірге келетін. Екеуі велосипедпен бөгетті айнала жарысатын. Сүндеттің әкесі қайтқаннан кейін Жанар бөгетке келуді доғарды. Көбіне Сүндеттің жалғыз өзін көретін болдық. «Жанар Сүндетке енді келме деп хат жазып беріпті. Екеуі дос емес көрінеді деп», – кластағы қыздар жағы пыш-пыштап жүрді. Кейін Жанардың үй іші басқа жаққа көшіп кетті. Содан Сүндет менімен жәй ғана араласып тұрды. Сол қарым-қатынас қой, күні бүгінге дейін арамызды жалғап тұрған.

– Әдемі, осы жаз үйленсек қайтеді? Жасымыз болса, жиырма бестен асып барады. Құда түсіртейін? деп Сүндет қалаға келген сайын жүрегіндегі сырын жайып салумен жүр.

– Қайдағы құда? Күйеуге шығуға әзір емеспін, – деп ыршып түсудан мен де жалығар емеспін.

– Оған не әзірлік керек. Тойды өзім жасаймын. Үйдегілерді босқа шығындап қайтесің? – деп бәйек болады ол.

– Баяғыда Жанармен жүргенде, көзің түспеп еді. Енді келіп қыр соңымнан қалмайсың? – деп мен де қиқарлана түсемін.

– Өткен-кеткенді қазбалап, сен де қызық екенсің. Қайдағы махаббат? Жәй әншейін, балалық қой. Апам болса, көп ауырады. Көзі көруден қалды. Маған осы жаздан қалмай үйлену керек. Апама келін әкеліп, немере сүйгізуім керек, – дейді Сүндет.

– І-і-і, апаң үшін үйленбек екенсің ғой?

– Үйлене салсам, қыз көп емес пе, дүкенімде сауда істеп тұрған? Маған сенен басқаның керегі жоқ.

– Әлі де ойланып көрейін. Жазға дейін уақыт бар ғой, – деймін, басқа сөз таппай.

Бергі жағымнан тулағаныммен, ар жағымның Сүндетті өзгеге қимайтыны рас. Мұндай да сезім болады екен-ау?

18.02.98 ж.

 

*  *  *

Күн артынан күн жылжып, бір қалыпты өтіп жатыр. Түк өзгеріс жоқ. Мана түске таман алып-ұшып Фарида келіп кетті.

– Жалтырбас бар ма? Маған керек болып тұр, – деп есіктен кіре айқайлады.

– Не болып қалды? Жайшылық па? – деді Анка аңтарылып.

– Әлгі кемпір қайтыс болыпты! Ауылдан хабар алдым, – деді Фарида алқынып.

– Әжең бе? Ауырды ма? Қиын болған екен? – деп, Анка жылап жіберуге шақ қалды.

– Алжыған кемпірдің өліміне несіне қиналдың? Ұнды төгіп-шашып, бетіне жағып, үйді қоқытатын еді. Өліп тынды, әйтеуір! Мен оған жылауға барайын деп отыр деймісің? Сандығында жатқан алтындарын біреу-міреу ұстап кетпей тұрғанда, жымқыруым керек!

– Немене, әжеңді көмбей жатып, сандығын қопарамысың?

– Несі бар? Оның сандығында жоқ емес нәрсе жоқ, күміс сырғасы да жетеді.

Құдайдың жоғын шығармасаң, жүре алмайды екенсің? Әжеңнің аруағынан қорықпайсың ба? Бәрібір сол сандық өзіңе қалған жоқ па?

– Қайдағы аруақты айтасың? Өлген кісінің моласын қазып, алтындарын да алады ғой оның қасында?!

Анка бұдан әрі айтуға сөз таппағандай теріс айналды. Ал Фарида болса, бөлменің төрт бұрышын кезіп, біраз сандалды.

– Жалтырбас қайда осы? Түрмеге түсті деп естіп едім, сол рас шығар? Ендігі бір көрінетін уақыты болды ғой? – деп Фарида бізге сұраулы жүзбен қарады.

Анка да, мен де үндеген жоқпыз.

– Жалтырбастан ақша алып, таксимен баруым керек еді ауылға.

– Автобустар шұбырып жатқан жоқ па? Мына тұрған жерге не такси керек? – дедім қарап отырмай.

– Шаң-шаң, мыж-мыж болып, автобустан түсіп жатсам сол?! Құрысыншы, манадан басымды қатырғанша Эдикке неге айтпаймын? – деп Фарида телефонға жармасты.

– ?

– Алло, Эдик. Бұл мен ғой, Фарида. Бүгін қалайда үйге апарып тасташы? Бабушка өліп қалыпты! Тез баруым керек!

Эдик келісті білем, Фариданың көздері жайнап шыға келді.

– Ура! Ақ күрткем мен ақ етігімді киіп, Эдиктің «Джипінен» түсе қалайын, бәлем. Ауылдағы қатындар аузын ашсын! – деп ол қуанғанынан темекісін тұтатты.

Фарида кеткен соң, Анкадан баяғы Жалтырбасты қазбалап қайта сұрадым.

– Фарида өтірік айта береді. Егер түрмеге түссе, алдымен маған хабар жіберуі керек қой ол. «Шығарып ал» деп хат жазатыны бар еді.

– Жалтырбас бұрын да түрмеге түсті ме?

– Талай қамалып, талай шыққан жері ғой.

     Мәссаған?! Онысын маған неге ертерек айтпадың?

     Сен не істейсің? Жалтырбасты түзейсің бе?

     Жоқ, мен оған сеніп, жұмыс істеп жүрсем. Онысын білгенде, шемішкемді сатсамшы.

– Айтқан тілді алып жүрсің бе? «Жалтырбастан түк шықпайды. Сүндетке тұрмысқа шық. Босқа уақыт өткізбе» деуден кенде емеспін ғой, – деп Анка өзіме өкпеледі.

– Енді қайттім? Егер ол түрмеде жатса, мен не істеймін? Үш айдан бері бостан-босқа бөлме күзеттім бе? – деп ойбайладым.

Қайта оның қолына құжаттарымды беріп қоймағаныма шүкір. «Қуырдақтың көкесі» сонда болатын еді.

                                                                                                                      26.02.98 ж.

 

*  *  *

Көктем шығып, күн жылынғалы Сүндет қалаға жиі қатынап жүр. Кейде екеуміз қол ұстасып, көшеге шығамыз. Жұпар иісі аңқыған бақ ішін бірге аралаймыз. Бұтадан-бұтаға секірген құстардың әнін бірге тыңдаймыз.

– Сүндет, айтшы, апам неғып жүр? Көкем де қартайған шығар? Менің Жалтырбасқа алданып, бос жүргенімді естісе ғой? – деймін оның мазасын алып.

– Осы жаз үйленейікші? Сонда бәрі жақсы болады, – дейді Сүндет басқа не айтарын білмей.

– Рахимаш қайда? Кластағы ең арық қыз сол еді. Семіріп кеткені рас па? – деп ауылдың адамдарын әлсін-әлсін сұрай беремін.

– Оны көрсең, танымауың мүмкін. Үйінен нан пісіріп сатады. Мықты бизнесмен, – дейді Сүндет сараңдау тіл қатып.

Соңғы кезде ауылды жиі ойлап жүрмін. Үйдегі бауырларымды да сағындым. Мынау у-шуы көп қаладан мезі болған секілдімін. Оның үстіне өткенде бір жайсыз түс көрдім. Шыдай алмай, түсімді Сүндетке жорыттым.

Анканы әлденеше рет іздеп келген таксист бөлмеге суыт кірген екен деймін. Басындағы сұр малақайын көзіне дейін түсіріп киіп алыпты. Бет-аузын жүн қаптап кеткен. Бірден түтігіп келіп, шкафтың аузын ашып қалды.

– Түстің бе, қолыма, сен қаншық! Шық бері?! – деп таксист шкафтың ішінде тығылып тұрған Анканы шашынан тартып шығарды.

– Шашым! Жіберші?! Жұлдың ғой шашымды?! – деп Анка жанұшырды.

Таксисттің қарулы қолдарынан оны қайтіп құтқарарымды білмей мен тұрмын.

– Ақшамды тап, жаныңның барында! Алдағанды көрсетейін саған!

– Ақшаны Жалтырбастан сұра! Сол біледі!

– Сенің алаяқ байың керек еді маған?! Түрмеге қаматамын мен оны!

– Жіберші шашымды тартпай?! Жі...б...е...р...ші?!

– Шашың түгіл, басыңды шкафқа соғып өлтіремін қазір! Қайтар, қане,ақшамды!

– Менде ақша жоқ!

– Жоқ болса, жоғал біржолата! Міне,саған алдағанның көкесі!

– Шашым! Алла-ай, ша..ш...ы..м...ым!

Сөйткенше болмай, Анканың басы шкафқа сарт-сұрт соғылды. Мұрнынан қызыл күрең қан ытқып қоя берді. Көздері қанталап, қолы қанға боялған таксист одан өшін әбден қайтарғандай, лезде жоқ болып кетті.

– Анка, тірісің бе? Айтшы, тірісің бе? Қазір доғдыр шақыртамын, – деп біресе телефонға жармастым, біресе оның басын сүйедім. Сөйтіп, жанталасып жатып, шошып ояндым.

5.03.98 ж.

 

*  *  *

– Жалтырбас түрмеге түсіпті! – деді Анка бүгін жұмысқа келген бойда.

– Түнәукүні Фариданың айтқаны рас болды ғой. Кімнен естідің? – дедім жүрегім аузыма тығылып.

– Кеше кеште әйелі келіп, айтып кетті. Біреулерден оған Жалтырбас хат беріп жіберіпті.

– Райса апай сені қайдан біледі?

– Неге білмесін?! Мен Жалтырбастың екінші әйелімін ғой.

– Не дейсің? Қайдағы әйел?! Онымен некеге тұрып па едің?

– Қазір некесіз де екінші, үшінші әйелі бола бермей ме? Сенен несін жасырайын, Әдеміш. Жалтырбас екеуміздің бірге тұрғанымызға үш жыл болды. Мен одан бала да көтердім. Бірақ оны да  өзі түсіріп тастады.

Қайтіп?! Не дейсің?

– Аяғым ауыр екенін естіген бойда, үстімнен бір шелек мұздай суды құйып жіберді. Түнде төсегімнен жұлқып оятып!

– Оңбаған екен ғой өзі?! Қашып неге кетпедің?!

– Қашқанда қайда барамын? Талай қашып бара жатқан жерімнен ұстап алып, ес-түсімнен айырғанша сабады ғой. Содан мұздай судан шошыдым білем, есімді жия алмай, қатты ауырдым. Қызуым көтеріліп, үстіме сары жара шықты. Бір емес, екі рет осындай жәйтті бастан кешірдім. Кейін дәрігерлердің бәріне қаралдым. Жалтырбастан қашып-пысып жүріп, қазақ еміне де көріндім. Олар «енді бала көтермейсің» деді.

– Жалтырбаспен қалай танысып жүрсің?

– Ол – ұзақ әңгіме. Оқуға түспей, сенделіп жүрген адам не істемейді? Үйден келген тиын-тебенді шашып, кафеден шықпаймыз Фарида екеуміз. Сөйтіп жүргенде Жалтырбасқа жолықтым. Бірге отырып арақ та іштім. Әйтеуір қалай болғанын білмеймін, бір күні тыр жалаңаш шешініп, Жалтырбастың қойнында жатырмын. Мастығым тарқап, шыңғырып жыладым. Бірақ ол менен айырыла ма? Ақыры оған жіпсіз байландым ғой.

– Содан?

– Әйелім қайтыс болды. Жалғызбын. Енді екеуміз бірге болайық. Сені оқытып, тоқытамын, – деп Жалтырбас жата жармасты.

– Кет әрі! Райса апаны «өліп қалды» деді ме?

– Иә. Мен оған сендім. Екіқабат болғанымда, ол әйел-баласын айтып, аузымды аштырмады. Неге олай істегенін кейін білдім. Ол мені талай еркекке сатып, ақша жинады. Бір бөлмелі жатақхананы да менің арқамда алып отыр. Қазір мен сонда тұрып жатырмын.

– Өстіп, оған жем болып жүре бересің бе?

– Айтшы, сонда қайда барамын? Кімге керекпін мен?! Ауылға баруға бетімнен басамын. Ол жақтағылар менің мұнда не істеп жүргенімді білмейді деймісің? Әттең, Зәуреш апам тірі болса ғой?!...

Анка қыстығып жылады.

– Сонда Жалтырбас түрмеге не үшін түсіпті?

– Пойызда қыз сатып жүріп ұсталыпты.

– Қайдағы қыз?!

– Өзің де талай сезген шығарсың? Екеуміз біраз қыздың обалына қалдық қой, Әдеміш. Көрінген ит пен құсқа өзім де жем болдым, олар да жем болды. Бәрін бүлдірген Жалтырбас! Түрменің түбіне шірігір! Мен, мен ғой, ол өзінің жақын қарындасын да көрінген еркектің астына салды.

     Астапыралла, Жалтырбас нағыз сутенер екен ғой, білмей жүрсем?! Бәсе, Сүндет оны жақтырмайтын еді-ау?

     Жалтырбастың айласы жетеді. Саған «Сүндеттен айырылма» деп жүргенім сол ғой. Өстіп жүре берсең, ол бетсіз, айтпады деме, саған да тиіседі. Сені Қуатбек Тұрашевичке босқа жіберіп жүр деймісің? Оның жұмысы – жалған жарнама сұратып, қыз сату.

– Ертең Сүндет келеді. Кілтті әйеліне берейік те, біздің ауылға кетейік. Ол бір жағына шыққанша, менің қасымда бола тұр, – дедім Анканы Жалтырбастан біржолата құтқарудың қамын ойлап.

– Жоқ, мен ешқайда бармаймын. Беті ашылған әйел кімге керек дейсің? Енді байға тиіп, бақытты да болмаспын, – деп Анка күрсіне берді...

– Таксисттерден сақ болшы, – дедім түнәукүні көрген қорқынышты түсімді оған жәймен жеткізіп.

– Таксисттің шашымнан тартқаны, қызыл күрең қан бәлки осыған көрінген шығар? Неде болса, соның бәрі Жалтырбаспен кетсе екен, – деді Анка бота көздері жасаурап.

Мен Жалтырбасты одан сайын жек көріп кеттім. Оның екіжүзділігіне жүрегім айнып, құсқым келді. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген рас екен-ау?!

Есімді тез жидым. Осыдан түрмеден шықсын, бәлем. Бетіне былш еткізіп түкіретін боламын. Жо-жоқ, сау басыма сақина тілеп, не жыным бар. Одан аман-сау құтылғаныма шүкіршілік етейін. Жаны бар адам енді Жалтырбасқа жолай ма. Осылай деп іштей өз-өзіме басу айтқанмен, қаным қайнап барады. Бәсе, Қуатбек Тұрашевичті мақтайтын еді-ау. Әй, опасыз. Мені жамандыққа итермелегісі келген екен ғой. Ертең Сүндет келсін, осының бәрін айтамын. Басынғанды көрсетейін оған. Кеудемді намыс оты өртеп ала жөнелді. Үш ай бойына сергелдеңге салып, бөлмесін күзеттірген Жалтырбас жексұрыннан өшімді қайтіп аларымды білмей, амалсыздан екі көзге ерік бердім.

20.03.98 ж.

 

*  *  *

Көктемнің жаймашуағы қандай тамаша шіркін? Менің көңіл күйімдей күн де бүгін құлпырып тұр. Бұйыртса, түстен кейін ауылға кетемін. Киім-кешегімді буып-түйіп, дәлізге шығарып қойдым.

Ертеңмен Анкаға барып қайттым. Үйге біржолата кететінімді естіп, ол да қуанып қалды.

– Осы жазда тойымыз болады. Сүндет екеуміз сені тойымызға шақырамыз, – дедім оған тосын жаңалық айтып.

– Осы хабарды баяғыдан күтіп жүр едім. Бақытты болыңдар! Мен бара алмаспын, – деп мұңайды Анка.

– Әлгі Жалтырбасты алып шығуға көп ақша қажет. Жалдайтын адамым да жоқ. Не істерімді білмей отырмын.

– Оны құтқарып не шаруаң бар?

– Осыдан көмектеспесем, бәрібір қыр соңымнан қалмайды ғой.

Анканы аяп кеттім. «Ауылға қайт, өз жолыңды тап» деп осыншалық айттым. Бірақ ол көнбеді. Мүмкін бара-бара бәрін де түсінетін шығар.

– Жақсы, Әдемі. Сау бол. Жолдарың болсын! Сүндетке сәлем айт, – деп Анка менімен жылы қоштасты.

Мен сыртқа шыққан бойда ол бөлменің есігін ішінен кілттеп алды. Оның таксисттерден күдіктене бастағынын білдім. «Анка енді ешкімді алдамай, Жалтырбастан тез арада құтылса екен?!»

Жаяулап базарға да соқтым. Әрбір дүңгіршектің тұсынан өзіммен бірге істеген Роза мен Ларисаларды іздедім. Көзіме түспеді. Бәлкім, шаруаларын дөңгелентіп, екеуі екі жаққа тайып тұрған шығар. Кім біледі?

Сұйық май сатылып жатқан жерде де шектей созылған кезек. Бір-бірімен иық тіресіп, даурыққан бір адам. Құмырсқадай құжынаған базардан әрең дегенде сытылып шықтым.

Міне, қаладан тапқаным да, көріп білгенім де осы. Бәріне көзім кештеу жетті.

Әне, ауланың алдына Сүндеттің мәшинесі келіп тоқтады. Бүкшеңдеген Нина әжей қақпаны ашуға кетіп барады. Кешеден бері мені қимай, көңілсіз жүр. Қанша уақыт бір-бірімізге үйренісіп қалдық. Жексұрын Жалтырбасқа қарағанда, Нина әжейдің адамдығы мол екен. Оған қиын-қыстау кезде көзім талай жетті ғой.

– Әже, Әдемі екеуміз сізді тойымызға алып кетеміз. Тәтәй көйлектеріңізді әзірлей беріңіз. Төрде отырып, төс жеп, қонақ боласыз, – деп Сүндет ауланы басына көтеріп айқайлап жүр.

Түсінсін, түсінбесін, Нина әжей езу тартып, басын шұлғи береді. Ал менің қуанышым қойныма сияр емес...

 

*  *  *

Осымен күнделігіме нүкте қойдым. Талай тарығып-жабыққанда, зарығып-қамыққанда жағаға алып шыққан күнделігім ғой бұл!

Менің күнделігім! Қош күнделік.

 

Өзіңнің Әдемің

27.03.98 ж.

 

 

МИРА ШҮЙІНШӘЛИЕВА